Маңызды

Жетісай ауданы, Қазыбек би ауыл округінде «Ханшебер» ЖШС-гі сағатына 100 тоннаға жуық асфальт өндіретін зауытты іске қосты. Қазір мұнда 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Зауытқа қажетті негізгі шикізат Шымкент қаласынан тасымалданады, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Жетісай ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Аудан орталығындағы М.Әуезов көшесінің 2 шақырымдық аймағындағы орта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, қала, кент, ауыл округтері мен «Шардара-Жетісай» автомобиль жолының бірқатар бөліктеріндежол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстарға қажетті асфальт Жетісай ауданының өзінде әзірленуде.
Кәсіпорынның бас механигі Ермахан Әшірбаевтың айтуынша, Жетісай ауданындағы жол жөндеу жұмыстарына қажетті асфальтты Шымкенттен тасымалдау тиімсіз.Оның үстіне жол қашықтығы 250 шақырымды құрайды. Сондықтан аталған серіктестік құрылыс нысандарына жақын жерден асфальт зауытын салып, қосымша тапсырыстарды да тоқтатпай қабылдап жатыр екен.

Арыс қаласында құрылыс жұмыстары тәулік бойына жалғасуда. Бүгінгі таңда зақымданған және жарамсыз деп танылған 7611 үйдің 4641-інде жөндеу жұмыстары өз уақытымен жүріп жатыр. Оның орындалуы 60,05 пайызға жеткен. Ал біткен үйлер саны 2680, яғни 35,41 пайызды құрайды. Жалпы 17 сектордағы әр облыс өздеріне берілген мерзімде қолға алынған шаруаны аяқтауға жақындап қалған.

Бұдан бөлек, төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс тұрғындарына 100 мың теңге өтемақы төлеу үшін 63 464 адамнан өтініш қабылданған. Қалада әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар жұмыс істеуде. Жалпы шаһарда 66 әлеуметтік нысан бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып келеді, оның ішінде 4-еуі басынан салынады. Осы бағыттағы жұмыстарға 1788 жұмысшы, 30-ға жуық құрылыс компания жұмылдырылған. Бүгінгі таңда Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарында облыс, қалалардан 7699, облыс аудандарынан 315 адам жұмыс істеуде.
Айта кету керек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық штаб әрбір секторға жауапты облыс пен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жүйелі жұмыс атқаруы тиіс екенін айтқан болатын. Берілген тапсырмаға орай, Арыс қаласында құрылыс жұмыстары толық бақылауға алынған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.