Маңызды

Қазақстан азаматы, Түркістан облысының тумасы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айыппен қамауға алынған. Ол шетелдік досының арбауына түсіп қалғанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Десе де, Қытай соты оған 2015 жылдың маусымында өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен. 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Содан бері үш жылдың көлемі болды. Бірақ бұл іске нүкте әлі қойылмады. Қыл үстінде тұрған қазақ қызының тағдырына күллі қазақ елі алаңдаулы.
Жуырда отандық БАҚ Sputnik Қазақстан Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сұрау жолдаған. Өз кезегінде министрлік қазір Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі ҚХР Гуандун өлкесі Жоғарғы халық сотының қарауында екенін, оған қатысты тергеу жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Сонымен қатар министрлік Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйене отырып, Гуанчжоу қаласындағы түзету мекемесінде қамауда отырған Ақжарқынның қасында отырған сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүргенін, көркем әдебиеттерді оқитынын, дене жаттығуымен айналысатынын, қытай тілін жақсы меңгеріп алғанын және түзету мекемесіндегі жағдайға қатысты шағымы жоқ екенін де жеткізген.
Сонымен қатар, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қызметкерлері Гуанчжоудағы түрмеге барып, Тұрлыбайдың хал-жағдайын біліп тұратынын да, бұған қоса, ақшалай көмек көрсетіп, сұраған кітаптарын тауып беріп жүргенін мәлімдеген.
Министрлік БАҚ сауалы бойынша жолдаған хабарламасында алдағы уақытта сотта Ақжарқын Тұрлыбайдың құқын қорғау үшін Бейжіңнің «Дахэн» адвокаттық компаниясынан білікті заңгер жұмысқа тартылғанын, оған жұмсалған қаржы «Шетелде Қазақстанның мүдделерін білдіру» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінгенін айта кеткен.
Қазақтың қара қызы әу баста Қытай еліне тауар алуға бет алған құрбысына көмек-жәрдем беру үшін барған еді. Бірақ оның бұл жақсылығы өзіне сор болып тиіп, қия бастырды…

С. НҰРАЙ.

Жыл басынан бастап бүгінге дейін Шымкентте жүрдек пойыздарда жүргізілген рейдтік жұмыстар кезінде 101 жолаушының билетсіз жүргені анықталған. Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдаушы тарапынан да тиісті талаптардың сақталмауы деректері тіркелген.
Мұндай өрескелдіктерге штаб вагондарының сейфпен жабдықталмауы, төсек-орын жиынтықтарының пайдалану мерзімінің өтуі, вагондарда екі түсті сигналы бар қол шамның (фонарь) болмауы, пойыз құрамының мүгедектерге арналған арнайы орындары бар вагондармен қамтамасыз етілмегені жатқызылады. Мұндай заң бұзушылықтарға сәйкес 18 жеке тұлға, 18 заңды тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, өндірілді.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, шілде айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырмасы бойынша Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын баяндады. Ол:
– Өздеріңізге белгілі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтарға қолайсыздық тудырып, ішкі туризмнің дамуына кері әсерін тигізетін пойыз билеттерінің қолдан жасалынған тапшылығын болдырмау мақсатында біз Шымкент көлік прокуратурасы, Шымкент станциясындағы желілік ішкі-істер бөлімінің полиция қызметкерлерімен бірлесіп теміржол вокзалында билетті заңсыз сатумен айналысқан азаматтарға қарсы бірқатар жұмыстарды жүргіздік. Билет сату бойынша арада жүретін делдалдардың жолын кесу мақсатында «Қазақстан темір жолы» АҚ-на бірнеше ұсыныстар жолданды. Жолданған ұсыныстардың қатарында жазғы маусымда жолаушылар пойыздарына сұраныстың көбейетіндігіне байланысты вагондардың санын көбейту және қосымша пойыздар қосу мәселесі айтылды,-деді.
Бұдан бөлек ол жолаушылар пойыздарына бақылау басты назарда болатынын және құзырлы органдармен бірлесіп орындалатын тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Ауылдың өзге де жеке
азаматтары мен әрбір
тұрғыны қысқы мал азығын дайындауды аяқтап қалды.

Ауыл тұрғындары арасынан жылдағы дәстүр бойынша шөп дайындау науқанына біршама жекелей азаматтар мен шаруа қожалықтары да атсалысуда. Атап айтар болсақ, кәсіпкер Мұрат Амалбеков бастаған бір топ жігіттер жылдағыдан өзгеше барлық техникаларын сайлап алып, «Жайылма» далалық алқабынан төрінен шөп оруға бел буды. Ауылда бос жүрген тепсе темір үзетін, сақадай сай жігіттерден бригада ұйымдастырып, шөп орып, дайындап, ауыл тұрғындарына сапалы, құнарлы мал азығын қолжетімді бағада тасып беріп, көпшіліктің алғысына бөленуде. Бригадада механизатор-шөп орушылар Серік Мұратұлы, Олжас Мұратұлы, Досмырзаев Хамит, Нұрманов Ержан, жұмысшылар Имашев Нұрхат, Шайықов Жалғас сияқты азаматтар күн-түн демей еңбек етіп, бір жағынан халыққа әр данасы 200 теңгеге бағаланған дала шөбін жеткізіп берсе, екінші жағынан өздерінің малдарына қысқы азықтарын мол етіп дайындауда.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Мұраттың жұбайы, аспазшы Исахова Гүлшаһардың үш мезгл әзірлейтін тамақтары да өте тартымды, дәмді етіп әзірленеді. Сондай-ақ бұл азамат та көрші Қарақұр, Сарыжаз, Ақсүмбе ауылдары халқының сұраныстарын қанағаттандыруда, әрі тұрғындардың алғысына бөленуде.
Ауылдағы бірнеше шаруа қожалықтары да өздерінің техникаларымен қысқы мал азығын дайындау үстінде.
Өз жеке иелігіндегі тракторларымен Мұрат Амалбеков бастаған топ өзен бойынан жантақ, бос шөп дайындап, ауыл тұрғындарына келісімді бағада, яғни әрбір данасын 200 теңгеден жеткізіп беріп, көпшіліктің ризашылығын алуда. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының 85-90 пайызы 500 данадан шөп түсіріп алды.
Қаһарлы қыс қанша қылышын сүйретіп келсе де, қыстан малдарын аман-есен алып шығарына, бұл жауапты науқанды нәтижелі, жемісті аяқтауға ауыл тұрғындары нық сенімді.

Оразхан Ермахан,
Қаратау ауылдық округінің әкімі.

Қасиетті Құрбан айт биыл 11-і тамыз күні басталады. Үш күнге жалғасатын мерекенің әлеуметтік маңызы зор. Бұл күні қоғамдық тазалық пен тыныштықты сақтауды әркім өзінен бастау керек. Осылай деген дін өкілдері, Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Облыстың бас имамы Мұсабек Ақтамберді, құрбандыққа шалынатын малдың қандай болу керектігін түсіндіріп өтті.
«ҚМДБ-ның пәтуасымен бірінші айт мерекесін тойлап, Түркістан облысы бойынша сағат 7:00-ден 15 минут өткен уақытта Айт намазын оқитын боламыз. Құрбан айт мерекесі елді бірлікке, ынтымаққа, шақыратын, халықтарды жақындастыратын, игілік істерді мақсат тұтқан рухани мереке. Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Құрбан айт — мұсылманның ұлық мерекесі. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп. Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады», – деді Түркістан облысының бас имамы М.Ақтамберді.
Айт намазынан соң, құрбандық шалынып мерекелік ұлттық және спорттық шаралар өткізу жоспарланып отыр. Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбековтың айтуынша биыл киелі шаһарда айт намазы 25 мешітте оқылады. Қаладағы үш мешітте құрбандық шалынып, тізім бойынша жағдайы төмен отбасыларға таратылады. Бұдан өзге Арыс қаласында «Зекет» қорының ұйымдастырумен құрбандық шалу жоспарлануда.

Түркістан облысы өңірлік
коммуникациялар қызметі.

Шымкент қаласының әкімі
Ерлан Айтахановқа АШЫҚ ХАТ

Тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жыл ішінде сүйікті Шымшаһарды басқарған әкімдер әр екі-үш жыл сайын алмасып отырыпты. Әрине, олардың бәрі де өз қал-қадірінше қаланы өркендетуге елеулі үлес қосты, атқарған жұмыстары тарихта қалды, халықтың көз алдында тұр. Енді міне тізгінді он төртінші болып Ерлан Қуанышұлы Айтаханов қолға алды. Сүйікті Шымқаланың өткеніне көз жіберсек, әрине, қазіргі жағдайды бұдан он-он бес жыл бұрыңғы кезеңмен салыстыруға мүлдем келмейді. Ел ақуалы, экономикасы мен әлеуеті, мәдениеті өркендеп барады. Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис қала мәртебесіне ие болды. Уақыт ағымына қарай қаланың бүгіні мен ертеңіне деген көзқарас та өскелең талап тұрғысына сай өте жоғары талап дәрежесіне көтерілгенін естен шығармауға тиіспіз.

Жақсымызды ешкім тартып алмайды, ол мақтанышымыз болып жұрт игілігіне айналады, жүрек төрінде жылы ықыласпен сақталады. Бірақ қалада атқарылуы тиіс, көптен түйіні шешілмей келе жатқан проблемалардың, халықтың наразылығын тудыратын, барымызды ұқсата алмай отырған келеңсіз жәйттердің шаш етектен екенін, оны көрмей, айтпай айналып кетуге тағы болмайды.
Бүгін мен жаңа басшының назарын қазір қалыптасып отырған бірқатар түйткілді мәселелерге аудара отырып, әкімнің командасы мен бүкіл қала жұртшылығы біріге қолға алса деген ұсыныстарымды ортаға салсам деймін.
Бұл тұрғыда әңгімені күлбілтелетпей тікесін айтар болсақ, бірінші кезекте халыққа жағдай жасау керек. Жағдай дегеніміз, ол: ұл-қыздарымызға сапалы білім беру, өнімді жұмыс істеу үшін барлық мүкіндікті жасау: кредит алып жұмыс істегісі келетіндерге несие беру, ал кәсіпкерлік қолынан келмегенімен қолдан келетін тірлікпен аналысам дегендерге жұмыс орнын тауып беру.
Жастарды қыруар ақша жұмсап шетелге оқуға жібереміз ал олар біздің экономикалық саясатымызға сәйкес келмейтін, өз елінде қолдана алмайтын білім алады. Елге біздің заңымыздан мүлдем мақұрым болып келеді. Ал, енді оқып келдің ғой, өзіңді көрсет, жұмыс істе десең неден бастауын білмейді. Білетіні тек шет тілі. Шетелге оқу үшін емес, тәжрибе алу үшін жіберу керек.
Мысалы, кеше кеткен әкім шетелде оқыды, орталық органдарда істеді. Шамасы мәліметтерді уақтылы, сапалы жинап отырды, сол арқылы басшысының көңілінен шыға білген шығар. Оған үлкен сенім артылып, жауапты да жоғары лауазымды қызмет берді. Бірақ тәжірибесінің аздығынан, тіпті жоқтығынан десе де болар, сенімді ақтай алмады. Президент Аппаратының басшысы осылай демеді ме кеше? Содан да халықтың әл ауқатын көтеру үшін нақты іс жүргізуді былай қойғанда, бағдарламасын да естімедік.
Айтқаны болмай сандалып, жергілікті биліктен түңілген ызалы әйелдер балаларын әкімдікке тастап кетеді, сәбездің алды қара құрым наразы қауымынан босамайды. Бірінші сәуірден бері төрт ай бойына шешілмейтіндей ол қандай күрделі мәселе. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап беріле бастайтын жаңа көлемдегі атаулы әлеуметтік көмекті алудың жолдары мен оған қажет құжаттар жөнінде берген түсініктемесі барлық БАҚ та жарияланды ғой. Бұған қоса «Тиісінше, отбасына сәйкестендіру үшін жеке куәлігін және өтінішін тапсыру жеткілікті», – деп атап көрсетті вице-министр.
Жаңа ереже бойынша өтінім берушіден қосымша анықтамалар сұрамайтын болады, оны тек ақпараттық жүйелерді деректер болмаған жағдайда сұрай алады.
Басшылық тізгінін ұстағандар проблеманы шешуге әрекет жасаудың орнына «Шұбыртып бала туа бермеңдер» дейді екен. Сонда оның өзі қайдан келген? Ол дегеніміз ұрпағыңды жоюмен тең емес пе? Бұл қылмыс қой.
Иә, өкінішке орай, ескі әкім осылай қордаланған проблемаларды уақтылы және ойдағыдай шешу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай, келді де кетті, сенімнен шыға алмады.
Жаңа әкім Ерлан Қуанышұлы інімізден көп үміт күтіп отырмыз. Ол ысылған, тәжірибесі толысқан, іскер маман. Шаруашылықтан бастап, ауданда, облыста, қала берді орталықта да еңбек етті. Барынша тәжрибе жинаған секілді.
Облыстық қаржы басқармасының жанынан жиырма жылдан астам уақыттан бері шығып келе жатқан «Қаржы» эконмикалық газетінің бас редакторы ретінде өңірді дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті жасау мен олардың атқарылуын қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы билік басшыларының, экономика, қаржы, мемлекеттік кіріс саласының ардагерлері мен білікті мамандарының қаланы басқару, экономикасы мен өлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы құнды пікірлеріне сүйене отырып, өз ұсыныстарымды жинақтаған едім.
Қаланың жаңа әкімі өз бағыт-жоспарларына қоса мынадай істерді қолға алып, жүзеге асыратын болса жұмысының нәтижелі болуына, қаланың дамуына аз да болса ықпалы тиер еді деген оймен сол ұсыныстарды жолдап отырмын.
Бірінші кезекте қаланың әлеуметтік-экономикалық жоспарын қайта қарап, еңбек және өндіріс ресурстарының теңгерімін жасап алу керек. Жұмыссыз бос жүрген қаншама азаматтарды атқаратын мамандықтарына қарай топ топқа бөліп, олардың ішіндегі ер адамдар мен әйел адамдардың санына назар аудару қажет.
Бұдан соң жұмыс орнын ашпас бұрын кәсіпкерлермен кездесіп нақты жұмыс орындарын анықтап алудың және кәсіпкерлерге ең төменгі пайызбен несие беріп, олардың өз кәсіптерін ашуына жәрдемдескен жөн. .
Жұмыссыздар іске кіріскен соң косымша кіріс табумен бірге кала бюджетінің толығуына да үлес қосады. Мемлекеттік кірістерді толықтыруда танымалы донор болып отырған республикалық бағыныстағы Астана мен Алматы қалаларыныың деңгейіне жетуге тиіспіз. Ал, біздің қала тұрғындары негізінен о бастан кәсіпкерлікке бейім, істің көзін таба білетін, еңбеккер халық бола тұра әлі күнге дейін республикалық бюджетке тәуелділік құрсауынан шыға алмай келеді.
Содан соң қала бойынша шығатын өнімдердің өтуіне көмектесуді міндетіне алып, айлық жалақының төменгі көлемін бірлесе бекітіп, бақылап отыру қажет. Бұл жерде қаланың әлеуетіне қарай эконмикалық аймаққа (ауыр өндіріс, жеңіл өндіріс, химия өндірісі, ауыл шаруашылығы өндірісін қайта өңдеу т. б.) бөліп алған дұрыс болар еді.
Әлеуметтік теңгерім жасауға баса назар аударған жөн. Ол үшін бірінші кезекте халықтың орташа өсу қарқынын (балабақша жасына дейінгі, мектеп жасындағыларды, жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитындарды, қарттар мен зейнеткерлерді) анықтап, соған байланысты қала бойынша қанша әлеуметтік нысандар қажет екенін белгілеп, оның шешу жолдарын нақтылап алу керек.
Екінші кезекте, әлеуметік төлемдер (атаулы әлеуметтік көмек, заңмен белгіленген басқа да жәрдемақылар мен төлемдер) көлемін анықтап, бұл көмектердің жылдан жылға азаюы үшін нақты есеп жүргізіп отыру керек. Бұл орайда қанша адам жұмысқа орналасып, отбасылық кірістер көлемін ұлғайтқанын бақылап, біліп отыру маңызды. Осылайша халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етумен бірқатарда әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларының санын мейлінше азайтуды бірінші кезектегі және ең маңызды мақсат ретінде санау керек.
Шымкент – инфрақұрылымы жақсы дамыған, Қазақстанның жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталықтарының бірі. Қарқындап дамып жатқан қазіргі жаһандану заманы ырғалып-жырғалуды көтермейді. Сондықтан бұл жоспар кем дегенде үш айдан аспай толық жұмыс істеуі тиіс.
Халық әр әкімнен нақты нәтиже мен қамқорлық күтеді. Құр сөзден шаршады. Жұрт шынайы бетбұрысты сезгенде ғана басшыны сыйлап, құрметтейді, қолдайды. Кез-келген әкім қабылет-қарымын нақты ісімен дәлелдей алса олар үшін там-тұмдап қана, тіпті сараң қалыптасатын бедел, сенім, рейтинг сияқты зәру көрсеткіштерді тез-ақ көтеріп алуына болады. Сонда БАҚ-дағы қыңыр, бұралқы сөздер, аяқтан шалу, өсек айту дегендер де өзінен өзі жойылады.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
«Қаржы» экономикалық газетінің бас редакторы,
Қазақстанның құрметті журналисі.

2019 жылдың 11 тамыз – Құрбан айттың бірінші күні!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін қасиетті Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін, екі дүниенің бақытын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға жасауда.
Құрбан айт – отбасылық мереке. Отбасын шаттыққа бөлеп, ағайын-туыс, көршілерді аралап, жағдайын сұрау – сауапты іс. Оларға сыйлық беріп, көңілін көтеру – пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен. Сүннетті орындаған адамға сауап жазылады.
Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірлікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен бітеқайнасқан дәстүрімізді жаңғыртудың сәті туды.
Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.
Исламда Аллаға ұнамды әрбір іс – садақа. Жетімнің басын сипасақ та – садақа. Жолаушыға кедергі келтірер кез келген затты жолдан алып тастау да – сауап.
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін.
Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әмин!

Ескерту: Құрбан айт намазы 2019 жылғы 11 тамыз күні, таңғы сағат 7.15-те оқылады.
Бақтыбай қажы Бейсенбаев,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының Шымкент қаласы
бойынша өкіл имамы.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, айт намазын оқу һижраның бірінші жылынан
бастап шариғатқа енді. Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай деп риуаят еткен: «Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде қала
жұртының екі күн тойлайтын мейрамы бар еді.

Пайғамбар (с.а.с.) олардан: «Бұл екі күн қандай күн?» – деп сұрағанда мәдиналықтар: «Бұл екі күнді жәһилиет дәуірінде осылай тойлаушы едік», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла сендерге ол екеуін олардан да қайырлы екі күнмен ауыстырды: құрбан және ораза айт күндерімен», – (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235) деген.
Құрметті бауырлар! Айт күні таң ертең күн найза бойы көтерілген соң жамағат болып айт намазын оқу – уәжіб. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу -Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді. Сондықтан айт намазынан қалыс қалуға болмайды.
Айттың мән-мағынасына келсек, айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.
Жалпы, айт мерекесі күндері әрбір мұсылман мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:
– Ертең айт болатын түнді ғибадатпен, зікір, намаз, Құран оқумен, дұға, истиғфар тілеумен өткізген дұрыс. Бұл істерді түннің соңғы бөлігінде орындаған жөн. Реті келсе, бүкіл түннің біраз бөлігін ғибадатпен өткізген жақсы. Бұл жайында Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Ораза айты мен Құрбан айтының түндерін Алладан есебін тілеп ғибадатпен өткізсе, оның жүрегі жүректер өлетін күні (Қиямет күні) өлмейді» деген.
– Жұма күндеріндегі секілді айт күндері де ғұсыл құйыну, иіссу себіну, тісті мисуакпен тазалау және ерлер үшін ең тәуір киімдерін киіп шығу. Бұл – Алланың нығметтерін көрсету мен шүкіршілік етудің бір белгісі. Ханафи мазһабы бойынша ғұсылды таң намазынан соң намазға шығардан бұрын құйынған жөн. Ханафилердің пікірлерінше бұл ғұсыл намаз үшін алынатын ғұсыл. Өйткені Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы екі айт күндері таңертең ғұсыл алатын болған. Әли мен Омар да (р.а.) айт күндері ғұсыл құйынатын еді. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күндері үстіне иіссу себетін және арнайы қызыл шапан киетін.
– Мешітте имамның уағыз-насихатын тыңдап, жамағат болып айт намазын оқиды. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып «Құбан айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады.
– Құрбан айт мерекесінде айт намазына дейін тамақ ішілмейді. Ал ораза айтының алғашқы күні намазға сәресі ішіп, ауыз бекітіп шығу;
– Айт намазы күні таңертең намазға дейін Алла Тағаланы еске алып, дұға– тілек жасау;
– Айт намазына ертерек әрі жаяу бару. Тіпті, таң намазынан кейін, күн шықпай тұрып барса жақсы. Бұл алғашқы саптан орын алып, үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы. Әли (р.а.): «Айт намазына жаяу бару сүннет», – деген. Өйткені Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күндері көлік мінбейтін. Ал имамның Айт намазына жамағаттың соңынан баруы сүннет.
– Ізгі һәм сауапты, қайырымдылық істермен айналысу ләзім саналады.
– Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауды ұмытпау керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткен.
– Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту абзал. Жәбир (оған Алла разы болсын) былай деген: «Мереке күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан қайтқанда келген жолымен емес, басқа жолмен жүретін» (Әл Бұхари, 986). Яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу деген сөз.
– Айт намазына имандылыққа үйрету мақсатында балаларды да қатыстыру; (Осы күні балаларға жаңа киім, тәттілер мен сыйлықтар сыйлаумен қуантатын болсақ, балалар да бұл мейрамды жылда асыға күтетін болады.)
– Өз отбасына сый-сияпат үлестіру. Осы күндері жағдайына қарай әдеттен тыс көбірек садақа беруге тырысу.
– Мұсылмандармен жылы шыраймен, жымиып жүздесу. Туған-туыс пен жолдастардың үйіне барып, туысқандық пен сүйіспеншілік байланыстарын бекіте түсу.
– Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран тіләуат етіп дұға ету ләзім.
– Екі араздасқан ерлі-зайыптылар мен туысқандарды татуластыру үлкен сауап амал болып саналады.
– Құрбандыққа шалынатын малды (қой, ешкі, сиыр, түйе) айт намазы оқылып болған соң шалу;
– Науқастардың көңілін сұрау, т.б. Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, иншааллаһ.
Құрбан айт намазы 2019 жылғы 11 тамыз күні, таңғы сағат 7.15-те оқылады. Құрбан айтта Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Еліміздің егемендігі баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Әмин!

Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының
Шымкент қаласы бойынша
өкіл имам орынбасары.

Қазақстандықтардың 60 пайызы өздерінің өмірлеріне көңілі толады.

Еліміздің Статистика комитеті жүргізген арнайы сауалнама қорытындысынан соң мамандар респонденттердің субъективті бағалауына сүйене отырып, осылай түйін жасаған.
Мұндай шара былтыр да өткізілген. Сонда сауалнамаға тартылғандардың 56,6% -ның өмірлерінің сапасына қанағаттанатыны анықталған. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай артқан.
Пікіртерім кезінде адамдардың 48,5% денсаулықтарына ешқандай мін тақпайтыны белгілі болған. Респонденттердің жартысынан астамы, дәлірегі 57,4% жақын-жуықтары мен таныстарының моральдық қолдау көрсететініне сенімді екендіктерін көрсеткен.
Сонымен қатар бос уақыттарының көлеміне респонденттердің 44,3% қанағаттанса, 50,9% — ішінара қанағаттанған.
Бұдан бөлек сауалнамаға қатысқандардың 38,2% полиция қызметіне оң баға берген.

Әлемде әуе көлігін ең белсенді пайдаланатын мемлекет Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігі екені анықталды. Өткен жылы ол елден барлығы 126 миллион жолаушы діттеген жеріне ұшақ арқылы жеткен. Бұл былтыр әуе көлігін пайдаланған барлық жолаушылардың 8,6 пайызын құрайды.
Әуе көлігін пайдалану белсенділігі жағынан екінші орынға америкалықтар жайғасып отыр. 2018 жылы ол жерден 115 миллион жолаушы барыс-келіс кезінде ұшаққа мінуді хош көрген. Әуе көліктерін пайдалану белсенділігі бойынша 97 миллион саяхатшымен қытайлықтар үшінші, 94 миллион адаммен Германия төртінші, 60 миллион жолаушымен Франция бесінші орыннан көрінген.
Бұл туралы деректі Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы жүргізіп, өзінің ресми сайтында жариялаған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
– Бүгінде еліміздегі ЖІӨ 0,12% ғана ғылымға жұмсалады. Бұл өте аз. Сонымен бірге, ғылымды басқару мен қаржыландырудың әділ, ашық, баршаға түсінікті жүйесі болмаса, бөлінген қаражат тиімсіз жұмсалады. Жүйенің өзі тиімді болуы үшін бізге бірқатар шешім қабылдау қажет. Жалпы «Қазақстандағы ғылымды бес балдық шкала бойынша бағалаңыз» десе мен «төрт» қояр едім. Бұл жақсы деген сөз.
Жуырда еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтанда «Burabay Forum» жас ғалымдар форумына қатысқан болатын. Сол кезде тілшілерге берген сұхбаты кезінде ол осындай мәлімдеме жасаған.