Маңызды

«Алты алаш бас қосса, төрдегі орын
мұғалімдікі» деген сөзді тегін айтпаса керек.

Алаштың көшін өрге сүйрейтін қайыспас қажырлы мұғалімдер біздің болашағымыз – балаларды тәрбиелеп, елдің ертеңін қамтамасыз ететін ең қадірлі жандар».
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов «BILIM jane GYLYM» тақырыбында өткен тамыз конференциясында кіріспе сөзін Мағжан Жұмабайұлының қанатты сөзімен бастады.
Балаларды сәби кезінен рухани құндылықтарға баулып өсіру қажет екенін айтқан қала басшысы оқушылардың рухани дамуын жетілдіру, ұлтжандылыққа, мәдениетке тәрбиелеу мақсатында үшжылдық «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды айтты.
Сонымен қоса, ұстаздың мәртебесі мен білімнің сапасын көтеру жайын қозғаған әкім ең алдымен мектеп айналасын пайдакүнем бизнесмендерден арылтуды атап өтті.
«Жасыратыны жоқ, мектеп формасы жылда жаңа оқу маусымы басталғанда, үлкен шудың басы болып келеді. Себебі, біздің тұрмысымызда әлеуметтік шиеленістер, жағдайы төмен отбасылар бар екенін жақсы білесіздер. Мектеп оқушыларының формасы әр мектепте әр бөлек. Мектептердің әрқайсысы өз формасын бекітіп алған. Мәселен, ата-ана үйінің жанындағы лицейге баласын оқытқысы келсе, ол лицейдің оқушы формасы тым қымбат тұрады. Әлеуметтік наразылық осындайдан туындайды. Бұл жерде мектеп оқушыларының да формасын бірыңғай жүйеге көшіру керек. Мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек»,-деді Е.Айтаханов.
Конференция барысында жаңа оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалды. Шымкент қаласы биылғы 2019-2020 оқу жылын 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымдарындағы 294 мыңнан астам білім алушылармен бастамақ. Сонымен қатар, білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар министрліктің және қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Келешекте Шымкентте білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластері орталығы ашылады. Онда халықаралық талаптарға сай өскелең ұрпақты тәрбиелейтін балабақша, мектеп пен колледж болады. Бұл орталықтың өзге білім мекемелерінен басты ерекшелегі де осы. Нысанды сингапурлық «KinderWorld International Group Ltd» компаниясы салады.
Осы жобаны жан жақты талқылап, жүзеге асатын нұсқасын таңдап алу мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов аталған сингапурлық компанияның төрағасы Рики Тэнмен кездесті. Жүздесу кезінде тараптар нысанның болашақ әлеуетін талқылап, ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластері орталығында ашылатын балабақшада 6 айдан 6 жасқа дейінгі өрендер тәрбиеленбек. Барлығы 600 балаға лайықталып салынатын балабақшада жабық ойын алаңы мен бассейн болады. Сондай-ақ, балаларды шет тілдерін үйренуге, әріп танып, оқуға, саусақ бүгіп, санауға, қоғамтануға, ән айтуға, би мен бейнелеу өнеріне үйретеді.
Бұдан бөлек, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған байыту орталығын да ашу жоспарлануда. Ол жерде балалар ғылыммен, технологиялармен, инженериямен, математикамен, робототехникамен және AR/VR жүйесімен танысады.
Ал, халықаралық білім беру кластері орталығындағы мектепте оқушылар дәстүрлі пәндерден басқа бағдарламалау, робототехника және 3D баспаға арналған факультативтік сабақтар бойынша білімдерін жетілдіре алады. Мұнымен қатар, орталықта АҚШ-та және басқа да шет елдерде оқитын студенттердің жазғы алмасу бағдарламалары жұмыс істемек.
Жалпы сингапурлық «KinderWorld International Group Ltd» компаниясының білім беру кластері Аустралия, Вьетнам және Малайзияда балаларға сапалы білім берумен айналысып келеді. Енді олар мұндай сәтті жобасын Қазақстанда да іске асыруға бел буып отыр. Оның Қазақстанда іске асырылатын жобасы Сингапур елінің ұлттық университетінің қалашығына ұқсас етіп бой көтереді. Құны шамамен 23-25 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны сүйемелдеумен «Kazakh invest» АҚ шұғылданады.

Шымкент қаласы, «Бозарық» шағынауданындағы «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысы ағымдағы жылдың қарашасында толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Егер ол нысан іске қосылатын болса 250 мың адам тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы тәулік бойы сапалы электр жарығымен қамтылады. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылысы қарқын алған. Жоба аясында атқарылатын жұмыстарды тыңғылықты жүргізу Үкімет назарында.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов стратегиялқ маңызы зор «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысымен танысып, нысанды дер кезінде тапсыруды шегелеген болатын. Оған негіз де жоқ емес. Себебі қазіргі таңда Шымкенттің орталығынан шалғай жатқан көптеген елді мекендер сапалы жарыққа жарымай отыр. Жекеменшік компаниялар арқылы тартып отырған электр желілері қалтаны қағады. Оның үстіне сапасы да сын көтермейді.
Кешегі аптаның жұмасында Ерлан Айтаханов қала тұрғындарын жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған азаматтардың бірқатары сапасыз электр жарығы бойынша өздерін мазалаған сұрақтарды алға тартты. Өз кезегінде қала басшысы осы бағытта қолға алынып жатқан жұмыстарды атап өтіп, сала басшыларына тиісті шараларды дер кезінде қабылдау туралы тапсырма берді.

Шымкентте мектеп жасындағы балалардың жүздерін балбұл жандыратын «Мектепке жол»
акциясы аясында бірнеше шаралар өткізілуде.

Өткен аптада «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен демеушілер есебінен Оқушылар сарайында 60 оқушыға оқу құралдары салынған сөмке мен мектеп формасын алу үшін 25 мың теңгенің сертификаты тапсырылған болатын.
Аз қамтылған және көп балалы отбасындағы өскелең ұрпақтың жаңа оқу жылына сақадай сай болып, сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатындағы мұндай акция осы аптада «Фиркан» сауда – ойын-сауық орталығының «Funky Town» ойын алаңында да өткізілді. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен болған қайырымдылық акция 200 баланың жүзіне шаттық нұрын сыйлады.
Аудандағы мүмкіндігі шектеулі, жартылай және тұл жетім, аз қамтылған отбасыдан шыққан жанұялардың балаларына жасалған мұндай қамқорлық акциясына жергілікті жердегі атап айтқанда «Сұңқар» клиникасы, «Отау строй», «Визит» ЖШС, «Физули» дәмханасы, «Фиркан», «Қазыбек», «Арман city» сауда орталықтары мен «Акбар» базары басшылары үлес қосты. Яғни, қамқорлық акциясында балаларға оқу құралдары салынған сөмке тапсырылды. Игі шарада балаларға «Балдәурен», «Лейв», Алтын ғасыр» тобындағы өнерпаз замандастары ән шырқап, би биледі. Концерттік бағдарламамен қатар, олардың назарына сайқымазақтың өнерін тамашалау ұсынылды.
Балаларға ерекше қуаныш пен жігер сыйлаған бұл жиында аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов «Кішкентай тұрғындарымыздың мүдделері мен құқықтарын қорғау, оларға шат-шадыман қуаныш сыйлау біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі. Әрбір бала қуаныштың тікелей куәсі болуға құқылы. Бұл ретте жүрегі жылы жомарт жандардың көрсетіп жатқан қамқорлықтары оларға жақсылық сыйлаумен қатар, үлгі ретінде көрініс табуы тиіс» деді.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен дәл мұндай қайырымдылық шара бұдан алдын «Наурыз» алаңында өткізілген болатын. Ол кездегі шараға қаладағы «Қырғы базар», «Береке» сауда үйі, «Royal Club Fitnes Centre», «Стамбул» мейрамханасы, «Химфарм» АҚ, «Визит» АҚ, «Имран» сауда үйі басшылығы атсалысып, 150 балаға кеңсе заттары мен сөмкелер табысталған. Сондай-ақ оның ішінде 30 балаға мектепке арналған киім-кешек тарту етілген-тін.
Мұндай игі шарадан Шымкентке танымал кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиевада да аянып қалмады. «Корпорация «Береке А» ЖШС құрылтайшысы ретінде ол өз ұжымындағы 50-ге жуық көп балалы отбасындағы мектепте білім алатын 120 баланың әрбіріне 20 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғарғы Сотта «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбы бойынша бейнебайланыс арқылы республикалық деңгейде өткен кеңесте «Республика халқының 70%-ы қазақ тілді азаматтар. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде.
Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет» деген-тін.
Бұл талаптың деңгейінен табылу Шымкент қалалық сотының алға қойған негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қалалық сотында сот істерін қарауда мемлекеттік тілдің деңгейін арттыру мәселесі туралы мәжіліс өткізілді. Оған Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, кеңсе меңгерушілері, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, банк өкілдері қатысты. басқосуда сот істерін қарау кезінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудегі жұмыстарды пысықтау қажеттігі айтылды. Оған Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы
Р. Жумадилованың жасаған баяндамасы кезінде айтқан деректері негіз болды. Өз кезегінде Р. Жумадилова 2019 жылдың 6 айында аудандық сотта қаралған 410 қылмыстық істің 335-і яғни, 81%, ал, 3468 азаматтық істің 1425-і, яғни 39%-ы ғана мемлекеттік тілде қаралғанын алға тартты. Ол мұндай көрсеткішті көп жағдайда адвокаттардың талап қоюшыларға талап арызды өздеріне ыңғайлы орыс тілінде жазып беретіні және сот орындаушылардың кейбір атқарушылық іс құжаттарын дайындау барысында орыс тілін қолдануды құп көретіндігі себеп болып отырғандығымен түсіндірді.
Мәжіліске Шымкент қаласының Абай, Еңбекші аудандық және Экономикалық соттарының судьялары да қатысты. Бірқатар адвокаттар да шақыртылды. Олар іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізудің аясын кеңейту туралы Жоғарғы сот төрағасының талабын орындау мақсатындағы ойларын ортаға салып, оны бірлесе отырып жүзеге асыруға жұртшылықтың назарын аударды.

Шымкентте жасөспірімдер тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, олардың қия басуына зор ықпалын тигізетін бірнеше заңсыз ойын терминалдарының жұмысы тоқтатылды.
Жыл басынан бері үшінші шаһарда заңсыз ойын бизнесінің 26 дерегі анықталған. Қазіргі таңда аталған қылмыстық істің 8-і өндірісте, 18-і сот қарауына жолданған.
Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми мәлімдемеде департамент қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 79-телевизор, 167-жүйелік блок, 13-моноблок, 185- монитор, 17-дана шот принтер, 18-модем, 48-ойын терминалдары 21 «бинго» аппараты мен 9-бейнетіркегіш тәркіленгені айтылады. Сондай-ақ, заңсыз ойын бизнесімен айналысатын 5 веб-сайт анықталып, бұғатқа қойылған.
Сөз соңында қаладағы заңсыз ойын бизнес өкілдері мемлекетке бірде бір тиын салық төлемейтінін айта кетейік. Мамандар заңсыз ойын автоматтарына арнайы бағдарламалар бойынша енгізілген ойындарды жеңу мүмкін болмайтынын тұрғындардың білгені абзал екенін алға тартуда.

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру арқылы инвесторларды тарту, жұмыс орындарын құру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Қазақстан бойынша ұзақ мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік мәселелерді шешу ӘКК-нің жұмысының басты басымдығы болуға тиіс.
Бұдан бөлек, «Автобус паркін жаңарту», «Шымкент сити» және «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салу, әлеуметтік нысандар құрылыс жобасын сәтті жүзеге асырудың жолдары мен мәселелері қарастырылды.
Өз кезінде қала әкімі Е. Айтаханов шағын және орта бизнесті дамыту қаланың орталық бөліктерімен ғана шектеліп қалмай, шалғайдағы елдімекендерді де қамтуы керек екенін атап өтті.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бүгінгі таңдағы негізгі басым аспектісі инвесторлар үшін қолайлы орта құру және жаңа әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру болып табылады.
Жобалық кеңсе институтын енгізу — бұл уақыт талабы екеніне тоқталған қала басшысы, бұл жобаларды сапалы орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазіргі уақытта «Shymkent» ӘКК» АҚ жобалық басқаруға өтті, оның артықшылықтары жоба мен міндеттерді басқару, мобильді кеңсе және жобаға бағдарланушылық болып табылады.
Кездесу соңында қала әкімі тиісті салалық басқармаға корпорациямен бірлесіп жүзеге асырылатын жобаларға бақылауды күшейтуді айтты.

Шымкент қаласы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Арыс қаласындағы зақымданған 7613 үйдің 7166-сында жөндеу жұмыстары жүрсе, 447 үй қайта салынып жатыр. Қазіргі таңда 7000 үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 23 үй қайта салынып бітті.
Қалған үйлердің құрылыс-жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Секторлар бойынша Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары жөндеу жұмыстарын аяқтаса, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстарын толық аяқтап отыр. Бүгін бұл туралы Арыс қалалық әкімдігінде өткен аппараттық жиында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Жиында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы құрылыс жұмыстары кенжелеп тұрған секторларға жауапты облыс өкілдеріне жұмысты тездетуді тапсырып, қыркүйек айына дейін толық аяқтауды жүктеді.
Сондай-ақ, басқосуда баяндама жасаған «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқармасының төрағасы Арман Жетпісбаев Арыс қаласындағы 68 әлеуметтік нысанның 56-сында құрылыс жұмыстары аяқталып, 12 нысан алдағы апта түгел пайдалануға берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, жиында облыстық Қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев арыстықтарға берілетін 100 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыны беру жұмыстары бойынша 5 млрд. 67 млн. теңгенің халыққа үлестірілгенін баяндады. Бұдан өзге, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов Арыс қаласында Көктем мөлтекауданы мен Ақымбеков, Қонаев сынды орталық көшелердің жөндеу жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталатынын айтты.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Созақ даласының қасиеті шексіз. Неге басқа өңірде некен-саяқ жүзден асқан әулие Созақта жатыр? Неге Келіншектауға түйелер шөккен, Қыземшек пен Қотантас құпиялары, үш жүздің басын қосқан «Таңбалы тас» тылсымдары болашақ ғалымдардың басын ауыртып, миын қатыратын тың жаңалықтар болары анық.
Осындай ғажайып өлкеде дүниеге келген каратэ шебері қаратаулық Болат Алтынбек, кезінде Қаратау ауылында аз уақыт болса да мекен еткен атақты Нелли Ким, зілтемірші Шәдібекова, боксшы Біржан жақып, футболшы Таңат Нөсербаев, кеше ғана Қазақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің таңдайларын қақтырған Акбар Елубайұлы осы Созақтың перзенттері, Теріскей даласының батырлары десек болады. Елді елең еткізіп отырған тағы бір атып келе жатқан жаңа, жас жұлдызымыз Нұрлантегі Мейіржан Нұрәділұлы. Бұл баламыз 2009 жылы 25 маусымда Жартытөбе ауылында дүниеге келген. Шайбалы хоккейімен 2015 жылдың 14 ақпанынан бастап айналыса бастады. Ең алғаш Шымкент қаласындағы мұз сарайына атасымен бірге жаппай сырғанаққа коньки тебуге барып, сол жерде хоккей ойнап жүрген балаларды көріп менде хоккей ойнайыншы деп қызығушылығын білдіріп «Торнада» командасының жас балаларымен жаттыға бастайды. Сол жылы наурыз айында бірінші рет Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласына барып «Бинакор» командасының балаларымен жолдастық кездесу өткізіп жеңіспен оралады. 2017 жылы қазан айында мұзсарайының әкімшілігінің бастамасымен тек қазақ балаларынан құралған «Тұран» командасы қатарында шабулшы болып ойнауда. Көптеген ойындарда өзін жақсы жағынан көрсетіп команданың бірінші бестігінде ойнап нәтижелі шабуылшы бола білді. 2017 жылы Қырғызстан мемлекетінде Бішкек қаласының мэрі атындағы халқаралық турнирде АҚШ, Ресей, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, командалары арасында «Тұран» командасы жүлделі 4-ші орын алып Мейіржан «Ең үздік шабуылшы» атанды. 16 гол және 11 голевой пас беріптіі. 2017-2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына арналған турнирде «Тұран» командасы 24 команданың ішінде 4 орынға ие болып Қазақстан чемпионатында 2009-2010 жылғы балалар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Сол ойындарда Қазақстан бойынша үздік 10 мерген шабуылшылар арасында «Барыс» (Астана), «Торпедо» (Өскемен), «Құлагер» (Көкшетау) командаларының хоккейшілерімен болған ойында бірдей нәтиже көрсетіп үздіктер қатарынан көрініп, «Ең үздік ойыншы» деген марапатқа ие болды. «Тұран» командасы Қазақстан тарихында Оңтүстік Қазақстанның ең бірінші хоккей тарихында чемпион атағын жеңіп алған команда болды және жасөспірімдер арасынан 1-разряд нормасын орындады. Мейіржанның үлкен атасы да спортта өзін көрсете білген тұлға. Кішкентай батырымыз Созақ ауданынан шыққан спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт қайраткері атасы Ерманов Сәбит Болысбекұлының жолын жалғастырып Созақ ауданынан шыққан спорттың хоккей түрінен алғаш чемпион болған азамат ретінде есімі еленетін болады. Осы жазда үздік ойыншы ретінде «Барыс» командасының спорттық базасының шақыртуымен «Бригантина» спорт лагерінде оқу жаттығу жиынында болып қайтты. Мейіржанның әкесі Нұрәділ жол полиция қызметкері, анасы Ақерке мұғалім, атасы Нұрлан да ұстаздық қызметте болып зейнет демалысына шыққан. Әжесі Кенже де талай жылдар мектепте басшы қызметте болып бүгінде еңбек демалысында. Бір ғана отбасыны емес, бүкіл ауыл, аудан, облысымызды әлемге танытуға талпынып жүрген жас талантымызға тек сапарларда жолы сәтті болсын деген ыстық тілегімізді айтамыз. Алар асуың биік, бағындырар белестерің көп болсын «Мерген Мейіржан» дейміз.

Мақсат Қарғабай.

Созақ ауданының бағбандары өткен жылы қауын-қарбыз егіп, экспортқа
шығарған болатын. Бұл істі биылғы жылы да қолға алып отыр.

Созақ ауданының диқандары 15 келіден асатын қарбызды егіс алқабынан жинап алуда. Демек, шаруалар биылдан бастап қауын-қарбыздарын шетелге саудалайтын болады. Диқандар биыл жалпы 107 гектар аумаққа бақша өнімдерін отырғызыпты. Оның 40 гектарына қауын егілсе, 66 гектардан астам жерге қарбыз көшеті отырғызылған. Мәселен, аудандағы 3 шаруа қожалығы бірігіп, биыл 600 тоннадан астам өнімді экспортқа шығармақ. Ал өткен жылы бір ғана серіктестік 10 гектар жерінен 250 тонна өнім алған. Сол өнімінен азғантай көлемде шетелге жіберген. «Тапқан табыс та көл-көсір болған еді», – дейді шаруалар. Айта кетейік, Созақ ауданының табиғаты ерекше. Қысы қатал болатындығына қарамастан тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Түйе бағып, оның сүтін өндіреді. Ал бау-бақша ұстап, одан өнім алып экспорттау Созақ ауылының шаруалары қолға алып отыр. Созақ ауылы округінің әкімі Батырхан Аяповтың айтуынша, 3 шаруақожалық бірігіп, 600 тоннадан аса өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Ендігі 2020 жылға тағы 3 шаруа қожалық қосылатын болады. Бүгінде қарбызды экспортқа шығарып, жақсы табысқа ие болды. Негізінен, бақша өнімдерінің көбі Ресейге барады. Жергілікті тұрғындардан да сұраныс көп. Соның ішінде Қазақстанның ішіне және солтүстік өңірлерге барып жатыр.

Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.