Маңызды

Сіздерді қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын!
Биылғы Ораза ел басына күн туған сын сағатпен тұспа-тұс келіп отыр. Алайда, бұл нағыз мұсылман үшін кедергі емес.
Рамазан айы мейірімділік пен төзімділікке, кешірімді болуға және қайырымдылыққа үндейді.
Баршаңызды Оразаның бастауымен құттықтаймын!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!

Ізгі ниетпен,
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Осы аптада еліміздің бұрынғы бас санитары Жандарбек Бекшин жаңа қызметке кірісті. Алматы қаласының бас санитариялық дәрігері болып тағайындалған ол көп ұзамай тұрғындарға бетпердені көшеде киіп жүру қаншалықты дұрыс және бұрыс екені туралы мәлімдеме жасады.

Бекшин мырза ашық аспан астында бетперде тағып жүрудің зияны болмаса, пайдасы жоқ екенін айта келе, «Біз көшеде жүргенде бетперде тағып жүретін болсақ, оны ылғалдандырамыз.

Осылайша вирустың дамуына жағдай жасаймыз. Масканы тек жабық орындарда киген абзал. Көшеде киіп, онсызда қат тауарды артық жұмсаудың қажеті жоқ», — деп анық айтты.

Бірақ біршама уақыттан соң ол өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында теледидар арқылы айтылған сол сөзінің барлығын теріске шығарып, бұқаралық ақпарат құралдары оны дұрыс түсінбегені туралы уәж білдірді. Желідегі жазбасында ол «Масканы кию керек. Және бұл талапты сақтау қажет. Бұл бүкіл әлемге ортақ талап», — деді.

Жалпы Жандарбек Бекшиннің бұл сөзінен соң желідегі біраз жұрт оны қолдап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, оның өз сөзінен жалтарып жатқаны, ойды жүйелеп барып жеткізу керектігі туралы пікірлерін ортаға салғандар да болды. Жүздеген пікірлер арасында «Бекшин мырза коронавирустың келетін уақытын дөп басып айттыңыз. Енді қашан кететін датасын айтасыз ба?» деген кекесін сұрақтар жолдағандар да табылды.

Жандарбек Бекшин мырза жұрт арасында білікті маман ретінде бағаланады. Бірақ соңғы кездері оның бірқатар мәлімдемелері жұрт арасында қызу талқыға түсуде. Естеріңізде болса, өткен айдың басында ол әлемнің көптеген елдерінде ірге жайып келе жатқан COVID-19 вирусы туралы мамандар болжамын «Қазақстанға коронавирус «наконец-то» наурыз айының 11-17 аралығында келуі тиіс» деп жеткізген-тін. Сол кезде халық «құдды бір құдаңызды күткендей айттыңыз ғой», «тәжтажалмен келіскендей сөйледіңіз», «жамандықты шақырғандай болдыңыз» деп бас санитардың сөзін сынға алды. Арада бірер күн өткеннен соң, яғни, 13-наурызда елімізде COVID-19 тіркеліп, Бекшин айтқан болжам дәл келген. Соған қарамастан ол 20-наурызда қызметінен босатылды. Оның жауапты жұмыстан кетуіне өзінің коронавирус Қазақстанға қашан келетіндігі туралы болжамын мәлімдеуіндегі тұрпайы тіркестері түрткі болуы мүмкін.

Енді Бекшиннің масканы көшеде «кию қажет емес» деп, кейіннен «кию керек» деп өз сөзін өзі жоққа шығаруының салдары қазіргі қызметіне қалай әсер ететінін уақыттың еншісінде қалдырғанымыз жөн секілді.

 

А. САТЫБАЛДЫ.

Осы жылдың 8-сәуірі шымкенттіктердің есінде ұзақ сақталатын сыңайлы. Себебі қыста жауып жарытпайтын қар, дәл сол күні төпеледі емес пе? Оның салдарынан ағаштардың бұтақтары сынып, кейіннен қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалғаны белгілі. Міне сол кезден бастап, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлының атына көптеген сындар айтылды. «Сын – шын болсын» деген. Оған қарата айтылған сындар мен шағымдар орынды еді.

 

Себебі, Нұрсадық Ергешбекұлы қаланың энергетика, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларына жетекшілік етеді. Ал аталған басқармалардың қызметіне халық көп шағым айтатынын күнделікті өмірде де, ақпарат құралдары арқылы да көріп, біліп жүрміз. Соған қарамастан оның халық алдына шығып түсіндіру жүргізгенін, тиісті мекемелерге нақты тапсырма бергенін көрмегенбіз.

Жұрт алдына шыға бермейтін шенеунік осыдан бір жұма бұрын өзінің инстаграм желісіндегі парақшасына қайта оралды. Қайта оралды деуімізге ол инстаграм желісіндегі соңғы жазбасын өткен жылдың шілдесінде жариялаған екен. Содан бері тұнжырап тұрған парақшасына өзінің қандай салаларға басшылық ететінін жұрт есіне салып және алдағы уақытта халықпен тығыз байланыста болатынын жазып ақталғандай болыпты. Біз мұны оның сыннан қорытынды шығарғаны деп түйдік.

Одан соң бірер күннен кейін, яғни 21-сәуірде Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік төлемдер мен коммуналдық шығындар үшін берілетін 15 мың теңге өтемақы туралы тақырыпта брифинг өткізді. Бұған дейін дәл осы Нұрсадық мырзаның құзырына қарасты бірнеше басқармалардың атқарып жатқан жұмыстарын атап айтқанда АӘК, төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған азаматтарға берілетін 42500 теңге төлем туралы және т.б. жұмыстарды тұрғындарға Ербол Садыр, Мақсұт Исахов сынды әріптестері баяндап келген. Бірақ Нұрсадық Ергешбектің бұл үрдісті бұзып, жұрт алдына енді өзі шығуын оның сыннан нақты қорытынды шығаруын сөзбен емес, нақты іспен көрсеткені деп білдік.

Сондай-ақ ол, өзінің инстаграмдағы әлгі жазбасында жұрттың оған жолдаған сауалдарын назардан тыс қалдырмайтынын айтыпты. Енді оның өз сөзіне қаншалықты берік болатыны жұрт бақылауында болатын болды.

 

А. ЖҰБАН.

Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде азаматтардың тұрғылықты және жұмыс орнынан тыс жерде жүруіне шектеу қойылғанынан барлығымыз хабардармыз. Бірақ бұл талапты сақтамайтындар табылып жатыр. Бұған негіз болатын біраз деректерді Шымкент қалалық Полиция департаменті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында үздіксіз жариялап келеді.

 

Елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында төтенше жағдай режимінің жарияланғанына бір айдан аса уақыт толса да, шектеу шараларын сақтамай жатқандар әлі де кездесуде. Тәртіпке бағынбағандардың атын атап, түсін түстеп, оған берілген шара мен жазаны жариялы түрде көрсетсе де, ортақ ережені бұзатындардың көшіне ерушілер әлі де табылуда. Мың адамның қауіпсіздігі бір адамның жауапкершілігіне байланысты. Ал әлгіндей тәртіпке бағынбағандардың көшеде бейсауат жүруінің соңы вирусты жұқтырып, індеттің ірге жаюының себепкері болып жүрмесіне кім кепіл береді? «Үйде болыңыз» деген ескертулер әлеуметтік желі, теледидар, газет, радио және т.б арқылы үздіксіз хабарланса да, карантиндік тәртіпті қаперіне ілгісі келмейтіндерге не істеу керек? Жалпы ағымдағы жылдың 4-сәуірінен жабық қала режиміне көшкен Шымкентте карантиндік ережелердің толықтай сақталуын қалай қамтамасыз етуге болады?

Дәл осындай сұрақты бетке алып «Шымкент – мәңгі қала» қоғамдық ұйымы блиц-сауалнама жүргізген. Онда «Шымкенттіктердің карантин режимін сақтауын қалай қамтамасыз етуге болады?» деген сұрақ бойынша 500-ге жуық респонденттің пікірі сұралған. Сауалнамаға қатысқандардың 62,5 пайызы немесе 303 адам бұл сұраққа «айыппұл салу, қамауға алу сынды әкімшілік шараларды күшейту» қажет деген дауысты таңдаған. Ал 18,5 пайызы немесе 89 адам «егер тәртіпті бірнеше рет бұзса, оны қоғамдық жұмыстарға мәжбүрлеп тарту керек» дегенді қолдаған. Респонденттердің 57-сі немесе 11,8 пайызы төтенше жағдай режимін бұзғанды «БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және теледидарда инфекция таратушысы деп фотосын жариялау керек» деген жауапты жөн деп тапқан. Сондай-ақ, 27 адам оның «тәртіпке бағынуына моральдық тұрғыдан әсер ету керек» деген дауысты таңдаса, қатысушылардың 1,6 пайызы немесе 9 адам «азаматтығынан айыру керек» деген нұсқаны қолдапты.

Шымкенттік тұрғындардың жалпыға ортақ тәртіпке бағынбайтын жерлестерін жөнге салу туралы ойлары осындай.

Қайткен күнде де тәртіпті бұзып заң бұзғанша, оны сақтап бар болайық.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

Кеше елімізде COVID-19 вирусының тіркелгеніне 40 күн толды. Індет ең алғаш 13-наурызда тіркелген. Қазіргі таңда ол Қазақстанның барлық аумағына таралды.

 

Вируспен күрес жұмыстары үшін тиісті шаралардың барлығы қолға алынуда.

Осы аптада еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова Қазақстанда мамыр айының соңына дейін КВИ жұқтырғандардың саны 4000 адамға жетуі мүмкін екенін айтты. coronavirus2020.kz  көрсеткен дерекке сүйенсек, 23-сәуір күнгі жағдай бойынша елімізде індетті жұқтырғандар саны 2250-ден асты. Ауруды жеңіп шыққандар 551-ге жетті. 20 адам қаза болды.

Ал әлемде індетке шалдыққандар саны 2 млн 658 мың адамнан асты. Емделіп шыққандардың саны 722 мыңнан асса, 185434 адам көз жұмды.

АҚШ-та індеттің таралу жойқындығы бәсеңдемей тұр. 23-сәуірдегі көрсеткіш бойынша онда вирусты жұқтырғандардың саны 840 мыңнан асты. Ал емделіп шыққандар саны 77 мыңға  жуықтайды. Ал Қытайда індетке шалдыққан 84 мыңға жуық адамның 93 пайыздан астамы ауруынан айыққан. Вирустың дамуы барлық елде бірдей емес. Қазіргі таңда АҚШ пен Еуропа  елдерінде вирус өршіп тұр. Ал Қытай мен Оңтүстік Кореяда эпидемияның аяқталатын уақыты таяды. Ресей мен Жапонияда індеттің таралуы енді басталды.

Еліміздің бас санитарының сөзінше дәл қазіргі таңда Қазақстан коронавирусты жұқтырудың шарықтау сатысынан өтіп жатыр.

Ағымдағы жылдың 19-сәуірінен бастап Түркістан облысының барлық аумағында карантин режимі енгізілгені белгілі. Дегенмен құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, тіршілікті қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық қызметтері карантин режиміне қарамастан толық қуатта жұмыс істеуде.

 

Мысалы, облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде қазіргі таңда 35 құрылыс нысанының жұмысы қарқын алған. Ол жерлерде 4 мыңға жуық құрылысшы бір ауысым тәртібімен жұмыс істеуде. Құрылыс жұмысының барысы мен сапасын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жүйелі түрде бақылап жүр.

Осы аптада Түркістандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралаған аймақ басшысы жұмыстың барлығы карантиндік режимге сай болуын қадап айтты. Яғни, жұмысшылар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс. Қазіргі таңда жұмысшылар күнделікті медициналық тексеруден өтеді. Бұдан бөлек құрылысшылардың жұмыс орындарына келіп-кетуіне барлық жағдайлар жасалған. Тосқауыл жоқ. Өз кезегінде облыс әкімі қажет болған жағдайда құрылыс компаниялары қосымша жұмыс күшін тарта алатынын ескертті. Ол карантиндік режим Түркістандағы құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі келтірмеуі керектігін айта келе «Елдегі болып жатқан ахуалға қарамастан, қала аумағындағы бірде-бір нысандағы жұмыс тоқтатылмайды. Қауіпсіздік шарасын да қатаң ескереміз. Адамның саулығы бірінші кезекте. Жұмыс күшімен толық қамтамасыз етіп, жұмыстан босаған азаматтарды табыс көзімен қамту үшін қалалық әкімдік Нұр-Сұлтан, Алматыдағы құрылыстардан босаған мамандарды жұмысқа шақыра алады. Олардың өңірімізге блок-бекеттерден тосқауылсыз жетуін қамтамасыз етуге көмек береміз», — деді.

Бұған дейін облыс басшылығы Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыс нысандары бекітілген мерзімінде аяқталатынын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда қаланы абаттандыру жұмыстары да кестеге сай жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, Түркістан обылысында 19-сәуірден бастап карантин режимі енгізілген.

Соған сәйкес, көрші аймақтармен шекарадағы санитарлық блок-бекеттер жұмысы күшейтілді. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға шектеу қойылып, елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен жеке тасымал қызметінің жұмысы тоқтатылды.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы үшін қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылды.

Азық-түлік және киім кешек базарлары, тұрмыстық заттар сататын базарлар жұмысы тоқтатылды.

Сондай-ақ, әлі күнге алаңсыз есік алдында ойнап жүрген балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауына тыйым салынды.

Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге шектеу қойылды.

Үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына тыйым салынды. Жасы 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиістігі ескертілді.

Тұрғындарға тек қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға үйге жақын жердегі дүкендер мен дәріханаларға баруына рұқсат етіледі. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 09:00-ден кешкі 20:00 аралығына дейін шектелді.

Атап өтерлігі, құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантиндік режимге қарамай жұмысын жалғастырады.

Түркістан облысы бойынша мемлекет есебінен атаулы әлеуметтік көмектер алған азаматтардың 41 пайызы көп балалы отбасылар.

 

Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялық қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.

Басқарма басшысы төтенше жағдай кезінде тұрғындарға мемлекет есебінен қандай көмектер беріліп жатқанын айтып берді.

Естеріңізге сала кетсек, COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде ҚР Үкіметі тарапынан халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтарымен қамтамасыз ету үшін арнайы заң жобасы қабылданғаны белгілі. Ал бұл көмекті алушы аса мұқтаж азаматтар қатарына көп балалы отбасылар, жұмыссыздар, мүгедектер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар кіреді. Үстіміздегі жылдың 1-сәуірінен бастап Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай кезінде азық-түлік-тұрмыстық жиынтығын алатындардың тізбесі қосымша әлжуаз топқа кіретін санаттағы азаматтармен толықтырылды. Осыған орай аймақ бойынша 174 мыңнан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтығы үшін 2 АЕК көлеміндегі (5567 теңге) көмекпен қамтылады деп күтілуде.

Оның ішінде 6 жастан 18 жасқа дейінгі 43190 балаға 721,3 млн. теңге, 94222 барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 1573,6 млн. теңге, 23795 жұмыссыз азаматтарға 397,4 млн. теңге, мүгедек баланы күтумен айналысатын 13013 адамға 217,3 млн. теңге қаралған.

Бұл үшін 3 айға республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңгеге қаралады.

Қазіргі таңда бұл жәрдемге ілккен азаматтарға қаражаттарды аудару жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, облыста 2020 жылдың І-тоқсанының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы 25 125 балаға 319,2 млн. теңге азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілген. Осы мерзім ішінде өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасыны немесе 111,9 мың адамды құраған. Оларға 2,3 млрд. теңгенің көмегі төленген.

Осы айда Түлкібас ауданында талай тыңғылықты тірліктер орындалды. Көптен бері шешімін күтіп отырған жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда демеушілер есебінен аудан аумағындағы 108,3 шақырымды құрайтын 32 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде 2997 гектар жерге ағынды су барды. Сонымен қатар аталған каналдар арқылы 3 мыңға жуық үй іргелік жерлерге де су көзінің баруы жолға қойылды. Бұған дейін ондағы тұрғындар ағын судың жоқтығынан үй іргелік жеріндегі егіндерін ауыз сумен суғарып келген. Енді жаны жомарт жандардың арқасында ол күндер келмеске кетті.

Түлкібас таулы көрінісі, тұнық ауасымен ғана емес, тәтті алмасымен де танымал. 2018 жылы ауданда 25 мыңнан астам алма жиналған. Былтыр ауа-райының қолайсыздығынан жиналған өнім көлемі 20 мың тоннадан аспады. Биыл диқандар мол өнім жинауды көздеуде. Осы мақсатта алма бауын 100 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Оның тең жартысы қарқынды бау болмақ. Қазіргі таңда 78 гектар жерге алма бауы отырғызылған. Бұдан бөлек ауданда алма өнімін сақтайтын 6 қойма жұмыс істейде. Олардың жалпы сыйымдылығы 8900 тоннаны құрайды.

Табиғаты «екінші Швейцария» деп сипатталатын Түлкібаста былтыр мыңдаған турист келді. Түлкібасқа табан тигізетін туристердің санын арттыру ауданды кешенді дамытудың негізгі жоспары болып табылады. Ал бұл ретте аудан ішінің абатты болуы үлкен рөл ойнайды. Осы мақсатта мамыр айына дейін ауданның барлық елді-мекендерінде 90 мыңға жуық гүл көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 8 700 түп гүл егілді. Көздің жауын алатын қызылды-жасылды түрлі гүлдер жерге төселген кілемдей айналаға ерекше рең сыйлап тұр. Айналаға ерекше әсем беріп қана қоймай, көшедегі шаңды басатып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын гүл көшеттері аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандарға, көше бойларына егілді. Олардың түрлері де әртүрлі. Атап айтқанда, раушан гүл, түймедақ, лалагүл, райхан гүл, питуния, сәндігүл т.б.

Гүл көшеттерінен бөлек, көктем айларында ауылдық округ, кент әкімдіктері тарапынан елдімекендер аумағын көгалдандыру мақсатында 41,1 гектар жерге 16 мың 800 түп талшын, шырша, иінкі, арша, боз арша, шаған және қара ағаш көшеттері отырғызылды. Аудан аумағын көгалдандыру мақсатында нақ осы ағаш көшеттерінің таңдалуы бекер емес. Себебі аталған ағаш көшеттері Түлкібас ауданының климатына өте қолайлы.

Жер ананы баптағанның ризық-несібесі мол болады. Жетісайлық Рамазан Ходжанов есімді шаруаның бүгінгі тыныс-тіршілігі сол сөзіміге нақты мысал.

 

Жетісай ауданындағы Ш. Ділдәбеков ауыл округінде тұратын шаруа иесінің иелігенде 5 гектар егістік жері бар. Ол биыл қыста 60-70 күнде пісетін қырыққабат еккен болатын. Ерте пісетін сол өнімі еткен еңбекті ақтап, жуырда пісіп шықты. Еңбегі өнген шаруа иесі өнімнің барлығын жиып-теріп, саудалап үлгерген. Осы үшін тапқан табысына тоқмейілсімей, араға күн салмай, қайта егін егуге кірісіп кеткен. Енді ол қырыққабатты жиып алған жеріне ерте пісетін қауын егуді бастап кетті. Ол бір жерден екі-үш рет өнім алудың мұндай тәжірибесін былтыр аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев ұсынғанын айтып, «Өткен жылы Өмірзақ Естайұлы бір жерден екі-үш өнім алу туралы тапсырма берді. Сол тапсырманы орындауға бел будық. Қорқатын ештеңе жоқ. Себебі біздің ауданның климаты диқаншылықпен айналысуға өте қолайлы. Оның үстіне шаруалар үшін мемлекет беріп жатқан көмектер өте көп. Қолдау көрсетіліп жатқанда біздің қол қусырып отырғанымыз жарамас», — деді.

Сонымен қатар Рамазан Ходжахметұлы ерте піскен қырыққабат өнімін еліміздің өзге қалаларына жөнелту кезінде төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті сақтау үшін қойылған блок-бекеттерден еш кедергісіз өтіп, бет алған бағыттарға ойдағыдай жетуін үйлестіріп, тиісті жағдайларды жасап бергені үшін облыс басшылығына дән риза екенін жасырмады.

Осы жылы республика бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн. га құрайды. Оның ішінде 15,2 млн. га жер дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың алаңына айналса, 11,4 млн. га аумаққа бидай өсіріледі.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл егіс алқаптарын әртараптандыру және жоғары рентабельді дақылдар өсіруге көшу бойынша жұмыстар жалғасуда. Осылайша биыл майлы дақылдар, азықтық дақылдар, қарақұмық алаңдары өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге көбейеді. Ал қант қызылшасы, мақта, темекі сынды техникалық дақылдардың алаңы былтырмен салыстырғанда 18,6 мың га кеміп, 132 мың гектарды құрайтын болады.

Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Ал күнгейдегі егіс алқабының көлемі қандай болады?

Түркістан облысы, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов биыл аймақтағы егіс көлемін 825,4 мың гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде егістікті әртараптандыруға сәйкес, көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемі — 122 мың га, мал азықтық дақылдар — 213 мың га, майлы дақылдар көлемі — 91,4 мың га, масақты дақылдар — 226,9 мың га, мақта дақылы — 118 мың га аймаққа егілетін болады.

Бүгінгі күнге 505 мың гектар жаздық дақылдардың 206,4 мың гектары, яғни 40 пайызы отырғызылған. Сондай-ақ, облыста жер айдау жұмыстары — 424 мың гектарға, ал сор шаю жұмыстары 113 мың гектарға межеленіп, толығымен жүзеге асқан.

Айта кетерлігі, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінген. Дизель отынының босату бағасы сәуір айынан бастап литріне шаққанда 160 теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан.

Бұдан бөлек, 93,5 мың тонна минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 3,75 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда облысқа «КазАзот» АҚ және тыңайтқыш өндірушілер тарапынан 27 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, 7 мың тоннасы тауар өндірушілерге үлестірілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 5,3 млрд. теңге несие қаржы қаралып, 2,6 млрд. теңгеге 654 жоба мақұлданып, 1 млрд. теңгеге 112 тауарөндіруші қаржыландырылды.

Облыста агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынған болатын. Нәтижесінде, 2019 жылы 3 млрд. теңгеге 107 жоба іске асып, 9 млрд. теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Қосымша 364 жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, биыл өңірде 8 мың гектарға ерте пісетін қырыққабат егіліп, сәуір-мамыр айларында 300 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланып отыр.