Маңызды

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі:

 

Аптаның сәрсенбісінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ресми мәлімдеме жасады. Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкентте коронавирус індетін жұқтырған азаматтардың жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған тәртіппен ем қабылдап жатқанын, олардың жағдайы тұрақты екенін айтты. Қала әкімі өз мәлімдемесінде орын алған жағдай қалай өрбігенін баяндап, індетке қарсы күрес бойынша Шымкентте атқарылып жатқан қауіпсіздік шараларының негізгі бағыттарын атап өтті. Назарларыңызға әкімнің қала тұрғындарына жасаған мәлімдемесінің ықшамдалған нұсқасын ұсынамыз.

Құрметтті Шымкент қаласының тұрғындары!

 

Ағымдағы  жылдың 16-наурызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай режимін жариялады. Сол уақыттан бастап еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуын алдын алу бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыстар атқаруда. Өкінішке орай, Шымкентте коронавирус індетін жұқтырған екі азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем  қабылдауда. Жағдайлары тұрақты. Бірінші науқас 18-наурызда елордадан «Нұр-Сұлтан-Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен қалаға қарай бет алған. Ол қалаға 20-наурыз сағат 23:30-да жеткен. Қалаға келген бойда оны әкесі өз көлігімен күтіп алған. Онымен бірге «Бекжан» автовокзалынан тағы үш азамат түсіп, олар Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен  сапарын жалғастырған. Ал жаман індетті жұқтырған азамат 23-наурызға дейін үйінде  өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынған соң жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуы, бас ауруымен шағымданған.  Нәтижесінде ол азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынған.  Бүгінде аталған азаматтың анасынан алынған тест-анализ коронавирустың оң нәтижесін көрсеткен.

Осыған орай, шүғыл түрде науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтарда оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Бүгінгі таңда Нұр Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған науқаспен байланыста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Қауіпсіздік шараларының негізгі бағыттарына тоқталып өтсем.

Біріншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалаға кіре беріс жол қақпаларына 12 санитарлық бекет қойылды.

Екіншіден, қаладағы базарлар, сауда орындары, автобустар мен басқа да адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда дезинфекциялық жұмыстар күніне екі рет жүргізілуде.

Үшіншіден, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді.

Төртіншіден, қала аумағындағы барлық оқу орындары демалысқа шығарылып, қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуде. 26-наурыздан бастап барлық балабақшалар жұмысын тоқтатады. Сауда орындары мен мейрамханалардың жұмыс уақыты шектелді. Тойханалар мен ойын-сауық орындарының жұмысы толығымен тоқтатылды.

Бесіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар  бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында арнайы штаб құрылды. Азық-түліктің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінде аса қажет 19 азық-түлік түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі таңда азық-түлік қоры жеткілікті.

Алтыншыдан, бүгіннен бастап автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды. Төтенше жағдайға байланысты қоғамдық көлік бағыттарының 25 пайызы қысқартылды.

Жетіншіден, қала аумағында індеттің жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда  жедел әрекет етудің алгоритмі әзірленді.  Ауруларды жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды.

Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, дәрілер толығымен жеткілікті. Қажеттілік бойынша бекітілген алгоритм бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Қазіргі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің бақылауымда болады.  Қала тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай байланыс орталығы (39-50-55) құрылды.

Қала тұрғындары еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қатаң сақтауы қажет. Төтенше жағдайда әрбір тұрғынның қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан барлығымыз арнайы талаптарды сақтауға міндеттіміз.

Құрметті жерлестер!

Төтенше жағдай кезінде барлық сақтық шараларын қолданып, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін сақтауды сұраймын.

Сіздің қауіпсіздігіңіз – елдің қауіпсіздігі.  Біз біргеміз! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Бұл қиындықтарды жеңетінімізге сенемін.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

 

Бет қатталып жатқанда:

 Кеше кешке Шымкент  қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ontustik»  телеарнасы арқылы жасаған мәлімдемесінде Абай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында 14 күндік карантин режимі енгізілетін айтты. Инфекци  яның таралуына жол бермеу мақсатында 28-наурызда түнгі сағат 00:00-ден бастап қалада келесідей шектеулер болатынын ескертті. Әуежай, теміржол және автовокзалдар, автокөлік базары, жәрмеңке мен телефон сататын дүкендер жұмысы толық тоқтайды. Отбасылық шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады. Мал базары тек жексенбі күні жұмыс істейді. Қала аумағына сағат кешкі 21:00-ден таңғы 07:00-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. Қала әкімі қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы бұған дейінгідей 22:00-ге дейін емес, 18:00-ге дейін шектелетінін айтты.

Тиісті қорғаныс шараларын өткізбесе коронавирус кез келген елдің тағдырын қыл үстінде қалдыруы мүмкін. Бұған әлем елдерінде болып жатқан кері көрсеткіштер дәлел. Өкінішке орай Қазақстанға бұл індет 13-наурызда жетті. Ауру тіркелген күннен соң, мемлекет басшысы елде төтенше жағдай режимін жариялап, қоғамдық орындардың жұмыс істеу уақытын шектеді. Бірақ енгізілген тәртіпке бағынбайтындар кездесуде.

 

Аптаның сәрсенбісінде еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елімізде төтенше жағдай режимін бұзған 64 адам қамауға алынғанын айтты. Бұл әуелде айтқан сөзіміздің қайнар көзі. Өз сөзінде ол

«Бірден айтайын, азаматтарымыздың басым бөлігі төтенше жағдай режимі талаптарына түсіністікпен қарайды. Дегенмен, барлығы бірдей олай ойламайды. Негізінен заңбұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 476-бабы бойынша орын алуда. Аталған бап бойынша жауапкершілік шарасы 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке қамау», — деді министр.

Оның мәлімдемесіне сүйенсек, енгізілген шектеулерге қарамастан Қазақстанның біраз өңірінде арагідік тойлар мен жиындар, салтанатты шаралар өтуде. Кейбір кафелер мен интернет-клубтар, балаларға арналған үйірмелер жұмыс істеуде екен. Қауіп деңгейін көтеретін осындай 313 дерек анықталған. Нәтижесінде 94 адам жауапқа тартылып, оның 64-і қамауға алынған.

Заңға бағынбағандардың арасында күнгейліктер де көп кездеседі.

Жуырда Төлеби аудандық соты жергілікі кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылдады. Өз кезегінде Ш.Э.есімді кафе иесі 20-наурызда енгізілген шектеулерге қарамастан түн жарымға дейін жұмыс істеп, төтенше жағдай режимін бұзған. «Соттың қаулысымен Ш.Э -ге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабында көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 26510 (жиырма алты мың бес жүз он) теңге айыппұл салынған. Осыған ұқсас мысал Созақ ауданында 17-наурызда тіркелген. Азамат С.Ш. өз иелігіндегі кафеде сағат 22:16-да тұтынушыларды қабылдаған. Сот қаулысымен оған да 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.

 

Төтенше жағдай режимін бұзу тек кәсіпкерлер тарапынан орын алып отырған жоқ. Қарапайым халық тойханаларда той жасау уақытша тоқтатылғандықтан, құдалық, мерейтой, беташар сынды отбасылық мерекелерді өз аулаларында еш қамықпай өткізіп жатыр. Төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күндері мұндай жағдай Түркістан қаласында тіркелген. Күшейтілген режимде жұмыс істеген жергілікті тәртіп сақшылары, өз ауласында той өткізіп жатқан азаматты анықтап, тиісті хаттама толтырып, оны қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолдаған. Бұл шара өзгелерге сабақ болмаған сыңайлы. Арада бірнеше күн өткенде Мақтаарал ауданында тағы екі отбасы өз ауласында беташар өткізіп, төтенше жағдай режимінің талабын белден басады. Беташар өткізу Жетісай ауданында да, Арыс қаласында да тіркеледі. Той иелерінің барлығы заң аясында жауапкершіліке тартылады.

Бұл мысалдардан «жергілікті халықтың барлығы коронавирус індетінен қорғану шараларын немкеттілікпен қарайды» деген тұжырым жасауға болмайды. Халықтың басым көпшілігі ауру адамдарға ауыз салмаса екен деп отыр. Бірақ базбір адамдар бой бермей тұрған ауру туралы жалған ақпарат таратып, елдің үрейін туғызуда. Жуырда Түркістан қаласында үш азамат ватсап желісі арқылы Еуропада саяхаттап келген тұтас бір отбасын коронавирус дертіне шалдыққан деп жалған ақпарат таратып, жұрттың жағасын ұстатқан. Бұл былайғы жұртты шошындырса, әлігі отбасылардың барлық мүшесі үшін үлкен моральдық соққы болғаны сөзсіз. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметкерлерінің араласуымен ватсап желісі арқылы шындықтың ауылынан алыс жатқан ақпаратты таратып, елдің үрейін туғызған үш азамат анықталған. Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан деректер бойынша аталған жайт ҚР ҚК-нің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша СДТТБТ-ға тіркелген.

«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» демекші, коронавирус түрлі сәтсіз әзілдердің өзегіне де айналды. Жуырда Қостанай облысында учаскелік полиция 28 жыл сақталған спирт тола бөшкені тауып, ондағы өнімнің таза екеніне көз жеткізу үшін біршама бөлігін еденге төгіп, оған от қояды. Одан соң осыншама спиртпен коронавирус қорқынышты емес екенін айтады. Отыз тістен шыққан бұл сөзін отыз рулы елге тарату үшін әлеуметтік желіге салып, абыройдан жұрдай болады. Полицей көп ұзамай қызметінен босайды.

Желіде карантин режимінен әйелінің сөзі мен өзінен әбден жалыққан ер азаматтардың әзілі де белең алды. Адамдардың тамақты тоя-тыңқия жеумен күн өткізіп жатқаны туралы вайндарда қаптап кетті. Мейлі ғой, мұның барлығы халықты сары уайымға салынбай, жарқын күндерге деген сенімді жоғалтпауға шақыратын шығар. Бірақ та біз қазір әр күнімізді құр өткізбеуіміз керек. Өзімізге де, қоғамға да пайдасы бар дүниені жасауымыз қажет. Жақсылық тек ақша берумен шектелмейді. Ол тәртіпке бағыну, өзгеге зиян тигізбеу, өзгенің еңбегін зая кетірмеу, іздену, өзіңді дамыту және тағы басқа дүниелерден тұрады.

Яғни, дәл қазіргі жағдайда тығылып табыс тауып, той жасайтын кез емес, табандылық танытып, төтенше жағдай режимін сақтап, тәртіпке бағынатын кез. Сыпсың сөз айтып, елдің үрейін туғызатын кез емес, тек ресми мәліметерге сеніп, сақтық шараларын сақтайтын кез. Әзіл айтып, болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерге ат үсті қарайтын кез емес, әр нәрседен сабақ алатын кез. Осы ойымызды режиссер Талғат Теменовтың мына бір сөзімен түйіндеуді жөн санап отырмыз.

«Бір асқанға, бір тосқан. Адамдар есін бір сәт жиғандай. Адам үшін де, тіршілік үшін де ең үлкен бақыт ол – Өмір. Ол-атқан таңға, батқан күнге куә болу, кеудең тола дем алу, сүйген ісіңмен айналысу, жақындарыңмен дос-жаранмен бір болу. Бұл Алланың адамға берген ең Үлкен сыйы. Иә, қазір-карантин. Үйқамақ… Далаға да, қалаға да, қалаған жеріңе де бара алмайсың. Бәріміз – бір сәт үйқамақтың не екенін енді түсініп жатырмыз… Бізге де дәл қазір тек қана төзімділік керек. Иә, иә бізге өзімділік емес, төзімділік керек…»

Жуырда қоғам белсенділері Италия газеттерінің некрологқа айналғанына өкініш білдіретіні туралы жазбалармен бөліскен болатын. Газетіміздің бүгінгі шығарылымы коронавирусқа байланысты елімізде атқарылып жатқан жұмыстар мен сақтық шараларына қатысты ақпараттар көптеп беріліп отыр. Әрине бұл италяндық басылымдардың басынан кешкен жағдаймен салыстырғанда  әлдеқайда жақсы құбылыс.

Қазіргі таңда індет әлемнің 175 еліне таралып үлгерді. Ауру жұқтырғандар саны 495 мыңнан асты. Ал коронавирус дертімен көз жұмғандардың қатары 22295-ке жетті. Ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша алғы шепте Қытай тұрса, екінші орында Италия жайғасып тұр. Бестікті АҚШ, Испания, Германия түйіндейді. Әлем бойынша аурудан айыққандардың саны 119978-ге жеткен. Ем-дом көрсеткіштерінің нәтижелі болуы Қытайда, Иранда, Италияда байқалады. (26-наурыздағы жағдай бойынша).

Ал Қазақстандағы жағдай қандай?

Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 112-ге жетті. Науқастардың басым бөлігі елордада тіркелген. Індет еліміздің 8 өңірінде тіркелді. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Жамбыл,   Солтүстік Қазақстан облыстары.

Екі науқас аурудан айықты. Өкінішке орай кеше  бір науқас әйел  көз жұмды.

 

А. САТЫБАЛДЫ.

Әлем коронавируспен күресуде. Төтеннен келген қауіпті індет бар-жоғы үш айдың ішінде 170-тен астам елдің территориясына дендеп енді. Әлем елдерінің ғалымдары дертке дауа болатын дәріні жасап шығарудың барлық жолдарын жасауда. Осы ретте адамзат баласының байбалам шығармай, бірігіп, байыпты қадам жасауының маңызы зор. Тек сабырлық, бірлік пен мейірім ғана қазіргі күннің өзінде 500 мыңға жуық адамның бойынан табылып үлгерген вирусты жеңіп, оның бетін қайтаратын болады.

Өкінішке орай әлемді әуреге салған індет Қазақстанға да келіп жетті. Күн өткен сайын сырқат саны көбейіп барады. Бірақ былайғы жұрт «солай болуы керек» деген қасаң пікірде болып, сақтық қағидаларын назардан шығармағаны абзал. Керісінше тиісті талаптардың барлығын сақтап, тазалыққа мән беруінің тигізер пайдасы мол. Қазақстан халқы небір нәубет замандарды бастан кешірген. Көз ілеспес жылдамдықпен тараған мұндай індеттің зорын көріп, оны еңсерген ата-бабамыз «тазалық – денсаулық кепілі» деп тегін айтпаған. Ендеше, назарымызды қажетсіз ақпаратқа, сыпсың сөзге, түздегі жағдайға емес, тазалыққа, карантин режимін сақтауға бұрсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуі, қалалардың шеп бекеттерінде адамдардың дене қызуының тексеріліп жатқаны Сіздің құқыңызды шектеу емес, керісінше қауіпсіздігіңіз үшін жасалып жатқан жұмыстар екенін жете түсінейік ағайын.

Барлығымыз елімізде төтенше жағдай режимінің дер шағында алынып, қалыпты тіршілікке оралуымызды асығып жүргеніміз белгілі. Бұл күнге жету үшін індетке тойтарыс беру қажет. Ал аты жаман вирусқа қарсы тұрудың ең төте жолы – тазалық пен тәртіпті сақтау. Осыны әрдайым қаперде ұстасақ ғана біз бұл қиындықты жеңетін боламыз.

 

Хамрақұл ҚОРҒАНОВ,

«Манкент» шипажайының бас директоры..

 

 

Қазіргі таңда барлық салаға коронавирустың салқыны тиді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың 80 пайызының жұмысы уақытша тоқтатылды. Халықтың біраз бөлігі тұрақты табыс көзінен қағылды.

Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин себебімен жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді. Президент алдын ала есеп бойынша  бұл көмекке  шамамен 1,5 млн. қазақстандық қол жеткізетінін айтты. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға  тағайындалатын ай сайынғы жәрдемақы көлемі 42500 теңгені құрайды. Яғни, ең төменгі жалақы мөлшерінде болады.

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президент тапсырмасына сәйкес 42500 теңге нақты кімдерге берілетінін түсіндіріп берді.

Министр 42500 теңге төтенше жағдайға байланысты еңбекақысы сақталмайтын еңбек демаласына шығуға мәжбүр болған ел тұрғындарына төленетінін жеткізді. Бірақ ол азаматтарға жаңа әлеуметтік төлемдер тағайындалу үшін жұмыс беруші жұмыспен қамту жөніндегі жергілікті органға жүгініп, төтенше жағдайға байланысты жұмысшылардың табысынан айырылғанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Құжаттар арасында төтенше жағдай енгізілген датаға дейінгі соңғы 12 айдың кемінде үш айында жұмысшы үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) аударым жасалғанын айғақтайтын анықтамалар да болуы шарт. Төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылған азаматтарға 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер беріледі.  Төлем соңғы 24 айдың ішіндегі табыс пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.

Ведомства басшысы әлеуметтік төлем жұмысшыға төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін берілетінін айтты. Сонымен қатар ол, әлеуметтік төлем тек орта, шағын және микробизнес жұмысшыларына ғана қатысты екенін шегеледі.

 

А. САТЫБАЛДЫ.

 

Коронавирустың таралу аумағы кеңейген сайын, медициналық маскаға деген сұраныс арта түсті. Қауіпті індет Қазақстанға жеткен кезде аталған өнімге деген тапшылық байқалды. Халық дер шағында медициналық маскалардың дәріхана сөрелерінде табылмауын қолдан жасалған тапшылық екенін іштей біледі. Бірақ оны ашып көрсететін сөзінде пәрмені, қолында билігі жоқ. «Маска жоқ» деген фармацевттердің жауаптары халық арасында «билік қайда қарап отыр?» деген сұрақты тудырып жүргені жасырын емес. Базбір адамдар өткен ақпан айында коронавирус індеті Қытайда ушығып жатқан шақта Қазақстан сол елге гуманитарлық көмек ретінде медициналық бұйымдар жолдағанын еске алып, «енді міне өзімізді жарылқай алмай жүрміз…» деп қынжылатындары да жасырын емес.

 

Қоғамның мұндай алаң күйге түсуі арадағы алып-сатарлардың ықпалы екені белгілі. Жуырда Шымкент қаласы Экономикалық тергеу департаменті қысылтаяң сәтте жеке басының қамын ойлаған сондай пысықайларды қолға түсірді.

Коронавирус дерті әлемді кезбей тұрып бір дана бағасы 10-15 теңгеден сатылған масканы, 200 теңгеге дейін саудалап, қомақты қаржыға кенелгісі келген екі бірдей азаматтың заңсыз әрекеттерін Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері анықтаған.

Жүргізілген жедел іздестіру шарасының нәтижесінде медициналық маскаларды қымбат бағада сату бойынша 2 дерек анықталған. Алғашқы факті бойынша қолға түскен азамат 20000 дана бетперденің әрқайсысын 180 теңгеге саудаға шығарған. Осылайша өнімнің жалпы соммасы 3 600 000 теңгені құраған. Ал екінші азамат 5 500 дана масканы 1 045 000 теңгеге саудалаған. Яғни, өнімнің бір данасын 190 теңгеден босатпақ болған.

Тіркелген бұл іс-шаралар мемлекеттік кірістер департаментіне қарауға жолданып, тергелуде. Тәркіленген 25 500 дана медициналық бетперде Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына сақтауға жолданған.

Шымкент қалалық Экономикалық тергеу департаменті құрыққа ілінген 1984 және 1994 жылы туылған қала тұрғындары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлайды.

Соңғы кездері интернет желілерінде медициналық бетперде мен антисептиктердің сатылуы жөніндегі хабарламалардың таралуы жиі байқалып отыр. Құзырлы орган осы іспетті хабарламалар мен желідегі жарнамалардың барлығы қатаң тексеруден өтіп, заң бұзушылықпен айналысқандарға шара көрілетінін ескертеді.

Ал медициналық маскаларды қымбат бағада сату жағдайларының куәсі болған азаматтарға 77-14-50 байланыс нөміріне хабарласуын жеткізеді. Сенімді телефон тәулік бойы жұмыс істейді.

 

Қазіргі таңда елімізде 3500-ге жуық адам карантинде жатыр. Оның 860-ы ауруханада болса, 2600-ден астамы үй карантинінде. Бұл еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің 19-наурыздағы дерегі. Содан бері бір апта уақыт өткенін ескерсек, көрсеткіштің аса қатты өзгере қоймағанын болжауға болады.

 

Жуырда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Темірхан Варзилов медициналық ұйымдардың карантин режиміндегі жұмысын бақылады. Өз кезегінде Темірхан Варзилов жұқпалы ауруханалар және «Атамекен» оңалту орталығы базасында ашылған провизорлық госпитальге барды. Ол аталған медицина мекемесіндегі карантинде жатқан адамдарға жасалған жағдай мен санитарлық жұмыстардың сапасын бақылады.

Қазіргі таңда жұқпалы ауруханалар ауруханасы мен «Атамекен» оңалту орталығы базасында барлығы 89 адам карантинде. Басқарма басшысы ондағы пациенттердің ауруханаға түсу сәтінен бастап қабылдап жатқан ем-домдарымен танысты. Сондай-ақ, карантин режимінің жұмысын көрді.

Карантинге жатқызылған адамдардың барлығы әуе рейстері арқылы елге жеткендер. Олардың қай елден ұшып келгені қаперге алынып, барлығы да жеке палаталарға орналастырылған.

Палаталар қол жууға және өңдеуге арналған антисептикалық құралдармен жабдықталған. Дәліздерде ауаны залалсыздандыруға арналған құрылғылар орнатылған.

Бұдан басқа, дәліз қабырғаларында қолды өңдеуге арналған антисептигі бар сенсорлық дозаторлар орнатылған. Барлық пациенттер ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

 

Коронавирустың Шымкентте таралу аумағын мейлінше ұлғайтпау мақсатында медицина мамандары күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Қауіпті індетті алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын жерлерде тиісті тексеру жұмыстарын орындауда.

 

Яғни, қаладағы әуежай, халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоғамдық орындарда сала мамандары кезекшілік тәртіппен нысанға келушілерді қабылдауда. Денсаулығы күмән тудырған азаматтарды жедел жәрдем арқылы патрульдік полиция қызметінің автоэкипаждарымен бірге медициналық емдеу мекемесіне жеткізуде.

Мұндай тексеру жұмыстары қала сыртындағы жол қақпаларында қойылған 12 блок бекеттерде де жүзеге асуда. Қала сыртындағы блок бекеттер Ақжар, Жылан бұзған, Абдулабат, Өтеміс шапырашты, Қызылсу, Мәртөбе, Сиқым ауылы (А-2 айналма жолы), Бозарық айналма жолы, Қайнарбұлақ саяжайы, Бадам айналма жолы, Көкбұлақ, Бадам көпірі маңы бойында орналасқан.

Шымкентте қауіпті алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар осымен шектелмейді. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада COVID-19 вирусының таралына жол бермеу үшін елімізде адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық орындардың жұмысына уақытша шектеулер қойылған. Бұл шектеулер Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына да тікелей қатысы бар.

Аталған шектеулерге сәйкес, Шымкентте ірі сауда нысандарының жұмыс уақыты сағат күндізгі 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін реттелді. Ал киім-кешек базарлары сағат күндізгі 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қысқартылды. Қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін шегерілді. Және ол жерге келушілердің саны бір уақытта 50 адамнан аспауы тиістігі міндеттелді.

Бірақ сананы нарық билеген мына заманда адамдар табыс көзі немесе басқа да жағдайлар үшін жоғарыда қойылған шектеулерді орындамаған жағдайда қандай жауапкершілікке тартылады?

Шымкент қалалық полиция департаменті елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған бұл шектеулерге мұрын шүйіре қарағандарға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша (төтенше жағдай режимін бұзу) 10 АЕК айыппұл салу немесе 15 тәулікке қамау түрінде жаза көзделетінін ескертеді. Билік өкілдері заң талаптарына бағынбағаны үшін тәртіп бұзушыларға ҚР ҚК 379-бабы бойынша 2000 АЕК көлемінде айыппұл немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайтынын шегелейді.

Өз кезегінде құқық қорғау органы өкілдері қолға алынған шаралардың басты мақсаты – еліміздің әр азаматының қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау болып табылатынын мәлімдейді. Өз кезегінде олар індетпен күресу қатаң тәртіпті сақтауды талап ететінін баса айтады.

Жоғарыда айтып өткен шектеулердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қалалық Полиция департаментінің жеке құрамы қызмет етудің күшейтілген режиміне көшірілді. Соған сәйкес тәртіп қызметкерлері қаладағы 161 тойханада, 801 қоғамдық тамақтану нысанында, 29 базар және 23 ірі сауда орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тексеруде. Сонымен қатар олар, ерекше маңызға ие мемлекеттік нысандар мен мекемелерді тәулік бойы күзетуде.

Індетті алдын алу бойынша ең басты шаралардың бірі – тазалықты сақтау. Мамандар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы коронавирустан қорғанудың ең басты жолы – қолды жиі жуу екенін айтуда. Адамдардың жеке бас тазалығымен қатар қоғамдық орындардағы санитарлық талаптардың сақталуы да қауіпті індеттен қорғанудың негізгі ережесі. Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Қазыбек» әмбебап базарына, «Шаһан-2», «Сайман» және «Hyper house» сауда орталықтарына барып, аталған нысандардың санитарлық тазалығын тексерді.

Қазіргі таңда үшінші мегаполисте арнайы құрылған жұмыс тобы базарлар, сауда орталықтары, дүкендер, әуежай, теміржол мен автовокзалдарда зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.

 

Коронавирус індеті Қазақстанда тіркелген уақыттан бастап Шымкентте медициналық бетперде мен антисептик өнімдер өндірісінің көлемі ұлғайды. Себебі сол бағыттағы зауыттардың өніміне жергілікті жерден бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау және т.б облыстардан сұраныс артқан.

Осы аптада Шымкенттегі «НПО ASEM» зауыты елордаға 3 тонна антисептик өнімін жолдады. Зауыт басшылығы бұл өнімді елорда тұрғындарына көмек ретінде жөнелтті. «НПО ASEM» зауытында қазіргі таңда 30 жұмысшы екі ауысымда еңбек етуде. Өндіріс орны тәулігіне 6 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Егер сұраныс көлемі қазіргіден де арта түссе, өндіріс орны өнім көлемін тәулігіне 10 тоннаға дейін жеткізетін болады. Бұл үшін қосымша резервте тұрған тағы 10 адам жұмысқа тартылатын болады.

Бұған дейін «НПО ASEM» зауыты бір тәулікте 1,5 тоннаға дейін тазарту сұйықтықтарын шығаратын. Кәсіпорын директоры Мұхит Асановтың мәлімдеуінше, зауытқа шикізат Бельгиядан, Ресейден тасымалдануда. Өнімдері сапасы жағынан елімізде көш бастап тұр. Бағасы қолжетімді.

Шымкенттен елордаға көмек ретінде антисептик өнімдермен қатар 50 мың дана маска жіберілді.

 

Ағымдағы жылдың 17-наурызында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр жергілікті жердегі кәсіпорынлар мен тігін цехтарында медициналық бетперде тігіле бастағанын, олар бірер күнде дәріханаларға саудаға шығатынын, соған орай тұрғындар маскадан тапшылық көрмейтінін мәлімдеген болатын. Өкінішке орай билік өкілінің бұл уәделі мәлімдемесі толықтай жүзеге асты десек артық болады. Жергілікті кәсіпорындар медициналық бетперде тігуді қолға алғанмен, қаланың кез келген дәріханасында маска таба қоюыңыз екіталай. Оған коронавируспен күрес бойынша елімізде және қалада атқарылып жатқан жұмыстар мен гуманитарлық көмектерге қатысты шараларға адамдардың желіде қалдырып жатқан пікірлері дәлел бола алады.

Қазіргі таңда Шымкентте бір тәулікте коронавирустан қорғанудың негізгі құралы болып табылатын 500 мың медициналық бетперде тігілуде. Бұл туралы ақпарат өткен аптада жергілікті ақпарат сайттары мен желіде жарыса жазылды. Онда көрсетілген деректерге сүйенсек, «Гауһар» тігін фабрикасы бір күнде 100 мың, «KazTexindustre» ЖШС 20 мың, «KAZPLAST» ЖШС 10 мың, «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» базасындағы щағын цех 60 мың және шағын цехтарды ұйымдастыру арқылы 300 мың дана бетперде тігуде екен. Бұл Шымкенттегі барлық дәріханалардағы медициналық бетперде тапшылығының орнын толтырып жатқан жоқ сыңайлы. Қазіргі таңда Шымкентте 700-ден астам дәріхана бар. Бірақ олардың барлығында медициналық бетпердені таба қоюыңыз қиын. Өз кезегінде бұл тұрғындардың наразылығын тудырып жатқаны белгілі.

Осыған орай, жергілікті билік медициналық бетперделерді қандай дәріханалардан алуға болатыны туралы ақпаратпен бөліскен. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өздерінің фейсбук парақшасында жариялаған бұл мәлімдемесінде қала тұрғындары бетперде алуға болатын «Первый супермаркет здоровья» (Зерде) дәріханаларының мекен-жай тізімін ұсынған. Олар:

  1. Түркістан көшесі №9, Қонаев даңғылының қиылысы;
  2. 16-шы шағын аудан, Шаяхметов көшесі №37 («Фосфорник» мәдениет үйі жанында);
  3. 11-ші шағын аудан, Ш.Уәлиханов көшесі №188, («Доня» дүкеніне қарсы бетте);
  4. А.Байтұрсынов көшесі №19, (Желтоқсан көшесінің қиылысы);
  5. Темірлан тас жолы №154 ғимарат;
  6. А. Асқаров көшесі №9, (Республика даңғылының қиылысы, қалалық емханаға қарсы бетте).