Маңызды

Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус тіркелмеді. Бірақ Қазақстанға коронавирустың келу тәуекелі жоғары. Мұндай мәлімдемені кеше еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Айтқан жерден аулақ әрине.

Министр елде «Соvid-19» вирусы тіркелетін болса, тиісті ем-домдарды жасауға барлық шаралар дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Ведомства басшысы жылдам таралып жатқан инфекциялық ауру туралы қандай ақпараттарға ермеу керектігіне де тоқталды. Бұл туралы ол «Ауруды жұқтырғандардың барлығы өледі деу дұрыс емес. Оған сенбеңіздер. Індеттен көз жұмғандардың саны 100 адамның ішінде 3 пайызы ғана. Қаза болғандардың көпшілігі созылмалы сырқаттары бар егде жастағылар. Балаларымыз ауырып көз жұмады дегенге де сенбеңіздер. Ол шындыққа жанаспайды. Үрей шақыратын, қорқатын дәнеңе жоқ. Бұл кәдімгі инфекциялық ауру. «Соvid-19»-дан бөлек бізде өзге де қызылша, тырысқақ сынды инфекциялық аурулар келеді. Сол кезде еліміздің санитарлық қызметі тарапынан нақты шаралар қабылданып, қауіптің беті сейіледі. Оған біздегі санитарлық қызметтің мүмкіншілігі жетеді.  Санитарлық дәрігер айтқан кеңестерді қолдау керек»,- деді.

Кешегі жағдай бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 82500-ден асқан. Көз жұмғандар саны 2810, аурудан жазылғандар 33243 адамға жеткен. Коронавирус инфекциясы Қытайдан бөлек, әлемнің 50-ге жуық елінде 3500-ден астам адамда анықталып отыр.

Осы аптада Қытай ғалымдарының коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарғаны жария етілді. Ғалымдар вакцина жаппай сатылымға түспес бұрын, оны ұзақ және мұқият сынақтан өткізу керектігін алға тартады.

Депутаттың баласына қатысты шығарылған сот үкімі қоғамда қызу талқыға түсті

Апта басында Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының «елге 403 млн теңге шығын келтірді» деп айыпталған Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры Асылжан Жамалбековтың үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты шығарған үкімі қоғам арасында да, интернет кеңістігінде де қызу талқыға түсті.

Сот оған 4,5 млн. теңге айыппұл салып, үш жыл мемлекеттік қызметтен шектеді. Сот экс-шенеуніктің бұл ісін «абайсызда жасаған» деп пайымдап, оның бұл әрекетін аса ауыр қылмыс емес деп келтіреді.

Сот шешім шығарарда оның кінәсін мойындағаны, үш баласы барын ескерген. Соттың мұндай «төрелігі» желі қолданушыларының күлкісін тудырады. Кейбір желі қолданушылар «Сонда заң жай адамға бөлек, бай адамға бөлек болғаны ма?!» деп таңданады. Апта бойына қызу талқыға түскен бұл қылмыстық істің «қызығы» осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді.

Нақтырақ айтқанда, Асылжан Жамалбеков 2016 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі жұмыспен қамту орталығының директоры болып тағайындалады. Бұл оның сол кезде аталған орталыққа екінші рет директор болып тағайындалуы еді. Былайғы жұрт үшін атқарып жүрген қызметімен емес, Түркістан облыстық мәслихатының (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы) депутаты Шәріпбек Жамалбековтың ұлы ретінде танылып үлгерген Асылжан Жамалбековтың директорлық дәуірі 2017 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Дәл осы аралықта оның басқаруындағы орталықтағы бірқатар мамандар жалған құжаттар мен мәлімдемелер негізінде өздерінің сыбайласы арқылы белгілі бір кәсіпкерлік субъектілерінің есеп шоттарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша бюджеттен бөлінген қаржылардың аударылып отыруын қамтамасыз еткен. Жұмыспен қамтудағы бұл жымысқы тірлік сонау 2012 жылдан 2017 жылдың 30-сәуіріне дейінгі аралықта жүйелі жалғасып келген. Яғни, осындай тәсілмен барлығы 403 166 181 теңге көлеміндегі қазына қаржысы талан-таражға түскен. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» емес пе?! Арада біраз уақыт өтсе де, шындық сыртқа шығып, қылмыстық іс қозғалады.

Ақпарат көздері бұл іске экс-шенеуніктен бөлек, 14 адамның қатысы бар екенін, олардың барлығы да қамауда отырғанын хабарлаған. Олардың арасында полиция мен орталық қызметкерлері де бар. Ал Асылжан Жамалбеков ше?

Өз кезегінде Асылжан Жамалбеков 2017 жылдың қараша айында осы жағдайға байланысты қозғалған қылмыстық істерден жасырыну үшін қашып, ізін суытады. Көп ұзамай Шымкент Абай аудандық соты Асылжан Жамалбековке халықаралық іздеу жарияланғаны туралы шешім қабылданғанын ресми түрде мәлімдейді. Бұл 2018 жылдың қаңтар айы еді. Сол кезде мұндайды күтпеген біраз жұрт бұл істің соңы немен аяқталатынын білгісі келіп асыққан еді.

Арада тұп-тура екі жылдан аса уақыт өткеннен соң «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтты деп күдіктелген азамат айыппұл төлеумен ғана шектеліп отыр.

Естеріңізде болса жыл басында құзырлы орған халықаралық іздеуде жүрген Асылжан Жамалбековтың полицияға өзі келіп, кінәсін мойындағаны туралы ақпаратты таратып, ол БАҚ-та жарыса жазылған еді. Бүгінде оның полиция органдарына келіп, кінәсін мойындауы 2019 жылдың шілде айында болғаны айтылып жатыр. Бұл ақпараттың осы күнге дейін бүкпеленіп келгендігі туралы сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.

Асылжан Жамалбековке халықаралық іздеу жарияланған кезде ол алаяқтық жасады, ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырып, басшылық етті деген күдікке ілінген. Алайда жыл басында сот санкциясымен үйде қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданған Асылжан Жамалбековке тағылған айып ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі «абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық» бойынша сараланды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

 А. САТЫБАЛДЫ.

Мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибе жинаған, талай басшылық лауазымдарды абыройлы атқарған Алмасбек Мамытбеков Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өкімімен тағайындалған тәжірибелі кадр қала активіне дүйсенбіде таныстырылды. Ол бұған дейін Түркістан облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы болған.

Алмасбек Кеңесбекұлы 1969 жылы туған. Білімі жоғары. Мамандығы бойынша география-биология пәндерінің оқытушысы, экономика және бизнес маманы.

Еңбек жолын 1994 жылы «Қазақстан» жастар орталығының менеджері болып бастаған. 1994-2005 жылдар аралығында Шымкент қаласының бірқатар басқармаларында бас маман, бөлім бастығы қызметтерін ойдағыдай атқарған. Одан соң Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы, «Nur Otan» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған.

2016-2017 жылдары ОҚО, Ордабасы ауданының әкімі ретінде халықтың сенімін арқалаған. 2017 жылдан бастап Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы — Түркістан облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметтерін абыроймен атқарған.

Өзін идеология саласы бойынша тәжірибесі толысқан маман ретінде көрсете алған Алмасбек Мамытбеков енді Шымкент қаласы әкімдігінің білім, мәдениет және ішкі саясат салаларының қарбалас жұмысын қадағалайтын болады. Бұл ретте Алмасбек Кеңесбекұлының алар асуы мол болады деп сенім артып, алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!

«Уақыт».

Рашид МЫҢБАЕВ,

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:

 

Шымкент – ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы. Осыған орай биыл қала төрінде көптеген іс-шаралар легі жоспарланып отыр. «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылу рәсімі 20-наурызда бастау алады. Қаладағы «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өтетін бұл шарада мыңнан астам өнерпаздар қатысады. Олардың 800-і Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан болса, қалғаны ТМД елдерінен келген қатысушылар болады. Өз кезегінде өнерпаздар 16 мыңнан астам қалың көрерменнің қошеметіне бөленеді деп жоспарлануда.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев мәлімдеді.

Өз кезегінде ол «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» аясында өткізілетін мәдени шараларды таныстыра отырып, олардың маңызы зор, ауқымы кең екенін алға тартты.

Басқарма басшысы айтқан деректерге сүйенсек, «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылу рәсімінен соң, дәлірегі 20-22 наурыз аралығында ипподромда ТМД елдерінің ауада жүзу спорты командаларының қатысуымен Әуе шарларының «Ашық аспан» ІІІ-халықаралық фестивалі өтеді. Бұл шара мегаполис тұрғындары мен меймандарына керемет көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз.

Сәуір айында ТМД елдерінің «Жібек жолы» қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады. «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты суретшілер плэнері де осы айға жоспарланған. Қылқалам шеберлерінің табиғат аясында кенеп бетіне түсірген туындылары Шымкент мәдениетінің мәртебеленуіне ықпал етері анық. ТМД елдерінің фотосуретшілері көрмесі де сәуірде өткізіледі. «Ұлттар достығы» атты цирк қойылымдарының өтуі балалар мен жасөспірімдер үшін қызықты сәттерге толы ұмытылмас естеліктер сыйлайды. Ауқымды шаралар қатарына Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ТМД елдерінің театр фестивалі, «Алтын сақа» анимациялық фильмдер фестивалі, «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығының фестивалі, халықаралық ақындар айтысы өтеді. Содан соң халықаралық күлкі фестивалі және т.б көптеген қызықты  шаралар өткізіледі.

Сондай-ақ, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Алтын Орданың 750, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойлары мен Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар және тағы басқа іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Шымкент – 2200 жыл» кітабының тұсаукесері, Ескі қалашықтағы Цитадельдің салтанатты ашылуы өтеді. Басқарма басшысы туристер мен қала тұрғындарының қызығушылығын туғызатын Цитадельдің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын, және оның ашылу рәсімі 19-маусым Қала күніне жоспарланып отырғанын жеткізді.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Шымкентте Қазақстандағы ең алып кітаптың тұсаукесері өтті. «Абайдың қара сөздері» атты туынды ұлы ойшыл, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жарық көрді. Салмағы 27 келі болатын алып кітапты Шымкенттегі №1 кешкі мектеп пен №167/3 түзету мекемесі бірлесіп дайындады. Барлығы 24 беттен тұратын кітаптың көлемі 122 х 90 см.

Кітаптың тұсаукесерінде кешкі мектептің ұстаздар қауымы жиналғандарға ақынның өлеңдерін жатқа айтып берді. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының сөзіне жазылған әннен шашу шашты. Мектеп директоры Исақ Асанов алып кітап алдағы аптада Алматы қаласына, Қазақстан рекордтар кітабына тіркеуге жіберілетінін айтты.

Содан соң ол Абайдың туған өлкесіне қарай жол тартатын болады.

«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында өтетін халықаралық шаралардың салтанатты ашылуы алдағы наурыз мейрамы қарсаңында өтетіні белгілі. Жуырда осы бағытта үшінші мегаполис төрінде халықаралық 34 шараның өтетіні жалпақ жұртқа жария етілді. Осыған орай Шымкентке жан- жақтан қонақтар келетіні белгілі. Бұл ретте заңсыз жарнамалық маңдайшалар мен хабарландыруларды жоюдың маңызы зор. Себебі көзге қораш көрінетін ондай жосықсыз жарнамалар қаланың келбетін қашыратыны сөзсіз.

Жуырда Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында осы мәселеге баса мән берілді.

Шымкентті аралай қалсаң фонарлы бағаналар, аялдамалар, шағын сәулет нысандары мен ғимарат қабырғаларынан түрлі мағынадағы хабарландырулар мен жарнамалар жазылған қағаздардан көз сүрінеді. Ондағы ақпараттардың қаншалықты шынайы екені бір бөлек тақырып. Ал сол жарнама қағаздарын жабыстырып жүрген азаматтардың көпшілігі зейнеткерлер мен студенттер. Олар бұл ісінің заңсыз екенін білмейді. Тіпті дүңгіршектерді жалға алған азаматтарда сондай хабарландыруларды орналастыруға жол беру заңға қайшы екенінен хабарсыз. Заң негізінде жауап беруші мен салық төлеуші тап өзі екені белгілі. Енді оған қалай тосауыл қою керек?

Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев ортаға осындай мәселе тастады.

Сонымен қатар ол, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 605 — бабына сәйкес базардағы әрбір шағын кәсіп иесі өз дүңгіршегіне жарнама орналастыруға рұқсат беретін болса, айына кем дегенде 300 мың теңге дейін салық төлеуі тиіс екенін айтты. Өкінішке орай қазіргі таңда мұндай бағыттағы жарнамалардан қала қазынасына ешқандай түсім түспеген екен.

Басқосуға келген тиісті сала мамандары дүңгіршектерді жалға алып, содан нәпақа тауып отырған адамдар оның қасбетінің жарнама тақтасына айналып кетуі заңсыз екенін білмейтінін жақсы түсінетінін, осы ретте түсіндіру шаралары жүргізіліп, оның қайталануына жол бермеуі назарға алынатынын айтты.

Қаланы заңсыз жарнамалармен артық хабарландырулардан тазарту ісіне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғана емес, еріктілер де атсалысты. Атап айтқанда, Еңбекші ауданында 50 ерікті жас заңсыз жарнамаларға өз қарсылықтарын сөзбен емес, нақты іспен көрсету үшін бірқатар көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізді.

Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Жас Отан» жастар қанаты еріктілері Елшібек батыр және Орынбай ақын көшелеріндегі шарбақтар, бағаналар мен аялдамаларға жөн-жосықсыз жабыстырылған заңсыз жарнамалардың көзін жойды.

Осыған ұқсас игі іс Қаратау ауданында да өткізілді. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шарада заңсыз ілінген жарнамаларға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Мақсат – қала көркін ретке келтіру. Нәтижесінде аудан аумағында орналасқан 150-ге жуық заңсыз жарнама анықталып, жойылды.

Аудан әкімдігінің өкілдері мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын алға тартты.

«Меніңше, орын алып отырған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы. Адамдардан тығылмай мән-жайды анықтап, жауапкершілікті мойынға алу керек. Бізде халыққа шығып, бұл сұрақтарға жауап беруден қорықпайтын, проблемаларды шешетін әкімдер де, министрлер де бар. …Адамдарға жақын болу керек. Партияның қоғамдық қабылдаулары жұмыс істеуі тиіс».

 Былтыр Нұр-Сұлтанда өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген болатын.

Жасыратыны жоқ бұл тақырып қазіргі таңда да өзектілігін жойып отырған жоқ. Бүгінде ел тірлігіне араласып жүрген көптеген азаматтар көпшілік алдында өзін еркін ұстап, мәселені бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беруден бұқпантайлайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкентте «Nur Otan» партиясы Саяси менеджмент мектебінің семинар тренингі басталды.

Тренинг «Саяси коммуникациялар» тақырыбында өтті. Екі күнге жалғасқан семинарға бастауыш партия ұйымы жетекшілері, белсенді мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облысынан да жалпы 100-ге жуық адам жиналған.

Жиынның мақсаты – көпшіліктің алдында дұрыс сөйлеу, партиялық бағдарламаларды жеткізу бойынша әдіс, тәжірибелерін дамыту болып табылады. Саяси менеджмент мектебінің директоры Шыңғыс Нұрланұлы бұл бағыттағы жиын осымен шектеліп қалмайтынын алға тартты. Оның айтуынша жыл аяғына дейін 1700 белсенді азаматты оқыту жоспарланған екен.

Семинар тренингтің өтуі «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Шымкентке жасаған сапарымен тұспа-тұс келді. Осыған орай Бауыржан Байбекте дәріс тыңдаушылармен кездесті. Өз кезегінде Бауыржан Қыдырғалиұлы «Бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің дәріс тыңдауына барлық жағдайды жасадық. Білім алу, бірлесе тәжірибе алмасудың берері мол. Біз адамдардың санасын дамытуға жұмыс істеуіміз керек. Халықпен дұрыс диалог орнатуға мән берейік. Ең басты мақсат – қарапайым азаматтардың сенімі», – деді.

Шымкент халқының 97,8 пайызы МӘМС қатысушысы болып табылады. Дей тұрғанмен ағымдағы жылдың 1-сәуіріне дейін кез келген пациенттің мәртебесі шартты түрде сақтандырылған. Сондықтан да медицина мамандары қандай жағдай болмасын, науқастардан бас тартпауы тиіс. Қазіргі таңда қалада тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін мекемелер әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олардың 32-сі мемлекеттік, 72-сі жекеменшік болып табылады.

Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша өңірлік штабтың отырысында айтылды. МӘМС жүйесін ойдағыдай жүзеге асырудың жай-күйі талқыланған жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, қалалық әкімдік басқармаларының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр жүргізді. Өз кезегінде ол халық денсаулығы үшін аса маңызды МӘМС жүйесі туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу қажеттігін қадап айтты.

Осы жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа жүйе туралы ақпараттардың халыққа қолжетімді болуы үшін әрбір медициналық мекемеде арнайы тіркеу орындары мен анықтама бұрышы бар. Басқосуда сөз алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қалалық филиалының халықты ақпараттандыру, арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Биден  кез келген тұрғын МӘМС жүйесі бойынша өзінің қандай мәртебеге ие екені туралы ақпаратты біле алатындығын айтты. Ол үшін азамат тиісті мәліметтерді ХҚКО немесе кез келген медициналық мекемеге барып өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы ала алады.

Сонымен қатар қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлемдер қабылдау үшін 38 терминал орнатылғанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде қала тұрғындары төлемді медициналық ұйымдардың өзінде жасай алады. Бұл тұрғындар үшін тиімді.

Жалпы азаматтарға сапалы қызмет көрсету мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-да арнайы Call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Егер де мамандар дұрыс қарамай жатса, немесе ұзын-сонар кезекке тап болсаңыз 1406 шұғыл сымтетігіне хабарласып, шағым түсірсеңіз болады. Осы күнге дейін аталған орталыққа Шымкент қаласынан 45 шағым түскен. Онда айтылған мәселелердің барлығы дер кезінде қаралып, оң шешімін тапқан.

Биыл «Достастықтың мәдени астанасы» бағдарламасы шеңберінде Шымкентте бірнеше жиындар өтеді. Осыған орай қалаға шетелдік қонақтар келетіні белгілі. Өзге елдерден келген туристерге қаламызда жақсы ауан қалыптасыру үшін олармен еріктілер тікелей жұмыс жасайтын болады.

 

Жан жақтан келген шетелдік қонақтармен байланыс орнатып, оларға қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету үшін еріктілер арнайы даярлықтан өтеді. Осы мақсатта «Қазақстан волонтерлар лигасы» қоғамдық қоры мен Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы арасында ынтымақтастық меморандумы түзілді.

Соның негізінде қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан еріктілер анықталып, олармен қызметіне байланысты жұмыс жүргізілетін болады.

Арнайы даярлаудан 300-ге жуық ерікті өтеді деп жоспарланып отыр. Олар қаламызға келетін қонақтарды күту және бағыттаушы әрі көмек көрсетуші ретінде қызмет көрсетпек. Еріктілерге арнайы үлгідегі киімдер таратылып олардың жол жүру ақысы мен тамақтануы қарастырылады.

Биыл «Еріктілер жылы» болып жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен берілген мұндай мәртебеге Шымкент еріктілері әрдайым лайық болуды көздейді. Осы мақсатта олар жыл басынан бері түрлі бағыттағы шараларға өзіндік қолтаңба қалдырып келеді. Айталық, жыл басында Шымкенттің ерікті жастары атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша құжат тапсыруға келген азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде елеулі еңбек етті. Өз кезегінде олар жұмыспен қамту орталықтары мен аудандық әкімдіктер жанынан ашылған құжат қабылдайтын орындарда келгендердің кезегін реттеп, тұрғындарға берілетін көмек жайын түсіндіруде көп қолғабыс танытқан-тын.

С. НҰРАЙ.

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ:

 

Шырайлы Шымкент шаһары үшінші мегаполис мәртебесін алысымен халықаралық іс-шараларға белсене араласа бастады. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан 2200 жылдық тарихы бар ежелгі қала 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Енді шетелден келген қонаққа Қазақ елінің меймандостығын, мәдениетін, тұрмыс-салтын, дәстүрін жақсы қырынан көрсету қажет. Осы арқылы миллионнан астам тұрғыны бар қаланы халықаралық ірі туристік маршруттарға қосқан ләзім. Таяуда тұрғындарға берген жылдық есебінде шаһар басшысы Мұрат ӘЙТЕНОВ бұл тұрғыда қаланың жоспары айқын, мақсаты биік екенін жеткізді. Қала әкімімен әңгімемізде аталған тақырыпты тарқата түстік.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, биылғы жыл – шымкенттіктер үшін ерекше жыл. Өйткені Шымкент шаһары 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Шын мәнінде, бұған қуанып жатқандар аз емес. Осы атаулы жылға байланысты үшінші мегаполисте қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ? Алғашқы сауалды осыдан бастасақ.

– Ең алдымен Шымкент қаласының тұрғындарын осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Шымкент – ұлтымыздың ұйытқысы, құт қонған киелі мекен! Шымкенттің ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін иеленуі сүйікті қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізеді деген сенімдемін. Мән-маңызы зор бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне барша шымкенттіктер жұмыла кірісіп, атсалысуы қажет. Шымкентте «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай 34 іс-шара бекітілді. Ресми ашылуын 22 наурызға жоспарлап отырмыз. Ашылу салтанаты Шымкенттегі 18 мың адам сыятын Орталық стадионда өтпек. Бұдан бөлек, осы мерейлі шарамен орайластырып, қаламызда шоқтығы биік ірі шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, ғұлама ойшыл әрі ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ғылыми конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ТМД ЖОО-ның форумы, ТМД елдерінің опера және симфониялық оркестрлерінің фестивальдары, «Душа Евразий» фестивалі, шаттыққа толы түрлі гала-концерттер мерекенің ажарын арттыра түспек. Ұлы Жібек жолы дәстүрі қолөнер шеберлерінің көрмесі, ТМД елдері ұлттар циркінің өнерлері де көптің көңілінен шығады деген ойдамыз. Шымқаланың шырайына шырай қосатын басқа да іс-шараларды тамашалайтын боламыз. Қысқасы, Шымкенттің бүгінгі келбетін, тұрғындарының ыстық ықыласын ТМД елдеріне жан-жақты паш етсек дейміз.

 

– Мерекелік шараларға дайындық барысы қалай?

– Әрине қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Барлық іс-шараларға үлкен-кіші демей жауапкершілікпен қараймыз, ол үшін арнайы штаб құрдық. Бұл штабқа қала әкімі ретінде жетекшілік жасаймын. Оған әр саладан мамандарды тартып, дайындығымызды пысықтап, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Қаланың көрнекі жерлерін аралап шықтым. Қазір мерекеге әзірлік негізінде бес бағыт бойынша жоспар жасадық. Бірінші кезекте, құрылысы жүріп жатқан нысандардың сыртқы келбеті, шаһардың күндізгі және түнгі шырайы, қала тазалығы, міне, осы мәселелер бойынша тиянақты бақылау жүргіздік. Аты айтып тұрғандай, мәдени астана болған соң, біз өз мәдениетімізді барлық салада ұялмайтындай етіп көрсетуіміз керек. Екінші кезекте, туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берудеміз. Шымкент – бұрыннан туристерге тартымды шаһар, қаламызда зәулім қонақүйлер, дәмханалар бар, дендросаябақ, зообақ, тағы басқа көрікті орындар жетерлік. Олар Шымкенттің шынайы мақтанышы, қалаға келген қонақтарға да ерекше жылы шуақ, естен кетпес әдемі әсер сыйлайтыны рас. Дегенмен, мұның бәрі бірлесіп жұмыс істемеген. Яғни әрқайсысы өз қазанында қайнап, өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ендігі мақсатымыз – осы туристік маршруттарды біріктіріп, жүйелеп, бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал ету.

Қаланың көрікті орындарын көрсететін арнайы туристік маршрут ашуды да жоспарлап отырмыз. Ол маршруттардың арақашықтығы 30 минуттан болады.

 

– Турист демекші, қалаға келген қонақтардың қауіпсіздігі өте маңызды. Бұл ретте туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қандай шаралар қолға алынуда?

– Шымкент – заманауи мегаполис ретінде күннен-күнге гүлденіп, еліміздің абыройын, мемлекетіміздің келбетін асқақтатып келеді. Бұл ретте, ең бастысы, қала қауіпсіздігі – басты назарымызда. Қазіргі таңда Шымкентте алғаш рет туристік полиция бөлімі құрылып жатыр. Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті конкурс жариялап, мамандарды іріктеп алуда. Сосын қаламызда көлік көп, автотұрақтар мәселесі туындамас үшін Полиция департаментімен бірлесіп, әр ғимараттың алдында кезекшілік қоямыз. Өздеріңіз білесіздер, қаладағы полицейлердің қызметтік көліктері де жаңаруда, «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай, жақында шымкенттік тәртіп сақшыларына 100 арнайы көлік берілген еді. Ендігі ретте полицейлер де тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барынша қырағылық танытатын болады. Тағы бір айтқым келгені, Наурыз мерекесінде еліміздің тұрғындары 4-5 күн демалатыны белгілі. Шымкентте бұл күндері жер бусанып, күн жайнап-жарқырап тұрады. Наурыз алаңында арнайы этноауыл бой көтереді. Онда қазақтың салт-дәстүрі, халқымыздың терең тарихы таныстырылады. Бұған жергілікті кәсіпкерлер де үлкен қолдау көрсетеміз деп отыр. Ипподром алаңқайында да түрлі мерекелік шаралар, жыл сайын өтетін дәстүрлі «Ашық аспан» фестивалі болады. Осы демалыс күндеріндегі мерекеге тек Шымкент төңірегі ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар көптеп келеді деп ойлаймыз. Қазір біз авиатасымалдаушы компанияларға Наурыздағы мереке күндеріне қосымша рейстерді ашуға ұсыныс жасадық.

 

– Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы таяуда Шымкенттің 2200 жылдық тарихын ресми түрде бекітті. Осы орайда миллионды қала тұрғындары Шымкенттің көне бөлігі – «Ескі қалашықтағы» Цитадельдің құрылыс жұ-мыстары, соның төңірегіндегі тұрғын үйлердің болашағы жөнінде білгісі келеді. Осы туралы тарқатып айта кетсеңіз…

– Шымкент қаласы Қазақстанның көне қалаларының бірі екені ресми нақтыланып, қаланың 2200 жылдық тарихы бекітілді. ЮНЕСКО бұл датаны биыл өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді. Мұндай шешім былтыр Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында қабылданды. Әрине «Ескі қалашықта» шаһардың өткенін айқындап, терең тарихына бойлайтын тарихи жәдігерлер аз емес. Қазір онда құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде ол жер қызу құрылыс алаңына айналған. Сөз жоқ, ғасырлар тоғысқан Цитадель қаланың негізгі туристік нысандарының бірі болмақ. Онда амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады. Жоспар бойынша Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары осы жылы аяқталады. Цитадельдің маңайындағы ескі үйлерге келсек, оларды дәл қазір бұзып тастаймыз деп айта алмаймын. Қаланың бас жоспары бойынша әлі де өзгерістер болады, содан соң жаңа тұрғын үйлер салу жайын талқыламақ ниеттеміз.

 

– «Театр киім ілгіштен басталады» деген ежелгі сөз бар. Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болған соң келетін қонақтарды күтіп алу мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Яғни туристердің көңілінен шығатындай жайлылық, қызмет сапасы, қонақтарды тасымалдау, оларды алып жүретін азаматтардың шет тілін білуі секілді мәселелер де жоқ емес. Осы бағытта қосымша жұмыстар атқарыла ма?

– Таяуда Шымкент қаласының Ассамблея мүшелерімен кездестім. Өзіңіз айтқандай, олармен кездесуде театр тақырыбында келелі әңгіме өрбіттік, сахналық киімдерін жаңалау жайы да назардан тыс қалмады. Алдағы Наурыз мерекесіне дейін сахналық киімдерді толық қамтамасыз ететін боламыз. Биыл әлем туристерінің назары Шымкентке ауады десем, артық айтқандық емес. Қызмет сапасы деп жатырсыз ғой, осы жылы Шымкентке сыйымдылығы үлкен 500 автобус сатып алу жоспарымызда бар. Алдағы мамыр айында қаланың көрікті орындарын аралайтын арнайы туристік маршрут ашпақпыз. Қазір қоғамдық көліктердегі кондукторлардың киімі де бірыңғай етіп дайындалуда, олардың галстуктеріне дейін ерекше дизайнмен жасалмақ. Кондукторлардың мәдениетіне де бейжай қарамаймыз. Олардың ағылшын тілін меңгеруі бойынша арнайы семинар өткізбекпіз. Жалпы, қаладағы ірі іс-шараларға шет тілін жетік білетін волонтерлерді тарту да жоспарымызда бар.

 

– Мұрат Дүйсенбекұлы, осынау іс-шаралар әкімдіктің ғана атқаратын жұмысы емес, меніңше. Бұған қала тұрғындары да атсалысуы қажет деп ойлаймын. Бұл ретте шымкенттіктерге айтарыңыз бар ма?

– Дұрыс айтасыз, бұл – бәріміздің бірлігімізді, елдігімізді көрсететін шара. Шымкентті көпшілік қонақжай қала, тұрғындары еңбекқор әрі жайдары көңілді деп бағалап жатады. Оған ешкім қарсы дау айтпас. Дегенмен, осындай айтулы шара кезінде барлық салада да үлгі боларлық істерімізді көрсетейік. Мәдениеттілік тек концерт қоюмен ғана шектеледі десек, қателесеміз. Осы орайда қала тазалығына әрбір тұрғын жауапты болуы қажет. Жоғары мәдениеттілік тазалықтан басталады. Алда қаланы абаттандыру ісіне ерекше мән береміз, тазалық шараларын жиі ұйымдастырамыз. Сондай-ақ миллион тұрғыны бар қалаға миллион көшет отырғызу жобасын қолға алмақпыз. Бұл қоршаған ортаға, сүйікті қаламызға деген қамқорлық пен мәдениетімізді жоғарылата түседі деп ойлаймын. Барша шымкенттіктерге айтарым, үлкен жауапкершілікті сезініп, мәдени астана жылын абыроймен өткізуге хал-қадерімізше үлес қосайық дегім келеді.

Нұршат ТӨКЕН. egemen.kz.