Маңызды

Асқар МАМИН, ҚР Премъер-министрі:

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс» деген. Шымкент 2018 жылдың маусым айында дербес қала статусын алып, миллион тұрғыны бар мегаполис атанған болатын. Өз кезегінде бұл қалада құрылыстың қарқын алуына, өзге де салалардың даму көкжиегіне бет алуына жол ашқаны сөзсіз. Осы бағытта жергілікті билік Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын жасады.
Осы аптадағы ҚР Үкіметінің отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мегаполисті мінсіз ететін бұл кешенді жоспар 10 бағытты қамтитын 89 жобадан тұратынын алға тартты. Және ол жобалардың барлығын жүзеге асыру үшін 1 трлн. 284 млрд. теңге қажет болса, соның 836 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапқан қаланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы уақытта Шымкентте төмендегідей жұмыстар атқарылады.
Келешекте Шымкент тұрғындарын жылумен, жарықпен, көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында «АГРС-3» және 6 электр подстанциясының құрылысы қарқын алады.
Қалада көлік инфрақұрлымын дамыту бойынша 11 жоба іске асырылады. Соның негізінде 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстары толық аяқталады. Алматы-Ташкент тас жолында да көлік әлеуетін арттыратын кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы түйіткілдердің түйінін тарқатуға ықпал ететін бұл жұмыстарды Премьер-министр Асқар Мамин ERG компаниясының жеке инвестициялар есебінен аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар 2023 жылға дейін қаланың «Әкімшілік іскерлік орталығы», «Тұран», «Шымкент-сити» шағынаудандары мен Қошқар ата өзені жағалауында барлығы 319 көпқабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. Ондағы пәтерлер саны 20 мыңнан асып жығылады. Бұл аумақтарда қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымдық жүйелер тартылуда. Жалпы үшінші мегаполисте 2023 жылға дейін тұрғын үймен қамту көрсеткіші бір тұрғынға шаққанда 24 шаршы метрден 27 шаршы метрге дейін жетеді.
Қазіргі таңда қаланың демографиялық көрсеткішінде өсу динамикасы байқалады. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың саны жыл сайын 10 мың өренге артып отыр. Салдарынан бүгінде 19 мектепте үш ауысымға өту қаупі бар. Мұндай қолайсыздықты алдын алып және оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылға дейін 23500 орынға лайықталған 15 мектеп салу көзделіп отыр. Таяуда ғана Шымкенттегі «Ұлағат» шағынауданында 1200 орынға шақталған мектеп жеке кәсіпкердің есебінен ел игілігіне берілген болатын. Қала басшысы алдағы уақытта да осындай жекеменшік білім ұяларының саны көбейетінін алға тартуда.
Елбасы 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы қажеттігі туралы тапсырма қойғаны белгілі. Бұл межені жүзеге асыру үшін аталған мәселе өңірлерде күн тәртібінен түспей келеді. Қаланы дамытудың кешенді жоспарында да спорт саласын дамыту тұтастай бір бағыттан тұрады. Яғни, межелі мерзімге дейін Шымкентте спорт саласы бойынша 3 жоба жүзеге асырылады. Соның негізінде миллионды қаланың 30 пайызы спортпен айналысушылардың қатарынан табылмақ. Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадион мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде қайта қалпына келтіріліп, нәтижесінде нысан 4 категориялы УЕФА талаптарына сәйкестендіріледі.
Шымкентте 2100 орынға лайықталған Конгресс орталығының салынуы мен ескі қалашық «Цитадельдің» қалпына келтірілуі мәдениет саласының дамуына тың серпін бередіі. Премьер-министр Асқар Мамин «Цитадель» қалашығын қайта қалпына келтіру мен халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау туристердің қалаға көптеп ағылуына арқау болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол, Шымкенттің географиялық орны яғни, қаланың Түркістан мен Ташкент қалаларына жақын орналасуы, туризм саласының дамуына оң әсер ететінін айтты.
Кешенді жоспарға сәйкес алдағы уақытта денсаулық сақтау саласы бойынша жеке инвестордың есебінен 1000 орынды көпсалалы аурухана салынады. Ал жергілікті бюджет қаражатымен 13 алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы ашылады. Қошқар ата өзенінің бойы адамзатты өзіне бірден баурап алатын әсем де көрікті орынға айналады.
Бұдан бөлек тәртіпсіздікке жол берген тентекерді тез анықтап, оларды тезге келтіретін полициялардың жұмысын жандандыру мақсатында бірыңғай басқару орталығы іске қосылады. Бұл орталық қандай да бір қылмыстардың алдын алуға және жедел шараларды қабылдауды оперативті жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, үшінші мегаполисте жаңадан «Жұлдыз», «Шымкент агро» индустриалды аймақтары ашылады. Оларға 24 млрд. теңге инвестиция тартылып, аталған жерде 3500 бос жұмыс орны ашылады.
Іргелі қаланы ілгері бастыратын бұл жобалардың барлығын жүзеге асырудың негізінде Шымкентте өңірлік өнім көрсеткіші 2018 жылғы 2 триллион теңгеден, 2023 жылы 3,5 триллион теңгеге дейін жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есеге ұлғаяды. 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, әлеуметтің әл-ауқаты артады.
Мегаполис басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кешенді жоспардағы бағыттарды жүзеге асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылым игілігін тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар тудыратынын жеткізді.
Өз кезегінде еліміздің Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы «Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі. Кешенді жоспарды жүзеге асыру қалаға тартылатын инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 триллион теңгеге жеткізуге жағдайлар тудыруға мүмкіндік береді» деп атап өтіп, инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында жаңадан ашылатын «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялық аймақтарының құрылысын қамтамасыз етуді, «Оңтүстік» АЭА-ның құлашын кеңге жаюды тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі дамуының және құрылысының кешенді жоспары Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған жұмыс сапары кезінде жүктелген нақты міндеттері негізінде әзірленгенін айта кетейік.
Айтпақшы Үкімет отырысынан оралған соң Ғабидолла Әбдірахымов қалалық әкімдікте мәжіліс өткізді. Ол қаланы дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру механизмдерін дайындап, бекітуді қадап айтты. Және кешенді жоспарда көрсетілген әрбір бағытқа жауапты адамдардың бекітілетінін, мақсаттар айқын болғанмен, мерзім қысқа екенін, сол үшін ширақ қимылдау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ол, депутаттар да өз сайлаушыларымен жүздесіп, оларды алда атқарылатын жобалармен таныстыру керектігін жеткізді.

М. Әбдірайым.

Тергеу орындарының көздегені Ислам Әбішевтің ауыр денсаулығын
сынау арқылы оны сындыру ма, әлде мүлде тындыру ма?!

4 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ислам Әбішевке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін ұзартуын санкциялау бойынша сот болды. Судья Исаева айыптаушы прокурордың талабы мен Ислам Әбішевтің адвокаты, белгілі заңгер Абзал Құспанды тыңдады. Айыпталушы Ислам Әбішевтің өзі де сөйледі:
– Мені үйқамаққа шығармай, түрмеде ұстаудың негізі жоқ деп білемін. Біріншіден, бұрын тергеу амалдарына ықпал етеді деп сескенсе, қазір тергеу ісі толық бітті, енді ондай қауіп жоқ десек те болады. Екіншіден, мен зейнет жасындамын және денсаулығым күннен күнге қиындап барады. Мен қамауда отырған төрт айға жуық уақыттан бері бірнеше рет арыз жаздым прокуратураға. Ешқандай нәтиже жоқ. Мен түрмеде екі рет инфаркт алып, жедел жәрдем шақыртылды. Біріншісінде ес-түссіз екі сағаттай уақыт жаттым.
Менің денсаулығымды тексеруге екі рет алып барды дәрігерге. Біріншісінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының полковнигі бастап, бес күзетші тар бөлмеде дәрігер қыздың төбесінен төніп тұрып, есін шығарып жіберді. Сонымен қоймай, біз сыртқа шыққасын әлгі полковник дәрігерге қайта кіріп, 15 ммнуттай сөйлесіп шықты. Екінші келгенімізде де дәл солай болды. Мен мұны дәрігерге қысым жасалды деп санаймын.
Мені үйқамаққа шығаруға қарсы тергеушілер тобы оған негіз жоқ деп жалтарады. Дәрігерлер тек менің денсаулығым туралы анықтама береді. «Үйқамаққа шығарылсын»-деген анықтаманы ешқандай дәрігер бере алмайды. Бұлардың бұлай қысым жасап, талап етіп отырғандары мені «Пара алуға оқталды» деп айыптаушылар, мен жасамаған қылмысты «жасадым, мойындаймын»-деп, істемеген істің бәрін мойныма алып, қос қолымды көтеріп шығуымды күтіп отыр. Ол болмайды, мен істемеген істі – жасамаған қылмысты мойныма алмаймын.
Үшіншіден, мен Су ресурстар комитетін басқарып тұрғанда мемлекеттік бағдарламадан триллион теңгедей орасан қаржы үнемдеп, мемлекетке қыруар пайда әкелген басшымын. Яғни, менен пайда болмаса, зиян келмейді мемлекетке. Мені қашып кетеді деп күдіктенулеріңіздің де жөні жоқ. Осында сотқа қатысып отырған туыстарым да, мені жақсы білетіндердің бәрі де маған кепіл бола алады.
Сот xаным, енді бұл үйқамаққа шығару мәселесін өзіңіз салмақтап, саралап, Арыңыз бен Заңымыз алдында шешіп беруіңізді сұраймын!
Бірақ бұл жолы да Ислам Әбішевтің үйқамаққа шығару туралы талабы қанағаттандырылмай, сот тағы бір айға ұзартты. Судья Исаеваның «Ары» мен «Заңы» бесінші рет белден басып, тағы да солай шешті…
Ислам Әбішевтің қорғаушысы Абзал Құспан бұған келіспей, аппелияциялық шағым түсірді.
Біздің «әлемдегі ең әділ, гуманды соттың» тірлігіне қарасаң, тергеу орындарының айтқаны ешқандай заңдық негізге жатпаса да, бұлар үшін «бұйрық» секілді…
«Пара алуға оқталмай-ақ», өзінің кабинетінде бір дорба долларды – миллион долларды санап тұрып алғаны үшін ұсталған, оның видеосы барлық телеарналарда көрсетілген, қылмысы анық дәлелденген Ни сияқтылар үйқамақ түгілі мүлде ақталып, тергеу ісі жабылып, бостандыққа шығып кетеді де, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген есіл ер Ислам Әбішевті қамауда ұстауға ешқандай негіз болмаса да, пайғамбар жасынан асқан, денсаулығы қауіпті адамды бесінші ай тастүрмеде ұстап келеді…
Сонда біздің тергеу орындары мен «әділ» соттың мақсаты не?!. Олар үшін игі істерімен исі қазақтың алғысын алған Ислам Әбішев, ұлттың әйгілі зиялылары бастап, 20 мыңға жуық адам араша сұрап, қолдап, қол қойған азамат аса қауіпті террорист пе? Әлде, олардың көздегені Ислам Әбішевтің ауыр денсаулығын одан әрі сынау арқылы оны сындыру ма, әлде мүлде тындыру ма?!.
Бірақ олар бірнәрсені – Халық қазынасын қорғаған Ислам Әбішевті xалық та қорғайтынын ұмытпасын!

Қазыбек
ИСА.

Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалғаннан бастап, жетекші саяси ұйымда бірқатар ауыс-түйістер орын алды.
Бауыржан Қыдырғалиұлы Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Әлібек Әлденейді «Nur Otan»-ның хатшысы етіп тағайындады. Әлденей бір жарым жыл партия хатшысы болған Тамара Дүйсенованың орнын басты. Жетекші партиядағы тағы бір кадрлық өзгеріс Болат Кальянбековтің құрамына «Астана» телеарнасы, «Айқын», «Литер», Túrkistan, «Қазақстан Теміржолшысы» газеттері, NS және ORDA FM радиолары кіретін «Nur Media» холдингінің директоры болып бекітілуі болды.
Сонымен қатар, Ерлан Каналимов партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары орынтағына отырды. Ол бұған дейін Елорда әкімінің орынбасары қызметін атқарған-тын. Жаңа кадрларды тағайындағаны туралы Бауыржан Байбек өзінің твиттер парақшасында мәлімдеді.
Және ол бұл ауыс-түйістерді партияның халықпен байланыс орнатуда жаңа форматқа көшіп жұмыс істейтіндігімен, бұл ретте Елбасы, партия төрағасы жас білікті мамандандарды жұмылдыруды тапсырғандығымен байланыстырды.
Бауыржан Байбектің кадрлық ауыс-түйіс жасайтыны осы қызметке келген алғашқы күндерден-ақ белгілі болып қалғаны жасырын емес. Естеріңізде болса шілденің алғашқы күндерінен бастап ол партияның Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың жұмысында шикілік көп екенін айтып, енді «тазалау» жұмыстарына бел буып отырғанын хабарлағаны белгілі. Ізінше Нұрмахан Миятұлы қызметін босатты. Оған соңғы кездері көшбасшы партияның Түркістан облыстық филиалына халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың тым көбейіп кеткені және олардың басым бөлігінің әлі күнге дейін шешімін таппағаны негіз болған. Қазіргі таңда Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының уақытша міндетін Халима Жантөрева атқаруда.
Енді көшбасшы партияның Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары орынтағының бос орын болып тұруы қанша уақытқа жалғасатынын болжау қиын. Десе де кейбір сарапшылар бұл орынтаққа қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жүрген Ұласбек Сәдібектовтың жайғасуы әбден мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл саяси жорамал әбден қисынға келетініне ешкім шүбә келтіре қоймас. Себебі, Сәдібеков биыл 9-маусымдағы ҚР кезектен тыс президент сайлауына партия атынан түсіп, жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркістан облыстық қоғамдық штабын басқарған. Мұның өзі жетекші партияда оған есіктің айқара ашылуына зор мүмкіндік беріп тұрғаны анық.
Қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жүрген ол жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру бағытында биліктің жергілікті тұрғындармен жүргізіп жатқан қарбалас жұмыстарының бел ортасында жүр. Апат болған аумақты қалпына келтіруге Сәдібековтей маманның тартылуы тегін емес. Өйткені ол қайбір жылдары Сарыағаштың бірқатар елді мекендерін су шайғанда, аудан әкімі ретінде халықты сабырға шақыра алып, табиғаттың тосын мінезінен бүлінген үйлерді, бұзылған көшелерді қалпына келтіруде де едел-жедел әрекет етіп, істің көзін таба білетіндігімен көзге түскен кадр. Бірақ былтыр Сарыағаштағы зорланған бала оқиғасына байланысты сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оған алғашында сөгіс беріп, кейіннен облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатқан еді. Түймебаевтың бұл шарасына баға беруден аулақпыз.
Дегенмен де, тәжірибесі толысқан Ұласбек Сәдібековтей маманның ел тірлігіне жарап тұрғанын қазіргі билік анық көріп, біліп тұрған сыңайлы.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Нұрлан Ермекбаев,
ҚР Қорғаныс министрі:

Өткен аптада еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы
апатты табиғи нәрсеге теңегені былайғы жұрттың ашуын тудырған. «Арыстағы жағдай бойынша халықтан кешірім сұрайсыз ба?» деген журналистің сұрағына ведомство басшысы «ол табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қауіптері бар. Мен халықтан кешірім сұрайтын себебін көріп тұрғаным жоқ» деп кесіп айтқан болатын.

Оның бұл сөзі былайғы жұрттың ашуын тудырды. Оған қарата жан жақтан сындар айтылды.
Таяуда Нұр-Сұлтан қаласында Арыста орын алған апаттың зардабын жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасау мақсатында ұйымдастырылған брифингте Нұрлан Ермекбаев бұл тұрғыдағы ойын былай деп құбылтты.
«Ашығын айтсам, арыстықтармен кездесуде халықтан өзім кешірім сұрағанмын. Жапа шеккендер және эвакуацияланғандармен бірнеше рет кездестім. Жапа шеккендерден әрқашан кешірім сұраймын. Алдағы уақытта да камера алдында емес, көзбе-көз болған оқиға үшін кешірім сұрайтын боламын. Бірақ әскери адам популизммен емес, нақты іспен шұғылдануы керек. Болған істі түзетумен айналысу керек».
Осылай деген Нұрлан Ермекбаев «Мынандай жағдайды елестетіп көріңізші, сіз өз жауапкершілігіңізді білесіз. Көшемен келе жатқанда танымайтын бір жас жігіт келеді де, амандық-саулық жоқ, аты-жөніңізді де атамай, сізді экономикаға үлкен шығын келтірді деп айыптайды. Сосын камераға кешірім сұрауды талап етеді. Меніңше, әр адам ондайға әрқалай жауап беретін еді» деп әу-баста Арыстағы жағдайды «табиғи нәрсе» деп айтып «жаңылуын» журналистің төтеннен тап бергендігімен түсіндіргендей болады.

Ә. АЙТЖАРИ.

Аптаның сәрсенбісі экс-шенеунік Эльмира Суханбердива үшін сәтті өткендей. Бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі болған ол 6-маусымда пара алды деген күдікпен тергеу изоляторына қамалып, ізінше қызметін асыра пайдаланды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Тамыздың 2-не дейін қамауға алынған экс-шенеунік осы аптада сот залынан босап шықты.
Бұған дейін Ұлттық бюро экс-вице-министрдің үстінен жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдегенмен, іс сотқа жеткенде «пара алу» дерегі алынып тасталған. Ал қалған айыптар бойынша ол кінәсін толық мойындап, тергеумен процессуалды келісімге келген. Ол түрмеге тоғытылмағанмен 15 күннің ішінде бюджетке 2500 АЕК айыппұл төлейтін болды.
Өз кезегінде ол бизнесмендерге 41 планшет пен 2 «iPhone X» алғызып, оны алдын ала белгіленген жоспар бойынша марапатталатын балаларға үлестірмекші болған екен. Бірақ ол бұл әрекетінен ешқандай сөкеттік сезбеген. Керісінше мұны қайырымдылыққа балаған. Экс-вице-министрге қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптың себебі осы болса, Нұр-Сұлтандағы мектеп директорымен бірігіп, ақылы мектеп ашпақ болған ниеті «заңсыз бизнеспен айналысу» бабымен сотта қаралған. Нәтижесінде Елордадағы Есіл аудандық №2 соты Эльмира Суханбердиеваға 2500 АЕК көлемінде айыппұл салып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру туралы үкім кескен. Президент өңіріне таққан наградасынан да айрылған Эльмира Суханбердиева сот залынан босап шыққан соң журналистерге қапаста құр отырмай «Түрме вице-министрдің көзімен» атты кітап жазып, онысын кейбір баспаханалар басып шығаруға сұранып отырғанын сүйіншілей жеткізген.
Ең бастысы ол өзінің кінәлі екенін толық мойындағанмен, Жоғары сотқа апелляциялық шағым түсіруге оқталып отыр. Судан құрғақ шыққан Суханбердиеваның бұл қадамының нәтижесі қалай болары уақыттың еншісінде.

Елбасы өзінің Жолдауында адами капиталды жақсартуға басымдық беретіні белгілі. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп адами капиталдың жаңғыруы төл өнеріміздің діңгігінде жатқанын айқындаған болатын.
Соның негізінде өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні мерекесі деп атау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Мақсат – сан ғасырдың тарихын күмбірлеген үнімен сипаттайтын қазақтың қасиетті домбырасын ұлықтау, ата-бабадан мұра болып келе жатқан асыл өнердің ұрпақтан ұрпаққа сабақтасуын жолға қою болып табылады.
Биыл Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент филиалының өкілдері қаладағы перинаталдық орталықтарда «Қасиетті Домбыра» акциясын өткізді. Іс-шара аясында ассамблея мүшелері осы айдың алғашқы жексенбісінде яғни, 7-шілдеде жарық дүние есігін бірінші болып ашқан ұл мен қызды дүниеге әкелген аналарға ізгі тілектер төгіліп жазылған хаттар тапсырып, домбыра мен сыйлықтар тарту етті. Тіпті екі ішекті, көп пернелі домбыраның бұрауын келтіріп, баласын бауырына басқан бақытты аналарға күмбірлете күй тартып берді.
Ұйымдастырушылар қазақтың қасиетті қара домбырасын осылай ұлықтау ата-аналардың ұрпақ тәрбиесі кезінде балаларын төл өнерімізге баулуына, сол арқылы ұлттық мәдениетіміздің ұмыт қалмауына зор ықпалын тигізетінін алға тартуда.
Өз кезегінде әйелдер қауымы ел арасындағы ынтымақты ұйыстырып, бірлікті жарастырып жүрген Ассамблея мүшелерінің бұл шаралары олар үшін зор тосын сый болғанын айтып, рахметін жаудырды. Балаларына арналып тарту етілген домбыраны олар «келешекте ұл-қыздарымыз төл өнерімізді төрге шығаратын, өнерлі азамат болатынының белгісі болса керек» деген жақсы ырымға жорыды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында елге инвестор тарту өңірлерде тұрақты жұмыс орнын ашудың ең тиімді жолдарының бірі екендігін алға тартып, атқарушы органның осы бағытта ұтымды шараларды қолға алуын тапсырып келгені белгілі. Тұңғыш Президент Ұлт жоспарының 57-қадамында да туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуды атап өтеді.
Осы мақсатта Шымкент әкімдігі бірнеше тың бастамаларды қолға алған-тын. Естеріңізде болса былтыр қараша айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкентте Disneyland пен үлкен аквапарк салынады. Менің ойымша, тек Шымкентте ғана осындай үлкен аквапарк салуға болады. Бізде Disneyland-те хоббиттерге арналған үй тәрізді қонақүй болады. Сыртында кішкентай есік, ішінде үлкен ғимарат болады. Бұл балаларға қызық» деп, креативті бастамасымен бөліскен еді.
Осы аптада ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Үкімет отырысынан кейін аталған бастама бойынша қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны жөнінде өзіне бағытталған сұраққа төмендегідей жауап берді.
– Егер де аквапаркке тоқталсақ, бұл жоба бойынша жұмыстар басталды. Инвесторларды іздестіру кезінде Шымкентке Непалдан миллиардер келді. Ол біздегі осы жобаға қызығушылық танытты. Қазіргі кезде оның компаниясы Дубайдағы аквапарктің жобалаушыларымен келліссөздер жүргізіп жатыр. Олар өздерінің командасымен 13-шілде күні Шымкентке келіп, үш күн бойы жобаны пысықтайды».
Осылай деп жауап берген Ғабидолла Әбдірахымов аквапаркты салатын аумақтың дайын екенін, ол үшін арнайы 100 гектар жердің бөлінгенін және онда тиісті инженерлік жүйелердің тартылғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек Ғабидолла Рахметоллаұлы аквапаркті іске қосуға екі жыл уақыт керек екенін, ал жобаның жалпы құны 100 млн. долларды құрайтынын атап өтті.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауында «мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс» делінген. Осы мақсатта Шымкентте аутизм дертіне шалдыққан балаларды оңалтатын орталық ашылды.
Болат Өтемұратов қорының «Асыл мирас» аутизм орталығының ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Өз кезегінде ол орталықтағы балаларды дамыту және түйсігін түзетуге арналған құрал жабдықтармен жарақтандырылған бөлмелерді аралап көрді. Одан соң аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналарымен тілдесті. Олармен диалог барысында Ғабидолла Әбдірахымов «көптеген ата-ана осындай орталықтың қажеттігін айтқан болатын. Сол өтініштерді негізге ала отырып, оны қаланың орталығынан ашуды дұрыс санадық» деді. Сонымен қатар қала басшысы, аталған орталықтың директоры Марат Айтмағамбетовке дертке шалдыққан балалардың ата-анасына да психологиялық қолдаудың қажеттігін атап өтті.
Жалпы ерекше балаларға арналған мұндай орталық еліміз бойынша жетінші қалада ашылып отыр. 2015 жылдан бері дәл осындай мекемелерде 8 мыңнан астам аутизм балалар оңалтудан өткен. Олардың 2 мыңнан астамы орталықтағы тиімді бағдарламалар бойынша үйретілген тәсілдерді игерген. Және де көрсетілген ем-домдар бойларына дарыған. Бүгінде жеті мыңнан астам аутизм балалар осындай орталықтарға қаралу кезегінде тұр.
Бүгінде Шымкентте 4000-ға жуық балаға аутизм диагнозы қойылған.

Аптаның бейсенбісінде Шымкентке Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен келіп, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы қолға алынған инвестициялық жобалармен танысты.
Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Асқар Маминге үшінші мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қолға алынған әуежайдың жаңа терминалының жобасын көрсетті. Жаңа терминалдың құрылысы осы айда басталған. Оның аяқталу мерзімі келер жылдың мамыр айына межеленген. Сыйымдылығы сағатына 400 жолаушыны құрайтын әуежай іске қосылғанда жолаушылар ағымы 10 есеге артады деп күтілуде.
2020 жылы пайдалануға берілетін жаңа әуежайдың әлеуетімен танысқаннан соң Премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы «Химфарм» акционерлік қоғамына барып, отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынымен танысты. Еліміздегі бұл жетекші кәсіпорында дәрі-дәрмектердің 71 түрі өндіріледі. Қазақстандағы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің үштен бір бөлігі дәл осы зауытта шығарылады. Үкімет басшысы аталған өндіріс орнында инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша цехтың жарақтандырылуын көріп, «Модельдік цифрлық фабрикалар» жобасының аясында іске қосылған цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын оң бағалады.
Министрлер кабинетінің басшысы Асқар Ұазқбайұлының аталған кәсіпорынға аялдауы тегін емес. Себебі халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп тұрған бұл зауытта фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша 108 млн АҚШ доллары болатын кең ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек» дегенді алға тартқан.
Осы бағытта өткен жылы ашылған өнімдері экспортқа бағытталған «Shymkent Temir» ЖШС зауытына да Премьер-министр ат басын бұрды. Аталған зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 250 мың тонна болат дайындау болып табылады. Бүгінде ол жерде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар. «Shymkent Temir» ЖШС Қазақстан Республикасын индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдардағы екінші сатысына сай ашылған болатын. Жобаға жалпы құны 5,94 млрд теңге инвестиция тартылған.
Одан соң Премьер-министр «Рахат-Шымкент» ЖШС-не барып, тамақ өнімдерінің өндіріс процесін бақылады. Бүгінде заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейін 30 аталымдағы 4 түрлі кондитерлік өнім шығарады. Серіктестікте 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Өз кезегінде Асқар Мамин инвестициялық жобалар бойынша ел игілігі үшін жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарын аралап болған соң, Ғабидолла Әбдірахымовқа Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды, инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыруды тапсырып, сапарын түйіндеді.

Silkway
халықаралық университетін 3000 түлек бітірді

Таяуда Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы аллеяда Silkway халықаралық университетін бітіріп, жас маман атанғандарға диплом табыстау рәсімі өтті. Дипломдарын қолдарына алып, еліне еңбек етуге бел буып отырған бітірушілерге оқу орнының президенті Мадияр Юнусов ақжол тілеп, айтулы күндерімен құттықтады. Ол:

– Биыл халықаралық талаптарға сай білім беретін біздің оқу орнымыздан 3000 түлек үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Олардың 80-і қызыл диплом иегері. Бүгін Сіздер төрт жыл бойы оқып, ізденіп, білім алған студенттік жылдарыңызды аяқтап, ортамыздан кеткелі тұрсыздар. Бұл үшін көңілімде сәл-пәл қимастық бар екенін жасырмаймын. Дегенмен де, Сіздердің маман атанып, өздеріңіз таңдаған кәсіптеріңіз бойынша жемісті еңбек етер жылдарыңызға сәттілік тілеймін. Дипломдарыңыз сандық түбінде жатпай, әрдайым еңбек етулеріңізге жарай берсін дегім келеді. Жемісін көріп, жетістікке жетіңіздер. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін,-деді.
Одан соң ол оқу орнының шәкірттеріне салтанатты жағдайда диплом табыстады. Көптеген қатарластарынан озат оқитындығымен көзге түскен Әсел Мадиярова оқу орны басшылығының студенттерді дәл осындай құрмет, қошеметпен шығарып салғанына зор алғысын білдірді. Қызыл диплом иегері атанған Әсел «Осыдан төрт жыл бұрын дәл осы оқу орнында оқуға құжат тапсырғаныма бір сәт болса да өкінбегенмін. Себебі мұнда «оқимын», «үйренемін» деген жас үшін барлық жағдай жасалған. Көз аямызды кеңейтіп, санамызға сәуле шаша білген ұстаздарымның орны мен үшін әрдайым бөлек. Менің университетті үздік бітіруіме осы ұстаздарымның еңбегі орасан зор» деп ағынан жарылды.
Қазақта «бесіктен бейітке дейін білім үйрен» деген. Осы қағиданы қаперіне алғандардың қатарынан табылған Абзал Дүйсенбиев те дәл сол күні дефектология мамандығы бойынша магистр дипломын алды. 58 жастағы білікті маман осыдан екі жыл бұрын аталған оқу орнында өз мамандығы яғни, дефектология бойынша магистратура түлектері дайындалатынын біле сала, көп ойланбастан құжат тапсырғанын, енді бүгін диплом алып жатқанын қуана жеткізді. Ол білім алудың ерте кеші жоқ екенін айтып, барлық түлектердің алдағы өміріне сәттілік тіледі.
Салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде шақыртылған Шымкент қаласының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев, Түркістан облысының Білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева, «EL TIREGI» Қазақстандық шағын және орта бизнес қауымдастығы басқармасының төрағасы Аскар Абубакиров, Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының басшысы Талғат Мендыбаевтар да түлектерді қуанышты күндерімен құттықтады. Алдағы өмірлеріне тек ақжол тілеп, ізгі лебіздерін арнады. Ұл-қыздарының диплом алғандарына қуанған ата-аналар да университеттің оқытушы-профессорлар құрамына зор алғыстарын айтып, оларға разы екендіктерін жеткізді.
Кеш соңы еліміздің эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербековтың концерттік бағдарламасымен ұласты.
Бүгінде 27 жылдық тарихы бар Silkway халықаралық университеті түрлі пәндердің болашақ мұғалімдерімен қатар, бухгалтерлік есеп және аудит, экономика және қаржы, құқық, ақпараттық технологиялар және бағдарламалау, компьютерлік және ақпараттық жүйе салалары бойынша мамандар даярлайды. Ал магистранттар мен докторанттарды педагогикалық, өнер және гуманитарлық ғылымдар, бизнес, басқару ісі және құқық бойынша оқытып шығарады.