Маңызды

Миллионды қала Шымкентте төрт аудан бар. Олардың ішіндегі Әл-Фараби ауданы қаладағы орталық аудан болып табылады. Ауданда 200 мыңнан астам тұрғын бар. Бүгінде сол тұрғындардың 98 пайызы жол, жарық, су, көгілдір отын сынды инфрақұрылымның игілігін көріп отыр. Тек ауданға қала территориясын кеңейту мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданынан қосылған «Сәуле», «Бадам» шағынаудандарында инфрақұрылымдық жұмыстар түйіткүл күйінде қалып отыр. Дегенмен де ондағы тұрғындарға ауыз су апарып, жарық жеткізу, газ құбырын тарту күн тәртібіндегі басты мәселе.
Бұл туралы Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді.
Ол осы жылы аталған мәселені түбегейлі болмаса да, рет-ретімен шешу бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтады. Атап айтқанда, биыл «Сәуле» шағынауданындағы 276-шы орам аумағындағы халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 160 кВт қуаты бар трансформатор мен 25 баған орнатылған. Нәтижесінде сол жердегі 150 түтін сапалы электр энергиясымен қамтылған. Бұл жұмыс демеушілердің есебімен іске асқан. Жуырда мұндай көл-көсір қуанышты аудандағы «Бадам» тұрғын алабының 195-орамының тұрғындары да бастан кешірмек. Осы мақсатта Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бадам» тұрғын алабының толық инженерлік инфрақұрылымына жобалау-сметалық құжаттама әзірледі.
Аталған аумақтарды сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз ету бағытындағы мәселелер жуық арада шешімін табатын болады. Дегенмен де мәселені уақытша шешу үшін аудан әкімдігі 195-орамда екі жерде 70 үйдің тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін колонкалар орнатқан. Тұтынылаған су үшін төлемақы жасауды сол жердегі адамдар ұжымдық тәртіппен жүзеге асырады. Дәл мұндай тәжірибені қолдану «Сәуле» шағынауданындағы 276-шы орам тұрғындарына да ұсынылған. Шымкентті сумен қамтитын «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС тығырықтан шығар мұндай жолға қарсылық танытып отырған жоқ екен.
Осыларды алға тартқан Ғабит Патшаханұлы алдағы уақытта әрбір үйге сапалы ауыз су жеткізу әкімдіктің алға қойған негізгі мақсаты екенін тағы да шегеледі.

М. Әбдірайым.

Түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтың ыдырамауына ықпал етіп, бірлігінің бекем болуы жолында өзіндік үлес қосатын «Түрксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Шымкентке келді. Құрылғанына 26 жылдың жүзі болған іргелі ұйымның Бас хатшысы қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесіп, бірқатар мәселелерді сөз етті.
Басқосуда тараптар түркі мәдениеті мен өнерін дамытуда Шымкент қаласының қандай қолтаңба қалдыра алатындығы туралы мәселелерге тоқталды. Қала әкімі Ерлан Айтаханов Дүйсен Қасейіновке түркітілдес елдер арасындағы татулыққа сына түсірмеуді басты ұстын еткен іргелі ұйымның бастамасымен өткізілетін түрлі халықаралық байқауларға қатысуға әрқашан қолдау танытатыны жөнінде лебізін білдірді. Сонымен қатар ол, мерейлі қонаққа Шымкенттің 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай қалада өткізілетін іс-шаралар жоспарымен таныстырып, барша түркі халқын сол мерейтойлардың қадірлі қонағы болуға шақырды.

М. Әбдірайым.

Қазақстан ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жаңа заманға бейімделуі қажет. Бұл ретте Елбасы, Тұңғыш Президент ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының рөлі зор. Аталған бағдарлама ел тұрғындарының сандық технологияны меңгеруін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа инновациялық дамуды жедел технологиялық жаңғыруды жолға қояды. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың ІТ сауаттылығын арттырып, жаңа технологияны күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндетін іске асыруды тапсырған болатын. Ұлт Көшбасшысы жүктеген тапсырманы орындау мақсатында «Nur Otan» партиясы «IT-мамандарды дайындау» жобасын қолға алған.
Аталған жоба аясында жетекші партия былтырдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашуға білек сыбана кіріскен. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда.
Жуырда аталған жобаға сәйкес «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Оқушылар сарайында» кезекті ІТ-сыныптар ашылды.
Ендігі кезекте бұл сыныптар оқушылардың технологияның қыр-сырын терең меңгеруге зор серпін беретін болады. Партия өкілдері мұндай орталықтың ашылуы өскелең ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың озық инновацияны игерулеріне, сол арқылы әлемдік ірі жобаларға қатысып, бәсекеге қабілетті маман болуына жол ашатын алаң болатынын атап өтті. Сонымен қатар олар, ІТ мамандар легін көптеп дайындау білім беру саласын алға сүйремесе, кері шегіндірмейтінін алға тартты.

М. Әбдірайым.

Биыл қыс ерте түседі деген болжам бар. Сондықтан да қаланы жылумен қамтитын кәсіпорындар жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, сенім үдесінен шығуы керек. Қазандықтардың барлығы дер кезінде істен шықпай, керісінше сағат тілі сынды әдеттегі қызметінен жаңылмауы қажет.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жылу орталықтарының жұмысымен танысу кезінде оған жауапты мамандарға осындай талап қойды.
Тұрғындарды жылумен қамтитын «Қуат Жылу Орталық-3» МКК, «3-Энергоорталық» АҚ мен РК-3 қазандығының жай-күйін бағамдады.

С. НҰРАЙ.

Бала әрқашан балалығын істейтіні белгілі. Сондықтан да әрбір үйдің қарадомалағы үлкендердің бақылауынсыз жүрмеуі керек. Әсіресе ата-аналар етегіндегі сәбиін және жетегіндегі қара табанының әр қадамын аңдып отырмаса әп-сәтте одан көз жазып қалуы ғажап емес.
Жуырда Шымкенттегі «Игілік» тұрғын алабындағы отбасының бірінде болған жағдай соның жарқын мысалы.
Әдеттегі күн. Күн батып, қас қарайған соң алты бала-шағасы бар отбасы ұйқыға кетеді. Таң атып, күн ұясынан көтеріледі. Сол кезде ұйқыдан оянған ата-ана 5 жасар баласының үйде жоқ екенін біледі де, тез арада оны өз бетімен іздеуге кірісіп кетеді. Алайда бірнеше сағатқа созылған барлаудан түк шықпаған соң, амалы құрыған олар сағат түскі үштер шамасында жергілікті жердегі полиция қызметіне жүгінеді.
Одан соң, Шымкент қаласы, Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, тұрғын алабқа келіп, едел-жедел іздестіру шараларына кірісіп кетеді. Төрт сағаттан соң, тәртіп сақшылары баланы тұрғын алабтағы көшелердің бірінен тауып, оны дереу ата-анасының қолына тапсырады. Ай-күннін аманында баласынан көз жазып қалғанына қатты қорқып, зәрелері зәр түбіне жеткен ата-ана бауыр етінің дін аман болып, табылғанына қуанып, Абай аудандық Полиция басқармасы басшылығына, учаскелік полиция инспекторы Мұзафар Абрахмановқа алғысын білдіреді.
Соңғы кездері шымкенттік сақшылар алдыңғы саптан көрініп, көпшілік үмітін ақтап келеді. Осы жағдайдан бірер күн бұрын, дәлірегі 6-тамызда қаладағы сауда орталығының бірінде қала тұрғынының қолындағы сөмкесін оңай олжаға кенелуді көздеген белгісіз біреу тартып алып кеткен. Сөмке иесі алып ұшып, полицейлерге хабар береді. Ол оның ішінде 25 мың теңге көлемінде ақшасы болғанын айтады. Келіп түскен шағымға орай Шымкент қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары арқылы күдіктіні іздеуге көшеді. Көп ұзамай әлгі азаматты анықтап, оны қолға түсіру операциясын сәтті орындап, Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізеді. Сөмке ұрлауды жөн деп баққан әлгі адам Түркістан қаласының 45-50 жас аралағындағы азаматы болып шыққан. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалуда.

С. НҰРАЙ.

Шымкентте бір жеті бойына «Қауіпсіз аула» атты жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Шымкент қалалық Полиция департаменті ұйымдастырған шарада тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бақылау жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізді. Нәтижесінде талай талап пен ережелерді белден басу әрекеттері ашылып, оны тез арада жою жолға қойылды.
Яғни, «Қауіпсіз аула» іс-шарасы кезінде жергілікті полиция қызметкерлері 800-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырды. Олардың дені тұрғынжайда тіркеусіз тұру дерегі болды. Сақшылар осындай ережені сақтамаған 249 адамға хаттама толтырды. Профилактикалық шара кезінде 245 тұрғынның қоғамдық орындарда ащы судың буына мас болып жүргені анықталды. Бұдан бөлек, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаған 169, ұсақ бұзақылыққа жол берген 54, қаруды сақтау, алып жүру және қайта тіркеу тәртібін бұзған 7 адамға хаттама толтырылды.
Тәртіп сақшылары ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілінсіз жүрген 22 жасөспірімді де кезіктірді. Жол ережесін бұзған 1000-нан астам азаматқа да заң шеңберінде әкімшілік шара көрді. Қазақстан аумағында болу заңнамасын бұзудың 52 дерегі тіркеліп, ал есепте тұрған тұлғалармен жасалған заңбұзушылықтың 5 фактісі орын алғаны белгілі болды.
Ұйымдастырушылар «Қауіпсіз аула» шарасы арқылы қоғамдық жерлерде тәртіпсіздік айтарлықтай сейілгенін, тіпті кейбір жағдайда қауіпті алдын алғанын баса айтуда.

С. НҰРАЙ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың наурыз айында өңір әкімдерімен өткізген кеңес кезінде оларға инвестиция тарту ісін қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында инвестиция тарту ісі басты назарда. Себебі инвестиция – ел әлеуетін көтереді.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Франция арасындағы сауда экономикалық байланыс пен инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мәселесін де қаузады. Екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту жайына да тоқталып өтті.
Сонымен қатар, қала басшысы бас консулға Шымкенттің экономикалық әлеуетін таныстырып, қаланың түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыру алаңы ретінде қандай мүмкіндіктерге ие екенін де атап өтті. Ол кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салалары мен туризм индустриясын дамыту Шымкент экономикасын алға бастыратынын нақты мысалдармен келтірді. Миллионнан аса тұрғыны бар қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шеткі аумақтарда агро-индустриялық аймағы салынып, ауылшаруашылық саласын дамыту көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Ерлан Қуанышұлы Бас консулға осы және өзге де жоба-жоспарларды жүзеге асыруда франциялық инвесторларды тартуға ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинский өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

С. НҰРАЙ

«Жаман айтпай жақсы жоқ». Атыраудағы Теңіз вахталық кентінде отандық және шетелдік жұмысшылардың арасындағы текетірес өзге өңірлерде қайталанбауы керек. Әлеуметтік теңгерімсіздік салдарынан орын алған осы оқиғаға орай мемлекет басшысы өңірдегі атқарушы органдарға мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуге, шетелдік компанияларда жергілікті мамандарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, әділеттілікті сақтауды тапсырған болатын.
Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді. Келіссөз кезінде қала әкімі Ерлан Айтаханов пен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым екіжақты бірлескен іс-шараларды өткізуге уағдаласты. Соған сәйкес, алдағы уақытта үшінші мегаполисте қандай да бір кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек дауы, еңбек қауіпсіздігіне байланысты түйіткілдер туындаса оны екі тарап бірігіп шешетін болады.
Өз кезегінде қала әкімі Ерлан Қуанышұлы жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпорындардағы жұмысшылардың еңбек жағдайына, жалақысына байланысты мониторинг жасау, отандық мамандардың кәсіби дайындығын пысықтау, еңбек тәртібін сақтау мәселесін бақылаудан шығармайтынын атап өтті. Ал төраға Бақытжан Әбдірайым болса ҚР Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында басты медиатор болу бағытын берік ұстанатынын қадап айтты.
Қазіргі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионнан аса адамды біріктіріп отырған іргелі қоғамдық ұйым болып табылады.

С. НҰРАЙ.

Төрт жылда бір рет өткізілетін Қазақстан Республикасы V жазғы Спартакиадасы өз мәресіне жетті. Жыл басынан бері еліміздің 17 өңірінде өткен тартысты додада шымкенттік спортшылар жалпыкомандалық есеп бойынша екінші орыннан көрініп, мәртебемізді асырды.
Дода 43 спорт түрі бойынша, атап айтқанда, үстел теннисі, грек-рим күресі, еркін күрес, каратэ, бокс, ат спорты, баскетбол, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, футбол, волейбол, ауыр атлетика және т.б. бойынша ұйымдастырылды.
Еліміздегі спорттың даму деңгейін екшейтін бұл Спартакиадаға барлық өңір табанды ізденіс, үлкен дайындықпен қатысты. Нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша Алматы қаласы 95 алтын, 90 күміс, 102 қола медальды еншілеп, топ жарды. Екінші орынды 78 алтын, 68 күміс, 74 қола медальмен Шымкент қаласы еншіледі. Үшінші орынды Алматы облысы иемденді. Аталған өңірдің спортшылары дода кезінде 60 алтын, 44 күміс, 61 қола медальды қанжығаға байлаған.
Жалпыкомандалық есепте төртінші орынды Нұр-Сұлтан, бесінші орынды Қарағанды облысы иеленген. Түркістан облысы алтыншы орынды місе тұтқан. Ең соңғы орында Маңғыстау облысы тұр.

С. НҰРАЙ.

Еліміздің барлық өңірлерінде «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіліп келеді.
Республикамызда 2008 жылдан бері жаңа оқу жылы қарсаңында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл шараның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, толық емес отбасынан шыққан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өскелең ұрпақтың мектепке баруын қамтамасыз ету. Сол арқылы олардың ешқандай жағдайға алаңдамай білім алуын жолға қою болып табылады.

Осы мақсатта «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы қайырымдылық акциясын өткізді. Қаладағы «Оқушылар сарайында» өткізілген шараға мәслихат депутаттары қолдау танытты.
Өз кезегінде халық қалаулыларының демеушілігімен 60 өренге оқу құралдары салынған сөмке таратылды. Одан бөлек оның әрбіріне мектеп формасын алу үшін 25 мың теңгенің сертификатын табыстады. Мұндай, қолдауды салтанатты түрде табыс еткен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов оқушылардың алдағы өміріне сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол:
– Білім – үлкен күш. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген. Тек сапалы біліммен қаруланған жастар ғана еліміздің тірегі бола алады. Келешек жастардың қолында. Ал Сіздердің сол келешекті кемел етуде білімді болғандарыңыз аса маңызды. Мына тұрған жастардың арасында болашақ алтын қандауырлы дәрігер, білікті заңгер, күміс көмей әнші, түрлі саланың машықты мамандары шығады. «Болар баланың белін буу», олардың сапалы білім алуына жағдай жасау бүгінгі қоғамның басты мақсаты. Бүгінгі жасалып жатқан тарту-таралғының барлығы Сіздердің білімді ұрпақ болып өсулеріңіз үшін қолға алынған. Сол үмітті ақтап, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен қарсы алып, табысты аяқтаңыздар, — деді.
Мәслихат депутаттары да жас ұрпақтарға ізгі лебіздерін арнап, әрдайым ақжолтай болып жүрулеріне тілектестігін білдірді.

С. НҰРАЙ.