Маңызды

Таяуда Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясын өткізді.

Іс-шараға ҚМДБ Қайырымдылық және Уақып істері бөлімінің меңгерушісі Тұрдыбаев Камалжан Бекбосынұлы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының 1-ші орынбасары Серікбаев Талғар Әбдінәбиұлы, Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі Бұқарбай Парманов, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбай Исамуддин Наштайұлы, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы және ата-аналар қатысты.
Шымкент қаласына арнайы іс сапармен келген ҚМДБ Қайырымдылық және Уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев құттықтау сөз алып, өзінің және ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хезреттің құттықтау лебізін жеткізді.
Сондай-ақ, бөлім басшысы К. Тұрдыбаев жергілікті «Оңтүстік», «Айғақ», «Отырар», «Нар ТВ» және «Оңтүстік» радиосына және т.б. БАҚ өкілдеріне сұқбат берді.
Шара қатысқан мәртебелі қонақтар кезек-кезегімен сөз алып, ата-аналар мен оқушыларға өздерінің ақ тілектерін жаудырды.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1100 оқушыға мектепке қажетті сөмкелері мен құрал-жабдықтар табыс етілді. Жалпы соммасы 7 500 000 (жеті миллион бес жүз мың) теңге қаражатты құрайды.
Осындай игі бастамаға қолдау білдірген барша азаматтарға Алла разы болсын дегіміз келеді.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлімен кездесті, — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кездесуде тараптар Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді іске асыру жайын талқылап, еліміздің бас газетінің 100 жылдығына арналған шаралар жайлы да сөз қозғалды.
Оқырманға сенімді ақпарат таратуда алар орны бар салмақты басылымның алдағы жоспарларымен бөліскен Дархан Қуандықұлы газеттің ғасырлық тойы қарсаңында Алаштың аяулы азаматтары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толуына орай, Шымкент қаласында ғылыми конференция өткізуді талқылады.
Өз кезегінде қала басшысы «Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойымен құттықтап, еліміздің бас басылымының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар әкім айтылған ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

Кеше Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы қызметіне Жанар Бектаева тағайындалды. Ол бұған дейін дәлірегі, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап аталған басқарма басшысының орынбасары, кейіннен уақытша міндетін атқарушы болған.
Жанар Әлібекқызы 1982 жылы Жамбыл облысы, Қаратау қаласында өмірге келген. Білімі жоғары. 2006 жылы Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-тін саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. 2017 жылы Алматы экономика және статистика академиясын экономика мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы
Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтында оқытушы болып бастаған. 2006-2014 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат департаментінде алғашында бас маман, кейіннен бөлім басшысы қызметін біркісідей атқарған. 2015-2016 жылдары ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары болған. 2016 жылы ОҚО Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.
Жалпы әкімдіктегі біраз құрылымның жұмысын сүйемелдеуде жетекші мәнге ие ішкі саясат жұмысын кез келген кадр іліп әкете бермейді. Себебі оның қыр-сыры өте көп. Қамтитын ауқымы да зор. Осынау күрделі саланы жүргізуді меңгеру үшін зор тәжірибе мен терең білім қажет. Ал Жанар Бектаеваның өмір мектебі оның бұл талаптың үдесінен табылатындығын айқын аңғартып тұр.
Ендеше ол өзіне жүктелген міндеттерді орындауда талайларға үлгі болып, оң өзгерістер әкеледі деп сенім артамыз.

«Уақыт».

Тауды да, құм мен жазықты да Созаққа жиып бере салған
Жаратқанның шексіз құдыретіне бас иесің. Қаратауға Қыдыр
аялдағандықтан, құт дарыған дейді. Қазынасын ешкім
санаған да емес, санай да алмас.

Шет елдердің ішінде технологиясы мен ғылымы, техникасы дамыған- бір мемлекет: «Қаратауды әр жерден үңгіп қазудың қажеті жоқ. Оны шетінен артып таси берсе де болады» деген екен. Қойнауы қазынаға толған өңірдің адамы да сондай рухани бай, әл-ауқаты бір басынан артылып ұрпағына жетерліктей болуы өзі ғұмыр кешкен мекеннің табиғатына тән болса керек.
Кәрі Созақтың өткен тарихын қанша жаза берсең де таусылмас. Ерінбесең болды. Ақыны қаншама?! Найза мен туды қолынан түсірмей өткен ержүрек батыры қаншама?! Қара қылды қақ жарған билер, тілдіге сөз бермес шешендер, елін, жерін қорғап, ат үстінде көз ілген жауынгерлерді санауға сан жетпес. Әрбіріміздің бабамыз батыр болмаса да жауына қылыш сермеп, туған елін, тұғырлы белін қорғай білген жаужүрек жауынгер болғаны ақиқат. Қаратау бөктерін атқа мініп, асықпай аралай білсең сен бұрын-соңды естімеген, құлағыңа шалынбаған, ел есінен таса қалған тарихи әңгімелерге кезігесің.
Осы таудың бөктеріндегі Тасбұлақ деген жерде мен осыдан 16-17 жыл бұрын болғаным бар.
Сарыжаз бен Раңның арасындағы суы мол, шабындығы жайқалған шұрайлы жер екен. Жаз айында бардым. Масадан, шыбын-шіркейден ада, тастаған дәнің бақшалыққа айналар топырағы құнарлы бөктер екен. Басында бұлағы, бақшалыққа ағатын тоспа суы да сарқырап жатты.
Жаз жайлау киіз үйдің іргесін түріп тастап, самаурынның қызыл күрең шайын ішіп, тер басып отырғанымызда сау етіп екі аттылы біз отырған үйге түсті.
Үй иесі Бектан қария:-Әбекең қария келді!-деді де алдынан жүгіре шықты. Келген кісі әйбике руының беделді ақсақалы Әбдімәлік қария екен. Жапа-тармағай амандық-саулық сұрастық. Күннің ыстығынан аздап шөліңкіреп қалған екен. Үш төрт кесе шай ішкен соң, қайтадан амандық сұрасысып, мал-жан түгендестік. Өлкенің шежірелі тарихын жетік білетін қариядан көп әңгіме естідім. Кейін араға 15 жыл салып, жүз жасқа иек артқан Әбдімәлік қариямен әңгімелескенімде сол уақыттағы әңгімесін ұмытпай, тура сол қалпында айтып берді. «Қоспасы жоқ сары алтын» деген теңеу осыған сай келетіндей.
Сонда қария Ақынбек қажы туралы өрелі әңгіменің тиегін ағытып еді. Өзінің ата -бабасынан бастап түп-тұқияндайтын қария, қойы қоралас, ауылы аралас жатқан қазақ ағайынның шежіресін білгенінше шертіп берген еді. Ақынбек қажы, Құлыншақ қажы Кемелұлының замандасы, әрі рулас ағайыны болған. Құлыншақ екеуінің жас шамасы да қарайлас болғанға ұқсайды. Құлыншақ ақын 1841 жылғы туған болса, Ақынбек 1848 жылдары дүниеге келген. Қажылыққа да барған уақыттары да шамалас болса керек. «Жол азабы-көр азабы» деген қиындықты бастан өткере жүріп, сенімдеріне селкеу ұялатпай мұсылмандық парыздарын өтеген. Әрі бұл екеуі кедей отбасынан емес, бақуатты бай отбасынан шыққан. Өрістегі мал кезегін жаюға есек таппай жүрген адам қажылық парызын қалай өтесін. Қолы ұзын, малды дүниелі адамдардың мақсатынан туған асыл парыз болса керек. Әрі халқымызда «ораза, намаз тоқтықта» деген тәмсіл деген айтылмаса керек. Енді Ақынбек қажының өзіне, өмірдерегіне тоқтала кетсек.
Ақынбек қажы 1848 жылы қазіргі Қозмолдақ ауылындағы Саңғыл бидің іргесіндегі Басбұлақ деген шағын ауылда дүниеге келген. Өзі бір атадан-Жүнсейден үш ағайынды тарайды. Үлкені Қалдыбек, ортаншысы Ақынбек, кенжесі Орақбай деген ағалары-інілері өрбиді. Ақынбектің өзінен Оспан, Оспанбек, Қорсынбай, Мұхи, Әлмен, Ахан есімді алты ұл дүниеге келеді. Ақынбек балалық шағында өте зерек, адамды жатырқамайтын көпшіл бала болады.
Қиялына ерік беріп Қаратаудың биік шыңдарына өрмелеп қыран құстың қанатына мініп өзі көрмеген, бірақ көргісі келетін, естімеген бірақ естігісі келетін басқа әлемге сапар шегетін.
Имандылық, әдептілік, тұрақшылдық қасиеттерді ата-бабасының қанымен бойына сіңірген бала Ақынбек адалдық пен адамдық ұғымның егіз екенін біліп, зерделеп өсті. Ақынбек ауыл молдасынан арапша оқып біледі. Оның үстіне Қаратаудың аңғарында отырып, Арқа төсіне сапарға шыққан жолаушылардың әңгімелерін тыңдап, қоржындарындағы кітаптарын тай қалап алып қалып жүріп сауатын молайта ашады. Көбіне көп ол уақытта діни бағыттағы жазба кітаптарды тауып оқитын. Ақынбек 1895 жылы Мекке-Мәдинаға қажылық сапарға бет алады. Жолға деп алдына азын-аулақ мал салып шығады. Сатса қаржы, жесе ауқат саналатын малы жол шығынын өтейді. Ары-берісі бар алты жыл жүріп 1901жылы қажы атанып елге оралады.
Дүниенің төрт бұрышын көрген жандай көкірек көзі ашылып, санасы сергектеніп қажылықтан оралған Ақынбек елге, жұртқа, кейінгі ұрпаққа пайдам тисін, сауаты ашылсын деген ниеттен медресе-мешіт ашады. Қаратаудың құт дарыған қойнауы мен түрлі шөпке бай бөктеріндегі дәрілік шөптерді халықтық медицинаға жаратып пайдаға асырады. Халық денсаулығын жақсартуға жұмсап ел ішінде емші атанады. «Ақынбек емдеген екен, құлан таза айығыпты» деген сөз ол уақытта жиі айтылып, мадақ сөз жиі естіліп жүреді.
Орта жүз қоңыраттың Қоңыр Жиенбеті ішінде Асан атасынан тараған Қалмырза деген бай кісі болыпты. Сол Қалмырзаның жалғыз ұлы шешек ауруымен ауырады. Ол уақытта бұл ауру ел ішінде жаппай тарап, жас балаларды қынадай қырып жатады. Амалы таусылып, бір Алладан медет сұраған Қалмырза Ақынбек қажыны өзі іздеп барып:
– Менің ұлымды ауруынан құлан таза айықтырып бер. Қалағаныңды беремін. Жалғыз ұлымның жаны қалуына қолыңнан келгенін аяма! Еңбегіңді өлшеусіз бағалаймын,-деп жалынышты үнімен үлкен өтінішін айтады. Арада айға жуық уақыт өткенде науқас дендеген баланың бетін бері қайтарады. «Уәде құдайдың аты» демекші Ақынбек емші Қалмырзаның қызы Мінсізді ұлы Мұхиға жар болуын қалайды. Мінсіз әжеміз Мұхиға күйеуге 1918 жылы он үш жасында келеді. Ал бұл уақытта Мұхидың жасы қырық жаста екен.
– Мұхи өте байсалды, салмақты, артық ауыз сөзі жоқ, келбеті түр-тұлғасына сай көрікті, бір сөзді азамат еді,-деп Мінсіз апамыз айтып отырады екен.

– Мінсіз десе мінсіз еді жарықтық. Ақынбек бабаның текті шаңырағына өле-өлгенше дақ түсірмей өтті. Ұлы Отан соғысы жылдары жетім қалған балаларды, жесір қалған аналарды босағасына тартып, талқанын бөліп беріп, бабадан қалған шаңырақтың киелі шаңырақ екенін жан жылуымен дәлелдеп кеткен аяулы ана осы -Мінсіз еді,-деп Әбдімәлік көке ризашылық пейілмен айтып еді. Мінсіз әженің өзі де «Бұл қара шаңырақ тегін шаңырақ емес. Бабамыз қолына құран кітабын алып оқып отырып қара суды теріс ағызған кісі болатын. Тегі тегіннен жаралмаған киелі шаңырақ. Сол себепті алыс-жақыннан келгендер алдымен осы шаңыраққа келіп тізе бүгіңдер» деп айтып отырады екен. Әже туралы әсерлі әңгімені ауыл қариялары жиі айтатынын Ақынбек қажының бүгінгі ұрпақтары Оспанов Әмзе, Ермахан Оразхан, Төлегенов Бақыт, Мұхиев Жәнібектер де қуаттайды. Уақтысында Мінсіз әжеміз туралы Жұматай Молжігітов, Сұлтан Жорабеков сияқты ел ақсақалдары жақсы пікір, жылы сөз, есті естеліктер қалдырған. Бұл күнде ол қариялар келместің кемесіне мініп кетті. Ендігі ұрпақ бабаларының кім болғанын білуі керек. Осы қағиданы ұстанған ұрпақтары Ақынбек қажының басына үлкен күмбезді кесене тұрғызып, есімін қара тасқа қашап жазды. Әруақтардың руқына бағыштап құран оқытып, ас берді. Ескерткіш кесененің айналасын көріктендіру-көгалдандыру мақсатында 100 түп жеміс ағаштарын отырғызды. Алдағы көктемде екі жылдық көшеттер алғашқы жемісін де беріп қалар.
Сондай-ақ жақсы жанның ұрпақтары биылғы жылы тамыздың аяғында елді жиып ас беріп, әруақтарға бағыштап құран оқытып, жастарға ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық тағамдарды, ұлттық ойындарды насихаттауды ниет етіп отырған жайы бар.
Бұл тарихи танымдық мақаланы жазудағы мақсатым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақынбек қажы, әрі әулиенің есімін ұлықтау, алаш ардақтыларын тану арқылы өз елінің тұлғаларын кейінгі ұрпаққа насихаттау дер едім.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Қажы бабаға

Қапалы жанға дем берген,
Құсалы жанға ем берген.
Ризалығын алып Тәңірдің,
Пейіліне кенелген.

Қаратау жері киелі,
Ел біледі көнеден.
Ақынбек баба сізге алғыс,
Бізге қалды өнегең.

Құлыншақ ақын екеуің,
Қажылық сапар шектіңдер.
Иманға мойын ұсынып,
Аллаға сеніп өттіңдер.

Меккені көріп көзбенен,
Парызды өтеп өмірден.
Арманда болмай кеттіңдер.

Жылаған жанды жұбаттың.
Мылқауға дейін тіл қаттың.
Өзгеден ерек ұлтыңды,
Ұлтым деп биік ұнаттың.

Сусаған жұртқа білімнің,
Бұрғыздың көсір арнасын.
Ұраның болды нарбаба,
«Білімсіз ұрпақ қалмасын!»

Медресе салдың кесектен.
Қорықпай от пен өсектен.
Оқыттың қазақ баласын,
Тұрғызып суық төсектен.

Құтқардың талай баланы.
Қызылша, оба, шешектен.
Суды да теріс ағыздың.
Деміңді салып кезекпен.

Дұшпанға болдың мейіріміңді,
Қанша болсын мезі еткен.
Алла да дедің есебі.
Береді өзі кезекпен.

Дәрілік шөппен емдедің.
Ауырған жанды сүзекпен.
Еміңмен елді емдедің.
Науқасы келсе тыз еткен.

Өзің ең мейір иесі.
Пенденің денін күзеткен.

Артыңда қалды ұрпағың,
Кесенең тұрды жаңғырып.
Есімін қалды еліңде.
Қаратау төсін ән қылып.

Әруақ құдай жар болып,
Қабыл ет елдің тілегін.
Ауылға қырдан қарайды,
Ұрпағым деген жүрегің!

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы, қазір Ташкент түрмесінде қаржы қылмысына байланысты жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримованың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Өзбекстан бас прокуратурасы 19 тамызда таратқан ақпаратта Каримова екі цемент зауытындағы мемлекеттің үлесін «негізгі құнынан арзанға» заңсыз сатып алған және кейін шетелдік кәсіпкерлерге сатқан деген күдікке ілінген. Прокуратураның мәліметінше, күдікті сатып алушылардың «кейінгі заңсыз іс-әрекетін қорғаштап, мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірген».
Бұған қоса бас прокуратура Каримова «азаматтар мен түрлі компаниялардың иелерін күш көрсетемін деп қорқытып, олардың мүлкін өзіне тиесілі компанияларға аударуға мәжбүрлеген» деп хабарлады.
Азаттық хабарласқан Каримованың адвокаты Грегуар Манжа клиентіне қарсы тағылған жаңа айыптарға байланысты пікір білдіруден бас тартты.
Биыл наурызда Өзбекстан билігі үйқамақта отырған 47 жастағы Гүлнара Каримованы «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғаны үшін» түрмеге қамаған. 2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айырған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған.
Өзбекстан билігі Каримованың шетелдегі жалпы құны бір жарым миллиард доллардан астам мүлкін мемлекет иелігіне қайтарғысы келеді. Шілде айында адвокат Манжа Швейцария билігі Каримованың ісі бойынша тәркіленген 555 миллион долларды Өзбекстанға қайтаруды тоқтатып қойғанын хабарлаған. Заңгердің мәлімдеуінше, мұндай шешімге Каримованың құқығы бұзылғаны және оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегені туралы хабарлар негіз болған.
Маусым айында Гүлнара Каримованың қызы Иман қамауда отырған анасының денсаулық жағдайы нашарлап кеткені туралы мәлімдеме таратқан.
Бір кездері Өзбекстандағы ықпалды тұлғаларының бірі саналған және кәсіпкер әрі әнші ретінде де танылған Гүлнара Каримова 2014 жылы президент әкесінің қырына ілінген соң көпшілікке көрінбей кеткен. Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бастап 2016 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған.

Орта Азия
жаңалықтар қызметі.

Қазақстанда автокөлік жасау мен автобустарды құрастыру көрсеткіші жыл сайын артып келеді.
Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығы мәлімдейді. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар-шілде айында елімізде 24 687 көлік құралы жасалған. Оның 22 280-і жеңіл автокөлік болса, 1 196-сы жүк көлігі, 754-і автобус, 35-і арнайы техника, 422-сі тіркеме мен жартылай тіркеме болып табылады.

Еліміздегі жалғыз автожасаушы – экспорттаушы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорны шілде айының өзінде Ресей нарығына 694 JAC кроссоверін жөнелткен. Жалпы жыл басынан бері экспортқа 6 512 млн. теңгенің дәл осы маркадағы 1 219 көлігі жіберілген.
2019 жылдың шілде айында барлық үлгідегі 4 064 көлік құралы шығарылып, автоөнеркәсіптің нарықтық үлесі сол айда 61 пайызға бір-ақ жеткен. Мамандар мұны жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш деп санайды. Биыл 7 айдағы жиынтық нәтиже өткен жылдың дәл осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 65,1 пайызға артық болып тұр.

Темекі тарту жүректің ең басты жауы. Майлы тамақ жеу де ағза моторын қалыпты жұмыс істеуден жаңылдырады.
Шымкенттегі кардиоорталық директоры Ермағамбет Қуатбаев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында осылай деп мәлімдеген.

Кардиохирургия саласында еңбек етіп жүргеніне 16 жылдың көлемі болған машықты маман шылым тарту жүрек қан-тамырларының тарылуына, ал холестерин мөлшерінің шамадан көп болуы оның жұмысына кері әсерін тигізетінін, сондықтан да оған жол бермеу қажеттігін айтады. Дәрігер ішімдікті көп ішу мен энергетикалық сусындарды тұтыну да жүрек қызметіне кесірін тигізетінін ескерте кеткен. Сұхбат барысында білікті басшы аз қозғалып, артық майлы тамақ жеу жүрек ауруын тудыратын негізгі себептің бірі екенін баса айтады. Сонымен қатар ол, дәрігер ретінде өзіне келетін науқастардың көп бөлігі стенокардия (жүрек қан-тамырларының тарылуынан пайда болатын ауру), жүрек соғысының өзгеруі, жүректің тума дерті сырқаттарына шалдыққанын атап өткен.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа бұлтартпас шарасының мерзімін 26 қазанға дейін созды. Мұндай шешімді 1-май аудандық соты қабылдады.
Бұның алдында сот Атамбаевты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік қызметінің тергеу абақтысында 26 тамызға дейін ұстау туралы шешім шығарған еді. Адвокат Замир Жоошев мұндай шешімді «заңды бұзу» деп бағалаған.
«Сот прокурордың қамауда ұстау мерзімін созу туралы өтінішін қолдады. Мұндай мәселелер қаралатын сот отырысы сот ғимаратында, ашық өтуі тиіс. Бүгін сот тағы да ҰҚМК ғимаратында өтті. Бұл — заңға қайшы. Сот отырысының неге ҰҚМК ғимаратында, жабық өтетінін түсіндіретін сот шешімі болуы тиіс. Бірақ мұндай шешім болған жоқ», — деді Жоошев.
Еске салайық, 7-8 тамызда Кой-Таш ауылында Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы өтті. 15 тамызда адвокат Сергей Слесарев Алмазбек Атамбаевқа 14 қылмыс бойынша күдік келтірілгені туралы ескерту алғанын хабарлаған.

Орта Азия
жаңалықтар қызметі.

Алматы қаласында ұлттық спорт түрі көкпардан І Азия чемпионаты болып өтті. Тартысты аламанға 8 мемлекеттің құрамасы қатысты. Азия ойындарында «Түлкібас ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» спортшылары, Қазақстан құрамасының мүшелері Мамыт Әділет пен Қарқабат Бекзат жүлделі І-орынды иемденді, — деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Мен бала күнімнен атам Мамыттың қамшысын алып, бәйгеде шабатын тұлпарына мініп өстім. Сәйгүлікке деген қызығушылығым аса жоғары еді. Пәлен жерде түген деген көкпар болып жатыр дегенді есітсем болды, дорбамды жинап, атымды баптап үйден шығып кететінмін. Сен әлі баласың, аттың астында қалып кетесің деген үлкен ағаларымның сөзін, ақылын құлағыма аспайтынмында. Ол мен үшін қорқынышты болмайтын. Бар ойым сол көкпарға барып, аламан доданы көзіммен көру. Көкпаршы, шабандоз болу менің бала күнгі арманым еді. Әсті, осындай жетістікке жетіп, шабандоз болып, елімнің мақтанышы болғаным — атамның берген батасының арқасы болса керек. Ол кісі де шабандоз болатын. Қаннан келген қасиетте бар шығар. Әкем Әмір де көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар қатарынан. Менің көкпар спортына деген махабатымды сезген әкем спорт мектебіне оқуға түсіріп, бағымды ашты. Бәйгеде оза шабуым үшін батасын беріп, жігерлендіретін. Сәйгүлігім Ақмола Қасқамен талай додаларда оза шауып, отбасыма үлкен қуанышпен оралған кездерім жетерлік. Бұл- мен үшін атамның, әкем мен анамның алдындағы арманымның орындалғанының көрінісі деп ойлаймын. Жетер жетістігім мен алар асуым әлі алда болса, мен бағындырар белес көп деп білемін. Кезекті жеңісімді елім мен жеріме арнаймын», – дейді І Азия ойындарының чемпионы, ҚР құрамасының мүшесі Мамыт Әділет.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова Atameken Business телеарнасына берген мәлімдемесінде айтты.
Өз кезегінде ол қазіргі таңда еліміздегі медициналық орталықтардың тек 30 пайызы халықаралық стандарттарға сай халыққа қызмет көрсететінін алға тартқан. Қалғандарының мұндай талапқа сай келмеуін, тиісті аккредиттеуден өтуілеріне әлі дайын болмағандығымен немесе тексеру кезінде сынақтардан өтпей қалуымен байланыстырған.
Жалпы медициналық орталықтардың халықаралық талаптарға қаншалқты сай келетінін тиісті аккредиттеу кезінде анықталады. Бұл жүйе елімізде он жылдан бері іске асырылып келеді. Бірақ бұл процес әзірге ерікті түрде, яғни, медицина орталықтары тапсырыс берген жағдайда ғана өткізіледі. Ол ақылы негізде жүзеге асырылады. Бағасы 500 мыңнан 2 млн. теңге дейін барады. Акредиттеу кезінде тексеруді тәуелсіз комиссия жүргізеді.
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова акрредитация кезінде 500 талап болатынын да мәлімдейді. Онда нысанның өрт қауіпсіздігі, жалпы ғимараттың түрлі табиғи катаклизмге қаншалықты шыдас беретіні, инфекциялық қауіпсіздіктің қалай ескерілгендігі, дәрі дәрмектерді дұрыс қолданудың тәртібі, дәрігерлердің науқастарға жазған емі мен медбикелердің біліктілігі және т.б мәселелер қамтылады. Яғни, әр сала бойынша әртүрлі болып келеді.
Аккредитация кезінде медициналық орталықтардың халықаралық стандарттарға сай келетіні белгілі болса оларға арнайы сертификат беріледі. Оның заңды күші үш жыл уақытты қамтиды.
Қазіргі таңда аккредитациядан өту Қазақстанда қалаулы түрде жүргізіледі. Бірақ мамандар 2024 жылға дейін бұл жүйе медициналық орталықтарға міндеттелуі мүмкін деп болжауда.
Жалпы мемлекеттік сатып алу конкурстары кезінде көбіне көп медициналқ аккредитациядан өткен орталықтар ғана жеңімпаз болып жататынын айта кетейік.