Маңызды

Мүмкіндігі шектеулі жандардың игілігі үшін жасалған жағдайлар қоғамның даму деңгейін анықтайтын басты тетік. Осы бағытта еліміздегі жетекші саяси ұйым «Nur Otan» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын қолға алған. Аталған жоба аясында «Nur Otan» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың негізгі мәселелерін сараптап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуді жүзеге асырады.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында қоғамдық қабылдау болды. Онда келіп түскен өтініштер негізінде алдын ала шақыртылған тиісті сала мамандары да қатысты. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбековтың төрағалық етуімен өткен қабылдауға денсаулығына байланысты ерекше күтімді қажет ететін 20-ға жуық тұрғынның проблемасын шешу жолдары қарастырылды. Солардың бірі алпыс жасты алқымдаған А. Мұратбаева. Ол ағзасына жасалған отадан соң денсаулығы сыр беріп, ІІ-топтағы мүгедек болған. Сырқатына байланысты бірнеше рет химиялық ем алған. Алайда дәрігерлер оған мүмкіндігі шектеулі екенін растайтын құжатты мерзімсіз етіп шығарып беруге құлық танытпайтынын қынжылыспен жеткізген ол ақ халаттылардың өзін бұлайша сабылтуының сыры сыйақы дәмету деп түсінетінін де жасырмады.
Өз кезегінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі мұндай құжатты алу үшін ешқандай қаржы қажет еместігін, бұл тегін жүзеге асырылатынын, тек тиісті тексерулерден өту қажеттігін қадап айтты.
Қоғамдық қабылдау кезінде партия өкілі мен сала мамандары азаматтарға әлеуметтік, денсаулық салалары бойынша қабылданған бағдарламалар мен қолға алынған жобалардың мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Конституция күніне орай Шымкент қалалық сотында «Қазақ дала парламентінің түп қазығы – Мәртөбе» атты конференция болып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шарада қазақ дала парламентінің түп қазығы – Мәртөбе мекенінің тарихтағы орны тағы бір екшелді. Тау тұлғалы Тәуке ханның «Жеті жарғысына» мөр басылған мерейлі Мәртөбенің тарихына шолу жасалды.
Мазмұны зор шараға заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Шалатай Мырзахметов баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қазақ жеріндегі әділ билердің сарабдал саясатына тоқталды.
Қандай жағдай болмасын тек әділдікті алға шығаруды ұран етіп, қара қылды қақ жарар қазақ билері төңірегінде тағылымды әңгімелер айтылған басқосуда «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» лайықты жалғасы, Атазаңымызды құрметтеу мәселесі де сөз етілді.

С. НҰРАЙ.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтың өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы тағайындалды.
Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы 1980 жылы 30 қаңтарда Павлодар қаласында дүниеге келген. Білімі — жоғары. 2002 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің «шетел тілін білетін журналист» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы «Қазақстанның телеарна және радиосы» Республикалық корпорациясында бастаған.
2000 жылдардан бастап Қазақстанның телеарна және радиосы» Республикалық корпорациясында түрлі лауазымдарда істеген.
2002 жылы «Астана» телеарнасында қызмет атқарып, 2005 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру АҚ ақпарат-талдау орталығының баспасөз қызметінде;
2008 жылдан бастап «ҚазАгро Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы;
2011 жылдан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы;
2016 жылдан 2018 жылға дейін түрлі жеке компанияларда және «КазАгроМаркетинг» ЖШС-нің басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі болған.
2019 жылдан бастап, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.
2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары идеология, білім және мәдениет саласына жауапты болады.

Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс елу төртінші сессиясында депутаттар Қаратау ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Абзал Шымкентбайұлы Әліқұловтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Абзал Шымкентбайұлы 1972 жылы туылған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін және Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі – экономист-менеджер және заңгер.
Еңбек жолын 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы «Юбилейный» совхозының статисі болып бастаған. 1997-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданы Төлеби біріккен қалалық әскери комиссариатының қаржы-шаруашылық бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери комиссариатының 1-ші бөлім бастығының көмекшісі, Оңтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде әскери қызметтің офицерлік құрамында қызмет еткен.
2007-2008 жылдары Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім меңгерушісінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің денсаулық сақтау бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарған.
2008-2012 жылдары Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі ретінде қызмет атқарған. 2012-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Еңбекші аудандық салық комитетінің бөлім бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, Облыс әкімінің бас инспекторы – ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі басшысының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған. 2018-2019 жылдары Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Түркістан» кеден бекетінің басшысы ретінде қызмет атқарған.
2019 жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы лауазымында еңбек еткен.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шымкентте дәл осындай атаумен акция өтті. Бұл шараны «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, қалалық полиция департаменті және қалалық денсаулық сақтау басқармасы бірлесе ұйымдастырды. Мақсат айқын – жол қозғалысы кезінде темір тұлпарын тізгіндеген азаматтардың кез келген уақытта жедел жәрдем көлігіне жол беруін жолға қою. Себебі, әр секундтың өзі науқастар үшін маңызды рөл ойнайтыны анық.
Мамандар көп жағдайда жеке көлік жүргізушілері жедел жәрдем қызметінің шақыртылған жерге жедел жетуіне айтарлықтай кері әсерін тигізетінін жасырмауда. Мұндай олқылықты болдырмауға «Жол бер – өмірді сақта» акциясы оң әсерін береді деп күтілуде.
Шара кезінде тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізушілерге ескерту жасады. Ал қасақана жол бермегендерге әкімшілік хаттама толтырылды.
Жалпы жәдел жәрдем қызметі шақыртылған жерге аурудың дәрежесіне қарай белгіленген мерзімде жетуі тиіс. Ең жылдам келу уақыты 10 минут, келесі орташа уақыты 15 минут, одан кейінгісі 30 минут.

С. НҰРАЙ.

Шымкент қаласында білім күніне орай үш тілде білім беретін 900 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді. Білім мекемесінің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов жаңа ғимаратты аралап көріп, ондағы балаларға жасалған жағдаймен танысты. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалап, балалар мен ата-аналарды және тәрбиешілерді балабақшаның ашылуымен құттықтады, — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жаңа үлгіде салынған бөбекжай 31 топқа арналған. Онда балаларға арналған ойын бөлмесі, асхана, музыка залы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары бар. Бұдан бөлек, балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, балалардың психологиялық ерекешіліктерін қадағалайтын психолог, логопед және ұстаздар бөлмелері бар. Мұнда ұйымдастырылған оқу- іс әрекеттері қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Сондай-ақ, бүлдіршіндердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балабақша бөлмелері ойын алаңшалары, жатын бөлмелер, дәліздер бейнекамерамен жабдықталған.
Сонымен қатар, әкім Абай Құнанбаев атындағы жекеменшік 1200 орындық мектепті аралап көрді. Мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Білім ордасында оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар.

С. НҰРАЙ.

Тау тұлғалы азаматтар түлеп ұшқан Созақ ауданының тумасы Әкбар Елубайұлы мерейімізді тасытып, мәртебемізді асырды. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданында халықаралық деңгейде өткен «Толағай сұлтан — 2019» спорттық шығармашылық сайыста Түркістан облысының намысын қорғап, қарсыластарын шаң қаптырып, топ жарып қайтты.
Екі күнге жалғасқан сайысқа Моңғолия Республикасынан және еліміздің әр өңірінен білегінде күші, санасында ақылы тасыған 23 жігіт өзара бақтарын сынады. Сайыс жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күресі, өзін-өзі таныстыру, өнерін көрсету және сұрақ жауап сынды сегіз түрлі бәсеке бойынша өтті.

Өз кезегінде білімге құштар «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттердің өнерін тамашалуға келгендердің легі көп болды. Олар спорттық сайыстың көрігін қыздырған батырлардың талантына таңдай қағып, зор қошемет көрсетті. Жиналғандарды теріскейдің топырағына аунап өскен Әкбар Елубайұлының өнері таң қалдырды. Ол сайыстың бірінші күнгі өнер бәсекесінде 120 келілік тайыншаны 20 рет көтеріп, жұртты ерекше күш-қайраттың иесі ретінде тәнті еткен-тін. Сайыстың сұрақ жауап бөлімінде де Әкбар ой өрісі кең, санасы ояу азамат екенін көрсете алды. Осылайша өзінің жан-жақты өсіп жетіліп жатқанын сөзбен емес, іспен көрсете білген ол «Толағай сұлтан — 2019» спорттық шығармашылық сайысында жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлап, 1 млн. теңгені алып қайтты.

С. НҰРАЙ.

«Qazaqstan» Ұлттық арнасы күзгі жаңа маусымда 14 жаңа жобамен көрерменін қуантады. Бұған дейін өз көрермендерін тауып үлгерген 10 бағдарлама жаңаша форматта ел назарына қайта ұсынылады.
Бұл туралы «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметі хабарлайды.

Көрермен тамашалайтын жаңа жобаның қатарында қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының интеллектуалды диалогқа құрылған «Nur Tileý» бағдарламасы бар. Бұған дейін «Астана» телеарнасында «Біздің уақыт» бағдарламасын тізгіндеген Жайна Сламбек жаңа маусымнан бастап ұлттық арнада «Apta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын жүргізеді. Мұқтаж жандардың тұрмысын жеңілдететін «Niet» әлеуметтік жобасын Гүлнәз Әлімгерей тізгіндейді. Ал «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлы көрерменмен енді тек сенбі емес, күн сайын кешкі уақытта жаңа «Ашық алаң» ток-шоуында жүздеспек. Ауыл өмірінен сыр шертетін «Ауылдастар» тележобасын Гүлназ Ауданбаева эфирге шығарады. Кезінде көпшіліктің ықыласына бөленген «Толағай» отбасылық бағдарламасы да осы жаңа маусымда эфирге қайта оралады. Ұлттық арна ұжымы қоғамдық, ақпараттық-танымдық бағыттағы «Иман өзегі», «Бір күн», «Мәдениет жауһарлары» хабарлары да көрермен көңілінен шығады деп үміттенеді.
Ал әр күн сайын үш мезгіл тікелей эфирде шығатын «Aqpatat»-ты Армангүл Тоқтамұрат, Саламат Омаш, Шерхан Жамбылұлы, Альбина Әшім жүргізеді.
Ендеше үйіңіздің төрінде ұлттық арна қосулы болсын.

С. НҰРАЙ.

Созақ ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанған 6000-ға жуық жауынгерден бұл күнде бес майдангер ортамызда жүр. Сол жауынгерлердің бірі Тағиев Шәміл 1926 жылы 8-мамыр күні Әзербайжан Республикасы, Карабах ауданы Косалар ауылында дүниеге келген. Әкесі Әләскеров Махмуд бай кісі болған.
Үш әйелі, қол астында 150-дей адамы болған. Ол кісі жайлы деректер Әзербайжан еліндегі тарихи кітаптарға енген. Тағиевтер әулеті Сталиннің репрессиясына ұшырап 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған. Шәміл бұл жерге 10-жасында келген. Осы жерде Ленин атындағы орта мектепте оқыған. Жетінші сыныпты тәмамдап, қазіргі Ақсүмбе (бұрынғы Ворошилов колхозы) ауылының мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Жас жігіт 1943 жылдың қаңтар айында майданға аттанады. Курск маңында 6 ай соғысқа дайындалады. Алты айдан соң алғаш рет әйгілі Днепр өзені маңында майданға кіреді. Ол жерде 25-ші гвардиялық атқыштар двизиясының 370-шы полкында минометшы- көздеуші болады. Бұл әскери мамандық жауынгерден өте ұқыптылықты, дәлділікті талап ететін еді. Соғыста өте қиын, ауыр жағдайларға тап болады. Оқ қарша борап тұратын, одан аман қалу мүмкін еместей көрінеді. Шайқас қызып жатқанда немістің екі солдатын қолға түсіріп «тіл» есебінде бөлімшеге алып келеді. Расында тұтқын өздерінің қанша солдаттары бар екенін, техника түрлері, қай уақытта шабуылға шығатыны жайлы құнды мәліметтер береді.
Шәміл 1944 жылдың соңында айтарлықтай жарақат алып Украинаның астанасы Киев қаласында госпиталға түседі. 2-ай емделіп тағыда майданға аттанады. Бұл жолы Венгрия және Румыния жерлерін азат ету шайқасына қатысады. Осы шайқаста зеңбірек оғының дәл қасынан жарылғанынан топыраққа көміліп қалады. Біршама уақыттан кейін жауынгерлер топырақ арасынан шығып жатқан қолды көріп аршып алады. Шәміл әлі тірі екен. Қарнынан тиген оқ жарықшағы қарнын жарып, ішегін ақтарып жіберіпті. Қолынан да ауыр жарақат алып Тбилиси қаласында госпитальде емделіп 1946 жылы ауылға оралады. Соғыстағы ерлігі үшін «1-дәрежелі Отан Соғысы» ордені, Ұлы Жеңістің -20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық медальдарымен марапатталады. Ауылға келген соң шаруашылықтың түрлі салаларында жұмыс атқарады. Есепші, қоймашы және ферма меңгерушісі болып жүріп, Ташкенттегі ауылшаруашылығы институтын тәмамдап, агроном мамандығын игеріп шығып, 1968 жылдан кеңестік шаруашылықтарда 17 жылға жуық агроном болып қызмет атқарып ауылдың көріктенуі мен қөгалдануына үлесін қосып, бау-бақша отырғызу жұмыстарын жүргізеді. Жеміс-жидектің барлық түрін өсіріп, халықтың игілігіне жұмыс істейді. Үкімет тарапынан еңбек майданындағы ерлігі ескеріліп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Сол уақыттарда «Правда», «Сельская жизнь», аудандық «Молшылық үшін» газеттерінде іс тәжірибелері кеңінен таратылады. 1990 жылы абыроймен еңбек демалысына шығады. Жанұясында 11 бала дүниеге келді. Барлығы да қалаған оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандықтың иесі атанады. Бүгінгі таңда қарияның кіндігінен тараған 41 немересі, 70 шөбересі бар. Шәміл көке қазір де қол-қусырып қарап отырған жоқ. 1990 жылдан «Изенді» шаруа қожалығын құрып мал өсіріп, егін егіп құдай қосқан қосағы Рахия апамыз екеуі шаруашылық басында балаларға басшылық жасап, ақыл кеңестерін беріп келеді. Рахия апа 1928 жылы туылған. Ауданмен құрдас. Немерелеріне ертегі айтар шежірелі әже. Сондай-ақ айта кетерлі Тағиевтер шаңырағы көп ұлттың өкілі бас қосқан интернационалды отбасы. Атап айтқанда Шәміл көкенің ұл-қыздары түрлі ұлттан ғұмырлық серік болар жарларын тапқан.
Ританың жұбайы Нариман түрік ұлтынан, Шәпиканың күйеуі Шәріпжан қазақ,
Жұлдыздың күйеуі Әбдірахман қазақ, Хуршиданың жұбайы Фердаустың ұлты әзербайжан, Малахаттың күйеуі Василий грузин, Фариданың күйеуі Қарлыбек қазақ. Хурияттың күйеуі Мухитдин өзбек, Зояның күйеуі Нұрмұхаммед өзбек ұлтынан. Ұлдарына келсек Қадірдің үйіндегі – Зухра келін түрік, Эльбрустың үйіндегі Адила келін әзірбайжан қызы. Фаридасынан өрбіген жиені тәжік азаматына тұрмысқа шықты. Сонымен қатар, биыл отбасына жұмыссыз жүрген Светлана есімді орыс азаматшасын отбасымен жұмысқа қабылдады. Сонымен Шәміл атаның шаңырағында жеті ұлттың өкілі біте қайнасып тіршілік етуде.
– Біздің отбасымыз қуғын-сүргін жылдары көп қиындық көрді. Біз бала болсақта ата-анамыздың, бауырларымыздың, жалпы сол кездегі халықтың басына түскен нәубетті көріп өстік. Сондықтан бізге ынтымақтың, бейбіт өмірдің, татулықтың құны қымбат. Елдің амандығын, тыныштығын тілейміз.Біз көрген соғысты кейінгі ұрпақ көрмесін. Адал еңбек етіп, ащы маңдай теріңмен теріп жеген нанның дәмі ауыздан кетпейді. Несібені жер анадан теру керек. Халқымыздың әрбірі еңбекті, оның ішінде егіншілікті, мал шаруашылығын, қол өнерді кәсіп ете білсе қашанда елімізде тойыншылық болады.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нағыз көреген басшы. Алыс-жақында зерделі болжайды. Түрлі қиында соқпақты жолдармен көш бастап халқын тығырықтардан алып шығып келе жатыр. Сондықтан бәріміз Елбасымызға қолдау білдіріп көмек беруіміз керек. Көмек деген не? Ол қария болып елдің ауызбіршілігіне жұмыс жасауымыз керек. Мемлекеттің тілін, салтын, әдеп-ғұрпын құрметтеуіміз өзімізді құрметтегеніміз болар еді. Өзге мемлекеттерді күнделікті ақпарат құралдары беттерінен көріп отырсыңдар. Қандай жағдай болып жатыр. Құдай сондай алауыздығынан сақтасын,-деп қария өзінің ақ жарма лебізін білдірді.
Қарт Қаратаудың баурайында шаруашылықты жанына серік етіп, еңбек кәсібіне немерелерін баулыған қадірменді қарияның айтары мол. Шаруашылықта түйе, сиыр, қой-ешкі, жылқы, тауық, қаз өсірілуде. Мініс көліктері де сақадай сай, қоңы жоғары. Іргеде таудың мөлдір суы сарқырай ағады. Үйіне таудан жер асты су құбырын жүргізіп алған. Есіктің алдында жер асты қоймасы салынған. Онда қысқа жейтін сақталатын банкіге жабылған консервіленген өнімдер сақталып тұр. Шетінен алып бала-шағасы қыс бойы жеп шығады екен. Қаладағы балаларға да жіберіліп тұрады. Бүгінде қарт шаруагердің иелегінде ауылшаруашылығы техникаларының да барлық түрі бар. МТЗ-80 тракторы тіркемесімен, экскаватор, шаруадан бір мезет тыныстап демалғысы келсе отбасымен қыдыратын «Газель» автокөлігі де бар. «Ұста ұста емес, құрал ұста» демекші қолындағы бар құрал-саймандарымен өзі көктемде жер жыртып, тырмалап, егін салып алады. Қазіргі таңда қысқа қажетті мал азығын толықтай қамдап алды. Жеміс ағаштарының да 20-ға жуық түрі отырғызылған. Алма, алша, долана, алмұрт, өрік, шие, тау шие, қара өрік, жиде, тұт және осы жеміс ағаштарының әр түрін көресің. Көкөніс егілген бақшалығына кірсең неше түрлі бақша өнімі қаз-қатар егілген. Қарт майдангер, облыстағы қарт кәсіпкер дастарханының сәнін кіргізіп отырған еңбекқор жан.
Көзі ашық, көкірегі ояу, қимылы сергек Шәміл көке «жаздың әр күні жылға азық» екенін естен шығармай иығына кетпенін іле бақшалығына бет алды.

Мақсат Қарғабай,
Созақ ауданы.

Биыл Шымкент жаңа оқу жылын қалай бастайды? Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін қандай дайындық жұмыстары жүргізілді? Бұл ретте қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева таяуда «BILIM jane GYLYM» тақырыбында өткізілген тамыз конференциясы кезінде төмендегідей мәліметтерді мәлімдеді.

Жалпы Шымкентте 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымдары бар. Биылғы жаңа оқу жылында онда 294 мыңнан астам өскелең ұрпақ білім алатын болады. Осы жылы аталған салаға 77 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бөлінген қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көбейіп, 26%-ға артып отыр.
Шаһардағы 130 мектептің барлығында қылышын сүйреп келетін қыс мезгіліне дайындық жұмыстары толық аяқталған. Ала жаз бойы мектептердегі жылыту жүйелері қысымдаудан өткізіліп, мекемелерге қатты және сұйық отын толық жеткізілген. Сонымен қатар, мектептердің барлығы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі негізінде 11 000 дана компьютер алу жұмыстары атқарылуда.
Бүгінде жаһандану талаптарына сай бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақтарды тәрбиелеуда ІТ орталықтардың ашылуы аса маңызды. Осы бағытта жергілікті қазынадан қаралған 104,3 млн. теңгеге «Оқушылар сарайы» базасында IT-орталық және №№1, 7, 23, 65, 80 мектептерде IT-сыныптар ашылды. Олардың барлығы қыркүйек айынан бастап толыққанды жұмыс істейтін болады.
Ағымдағы оқу жылынан бастап 1-10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алады. Бұл мақсатта педагог қызметкерлердің 94 пайызы арнайы біліктілік курстарынан өткізілген. Желтоқсанға дейін 2 мыңға жуық маман осы бағыттағы біліктілік курстарынан өтуге жіберіледі.
Ұстаздардың сапалық құрамына тоқтала кетсек. Шымкент қаласы бойынша 75 — «Педагог-шебер», 3153 — «Педагог-зерттеуші», 1879 — «Педагог-сарапшы», 1450 — «Педагог-модератор» санатты мұғалімдер жұмыс атқаруда.
Салада шешімін күтіп отырған мәселелер де аз емес. Соның ең бастысы ол үш ауысымды мектептер болып табылады. Дәл қазіргі таңда қалада 19 мектеп үш ауысымды жүйеде білім береді. Қалалық білім басқармасы жыл соңына дейін үш ауысымда білім беретін 6 мектепте бұл мәселе өз шешімін табатынын мәлімдеуде.
Бұдан бөлек қыркүйек айында 4 мектеп пен 1 мектептің қосымша ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

С. НҰРАЙ.