Маңызды

Ағымдағы жылдың 6 айында Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына 15 196 талап-арыз түскен. Келіп түскен талап-арыздардың саны 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға артқан.

Бұл туралы Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Парменов мәлімдеді.
Ол Шымкент қаласының аудандық және оларға теңестірілген соттарына келіп түскен 15 мыңнан астам талап-арыздың 905-і медиация тәртібімен аяқталғанын айтты. Бұл келіп түскен барлық талап-арыздардың 12,2 пайызын құрайды.
Сонымен қатар, қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин ағымдағы жылдың І жартыжылдығы жөнінде де мәлімет таратты. Ол есепті кезеңде қаладағы соттарға 1310 қылмыстық іс түсіп, бұл былтырғы 6 аймен салыстырғанда 1,8%-ға көп екенін алға тартты. Және де ол, қылмыстық істерді қарауда сот төрелігінің сапасы арта түскенін, сөйтіп алты айда шығарылған сот актілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 17,7% артқанын жеткізді.

М. Әбдірайым.

Шымкентте жолаушылар ағыны өзге қалалармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Жергілікті билік тұрғындарға көсетілетін қызметті сапалы ету мақсатында 2019-2020 жылдары су жаңа 1000 автобустың келетінін уәде еткен болатын. 19-маусым қала күні қарсаңында сол автобустардың 160 жеткізілген-тін. Жүзден астам бұл жаңа техникалар қаладағы қоғамдық көлік бағытына шығарылуда.
Осы аптада Шымкентте №16, №45 автобус бағыттары ашылды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аталған автобустардың бағыт сызбасы орталықтан шалғай жатқан шағынаудандарды қамтығанын алға тартуда. Айталық, №45 автобустың жол жүру сызбасы «Достық» шағынауданынан басталып, «Бекжан» базарынан өтеді. Содан соң, Ю. Гагарин көшесін бойлай, Республика, Тәуке хан даңғылдары арқылы жүріп өтіп, Ж. Тәшенов көшесінен Төле би көшесінедегі «Орталық базарға» аялдап, ары қарай теміржол вокзалына барады.
Ал №16 қоғамдық көлігі жолаушыларды “Shymkent bus” – Ферма» бағыты бойынша тасымалдайтын болады.

М. Әбдірайым.

Шымкенттің жаңадан тағайындалған әкімі Ерлан Айтаханов алғашқы жұмыс сапарын қаланың орталығына шалғай жатқан шағын аудандарға барып, ондағы инфрақұрылым жұмыстарымен танысқан болатын. Мегаполис басшысы одан кейінгі кезекті сапарын апаттан соң қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Арыс қаласына арнады.

Ең әуелі ол қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп жүргізіліп жатқан шағын қаладағы Шымкент штабының жұмысымен танысты.
Атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көру үшін 10-секторды аралады. Оннан астам мердігер мекемелер мен 600-ден астам маман жұмылдырылған Шымкент секторында барлығы 652 тұрғын үй бар. Оның 604-і жөндеу жұмыстарын талап етсе, отыздан астамы қайта салынуды қажет етеді. Қайта салынатын үйлер алдағы екі ай ішінде толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Ағымды және күрделі жөндеуден өтетін жүздеген үйлерді ретке келтіру үшін жұмысшылар үш ауысыммен жұмыс істеуде.
Осыдан бір жеті бұрын Шымкент өңіріне тиесілі 10-секторда барлығы 161 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, штаб басшысы Б. Мамыталиев бүгінде олардың саны 225-ке жеткенін мәлімдеуде. Тәулік бойы жүріп жатқан тынымсыз тірліктің арқасында бұл бағыттағы жұмыстарды тамыздың орта шеніне дейін аяқтау жоспарлануда.
Сапар барысында құрылыстың басы-қасында жүрген жауапты мамандарға қала әкімі Ерлан Айтаханов шағын қаланы қалпына келтіру мемлекет басшысының назарында екенін, сондықтан да жұмысты тиянақты, тыңғылықты, ең бастысы, сапалы етіп жүргізуді тапсырды.
Ал жергілікті тұрғындар болса, 10-сектордағы жұмысшылардың тірлігінде шикілік жоқ екенін айтып, оң бағасын берді.

М. Әбдірайым.

Шымкент мегаполис болғанмен, орталықтан шалғай жатқан шағын аудандарда әлі жарық, жол, ауыз су және көгілдір отын мәселесі түбегейлі шешімін таппағаны жасырын емес. Бұл мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда қаладағы «Асар-2», «Ақжар» және «Достық» шағынаудандарында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, 11 мыңға жуық тұрғыны бар «Асар-2» шағынауданын сапалы жарықпен қамтамасыз ету үшін құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында шағынаудандағы 2765 тұрғын үйге жарық беріле бастайды. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 87,1 шақырымға жалғасады. Бұдан бөлек асарлықтарды ауыз су, көгілдір отын кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Аталған шағын ауданда қоғамдық көлік мәселесі өзекті болып тұр. Сала мамандары ол үшін жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жолға қойылуы керектігін айтуда. Осы бағытта барлығы 4,9 шақырымға жалғасатын бірқатар көшелерге (атауы жоқ №8 көшеден А-2 автожолына дейінгі аралықта) асфальт төсеу үшін құрылыс жұмыстары жоспарланып, оны қыркүйек айына дейін аяқтау межеленген. Жалпы алдағы уақытта «Асар-2» шағынауданында 47 шақырымды құрайтын жолға асфальт төсеу мақсат етілген. Ал аудандағы 3000-ға жуық үйге 2021 жылға дейін көгілдір отын жеткізілетін болады.
Сонымен қатар, «Ақжар» шағынауданына ауыз су жүйесі мен электр желілері тартылмақ. Келер жылы газ құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысы қарқын алмақ.

М. Әбдірайым.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының бастамасымен елімізде урбанизация (қалалану) қолға алынған болатын. Осы бағытта Шымкентте оған іргелес жатқан аудандардағы 41 елді мекен қала территориясына өткізілген еді. Бірақ қазіргі таңда орталықтан шалғай жатқан ол шағын аудандарда инфрақұрылым мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Күні кешеге дейін қоғамдық көліктің жетімсіздігі жөнінде қалалық әкімдікке қарай өтініштер қарша бораған еді. Жыл басынан бастап әлеуметтік бағыттағы автобустардың жүргізілуі жағдайды біршама жақсартты. Ендігі кезекте оларды сапалы электр, таза ауыз сумен қамту басты мәселе.
Шымкенттің жаңа әкімі Ерлан Айтаханов қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап орталықтан шалғай жатқан елді мекендерді аралап, ондағы халықтың талап-тілегін тыңдады. Олардың жарық, жол, көгілдір отын сынды мәселелеріне ден қойған қала әкімі тұрғындардың шағымы орынды екенін баса айтып, оларды рет-ретімен шешуді бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ол:
– Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, көгілдір отын мен тіпті барыс-келіс үшін жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылды жерлерге үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналды мәселелерді рет-ретімен шешеміз», — деді.
Сондай-ақ ол, осы сапары кезінде бюджеттегі қаржылар бірінші кезекте шалғай жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталатынын баса айтты.

С. НҰРАЙ.

Шілде айында еңбек демалысына шыққан Сенат депутаттары өздері сайланған аумақтарға ат басын бұрып, түрлі нысандарды аралап, тұрғындар мұңын тыңдап жүргені белгілі. Осы аптада сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова өздері сайланған өңір Шымкентке келді. Олар қаланың белсенді жастарымен жүздесіп, кеңестерін айтты. Жуырда ғана ашылған «Белсенді өмір сүру» орталығына барып, аға буынның базынасына құлақ салды. Одан соң, қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, түрлі мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
«Белсенді өмір сүру» орталығына барған кезінде депутат Нұрлан Бекназаров «2002 жылдары Қазақстанда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жасқа тең болатын. Сол кездегі президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бұл көрсеткіш 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Адамдардың денсаулығын нығайтып, ұзақ жасауы үшін мемлекет барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Шымкентте осындай мақсатпен және бұқаралық спортты дамыту бағытымен ашылған бұл орталықта Сіздерге барлық тиісті жағдайлар жасалған. Арнайы келіп, демалуға сенсорлық бөлмеден бастап, би алаңына дейін ұйымдастырылыпты. Дегенмен, көңіл сергітетін бұл орталық миллионнан аса тұрғыны бар мегаполиске аздық етеді», -деді.
Сонымен қатар ол, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу кезінде аталған кеңестің құзыретін көтеру бойынша тиісті ұсыныстарды жолдауларын алға тартты. Нұрлан Құдиярұлы бұл кеңес билік пен халық ортасында алтын көпір болып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса беретінін мәлімдеді.
Қоғамдық кеңес мүшелерімен болған отырыста сенатор Айгүл Қапбарова болса, халық тығыз орналасқан үшінші мегаполисте әлеуметтік мәселелер күн тәртібінен түспейтінін, сондықтан да алдағы уақытта жер, тұрғын үй, әлеуметтік көмек туралы түйіткілдерді шешуде тығыз байланыста жұмыс жүретінін мәлімдеді.
Депутаттар бұдан бөлек, «Шымкент сити» қалашығындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігер мекемелерге нысанды дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек,
Нұрлан Бекназаров 2018 жылдың қазан айында Шымкенттен сайланған Сенат депутаты болған-тын. Ал Айгүл Қапбарова биыл маусым айының аяғында Сенат депутаты болып сайланған. Халық қалаулысы шілденің басында Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіне жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға ант берген болатын.

С. НҰРАЙ.

Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеуші жеке тұлғалар назарына ақжолтай ақпарат таратты. Ресми мәлімдемеде тиісті мекеме ағымдағы жылдың 16-шілдесінен бастап, 31 желтоқсанға дейінгі аралығында салық рақымшылығы жүретінін хабарлады.
Осыған сәйкес қала тұрғындары дер кезінде салық төлемегендігі үшін салынатын өсімпұлдарды төлеуден босатылады. Енді олар тек салық қарызының негізгі сомасын ғана төлейтін болады. Тиісті төлемдер жасалған соң, салық органы үш жұмыс күні ішінде өсімпұл сомасын есептен шығарып тастайды.
Қарыз сомасын ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтындағы «Салықтық берешегінің жоқ/бар екені туралы мәліметтер» бөлігінен біле аласыздар.

С. НҰРАЙ.

Жаһандану талаптарына бейімделген кез келген мемлекетте сандық технологияны дамытуға үлкен мән беріліп келеді. Себебі ол, сыбайлас жемқорлықты алдын алады, уақытты үнемдеткізеді. Адамдардың артық сабылуын біржола тоқтатып, санасына артық салмақ түсірмейді. Сандық технологияны дамыту үшін елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі.

Шымкентте аталған бағдарлама аясында түрлі жобалар қолға алынып, бірнеше міндеттер жолға қойылуда. Жуырда ғана қалада қоғамдық көліктер бағытын бақылайтын 2ГИС мобильді қосымшасының пайда болуы сол сөзіміздің дәлелі.
Жергілікті тұрғындардың сандық технологияның тиімділігін барынша кең пайдалануын іске асыру басты бағыттардың бірі. Осыған орай таяуда Шымкентте адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары аумағында, автокөлік сатылатын базарлар мен дүкендерде және т.б орындарда «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясы өткізілді.
Шара барысында ұйымдастырушылар тұрғындарға нұсқаулық буклеттер таратты. Ол парақшада Egov.kz, Mgov.kz, телеграмдағы EgovKzBot туралы толыққанды деректер топтастырылып түсіндірілген. Насихат парақшалары таратылып қана қоймай, біраз азаматарға ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңбаны) рәсімдеу мен мобильдік үкіметте тіркелу жолдары түсіндірілді. Айыппұл мен салықтарды онлайн түрде қалай төлеу керектігі жөнінде де нұсқаулар берілді. Мамандар көптеген азаматтарды жүргізуші куәліктерін ауыстыру мен автокөлікті тіркеу сынды мемлекеттік қызметтерді портал арқылы қалай алу керектігі жөнінде де құлағдар етті.
Жалпы ағымдағы жылдың 6 айында электронды үкімет арқылы 600-ден астам адамға жүргізуші куәлігі беріліп, 1000-ға жуық автокөлік тіркелген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясының басты мақсаты – мобильдік қосымшалар мен электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін халыққа насихаттау, сол арқылы сала мамандарының жұктемесін азайту екенін алға тартты.
Жалпы азаматтар тelegram-дағы EgovKzBot-ты тұрақты түрде қолдану үшін мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Ал бұл базаға тіркелу egov.kz электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде немесе ХҚКО-да жүзеге асыруға болады.
Қазіргі таңда бұл базаға тіркелген шымкенттіктердің саны 200 мыңға жуықтайды.
Ал «Қалтаңыздағы ХҚО» акциясы аясында 300-ден астам Шымкент тұрғындарыа онлайн қызметтердің артықшылықтары түсіндірілді.

С. НҰРАЙ.

Шілде айының 27-28 күні Нұр-Сұлтан қаласында грепплингтен
«ASIA OPEN» Халықаралық жарысы өтті.

Айтулы жарысқа әлемнің 6 елінен Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан елінен 600-ге тарта спортшы қатысты.

Байрақты бәсекеде облыс, аудан намасын қорғаған Мыңжасар Алпамыс, Болат Жолшыбеков, Ұласар Мұқаш, Абзал Саттар тұғыр бигінен көрініп, жарыстың жүлдегері мен жеңімпаздары атанды. «ASIA OPEN» турнирі 84 келі салмақта күрескен Мыңжасар Алпамыс грепплинг гиден чемпион атанса, грепплингтен 3 орын еншіледі. Ұласар Мұқаш грепплингтен 2 орын, грепплинг гиден 3 орын алды. Сондай-ақ, Болат Жолшыбеков 71 келі салмақта грепплингтен чемпион атанды. Сол секілді, Абзал Саттар 58 келіде қарсылас шақ келтірмей грепплингтен жеңімпаз болды. Спортшыларды байрақты бәсекеге баптап, қамау терін алған грепплингтен аудандағы алғашқы жаттықтырушы Қуандық Ерғараевтың ерен еңбегін атап өтпеске болмас.
Чемпион атанып, жарыс биігінен көрінген Болат Жолшыбеков, «Жарыстың деңгейі биік болды. Қарсыластың бәрі, сен тұр, мен атайын мықтылар. Ақпан айында ҚР чемпионатынан соң, жаттығуда үзбей жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Ауырту әдісін қолданатын грепплинг қауіпті спорт. Мұнда физкалық дайындықпен қатар, шеберлік, шыдамдылық секілді қасиеттеріңді дамытып барып, кілемге шықпасаң, нәтиже көресетуің қиын. Тілеулес болған, барша жанкүйерлерге алғысымыз шексіз», — дейді.
Жалпы, Қазақстан грэпплинг қауымдастығының қолдауымен осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жарыс ашық форматта өтті. Балалар, жасөспірімдер, ересектер мен ардагерлер барлығы 6 салмақ дәрежесі бойынша күресті. Халықаралық турнирдің жеңімпаздары арнайы медальдармен марапатталады.

Ерлан Райымқұлов.

Аптап ыстықта тілсіз жау саналатын өрт оқиғаларының жиі тіркелетіні жасырын емес. Тиісті мамандар өрттің орын алуын алдын алуды ең әуелі азаматтардың жауапкершілікті сезіне алуы аса маңызды екенін айтуда. Осы мақсатта Шымкент қаласының төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге Ташкент тас жолы бойына рейд жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында тиісті мамандар автокөлік жүргізушілеріне өрт болған жағдайда қандай іс-әрекеттерді едел-жедел атқару керектігін түсіндірді. Қазіргі таңда көліктерде болып жатқан өрттің негізгі себептерін айтып, оларға оны алдын алу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Қоғамдық іс-шараға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері де қатысты. Өз кезегінде олар жүргізушілерге автокөліктерде өрт қауіпсіздігін сақтаудың ережелері жазылған жадынамаларды таратты.
Сала мамандары әдетте темір тұлпарлардағы өрттің шығуына ондағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен техникалық жағдайының сын көтермейтіндігі себеп болатынын алға тартты.

С. НҰРАЙ.