Маңызды

Бүгінде әлемде тұрғыны миллионнан асатын қалалар саны 389-ға жетеді. Жер шарында миллионды қалалары көп елдердің көшін Қытай бастайды. Аспан асты елінде 96 мегаполис бар.

Одан кейінгі орын Үндістанның еншісінде. Бұл елде 37 қала миллион тұрғыны бар санатында. Бразилияда 17, Ресейде 15 қала осы санат сапында. Ал көрші Өзбекстан жалғыз ғана Ташкентімен 43-орында тұр. Біз Алматы, Нұр-Сұлтанымызбен 31-орында болсақ, енді миллионды тұрғыны бар қалалардың қатарына Шымкенттің қосылуымен бұл тізімде бірнеше сатыға жоғары көтерілетініміз анық.
Бұл туралы қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Шымкенттің тарихы мен өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.
Қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғаны, осыған орай бұл мәртебелі міндетті абыройлы атқару мақсаты сөз болды. Конференцияға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен ұлағатты ұстаздары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және өзге де қалалардағы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары қатысты. Жиында ғалымдар жиналған қауымға Шымкенттің түрлі салаларына қатысты ғылыми зерттеулері, Шымшаһардың өткені, бүгіні және келешегі туралы тұжырымдамалары және зерттеулерімен таныстырды. Өз кезегінде Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры Б. Байтанаев: «Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар қала екенін ресми бекітуге аз уақыт қалды. Жаңа жылға дейін ЮНЕСКО арнайы шешім қабылдаса, келер жылы бұл тарихи дата кең көлемде атап өтіледі» — дей келе, «Шын мәнісінде Түркістан қаласына да 2200 жыл толып отыр. Оны марқұм археолог-ғалым Ерболат Сманқұлов Күлтөбенің астынан қазған тарихи деректерімен, дәйектерімен дәлелдеп кеткен. Ал Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған», — деді.

Ж. АРМАНОВА.

Ерлан АЙТАХАНОВ, Шымкент қаласының әкімі:

Келер жылдан бастап Шымкенттің шеткі аудандарында инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарына басымдық беріледі. Бұл ретте атқарылатын жұмыстардың сапалы орындалуына еліміздегі жетекші саяси ұйым «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы тиісті бақылау жасауы қажет.

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының партия активі кезінде қала әкімі Ерлан Айтаханов осылай деді. Сонымен қатар ол Елбасының сайлауалды кезеңде партияның жұмысын күшейту, депутаттар жұмысы мен мәслихаттардың мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру бойынша тиісті шараларды жүйелі жүзеге асыру қажеттігін айтты. Шымкент қаласының әкімі, партия филиалы төрағасы Ерлан Айтаханов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев сонымен қатар, қалалық және аудандық филиалдың саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, депутаттық фракцияның мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысқан жиынның мақсаты – Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның аймақтық филиалдарының өкілдерімен болған кездесуді түсіндіру және аталмыш мәжілісте қаралған тапсырмаларды іске асыру болып табылады.
Шара барысында қалалық партия төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов пен мәслихат хатшысы Ғани Ташқараевтың баяндамалары тыңдалды. Жарыссөзге шыққан мәслихаттың фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін арттыру бойынша ұсынысын ортаға салды.
Мәжілісті қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы партия активіне «Nur Otan»-ның жұмысын жаңғыртуда белсенділік танытуға шақырды. Шара соңында «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай партияға мүшелікке қабылданған бірқатар азаматтарға партиялық билеттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

А. САТЫБАЛДЫ.

Келер жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады. Бұл портал мүмкіндігі шектеулі жандардың игілігі үшін пайдаланылады.

Яғни, жүріп-тұруы қиын азаматтар тап осы портал арқылы мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарына тапсырыс беріп, оған тез әрі оңай қол жеткізе алады. Ең бастысы мүмкіндігі шектеулі азаматтың портал арқылы тапсырыс берген тауарының бағасы стандартта көрсетілген бағадан асып түспеуі тиіс. Мұндай жеңілдікті пайдаланатындардың қатарында Шымкент қаласының тұрғындары да болады.
Осыған орай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған азаматтық белсенділер мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысып, жаңа жүйеге қатысты толық мәлімет алды.
Жиында басқарма басшысының орынбасары Алмас Абдіхадырұлы «Әлеуметтік көмек порталы автоматтандырылған жүйені іске қосудың мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта құру. Мемлекет тарапынан берілетін тауарлар, қызметтер мен жұмыстарды әлеуметтік портал арқылы ұсыну»,- деп түсіндірді.
Алдағы жылы іске қосылатын бұл портал арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар 55 түрлі құрал-жабдықты үйінен шықпай-ақ тегін алуға қол жеткізетін болады. Сонымен қатар осы жүйе арылы шипажайларға да жолдама алу жеңілдей түседі.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша 4 немесе одан көп баласы бар 346 мың отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбекмині әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде (бұдан әрі – АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Таяуда ҚР Еңбекмині тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отыр.
Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді.
Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.
«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.
АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады
Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Түркістан облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

«Жол азабын жүрген білер». Шынында да кез келген сапар алдында жолаушы да, жүргізуші де тиісті талаптарды ескермесе, келеңсіз жағдайға тап болуы ғажап емес. Әсіресе ақ қар, көк мұз болатын қыс мезгілінде сақтық шараларын барынша ескерген абзал.

Осы мақсатта қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, әкімдік мамандары және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп Шымкенттегі бірқатар автобекеттердегі Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз сынды қалаларға қатынайтын қалааралық қоғамдық көліктердің қысқа дайындығын пысықтап, жүргізуші мен тиісті мекеме басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде төтеншеліктер түсіндіру жұмыстары барысында аталған қалаларға адамдарды алып баратын көлік дөңгелектерінің қыс ауасындағы қиын жолдарға шыдас беретін түріне ауыстырылуы, қысқы дизель отынын құюға көшуі сынды мәселелерге басымдық берді. Сонымен қатар олар, қалааралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалымен шұғылданатын мекеме басшыларына жүргізуші денсаулығы тексерілмей оның сапарға шығуына рұқсат беру өрескел қателік екенін, ондай кемшіліктерге жол бергендерге қатаң шара қолданылатынын ескертті.

С. НҰРАЙ.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан салынып біткен спорт нысанын аралап көрді. Мұнда облыс спортшыларының жоғары спорт шеберлігін арттырып, спорт резервін дайындауға, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетуін қамтамасыз ету үшін толық жағдай жасалған.

«Түркістан қаласында спорт мектептері мен стадионның және заман талабына сай ойын алаңдары құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, облыстың түкпір-түкпірінде спорт нысандары бой көтеруде. Осы арқылы спорттық инфрақұрылым дамуда. Бұл жерде болашақ чемпиондар, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары өсіп шығады. Дарынды балалардың кәсіби спортпен айналысып, кәсіби өсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жас спортшыларға арнаған сөзінде.
Солтүстік Қазақстан облысы тарапынан жүргізілген екі қабатты ғимаратта ойын залы, күрес, бокс және тренажер залдары ашылған. Орталық ауласында үлкен стадион орналасқан. Спорт нысанында басқарманың бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру бойынша облыстық спорттық іс-шаралары мен республикалық, халықаралық жарыстары өтеді. Жастар мен жасөспірімдер арасында еркін күрес, грек-рим, дзюдо, бокс, жекпе-жек спорт түрлері бойынша облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өткізілмек.
Жалпы аумағы 3,75 гектар жерді алып жатқан халықаралық талаптарға сай бой түзеген спорт кешенінде бір мезетте 220-дан астам спортшы жаттыға алады.
Мектептің спортшылар резервін дайындайтын оқу-жаттығу базасы да талапқа сай жабдықталған. Жалпы орталықта 148 спортшы кәсіби тұрғыда шұғылданады. Оның ішінде 5 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 121 спортшы спорт шеберлігіне үміткер.
Кешеннің ашылуына орай волейболдан облыс чемпионаты ұйымдастырылды. Шаршы алаңда Түркістан облысының «Жауқазындар» командасы мен Шардара ауданының «Шардара шағалалары» волейбол командалары кездесіп, 2:1 ұпаймен шардаралықтар жеңіске жетті.

Түркістан облысы
әкімінің баспасөз қызметі.

Вакур СҮМЕР, Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Оқырмандарымыз өзіңізді жақыннан танысын деген мақсатпен ғылым жолыңыз туралы аз-кем айтып өтсеңіз…

– Докторантурамды Таяу Шығыс техникалық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасында оқыдым және оқу бағдарламасы бойынша Калифорния-Дэвис университетінде қонақ-ізденуші ретінде 1 жыл (2008-2009 жж.) ізденумен айналыстым. Бұған қоса, докторантурамның бітер шағында АҚШ Чапел-Хилл Солтүстік Каролина университетінде (University of North Carolina-Chapel Hill) тағы да бір жыл (2013-2014жж.) ғылыми зерттеумен айналыстым. Содан бері үзбей ғылыми жұмыстармен айналысып келемін. Ғылым жолындағы нәтижелі еңбегімнің бірі «Түркиядағы су мен саясат: Қайта қалыптасу және Еуропа одағына қосылу» тақырыбында кітабым шықты. Көптеген халықаралық және отандық ғылыми басқосулар мен конференцияларға қатысып, баяндамалар жасадым. Еңбектерім де түрлі ғылыми жинақ бетінде жарияланып тұрды. Еурокомиссия жанында зерттеуші ретінде, бірнеше жобаларда сарапшы ретінде қызмет атқардым. Трансшекаралық өзен-көлдер саясаты, аймақтық саясат, баламалы энергия көздері, климаттық өзгеріс және Түркияның Еуропа одағына кіру үдерістері салалары бойынша зерттеу жұмысымен айналысамын. Қазіргі уақытта Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарып келемін.

– Қазақстан туралы пікіріңіз қандай? Болашағын қалай елестетесіз?
– Ең алдымен Қазақстан жер көлемі үлкен, дамудың өзіндік жолын қалыптастырған бейбітсүйгіш мемлекет. Қазақстан көп ғасырлық мәдени және тарихи құндылықтарға ие, экономикалық даму жолын айқындаған болашағы мықты ел. Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырым болатын Қазақстан Еуразияның жүрегінде Ресей, Қытай және Үндістан секілді әлемдік күшті елдердің арасындағы маңызды географиялық аймақта орналасқан мемлекет. Қазақстан жерасты қазба байлығы жағынан да айрықша маңызға ие. Осындай қасиеттерінен-ақ Қазақстанның әлемде алдыңғы қатарлы ел екендігін және болашақта Азияның қарқынды дамуынан қалмай ілесіп дами береді деп ойлаймын.
Айрықша тоқталғым келетіні Қазақстан Түркияның туысқан мемлекеті. Әңгімеге осы жағынан да келейін. Қазақстан жұртшылығының да Түркияға деген сүйіспеншілігі өте жоғары. Түркия азаматтары Қазақстанды қазіргіден де жақын танып білуі керек, турист ретінде келетіндер саны қазіргі көрсеткіштен бірнеше есе артуына жұмыстар жасалып жатқанына қуанамын. Қазақстанда тарихи жерлер мен қайталанбас табиғат таңғажайыптары бар. Соның бәрі көптеп айтылса, жарнамаланса, басқалардың Қазақстанды көруге, тануға қызығушылығы артып, саяхатшылар көптеп келіп, ел экономикасының дамуына үлес қосады. Жалпы алғанда Орталық Азиядағы ең үлкен елді жақыннан білгісі келетіндер көп. Қазақстан біздің атажұртымыз, сан ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз осы жерлерден көшкен. Мен Түркияда және басқа шетелге шыққан сапарларымда үнемі Қазақстан туралы жылы лебізімді айтып жүремін.

– Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін қашан бастадыңыз және осы аралықта институттың жетістіктері туралы айтып берсеңіз?
– Институттың директоры қызметін 2017 жылдың қыркүйек айынан бастадым. Институтымыз ғылыми-зерттеу саласында түрлі тақырыптар бойынша ғылыми іс-шаралар өткізіп келеді. Мысалы, үшінші реткі Экономика, қаржы және энергия конгресін (EFE — Ekonomi, Finans ve Enerji) 2018 жылдың сәуір айында өткіздік. Конгресте 10 мемлекеттен келген 70 астам ғалымдар өз баяндамаларын ұсынды. Аталған конгресске қатысқан Нобель сыйлығының лауреаты, профессор, доктор Әзиз Санжар құрметті қонағымыз болды. Сонымен қатар, институтқа қарасты ақпарат құралдарын сапасын арттырып, үзіліссіз жарияланып тұруына күш жұмсаймыз. Үш тілде жарық көретін апталық Е-Бюллетеніміз бар. Ай сайын жарыққа шығатын Азия Еуропа (Asya Avrupa) журналымыз оқырмандар тарапынан оң пікірге ие. Институтымыздың жыл бойына Еуразиядағы саясат, экономика, әлеуметтік-мәдени жариялаған дамулар бойынша аналитикалық зерттеу мақалалар дайындалған 4 тілде жарық көретін «Eurasia Outlook» кітабымызды да жыл сайын жариялап келеміз. Бұл жариялағандарымыздан бөлек бірнеше салада кітаптар шығарып та үлгердік. Eurasian Research Journal (Еуразия ғылыми-зерттеу журналы) атты басылымда өз оқырмандарын қалыптастырып үлгерді.
Заман талабына сай, әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданамыз. Twitte, Facebook, Instagram, YouTube сонымен қатар, https://eurasian-research.org/ интернет сайтымызды да жиі-жиі оқырмандарға ыңғайлы сайты болуы үшін кейбір функцияларынан жаңартып, жаңа ақпаратпен толтырып отырамыз. Осындай еңбегіміздің арқасында әлемдік қауымдастықтардың жоғарғы индексі бойынша институт ретінде алғаш рет 2018 жылдың ақпанда 2 категория бойынша жоғары бағаландық. Атап айтқанда, «Халықаралық қатынастар саласындағы ең үздік стратегиялық орталық» және «Орталық Азиядағы ең үздік стратегиялық орталық» категориялары бойынша. Ал 2019 жылдың ақпан айында жарияланған көрсеткіштер бойынша тағы да екі категория бойынша үздік шықтық. Олар «Интернетті өте жақсы қолданатын ұйым» және «Әлеуметтік желіні өте жақсы қолданатын стратегиялық орталық» категориялары. Аталған салалар бойынша үздіктерді анықтауда 8 мыңнан астам орталықтарды салыстыра келе, әр сала бойынша шамамен 100-дей орталықты жоғарғы индекс бойынша талаптарына сай таңдап алыпты.
– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жеткен жетістіктеріне жеке көзқарасыңында бір шолу жасап өтсеңіз!
– Қазақстан тәуелсіз ел ретінде даму жолын тез айқын алған мемлекет. Кеңес одағы ыдыраған соң, посткеңестік елдердің ортақ мәселесі нарықтық экономика көшу үдерісі еді. Алдымен экономика одан кейін саясат қағидасын сәтті жүзеге асырған Елбасы Н. Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан эконоикалық реформаларды сәтті жүзеге асырды. Қазақстан экономикасын әртараптардырып, саяси тұрақтылық қалыптастыру арқылы шетелдік инвесторлардың назарын өзіне қарата алды. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары тұралап қалған ел экономикасына дамытуға үлес қосқанын білеміз. Оның үстіне Қазақстан сыртқы саясатта бейбітшілік пен келісімнің өзіндік моделін қалыптастырған ел ретінде танылды. Орталық Азия мемлекеттер бірлігі, ТМД, Еуроодақ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ сияқты және басқа да халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер арасында Қазақстан өте ақылды және сәтті саясат жүргізіп, өзінің имидждік орнын қалыптастырды. 1992 жылы Лиссабон хаттамасы бойынша ядролық қарудан бас тартып, аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілік одан сайын арттыра түсті. Республиканы астанасы Алматыдан Нұр-Сұлтан (Астана) қаласына ауысып, 1999 жылы UNESCO-ның Бейбітшілік сыйлығын алды. Қазақстан мәдениет пен білім, ғылым саласында да маңызды шешімдер қабылдап, жақсы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Дүниежүзі бойынша бәсекелестікке түсе алатын білім, ғылым мекемелері құрылып, қазақ мәдениетінің жан-жақты дамуына көп қолдау бар. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген салада жасаған реформалары сәтті шығып, аймақтағы және одан да кең географиялық алаңда әлемдік қауымдастықта өзінің маңызды рөлін айқындай білген ел.

– Қазақстанның жаңа заман тарихындағы маңызды тұлға Н. Назарбаевтың Президенттік лауазым тапсырған соң, Қазақстан ішінде, сол аймақта және әлемде бұған қатысты қандай жағдайды сездіңіз? Мұның нәтижесі бойынша алдағы уақытта қандай саяси үдерістер болуы мүмкін?
– Қазақтсанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттіклауазымынан мерзімінен бұрын, өз еркінмен кетуін ешкім күтпеді. Елбасының Қазақстанда жүргізген реформалары мен жоспарланған істері, саяси шешімдерінің нәтижесі тек Қазақстанға ғана емес, сол сәтті аймақ және әлем саясатына да ықпал етіп отыратын. 28 жыл бойы Қазақстанды сәтті басқарып келген Назарбаев мырза 5 рет халқының сеніміне ие болып Президенттік лауазымға сайланған саяси көшбасшы. Халқының сенімінің арқасында Н. Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы деген құрметті лауазымға ие. Осындай құрметтің арқасында Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттілігі тоқтағаннан кейін де, Қазақстанның саяси өміріндегі ықпалы мен құрметі жоғары деңгейде сақталып қала береді. Тұңғыш Президенті — Елбасы лауазымы негізінде Н. Назарбаев әлемдік дейгеді баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруды жалғастыра береді. Мемлекет құраушы қазақ халқымен бейбіт жағдайда өмір сүріп жатқан 100-ден астам этнос өкілдерінің басын біріктіретін қоғамдық-саяси ұйым ретінде Ассамблеяның орны ерекше. Сонымен қатар, Тұңғыш Президенті – Елбасы елдік, ұлттық маңызы бар мәселесі талқылау бойынша Парламентте, Үкімет отырыстарында өз ойын, пікірін айтуға құқы бар саяси тұлға. Н. Назарбаевтың саяси стратегиялық шешімдерінің арқасында Қазақстан көрші елдермен тату-тәтті қарым-қатынаста өмір сүріп келеді. Ресей, Қытай секілді супердержавалармен шекаралық көрші болу онымен қоса арадағы шекараны бөлу, нақты белгілеу үдерісінде асқан қырағылық пен күшті саяси төзімділіктің арқасында Қазақстан көрші шекаралас елдермен ешқандада шиеленіс болмаған.

– Қазақстан жерасты қазба байлықтың мол қорына ие мемлекет. Сонымен қатар, Қазақстанның баламалы энергия көздерін дамыту саласында жасап жатқан жұмыстары туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстанның баламалы энергия көздерін өндіруде көптеген сәттілікке ие ел ретінде танимын. Елдегі жел энергиясын дұрыстап пайдаланатын болса, Қазақстанның қазір тұтынып отырған көрсеткіштен 12 есе көп электр энергиясын өндіруге болады. Онымен қосы елдің оңтүстік аймағынан күн энергиясын өндіруге де болады. Аталған мүмкіндіктерді пайдаланып, елде бірыңғай пайдаланудің үлкен мүмкіндіктері бар. Күн энергиясы тек оңтүстік аймақта ғана емес, елдің басқа аймақтарынан да өндіруге болады. Жел энергиясы үлкен мүмкіндік. Баламалы энергия көздері негізінен күн энергиясы қолдануының артықтылығы да елдегі халық санының аздығы әсерінен бұл саланы игеру біраз кешеуілдеп отыр. Болашақта Қазақстан осы мүмкіндіктерді пайдалананып, өз экономикасына едәуір мөлшерде пайда түсіреді деп сенеміз. Баламалы энергия көздерін пайдалануда Түркияның тәжірибесі мен инвестициясы Қазақстан үшін маңызды болады деп сенемін.

– ХХІ ғасырдағы Қазақстан ең маңызды жобаларының бірі «Нұрлы Жол» бағдарламасы туралы пікіріңізді білсек.
– Сөз басында айтқандай, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік құрылыстың қалыптасып дамуына ерекше мән берді. Бұған қоса халықтың мәдени жағдайын көтеруге де жақсы саяси ахуал қалыптастырды. Елбасы Н. Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Халыққа Жолдауының бәрі де Қазақстан экономикасының дамуына, индустриялық және инновоциялық бағытта дамуының алғышарттары болатынына сенемін. Мұның нәтижесінде Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруіне маңызды қадамдардың бірі болады. Елбасы Халыққа Жолдауларының бәрінде тек экономикалық дамуға мән беріп қоймай, елдегі тұрақтылық пен қоғам арасындағы тыныштықты одан әрі дамытып, Қазақстан халқының бірлігінің артуына жан-жақты мән беріп отырады. Әлемдік экономикалық дағдарысқа шырмалып жатқан тұста, Қазақстан аса көп қиындыққа даму ритмінен ауытқымай, «Нұрлы Жол» бағдарламасынан көрсетілген межелерді уақытысымен орындауды жалғастырып келеді.

– Қазақстанның рухани-мәдени дамуымен қатысты пікіріңізді білсек, сонымен қатар институттың жасап жатқан жұмыстарына да тоқталып өтсеңіз!
– Руханият пен мәдениет саласында Қазақстан көп жақсы істерімен үлгі болатын ел.
Ел ішінде саясаи тұрақтылық пен бейбітшілік болған кезде түрлі салаларды даму мен өсу байқалады. Қазақстанда ешқандай да саяси тартыс пен ереуілдер болмағанын ескерсек рухани және мәдени салада көптеген даму белгілер бар. Түркі әлемінің ақсақалы, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары арқылы бұл саланы бірізділендірді. Қазақстан өзінің тілі мен дәстүрінің дамуына айрықша мән беріп, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап келеді.
Институт ретінде біз Қазақстанның рухани, мәдени салада жасап жатқан саясатын әрқашан қолдап, осы бағытта іс-шаралар өткізіп отырамыз. Сондай ғылыми жиындардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары, археолог Айбар Қасеналиннің археологиялық қазбалары аясында табылған құнды жәдігерлер төңірегінде «Ұлы Дала қазынасы: Қазақстанның жаңа археологиялық ашылымдары» деген атпен өткен конференциясы атап өткім келеді. Ғылыми басқосу жиынында Алтын Орда кезеңі мен қазақ даласының сол кезеңде де маңызды, саяси аймақ болғанын ғылыми негізді танысуға тырыстық. Салматы 250 гр. болатын алтын тостаған мен алтын сырғаның Алтын Орда дәуіріне қатысты екені туралы ақпарат жиынға қатысушылар үшін де өте маңызды, ғылыми тұжырым болды.
Тағы да айта кететін маңызды іс-шара ол – Елбасының бағдарламалық мақалаларын қолдау және жандандыру мақсатында Қазақстанда ғана емес Түркі халықтары арасында тұңғыш рет ескі қолжазбаларға қатысты «Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеу (Қолжазбаларды жариялау, каталогын жасау және цифрлау) халықаралық симпозиумын» бірнеше ғылыми мекемелермен бірлесіп өткіздік. Симпозиумға АҚШ, Германия, Түркия, Ресей, Иран, Грузия және Орталық Азия елдерінен келген Түркітану ғылымдағы есімдері белгілі 50-ден астам түркітанушалар қатысып, баяндама жасады. Жан-жақты ортақ зерттеуді қажет ететін ескі қолжазбалардағы тарихи сырлар мен деректерді ортаға шығару ғылыми жаңалық болады. Институт үлкен істің алғышарттарын жасады.

– Қазақстан мен Түркия азаматтары арасындағы бауырлас елге деген көзқарас пен пікірлері туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстан мен Түркия арасында барлық саладағы қарым-қатынас өте жоғары деңгейде жақсы қалыптасқан. Екі ел басшыларының жиі-жиі кездесуінің өзі жақсылықтың нышаны деп есептеймін. Қазақстан Тәуелсіздік жариялаған сәтте, бір сағатқа жетер-жетпес уақытта ең алғаш таныған және мойындаған мемлекет. Осы үшін де қазақстандықтардың Түркияға деген ықыластары ерекше. Түркиядағы 15-шілде оқиғасынан кейін Түркияға ең алғаш болып ресми сапармен келген Қазақстан Президенті (2016ж. Ред.) Нұрсұлтан Назарбаев еді. Түркия мен Қазақстан түрлі алаңдарда бірнеше халықарылқ ұйымдар аясында одақтас елдер. Екі мемлекеттің бірлескен қолдауымен құрылған Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің екі елдің жоғарғы оқу орындары арасында өз орнын бар. Университет түлектері тек Түркияға немесе тек Қазақстанға ғана емес, жалпы түркі әлеміне қызмет етіп келе жатыр. Аталған университетке қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты білім мен ғылымды саласында Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға, арттыруға жұмыс жасап жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Еркінбек СЕРІКБАЙ.

2018 жылдан кейінге қалдырылған Салық кодексінің жеке кәсіпкерлермен патент негізінде арнайы салық режимін
қолдану талаптарының өзгеруі туралы нормалары 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енеді.

2020 жылдан бастап патент негізіндегі арнайы салық режимін 32 іс-әрекет түрі бойынша кәсіпкерлік қызмет атқаратын жеке кәсіпкерлер қолдануға құқылы. Олар сылақ жұмыстарын, ағаш ұсталығы мен ағаш шеберлігі жұмыстарын, еден жабу және қабырға қаптау жөніндегі жұмыстарын, бояу және шынылау жұмыстарын, такси қызметін, автомобиль көлігімен жүк тасымалдау жұмыстарын жасаушылар. Бұл талап сыйақы үшін немесе шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқаруды, фотография саласындағы қызметті, аударма (ауызша және жазбаша) ісін, мүліктік жалдауға (жалға) беруді, көлік құралдарын мүліктік жалдауға (жалға) беруді, ойын-сауық және спорттық құрал-жабдықтарды жалға және мүліктік жалдауға (жалға) беруді, бейнежазбалар мен дискілерді прокатқа беруді, басқа да жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды прокатқа беруді және мүліктік жалдауға (жалға) беруді, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) беруді, есептеуіш техниканы қоса алғанда, кеңсе машиналары мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) беруді кәсіп қылғандарда да қатысты.
Сонымен қатар спорттық білім және бос уақытты ұйымдастыру мамандарына білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді, мәдениет саласындағы білім берудің көрсетілетін қызметтерін, басқа да білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді, қосалқы білім беру қызметтерін, өнер саласындағы қызметті, компьютерлерді және перифериялық жабдықты жөндеуді, коммуникациялық жабдықты жөндеуді, жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеуді, шаштараз қызметтерін, маникюрді және педикюрді, ветеринариялық бағытта көрсетілетін қызметтерді, жер учаскелерін өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді, тұрғын үй-жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді, базарларда, вокзалдарда жүк тасушылар көрсететін қызметтерді, музыкалық аспаптарды жасауды және жөндеуді, үй жануарларын бағуды жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер де патент негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға құқылы.
Бұл ретте, жоғарыда көрсетілген тізбеде жоқ іс-әрекетпен айналысатын жеке кәсіпкерлер келесі салық салу режимдерінің бірін таңдауы қажет. Атап айтқанда оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі және жалпыға бірдей белгіленген тәртіп.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін немесе тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану үшін 2020 жылдың 1-қаңтарына дейін қолданатын салық салу режимі туралы хабарламаны тапсыру қажет.
Егер 2020 жылдың 1-қаңтарына дейін қолданатын салық салу режимі туралы хабарламаны тапсырмаған жағдайда, жеке кәсіпкер жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салық салу тәртібіне ауысуға мүдделі.
Одан басқа, бюджетпен патент арқылы есеп айырысуды жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап бақылау-касса машиналарын қолданудан босатылу күшін жояды.
Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында тіркелген салық төлеушілер осы және өзге де ақпаратты Шымкент қаласы, А. Байтұрсынов көшесі №68 үй мекенжайынан немесе 36-71-14 байланыс телефоны арқылы алуға болады.

Қ. САПАРБЕКОВА,
Шымкент қаласы, Еңбекші
ауданы бойынша мемлекеттік
кірістер басқармасы «Салық
төлеушілердің ақпараттарын
қабылдау мен өңдеу және
салықтық тіркеу орталығы» бөлімінің басшысы.

Болатбек ӘЛИЕВ,кәсіпкер:

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов кәсіпкерлермен галстуксіз кездесу өткізді. Алқым түйені ағытып өткізген бұл басқосуда бизнестің майын ішіп, жілігін шаққан азаматтар өз ұсыныстарын ортаға салып, көкейлерінде кептелген мәселелерді қала әкімінің алдына көлденең тартуға мүмкіндік алды.

Осы басқосуда кезінде облыс әкімінің орынбасары болған Болатбек Әлиев Шымкент қалалық мәслихатына қарата «Бізде жаңадан әкім тағайындалған кезде бюджеттің барлығы қайта қаралады. Мен ендігі жерде бюджетті қарау кезінде келесі әкім келген жағдайда сол құжат бойынша нақты жұмыстарды қолға алатындай етіп, бекітетіндей етуге қол жеткізілсе дегенді айтқым келеді. Мәслихат өзінің бекіткен бюджетін жаңа әкім тағайындалса қайтадан бұзбаса» деген ұсыныс тастады. Кейіннен өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына осы жиын кезінде бірнеше ұсыныстар тастағанын, қала әкімі оларды қарап шығуға уәде бергені туралы мәлімдеп, «қалалық мәслихат депутаттарына: өз шешімдеріңізді жылына бірнеше рет өзгертпеңіздер. Әсіресе қала әкімі жаңарған кезде. Сіздер «Шатқал» сынды нәтижесіз жобаларды емес, қаланың дамуы туралы бас жоспарға сүйеніңіздер» деген талап тастапты.
Соңғы кездері Болатбек Әлиев желіде белсенділігімен көзге түсіп келеді. Жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин нарықтағы азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты үш вице-министрге сөгіс жариялағаны баршаға аян. Жұрт желіде талқылаған бұл жаңалыққа Болатбек Әлиев «министрлерге, әкімдерге 20 рет сөгіс жарияланса да, бәрібір ештеңе өзгермейді. Мұның барлығы спектакль ғана» деген пікір білдірген екен.
Бізге Әлиевтің бұлай ашық әрі нақты пікір білдіруі кезінде биліктің бір бишігін ұстаған жылдарында сондай қойылымның «актері» болғанын аңғартқандай әсер қалдырды. Ал сізге ше?

С. НҰРАЙ.

Осыдан екі ай бұрын ел арасында ең көп талқыланған тақырыптың бірі – мақсатты түрде игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы еді. Сол кезде жұрт елдің ен байлығын иеленіп алып, е өзіне, е өзгенің де пайдасына жаратпай, өздерін жартықұдай сезініп жүретіндерге тықыр таянғанын, бұл дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім екенін желі арқылы жарыса жазып, Тоқаевтың «арқасынан қаққан» адамдарда есеп болмаған. Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген осы тапсырмасынан соң Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәселеге шындап кіріскендей болып, нақты шаралардың қабылданатынын айтқан. Бұл туралы отандық БАҚ жазған. Тиісінше қоғам белсенділері де Президенттің сол тапсырмасына сүйене отырып, жерді мақсатсыз иеленгендерге қолданылатын тиісті шаралардың сөзден іске көшетін уақыты келгенін айтудай-ақ айтып келе жатыр. Бірақ мәселені орындауға келгенде жергілікті атқарушы органдар жұмған аузын ашуға асықпағаны белгілі еді.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына барған сапары кезінде Жолдауда айтылған тапсырманы орындауға құлық танытпаған шенеуніктерді сын тезіне алып, түйіткілді түйінді көрмей жатқан шіркіндерге шара көрілетінін қадап айтты.
Содан бірер күн өткеннен соң еліміздің Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров игерусіз жатқан ауыл шаруашылық жерлерінің салығы 20 есеге көбейетінін, бұл бағыттағы заң жобасы әзірлену үстінде екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол, облыстық мәслихаттар мақсатты түрде қолданылмай жатқан телімдерге салықты 10 есеге өсіруге уәкілетті екенін де айтты. Министр салық көбейгеннен соң жерді негізсіз иеленгендер оны мемлекет меншігіне өткізеді деп болжап отыр. Министрдің бұл болжамы қалай іске асатыны әлі белгісіз.
Жерді игермегендермен күрес жұмыстарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілі толмаса, ал Ауыл шаруашылық министрі бұл бағыттағы жұмыстарды орындауда жергілікті әкімдіктер сылбырлық танытқанын ашық айтты. Оның айтуынша жерді бақылау міндеті 2014 жылы жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Содан бергі уақытта тиісті тексеріс 2,7 есе, анықталған кемшіліктердің көзін жою 4,5 есе қысқарған екен. Осыны тілге тиек еткен министр жергілікті әкімдіктер тиісті жұмыстарды пысықтау қажеттігін қатаң ескертті.
Бүгінгі таңда Ауыл шрауашылығы министрлігінің жергілікті әкімдіктермен бірлесе жүргізген жұмысының нәтижесінде, елімізде 2,2 млн. гектар жердің игерілмей жатқаны белгілі болған. Олардың барлығы да мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Осыған орай 400 мың гектар жерге қатысты материалдар сот қарауына өткен. 1,2 миллион гектар жерге қосымша тексеріс жүргізіліп, оның материалдары сотқа дайындалу үстінде болса, 600 мың гектар жерге бақылау шаралары қолға алынған.
Осы деректерді хабарлаған Сапархан Омаров алдағы уақытта жерді тиімсіз пайдаланғандардың тізімі жарияланатын «Блэклист» реестрі құрылатынын да жеткізді. Ведомства басшысы сол реестрге есім-сойы енген азаматтардың мемлекеттік қолдау мен түрлі жеңілдіктерден қағылатынын да құлаққағыс етті.
Жерді мақсатсыз игергендерге қарсы күрес жұмыстары бойынша жүзеге асатын осы және өзге жұмыстар туралы мұндай мәліметтерді министрдің бұған дейін емес, Президент сынынан соң таратып жатқаны сәйкестік пе әлде сыннан соң нақты іске көшу ме? Қайткен күнде де аяғы нәтижелі болсын.

Қ. ҚАЛИЕВ.