Маңызды

Үшінші мегаполистің ең ауқымды жобасының бірі «Shymkent City» тұрғын алабындағы №9, 10 үйлерге жылы су жеткізілді. Сонымен қатар 12 көп қабатты тұрғын үй жылумен қамтылды. Онда барлығы 732 пәтер бар.

Жалпы «Shymkent City» тұрғын алабындағы коммуналдық инфрақұрылымдық мәселелерді реттеу қала әкімі Ерлан Айтахановтың тікелей бақылауына алынған. Осы бағытта ол аталған тұрғын алапта бірнеше рет болып, сала мамандарына тиісті жұмыстарды тапсырған болатын. Қазіргі таңда ол жердегі тұрғын үйлерге қоныс тепкен тұрғындардың көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі назарға алынған. Бұл үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС-не тиісті текникалық құжаттар рәсімделуде. Салаға жауапты мамандар аталған құжат дайын болғанда тұрғындар тарапынан дербес шот толығымен ашылу қажет екенін, сонда ғана газ берілетінін жеткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы аталған аумақта салынып жатқан тұрғын үйлер мен мектептің және жылыту қазандығының құрылысын аралап көрді. Құрылысты салушы мердігерлермен кездесуде Ерлан Қуанышұлы құрылыс сапасына баса назар аударып, жұмысты жоспарға сай аяқтау керектігін қатаң тапсырды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы су жаңа 16 техникамен толықты. Қолданысқа берілген «Газель-NEXT» маркалы көліктері облыстық жедел жәрдем станциясының аудандық бөлімшелеріне жол тартты.

Техникаларды ел кәдесіне жарату үшін салтанатты табыстау рәсімі Түркістан қаласында өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев пен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев арнайы қатысты. Сонымен қатар, медицина саласының қызметкерлері де қуанышты шараның куәсі болды. Өз кезінде Жолдымұрат Аманбаев дамыған елдерді анықтау критерийіне жедел жәрдем қызметінің жағдайы да енетінін айта келе алдағы уақытта облыста денсаулық сақтау саласы бойыша материалдық-техникалық базаны жақсарту бағытындағы осы және өзге жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Ал қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев болса облыс аумағында жедел жәрдем көрсету бойынша әлі 50 техниканың жетімсіздігін тілгі тиек етті.
Пайдалануға берілген 16 жаңа көліктер соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Онда өкпені жасанды желдету аппаратымен, электрокардиограф, аспиратор және тағы да басқа аса қажетті құрал-жабдықтар қойылған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласының әлеуетін көрсететін «WorldSkills Kazakhstan-2019» атты V- республикалық чемпионатта күнгейлік жастар үздік үштікке еніп, мерейімізді көтерді.

Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған байқауда еліміздің барлық өңірлерінен келген 425 студент 38 түрлі мамандық бойынша жұмыс дағдылары деңгейімен сайысты. Конкурсқа қатысушылардың қарым- қабілетінің қай деңгейде екенін 500-ге жуық сарапшы-төрешілер бағалады.
Жастарға кәсіптік бағдар беру, ел экономикасын дамыту барысында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, сарапшылар қауымдастығын құру және халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету механизмін құру бағытында бесінші рет ұйымдастырылып жатқан бұл байқауда Түркістан жастары 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Білім мен дағды, қабілет пен қарымды танытатын «WorldSkills Kazakhstan-2019» байқауында жерлестеріміз 17 құзыреттілік бойынша өз ісінде «Үздік» атағын қорғап, жүлдегер атанды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Шымкентте мүлдем ауыз су құбыры тартылмаған
8 елді мекен бар.

Биыл ұңғымадан су ішіп отырған сол елді мекендердің 5-не сапалы ауыз су жеткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бұдан бөлек тағы 10 елді мекенде су сағаттап беріледі. Себебі, ондағы құбырлар ескіргендіктен суды тәуліктеп тұтынуға шыдас бермейді. Жалпы үшінші мегаполисте тұрғындарды ауыз сумен қамту бағытындағы осы және өзге де олқылықтар 2023 жылға дейін 100 пайыз шешімін табатын болады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қала әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов мәлімдеді. Сондай-ақ ол, елді мекендерге су құбырларын тарту кезінде ешқандай кедергілер туындамаса бұл жоспар мерзімінен бұрын орындалатынын тілге тиек ете келе: «қазіргі таңда Шымкент қаласында бұрын Түркістан облысына қарасты аудандардан енген Тоғыс, Құрсай, Бадам тұрғын алаптарындағы 3634 үйге сапалы электр жарығын қамту бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Сала мамандары нысанның ел игілігіне берілетін уақыттың ауылы алыс емес екенін алға тартуда. Егер бұл жұмыстар аяқталатын болса 14 мың адам сапалы жарыққа қол жеткізетін болады. Бұдан бөлек 4 елді мекендегі 241 үйге ауыз су құбырлары тартылып, қазіргі таңда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде», — деді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Былтыр Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 560,2 млрд. теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемін 619 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Бұл туралы Түркістан төрінде өткен «ALTYN KUZ – 2019» мерекелік шарасында айтылды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні жоғары деңгейде аталып өткен бұл шараға шаруа қожалықтың төрағалары, депутаттар, аудан-қала əкімдері қатысты. Жиында сөз алған облыс əкімінің орынбасары Ұлан Тəжібаев ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандарды жылдық қорытынды мерекесімен құттықтап, жыл бойына атқарылған жұмыстарды саралады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмасы аясында биыл Түркістан облысында ауыз толтырып айтар шаруалар тындырылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 13,3 мың гектарға артып, жалпы 827 мың гектар алқап игерілді. Егісті әртараптандыру жұмысы да мықтап қолға алынған. Агроқұрылымдарға көктемгі және күзгі дала жұмыстарын атқару үшін жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар арзандатылған бағамен босатылды. Нәтижесінде масақты дақылдар түсімділігі 20 центнерге жеткізіліп, алқаптан 462 мың тонна астық жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан қамбаға артығымен дән құйылды. Бақшадан жиналған көкөніс пен картоп 3 млн. тоннаны құрап рекордтық көрсеткішке жетті.
Мал басы жағынан да елімізде алдыңғы қатардан орын алып, ет өнімі шетелге экспортқа шығарылуда. Алдағы уақытта түйе сүті өнімдерін экспорттау жоспарланып, жыл соңына ауыл шаруашылығы экспорт көлемін 264 млн. АҚШ долларына жеткізу күтілуде. Ауа райының қолайлы болуы арқасында шаруалардың еселі еңбегімен бір жарым жылдық мал азығы дайындалды. Су нысандарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Соның арқасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 5 су нысаны: «Бөген» және «Қосқорған» су қоймалары, «Түркістан», «Арыс», «Қараспан» магистралды арналары мен «Қараспан» су торабы облыстық меншікке қабылданды.
Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемінің республикадағы үлесі 12,4 пайызды құрап, екінші орынға қол жеткізілді.
Осы деректерді алға тартқан Ұлан Тәжібаев шара барысында салада жоғары нəтиже көрсеткен аудан, қала әкімдерін марапаттады. Мәселен, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановқа «Өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан озат аудан» және «Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалаудан озат аудан» номинациялары бойынша облыс әкімінің арнайы дипломы табыс етілді. Өз кезегінде аталған аудан жыл басынан бері 127,2 мың тонна бау-бақша дақылдарын экспортқа шығарып, облыс бойынша көш бастаған. Бау-бақша өнімдерінің негізгі бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа елдеріне саудаланған. Бұдан бөлек, осы жылы ауданда 139 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, жоспар 1,2 есеге артығымен орындалған. Сондай-ақ, мақталы ауданда құны 240 миллион теңгені құрайтын трактор тіркемелерін құрастыратын кәсіпорын іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын тұтас облысты отандық техникамен қамтамасыз етуде.
Ал Түлкібас ауданы жеміс-жидек қарқынды бауын өсіруде және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өндеу бағытында үздік деп танылды. «Алдыңғы қатарлы технологиялар бойынша жобаларды іске асырудан озат аудан» номинациясы Кентау қаласына табысталды. Өз кезегінде Мырғалымсай мекені алқапты жаңбырлатып суғарудың америкалық тың әдісін тәжірибеге енгізген-тін.
Сайрам ауданы ауылшаруашылығы саласының дамуы бойынша облыста 2 -ші орыннан, ет, сүт өндіруден I-ші орыннан көрінді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мәлімдейді.
Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап МӘМС жүйесі толық күшіне енетені белгілі. Осыған байланысты аймақтағы медициналық ұйымдардың жаңа жүйеге қаншалықты дайын екені туралы мәселелер жан-жақты пысықталуда. Осы аптада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаевтың төрағалық етуімен штаб отырысы болып өтті. Онда қоғамдық денсаулық басқармасының басшылығы МӘМС жүйесін енгізуге дайындық барысын баяндады. Сонымен қатар басқарма басшылығы аймақтың кейбір аудандарында МӘМС жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екендігін де жасырмады.
Келер жылдан бастап МӘМС жүйесі бойынша әр жұмыскер өз табысының 1% ай сайын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» аударатыны белгілі. Ал бейресми, жалдамалы жұмыскерлер, тұрақты табысы жоқ азаматтар әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын 2525 теңге аударма жасаулары қажет. Аудан және ауыл тұрғындары үшін жарна мөлшері екі есе аз. Бірақ балалар, зейнеркерлер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар, мүгедек жандар, сот үкімімен жазасын өтеушілер санатындағы азаматтар үшін медициналық сақтандыру қорына аударым жасау мемлекет тарапынан жүргізілетінін айта кетейік.

Түркістан облысында 2750-ге жуық бюджеттік мекеме бар. Оның ішінде 1280-і білім, 755-і денсаулық, 713-і әлеуметтік саладағы нысандар болып табылады. Бүгінде олардың барлығы жылуға қосылған. Бюджеттік мекемелердің сұйық отынға, мазут пен көмірге қажеттілігі де қамтамасыз етілген.

Ал облыста орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 547 көпқабатты үйлерге жылу толық температуралық кестеге сәйкес берілуде. Аймақ бойынша тұрғындардың көмірге қажеттілігі 901,9 мың тоннаны құрайды. Бұл бағытта тиісті тасымалдау жұмыстары күнделікті жүргізілуде.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің аппараттық мәжілісінде өткен жиында мәлім етілді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың төрағалығымен өткен жиында аймақ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың барысы да айтылды. Қазіргі таңда аймақтағы 48 елді-мекенде газ жүргізу жұмыстарының құрылысы қарқын алған.
Естеріңізде болса өткен аптада бірінші вице-премьер әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы республикалық трансферттің 3,4 млрд. теңгесін игермегенін сын тезіне алған болатын. Осыған орай Қосман Айтмұхаметов бюджетті игеруді қатаң бақылауға алу бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласының экологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары қолға алынған. Жоспар бойынша «Жасыл белдеу» аймағында 2019-2021 жылдар аралығында 7500 га. жерге 3,5 млн. екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұта егу межеленген. Осыған орай қала 32 секторға бөлініп, көгалдандыру, абаттандыру бағытында әр апта сайын сенбілік жұмыстары жүруде. Бұл шараға облыстағы барлық аудан, қалалар атсалысуда. Мәселен, кешегі аптада облыстық Қоғамдық даму басқармасы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы, үкіметтік емес ұйымдар және ерікті жастардың бастамасымен қала аумағында сенбілік өтті. Шарада облыстық қоғамдық даму басқармасының қызметкерлері, 16 аудан, қала әкімдігінің мамандары, 22 үкіметтік емес ұйым өкілдері, ерікті жастар, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық этномәдени бірлестік өкілдері Қарашық өзені аумағындағы көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан 5 учаскеге тал егіп, суару жұмыстарына атсалысты.
Осы және өзге де жұмыстар пысықталған аппарат мәжілісі кезінде облыс әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов «Аумақта айналаны күл-қоқыстан тазарту мәселесін шешу керек. Апта сайын өтіп жатқан жалпыхалықтық сенбілікке мемлекеттік қызметкерлермен бірге жергілікті тұрғындардың да атсалысқаны дұрыс. Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін нақты жоспар бойынша жұмыс жасалсын. Егілген көшеттердің сапасы, оларды суару, баптау мәселесі қадағалансын», — деді.

Ж. АРМАНОВА.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысы Н. Байғұттың төрағалығымен аудан және қала әкімдіктері, қаржы институттары, «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ өкілдерімен кәсіпкерлік мәселелері жөнінде мәжіліс өтті.

Жиында «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бағдарламасының іске асырылуы; Өңірлік даму бағдарламаларын әзірлеу үшін үй шаруашылықтарының, кәсіпкерлердің қажеттіліктерін талдау мақсатында маркетингтік зерттеу (скрининг) жүргізілу барысы; сондай-ақ Түркістан облысындағы кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрлан Мархабатұлы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен қабылданған «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несиелеудің өңір кәсіпкерлері үшін қолжетімділігін арттыру қажет екендігін айтты.
Сонымен қатар, басқосуда кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдеу жұмысын күшейту мақсатында аудан және қала әкімінің орынбасары жетекшілігімен әрбір аудан және қала аумағында құзырлы жергілікті атқарушы орган, «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ, қаржы институтары өкілдерінің қатысуымен Мобильді топ құру тапсырылды. Сондай-ақ, басқарма басшысы Түркістан облысы Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша басқа өңірлер арасында көшбасшы екендігін мәлімдеп, қарқынды одан әрі жоғарылатуды аудан және қала әкімдіктерінің назарына жеткізді.
Екінші кезекте, аудан және қала әкімдіктері мен үй шаруашылықтарының, кәсіпкерлердің қажеттіліктерін талдау мақсатында маркетингтік зерттеу (скрининг) жүргізу есебі баяндалды. ҚР Үкіметімен бекітілген мерзімде маркетингтік зерттеу (скрининг) жүргізу жұмысын сапалы орындау туралы Басқарма басшысымен аудан және қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, барлық аудан және қала әкімдіктеріне күн тәртібіндегі үшінші мәселе Түркістан облысындағы кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу туралы бірқатар жүктемелер тапсырылды.

Ж. АРМАНОВА.

Түркістан облысында биыл үшінші рет өткізіліп жатқан «Жақсылар, дастан айтайын…» байқауы қорытындыланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен өткен шараға аймақтың 16 аудан, қаласынан іріктелген 47 жырсүйер бала «Қобыланды батыр» жырын бастан-аяқ жатқа айтудан сайысқа түсті.
Өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын оятып, халық арасындағы батырлық эпостарды насихаттау, балаларды қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысқой, қайсарлық қасиеттерге баулу мақсатында ұйымдастырылған байқау үш кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде бағы мен бабын қатар сынаған қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтса, екінші кезеңде әдебиет, руханият тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынады. Екі кезеңде де ең жоғары ұпай жинаған таланттар шешуші сында «Қобыланды батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашу бойынша қазылардың сұрақтарына жауап берді. Тартысты өткен байқауда Созақ ауданының тумасы Өсер Тұран бірінші орын алып 1 млн. теңге алса, оны дайындаған ұстазы Әметова Асылзатқа 2 млн. теңге қаржылай сыйлық берілді. Екінші орынды тағы да теріскейлік өрен Шалтай Рәбия жеңіп алды. Ұйымдастырушылар оған 600 мың теңге, ұстазы Сәнкібаева Жазираға 1 млн. 200 мың теңге қаржылай сыйлық табыстады. Жүлделі үшінші орын иегері Төлеби ауданынан қатысқан Тұрмахан Нұрсұлтанға бұйырды. Оған 300 мың теңге, ұстазы Сәндібаева Ләззатқа 600 мың теңге ақшалай сыйақы берілді.

Ж. АРМАНОВА.

Келес ауданында биыл 71,3 шақырым, яғни 43-көшеге әр-түрлі деңгейдегі жол жөндеу жүмыстары жүруде.
Аудан орталығы Абай ауылы бойынша «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы аясында 28,19 шақырым, яғни 23-көшенің орташа жол жөндеумен қатар абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Абай ауылындағы 23-көшенің 19-көшесінде жол жөндеу құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған 4 көшенің жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Аудандағы елді мекендердегі ішкі көшелердің 43,1 шақырымы, яғни 20 көшеге әр-түрлі деңгейдегі жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 10 көшенің жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Ал қалған 10 көшенің мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.
Сонымен қатар, бір аудандық маңызы бар «Ащыкөл-Қалғансыр» 6,8 шақырым автомобиль жолдары мемлекеттік сатып алу конкурсында өткізілуде.

Түркістан облысы
Өңірлік коммуникациялар қызметі.