Маңызды

Осы аптада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс түнгі Түркістан
шаһарын аралап, сала басшыларына тиісті тапсырма берді.

Аймақ әкімі қаладағы екі шақырым жерде жаңадан орнатылған жарықтандыру желісінің құрылысын көріп, жобаның ерекшеліктерінен хабардар болды. Көшені жарықтандыру үшін қолданылған жарықшамдар ылғал мен ауа райының барлық құбылыстарына төзімді. Сонымен қатар электр қуатын тұтынуда барынша тиімді. Ең бастысы көшелерді жарықтандыруды қашықтан басқарып отыруға болады.
Жарықтандырылған көшенің тағы бір ерекшелігі мұнда бейнебақылау камераларының орнатылуы. Бұл бейнекамералар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шұғыл жағдайлар орын алған кезде тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуіне зор ықпалын тигізбек. Өкінішке орай бейнемкамераларды қаланың барлық көшелеріне орнату әзірге мүмкін емес. Оған қаржының жеткіліксіздігі себеп.
Жарықтандыру жұмыстары жолға қойылған көшені аралау кезінде өңір әкімі Өмірзақ Естайұлы сала басшыларына «Жыл соңына дейін қала көшелерінің 24 пайызы жарықтандырылады. Түркістан түндері жарық әрі қауіпсіз болуы керек» дегенді баса айтты.

С. НҰРАЙ.

Түркістан облысында жұмыс істейтін шаруа қожалықтарының саны 70 мыңнан асып жығылады. Ауыл шаруашылығы саласының әр бағыты бойынша істің көзін тауып, кәсібін алға сүйреп жүрген диқандар қауымының ала жаз бойы еткен еңбегінің арқасында алқап астыққа толған. Мәселен, облыста ағымдағы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 450 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда едәуір артқан.

Жыл басынан бастап саладағы ең маңызды мәселелерге зер салудың нәтижесінде есепті кезеңдегі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған. Айталық, 7,0 мың гектар егістік алқабына тамшылатып суғару әдісі енгізілген. Осылайша тамшылатып суғару әдісі енгізілген алқап көлемі 16,8 мың гектарға жеткен. Есепті кезеңде жаңадан 400-ден астам шағын бордақылау алаңдары, 12 құс фермасы мен балық шаруашылықтары ашылған. Дәл осы сала бойынша жалпы құны 103,3 млрд. теңгені құрайтын 553 жоба әзірленген. Мамандар осы жобалардың барлығы жүзеге асатын болса 4500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлімдеуде. Бүгінде аталған жобалардың тең жартысы іске асқан. Және ашылған жобалардың көпшілігі мал шаруашылығын дамыту саласына бағытталған. Мал шаруашылығы демекші күнгей өңірі ірі қара мен уақ мал еттерін Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Иран, және Бахрейн елдеріне экспорттаған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы мен Беларусь мемлекетіне 304 мың тоннадан астам қауын, қарбыз өнімдерін шығарған. Жалпы 2019 жылдың 9 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 157,3 млн. АҚШ долларын құраған.
Бұдан бөлек Түркістан облысында егістік алқаптарды әртараптандыру мақсатында мал азықтық дақылдарға көңіл бөлінуде. Естеріңізде болса осы жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында жем шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайызды құрайтынын мәлімдеп, бұл бағытта тиісті тапсырмалар берген болатын.

С. НҰРАЙ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамды диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған тапсырмасы негізінде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері көзделген заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі. Осыған орай атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктері бойынша 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нұрсейітов журналистерге берген брифингінде осылай деді.
Департамент басшысы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндіру барысында 4 баласы бар отбасыларға 42500 теңге, 5 балаға -53125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленетінін айтты.
Сонымен қатар ол, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға орташа мөлшері 16100 теңгені құрайтын мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала беретінін жеткізді.

С. НҰРАЙ.

Ербол САДЫР,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9-шілдедегі №490, 23-қыркүйектегі №701 Қаулыларына сәйкес Шымкент қаласына республикалық бюджеттен 22 млрд. 320 млн. теңге қосымша трансферт келген. Оның ішінде ағымды трансферт бойынша 20 млрд. 160 млн. теңге, даму трансферті бойынша 2 млрд. 160 млн. теңге бөлінді.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.
Өз кезегінде ол аталған трансферттердің қандай салаларға бағытталатынын былай деп жіктеп берді.
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 10 млрд. 981,3 млн., жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй салуға (304 пәтер) 2 млрд. 160,0 млн., тұрғын үй сатып алуға (600 пәтер) 4 млрд. 320,0 млн., жастар практикасына және жаңа бизнес идеяларын іске асыруға мемлекеттік гранттар беруге 2 млрд. 020,0 млн., жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд. 111,3 млн., азаматтық және мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысын арттыруға 778,3 млн., көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жоғары білімі бар маман даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 111,4 млн., жұмыс біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитындарға шәкіртақыны ұлғайтуға 106,4 млн., орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруға 732,1 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр, — деді Ербол Әбілхайырұлы.
Сонымен қатар ол, қала әкімі Ерлан Айтахановтың тапсырмасына сәйкес қала бюджетіне талдау жүргізілген кезде көптеген кемшіліктер анықталғанын тілге тиек етті. Сөзінің айғағы ретінде бірнеше көшеге асфальт салу жұмыстары басталып, қаржының жетімсіздігінен олардың сақалды құрылысқа айналып шыға келгенін мысал ретінде айтып өтті. Яғни, жұмысқа жауаптылар «аз болса да саз болсын» деген принципке жүгінбеген. Немесе «көрпесіне қарай көсілмеген». Және де ол бюджетті талдау кезінде ең бірінші кезекте орындалуы тиіс жұмыстар кейінге ысырылып келгенін, сол олқылықтарды ретке келтіру үшін бюджетті нақтылау кезінде негізгі бағыттарға мән беріліп отырғанын алға тартты.
– Біз бюджетті нақтылау барысында талдау жасадық. Соған байланысты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ұстау шығындарына 383 млн. теңге қосымша қаржы бөлінеді. Одан соң мүгедек азаматтарды қолдауға байланысты қосымша 200,0 млн теңге, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға 140,3 млн. теңге, тұрғындардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етуге 81,0 млн. теңге, мүгедектерге медициналық әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің күтіп ұстау шығындарына 90,8 млн. теңге, ішкі орамдық жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеу және қымтау жұмыстарына 400,0 млн. теңге, 7 көшедегі орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 176,8 млн. теңге, қаладағы 3 тұрғын үйдің сейсмикалық нығайту жұмыстарын аяқтауға 77,4 млн. теңге, «Шымкент сити» орталығындағы 504 пәтерлі 8 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 1 171,3 млн. теңге, «Сайрам» тұрғын алабы «Тассай» бөлімшесіндегі газ жүйелерінің және «Нұрсат» шағын ауданындағы «Бахыт» тұрғын үй кешенінің инженерлік-инфрақұрылымының құрылысын аяқтауға 126,2 млн. теңге және т.б. қаржы бөлінеді,-деді.
Тағы бір айта кететін жәйт «Достық» мөлтек ауданынан Сыпырған ата көшесі арқылы Темірлан тас жолына дейінгі магистралды су өткізгіштің құрылысын аяқтауға 300,0 млн. теңге қаржы бөлінеді. Қала әкімінің орынбасары 100 мың халықты сапалы ауыз сумен қамтитын бұл жобаның дайындалып, бекітілгеніне екі жыл өткенін, бірақ оның осы күнге дейін іске аспағанын, мұны бюджетті игеру жоспарының дұрыс түзілмегендігімен байланыстырды.
Осыған орай қала бюджетінің көлемі көлемі 215,7 млрд. теңгеден 237,1 млрд.теңгеге жетіп, өсім 21,4 млрд. теңгені құраған.
Айтпақшы, осы жиын кезінде Ербол Садыр мырза Шымкент қаласының бюджеті 240 млрд. теңге екенін, бұл өзге өңірлермен салыстырғанда өте аз екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша СҚО бюджеті 239 млрд., Алматы қаласының бюджеті 586 млрд., Нұр-Сұлтан қаласының бюджеті 473 млрд., Қызылорда облысының бюджеті 293 млрд., Жамбыл облысының бюджеті 329 млрд. теңгені құрайды екен. Мұның өзі Шымкентте көптеген қордаланған мәселелердің шешілуіне мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

С. НҰРАЙ

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы сервисті іске қосқан. Оның көмегімен кез келген азамат өз атына қанша нөмірдің тіркелгенін анықтай алады. Бірақ нақты кандай нөмір екенін біліп, оны тіркеуден шығару үшін ұялы байланыс операторларының кеңесесіне баруларына тура келеді.

Бұл туралы еліміздің Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко мәлімдеді.
Аталған сервистің көмегімен біраз адамдар өздерінің атына мыңдаған бөтен нөмірлердің тіркелгенін білген. Бұл ақпаратқа қатысты Виталий Ярошенко төмендегідей мәлімет берді.
– Осы сервис арқылы адамдар белсенді түрде өз нөмірлерін тексере бастады. Мәселен бір адам өзінің атында 30-40 мың нөмір тіркелген анықтап отыр. Өз атыңызға бөтен нөмірдің тіркелгенінің бірнеше қаупі бар. Аяқ астынан Сіздің SIM-картаңыз бұғатталуы мүмкін. Өйткені SIM-карта иесі кез келген уақытта ұялы байланыс операторының кеңсесіне келіп нөмірді бұғаттауға құқы бар. Бұдан бөлек ол, нөмір арқылы кімдерге қоңырау шалынып, хабарламалар мен интернет трафик туралы ақпар ала алады. Сонымен қатар, бұғаттауға түскен SIM-картадағы бірліктерді өзге нөмірге аударуға да мүмкіндігі бар,-деді.
Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы атыңызға тіркелген нөмір арқылы өзге азаматтар заңға қайшы әрекет жасаса, ең алғашқы сұрау Сізден болатынын да қатаң ескертті.
Осыларды алға тартқан Виталий Ярошенко бөтен адамның атына тіркелген нөмірлерді пайдаланбауға кеңес берді. Жалпы ұялы байланыс операторларының өкілдері отандық БАҚ-қа берген мәлімдемесінде азаматтардың атына мыңдаған бөтен нөмірді техника және электроника сататын дүкендердің тіркегенін алға тартқан. Яғни, тұрғындар затты несиеге немесе бөліп төлеу арқылы алғанда өздерінің жеке мәліметін жария етіп, осындай жағдайдың құрбаны болған.
Тиісті министрлік елімізде 42 миллион нөмірдің тіркелгенін ресми түрде мәлімдеуде. Бұл SIM карталардың барлығы да қолданыста. Мұның өзі 18 миллионнан аса халқы бар Қазақстан азаматтарының әрбірінде кемінде үш-төрт нөмір бар екенінің айғағы болса керек.

М. ӘДБІРАЙЫМ.

Түркістан облысының шетелдік инвесторлар арасында танымалдылығы артып, облыс әлеуеті жаһандық аренада жиі талқыға түсуде.

FT Live Events ұйымдастыруымен Лондон қаласында өткен «Kazakhstan Global Investment Forum 2019» Қазақстан-Британ инвестициялық форумында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері және инвестициялық мүмкіндіктер ортаға салынды. Іс-шара Қазақстанның бизнес және инвестиция саласындағы кең мүмкіндіктері мен елдегі экономикалық жетістіктерге арналды. Форумға 400-ден астам делегаттар, Ұлыбританияның және басқа елдердің ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм саласындағы корпоративтік инвесторлары бас қосты. Түркістан облысының атынан облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастаған «Turkistan invest», «Turkistan» арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарының басқарушы компанияларының басшыларынан құралған делегация қатысты. «Road show» өңірлер мен арнайы экономикалық аймақтар панельдік сессиясында Түркістан облысы тұңғыш рет Қазақстанның жаңа аймағы ретінде шетелдік инвесторлардың назарына ұсынылып, инвестициялық және туристік әлеуетіне қызығушылық тудыруда. Жаңа жобалардың жүзеге асуы негізгі капиталға инвестиция салу ғана емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарының ашылуын, білім мен жаңа технологиялар трансферті арқылы аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге жол ашады. Панельдік сессия соңында Түркістан облысының делегациясы ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші корпоративті инвесторлармен 25-тен астам «G2B» кездесулерін өткізді. Іс-шара аясында «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағына үздік еркін экономикалық аймақ құрғаны үшін «Global Free Zones of the Year 2019» сыйлығы берілді. Түркістан облысының делегациясы бүкіл әлем бойынша инновациялық шешімдерді ұсыну және инвестициялар тарту бойынша іскери ақпараттың танымал әлемдік көзі болып табылатын Financial Times-пен одан әрі ынтымақтастықты дамытуды және бірнеше жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Британдық инвесторлар мен туристердің аймақпен танысу және тараптар арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мақсатында Түркістан облысына сапары күтілуде.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2019 жылы атқарған, алдағы атқарылатын жұмыстары туралы осы салаға жауапты бөлім басшысы Бауыржан Әбенұлымен шағын сұхбат жүргізген едік, сол сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Бауыржан Әбенұлы, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі саналатын халықты ауыз сумен қамту жұмыстары ауданда қандай дәрежеде жүргізілуде?

– Аудандағы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылмаған 6 елді мекендерге атап айтқанда, Қайнар, Раң, Шаға, Көктөбе, Ақсүмбе, Абай елді мекендерінің ішіне су құбырын жүргізуге, облыстық бюджеттен 2018 жылға қаржы қаралған болатын. Аталған елді мекендерді сумен жабдықтау үшін заңға сәйкес облыстық сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылған. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, жеңімпаз мердігерлермен келісім шарт түзіліп жұмыстар 2018 жылы басталған. Аталған нысандардың құрылысы 2019 жылға өтпелі. Көктөбе елді мекенінің сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып, қабылданған. Қалған бес елді мекеннің сумен жабдықтау жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүруде. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылының «Теріскей» мөлтек ауданын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту үшін, жобалық сметалық құжаттамалар жасалып, жобаны қаржыландыру үшін облыстық бюджетке ұсынылған болатын. 2019 жылы аталған жобаға қаржы қаралып, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған конкурстың нәтижесінде жеңімпаз анықталып, қазіргі таңда, Теріскей мөлтек ауданының сумен жабдықтау жұмыстары басталуда. Ауыз су тарату жүйесі 2020 жылы пайдалануға берілетін болады.
Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елді мекендерінің жер асты суын зерттеу жұмыстары 2017 жылдан бері жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы 2019 жылдың соңына дейін қолымызға тиеді деп отырмыз.
Қорытынды алынған соң ауыз сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады.

– Аудан әкімінің кезекті есеп берулерінде ауданның елді мекендеріндегі тұрғындардың басым көпшілігі ауыл көшелерін орташа (асфальттеу) жөндеу туралы көптеп мәселе көтерген еді. Содан бері нендей жұмыстар іске асырылды?

– Ағымдағы жылы аудан елді мекендерінің 24 көшесіне яғни 20,2 шақырымға (Оның ішінде Шолаққорған ауылы бойынша 11 көшеге 10 шақырым) орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мердігерлермен келісім шарт түзілді. Қазіргі таңда аудан елді мекендерінің 24 көшесіне орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Шолаққорған ауылының 17 көшесіне 18,6 шақырымға орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджетке сұраныс жолданып, қаржы қаралған болатын. Қазіргі таңда 17 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүруде.

– Аудандағы тұрғындардың жіті назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл жұмыстар қай деңгейде атқарылуда?

– Өте орынды сұрақ, жалпы «Еврохим Қаратау» ЖШС-не тартылатын магистралды газ құбырының Жаңатас қаласына бұру бөлігінен Созақ ауданына дейін 43,8 шақырым тартылатын жоғары қысымды газ құбырының ЖСҚ-ы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылып 22.11.2018 жылы №19-0346/18 оң қорытындысы алынған. Ауданды газбен жабдықтау жұмыстары үшін облыстық бюджетке ұсынылды.
2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде анықталған жеңімпаз мердігер «StroуGazСompany» ЖШС мен келісім шарт түзіліп құрылыс жұмыстары басталуда.
Шолаққорған ауылының ішкі жүйелерін газбен жабдықтау жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылып 25.01.2019 жылдың 25 қаңтарындағы № 19-0014/19 сараптаудың оң қорытындысы алынған болатын. Бұл жобаны қаржыландыру үшін облыстық бюджетке ұсыныс енгізілді.

– «Тазалық-денсаулық кепілі», «Жасыл желек жанның көркі» десек, аудан орталығы мен елді мекендерді көркейту, көгалдандыру санитарлық тазалық жұмыстары басты орында десек, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға алып қосарыңыз бар ма?

– 2019 жылдың наурыз айынан бастап аудан бойынша ауылдық округтер мен кенттерде, барлық мемлекеттік, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуымен 8 рет сенбіліктер өткізілді.
Сенбілік жұмыстарына 181 шақырым көше бойлары, 24 шақырым аяқ жолдар, 9110 шаршы метр үй іргелік аулалар, 11 шақырым су жүйелері арналарын тазалау жүргізіліп, нәтижесінде 423 тонна күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Ағымдағы жылы Шолаққорған ауылынан шыға беріс Шолаққорған-Созақ бағытындағы мазараттан бастап, Ә. Молдағұлова мектебіне дейін автомобиль жолдарының бойы әсем безендірілген шарбақтармен қоршалды. Әлі де атқарылуға тиісті назарымызда тұрған жұмыстар көп. Шолаққорған ауылынан «Ақшам» шағын ауданынан саябақ және Ишанбұлақ демалыс аймағының сметалық құжаттамасы әзірленіп облыстық бюджетке қаржы қарауға ұсынылған. Бүгінгі күні қаржы қаралып, Шолаққорған ауылының жастарының қолайлы демалып серуендеуі үшін саябақтардың абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– «Қыс қыр астында» дегендей алдағы 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымына әзірлік деңгейі жөнінде хабардар етсеңіз?
– Cозақ ауданы бойынша 2018-2019 жылдарға жылу беру маусымы 2018 жылдың 15 қазанынан басталып, жылу беру мерзімінің аяқталуы 2019 жылдың 15 сәуірінен бастап тоқтатылды.
2018-2019 жылдары жылу беру маусымында аудандағы бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінде апатты және келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ.
Созақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдарға жылу беру маусымына дайындық барысы туралы 2019 жылдың 21 ақпандағы аудан әкімімен «Созақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдары жылу беру маусымына нысандарды дайындау туралы» іс-шарасы бекітілген. Осы іс-шараға сәйкес 2019-2020 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік мекемелердің, атап айтқанда аудан әкімдігінің білім бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне қарасты мекемелрдің жылу жүйелеріне гидравликалық сығымдау жұмыстары жүргізілген. Қорытындысы бойынша акт толтырылып, дайындық паспорттары әзірленді.
Сұқбатыңызға рахмет. Бұл кеңесіңізді көпшілік оқырман, аудан жұртшылығы қаперіне алар деген ойдамыз. Еңбектеріңізге тек сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан:
Мақсат Қарғабай.

Бұл әуелгі Адам (ғ.с) әрі соңғы ақыреттік Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға дейін өзгеріссіз жеткен бірқатар ұлағаттар ішіндегі адамды кілт тоқтататын ерекше оқшау хадис. «Асыл сөзге өлім жоқ» демекші, құны ес жидыртатын өсиет. Білгенін істеу деген — хайуан тірлік. Ал, одан жоғары тұру – адамилық. Адам ойында бір ғана өтірік пен санада сәл қиянат болса, кеудедегі жүректің кірленуіне жетіп артылады. Ал, қол ұрлыққа, аяқ арамға жүгіре берсе, онда бойдан ұят кетті деген сөз. Жалпы, ұят деген не, оны кім қалай пайымдап жүр, пайызы қанша?

Қазақтың кеңдігінде абырой, ар-намыс, қадір-қасиет ұяттың туыстары. Алайда, ұят күннің көзінен көлеңке іздеген Күнікей қыздай, адам табиғатына өлшеусіз жасырынған қысымды күш екенін көбісі біле бермейді. Ол әркімге әрқалай емес, барша адамзатқа бірдей егілген табиғи екпе. Рухты таза ұстайтын иманмен тамырлас тұқым. Адамилықтың қазығы, адамгершіліктің атасы, ізгіліктің анасы.
Бір адамды ұяттылыққа шақырып отырған сахабаны Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар тоқтатып «Ұят сөзбен сіңдіретін дүние емес, ол иманнан» дегені бар. Ал, «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі-ұят. Ұят пен иман тығыз байланысты» деген хадисте мұсылманның болмысы жатыр. Бұдан бой мен ауыз қуысты таза ұстау, некелесу, ұят сақтау тәрізді жан мен тән тазалығы пайғамбарлар дәстүрі болып қалыптасқан.
«Әдеттілік, арлылық пен махаббат-қабірден әрі өткендегі үш жолдасың» дегенді білген аталарымыз ар-ұятпен туылып, абыроймен дүние салған тәуірлеріміз. Олар пұлға арын сатқан, бұлданған, кекірейген, түрлі-түсті антұрғаннан сабақ ала білген ақылдылар. Ұятсызбен ұстаспаған, оны тыңдап, тілін тәрбиелеген, оған қарап қылығын түзеген. Алдына атойлап келген жөнсізді жұмсақ тілімен жөнге келтірген, әдепсізді әдемі сөзімен шығарып салған. Шіркін-ай, сағындырып сағым болған сол кезеңнің ұяты ұлтымыздың мінезі еді ғой. Ұяттан аттап өту, өзін жауға беру саналатын. Әріден ұят санаға сақтық, Құдайдан қорқудың шегесі-тін. Дегенмен, «Сырты сұлуға көз, іші сұлуға жүрек қызығады» деген халықпыз. Ол дәуірдің арлы аналарымыз өз алдына бір өмір еді. Өйткені, қазақтың кез-келген келіншегі күйеуіне жас көңілін білдіре алмайтын. Он шақты ұрпағын шұбыртып, ел алдында ақ жаулықты ана атанғанымен, үйдегі отағасыға ләм деуге батылы жетпейтін. Немерелеріне кимешекті әже болса да, қарт қариясына тіктеп қарамайтын. Иманның күштілігі сонша, сол жандар имене төмен қараған жүздерімен, қадірін өсірген қастерлі ұятын кебін етіп, жұмағының іргетасын осы өмірден бастап өріп кетті. Алайда, бұдан артық болмаса, олар ешкімнен кемімеді, еш жасымады, бірде-бір өкінбеді. Себебі, өз өмірлеріне өздері қайшы болып, Алланың берген жақсы қасиетін санасымен қимады. Сонда, олар ұялшақ болған ба? Әлбетте, ұяңдық ұяттың бір бұтағы. Тек, ұялу ұятты мінез емес. Керісінше, ұяттылық-мәдениеттілік, инабаттылық, көрегенділік, ибалылық! Ал, қазіргі аңыраған қазақ ненің ұятты, ненің ұятты емесін ажырата алмай қалғандай.
Адамның түйсік қызметін жүйелеуші әдеп. Ал, ұят осы әдептің бір мүшесі. Ол санаға шек, тілге тиек, жүріске тоқтам. Үш түрлі ұят яғни Алладан, адамнан, өзінен ұялу бар. Ұяттың Ұлы Иесі Жаратушыдан адамның ұялуы тиісті. Жаны мұрын ұшына жеткенде, саудасы тығырыққа тірелгенде, отбасы қиындыққа ұшырағанда, Оған алақанын тосып, екі қолын ұялмастан жаяды, жылана сұрайды. Ал, Оның бұйрықтары мен тыйымына келгенде, бойын не ойын ұсынбақ түгілі, ұмытып кетеді. Міне, осы тұста адамның ұяты өлшенеді. Алладан ұялу — Жаратқанға құрмет, Оның назарын әркез сезіну, Оның алдында абыройын сақтау деген мән. Алайда, бұл мән екінің бірінен табыла бермейді. Ал, адамдардан ұялу — өзгеге құрмет. Өзінен ұялу — өзін сыйлағаны, ұятымен үндескені. Мәселен өмірде «Өзін танығысы келген адам жалғыз қалғандағы ахуалына қарасын» деген ғұламалар бар. Тіптен «Адамдардан ұялғанша, өзіңнен өзің ұял» деп, «Ұяты жоққа дәріс жоқ» дейді де. Өткен заманнан үш жақсы бар. Олар:
«Ердің ұяты жақсы, әйелдің ұяты одан жақсы»;
«Әр адамның әділ болғаны жақсы, басшының әділдігі одан да жақсы»;
«Қарттың тәубелілігі жақсы, жастардың тәубелі болуы тіптен жақсы».
Әлбетте адамды «Бетсіз» деп жүзінен, «Ұяты бар» деп, ісінен танитын халықтың көзі турашыл. Бір ойшылдың «Ұятсыз адам иттен де жаман» дегенін оқып, иттен ұят іздегеніне таң қалдым. Алайда, қазанның қақпағын сол аңдушыда мынадай бір әдеп бар екен. Ала бөтен жерге барып, нәжісін шығарады да, топырақты бұрқырата отырып, төрт аяғымен көмеді, сосын орнынан жылжиды екен. Ал, күні кеше Елордамыздың қақ ортасында нәжісін тастап жүре беретін небір адамдардың барын естігенде «Ең болмаса ит екеш иттен де өнеге алмаған екен» деген шаққа жеттім. Осы біз ар-ұятты әрбір жерге тастап жүрген жоқпыз ба?
Біздер сүйіп қосылған жұбымызды таза шынайы жүрекпен жақсы көру, қарым-қатынасты құрметтеуде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан бастап, кешегі бабалар өнегесіне еліктейміз. Алайда, бүгінгі таңда осы құрмет пен махаббат адасып барады. Өйткені, қаражаты бар қалталы әйелдерді аңдыған, оларды әдейілеп арнайы іздеген, жолдарына шаршанды «жаным» сөзімен тұзақ құрып, ұятсыз тірліктерін бір түннен асырмайтын, өтірік қылымситын ерлер, оның ішінде жастар көбейді. Егер де, бұл зина орта жолдан тоқтап, әрі қарай отбасы құрумен жалғасқан күнде, көбінесе ерлердің өкшеқұлдар мен жорғаларға айналуына бір себеп болуда. Осы біз өр рухты, қайсар мінезділіктен шығып, ұятсыздыққа көшкен жоқпыз ба?
Әр үйдің қос әулиесіне шаңырақтың босағасы шаттанып, қуаныштан шалқиды екен. Өкініштісі, олардың көздері кетсе, ұрпағы мұраға балқитын болды. Әке мен ананың өмір бойы тірнектеп жинаған дүниесіне таласып, белдері бүгіліп өздері жинағандай, бет жыртысып, ақырында ағайын мен ағайын, абысын мен абысын, бала мен баланың ара жігі ашылып, бірін-бірі соттың алдына сүйрелеу көбейді. Осы біз бауырымызды шеттетіп, ағайындықтан ажырап, ұятсыз болған жоқпыз ба?
Мұсылман ұлылығына көсем болған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Ұят кетсе, екіншісі де кетеді» деп, ұят пен иманды егіздесе, ұлтының кемеңгерлігіне дана болған Абай атамыз «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деп мақұлдайды. Ал, қазақтың қарапайым шекарасы бір ғана «Ұят боладысы». Ендеше, ұяты бардың иманы тірі, ұяты жоқтың иманы өлі. Ұяттылық беттің оты, ұятсыздық рухтың өшкен шоғы!

Нұрлан қажы Байжігітұлы,
Дінтанушы имам.

Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында не барі жиырма сегіз жыл ішінде Тәуелсіз еліміз- Гүлденген Қазақстанға айналды. Еліміздің бас қаласы — Елордамыз Астананың жаңа құрылысы әлем жұртшылығына таңдай қаққызды. Даланың Інжу-маржанына айналды. Қазақстанның барлық орталық қалаларында, ауыл- аймақтарда заманауи үлгіде әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттар, тұрғын үй кешендерінің құрылыстары да қарқынмен жүргізіліп келеді. Сәулетті, бүгінгі күннің талабына сай сапалы құрылыстар өркениетті еліміздің даму қарқынын көріктендіре түскендей. Оңтүстік аймағымыз Түркістан облысы болып ауысып, облыс орталығы Түркістан қаласында құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілуде. Шығыс үлгісіндегі Түркістанның сәулеті аз уақытта әлем жұртшылығын өзіне қаратары сөзсіз.

Адам баласының қолынан келмейтіні жоқ — демекші, кез-келген игі істің басында іскер басшы тұратын болса, айтары жоқ әрбір жұмыс өз нәтижесін берері сөзсіз. Арыдан алмайақ, соңғы бес жылдың өзінде Созақ ауданында еңселі істер игеріліп, көптеген сәулетті жаңа ғимараттар бой көтеріп, тіпті жеке тұрғын үйлердің басым көпшілігі әлемдік стандартқа сай үлгіде тұрғызылып, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтік нысандар типтік үлгіде қайта салынып, аймағымыз заман ағымынан қалыспай, жаңару жолында қарқынды дамып келеді. Бүгінде жол азабы күрмеуі шешілген мәселе. Бұрынғыдай шаң жолдар мен әбден тозығы жетіп, әр жерден ойылып қалған тас жолдар ұмытыла бастаған. Ауданымыздың ең шалғай құмды ауылдары Тасты, Шу, қала берді Бетпақдаладағы шоғыр ауыл Тайқоңырға дейін де тақтайдай теп- тегіс тас жолдар түскен. Ал, ауылдар мен елді-мекендердің ішкі ескі жолдары қайта жөнделіп, бірқатар ауылдар мен елді-мекендер аралығына бұрын соңды болмаған жаңа көтерме тас жолдар төселген. Саябақтар салынып, көптеген мәдени-спорттық кешендер ел игілігіне тарту етілді. Осы құрылыстардың басым көпшілігі жоспарлы түрде жергілікті бюджеттер есебінен салынса, енді біреулері аудан басшыларының талап, сұранысы бойынша демеушілер есебінен жүзеге асып келеді.
Өткен 2018 жылдың өзінде аудан көлемінде жүргізілген құрылыс жұмыстары өз нәтижесін беріп, ауданымыздың торқалы тоқсан жылдығы қарсаңында тоқсан түрлі көптеген нысандар ел игілігіне берілді. Қасиетті мерекелер қарсаңында берілген әрбір маңызды нысанның ашылу салтанаттарында аудан әкімі Салыхан Полатов пен ауданымыздың Құрметті азаматтарының арнайы қатысып, ақжарма көңілмен айтқан тілектері мен берген баталарының куәсі болдық.
Осы орайда айтулы істердің басы- қасында жүріп, әрбір құрылыс жұмысының сапалы жүргізілуіне қатаң қадағалау мен байыпты бақылау жасап отырған аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының жұмыстарымен танысып, бөлім басшысы Асылбеков Әнуар Абибуллаұлымен сұхбат жүргізуді жөн көрдік.

— Әнуар Абибуллаұлы, өткен 2018 – 2019 жылы аудан көлемінде жүргізілген құрылыс жұмыстары бойынша, сондай- ақ халыққа түсінікті болу үшін құрылысқа құйылған қаржы көлемі жөнінде де айтып берсеңіз?
Жалпы жүргізіліп отырған мемлекеттік нысандардың құрылысына заңға сәйкес республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаржы қаралады. Өткен 2018 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы Құмкент ауылы әкімдігіне қарасты Құмкент ауылында спорт кешені ауданымыздың тоқсан жылдық мерекесі қарсаңында ел игілігіне берілді. Аталған ғимараттың сметалық құны 144 092 тенгені құрап, құрылысын «Наутилус» КММ жүргізді. Мен ірі құрылыс жұмыстарына тоқталып отырмын. Ағымдағы жылы, яғни жуырда Шолаққорған ауылы Жеткіншек елді-мекеніндегі 2 қабатты 10 пәтерлі 2 және Созақ ауылдық округіндегі 2 қабатты 10 пәтерлі 1 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Құрылыс жұмысын, сонымен қатар Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу елді-мекеніндегі 100 орындық орта мектеп құрылысын «Ел Құрылыс тобы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, өндірістік кестеге сәйкес аяқтады. Аталған әлеуметтік нысандардың барлығы жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, құрылысы сапалы жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өтіп, ел игілігіне берілді.

— Жасыратыны жоқ, құрылысқа мемлекет тарапына қаржы мол бөлінеді. Ал сол қаржыны игеретін құрылыс компаниялары Қазақстанның әр түрлі аймағынан тартылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жеңімпаз болған мердігер фирмалармен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен құрылыстың сапасына ел алдында сіздер жауаптысыздар. Бақылау жұмыстары қалай жүргізіледі?
Біздер жұмыс жүргізіп отырған бөлімде арнайы құрылыс мамандары жұмыс жасайды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіліп жатқан барлық құрылыс- монтаж жұмыстарына стандартқа сай қадағалау жасаймыз. Әрбір әлеуметтік нысанның сапалы жүргізілуін, алғашқы сметалық жобасынан бастап қадағалаймыз. Арнайы мамандармен бірлесе отырып,
/технадзор/ техникалық байқау жүргіземіз. Құрылыс материалдарының сапасы да жіті қадағаланады. Құрылыс жұмыстарына қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді. Сондықтан қаржының игерілуін, құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеге сәйкестігіне қарай қадағалап тұрамыз.

— Әнуар Абибуллаұлы! Біздің ауданның қазыналық қамбасы облыс көлемінде көптеген аудандарды қызықтыратыны рейтинг сараптамасы нәтижесімен белгілі. Өткен 2018 жылы басталып алдағы уақыттарда пайдалануға беріледі деп күтілуде тұрған құрылыстар жөнінде айтып өтсеңіз?
Бүгінгі таңда Шолаққорған ауылындағы А. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебіне үш жүз орындық қосымша жай салынуда. Сонымен қатар, Шолаққорғанда С. Қожанов көшесінің бойында «Жастар орталығы» ғимараты бой көтермек. Сондай-ақ, А. Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің ауласындағы мектеп қазандығының, әжетхана және қоймасының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Айта кету керек, Қаратау ауыл округіне қарасты Ақсүмбе елді-мекеніндегі С. Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің жаңа құрылысы жүргізілуде, алайда 2020 жылы беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің жанынан 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстары өтпелі кезеңмен, яғни 2020 жылы пайдалуға беріледі деп жоспарлануда.

– Әлбетте өтпелі құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуына тілектеспіз. Әңгімеңізге рахмет.
Ұжымыңызға ынтымақ, ел игілігі үшін атқарып отырған жұмыстарыңызға сапа мен сәттілік тілейміз.

Мақсат Қарғабай.