Маңызды

Еңбекқор халқы бар сансыз баптар мекені Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Бірлігі мен тірлігі жарасқан аудан тұрғындары тынымсыз еңбекпенен ертеңінің еңселі болуына негіз қалауда. Соңғы жылдары аудан экономикасына тартылған инвестиция шағын және орта бизнес саласына тың серпіліс беруде. Жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Жобасы заман талабына сай әзірленген әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүруде.

Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 122,6 млрд. теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 14,2 млрд. теңгеге немесе 13,1 пайызға артық. Ауданда жан басына шаққандағы өнім көлемі 575,0 мың теңгені құрады. Өндірілген өнімдердің 47,1 пайызы ауыл шаруашылық өнім көлемін құрайды. Бұл негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің 23,3% құрайды. Жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 147,7 млрд. теңгеге жеткізу межесі тұр.
Өнеркәсіп саласы аудан экономикасына серпін беретін негізгі салалардың бірі. Осы бағытта есепті кезеңде 17,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіп өндірісі бойынша ауданымыздың үлесі облыс көлемінде 4,7% құрап, V орынға тұрақтады.
Аудан көлемінде «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» жалпы инвестиция көлемі 12,2 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба енген. Оның ішінде 3,4 млрд. теңгелік 6 инвестициялық жоба атап айтқанда, «Қайып ата», «Керемет сапа», ЖК «Рахманкулов», «Белла Мебель», «Бірлік-4», «АК-СУ», «Нұрым Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобалары іске қосылып, өнім өндіруде. Ал, құрама жем шығаратын «ЖК Абдукадиров» «Құрама жем шығаратын зауыт» жобасын ағымдағы жылдың қараша айында іске асыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда ауданымыздағы ірі кәсіпорындар қатарына сұйық газ сақтайтын кешен ретінде «Gas Standart System», ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех «Южанка-5», сүт өнімдерін өңдейтін «Даут» серіктестіктерін қосуға болады. Сонымен қатар өндіріс жұмысшыларына арналған арнайы формалар, әскери киімдер мен төсек орын жабдықтарын тігетін «АХБК», сусындарға арналған пластикалық ыдыстар шығаратын «Артезия» серіктестіктері өнімді еңбек етіп келеді.
Шағын және орта кәсіпкерлік аудан экономикасының дамуына зор үлесін қосуда. Бүгінде аудан халқының 10,0%, яғни, 23,4 мың адам осы салада ырыздығын табуда. Ал, белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 16237-ге жетіп, өткен жылғыдан 10,6%-ға өскен. Нәтижесінде, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 48,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 8,6%жеткен. Жыл басынан бері 356 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 800-ден астам жұмыс орны ашылған.
Ауданда қарқынды дамыған ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 57,8 млрд. теңгегенің өнімі өндіріліп, өсім 3,6 пайызды құраған. 2018 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 55,7 млрд теңге болған. Оның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша 30,1 млрд. теңгенің өнімі, егін шаруашылығы саласы бойынша 27,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Осы бағытта ауданның облыстағы үлесі 12,9% құрады. Салаға ағымдағы жылдың 9 айында 5,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал, 2019 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 72,4 млрд. теңгеге, өсімін 14,0% жеткізу жоспарланған.
Аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 41-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Құтарыс ауыл округі «Қызылжар» ауылы тұрғындары құдық суын тұтынса, 4 ауылға тіршілік нәрі шекті көлемде берілуде. Осы 4 елді мекенді ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Манкент елді мекенінің екінші бөлігін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен былтырғы жылы 971,5 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2019 жылға 454,6 млн. теңге қарастырылған, нысан 12.06.2019 жылғы №37 мемлекеттік қабылдау актісімен пайдалануға қабылданған.
Қарабұлақ елді мекенінің ауыз су жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін су резервуары және су ұңғылары орналасқан жер телімдеріне мемлекеттік акті алынуда.
Нұржанқорған, Қожақорған елді мекендерінің жер асты су қорына зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Құдық суын пайдаланып отырған «Қызылжар» елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу мақсатында ауыз су жүйелері құрылысына 2019 жылға аудандық бюджеттен 143,6 млн. теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталған.
Сонымен қатар, осы жылы 7 елді мекеннің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 25,8 млн. теңге бөлінген.
Жалпы, аудан бойынша сумен жабдықтауға және су жүйелерін дамытуға барлығы 598,2 млн. теңге бағытталған.
Ауданда 42 елді мекеннің 19-ы немесе 45,2% табиғи газбен қамтылған. Даму концепциясына сәйкес 2018-2021 жылдар аралығында 23 елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп, 100%-ға жеткізу жоспарланған. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде 2018 жылы облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңгеге 12 елді мекенге газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілді
Көлкент ауыл округіндегі Шапырашты және Теспе елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстарына аудандық бюджеттен 55,1 млн. теңге бөлінген.
Биыл көгілдір отын келмеген Қарабұлақ, Ақарыс, Оймауыт, Көлкент, Береке елді мекендеріне газ құбырын тарту құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті қаржы қаралып отыр.
Жалпы газ тасымалдау жүйесін дамытуға аудандық бюджеттен 73,5 млн. теңге бағытталған.
Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің бірінші бастамасы аясында аудан халқының баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін аудан бюджетінен 15,0 млн. теңгеге Қарасу ауылдық округі аумағынан 300 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаты дайындалып, ол республикалық бюджетке ұсынылды.
Ауданда жол жөндеу, көріктендіру, абаттандыру, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларында алға жылжу бар.
Бүгінде ауданда 30 мәдениет ошағы халыққа қызмет етіп келеді. 2019 жылдың 9 айында жоспарланған 125 мәдени іс-шара өз деңгейінде өткізілді. Республикалық, облыстық байқаулардан аудан таланттары жүлделі орындарға ие болуда.
Ауданда қолға алынған игі істердің біреуі – мұражай құрылысы. Бұл жобаны қолға алудағы мақсатымыз – тарихы тереңде жатқан құнды жәдігерлерді, тарихтан сыр шертетін түрлі бұйымдарды бір жерге шоғырландыру. 2018 жылы Ақсукент ауылында аталған мұражайдың құрылысына 34,5, 2019 жылы нысанды аяқтауға 14,9 млн. теңге қаралды. Бүгінгі таңда нысан пайдалануға қабылданған.
Ауданда 368 спорт нысаны тіркелген. Сондай-ақ, 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дене шынықтыру саласын дамытуға жұмыс жасауда. Аудан халқының 30,5%-ы немесе 64866 адам спортпен шұғылданады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі 250 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 34321 адам қатысқан.
Биыл Қарасу ауылында спорт кешені құрылысының жобалық сметалық құжатын әзірлеуге бюджеттен 4,0 млн. теңге қаралды.
Ауданда тіркелген 4 аймақтық партиялар жүйесінің филиалдары, 26 үкіметтік емес ұйым, 8 ұлттық этно-мәдени орталықтардың және 111 діни бірлестіктердің өкілдері жұмыс істейді. Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің, кереғар діни ағымдар мен секталар іс-әрекетінің алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері 28,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есеге көп. Тартылған инвестицияның 29,0%-ы мемлекеттік, 53,7%-ы меншікті, 17,3 %-ы басқа қаражат көзі болып табылады. Облыс көлемінде ауданымыздың үлесі 11,4% немесе 2 орында. Ал, 2019 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 29,1 млрд. теңгеге, өсімін 1,4 есеге жеткізу жоспарланған.
Егін шаруашылығында биыл 53 мың га егістік жерге (2018 жылы – 52288 га) ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, 16463 га жерге күзгі бидай, 3563 га жерге арпа, 7740 га жерге мақсары, 3138 га жерге картоп егілді. Жалпы жоспарланған дақылдар толық егілді.
Жұмыс істеп тұрған жылыжайлар көлемі 35,7 га құрап, саны 125 бірлікті құрайды. Жылыжай шаруашылығында жаңадан 10 гектар өндірістік жылыжайды іске қосу жоспарлануда. Жоба Қарамұрт ауыл округінде шетелдік инвестиция есебінен түтіні түзу шығып жатқан «Ecoinvest S.A» ЖШС тарапынан жүзеге асады. Жобаға сәйкес жылыжай құрылысына 29 гектар жер телімі рәсімделіп берілген, техникалық шарттар толық алынған. Жобаның құны 7,5 млрд. теңге.Бүгінде қажетті жабдықтар толығымен жеткізіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Жылыжай 2020 жылы іске қосылады.
Сонымен қатар, аудан көлемінде ағымдағы жылға жоспарланған 125 гектар қарқынды баудың 32 гектары (25,6 %) егілді, негізгі бөлігі Қайнарбұлақ ауыл округінде «Dala Fruit.kz» ЖШС есебінен егіледі.
Ауданда үй іргелік қосалқы шаруашылықтар есебінен 100 гектар жерге жүзім отырғызылды.
Мал шаруашылығында 22,0 мың тонна ет, 95,0 мың тонна сүт, 12,0 млн. дана жұмыртқа өндірілген, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім бар.
2019 жылға 200 тонна қой етін экспорттау жоспарланса, 9 айда 1065,8 тонна ет сыртқы нарыққа шығарылған. Ірі қара мал етін экспорттау бойынша жылдық тапсырма 4300 тонна болса, 9 айда орындалғаны 3731,1 тонна болған.
Жыл басынан бері 56 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау орны, 31 жанұялық сүт ауласы ашылған. Жалпы 989 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 40-42 мың мал бордақылануда.
Сайрам ауданы бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1205,3 шақырымды құраса, оның 43,8%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Осы жылы 67,0 шақырымды құрайтын 67 көшені орташа жөндеуден өткізуге 810,8 млн. теңге қарастырылды. Оның ішінде облыстық бюджеттен бөлінген 123,7 млн. теңгеге 3 ауылдық округтегі 9,6 шақырымды құрайтын 11 көшеге, аудандық бюджеттен қаралған 686,8 млн. теңгеге 6 ауылдық округтегі 57,4 шақырымды құрайтын 56 көшеге орташа жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен бағдаршамдарды күтіп ұстау жұмыстарына аудандық бюджет есебінен 29,8 млн. теңге қаржы қарастырылған.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандағы білім беру мекемелеріне 2018-2019 жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныпқа оқушы қабылдау автоматтандырылған тәртіппен іске асыру қолға алынды. Нәтижесінде 2019-2020 жаңа оқу жылы қарсаңында 5829 оқушы mektep.sitcen.kz сайты арқылы бірінші сыныпқа электронды түрде қабылданды. Jumys.sitcen.kz жүйесі іске қосылғаннан бастап 258 адам жұмысқа орналасты. Электронды журнал іске асыру мақсатында аудандағы барлық 74 мектеп kundelik.kz сайтына қосылған.
Бұл салаға 2019 жылы барлығы 24,5 млрд. теңге қарастырылған.
Оның ішінде аудандық бюджеттен 257,3 млн. теңге 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарына, 32,9 млн. теңге 5 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бағытталды .
Сонымен қатар, биыл 8 білім беру нысанының құрылысына барлығы 3,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,8 млрд. теңге 2 мектеп құрылысына, 1,9 млрд. теңге 6 мектеп құрылысы мен 1 мектеп құрылысын қоса қаржыландыруға,
17,9 млн. теңгеге 4 мектеп құрылысының жобалық сметалық құжатын әзірлеуге қарастырылған. Биыл Ақбай ауылындағы №28 Ақбай ЖОМ пайдалануға тапсырылса, қалған 7 мектеп құрылысы келесі жылға өтпелі.
Аудан бойынша 12 мемлекеттік, 3 мектеп жанындағы шағын орталық және 84 жекеменшік барлығы 99 балабақша жұмыс істейді. Онда 14529 бала тәрбиеленуде, яғни қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен.
Бұдан бөлек, 2019 жылы аудан көлемінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы Манкент ауылынан 280, Қарасу ауылынан 280 орындық барлығы 560 орындық екі балабақша пайдалануға беріліп қызмет жасауда.
Бүгінде ауданның өзекті мәселесі – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту. Бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тиісті органдардың ақпараттық жүйелері біріктірілуіне байланысты, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тұрмыстық жағдайы туралы мәліметтер ауылдық округтерде «Е-халық» ақпараттық жүйесіне енгізілуде. Көпбалалы және аз қамтыған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуға осы жылға 4,5 млрд. теңге қарастырылса, бүгінге дейін соның 3,9 млрд. теңгесі төленді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен осы мақсатқа 921,0 млн. теңге қосымша бөлініп отыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2019 жылы 6305 адамды жұмыспен қамтудың белсенді іс шараларына тарту жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айында бағдарламаға 4431 адам тартылған. Бағдарламаның І-ші бағыты еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 385 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда 185 азамат оқуға жолданды.
Бағдарламаның ІІ-ші бағытында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 129 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 119 адам 448,4 млн. теңге шағын несие алды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асырған 100 кәсіпкерге 47,4 млн. теңге гранттар берілді.
Бағдарламаның ІІІ-ші бағыты аясында «Жастар практикасына» 721 азамат, 325 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 350 адам қоғамдық жұмыстарға жолданса, 1799 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталуына байланысты 2479 жасты жұмыспен қамтудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тарту жоспарлануда. Бағдарламаның белсенді іс-шараларына 5473 адам жүгінсе, оның ішінде 2541-і жұмыссыз жастар. Осы жастардың ішінен бүгінгі таңға 1891 адам бағдарламаға қатысты.
Ауданымыздағы барлық 11 ауылдық округтің кіреберіс шекараларына қақпалар орнатылып, елді мекендердің төлқұжаты жазылды. Аудан орталығы Ақсукентке де орталықтың дерегі жазылған заманға сай арка қойылды. Ел мерейін өсіру үшін ерекше еңбек пен табандылық әрқашан әр азаматқа серік болуы тиіс.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмысқа жұмыла кіріскенде ғана алынбайтын асу болмайды.
Сайрам ауданының халқы межелі мақсаттарды межелейді. Бұл ретте аудан әкімі Бақтияр Мамаевтың іскерлігін, халықпен жұмыс жүргізе алатын қырының да ықпалы зор екенін айта кеткен абзал. Жергілікті жердегі тіршіліктің сан саласында оң динамиканың байқалуы соның жарқын мысалы. Алдағы уақытта да аудан экономикасын дамытуда өндірісті, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдықтар беру жалғасын таба беретін болады.

Аудан бойынша
тамшылатып суғару әдісі 555,2 га
жерге ендірілген.
Жыл басынан
154,2 га
жерге тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, жылдық
жоспар 102,8% орындалған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Әуелде Мырғалымсай деген атаумен құрылған Кентау қаласы тарихының жас ұрпаққа тағылым берер тұстары көп. Сондықтан да оның тарих қойнауына енген жылнамасы кітап беттерінде көрініс табуы тиіс.

Осындай игі мақсатпен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары кітап жазып, оны жарыққа шығарды. Жуырда сол тың туындылардың тұсауы кесілді. Онда кеншілер қаласының қалыптасуы мен жер асты қазба байлықтарын өндірудегі жетістіктері, жаңа қалалардың пайда болуы туралы естеліктер қамтылды. Ғалымдар кітапқа енген естеліктерді көпшіліктің аузынан жазып алған.
Қағазға түскен естеліктерді жинақтап, кітап етіп шығару жұмыстарына төрт жыл уақыт кеткен. Туындыларда тарихи сұхбаттар мен Ащысай Полиметалл комбинатында еңбек еткен азаматтардың естеліктері көрініс табады. Алдыңғы буын өкілдері кітаптың өскелең ұрпаққа берер пайдасы мол екенін, өткен тарихты білмей алға жылжуға болмайтынын алға тартуда.
«Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобада Кентау қаласы мен Ащысайдың құрылу тарихына басымдық берілген. Сондай-ақ, онда тау-кен комбинатының қалыптасқан тұстағы халықтың әлеуметтік жағдайы мен күнделікті өмірінен де мол мәліметтер келтірілген. Депортациялық жолмен көшіріліп, кейін өз Отанына қайта оралған поляк азаматтарының тарихы да қамтылған. Кітапты жарыққа шығару жұмыстары барысында ғалымдар 50-ге жуық тұрғынмен сұхбат жүргізген. Өз кезегінде бұл туындының мазмұнын ашып, құндылығын арттыра түскен.

Жетісай ауданы Ш. Ділдәбеков ауылдық округінде спорттық аяқ киім шығаратын шағын цех жұмыс істейді.

Аталмыш цех 25 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл кәсіпорын тәулігіне 1500 жұп аяқ киім шығаруға қабілетті. Жеке кәсіпкер Сәкен Шораев шығаратын спорттық аяқ киімдер жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қанағаттындырып отыр. Бұл аяқ-киімдердің бағасы 1900 – 2000 теңгенің көлемінде. Негізгі шикізатты Қытайдан алдыратын кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Өзіміздің отандық өнімдерімізді болашақта брендке айналдырсақ, шағын кәсіпорынымыздың ауқымын кеңейтіп, қуаттылығын екі есеге арттыру ойда бар. Ойымыз жүзеге асып жатса, тағыда қосымша жұмысшыларды қабылдап, халықтың тұрмысын жағдайын жақсартсақ. Жетісайдан шыққан спорттық аяқ-киімдерді алыс-жақын шет елдерге экспорттасақ деп отырмыз» дейді Сәкен Шораев
Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан аталмыш кәсіпорын бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Себебі, сапасы жоғары бағасы төмен тауар қашанда халықтың сұранысына ие.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысында «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды. Музей Үкаша ата кесенесі жанынан бой көтерген. Нысан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен іске қосылды.

Мұражай кесенеге келушілер үшін ақжолтай жаңалық болғаны сөзсіз. Себебі, қашанда адам аяғы суымайтын бұл киелі орындағы мұражай сөрелеріне құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз-әңгімелер, суреттер, Үкаша атаның шежірелері, VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар, VІІ –ХІІІ ғасырларға тән диірмен, XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмған сынды жәдігерлер қойылған. Ондағы дерек көздер мен жәдігерлер кесенеге келген қонақтарға эстетикалық әсер сыйлайды. Мұражайдағы Үкаша ата кесенесін қалпына келтіріп, айналасын абаттандырған алғашқы шырақшы Кәміл қары мен оның жәрдемшісі Атажанның суреттері де келушілерді қызықтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ онда өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптарды кездестіруге болады.
Тың ақпараттармен танысуға мүмкіндік сыйлаған мұражайдың ашылу салтанатында лентаны қию құрметіне «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Түркістан қаласының құрметті азаматы Толқын Құдайбергенұлы, Түркістан каласы Аксақалдар алқасының мүшесі Бектас Шіркбаевтар ие болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында «Сабақтастық», «Әділдік» және «Өрлеу» қағидаларын басты бағдаршам етіп ұстап, қазақстандықтардың да осы бағытта жұмыстарын үйлестіруін ұсынған болатын.

Мұны киелі тау есімімен аталатын аудан еңбеккерлері қызу құлшыныспен қарсы алды. Еселі еңбекті серік еткен аудан еңбеккерлерінің табысы да жыл санап артып келеді. Үстіміздегі жылдың аудан бюджеті 27251,0 млн. теңгені құрап, өткен 2018 жылмен салыстырғанда аудан бюджеті 60 пайызға артты.
Жалпы ішкі кірістер өткен жылдың бүгінгі мерзімімен салыстырғанда 10,6 пайызға жалпы өңірлік өнім өткен жылғы кезеңімен салыстырғанда 24,5 пайызға өскен.
Ал, жеке инвестиция көлемі 7113,5 млн. теңгеге, яғни өткен жылдың бүгінгі мерзімімен салыстырғанда 143,7 пайызға артып отыр.
Аудан көлемінде шағын және орта бизнеспен кәсіпкерлік кеңінен қанат жайып келеді. Бүгінгі таңда «Қазығұрт» индустриялық аймағы 13 гектар жер теліміне 2,6 млрд. теңгелік 7 жоба орналастырылған. 3 жоба іске асырылған, 2 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. Қалған 2 жоба келесі жылдардың еншісіне қалдырылып отыр.
Алдағы айларда іске асырылатын ауқымды жобалардың біріне тоқтала кеткенді жөн санап отырмын. Өткен 2018 жылдың қараша айында «Lotys Food Company L.L.С» ЖШС-ның ғимаратын непалдық инвесторлар сатып алған болатын. Бұл кәсіпорын басқа атаумен ауданға тіркелді. Бүгінгі таңда 1,1 млрд. теңге инвестицияға тез әзірленетін тағамдар шығаратын зауыт өндірісінің жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қажетті құрылыс жабдықтары әкелініп, орнатылуда.
Кәсіпорынның жылдық қуаты 1100 тонна тез әзірленетін 10 түрлі «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімін шығарады. Өнімдер Қазақстан аумағымен орта Азия елдеріне экспортталатын болады.
Ауданда «Майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май шығару» және алкогольсіз табиғи шырын сусындар шығару жобалары жүзеге асып, халықтың сұранысын өтеуде.
Бүгінгі таңда ауданда 18 өнеркәсіп орындары өз жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Өткен 9 айдан 5794.5 млн.. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,8 пайызды құрап, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 923,4 млн. теңгеге артық өнім өндірілді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында ауданға бөлінген қаржыныңда көлемі артып келеді. Атап айтқанда жалпы қаралған қаржы 608,8 млн..теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 547,9 млн. теңге, облыстық бюджеттен 60,9 млн. теңге.
Бұл бөлінген қаржылар мына төмендегі салаларға, яғни білім беру мекемелерін ағымдағы жөндеуге 175,2 млн.теңге, мәдениет нысандарына 32,7 млн., теңге, автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге 400,9 млн. теңге қарастырылып, бүгінгі таңда игерілу үстінде.
Білім беру саласы бойынша Қ. Сәтбаев, Т. Рысқұлов, О. Жандосов атындағы мектептер мен «Шолпан» және «Болашақ» бала бақшаларын ағымдағы жөндеуден өткізілуде.
Ал, мәдениет саласында аудандық мәдениет сарайы орталық кітапхананың ғимараты ағымдағы жөндеуден өтуде.
Автомобиль жолдары бойынша 9 көше, яғни 12,7 шақырым жол орта жөндеуден өтуде.
Шағын және орта бизнесті кеңінен дамытудың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, жұмыссыздық деңгейі де төмендеп келеді.
Әрине, кәсіпкерлердің дамуына жеңілдетілген несие керек. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен қаржы ұйымдары арқылы үстіміздегі жылдың өткен 9 айында 3451 тұлғаға 2499,5 млн. теңге несие берілді. Негізгі басым бағыты-ауыл шаруашылық саласына бағытталған.
Ауданымыз негізінен аграрлы екенін ескеріп, ауылшаруашылық саласының барлық түрін дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Өйткені бүгінгі нарық соны талап етіп отыр. Егін және мал шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді.Ауыспалы егіс жүйесін қолға алудың нәтижесінде астықтан жоғары нәтижеге қол жеткізудеміз.
Мал шаруашылығы саласында мемлекеттік бағдарламалар «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» жобасы да жүзеге асып, бұл жөнінде қабылданған көрсеткіштер артығымен орындалуда.
Соңғы жылдары қарқынды баудың көлемін арттырып, аудан көлемінде алма өсіруге баса назар аударудамыз. Ал, мал шаруашылығында ірі қара мен жылқы, қой бордақылуға малшыларымыз баса көңіл аударуда, нәтижесі жаман емес. Өйткені етке деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.
Әлеуметтік мәселелерге де көңіл аударудамыз. Осы бағытта көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан және демеушілер есебінен жан-жақты көмектер жасалуда.
Білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыруда бірқатар игілікті жұмыстар атқарылуда.
Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып келеді. Ауданда 64 елді мекен болса, оның бүгінгі таңда 42–сі сапалы ауыз сумен, 18–і тұрақты, ал қалған 26–сы кестемен берілуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бірқатар елді мекендердің су жүйелерін ретке келтіру үшін қаржы бөлініп, бүгінгі таңда игерілу үстінде.
Табиғи газ тартуда қарқынды қолға алынуда. 64 елді мекеннің бүгінгі таңға 41 елді мекен немесе 64 пайызы табиғи газға қосылған. 6 елді мекенге табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, аудан бойынша 47 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, 73 пайызды құрап отыр. Газдандыру алдағы кездердеде жалғаса береді.
Аудан көлемінде жолдарды жақсартуға назар аударудамыз. Аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізілсе, бір аудандық маңызы бар жол орта жөндеуден, елді мекендердің 28 көшесі орта жөндеуден өтті. Тағы да қосымша облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 23 көше орта жөндеуден өткізілетін болады. Құрылыс саласында да қарқын бар. Атбұлақ елді мекенінен бір қабатты 17 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 2 қабатты 10 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі тұр. Тағы да 2 қабатты 10 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Міне, қасиетті Қазығұрт ауданында жоғарыда айтып өткенімдей, игілікті істер мен орайы келген ауқымды жұмыстар кеңінен жүзеге асырылуда. Әрине, осындай еселі еңбектерімен құлшыныс таныта білген қазығұрттық еңбеккерлер өрлеу үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбіт еңбекпен тыныстап жатқан қалың жұртқа құлшыныспен еңбек етіп, елдің өрлеп дамуына үлес қосу жөніндегі ұсынысын киелі аудан еңбеккерлері қызу қолдап, нақты істерімен қол жеткен табыстарымен жауап беруде.

Осы аптада Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлепов ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады. Өз кезегінде Ғалымжан Төлеповтың бұл қызметке тағайындалғанына екі айдан енді асқанын ескерсек, жыл басынан бері бүгінде дейін тындырылған тірліктерге оның қосқан үлесі айтарлықтай сүбелі болмағанын болжау қиын емес.

Дей тұрғанмен, ауданда орындалған жұмыстардан бөлек, шешімін күтіп отырған шаруалар шаш етектен. Өзекті мәселелердің өзегін тарқатуда Ғалымжан Төлеповтың қандай нәтижеге қол жеткізетінін алдағы күннің еншісіне қалдырайық. Ал әзірге оның Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта жыл басынан бері атқарылған жұмыстары туралы мәліметін саралап көрелік.

Абайдағы 10 елді мекенде ауыз су мәселесі ақсап тұр

Абай ауданындағы бірқатар елді мекендерде ауыз су мәселесі ақсап тұр.

Мәселен, ауданда 34 елді мекен бар болса, соның 24-і немесе 76,5 пайызы сапалы ауыз сумен түгел қамтылған. Ал қалған 10 елді мекен тұрғындары жер асты суын тұтыну немесе тіршілік нәрін тасып ішуден басқа амалы қалмауда
Ғалымжан Төлепов, алдағы жылы аудандағы елді мекендердің ауыз су жүйесіне қосылу көрсеткішін 81,7 пайызға жеткізу жоспарлануда екенін айта келе: «Ақжар», «Айкөл» елді мекендеріне ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары биыл аяқталады. Ал 2020 жылы «Жаңаталап» тұрғын алабында су жүйесін тарту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, келер жылы 2 млрд. 168 млн. теңгеге «Жаңаталап», «Қызылжар», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ» тұрғын алабтарындағы 3 707 үйге ауыз су жүйесін жүргізу жоспарлануда»,-деді.
Ғалымжан Әнуарұлы бүгінде қалалық энергетика коммуналдық шаруашылық басқармасы «Ақтас», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ-2», «Батыс» елді мекендеріндегі 11 мыңнан астам тұрғын үйге ауыз су жүйесін тарту үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындап жатқанын айтты. Бұл үшін бюджеттен 86,1 млн. теңге қаралған.

«Құрсайға» сапалы жарық жететін күн жақын

Аудан аумағында бірқатар елді мекендер сапалы жарыққа жарымай отыр. Мәселен, 10 елді мекен электр қуатын жекеменшік трансформатордан тартып алған. Бұл тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық тудыруда. Себебі, жекеменшік трансформаторлар арқылы жарыққа «жарып» отырған ел-жұрт қуат көзінің әр кВт үшін 22-28 теңге төлейді. Ал әдеттегі тариф 15,72 теңге. Сонымен қатар, жекеменшік жүйесіндегі электр желілері мен бағаналар ескіргендіктен жарық жиі өшеді. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының бас ауыртар осы мәселесіне нүкте қою үшін «Құрсай», «Самал-3» шағын ауданы аумақтарындағы 7112 үйді электр жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Электромонтаж” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындауда. Нысанның аяқталу мерзімі 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Мердігерлер өз міндетін кестеге сәйкес орындаса аудандағы елді мекендердің сапалы жарықпен қамтылу көрсеткіші 88,3 % құрайтын болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 78,3 пайыз.
Қазіргі таңда жарық мәселесі жыр болған «Ақтас-2», «Солтүстік саяжай», «Батыс», «Ынтымақ-2», «Ақжар», «Айкөл», «Жаңаталап», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл» атты елді мекендердегі 14 мыңға жуық тұрғын үйге электр жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Осы деректерді алға тартқан Ғалымжан Төлепов бүгінде қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына аудандағы «Ынтымақ-2», «Солтүстік саяжай», «Ақтас» шағын аудандары мен «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Арғымақ», «Айкөл», «Ақтас», «Құрсай» елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттарды дайындау туралы ұсыныс берілген. Бұл жерлерде жалпы саны 12 мыңнан асатын үй бар. Сондай-ақ ол, осы жылы «Алтын төбе» тұрғын алабындағы 218 үйге газ құбырын тарту жұмыстары басталғанын, нысанды 2020 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты.
Жалпы аудан аумағында 34 елді мекеннен бөлек, 453 көпқабатты тұрғын үй бар.

Алдағы жылы алпысқа жуық көшені асфальттау міндеті тұр

Қазіргі таңда аудан аумағында 1025 көше бар. Оның 53,2 % асфальтталған. Бұл барлығы 581,4 шақырымды құрайды. Аудан көшелерінің 36,8 % тас жол болса, 10,0% немесе 103 көше топырақ жолдар. Биыл 25,8 шақырымды құрайтын 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жасалған. Нысандардың бірқатары келер жылға өтпелі. Соның бірі Әл-Фараби көшесінің жалғасы. Келер жылы Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір құрылысы аяқталады. Ал Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелерінің қиылысындағы жерүсті өткелінің құрылысын жыл аяғына дейін аяқтау межеленген. Абай ауданы әкімдігі келер жылы 59 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын қолға алмақ. Осы бағытта қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бюджетті нақтылау жоспарына тиісті ұсынымдар жолданған.
Осы және өзге де жұмыстарды мәлімдеген аудан әкімі әр жұмыс күні сағат 09:00 мен 10:00 аралығында тұрғындардың талабын тыңдайтынын тілге тиек етті. Өз кезегінде ол әкім мен оның орынбасарларының қабылдауында болу үшін тұрғындардың алдын ала жазылуы қажет емес екенін айтты.

Ж. АРМАНОВА.

Мегаполис мәртебесін алғаннан бастап Шымкент қарқынды даму үстінде. Осыған байланысты біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиісті жұмыс атқаруымыз керек. Бұл ретте ауыл шаруашылық саласын дамытудың маңызы зор.

Мәселен, Түркістан облысымен бірлесіп азық-түлік белдеуін құру күн тәртібінде тұрған мәселе. Одан бөлек, халықты сапалы әрі отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында қалада агро-индустриалды аймақ құру жоспарланған.
Осы аптада Шымкенттегі «Көрме» орталығында өткен «AgriTek Shymkent 2019» халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесінде қала әкімі Ерлан Қуанышұлы осылай деді.
Аталған шара биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық көрменің ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
Шарада ауыл шаруашылық саласына қажетті Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия мен Өзбекстан елдерінің 50-ден астам техникасы келушілер назарына ұсынылды. Бұдан бөлек қала тұрғындары мен қонақтарына ауыл шаруашылық саласына қажетті техника жабдықтары, қосалқы бөлшектер, өсімдіктерді қорғау құралдары, мал шаруашылығына арналған технологиялар, суару және тыңайту құрылғылары ұсынылды.
Ауқымды шарада отандық және шетелдік кәсіпорын өкілдері озық технологиялар туралы пайдалы мағлұматтар алып, іскерлік байланыстарын нығайтты.
Халықаралық көрмеде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласына қарқынды күш салып жатқанына ерекше тәнті екенін жеткізе отырып, жергілікті шаруаларды және тиісті мамандарды АҚШ-қа тәжірибе алмасуға шақырды.
Таяуда қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шымкент қолайлы логистикалық аймақ екенін, мұнда 63 мың гектар егістік жер бар екенін тілге тиек еткен болатын. Бұдан бөлек қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 136 га аумақты құрайтын агро-индустриалды аймағы құрылған. Осыған орай қалалық әкімдік аталған саланы дамытуға баса назар аударуда. Жергілікті билік ол аймаққа инженерлі инфрақұрылымды жұмыстарын жүргізуді өз есебінен орындауды қолға алған. Бұл инвесторларды тартуда аса маңызды фактордың бірі екені сөзсіз. Аталған агро индустриалды аймақты толық жүзеге асыру 2021 жылға межеленген. Ол жерге 30-ға тарта ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау, дайындау, буып-түю, қайта өңдеу кәсіпорындары мен өнеркәсіптік жылыжайларды орналастыру жоспарлануда. Соның негізінде қала әкімі тиісті жұмыстарды орындауға белсене кірісуде. Жуырда Ерлан Қуанышұлының Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ким Хынг Суды қабылдау кезінде айтқан ұсыныстары сөзімізге негіз болады. Өз кезегінде қала әкімі мәртебелі мейманды ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырған болатын.
Сонымен қатар, Қазақстан-Чехия бизнес форумында да Чехия Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачек қазақстандық әріптестеріне мал шаруашылығында сапалы генетикалық материал әзірлеуде бірнеше тиімді жобалар ұсына алатынын мәлімдеген-тін. Одан алдын қаламызға Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гикл арнайы сапармен келген. Сол кезде қала әкімі Ерлан Қуанышұлы өңірдің бизнес климатты дамытуға қолайлы аймақ екенін айта келе, Чех кәсіпкерлерін жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салуға шақырған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Эрик Майермен кездесу кезінде де осы саланың қайта өңдеу секторы бойынша жұмыс істеуге ниет танытқан инвесторлар үшін Шымкентте қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетінін жеткізген.
Тамыз айынан бастап қалада демалыс күндері Түркістан облысымен бірлескен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Бұл шара бұған дейін Шымкент облысы орталығы болған кезде жүйелі түрде ұйымдастырылатын. Шымкент мегаполис боғаннан соң ол үрдіс тоқтатылған. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлының бастамасымен бұл шара бірнеше айға созылған кідірістен соң қайта жалғасын тапқан.

Ж. АРМАНОВА.

Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Блауманн Ференц шымкенттік жастарды Венгрия мемлекетінде білім алуға шақырды. Өз кезегінде ол Венгрия жыл сайын қазақстандық жастар үшін 250 грант бөлінетінін мәлімдеді. Таяуда ол Шымкентке келіп, қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Шымкент пен Венгрия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Қала басшысы Блауманн Ференцке шаһардың инвестициялық және сауда-экономикалық әлеуеті туралы хабардар етіп, аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын айта келе, «Шымкент — Қазақстандағы жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі. Қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Шаһар ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік хабына айналады. Мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Бізде екі индустриалды аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Жұлдыз» және «Агро» индустриалды аймақтарын салуды жоспарлап отырмыз»,-деді.
Жалпы Венгрия мемлекетінде бау-бақша мен жүзім шаруашылығы ілгері кеткен. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлы осы бағытта әріптестік орнатуға ниетті екенін де айтып, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Кездесу соңында тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сөз байласты.

Ж. АРМАНОВА.

Шымкентте қыс мезгілі кезінде жолдарды қалың түскен қардан тазарту мен көктайғаққа қарсы инертті материалдар себу жұмыстарына 151 техника мен 1181 жеке құрам жұмылдырылатын болады.

Оқыс оқиғаларды алдын алатын мұндай жұмыстарға «ЛТД Тұрмыс», «Байтерек ЛБ», «Югдорсервис», «NURTAU servis» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізеді. Аталған 4 мекеме тиісті жұмыстарды 25 бағыттағы ұзындығы 2976,6 шақырымды құрайтын 225 көшеде жүргізетін болады. Қазіргі таңда ол жұмыстарға тартылатын техникалардың барлығы тізгіндеуге дайын. Инертті материалдардың қоры да жеткілікті. Қазіргі таңда қорда 19307 метр куб құм, 1738 тонна тұз бар.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерғали Бахаев мәлімдеді.
Сондай-ақ ол, қыс мезгілінде төтенше жағдай орын алған кезде құтқару жұмыстарына едел-жедел кірісетін 297 адамнан тұратын жеке құрам мен 49 техника бірлігі бар екенін айта келе: «Оның ішінде «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінен 30 техника және 200 маман, жедел-құтқару жасағынан 17 техника және 90 адам, медицина апаттары орталығының филиалынан 2 техника және 7 адам бар»,- деді.
Шымкент аумағынан өтетін республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының ұзындығы 34 шақырымға жалғасқан. Сала мамандары қыстың көзі қырауда аталған жолдарда жедел түрде медициналық көмек көрсететін 3 жол медициналық-құтқару пункті орналасқанын мәлімдеді. Құтқару пункттері жол- көлік апаттары кезінде жедел түрде құтқару жұыстарын атқаратын болады. Сонымен қатар, ауа райы нашарлаған жағдайда қалалық полиция департаментінің инспекторлары Шымкент-Алматы, Шымкент-Ташкент және Шымкент-Қызыл-орда сынды үш бағыт бойынша жол қозғалысын тоқтататын болады.
Осы деректерді алға тартқан Ерғали Бахаев мегаполисте қыс мезгілінде төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты қабылдау үшін 129 жиналу эвакуациялық пункті дайындыққа келтірілгенін хабарлады.

Ж. АРМАНОВА.

Еміренген елдің алтын діңгек, ақ босағасына айналған оңтүстіктің қыдыр дарып, құт қонған киелі өлкесінен ақ пен қараны шыға танып, ақиқатпен ауызданып өскен текті тұлғалар көптеп түлеп ұшты. Сондай текті тұлғалардың бірі Ескендірұлы Зұлқарнай еді десек артық айтқандық емес.

Ескендіров Зұлқарнай 1925 жылы дүниеге келген. Шырын тірліктің шырышты шуағын да, шырақ бұзар ылаңын да басынан көп өткерген Зұлқарнай Ескендірұлы ес біліп, етек жапқаннан-ақ іргеден жауы, белдеуден дауы арылмаған ауылдастарының басы аман, бауыры бүтін болуын ойлайтын есті азамат болып өсті. Ат жалын тартып мінер жасқа толған Зұлқарнай болашақтың білімде екенін ескеріп, орта мектепті бітірісімен мал дәрігерлік оқуға түседі. Тал қармап, тәуекел кешкен сол бір қиын-қыстау кезеңде білім алудың да өзіндік ауыртпашылықтары көп еді. Бірге оқитын талай бала қиындыққа шыдас бермей оқуларын тастап кетті. Білім алуға деген құштарлық Зұлқарнайдың төрт жылдық оқуды ойдағыдай тәмамдап, мал шаруашылығы маманы болып шығуына септігін тигізді.
Мал дәрігері мамандығын алып, «Жұлдыз» ауылында алғашқы еңбек жолын бастаған Зұлқарнай Ескендірұлы мал шаруашылығын өркендетуде өрнекті із қалдырды. Ауыл тұрғындары арасында білгір маман ретінде биік беделге ие болды. Еңбек ете жүріп, Рыскүл есімді қызбен бас қосқан Зұлқарнайдың кіндігінен төрт ұл, екі қыз дүниеге келді. Үлкені Мұқаш бүгінде ел таныған танымал тұлға. Одан кейінгі Бауыржан, Жаһан, Әміржан есімді ұлдары мен Мереке, Мәлике есімді қыздары да еңбектерімен ел құрметіне бөленген жандар.
Ықыласы-ырысты, бейімі-берекелі елдің ертеңін ойлаған Зұлқарнай Ескендірұлы Қарасу ауылындағы мал бордақылау комплексінде жемісті еңбек етіп, мемлекетімізге сапалы азық-түлік өткізуді оң жолға қойды. Әйелі Рыскүл сауыншы болып ұзақ жылдар еңбек етті.
Халқының мерейі үшін тұла бойындағы Тәңірі сыйлаған күш-қуатын ірікпей жұмсаған азаматты елі емірене «ұлым» деп ұлы жүрегінің мейіріне бөлеп жатса, ол да Зұлқарнай сынды еңбек адамына берілген орынды баға. Сонар түспеген соны шақта шыңнан түрен тартқан Зұлқарнай Ескендірұлы Қабілет-Қарымы мен жігер жалынын аямай жұмсап, жұртты ілгері бастырғаны баршаға мәлім.
Еңбек ете жүріп, балаларына білім алуды үнемі кеңес етіп отыратын Зұлқарнайдың үлкен баласы Мұқаштың есімі ақ жамбыдай жарқырап, еселі еңбегінің арқасында Елбасымыз Н. Назарбаевтың назарына ілінді. Бұл да әке тәрбиесінің арқасы, бұл да әке аманатына адалдық.
Зұлқарнай Ескендірұлының қарындасы Әсем Құндазарова бүгінде сексеннің сеңгірінде. Сыры кетсе де, сыны кетпеген кейуана ағасының аса бауырмал, ауылдастарына ақылшы аға ретінде үнемі қол ұшын беріп жүретінін, кісілік пен кішіліктің ақылы мен нақылын бойына қатар сіңірген азамат болғанын мақтанышпен еске алады. Он алты жасында Аят Құндазаров деген азаматқа тұрмысқа шығып, бір ұл, бір қыз сүйгенін, Сайрам ауданындағы «Победа» колхозында бақшада жұмысшы болып жұмыс істегенін сағынышпен еске алады. «Ұлым Әлішер мектепте музыкадан сабақ берді. Қызым жастай шетінеп кетті. Жолдасым Аят Черноводта Загодскотта қабылдаушы болып істеді» -дейді Әсем анамыз өткен өмірі жайлы толғана сыр шертіп. Сынаптай сырғып өткен уақыт- ағзаммен үндесе күн кешіп, қоғам өміріндегі елеулі серпілістер мен сілкіністерге қоян-қолтық араласқан ағасы Зұлқарнайдың тұңғыш ұлы Мұқаш Әсем ананың да мақтанышы. Бақыты баянды елдің айшықты ажарына айналған Мұқаш бауырын өркенді елдің өлшеміне балайды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған сарабдал саясат қалың қазақ жұртын, көп ұлтты Қазақстан мемлекетін әлемнің барлық елдері танитын биікке көтерді. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға бет түзеген Тәуелсіз еліміздің ұлы көшіне керуен қосқан оңтүстік өлкесінің де мерейі биік, мәртебесі асқақ. Ұлы көштің бастауында қатардағы еңбек адамы Зұлқарнай Ескендірұлы тұрса, болашағы жарқын елдің бүгінгі болмыс-бітімін Мұқаш Зұлқарнайұлы айшықтап тұр. Арман – мұраты бір арнада тоғысқан әкелі – балалы Ескендіровтердің ел ризығын ұстауға қосқан сүбелі үлестері жас ұрпаққа тағанды тәлім болмақ. Заманның дауылынан ақпаған, ел намысын жықпаған осындай мәрт мінезді тұлғаларымен еліміз ерен, жеріміз кенен, мерейіміз биік, мәртебеміз асқақ бола бермек.

Мүтәлиев Әбен Хамитұлы, «Тәуелсіз Қазақстан» газетінің редакторы.