Маңызды

Облыс орталығы болып танылғанына жылдан аса уақыт өтсе де Түркістан қаласында әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер жеткілікті. Соның бірі жолаушылар тасымалы яғни, қоғамдық көлік мәселесі. Естеріңізде болса ағымдағы жылдың қыркүйек айында лық толған жолаушылармен жүріп бара жатқан қаладағы №6 бағыттағы шағын автобустың суреті желіге тез таралған болатын. Бұл суретте көзге түскен жәйт салонына адамдар әрең сыйысып тұрған газель терезесіне баланың беті жабысып тұрғаны еді. Осыған байланысты желіде түрлі пікірлер жазылды. Бірі мұны сапасыз қызмет көрсету деп таныса, енді бірі қоғамдық көліктердің жетіпеушілі деп түйді. Сәл күннен соң Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қоғамдық көліктердің жетіспеушілігімен байланыстырды. Және алдағы уақытта осындай олқылықтар орын алмас үшін қалаға жаңа автобустар легін жеткізу қолға алынатынын мәлімдеді.
Осыған байланысты таяуда Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктердің қатары 5 су жаңа автобуспен толықты. «Ютонг» маркалы автобустарда кондиционер, электрондық табло, жарнамалық монитор және камералардың болуы жолға қойылған. Техникаларды қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын бірден бір компания «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатып алды. аталған серіктестік ағымдағы жылдың 9 айындағы дәл осы «Ютонг» маркалы 21 жаңа автобус алынған болатын. Жалпы бұл серіктестік қалада 21 көлік бағыттары бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Қалада жолаушыларды тасымалдау үшін күнделікті 270 қоғамдық көлік пен шағын автобустар жолға шығады. Техникалардың 15 пайызы серіктестікке тиесілі болса, қалған 85 пайызы келісім шарт негізінде қызмет көрсетуші жеке азаматтардың автокөліктері болып табылады.
Жергілікті билік халыққа сапалы қызмет көрсету үшін қоғамдқ көліктерді жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлімдеуде. Бұл үшін жыл аяғына дейін «Жолаушы» ЖШС «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан су жаңа 36 автобусты сатып алуды жоспарлауда.

С. НҰРАЙ.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне келуші туристерге сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатында «Ask Me, I am local» атты жоба жолға қойылды. Жобаның атауын қазақша мағынасы «Менен сұра, мен жергілікті тұрғынмен» дегенді білдіртеді. Аталған жобаға Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 20 студенті ерікті түрде тартылған. Өз кезегінде олар келуші қонақтар мен туристерге гид – нұсқаушы қызметтерін көрсетеді. Олардың барлығы бірнеше тілді еркін меңгерген. Еріктілер «Әзірет Сұлтан» қорық музейіне қарасты аумақта қызмет атқаратын болады. Ерекше жобаға тартылған еріктілер қонақтарды біркелкі электрлік самакатпен қарсы алады. Гид-нұсқаушы қызметтерін атқаратын олардың ең негізгі міндеті келген туристерді сапалы, тексерілген ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
Естеріңізде болса мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған. «Ask Me, I am local» жобасы дәл осы Еріктілер жылына қарай қолға алынып отыр. Түркістан облысы әкімдігінің ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен жүзеге асырған бұл жобасы келешекте жастарды туризм саласнда жұмыс жасауға ынталандыра түседі деп болжауда. Сонымен қатар олар, «Ask Me, I am local» жобасы сәтті жүзеге асып жатса, гид-нұсқаушылардың санын да арттыруды қолға алмақшы.

С. НҰРАЙ.

Түркістан қаласы аумағындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар негізінде қала маңындағы егін алқаптарына АҚШ-тан әкелінген «T-L» маркалы 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасы орнатылды. Бүгінде ол алқаптарда күздік бидай егілуде. Аталған технология арқылы мамандар өнімділік 2-4 есеге дейін артатынын алға тартуда. Мәселен, бұған дейін бидайдан орташа өнімділік гектарына 15-20 центнерден болса жаңбырлатып суару машинасы арқылы бұл көрсеткіш 40-45 центнерге жететінін алға тартуда. Келесі жылдың мамыр айында сүрлем жүгері егілмек. Сол кезде де ол алқаптарды суару «T-L» маркалы технологиясы арқылы іске асады. Содан соң мамандар жүгерінің әр гектарынан әдеттегідей 48,5 центнер емес, 115-130 центнер өнім алмақ. Тек бидай мен жүгері егілген аумақтар ғана емес, келесі жылдан бастап Түркістан қаласының айналасындағы егін алқаптарының барлығында суарудың осы технологиясын қолдану арқылы іске асады. Нәтижесінде егін бітік шығады. Қамбаға құйылар ел ырзығы молая түседі. Бұл халықтың әл ауқатының артуына және экологиялық жағдайдың жақсаруына зор серпін береді.
Тың жоба «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша жүзеге асуда. Аталған жоспарға сәйкес жыл басында Түркістан қаласы аумағынада азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобаларын іске асыру қолға алынған. Осыған орай облыс орталығы аумағында 11 мың гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру мен ағын су тапшылығын жою үшін су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп, қарқынды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.
Мәселен жыл басында «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылған. Оның құрамына 131 шаруа қожалығы енген болатын. Бүгінде сол кооперативтың 733 гектар алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суару технологиясы машинасын орнату жоспарланған. Жобаның жалпы құны 500,0 млн. теңге. АҚШ-тың «T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Қалада сондай-ақ, мұнда 600,0 млн. теңгеге «МТС құру» жобасы іске асырылуда. Жобалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мақұлданды. Бұл құрылғыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлінген. Бұл да болса шаруалар үшін зор қолдау екені анық.

С. НҰРАЙ.

Үшінші мегаполис әкімі Ерлан Айтаханов «HighVill Kazakhstan» компаниясының президенті Ко Денг Хенмен кездесті. Ко Денг Хен басқаратын мекеме 12 орам түсетін «Шымкент Сити» қалашығына тұрғын үй кешенін салатын инвестициялық құрылыс компаниясы болып табылатыны белгілі.
Бұл жолғы екіжақты кездесу кезінде тараптар «Шымкент Сити» жобасына қатысты бірқатар мәселелерді пысықтап, алда атқарылатын жұмыстарды саралады.
Оңтүстіккореялық «HighVill Kazakhstan» компаниясы жалпы аумағы 428 гектарды құрайтын «Шымкент Сити» жобасы бойынша бой көтеретін қалашықта 51,5 га аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізетін болады. Кездесуде онда салынатын үйлердегі барлық пәтер саны 7100-ге жететіні мәлімделді. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 1 млрд. 350 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылып үлгерген. Өз кезегінде компания президенті Ко Денг Хен қала әкіміне жоба бойынша бой көтеретін тұрғын үйлер мегаполистің ажарын ашып, сәулетіне сән кіргезетінін баса айтты. Сонымен қатар ол, компания ең алдымен 1,3 га жер теліміне 224 пәтерден тұратын (21 543,7 шаршы метр) 10 үйді салатынын, дәл қазіргі таңда сол нысандардың іргетастарын құю үшін негіздері жасалып жатқанын айтты.
Кездесу кезінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы компания басшылығына жобаны жүзеге асыру кезінде құрылыс нысандарының сапасына ғана емес, оның қасбетіне де ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аталған компанияның Шымкентте мектеп, аурухана, емхана сынды әлуметтік нысандарды салуына да зор қолдау танытатынын жеткізді.
Жалпы «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру бойынша танымал «HighVill Kazakhstan» компаниясы өкілдері қала басшылығымен бұған дейін де бірнеше рет кездескені белгілі. Жүздесу кезінде тараптардың әңгіме өзегі дәл осы жоба жайында болатыны сөзсіз. Бұған дейінгі кездесулерде қала басшылығы тарапынан компания өкілдеріне бірнеше ұсыныстар айтылған. Соның бірі қалашықта салынатын тұрғын үйлердің сейсмикалық жағдайға шыдас беретіндей дәрежеде болуы еді. Жергілікті биліктің бұл мәселеге алаңдауы бекер емес. Себебі осы жылдың мамыр айында қатты нөсер кезінде «Нұрсәт» шағынауданында «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған көпқабатты тұрғын үйдің бірінің шатырынан су ағып, тұрғындарды есеңгіретіп тастаған болатын. Бұдан бөлек, былтыр дәл осы қазан айының бел ортасында қалада болған дүлей жел салдарынан талай үйлердің шатырлары жұлынғаны жұрттың жадынан әлі шыға қойған жоқ. Сол кезде төтенше жағдайлар департаменті бір күнде болған қатты желден ұшқан шатырлардың жалпы көлемі 425 шаршы метрге жеткені туралы мәлімет берген.

С. НҰРАЙ.

Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Былтыр киелі кентке 1 миллион 300 мыңнан астам турист келген. Сырттан келетін қонақтардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия елдерінен болған.
Бұл Түркістан қаласы үшін туризм саласын дамыту таптырмас табыс көзі болып табылатынының нақты мысалы. Қала облыс орталығы болғаннан бері сервистік қызметтердің сапасын жақсарту жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің мәні де осында.
Осы аптада қаланың туристік әлеуетін арттыру жұмыстары ұлғая түскен шаһарда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік жобасы негізінде тың жоба жүзеге асты.
Бұл жоба Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің келушілеріне жайлылық сыйлайды. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірлесуімен кесене аумағында терминалдар мен турникеттер орнатылды. Бұл қондырғылар арқылы ендігі кезекте кесенеге келуші әрбір адам билеттерді сайт арқылы (pay.azretsultan.kz) онлайн тәртіппен немесе кесене аймағында орналасқан терминалдар арқылы сатып алатын болады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа жүйе арқылы билетке қол жеткізген алғашқылардың бірі болды. Өз кезегінде кесенеге келген зияратшылар мен туристер онлайн түрде алған билеттерінің QR-кодын турникеттерге сканерлеу арқылы кіре алады. Бұдан бөлек, кесене аумағына келушілердің санын бақылау үшін «People counting system» камералары орнатылды. Мұның барлығы келген туристердің санағын жүргізуге, олардың туристік нысанды көрудегі эмоциясын бақылауға мүмкіндік беретін болады. Ең бастысы жаңа жүйелер сыбайластық көріністерінің орын алуына зор тосқауыл болады. Бастысы орнатылған қондырғылардың жұмыс істеу процесі тоқтаусыз болғаны назарға алынса болғаны.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті шекаралық кеден бекеттердің аумағын кеңейту, толық қайта техникалық жарақтандыру және өткізу қабілеттілігін ұлғайту жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Баян Тұлғабаева мәлімдеді.
ҚР Премьер-Министрінің 2016 жылғы 30 сәуірдегі №32-Өкімі аясында Кедендік әкімшілендіруді оңайлату жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыста бірқатар кеден бекеттерінде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Түркістан облысы Келес ауданындағы транзиттік бағыттағы маңызы зор «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетін қайта құру жұмыстары басталған болатын. Бұл жоба іске қосылған кезде автокөліктердің кіріп-шығу жолақтары 2 ден 6 жолға дейін (3 жолақ кіру, 3 жолақ шығу бағыты) ұлғайып, бақылап-өткізу жұмыстары жеделдетіледі және тауар тасушы автокөліктерінің өту саны 200-ден 1000-ға дейін ұлғаяды. Жоспар бойынша құрылыстың аяқталу мерзімі 2020 жылдың мамыр айы», — деді Баян Тілегенқызы.
Қазіргі таңда жоспарға сәйкес, қайта құру жұмыстарының 1-ші кезеңі жүруде. Осыған орай, Департамент тарапынан шекаралық кеден бекетіне баратын жолдарда жүк автокөліктердің шоғырлануын болдырмау мақсатында, аталған кеден бекеттен өтетін жүк тасымалдаушыларға облыстың басқа шекаралық кеден бекеттерінен өту туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шекаралық кеден бекеттерге баратын аймақтың маңызы бар жолдарда «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде құрылыс жүріп жатқаны туралы ақпараттық билбордтар орнатылған.
Сонымен қатар, жүргізушілер үшін Департаменттің ресми сайты мен әлеуметтік желілерндегі парақшаларында «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде құрылыс жұмыстарының жүруі себебінен Түркістан облысында орналасқан «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» кеден бекеттерінен өтуге болатындығы туралы ақпарат жарияланған. Сондай-ақ, департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде өткізу пунктерінде кезекте тұрған жүк автөкөліктерінің саны туралы ақпарат күнделікті екі рет (таңертенгі және кешкі) хабарланады.
Көшпелі брифинг аясында Сарыағаш ауданында орналасқан «Жібек жолы» кеден бекетіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары таныстырылды. Биыл қазан айының басында басталған әрлеу жұмыстары ай соңында аяқталмақ. Кеден бекетіндегі ғимараттарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Түркістан облысы
Өңірлік коммуникациялар
қызметі.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандумға Түркістан облысын газдандыру, энергетика кешені мен электрондық сауда мен пошта желісін дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, Smart City дамыту және облыста әлеуметтік нысандарды салу сияқты 9 бағыт кіреді.
Осылайша, ақылды қала (Smart City) Арыс және Түркістан қалаларын сервистік үлгі бойынша дамытуға арналған. Осы бағдарлама аясында Қор Түркістан облысындағы 97 мектеп пен ауруханаға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін және радиожелілерді салуды және Арыс қаласындағы 12 мектепте, 2 ауруханада, 2 балабақшада 400 бейнебақылау камераларын және 50 WiFi нүктесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

«Қазіргі таңда Түркістанда Қор компанияларында 19 мыңнан аса қызметкерлері бар 20 кәсіпорын мен филиал жұмыс істейді. Электроэнеретика, газ, пошта, ақпараттық коммуникация және экономиканың басқа да салалары бойынша Қор бірнеше жобаларды жүзеге асыруда»,- деді Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Айта кету керек, Қор Арыс қаласын қалпына келтіруге белсене қатысты. Қор Арыс қаласында әлеуметтік инфрақұрылымның 68 нысаны қалпына келтірілді, оның ішінде 16 мектеп, 36 балабақша, 8 Денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысаны, колледж, теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы және Орталық алаң.
Бұдан басқа, өңірдегі энергетикалық кешеннің даму тақырыбы сөз болды. Қуаты 220кВ жаңа қосалқы станцияның құрылысы күтіледі, оған кернеуі 110 кВ жергілікті тарату электр желісі қосылатын болады.
«Бұл дайындалған меморандум алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді деп сенеміз»,- деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.
Меморандумның басым бөлігі сатып алу мәселесіне, атап айтқанда импорт алмастыру және жергілікті қамтуды дамытуға арналды. Қор ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасу арқылы Түркістан облысында жаңа өндірістерді құруды көздейтін жобаларға қолдау көрсетеді және жәрдем көрсетеді. Әкімдік өз тарапынан жаңа өндірістер құру бойынша жобаларды іріктеуді қамтамасыз етеді, соның ішінде МЖС арқылы қамтамасыз етіледі.
Елорда кәсіпкерлеріне Қор тобының сатып алуларына қатысуға жәрдемдесу шеңберінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ өңірдің кәсіпорындарынан тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемінің өсуін және жаңа жұмыс орындарын құруды, инвестицияларды тартуды, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, тараптар Түркістан облысының әлеуметтік саласының мәселелерін талқылады. Қор БЦП бар балаларды оңалту бағыты бойынша әлеуметтік мәселелерді шешуге, инкюзияны қолдау кабинеттерін материалдық-техникалық жарақтандыруға, салауатты өмір салты мен спортты танымал етуге 7100-ден астам адам қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, Түркістан қаласындағы амфитеатр, оқушылар сарайы, 7000 орындық стадион, Қожа Ахмет Яссауи атындағы мұражай, конгресс холл, «Smart City» жобасы сияқты әлеуметтік нысандарды салуға және байланыс желілерін жүргізуге жалпы 33,6 млрд.теңге бөлінді.
Сөз соңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Самұрық-Қазына» қорына аймақтың дамуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Қоғаммен байланыс және
маркетингтік коммуникациялар
жөніндегі департаменті.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қызылжар ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді. аудан орталығынан 16 шақырым қашықта орналасқан ауылдағы 7500-ден астам тұрғын үшін бұл көзайым жаңалық болды.
Себебі бұған дейін денсаулығы сәл сыр берсе бірден бет алатын бұрынғы амбулатория апатты жағдайда болғаны үшін жарамсыз деп танылған еді. Яғни жаңа нысанның ашылуы тұрғындар үшін асыға күткен жаңалық болды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ашылған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев, жергілікті әкімдік өкілдері мен тұрғындар қатысты. Жаңа емдеу-профилактикалық мекемесі заманауи медициналық жабдықпен толық қамтылған. Енді халық тиісті медициналық емнің біразын осы амбулаториядан алуына толық мүмкіндігі бар. Бүл үшін онда акушерлік және жұқпалы ауруларға арналған фильтр бөлмелері қарастырылған. Тіс дәрігерінің де жұмыс істеуі долға қойылған мекемеде барлығы 40-қа жуық медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
Емдеу-профилактикалық мекемесі Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ашылды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде.
Қазіргі таңда 8,5 мың шаршы метр жерге жасыл шым, 4,5 мың шаршы метр аумаққа гранит тасы төселді.
Кесене аумағында шаң-тозаңдарды болдырмау және көгалдандыру мақсатында төселген жасыл шым Алматы қаласының питомниктерінен алынған.
Абаттандыру жұмыстарын «Базис-А» құрылыс компаниясы жүргізуде.

М. САБЫР.

Ағымдағы жылдың 9 айында 817 азаматтың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді.
Арыз-шағымдардың 36% — жалақы төлеу мерзімінің сақталмауына байланысты болса, 26% — еңбек шартын бұзу, 14% — еңбек демалысын уақытылы бермеу және 5% — жұмыс уақыты нормасын бұзу мәселесін көтерген. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков мәлімдеді.
«Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 285 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 343 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары туралы – 304, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 32, халықты жұмыспен қамту – 7. Анықталған бұзушылықтардың ішінде 283-і жойылып, заңға сәйкестендірілді, қалғандарының орындау мерзімі бар. Анықталған заң бұзушылықтардың негізінде 177 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 5 668 625 теңге көлемінде 62 айыппұл салынды. Салынған айыппұлдардың 2 663 875 теңге көлемінде 54-і өндірілді. Қалған 8 айыппұлдың мерзімі бар», — деді Алмасбек Кеңесбекұлы.
2019 жылдың 9 айында облыста 10 кәсіпорынның 840 жұмыскер алдында 178 551 570 теңге жалақы қарызы анықталған, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 132 429 332 теңге жалақы қарыздары төленіп, 807 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.

Түркістан облысы Өңірлік
коммуникациялар қызметі.