Маңызды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені
алдына алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Осы орайда 2019 жылы Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды.

1. Егін шаруашылығы

Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылға қарағанда 13,3 мың гектарға артып, 827 мың гектарды құрады. Егістікті әртараптандыру бойынша мал азықтық дақылдар 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 201 мың гектарға жетті. Соның ішінде жүгері 2 мың (барлығы 46 мың гектар), арпа 6 мың (барлығы 44 мың гектар), сонымен бірге картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5,1 мың гектарға артып, жалпы егістік аумағы 119 мың гектарға көбейді. Есесіне бидай 3,6 мың гектарға азайып, 186,8 мың гектарға, мақта 1,5 мың гектарға қысқарып, 131 мың гектарға егілді.
Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен 77,2 мың тонна жанар-жағармай, 96 мың тонна минералды тыңайтқыштар босатылды. Соның нәтижесінде агроқұрылымдар масақты дақылдардың түсімділігін 20 центнерге жеткізіп, 462 мың тонна астық бастырды. Өткен жылмен салыстырғанда өнімділік әр гектардан 5,2 центнерге өсіп, қамбаға 125 мың тонна қызыл дән артық құйылды.
Көкөніс, картоп, бақшадан 3 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жүгері түсімділігі гектарына 47,3 центнерден өнім берді. Соның арқасында 218 мың тонна өнім алынды. Мақта түсімділігі 27 центнерге ұлғайып, 347 мың тонна «ақ алтын» жиналды. Мақта теріміне 339 комбайн жұмылдырылып, шитті мақтаның 75 пайызы комбайнмен терілді.
Ауа райының қолайлы болуына байланысты және шаруалардың еселі еңбегінің арқасында бір жарым жылдық мал азығы дайындалып, жемшөп қоры 4 млн. тоннаға жеткізілді. Салаға озық технологияларды енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігі артты. Мәселен, жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісі жаңадан 7 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 16,8 мың гектарға жетті. Жаңбырлатып суару технологиясының тиімділігі сол – ағын су шығынын 2-3 есе үнемдеп, өнімділікті 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге 173 гектарға қосымша жылыжайлар салынып, оның жалпы аумағы 1108 гектарды құрады. Республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы – біздің облыста. Жаңадан 673 гектарға қарқынды бау егіліп, барлығын қосқанда аумағы 3,4 мың гектарға өсті. Соның нәтижесінде 190 мың тонна жеміс-жидек пен жүзім өндірілді, ол республикадағы үлестің 57 пайызына тең.

2. Су шаруашылығы

Су нысандарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 су нысаны: «Бөген», «Қосқорған» су қоймалары, «Түркістан», «Арыс», «Қараспан» магистральды каналдары және «Қараспан» су торабы облыстық меншікке өткізілді.
Су нысандарын тиімді пайдаланудың арқасында 75 мың гектар суармалы алқапқа ағын су тұрақты беріліп отырды. Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою үшін құны 29,3 млрд. теңгеге 4 жоба жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, олар – «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Түркістан магистральды арнасын күрделі жөндеу», «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу» және «134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру» жобалары. Осылар іске асса ағын су қосымша 196 млн. текше метрге көбейіп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Бұдан бөлек, 19 су шаруашылығы нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соның есебінен 5,2 мың гектар алқаптың сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Сондай-ақ, 1150 гектар және жаңадан 400 гектар суармалы жер айналымға қосылды.

3. Мал шаруашылығы

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда ірі қара мал 5,4 пайызға (саны 1,1 млн., республика бойынша 3-орын) қой-ешкі 5 пайызға, (саны 4,5 млн., республикада 1-орын), жылқы 9 пайызға, (саны 332 мың, республикада 3-орын), түйе 7 пайызға (саны 29,3 мың, республикада 3-орын) және құс 9 пайызға (саны 2,1 млн.) өсті.
Шетелден 3910 асыл тұқымды ірі қара мал аналығы сатып алынып, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. Қолда бар 403 мың аналық малдың 136 мыңы немесе 34 пайызы тұқымдық түрлендіруге қатысып, бұл бойынша берілген тапсырма 103 пайызға артық орындалды. Сыйымдылығы 8 мың басты құрайтын 5 жаңа мал бордақылау алаңы ашылып, осындай алаңдардың жалпы сыйымдылығы 164 мың басқа жетті. Бұдан бөлек ірі қара мал ұстайтын 8 жаңа отбасылық сүт фермасы ашылып, 2 тауарлы-сүт фермасы кеңейтілді. Бүгінде ет өндірісі 3 пайызға (178,9 мың тонна), сүт өндірісі 3,5 пайызға (625,8 мың тонна) артып, 159,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді.
Ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 36 млн. доза вакцина алынып, профилактикалық іс-шаралар атқарылды. Қазіргі таңда эпизоотиялық жағдай өңірімізде тұрақты.

4. Қайта өңдеу

Облыстағы 11 ет өңдеу кәсіпорны – 12,4 мың тонна ет, 24 сүт өңдеуші зауыт – 181,5 мың тонна сүт, 21 жеміс-көкөніс өңдейтін өндіріс орны – 96,1 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеп, оның қаржылай көлемі 54,8 млрд. теңгені құрады. 10 айда облыста 2 жеміс-көкөніс және 2 сүт өңдейтін кәсіпорын ашылды.

5. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты

Түркістан облысының өсімдік шаруашылығында барлығы 394 мың тонна, мал шаруашылығында 28 мың тонна өнім шетелдерге шығарылып, экспорт көлемі 157,3 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Атап айтқанда, 15,2 мың тонна ірі қара мал, 3,7 мың тонна қой еті Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдеріне экспортталды. Сөйтіп, күнгей өңірдің өнімі республика экспортының 50 пайызын құрады. Ал, 394 мың тонна көкөніс, бақша өнімдері Ресей, Беларусь, Латвия, Литва, Германия, Украина мемлекеттеріне жөнелтілді. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдаудың нәтижесінде барлығы 2 390 тонна балық өнімдері Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан және Чехия елдеріне экспортталды. Алдағы кезеңде Қытай еліне түйе сүтінің өнімдерін экспорттау жоспарланып, жыл соңына дейін экспорт көлемін 264 млн. АҚШ долларына жеткізу көзделуде.

6. Азық-түлік белдеуін қалыптастыру

«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасын жүзеге асыру жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті. Жоба бойынша жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Соның нәтижесінде қосымша 30 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Биылдың өзінде 4 ірі инвестициялық жобаны іске асырудың алғашқы кезеңдері басталды. Мәселен, «Түркістан Агро XXI» ЖШС-нің жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын 1 000 гектарды жаңбырлатып суару, машина техника паркін ашу жобасы өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Екіншіден, аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 1 200 ірі қара малға арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының жобасы келешегінен көп үміт күттіреді. Оның құны – 3,6 млрд. теңге. Қазіргі таңда 4 бірлік (200 гектарды қамтитын) жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылды. Үшіншіден, «Сити строй» ЖШС 10 000 бас ірі қара мал бордақылау кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның құны 4,3 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік те 1 000 гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісін қолданбақ. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін 1,5 млрд. теңге қажет. Бұдан бөлек, «Стандарт ойл» ЖШС-інің жобалық құны 10,4 млрд. теңгені құрайтын етті бағыттағы құс фабрикасының болашағы зор. Жылына 20 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік беретін кәсіпорын бірнеше жұмыс орнын ашатыны даусыз. Мұны бес деп қойыңыз. Алтыншыдан, YDA INSAAT түрік компаниясының жобалық құны 40,2 млрд. теңге болатын 500 гектар алқапқа орналасатын заманауи жылыжай кешені де ел игілігін еселеуге өз үлесін қосатын болады. Жетіншіден, жылына 20 миллион дана жұмыртқа өндіруді «Яссы құс» ЖШС қолға алмақ. Бұл жобаның құны 1,4 млрд. теңгені құрайды. Сегізіншіден, «Golden Camel Group» ЖШС-інің жылына 2,5 мың тонна түйе сүтін қайта өңдеу кешені іске қосылса нұр үстіне нұр. Жаңа жобаның құны 7 млрд. теңгені құрайды.
Аталған ірі жобаларды іске асыру үшін қала аумағындағы алқаптарды заманауи технологиялармен суландырып, жасыл белдеу жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл Түркістан қаласының климат ылғалдығын жақсартып, облыс орталығында халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге тікелей әсерін тигізеді.

7. Агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды жобалар

Облыс әкімінің бастамасымен ауыл шаруашылығы саласында 18 бағытты қамтитын жалпы құны 89,4 млрд. теңгені құрайтын 695 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін құны 31,3 млрд. теңгені құрайтын 590 жоба пайдалануға беріліп, 2 287 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы мен құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын 107 жоба жүзеге асырылып, 39 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Алдағы уақытта әрбір ауылдық округте 10 жобадан жүзеге асыру жоспары түзілді.

8. Агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау, қаржыландыру

Агроөнеркәсіп саласына «ҚазАгро» Ұлттық Басқару Холдингі» акционерлік қоғамы тарапынан 41,3 млрд. теңге несие қаржылар беріліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,4 есеге артты. 2 813 жоба қаржыландырылып, 3 512 жаңа жұмыс орны ашылды.

9. Экономикалық өсім

Ағымдағы жылы 10 айда ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 560,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен 83,3 млрд.теңгеге артып, еліміз бойынша екінші орынға қол жеткізілді. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемі 619 млрд. теңгеге, индексі 104,0 пайызға жеткізілетін болады. Салаға тартылған инвестиция 27,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Ал, ол бойынша республикада бірінші орында тұрмыз.

Түркістан облыстық ауыл
шаруашылығы басқармасы.

Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы ағымдағы жылдың 3-13 желтоқсан аралығында «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» көрсетілетін мемлекеттік қызмет бойынша өтініштерді қабылдау уақытша тоқтатылатынын хабарлайды.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы М. Әбдінұров бұл жағдайды мемлекет басшысының 2019 жылғы 2-қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 79-тармағын атап айтқанда, тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында техникалық жұмыстардың жүргізілетіндігімен түсіндіреді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Алдағы жылы Шымкенттегі әр ауданға бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінетін болады. Осыған орай аудан әкімдері бюджет бүйірінен бөлінетін сол қаржыны тиімді игерулері қажет.
Осы аптада қала әкімі Ерлан Айтаханов Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебін тыңдау жиынында осылай деді.

Өз кезегінде Ғалымжан Ильясов келер жылы балалар, спорт және жаттығу алаңшаларын орнату мен күтіп ұстау жұмыстарына екпін берілетінін нақты дәйектермен келтіре кетеді. Бірақ Ерлан Қуанышұлы қыруар қаржылар ойын алаңшаларына емес, тұрғындарды толғандырып жүрген негізгі мәселелерге бағытталуы қажеттігін баса айтады. Шаһар басшысы аудандағы тұрғындардың 7,5% ауыз сумен, 4,9% электр жарығымен қамтылмай отырғанын, сондықтан да осы мәселені шешуге мән беру ең бірінші кезекте болуын шегеледі.
Егерде аудан әкімдері Ерлан Қуаныш-ұлының бұл тапсырмасынан нақты нәтиже шығаратын болса қазынадан қаралатын 1 миллиард теңгеге қаланың бірнеше аумағында ауыз су, жарық, жол мәселелеріне нүкте қойылатыны сөзсіз. Қазіргі таңда Абай ауданындағы 34 елді мекеннің 76,5% ғана ауыз сумен қамтылса, 78,3% сапалы жарықты тұтынады. Ал, Әл-Фараби ауданында ұзын ырғасы 26,6 шақырымды құрайтын көше жолдары топырақ. Оларға шағал тас төсеу күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Себебі топырақ жол жаз мезгілінде тұрғындарды шаң-тозаңмен тұншықтырса, қыс пен күзде шалшық кешкізіп, әбігерге салатыны анық. Қаратау ауданында барлығы 47 202 жеке тұрғын үйдің 20 пайыздан астамы суды шекті көлемде немесе тасымалдап тұтынуда. Дәл осы аудандағы 150-ге жуық көше топырақ жолдан тұрады.
Яғни, Шымкент қаласына қарасты төрт ауданның барлығында инфрақұрылым мәселесі түбегейлі шешілмеген. Келер жылы бюджеттен бөлінетін 1 миллиард теңге сол мәселелерді шешуге қаншалықты тиімді жұмсалатыны алдағы күннің еншісінде.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бірқатар министрліктер республикалық бюджеттен бағытталған 68 миллиард теңгені игермеген. Бұл қаржылардың көп бөлігі экология, геология және табиғи ресурстар, білім және ғылым, индустрия және инновациялық даму, мәдениет және спорт, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне тиесілі.

Осыған орай бюджет қаражатын игермегені үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын.
Бірінші вице-премьер әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет басшысы Асқар Маминге осылай деді.
Өз кезегінде ол ағымдағы жылы бюджеттің үш рет нақтыланып, екі рет түзетілуіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті жерлер қыруар қаржыны мақсатты жұмсай алмағанын жеткізеді. Министр аталған ведомствалардың қомақты соманы дер кезінде игермеуіне мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуы, орындалған жұмыстар актілерінің мерзімінде ұсынылмауы, шарттар, қосымша келісімдер жасау рәсімдерінің созбалаңдыққа салынуы сынды факторлар себеп болғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ ол, есепті кезең аралығында өңірлерге 1 триллион 256 миллиард теңге нысаналы трансферт бөлінсе, соның 1 триллион 222 миллиард теңгесі яғни, 97,3% – игерілгенін тілге тиек етті. Ал сол соманың 7 миллиард теңгесі үнемделсе, 27 миллиард теңге игерілмеген. Игерілмеген трансферттің ең көп бөлігі Нұр-Сұлтан қаласының еншісінде. Министрдің сөзінше елорда нысаналы трансферттің 6,1 миллиард теңгесін игермеген болса, Алматы қаласы – 4,9, Түркістан облысы – 3,4, Батыс Қазақстан облысы – 2,9 миллиард теңгені
жаратпаған.
Өз кезегінде Әлихан Смайылов келер жылдың 1-қаңтарынан бастап мұндай қателіктерге жол бергендер ескертумен сытылып шықпайтынын, жуырда парламент бюджеттік заңнамаға қатысты тиісті түзетулерді қабылдағанын соған сәйкес, осындай заң бұзушылықтарға жол бергендерді әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделіп отырғанын хабарлады. Сонымен қатар ол, бюджет бүйірінен бөлінген қаржы дер кезінде игермегені үшін бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын нақтылап өтті.

А. САТЫБАЛДЫ.

Осы аптада Ордабасы ауданында «Nur Otan» партиясының «Ауыл ел бесігі» жобасы негізінде қазынадағы қыруар қаржы есебінен жаңадан салынған жергілікті төрт көшенің жолдарына мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында тиісті мамандар нысандардың жобалық сметалық құжатта көрсетілген талаптардың тыңғылықты орындамағанын анықтады.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті мәлімдейді.
Автокөлік жолдарының сапасын сүзгіден өткізу бағытындағы бұл шараға «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е. Тұңғышбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары А. Оралбаев, «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының мамандары, Ордабасы аудандық арнайы мониторингтік топ мүшесі Н. Көшбаев қатысты. Біткен іске баға берілетін бұл жұмысқа Ордабасы ауданындағы «Nur otan» партиясы филиалының сектор меңгерушісі
Г. Толыбаева, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Искаков, сектор меңгерушісі Ғ. Оспанқұл, ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Н. Амангелдиев пен мердігер компания басшылары да болды.
Өз кезегінде олар жаңадан салынған Рахымбердиев, Төлеби, ПМК және Ынтымақ көшелерінен жылжымалы жол зертханасы арқылы сынама алып, тексеру жүргізді. Сол кезде асфальт бетон кесіндісі алынған жолдар жамылғысының қалыңдығы сметалық құжатқа сай еместігі, сондай-ақ, тексеру жұмыстары жүргізілген барлық көшелердің жол жиегінде жарылулар, екі көшенің қосылған жерлерінің тақтайдан тегіс болмағаны белгілі болған. Сондай-ақ, үгітулер анықталған. Осыған орай жаңадан жол салу жұмыстары кезінде тиісті міндеттердің барлығы жобалық сметалық құжатта тайға таңба басқандай етіп көрсетілсе де кемшіліктерге жол берген мердігер мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді дер кезінде ретке келтіру тапсырылды.
Мердігер мекемелердің жол салу жұмыстары кезіндегі мұндай кемшіліктерге жол беруі өз ісін жетік меңгермегендік пе әлде «екі жеп биге шығудың» жарқын көрінісі ме? Қай қайсы болса да мердігерлердің сенімге бұлай селкеу түсіруі ақтайтын дүние емес сияқты…

С. НҰРАЙ.

Арыс қаласында қайырымдылық қордың есебінен бой көтерген «Баламекен» шағын ауданындағы 50 үй толық аяқталып, 100 отбасыға пайдалануға берілді. Әр үй «дуплекс» типті үлгіде салынған. Сондықтан оған екі жанұя жайғасады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл жоба Түркістан облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов Қорымен серіктестікте «Верный Капитал» компаниялар тобының табысты ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Қайыртайұлы игілікті істің шарапатын көрген отбасыларды құттықтап: «Апаттан кейін бүкіл қазақ елі Арыс халқының қайғы-мұңын бөлісіп, қол ұшын созды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, халықпен бірге екенін көрсетсе, ҚР Премьер-министрі екі апта сайын келіп, Арыстағы құрылыс жұмыстарын бақылауды назардан тыс қалдырмады. Атқарылған ауқымды жұмыстар ел еңсесін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін арттырды», — деді.
Арыстағы дендросаябақ жанынан бой көтерген «Баламекен» жаңа шағын ауданының құрылысы үшін қайырымдылық қорынан 850 млн. теңге бөлінген. Жаңа баспаналар Арыстағы әскери қоймада болған жойқын жарылыстан соң бұзылып, қирандыға айналған үй иелеріне, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, тұрғын үйге мұқтаж мүгедек жандар мен жалғыз басты аналарға берілді.
Бұл баспаналар ас үй жиһазы және тұрмыстық техникалармен жабдықталған. Әр үйдің ауласында 10 соттық жер телімі бар. Қалалық инфрақұрылымға қосылған жаңа шағын ауданға тас жол төселіп, аяқ жолдар салынған. Балалардың ойын алаңы орнатылып, ағаштар отырғызылған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Түркістанды дамытудағы қазақ-түрік ынтымақтастығының маңыздылығы зор. Себебі Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай мен басқа да маңызды нысандардың құрылысына түрік компаниялары қатысады.

Бұдан бөлек, бауырлас елдің қолдауымен Түркістанда өнеркәсіптік жылыжай салу, дайын металл бұйымдарын шығару мен туризм бағытындағы колледж құру сияқты ірі жобалар қолға алынған.
Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында өткен қазақ-түрік бизнес-форумында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің, Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октайдың, ұлттық компаниялар, даму қорлары мен сауда палаталарының басшылары, жоғарғы билік өкілдері және екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен бұл форумға Түркістан облысының делегациясын Өмірзақ Шөкеев бастап барды.
Халықаралық жиында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, энергетика, машина жасау, химия, тау-кен, металлургия және тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері сөз болды.
Осы шара кезінде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы 2020-2021 жылдар аралығында Түркістан облысында түрік инвестицияларының қатысуымен 493,7 миллион АҚШ доллары көлемінде 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 5 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланғанын мәлімдеді.
Түркия мемлекетінің 41 ең ірі холдингтерінің басшылары қатысқан кездесуде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев түрік капиталының қатысуымен аймақ үшін стратегиялық маңызы зор Шығыс базары, сауда орталығы мен қонақ үйлердің құрылысы, төмен вольтты кабельдер шығару бойынша үш меморандум түзді. «Sembol Construction», «Ta Group» және «KastroKablo» компанияларымен қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, форумда G2B форматында түрік бизнесінің 30-дан астам кәсіпкерінің қатысуымен іскерлік кездесулер өтті. Кездесуде түрік инвесторлары Түркістан облысының туристік және өнеркәсіптік салаларына инвестиция салуға ниет танытты. Енді екіжақты ынтымақтастықты нығайту және сәтті жүзеге асыру мақсатында түрік компания өкілдерінің Түркістан облысына сапары күтілуде.

С. НҰРАЙ.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов өткен жылы іске қосылған «Бесқұдық тас» зауытына бет алып, ондағы жұмысшылармен жүздесті.

Үйлердің сыртқы келбетіне қолданылатын травертин құрылыс материалын шығаратын кәсіпорында 40-тан астам адам екі ауысыммен жұмыс істейді.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын жылына 350 мың шаршы метрге дейін тас өңдеп, құрылыс үшін түрлі пішіндегі материалдар шығарады.
Зауыт басшылығы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көп мән берген. Нысан басында жатақхана, асхана, тағы басқа орындардың болуы соның жарқын мысалы. Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған зауытта Түркия мен Қытай мемлекеттерінің озық үлгідегі жабдықтары мен техникалары пайдаланылады. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес өндіріс орнындағы барлық жұмыстар автоматтандырылған.

С. НҰРАЙ.

Шымкентте «Өзіміздің полиция» атты акция өтуде. Екі айға жалғасқан акция барысында учаскелік полицейлер жеке үйлер мен пәтерлерді аралап, тұрғындарға өздерінің визиткаларын, ұялы телефондары мен қажетті ақпараттары қамтылған парақшаларды таратуда.

Мақсат айқын – қала тұрғындары мен тәртіп сақшыларының арасында тығыз байланыс орнату.
Шара Шымкент қалалық полиция департаментінің ұйымдастырумен өткізілуде. Өз кезегінде тәртіп сақшылары халықпен мұндай тығыз қарым-қатынас орнату құқық бұзушылықтың алдын алуда зор серпін беретінін алға тартуда. «Өзіміздің полиция» акциясы бойынша тәртіп сақшылары тұрғындарға қылмыстың алдын алу мақсатында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлескен келісім-шарт түзу арқылы үйлердің кіреберісіне, аулаларына камералар орнату бағытында түсіндірулер жүргізді. Өз кезегінде олар мұндай шаралар ең бірінші кезекте пәтер ұрлығы мен өзге де келеңсіз жағдайларға дер кезінде тойтарыс беруге ықпал ететінін ескертті.
Қазіргі таңда Шымкентте 369 учаскелік полиция жұмыс істейді. Олар «Өзіміздің полиция» атты екі айға жалғасқан акция барысында қала тұрғындарына 396 942 визитка таратып үлгерген. Сонымен қатар, үйлердің кіреберісі мен аулаларға 300 мыңнан астам жадынамаларды ілген. Осындай түсіндіру жұмыстары аз күнде өз нәтижесін берген. Яғни, қала тұрғындарының көмегімен ішкі істер органы 38 қылмыстық істі ашқан. Құқық бұзушылықты анықтауға қатысқан тұрғындарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 25250 теңге сыйлық берілген.

С. НҰРАЙ.

Ғалия
ШАРАФИЕВА,
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және
архивтер басқармасы
басшысының
міндетін атқарушы:

Жуырда Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева басқарманың ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларын мәлімдеді. Оқып көрелік.

Шымкентте жергілікті халықтың 92,2% мемлекеттік тілді еркін меңгергендер. Сондай-ақ, тұрғындардың 85,7% орыс тілін жетік білетіндер санатында. Миллионды қала халқының 12,3 % немесе 125 853 тұрғыны үш тілді меңгерген.
Жыл басынан бері тілдерді оқыту әдістемелік орталығында 1570 адам білім алғанын жеткізді. Орталықта білім алған адамдардың 462-сі латын графикасын, 435-і қазақ, 86-ы орыс, 587-сі ағылшын тілін үйренген. Олардың басым көпшілігі дәлірегі, 1306-ы қазақ болса, 146-ы орыс, 55-і өзбек, 63-і өзге де этносты құраған.
Бүгінде Шымкенттегі халық саны 1 023 768 адамды құрайтынын айтып өтті.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр маусым айында Шымкент мегаполис болып, республикалық дәрежедегі қала атанған. Оның миллионшы тұрғыны сол жылдың мамыр айында дүниеге келген-тін. Бақытты сәби Еламановтар отбасының тұңғышы болатын. Есімі Айсұлу Еламанова. Сол кезде қала және облыс әкімдері жас отбасыға екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан.

Қалада 105 көше атауын өзгертуді қажет етеді

Бүгінде Шымкенттегі көптеген көшелердің атауы жоқ. Сонымен қатар қалада атауын өзгертуді қажет ететін көшелер бар. Осыған орай қалаға қарасты аудан әкімдіктері көшелерге атау беру мәселесі бойынша келіп түскен өтініштер негізінде тұрғындармен жиналыс өткізіп, тиісті хаттамалар түзіп, құжаттарды қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына жолдауда. Осыған сәйкес қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы жалпы саны-385 көшеге атау беру бойынша тиісті ұсынысты заңнама талаптарына сәйкес, қалалық мәслихаттың қарауына ұсынған. Ол көшелердің 280-і атауы жоқ көше болса, қалған 105-і атауын өзгертуді қажет етеді.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен көшелерге кісі есімін беру тоқтатылған. Алайда, жер-су, таулардың, табиғи көріністердің атауларын беру жұмыстары жүргізілуде.

Мәдени шаралардың мәні зор

Шымкентте жыл басынан бері 200-ге жуық мәдени көпшілік іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар 8 ресми іс-шара болған. Олар Халықаралық әйелдер күні, Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Нұр-Сұлтан қаласы күні, Жеңіс күні, Астана күні, Қазақстан Республикасы Конституциясы күні сынды атаулы күндерде өткізілген.
Жыл аяғына дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекесіне орай тағы үш ресми жиын атап өтілмек. Бұдан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше іс-шаралар жүргізілетін болады.
Биыл мәдениет саласына бюджеттен 3 406 524,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Бүгінге дейін оның 2 326 773,0 мың теңгесі игерілген. Ағымдағы жылдың 10 айында 5 кәсіби театрда 14 жаңа спектакль көрермен назарына ұсынылды. Мыңнан астам қойылым қойылып, 205 775 көрермен қамтылды. 6754 қайырымдылық іс-шара өткізілді. «Цирк» мекемесінің репертуары 3 жаңа бағдарламамен толығып, 72 қойылым қойылған. Келушілер саны 47 642 адамды құраған. Отыздан астам гастрольдік қойылымда 15 454 көрермен қамтылған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында, театрлар отандық, шетелдік шығармашылық ұжымдармен меморандум түзіп, гастрольдік сапарларға шыққан. Бұл шара әлі де жалғасын табуда.
Сондай-ақ, қаладағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде де ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жыл басынан бері аталған мұражайда 15 лекция оқылып, 8 тақырыптық, фотокөрмелер мен кинолекциялар болған. Жүздеген экскурсия мен тұрақты, көшпелі көрмелер өткізілген. Мұражайда барлығы 16110 жәдігер бар. Олардың ішінде жаңадан қосылған жәдігер саны – 166-ны құрайды.
Биыл Шымкенттегі «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» көрме, экскурсия, дәрістер, ғалым-этнографтармен түрлі деңгейдегі шығармашылық кездесулер, танымдық кештер сынды 23 мәдени іс-шара өткізілген. Көрме орталығында конференция, дөңгелек үстел мен жәрмеңке сынды 30 шара болып өткен.
Жыл басынан бері Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағына келушілер саны 361113 адамды құраған. Хайуанаттар бағында құрылыс қарқын алған. Қазіргі таңда онда террариум, көгершіндер, варандар мен тасбақалар, сурикаттар, құстар, жыртқыш құстар, Жапон макакалар мен гепард вольерінің құрылыстары салынуда.

Шымкент «Мәдени астана» эстафетасын желтоқсанда қабылдайды

Биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы болып Беларусь Республикасының Брест қаласы белгіленгені баршаға аян. Алдағы желтоқсан айында аталған қалада «Мәдени астана» жылының салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Жұрт назарын жаулайтын сол бір шарада Шымкент қаласына «ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасы ресми түрде табыс етіледі. Себебі, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің астанасы болып белгіленген. Осыған орай алдағы жылы үшінші мегаполисте халықаралық, республикалық дәрежедегі 15 іс-шараның бағдарламасы дайындалған. Бұдан бөлек, осы айда Парижде ЮНЕСКО елдерінің басқосуы жиыны өтеді. Сол басқосуда мерейтойлар күнтізбесіне «2020 жылы Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойын енгізу туралы» шешім қабылдау туралы ұсыныс жолданған. Соның негізінде тарихи шешім қабылданса, келер жылы Шымкенттің 2200 жылдығы атап өтілетін болады.
Соған сәйкес қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін Ескі қалашықтың жоғарғы бөлігінің жұмысы аяқталып, келесі жылдың наурызында онда табылған жәдігерлерден мұражай-экспозициялық жоспары әзірленеді. Қазіргі таңда Ескі қалашық маңында жер учаскелерін қайтару және көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Келер жылдың наурызында қалашықта Амфитеатр мен Визит-орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Бірақ құрылыс межеленген мерзімде аяқталмайтын болса, тиісті жұмыстар келуші қонақтарға қарамастан жалғаса беретін болады.

С. НҰРАЙ.