Маңызды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығында салынып жатқан халықаралық әуежайдың және онда баратын автомобиль жолының құрылысын тексерді.

 

Қаладан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен бой көтеруде. «YDA Group» түрік компаниясы салып жатқан Түркістан халықаралық әуежайы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инвестордың 102 арнайы техникасы мен 300-ден аса құрылысшысы тынымсыз еңбек етуде.

Туризм әлеуетін арттыру үшін облыста арнайы бағдарлама әзірленіп, 2025 жылға дейін турист санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта халықаралық әуежайдан екі күнде бір рет Түркістаннан Меккеге тікелей ұшақ ашу көзделген. Бұл мәселе былтыр желтоқсан айында өткен Түркістан облысының Мәскеудегі күндері барысында айтылды. Іс-шараға туристік компаниялар, туризм саласындағы қоғамдық бірлестік ұйымдары, қауымдастықтар мен мемлекеттік ұйымдар қатысты.

Әуежай 900 гектар аумақты қамтиды. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынады. Әуежай терминалы жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын бақылады. Құрылысшылармен кездесіп, карантин кезінде санитарлық талаптардың сақталуын мықтап тапсырды.

«Короновирус инфекциясына қатысты өңірдегі көрсеткіштер қуантарлық емес. Облыс аумағында карантин және шектеу іс-шаралары коронавирус індеті эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталатын болады. Осыған орай, барлық аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларына сәйкес жұмыс атқарулары қажет. Карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Құрылыс саласында сақтық шаралары мен тәртіпті күшейту керек»,-деді облыс әкімі.

Қаладағы «Желілік саябағындағы» абаттандыру аяқталуға жақын. Субұрқақ құрылысы мен жалпы суару жүйесі толық біткен. Қазіргі таңда сыртқы суғару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстары аяқталып қалған. Саялы бақта бассейндер салынып, жарық шамдар қойылған. Сан алуан түрлі гүлдер мен бағалы ағаш түрлері отырғызылған.

«Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстары 4 кезеңге бөлінген. Мұражай аумағында жер тегістеліп, кәріз жүйесін жүргізу ісі қызу жүріп жатыр. Субұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 82 жұмысшы жұмылдырылған.

Тұңғыш Президент саябағында кәріз және электр жүйелері толықтай аяқталды. Жер тегістеліп, жарық жүйесі жүргізіліп, сыртқы су жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Саябақ аумағына 2000-ға жуық түрлі ағаш егілген.

 

Отандық және шетелдік белді құрылыс компаниялары Түркістан қаласында тұрғындардың таңдауына сай, сан түрлі үлгідегі баспаналар тұрғызып жатыр.

 

Жыл соңына дейін Түркістанда 70 нысан пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілетін болады.

Қаланың сәулеттік келбетіне баса мән беретін өңір басшысы мердігерлермен кездесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеуді жүктеді. Қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.

2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд.теңге бөлінді. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, тұрғын үйлер құрылысы үшін 30 инженерлік инфрақұрылым нысандары, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз арендалық 40 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы да қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін 978 пәтерлі 18 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту бағытында 7 қабатты 48, 72 және 84 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 1452 пәтер жыл соңына дейін тапсырылады.

Құнды қағаздарды сату есебінен (облигация) Түркістан қаласы әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан 7, 9 және 12 қабатты 64 тұрғын үйлер салынып жатыр. 3987 пәтерлі көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізуге 4,25%-бен 14,2 млрд.теңге бөлінген. Облыстағы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы сапалы орындалуы қатаң бақылауға алынған.

Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің аудан әкімдерімен өткізген селекторлық жиынында облыс аумағында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 3 негізгі бағытты белгілеп берген болатын. Сол бағыттардың бірі — үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану арқылы мол өнім алу.

 

Күні кеше ғана осыған орай, Түлкібас ауданының Шақпақ ауылдық округінде карантин режиміне сәйкес, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып көшпелі семинар өтті. Семинарға аудан әкімі Н.Байғұт, шаруа қожалық төрағалары мен мемлекет тарапынан АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) пен қайтарымсыз грант алатын азаматтар және аудан тұрғындары қатысты.

Семинардың мақсаты — үй іргелік жерлерге израильдік технологияны енгізудің тиімділігін түсіндіру. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек пен қайтарымсыз грант алатын тұрғындарға өз кәсібін ашуға бағыт-бағдар беру, тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал ету.

Көшпелі семинар бағдарламасына сәйкес аудан әкімі бастаған округ әкімдері мен семинарға қатысушылар тамшылатып суғару тәсілін орнатып, үй іргелік жеріне қызанақ отырғызған жеке кәсіпкер З.Рахматуллаеваның үйіне барды. Онда аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы семинарға қатысушыларға израильдік технологияның тиімділігі мен артықшылықтарын көрсетіп, түсіндірді.

Израильдік технологияның қарапайым арық арқылы суғару әдісінің ерекшелігі жерді аударып дайындауды және арық қазуды қажет етпейді. Қарапайым суғару әдісінен қарағанда өнімді 3 есе көп береді. Сондай-ақ, егілген көкөніс айналасынан жабайы шөп шықпайды.

Израильдік технология орнатылған егістік алқабында АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) пен қайтарымсыз грант алатын тұрғындармен сұхбат құрған аудан әкімі Н.Байғұт тұрғындарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз қаржыларды пайдалана отырып, тұрмыстық жағдайын жақсартып алу қажеттігін айтты.

Көшпелі семинар барысында қатысушылар «Береке», «Империя», «Жарқынбек» және «Ақ биік» шаруақожалықтарының жұмысымен танысып, аса қажетті мол мағлұматтар алды.

Түркістан облысының аумағында карантин және шектеу іс-шаралары 2020 жылы 8-маусым сағат 00.00-ден бастап коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылады. Осыған байланысты бірқатар шектеу шаралары қолға алынып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

С.Қалқаманов облыс тұрғындарын жарияланған карантиндік шараларға түсіністікпен қарап, сақтық шараларын сақтауға шақырды.

«2020 жылғы 8 маусымдағы жағдай бойынша облыста коронавирустық инфекцияның расталған 400 жағдайы тіркелген. Жазылғандар саны — 257. Инфекцияның жұқтыру көздері бойынша 84 науқас жұқпаны сырттан әкелген (Нұр-Сұлтан-1, Ақтаудан-1, Атыраудан-31, Алматыдан-2, Шымкенттен-2, Қызылорда-1, Павлодардан-1 және Ресейден келген-5, Туркиядан келген-1, Өзбекстаннан-37, Жезқазғаннан-2. Біз бұл індеттің одан әрі кең таралмауына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, брифингте сөз алған Түркістан облысының Бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режиміндегі бірқатар шараларды атап өтті.

«Облыс аумағында 2 және одан да көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетпердені міндетті түрде тағу қажет. Қоғамдық орындарда адамдар арасындағы ара қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс. Маскалық режимді сақтай отырып саябақтарда, алаңдар мен скверлерде, жағалауларда азаматтардың серуендеуіне рұқсат етіледі. Отбасылық іс-шараларды өткізуге және мұндай жерлерде топталып жиналуға тыйым салынады. Ал, жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 20 адамға дейін ғана жиналуына рұқсат етіледі», – деді Н.Нышанов.

Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда, ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың және мал базарларының қызметіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, карантин кезінде сақтық шараларын сақтай отырып, бірқатар мекемелердің жұмыс істеуіне болады. Атап айтқанда, медициналық орталықтарға, стоматологиялық клиникаларға, сұлулық салондарына, шаштаразға алдын ала жазылу арқылы баруға болады. Сондай-ақ, азық-түлік және азық-түлік емес базарларының жұмысына сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін шектеу қойылды. Құрылыс дүкендері, оптика, гүл дүкендері, зоомагазиндері де белгіленген уақытпен жұмыс істейді. Ал, техникалық қызмет көрсету станцияларының, көлік жуу орындарының, шиномонтаждау, автобөлшектер дүкендерінің, автосалондардың жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін деп белгіленді.

50 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары және басқа да халыққа қызмет көрсету жөніндегі объектілері сағат 10.00-ден 22.00-дейін жұмыс істейтін болады.

Санитарлық-эпидемиологиялық және күшейтілген дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтардың, балалар үйлерінің балаларын жазғы сауықтыру үшін Түлкібас ауданындағы «Самал» балалар сауықтыру лагерінің және тек қана Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен балаларды жазғы сауықтыру үшін Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерінің жұмысына рұқсат етіледі.

 

Мақтаарал ауданы аумағында жалпы 994 агроқұрылымға тиесілі 5695 гектар егістік жер тасқын судан зақымданған болатын. Оның ішінде мақта — 3939,4 га, қауын-қарбыз — 801,2 га, жүгері — 74,75 га, жоңышқа 22,75 га, жеміс ағашы (шабдалы) — 4 га, қырыққабат — 2,22 га және агротехникалық шаралар атқарылған егістік жерлер — 850,64 га құраған.

Егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, егін егу жұмыстарына көршілес Өзбекстан мемлекетінен жалпы 42 ауыл шаруашылығы техникалары көмекке келді. Оның ішінде 17 дана чизель, 13 дана дән сепкіш (сеялка), 11 дана жүйеаралық баптағыш агрегаты (культиватор) және 243,6 тонна тұқымдық шит жеткізілген.

Қазіргі таңда суы тартылған егістік жерлердің 3083 гектар қайта өңделіп, 3030,5 гектар аумаққа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, мақта — 2528,4 га, қауын — 146,25 га, жүгері — 13,8 га, күріш — 342,1 га. Алдағы уақытта тасқын судан зақымданған егістік алқаптарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады.

1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бекітуімен 5-ші маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні болып белгіленіп, ол бүгінгі күнге дейін әлем елдерінде мереке ретінде аталып келеді.

 

Биыл да осы даталы кез Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында ұйымдастырылып, онда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы БАҚ өкілдерін және мекеме қызметкерлерін қатыстыра отырып үлкен жиын өткізді. Әрі табиғи аймақтардың талай жерімен таныстырды. Басқарма басшысы Қайрат Әбдуалиев төл мерекемен баспасөз өкілдерін және жиналғандарды құттықтап, қазіргі кезге дейінгі табиғи құрылымға байланысты атқарылған жұмыстармен таныстырды. Үш сағатқа созылған басқосу тек бір ортада емес, талай табиғи ортамен таныстыру жүйесінде жүргізілді. «Стадион», «Ынтымақ Агро», «Канал АТК», «Тұқымбақ», «Түркістан-Кентау тас жолы», «Бірлік-Қарашық өзені» алқаптарында табиғи ортаны терең таныстырумен жалғасты.

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев қоршаған ортаны қорғау мен оны ретке келтіру және жаңғырту мәселелерінің жүргізіліп жатқан жұмыстары жөнінде толымды пікірін жеткізді.

— Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнін жариялаудың негізгі мақсаты – ғаламшар тұрғындарын, адам және табиғаттың үйлесімді ара қатынасы мәселелерін шешуге жұмылдыру болып табылады. Атқарылып жатқан шаралар өскелең ұрпаққа мағыналы да мәнді тәрбиенің түрі болатыны рас. Туған жеріміздің тазалығы – болашақ дені сау балаларымыз үшін. Ауланы тазарту, қоқыстарды жинап, арнайы жәшікке тастау, үй маңындағы кез-келген өсімдікке су құйып, солып бара жатқан өсімдіктерді күту әрбіріміздің күнделікті міндетімізге айналуы қажет-ақ. Бүгінгі таңда еліміздің әрбір тұрғыны ауаның таза болуын, ормандардың жасыл күйде қалуын қалайды. Әрбір адамзат қалыпты өмір сүру үшін қоршаған ортамызды аялап, экологиямызды сақтай білу ортақ міндетіміз. Жер шарындағы жасыл жапырақ жылына 150 миллиард тонна көмір қышқыл газын өзіне сіңіріп, тіршілік үшін 120 миллиард тонна оттегін бөліп шығарады екен. Ал 1 гектар орман жылда 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 кг көмір қышқыл газын өз бойына тартады. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газы. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсауылығының тірегі. Қоршаған ортаны жақсарту мақсатында Түркістан облысы бойынша елді мекендерге жасыл желектерді отырғызу акциялары тұрақты түрде жүргізілуде. Түркістан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2019-2021 жылдарға арналған іс-шара жоспарын бекіту туралы» №69 қаулысына сәйкес, 2020 жылы 1031 гектар жерге 471 мың дана көшеттер егу жоспарланып, нақты бүгінгі таңға 778 га жерлерге 404 мың дана көшеттер қондырылды. Түркістан қаласының аймағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында 2019 жылы – 2300 га жерге 1044,0 мың, 2020 жылы 1235 гектар жерге 1387,0 мың дана көшеттер егілді. Облыс бойынша көктемде 1247 гектар жерде мәдени орман алқабы құрылды. (көшет саны – 1393,7 мың дана). Түркістан қаласын көгалдандыру үшін қажетті көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл аймақ» КММ-інде 300 га жерде орман питомнигі орналастырылды. Ол алаңдарда қазір 1030,5 мың дана көшеттер өсірілуде. Басқармаға қарасты орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне бекітілген орман қорының жерлері 3 млн. 131 мың гектар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн. 615 мың гектар, немесе 51,6%. 2019 жылы орманмен көмкерілген алқап 10 987 гектарға көбейді. 2020 жылы орман қоры жерлерінде 11 500 га жерге мәдени орман екпелерін (сексеуіл) егу жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Бүгінгі таңда басқармаға қарасты мекемелердің питомниктерінде 7,1 млн-ға жуық әр түрлі ағаш-бұта өсімдіктерінің көшеттері өсірілуде. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мерекесіне орай табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және осы басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» мекемесі мен Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп сенбілік ұйымдастырылды.

Шындығында да, басқарма басшылығымен облыс өңірінде қоршаған ортаны қорғау мақсатында біршама игілікті істер бастау алып, талай жұмыс жүзеге асырылыпты. «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арнайы ағаштар отырғызатын орындарды жаңарту мен жақсарту жолында көп тірліктің өмірде жүзеге асуына үлкен қамқорлық жасап келеді екен. «Стадиондағы» алты учаскеге бөлінген 83,7 гектар алқапқа бес түрлі ағаштың 80 мыңнан астам көшеттері отырғызылған. Осындай жүйелі істің бірі – «Тұқымбақ» алқабындағы 300 гектардың 250-не тікпе көшеттер қондырылып, қалған 50 гектары қара парға айналған. Жалпы бұл жерде 1 миллион 31 мың ағаш көшеттерінің алуан түрлері бар екен. Түркістан мен Кентау тас жолының оң жағы және темір жолдың бойына  350 гектардай жерге биылдың өзінде 213 мыңға тарта жас көшеттер тігілгін. Сондай-ақ, Бірлік ауылынан Қарашық өзеніне дейінгі аралықтағы 69 гектарға 41 мың дана 6 түрлі жас шыбық көшеттері қондырылғандығы көңілге қуаныш ұялататын және бірлігі жарасқан талай тың міндеттердің жүзеге асырылғандығын қолмен ұстап, көзбен көріп, болашақ үшін көп істің жүйелі түрде орнықты орындалып жатқандығы көңілімізге үлкен дем береді.

Мереке күніне байланысты қоршаған ортаны қорғау саласында он жылдан астам еңбек еткен азаматтарға Түркістан облысы әкімдігінің Алғыс хаттары беріліп, талай азамат мерейлі марапатқа ие болды.

 

Uakit.kz.

Мақтаарал ауданы – еліміздің ең күнгей аймағында орналасқан, диқаншылыққа өте қолайлы аймақ. Ерте көктемнен егістікке кірісетін шаруалар бақша дақылынан алғашқы өнімін экспортқа шығарып үлгерді. Атап айтқанда, бүгінге дейін өңірде қарбыздан 1000 тонна және қауынның 20 тонна өнімі ТМД елдеріне тасымалданған. Бұл туралы Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков мәлім етті.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында Мақтааралда атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жалын елді мекенінде орналасқан «Жорабек» шаруа қожалығы ерте піскен өнімін Белоруссия еліне экспорттап жатыр. Қожалықтың басшысы Райымбек Қалдыбаев қарбыздың «Долби» атты сортын егіп, 60 күнде өнімін жетілдірген. Енді 1 жүк көлігімен 25 тонна өнімді шетелге жөнелтпекші. Диқан қарбыздан соң егістік жеріне малазықтық дақыл түрлерін егіп, бір жылда екі рет өнім алмақшы.

Жалпы аудан бойынша биыл 10 667, 3 гектар жерге бақша дақылы егілген. Оның ішінде пленкалы қауын 3 535,7 гектар, ашық топырақта егілген қауын 5867,6 гектарды құрайды. Сондай-ақ, пленкалы қарбыз 831 гектарды, ашық топырақта егілген қарбыз 433 гектарға жетіп отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Мақтаарал ауданында 300 мың тоннаға жуық бақша өнімдері өндірілген болатын. 12 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 44,9 миллиард теңгені құраған еді.

 

Түркістан облысының Өңірлік

коммуникациялар қызметі.

Биыл Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауыл зардап шекті. Алғашқы күннен бастап апат орнына «Nur Otan» партиясының өкілдері де жедел жетіп, топан су салдарын жою жұмыстарына белсене кірісіп кетті. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелерді бақылауға алған болатын.

 

Сол сапар қорытындысына сәйкес, Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорының демеушілігімен, партияның үйлестіруімен Мырзакентте 20 үй салынып жатыр. Сонымен бірге мырзашөлдіктер егістік алқаптарын қалпына келтіру, техникаларды жанар-жағармаймен қамту мәселесін қозғаған еді. Бұл өтініш партия бақылауына алынып, бүгінде Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптары қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы ауданда шаруаларға 4160 тонна жанар-жағармай бөлінген. Ал 25 мамырда су басқан аумақтардағы егістік алқаптарын қайта өңдеп, тұқым себу үшін көршілес Өзбекстан көмек ретінде 243,6 тонна мақта шиті, 15 чизель агрегаты, 11 қопсытқыш, 14 дән сепкіш және өзге де арнайы техникаларын жіберді. «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаевтың мәлімдеуінше, диқандардың өтініші бойынша жерді қайта өңдеу, мақта егу жұмыстары жоғары деңгейде атқарылып жатыр.

Партия төрағасының бірінші орынбасары былтыр әскери қоймадағы жарылысқа байланысты Арыс тұрғындарымен кездесіп, қаланы қалпына келтіруге барынша қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Кездесуде И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелеріндегі ескі жатақхана тұрғындары жарылыстан үйлері мүлдем жарамсыз болып қалғаны жөнінде шағымданған. Бұл мәселе де партия бақылауына алынып, 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған қос ғимарат үш қабатты үйге айналып, қайтадан салынды. И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелерінде бой көтерген 33 және 24 пәтерлі екі үйдің құрылысына 600 миллионға жуық қаржы қаралды. 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмысы басталып, нәтижесінде қараша айында заман талабына сай үйлер салынды. 57 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Тұрғын үйлер дербес жылу қазандығымен қамтылған. Бүгінде аталған үйдің тұрғындары мемлекет басшылығына, құрылысты бақылауға алған партияға ризашылықтарын білдіруде.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерінің оң шешілуі – әрдайым партия назарында.

«Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты партия өкілдері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Мырзакентте «Біргеміз» қорының қолдауымен салынып жатқан 20 үйдің құрылысын партия филиалы үйлестіруде. Сондай-ақ былтыр жарылыстан кейін Арыс қаласындағы жатақхананың тұрғындары баспанасыз қалғандарын айтып шағымданған болатын. Арнайы жұмыс сапарында Бауыржан Қыдырғалиұлы бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көпқабатты үйлер талапқа сай салынды. Жалпы қандай жағдай болса да елдің қасынан табылып жүрген «Nur Otan» алдағы уақытта да Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бой-ынша жұмысын жалғастыра береді», – дейді ол.

 

«Nur Otan» партиясы

Түркістан облыстық

филиалының

 баспасөз қызметі.

 

 

Жуырда журналист Амангелды Батырбеков өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасы арқылы тұманды ойларға жетелеген күмәнді мәселені көтерді. Өз кезегінде ол Келес ауданындағы тұрғындардың үйіне алаулатып газ жеткізіп беруге жауапты «Келестрансгаз» мекемесінің басшысы Данияр Өтебайдың абоненттерден жиналған 300 миллион теңгені құмар ойынға құртып қойғаны туралы ақпаратың ел арасында желдей есіп жүргені туралы жазба қалдырған. Белсенді Келеске көгілдір отынның келуінің кілт тоқтап қалуы жұрт айтып жүргендей құбырдағы апаттан емес, осы жағдайға тікелей қатысты болуы мүмкін екенін жеткізген. Және жергілікті жердің прокурорына істің ақ-қарасын анықтап, әділдіктің салтанат құруын сұраған екен.

Бұл ақпараттың шындықтың ауылына қаншалықты жақын екені алдағы күннің еншісінде әрине. Десе де, «жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайтынын» ұмытпаған абзал.

Соңғы кездері құзырлы орган анықтаған түрлі заңбұзушылық әрекеттерді сараптай отырып, «Келес ауданы көлеңкелі істердің ордасына айналған ба?» деген ойда қаласың. Сөзіміздің қайнар көзі ретінде мамыр айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес ауданы, Жамбыл ауыл округінің әкімін құрыққа түсірген дерегін айтуға болады. Өз кезегінде ауыл әкімі 400 мың теңге пара алған. Әкім мырзаның бұл параны азаматқа жер телімін берудегі «жәрдемі» үшін алғаны анықталған. Қазіргі таңда оның үстінен сотқа дейінгі тергеу жүруде.

Одан алдын дәл осы Келес ауданының білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевте пара беру үстінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкрелерінің құрығына түскен. Білдей бөлім басшысы өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша әрі қарай қудаламау үшін, делдал арқылы А.Батырбековке 5 миллион теңге беруге барған. Осы ретте көкейде «неге білдей бөлім басшысы параны Батырбековке беруге оқталған?» деген сауал көлкіп шыға келетіні анық.

Себебі, Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің түсірген арызымен Түркістан облысының Сарыағаш аудандық соты журналист А. Батырбековты 2019 жылдың 23-қыркүйегінде “жала жабу” және “қорлау” бабымен айыптап, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Бірақ араға үш айдан астам уақыт өткеннен соң, дәлірегі ағымдағы жылдың 9-қаңтарында Түркістан облыстық сотының апелляция алқасы журналист Амангелді Батырбековтың ісі бойынша шешім шығарды. Сот журналистті ақтап шығарған.

Бір айға жуық уақыт өткеннен соң А. Батырбековтың арызы негізінде Бахтияр Абдиевке қатысты «Сотта жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары» деген баппен қылмыстық іс ашылған. Алайда ол іске қатысты әлі нүкте қойылмаған.

Жалпы журналист А. Батырбековтың желідегі парақшасындағы жазбаларына көз тоқтатып қарасаңыз оның Келес ауданындағы білім саласында болып жатқан біраз мәселелерді бүкпесіз жайып, жауапты басшыларды ортақ мәселені шешуге шақырып жүргеніне көз жеткізесіз. Мәселен ол, 20-сәуірдегі жазбасында Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиев Түркістан қаласында өткен сотқа өзінің орынбасары Омаров Мұқағалиды заңсыз апарып жүргенін мәлімдеп, бұл ақпарат бойынша тексеру жүргізуді сұрап, Келес ауданының прокуратурасына ресми хат жолдағанын жазған. Сөйтіп аудандық прокуратура бұл ақпараттың рас екенін анықтап, аудан әкімі Ақментай Есбаевқа білім бөлімінің басшысына шара көруді шегелеген екен. Осыған байланысты Б. Абдиевтің ісі әкімдіктің 9-шы сәуір күнгі тәртіптік кеңесінде қаралып, нәтижесінде оған ешқандай шара көрілмегені белгілі болған. Батырбеков прокурор сөзінің осылайша жерде қалғанын айтып, әкімдіктегі кадр бөлімінің басшысы Ербол Сапаровтың Бахтияр Абдиевтің туған ұлы екенін тілге тиек етіп, мәселенің түп-төркіні қайда жатқанын тұспалдап жеткізген. Бұл ретте «Келес ауданы әкімі көп шындыққа көз жұма қарап жүр ме?» деген ойға батады екенсің.

Бұл мысалдар Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың алдағы қызметіне қалай әсерін тигізеді? Осы қызметке тағайындалғанына жуырда екі жыл толатын Есбаевтың қол астындағы кадрларының «қия» басып, ылдиға кетіп бара жатқаны оған абырой әпермейтіні анық. Кемшіліктері жіпке тізіліп, бірін-бірі жетелеп бара жатқан мұндай жөнсіздіктер аудан әкімі Ақментай Есбаевқа деген басшылардың сенімін сарқылтуы да бек мүмкін.

 

А. САТЫБАЛДЫ.