Маңызды

Ал, ДСҰ халықаралық төтенше жағдай жариялауға асығар емес

Күн сайын коронавирустың таралу аумағы кеңейе түсуде. Коронавирустан 170 адам қаза тапты. Вирустан қаза тапқандардың дені – Қытайдағы Хубэй провинциясының тұрғындары. Мұнда 60 миллион адам тұрады. Қазір бұл аймақ карантинге жабылған. Бұл туралы Орталық Азия Жаңалықтары хабарлайды.

Коронавирустың 2019-nCoV үлгісіндегі жаңа түрі Қытайдың барлық провинциясына таралды. Жұқпалы індет Тибетке де жеткен. Вирусты жұқтырғандар мен одан қаза болғандар саны туралы ақпарат сәт сайын өзгеруде. Осы жылдың 30-қаңтарындағы мәлімет бойынша Қытайда 7711 адам вирус жұқтырған. Шамамен 82 мың адам вирустың осы түрі бойынша тексеруден өткізілуде.
Қазіргі таңда өзге елдерде де коронавируспен тіркелгендердің қатары артуда.
Мәселен, Тайвань, Гонконг және Макаода да тағы 25 адам осы кеселге шалдыққан. Басқа елдерде 75 адамнан коронавирус табылған. Вирус Финляндияда да тіркелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл Қытай үшін төтенше жағдай екенін алға тартты. Бірақ аталған ұйым халықаралық төтенше жағдай жариялауға асығар емес. Соған қарамастан көптеген елдер сақтық шараларын барынша қамдап отыр.
Вирус алғаш рет өткен жылы желтоқсан айында Ухань қаласындағы хайуанаттар базарында тіркелген болатын.

А. САТЫБАЛДЫ.

Қанатбек ДОСАЛИЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент  қаласындағы филиалының төрағасы:

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге екені белгілі. Жуырда Picodi.com компаниясы бұл қаржының 60 пайызы бірінші кезектегі азық-түлік өнімдеріне әзер жететінін айтып дабыл қаққан болатын. Және олар бұл тұжырымын дәйекті дәлелдермен келтірген-тін.

Сарапшылардың бұл мәселеге деген алаңы орынды. Себебі, ең төменгі жалақының жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалса, қазақстандықтар өзге де шығындар үшін қаржыны қайдан алады? Өзге де шығындар дегенде ең алдымен коммуналдық төлемдер ойға оралады.
Қазіргі таңда Қазақстанда ай сайынғы коммуналдық төлемдер ең төменгі жалақының 50 пайызын құрайды. Бұл тұтынушылар қалтасына ауыр тиеді. Өркениетті елдерде адамдардың коммуналдық қызметтер үшін төлейтін қаржысы жалақыларының 10-12 пайызынан аспайды. Ал бізде тариф бағасы аспандап барады. Егер халықты газ, су, жарықпен қамтитын мекемелер мемлекет меншігіне берілмесе тариф бағасының өсуі тоқтамайды. Өйткені, табиғи монополия субьектілерінің әрдайым көздейтін мүддесі – бағаны көтеру болып табылады.
Қоғам белсендісі Ержан Қалдыбаев «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында осылай деді.
Шымкенттегі М. Өтебаев атындағы Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде өткен бұл жиында тариф мәселесі талқыланды. Оған журналистер, блогерлер мен белсенділер қатысты. Жиынға арнайы шақыртылған осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен табиғи монополия субъектілері өкілдері келмегенін де айта кетейік. Тек Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат және дін істер басқармасының жауапты қызметкері мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы қатысты.
Жиынды «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласындағы филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев жүргізіп отырды. Ол коммуналдық тарифтер үшін төлемдердің қымбаттауы халықтың қашаннан бері мазасын алып келе жатқан мәселеге айналғанын ашып айтты.

Өз сөзінде ол:
– Қазіргі таңда түбіртекте жылу тарифі үшін көрсетілген төлемді осыдан үш жыл бұрынғы уақытпен салыстырсаңыз жаға ұстайсыз. Баға 200 пайызға қымбаттаған. Коммуналдық төлемдер үшін бағаның жыл сайын қымбаттауы дәстүрге айналып кеткендей. Былтыр заңды тұлғалар көгілдір отынның бір текше метрі үшін 32 теңгенің төңірегінде төлем жасады. Осы жылдың басында бұл тариф 35 теңгеге дейін көтерілген. Өткен жылы суық судың бағасы бір текше метрі үшін 84 теңге болған. Биыл ол 88 теңгеге өскен. Егер бұл «үрдіс» әрі қарай жалғаса беретін болса, халықтың өмір сүруі қиындай түседі,-деді.
Бірақ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Әбілқасымұлы жиында айтылған уәждерге келіспейтін сыңайлы. Себебі ол, өткен жылдың қаңтар айынан бастап коммуналдық қызметтер үшін төлемдер 2018 жылмен салыстырғанда айтарлықтай арзандағанын атап өтті. Яғни ол, былтыр 1-қаңтардан бастап, Шымкентте тұрғындар үшін жылу бағасы 142,31 теңгеден 110,78 теңгеге, су 97,97 теңгеден 88,17 теңгеге (бір текше метрі үшін), көгілдір отын 34,47 теңгеден 32,47 теңгеге (бір текше метрі үшін), электр жарығы 15,72 теңгеден 14,64 (1 киловатт үшін) теңгеге дейін төмендегенін атап өтті.
Департамент басшысы Дархан Қайыңбердиевтің бұл мәлімдемесі жиналғандардың наразылығын баса алмады. Керісінше олар оған елімізде коммуналдық қызметтер үшін белгіленген бағалар бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұрғанын айтып, монополистермен күресті күшейту керек екенін айтты. Департамент басшысы бұл жөнінде айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Оның бұл сөзі нақты іске айнала ма? Әлде шығарыпсалма жауап күйінде қала ма? Оған уақыт төреші.
Екі сағатқа созылған жиынды қорытындылау кезінде Қ. Досалиев «Ауыл» партиясы бұл мәселені өз шешімін таппағанша ұдайы көтеретінін айтты.

Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Бұл туралы 31 арнаға «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС өкілдері мәлімдеген. Аталған мекеме мамандары қазақстандықтардың несие алу көрсеткіші жыл сайын артып келе жатқанын айтады. Яғни, өткен жылы ел тұрғындары рәсімдеген несие көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 38 пайызға көбейген.

Былтыр 580 мың адам өмірінде алғаш рет несие рәсімдеген. Тұрғындар өсімпұлмен алған несиенің орташа көлемі 229 мың теңгеге тең екен.
Өз кезегінде «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева Қазақстанның жалпы кредиттік портфелі 25 трлн. теңгеге тең екенін алға тартады. Және де ол, несие портфелінің 17 трлн. 600 млрд теңгесін бизнес кредиттер құраса, 7 трлн 400 млрд. теңгесі бөлшек кредиттер үлесінде екенін жеткізеді. Сондай-ақ ол, өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі өсім осы бөлшек кредиттердің атап айтқанда кепілзатсыз тұтынушылық кредиттер пен ипотекалық берешектердің көбеюімен байланысты болғанын атап өтеді. Былтыр бөлшек несиедегі жалпы қарыздар көлемі 800 млрд. теңгеге жуықтаған.
Айтпақшы, осы жылдан бастап елімізде алғаш рет ломбардтар мен онлайн қарыз берумен айналысатын ұйымдар «Бірінші кредиттік бюроға» ақпарат беруге міндеттеліп отыр.

Анарбек ОРМАН,
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы:

Шымкентте инженерлік инфрақұрылым бойынша жүргізілген құбырлардың санитарлық қорғау аумағы құбырлардың диаметріне қарай 6 метрден 20 метрге дейінгі аралықта болуы қажет. Бұл талап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен шегеленген. Себебі ол құбырлардың қысымы жоғары болады. Айтқан жерден аулақ, егер де олар жарылатын болса, жанындағы үйлерді жайпап тастайды. Ал адамдарға тиетін залалын айтудың өзі қорқынышты.

«Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-нің мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелде аталған серіктестіктің Бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман осылай деді.
Шымкент қаласы әкімдігі, Прокуратура органы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Экология департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Шымкент филиалы, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мен «Nur Otan», «Ақ жол» партиясының өкілдері шақыртылған жиынның мақсаты – қайғылы жағдайлар мен апатты алдын алу болып табылады.
Өз сөзінде Анарбек Оңғарұлы қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізбес алдын жобалық-сметалық құжаттар жасалатыны сол кезде нысанның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінен қанша метр қашықтықта болуы заңмен реттелгенін, бірақ ол талаптар көп жағдайда сақтала бермейтінін айта келе, «Біз осы бойынша заңбұзушылықтар жөнінде көптеген мемлекеттік органдарға жүйелі түрде хат жазып келеміз. Бірақ олар өз деңгейінде нақты шаралар көріп жатыр деп айта алмаймыз. Көптеген мәселелер қордаланып тұр»,-деді.
Шымкенттіктерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС өз тарапынан су және кәріз жүйесінің санитарлық қорғау аймағына түскен құрылыс нысандарын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде қалада 1667 нысанның су және кәріз жүйесінің санитарлық қорғау аймағының бойында тұрғаны анықталған. Бұл туралы А. Оңғарұлы:
– Бір қызығы ол нысан иелерінің барлығының қолында жерді пайдалану актілері бар. Меншік құқын растайтын мұндай құжаттардың қалай берілгені бізге түсініксіз. Ол үйлердің барлығы да санитарлық қорғау аймағында орналасқанын жергілікті әкімдік, жер қатынастары, сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әу баста жақсы білген. Сөйте тұра заңбұзушылыққа барады. Егер бейбіт заманда апат болса, оған кім жауап береді?,-деді. Бұл мәселе дөңгелек үстелге қатысқан атқарушы орган өкілдеріне бағытталып айтылғанмен, сұрақ басы ашық күйінде қала берді.
Төраға су және кәріз құбырларымен қатар, қаладағы жылу, газ құбырлары, электр сымдарының санитарлық қорғау аймағының үстінен іргетасы құйылып, қабырғасы өрілген үйлер жетерлік екенін жеткізе келе, «дөңгелек үстелді ұйымдастыру арқылы Сіздерді сол санитарлық қорғау аймағында тиісті талаптардың сақталуын реттеп, қауіпті алдын алуға шақырамын. Осы бойынша біз тиісті органдарға хат жолдаймыз. Соның негізіне санитарлық қорғау аймағындағы құрылыс нысандары үшін берілген құжаттардың заңды күшін жоюға ықпал ету қажеттігін айтқым келеді» деді.
Жиында айтылған заңбұзушылықтар бойынша тиісті мәліметтердің барлығын қалалық прокуратура өкіліне берілді. Соған орай қадағалушы орган алдағы уақытта құрылыс кезінде санитарлық-қорғау аймақтарының шекараларын бұзу фактілері бойынша жұмыс жүргізетін болады.

С. ИБРАГИМОВА.

Апта басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жиын өткізді. Оған қала әкімдігінің аппараты, салалық басқармалар мен тиісті сала басшылары қатысты. Бұл жиында қала әкімі алдағы уақытта орындалуы тиіс міндеттерді шегелеп, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлеңкелі экономикамен күресуді және қолма-қол ақшалай есеп айырысу көлемін қысқарту бойынша тапсырмасын өте тиянақты орындау айтылды. Қаладағы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың барлығына талдау жүргізіп, оның сапалы толтырылуы мен тиімді басқарылуын, тауар өндірушілердің өнімдерін жақын және алыс өңірлер мен елдерге экспортқа шығару көлемін ұлғайту мәселесі белгіленді.
Бұдан бөлек, Мұрат Дүйсенбекұлы мемлекет басшысының қымбат автокөлік пен жиһаздарды сатып алуға, әртүрлі форумдарды, семинарларды және конференцияларды өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялағанына байланысты осы жылға бекітілген бюджетке талдау жүргізіп, тиісті өзгертулерді енгізуді пысықтады.
Сонымен қатар, инвестициялық жобалар бойынша жол картасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай қызмет көрсету терезесін ашуды, мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды және бір көзден сатып алу үлесін қысқартуды ескертті.
Қоғамдық көлік мәселесін де дер кезінде шешу тапсырылды.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, масылдыққа жол бермеуді бақылауды назарда ұстауды атап өтті.
Қала әкімі барлық мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камераларын орнатуды және барлық оқу орындары ғимараттарының ішінде дәретхана орналастыру жұмыстарын осы жылдың 1-қыркүйегіне дейін толық орындау қажеттігін қадап айтты.
Денсаулық сақтау саласына осы жылдың 1-сәуіріне дейін қала тұрғындарын міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандырумен 100 пайыз қамтылуына қол жеткізуді жүктеді.
Сондай-ақ ол, тұрғындарды сапалы интернет желісімен қамтамасыз етуді және цифрландыру жұмыстарын жандандыруды да атап өтті.
Мәжіліс соңында Мұрат Дүйсенбекұлы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша барлық сала басшыларына тұрғындармен тығыз жұмыс істеуді баса айтты.
Осы жиыннан соң Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орынбасарлары мен басқарма басшыларын жинап, автобуспен қаланы аралады.
Ол ең алдымен «Шымкент Сити» шағын ауданындағы мектеп құрылысының барысымен танысты. Одан әрі орталық ипподромдағы «Этноауыл» құрылысы жобасын тамашалады. Бұдан соң «Тассай» индустриалды аймағындағы «Asia Trafo» ЖШС жұмысын көрді. Шымкент қалалық №2 көпсалалы ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар, «Қажымұқан» атындағы орталық стадионның ТМД елдерінің мәдени астанасы аясында өтетін іс-шараларға дайындығын пысықтады.
Аралау соңында Мұрат Әйтенов тиісті сала басшыларына ең алдымен жұмыс сапасының жоғары болуын қатаң тапсырды.

Былтыр Шымкенттегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 326 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 47 391-і азаматтарға жүргізуші куәлігін рәсімдеу қызметі болып табылады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек Исабеков мәлімдеді.

Сала мамандары жүргізуші куәлігін беру барысында адами фактор толығымен алынып тасталғанын алға тартады. Яғни, жүргізуші куәлігін алғысы келген азамат компьютерде тест тапсырып, теориялық сынақтан тиісті балл жинаса, жүйе автодромдағы практикалық емтиханнан өтуге мүмкіндік береді. Емтиханнан сәтті өткен соң, тест пен емтиханның нәтижелері бойынша барлық ақпарат жүргізуші куәлігін дайындауға жіберіледі.
Айта кетейік, Шымкентте 11 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде мамандандырылған 3 ХҚКО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар.
Қазіргі уақытта «Достық» шағынауданы мен Қ. Төлеметов көшесіндегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтар өз автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады. Бұған қоса тәжірибелік емтихан тапсыруға болады. Сондай-ақ, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өту мүмкіндігі қаралған. Күн сайын бұл орталықтарда 200-ге жуық азаматқа жүргізуші куәлігі беріліп, шамамен 1000-нан астам көлік құралы есепке алынады.
Отандастарымыз мұндай мемлекеттік қызметтерді ешқайда бармай-ақ, онлайн тәртіппен де ала алады.
Мысалы, бірқатар мемлекеттік қызмет түрлері «Электронды үкімет» порталында қарастырылған. Соған сәйкес, Egov.kz порталын қолданушылар жүргізуші куәлігін онлайн негізде ауыстырып, автокөлігін қайта тіркей алады.
Дәл осындай жүйемен жыл басынан бері 4 мыңнан астам автокөлік онлайн тәртіппен тіркеліп, 7 761 азаматқа жүргізуші куәлігі берілген.

Биыл «Еріктілер жылы» екені белгілі. Осыған орай Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы жанынан жасақталған еріктілер ұйымының бастамасымен «Жанға жылу» қайырымдылық акциясы бастау алды.

Акция аясында еріктілер көмекке мұқтаж 50 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді. Онда тұрмыста көп тұтынылатын ұн, қант, ақ май, макарон, шай, түрлі тәттілер бар. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешектер берілді.
Игі іске кәсіпкерлер, ерікті жастар, қалалық жастар мәслихатының мүшелері мен танымал өнер жұлдыздары атсалысты.
Еріктілер ұйымы мұндай қайырымдылық акциясын алдағы уақытта тұрақты түрде өткізуге бел буып отыр. Және де олар акцияға қатысуға ниетті азаматтарды көрсетілген телефон нөміріне (8777 346 77 30, 8700 954 29 97) қоңырау шалуға шақырады.

Осы аптада Ұлттық банк 200 (екі жүз) теңгелік монеталарды айналымға шығарды. 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік монеталардың дизайны Қазақстан Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №804 жарлығында бекітілген Ұлттық валюта — Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалған.
Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін 2020 деген жазу бар. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған «200» деген жазу бар.
Монетаның төменгі бөлігінде — тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін TEŃGE деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін QUB аббревиатурасы бар.
Айналымға шыққан 200 (екі жүз) теңгелік монетаның салмағы 7,5 граммды құрайды. Диаметрі: сыртқы сақинасы — 26 миллиметр, ішкі дискі — 18,3 миллиметр. Қалыңдығы — 1,90 миллиметр.
Айта кетейік, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады.

Президенттік жастар кадрлық резерві жеңімпаздарының бірқатары осы аптада лауазымды қызметке тағайындалды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың өкімімен Компаниец Сергей Евгеньевич кәсіпкерлік және индустриалды-иновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол 1986 жылы туылған. Білімі жоғары. Еңбек жолында ол ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпараттық-тестілеу орталығы» мемлекеттік мекемесінде жүйелік инженері, орталық директорының орынбасары, содан кейін директоры болып қызмет атқарған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесі «Алмас» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, «Учет Онлайн» ЖШС жобаларды басқару жөніндегі директоры және Шымкент қаласы әкімінің аппаратында ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Бұдан бөлек, «Shymkent» ӘКК төрағасының орынбасары болған.
Бұдан бөлек, Президенттік жастар кадрлық резервіне енген Олжас Шынтаев аталған басқарма басшысының орынбасары болып бекітілді. Олжас Шынтаев 1990 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры-есеп және аудит. Орыс, ағылшын, қытай тілдерін меңгерген. Еңбек жолында «Ортон» ЖШС-нің менеджері, ОҚО туризм индустирясын дамыту орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ОҚО индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының бөлім басшысы, «Ontustik tourism center» КМК директоры, Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы, «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Қазақстанда 8,7 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бірақ олардың барлығы зейнетақы жинағының жүйесімен толық қамтылмаған. Мәселен, жұмыспен қамтылғандардың ішінде жылына бір рет болсын зейнетақы жинағы аударылатындардың саны – 6,5 млн. адамды құрайды.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.
Сонымен қатар ол елімізде 100 мыңға жуық кәсіпорынның міндетті зейнетақы жарнасы бойынша қарызы 2,7 млрд. теңгеге жеткенін айтты. Бірақ бұл үшін кәсіпорындар бас қатырмайды екен. Себебі олардың зейнетақы жүйесі бойынша қарызы болғанмен, салықтан қарызы жоқ мекеме ретінде жұмыстарын жүргізіп келеді. Осыған орай министр жұмыс берушінің төлем бойынша жауапкершілігін арттыру шараларын күшейтуді ұсынды.