Маңызды

Жыл басынан бері жер жүзінде құнды металл – алтын қоры 30 тоннаға ұлғайған.
Бұл Дүниежүзілік алтын кеңесі жүргізген талдау-таразылау жұмыстарының қорытындысында белгілі болды. Жалпы Дүниежүзілік алтын кеңесінің тізіміне 17 мемлекет енген. Аталған тізімде АҚШ көш бастап тұр.

Тамыз айының басындағы көрсеткіш бойынша алпауыт Америка елінде 8,13 мың тонна алтын қоры сақталған. Екінші орынға 3,37 мың тонна көрсеткішпен Германия жайғасқан. Халықаралық валюта қоры 2,81 мың тоннамен үздік үштікті түйіндеген.
Қазына байлықтарының көлемі көрсетілген тізімде ең соңғы орынға Сауд Арабиясы мемлекеті орналасқан. Сарапшылар бұл елдегі алтын қорын 323,1 тонна деп белгілеген. Ал Қазақстан бұл тізімде 375,3 тонна алтын қорымен ең соңғы орынға жайғасқан Сауд Арабиясынан бір саты жоғары тұр.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы «World Gold Council» сарапшылары жасаған рейтингте Қазақстан ең ірі алтын қоры бар 100 елдің ішінде 21 орыннан көрінген болатын. Бұл рейтингте де АҚШ топ жарған. Ал көрші Ресей Федерациясы 7-орыннан көрінген болатын.

АҚШ-та қару-жарақ саны тұрғындар санынан әлдеқайда көп. Мәселен, аталған мемлекетте 327 миллион халық болса, жекеменшік иеліктегі суыт қарудың саны 394 миллионды құрап отыр.
Бұл туралы 24.kz неміс басылымдарының біріне сілтеме жасап хабарлайды.
Дегенмен де, АҚШ-та атыс қаруының саны артқан сайын бейбіт күнде оқ құшып, қаза болатындардың қатары көбеюде. Биылдың өзінде Америка штаттарында атыс қаруы қолданылған 250 шабуыл жасалып, әр оқыс оқиғадан кемінде төрт адам жан тәсілім болған. Сарапшылар осы статистиканы алға тартып, қару-жарақ қауіпсіздік құралы болудан қалып бара жатқанын дабыл етуде. Өз кезегінде Gun Policy платформасы 2017 жылы әрбір 100 мың тұрғынның 12-сі атыс қаруынан қаза табатынын мәлімдеген.
Бүгінде АҚШ азаматтарының иелігендегі қару-жарақ саны тұрғындар санынан асып түскен әлемдегі жалғыз мемлекет болып тұр.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-да жұмыс істейтін барлығы 402 инспектор бронды кеудешелермен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта жарияланған тендерге қатысу бойынша өтінімдер ағымдағы жылдың 30-тамызына дейін жалғасатын болады.
Жыл басынан бері «Охотзоопром» мекемесінің екі инспекторы броконерлерді құрықтау кезінде оққа ұшып, жан тәсілім болған еді. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында мемлекет ендігі кезекте инспекторларды қорғаныс киімдерімен қамтуды қолға алып отыр. Бұл үшін бюджеттен 46 миллион теңге қаралуда. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет телеарнаға берген мәлімдемесі кезінде бронды кеудешелердің техникалық сипаттамасын жасауда оның инспекторларға барынша ыңғайлы болуы назарға алынғанын тілге тиек етті. Және оның әрбірі 7,2 келі болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, барлығы 402 бірлік бронды кеудешенің әрбірінің бағасы 115 мың теңгені құрайтынын айтып өтті.

Еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов бірнеше жылдан
бері айтылып, жазылып келе жатқан мектеп оқулықтарының сапасына
қатысты мәселе төңірегінде пікірін білдірді.

Ол мектеп оқулықтарында қателер кездесетінін ашып айтты. Мәселеге нүкте қою үшін келешекте ең үздік деп танылып, арнайы курстан өткен мың мұғалімнің арасынан жыл сайын бірнеше мамандар іріктеліп алынып, оларға оқулықтарды тексертіп алу қолға алынатын жеткізді. Бұл туралы ойын еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
– Жыл сайын мектеп оқулықтарына қатысты мәселе көтеріледі. Қоғам тарапынан да осыған қатысты сын ескертпелер жиі айтылады. Расын айту керек. Қателер кездеседі. Өзім де бірнеше оқулықтарды алып қарадым. Сөйтіп оған көз жеткіздім. Мәселен, орыс әдебиеті оқулықтарында кейіпкерлердің біресе аты, біресе фамилиясы жазылады. Бұдан бөлек, ағылшын сөздері қазақ және орыс тілдеріне дұрыс аударылмайды. Біреулер қате басылып кетті дейді, енді біреулер техникалық ақаудың салдары деп ақталады. Алайда бұл себептер халықты қызықтырмайды. Халыққа сапалы оқулық керек, — деп өрбітеді.
Министр мектеп оқулықтарында бірді-екілі қателердің көрініс табуына олардың асығыс дайындалуы да әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол, оқулық авторларына да талап күшейтілетінін, егер баспа қате жіберетін болса, олар да жауапқа тартылатын мәлімдеді.

«Уақыт».

Ал оларға нақты шаралар қолдануға Ерлан Айтаханов құлық танытады ма?

Жуырда Сенат депутаттары
Нұрлан Бекназаров пен Айгүл
Қапбарова Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен болатын. Сол кезде аталған кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетінде қызмет ететін Нұрлан
Құдиярұлына төмендегідей ұсынысты көлденең тартады.

– Шымкентті бұған дейін басқарған біраз әкімдер келешекте жол түсетін жерлерді сатып жіберген. Соларың қазір ең мықты бизнесмендер. Әкімдік Арғынбеков көшесін салу кезінде заңсыз шешіммен азаматтардың меншігіне өтіп кеткен учаскелерді 100 миллион теңгеге сатып алды. Қазіргі таңда «Цитадель» аумағына заңсыз жолмен жайғасқан жерлерді мемлекет меншігіне алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қызыл сызыққа түскен ол жерлерді иелері легализация кезінде заңдастырып алған. Оған да қыруар қаржы кетеді. Балалар теміржолының екі жақ қапталындағы кең дала тұрғын үй алабына айналғаны белгілі. Олар былай тұрсын, «Шымкент зообағы» КҚК-ның территориясындағы 8 жер теліміне мемлекеттік акті берілген. Бүгінде Ж. Адырбеков көшесін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған сәйкес жолдың ортасына орын тепкен КРОК сауда үйін сатып алу үшін иесі ағыл-тегіл ақша талап етуде. Осындай олқылықтарға жол бергендердің біреуі де жауапкершілікке тартылмаған. Ендеше, сондай салғырттыққа жол бергендерге шара көрілетін жүйе енгізейікші.
Сонымен қатар ол, Шымкенттің келбетін құртқан ол әкімдердің мұндай әрекеттерін қылмыстық іске теңейтінін де жасырмады. Бірақ депутат осындай қателіктерге жол берген атқамінерлердің аттарын дөп басып айтпады.
Дей тұрғанмен сенатор Нұрлан Бекназаров мәселе алдағы уақытта назарға алынатынын мәлімдеді.
Ал елең еткізерлік бұл мәселені қаланың жаңа әкімі Ерлан Айтаханов алдағы уақытта қаперіне алады ма? Ол «екі жеп биге шыққандардың» мұндай ылдым-жылдым әрекеттерінің қоғам алдында әшкереленіп, оларға нақты шаралардың көрілуіне өз ықпалын тигізуге құлық танытады ма?
Бұл сауалдардың қанша уақыт бойы басы ашық күйінде қалатынын тақсыр уақыттың төрелегіне қалдырайық.
А. САТЫБАЛДЫ.

Мұрат ӘБЕНОВ,
Қоғам қайраткері:

Жуырда жыл бойы сарыла күткен демалысын Алакөлде алаңсыз өткізіп жатқан бір қауым ел ондағы жағалауға дейін жүргізілген құбырдан қатты екпінмен кір судың төгіліп жатқанының куәсі болды. Видеоға түсірілген бұл келеңсіз көрініс әлеуметтік желіге тез тарады. Жұрт жағасын ұстады. Алғашында мұны адамдар кәріз суы деп түйген. Кейіннен құбырдан аққан кір су жағалауға жақын маңда орын тепкен «Көктем гранд» қонақ үйінің бассейндерінен ағылғаны анықталған.

Жуырда жыл бойы сарыла күткен демалысын Алакөлде алаңсыз өткізіп жатқан бір қауым ел ондағы жағалауға дейін жүргізілген құбырдан қатты екпінмен кір судың төгіліп жатқанының куәсі болды. Видеоға түсірілген бұл келеңсіз көрініс әлеуметтік желіге тез тарады. Жұрт жағасын ұстады. Алғашында мұны адамдар кәріз суы деп түйген. Кейіннен құбырдан аққан кір су жағалауға жақын маңда орын тепкен «Көктем гранд» қонақ үйінің бассейндерінен ағылғаны анықталған.

Қоғамның ашуын тудырған бұл мәселе бойынша еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтты. Ол елордадағы Орталық коммуникациялар орталығында журналистерге осы жағдай бойынша берген ресми мәлімдемесінде «Бұл кәріздің қалдығы емес. Көл маңында орналасқан сауықтыру орнында 2 бассейн бар. Бассейндерді Алакөлдің шипалы суымен толтырады. Сәйкесінше, суды жаңартып отырады. Маған арнайы видео келіп түсті. Онда 2 бассейннің 2 құбыры анық көрсетілген. Яғни, терең су сорғылары көлдің суын алады және ескірген суды қайтадан көлге құяды» дей келе, «Бассейндегі ауқымды су көлемін кәріз жүйесіне ағызар болса, су тасып-төгілер еді. Бассейн суын тереңге жібергендіктен, тұнба көтеріліп, лай пайда болған. Аумақтық табиғатты қорғау департаменттері демалыс орындарына суды қайтадан көлге төгуге, жаңартуға рұқсат берген. Одан еш қауіп жоқ» деп, тіпті демалыс орнының бұл әрекетін қолдағандай пікір танытады.
Алайда, осы жағдайға байланысты ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл мәселені Бекшин сынды қалыпты жағдай деп қабылдамайды. Керісінше демалыс орнының мұндай әрекетін орынсыз деп танып, кінәлілердің жазаланатынын өзінің твиттердегі парақшасында жазады.
Болған жәйтке байланысты «Қазгидромет» РМК-ның Алматы облысы бойынша филиалының мамандары Алакөлдің бес нүктесінен су сынамасын алып, жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Алынған нәтиже бойынша су сынамасында хлорид бойынша концентрацияның 3,8, магнийдің 3,3, минерализацияның 3,2 және фторидтің 3,6 есеге артқаны байқалған.
Таяуда Алакөлге арнайы тартылған құбыр арқылы бассейндегі лас суларды жіберген демалыс орнына 75 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Алайда Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі болса айыппұл салу басты мақсат емес екенін, негізгі міндет демалыс орнының жұмыс істеуіне тыйым салу екенін жасырмай айтуда. Өз кезегінде олар арнайы құрылған комиссия демалыс кешені жағаға жететін құбырлар арқылы лас суды көлге қарай айдауды жаз маусымы басталғаннан бастап іске асырып келе жатқанын анықтағанын да атап өтті. Осыған орай қоршаған ортаға келген залал шығыны есептелінуде екен. Болған жәйтке орай мамандар ондағы судың құрамын зерттеп, алынған сынамаларда адам ағзасына қауіп келтіретін бактериялардың жоқ екенін жариялады.
Адам денсаулығына қауіп төндірмегенмен, мұндай жағдай қоршаған ортаға зиянын тигізбесе пайда бермейтінін эколог мамандар ашық айтып, дабыл қаққан. Соған орай демалыс орнының жұмысын тоқтату туралы құжаттарды жиып теріп, сотқа өткізген. Мұны барлық қазақстандық қолдап, қуаттап жатыр. Олардың арасында бас санитар Жандарбек Бекшиннің бұл жәйттен ешқандай сөкеттік таппағанына таңданысын танытқандары да бар.
Мәселен, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов өзінің фейсбуктегі парақшасында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің осындай дабылынан соң Бекшин отставкаға кетуі керектігін былай деп ашық айтты.
«Бекшин отставкаға кетсін. Алакөлге ағылған кір су заңға қайшы әрекет екені дәлелденді. Ал заңды бұзғандарды қорғаған бас санитар Бекшин не деді? Ол видеодағы бұл көрініске қарап құбырдан аққан судан қоршаған орта ластанып жатпағанын, керісінше су өзін өзі тазартқан деп тұжырым айтты. Ал шындығына келгенде заңды белден басу жоқ емес, көп екені мәлім болды. Ластанудың жоғары деңгейі рұқсат етілген нормадан 4 есе асатыны белгілі болды
Егер шенеунік азаматтарға жалған ақпарат берсе, адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деректер бойынша жаңылысса оны қатаң жазалау қажет. Демек ол, өз лауазымына сәйкес келмейді. Басқа амал жоқ. Дұрысы әлігі қонақ үй иесіне қызмет етуге барсын» деген.
Сонымен қатар ол өз жазбасының соңына Экология министрінің бұл істі тексеруде табандылық танытқанына алғысын білдіре кеткен.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Сәрсенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 2009 жылдан бастап ҚР құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, 2010 жылы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2016 жылы Қорғаныс министрі болып, бұл қызметінен 2018 жылы алынған Сәкен Жасұзақов Қарулы күштер құрамынан шығарылды. Мұнымен қатар Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектанов пен бұрын осы қызметте болған Мұрат Майкеевке және экс-вице министр Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс берілді.
Президенттің бұл өкімінде аты аталып, түсі түстелген шенеуніктерге мұндай шараның көрілуіне өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамай, қару жарақты сақтау жөнінде кемшіліктердің орын алуы салдарынан Арыс қаласындағы ауқымды апатқа жол бергендігімен деп түсіндірілген.

Естеріңізде болса, бұған дейін дәлірегі 15-шілдеде Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыс бойынша Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа бірден қатаң сөгіс берген болатын.
Отырыста меклекет басшысы Арыстағы жарылыстың себебін «жүйелі кемшіліктен және әскери ведомство бақылауының әлсіздігінен» деп танитынын және қорғаныс министрлігіндегі жағдайға қанағаттанбай отырғанын ашық әрі ашынып айтқан болатын.
Ағымдағы жылдың 24-маусымында Арыстағы әскери бөлімдегі оқ дәрі сақтайтын қоймада болған жарылыс салдарымен күрес әлі күнге дейін жүргізіліп келе жатыр. Апат шағын қаладағы сегіз мыңнан астам тұрғын үйлердің 80-90 пайызын әртүрлі деңгейде зақымдаған. Төрт адам қаза тауып, 170-ке жуық адам зардап шеккен. Қазіргігі таңда қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған.
Шілде айының басында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов қаланы қалпына келтіруге 34,5 млрд. теңге бағытталатынын мәлімдеген-тін. Бұл қаржылар ҚР Үкіметінің қорынан, Түркістан облысының бюджетінен, өңірлердің бюджеті есебінен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ есебінен, және еліміздің бизнес қауымдастығы есебінен бағытталатынын айтқан.
Осы деректі еске түсіру арқылы санаңда «Арыстағы жарылысқа жол берген шенділерге көрілген шара ауыр ма әлде жеңіл ме?» деген сауал туа қалады екен…

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов көпшіліктің сұранысын ескере отырып инстаграм желісінде жеке парақшасын ашты. Бұл туралы «Шымкент келбеті» газеті фейсбуктегі ресми парақшасында жариялады.
Бірер күннің ішінде 5 мыңға жуық оқырман жазылған әкімнің инстаграм аккаунтындағы жазбаларының астына жұрт төмендегідей проблемаларын үздіксіз жазуда.
Шымкенттегі «Самал-3» шағынауданында мемлекет тарапынан тартылып, жеткізілген жарық жоқ. Дәл мұндай проблеманы «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғындары да бастан кешіріп отыр. Салдарынан тұрғындар тұтынылған 1 кВт электр жарығы үшін нарықтағы бағадан бірнеше есе артық ақша төлеп, артық шығынға батуда. «Өтеміс» тұрғын алабында ауыз су мәселесі асқынып тұр. Бұл проблема «Сайрам» тұрғын алабын да айналып өтпейді. «Тұран» және «Ынтымақ-2» шағынаудандарында да тіршілік нәрі түйіткілді мәселенің бірі болып тұр. Инфрақұрылым деген игілік атымен жоқ «Жаңақұрылыс-2» тұрғын алабында күл қоқыстардың дер кезінде алынбауы тұрғындардың көңілдерін одан сайын күпті етуде. Дәл мұндай проблема «Құрсай» ауданындағы халықтың да ашуын тудыруда.
Осылардың барлығын ескерген болса керек, мегаполис басшысы Ерлан Айтаханов осы аптада өткізілген кезекті ақпараттық жиналыс кезінде Шымкенттегі 4 ауданның әлеуметтік картасы жасалатынын мәлімдеді. Соған сәйкес әр ауданның өзекті проблемалары айқындалады. Бұл Шымкентке іргелес жатқан аудандардан қосылған 41 елді мекендегі инфрақұрылым проблемаларын жүйелендіру үшін қолға алынуда. Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы әлеуметтік картаны әзірлеу – күрмеуі шешілмей жатқан проблемаларды реттеуде қойыртпаққа жол бермей, жұмысты жүйелі түрде жүргізуге сеп беретінін алға тартып отыр.
Сонымен қатар ол, қаланың шеткі аумақтарындағы елді мекендерге инфрақұрылым жүйесін жүргізу жұмыстарына жеке инвесторларды тартуды атап өтті. Бұдан бөлек ол тиісті мамандарға қала көшелерін қоқыстан дер кезінде тазартуды бақылауға алу қажеттігін қадап айтты.
М. ӘБДІРАЙЫМ.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Асқар Жұмағали «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, инвесторлармен кездесті. Бизнес адымы ашылған кәсіпкерлермен болған еркін форматтағы кездесуде аймақтағы бизнестің алға қарай дамуына кері әсерін тигізетін мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде Асқар Жұмағали инвесторлар ісіне сырттан келетін соққыларды болдырмау департамент жұмысының ең негізгі бағыттарының бірі екенін баса айтып, оларды белсенді қарым-қатынас пен ынтымақтастықта болуға шақырды. Бұл туралы ол:
– Қандай да бір лауазымды тұлғалардың бизнес ісіне араласу әрекетін кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі ретінде қабылданатынын білген абзал. Және ондай келеңсіздікке жол бергендерге қолданыстағы заңға сәйкес қудаланатынын атап өткім келеді. Сондықтан да Сіздерді белсенді қарым-қатынас орнатуға шақырамын,-деді.
Сонымен қатар ол, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті жалпы сомасы 49 млрд. теңгеден астам 20-ға жуық жобаны сүйемелдеуді жүзеге асырып жатқанын, бұдан бөлек, 50-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалғанын атап өтті.
Кездесу соңында департамент басшысы үй тоқымасы, кілемдер және мақта-мата иірімдерін өндірумен айналысатын «АГФ групп», «Назар Текстиль» және «Azala Cotton» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндіріс алаңдарында болып, ондағы қарқынды жұмыстармен жақын танысты.
М. ӘБДІРАЙЫМ.

Тамыздан бастап Шымкентте «Qorgau» жобасы қолға алынды. Оның мақсаты – жоба аясында құрылған арнайы кеңес беру бөлімінде азаматтарға тегін құқықтық кеңес бере отырып, олардың мүддесін қорғау болып табылады.
Тұтас Қазақстан бойынша жүзеге асатын бұл ауқымды жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып, «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен «Бірінғай Call-орталық құру арқылы Құқыққорғаушы кешенді жобаның іске асырылу» гранты шеңберінде жүзеге асып отыр. Аталған жобаның Шымкенттегі үйлестірушілері де бекітілді. Олар – Жанболат Жамантаев пен Сабира Байзақова.
Жалпы ауқымды жоба аясында ағымдағы жылдың 1-тамызынан бастап еліміздің барлық аудан, қалаларында ұзын-ырғасы 210 заңгерлік кеңес беру бөлімі ашылды. Шымкенттегі бөлім Жастар ресурстық орталығына жайғасты. Енді ондағы үйлестірушілер алдағы төрт ай бойы азаматтарды тегін заңгерлік қызметпен қамтамасыз етеді. Соған сәйкес әр өңірге бекітілген жетекшілер жұмыс күні ішінде кез келген азаматтың мәселесін тыңдап, оған дұрыс бағыт-бағдар береді.
Жобаны үйлестірушілер «Qorgau» – халық көмекшісі дегенді алға тартып отыр. Оның аясында тұрғындар тегін заңгерлік көмек алып, өздерінің құқықтық сауаттылықтарын көтеруге қол жеткізетінін мәлімдеуде.
Сөз соңында «Qorgau» 200-ден астам өзекті тақырыпты қамтитынын айта кетейік.
М. ӘБДІРАЙЫМ.