Маңызды

немесе масыл мен мұқтаждың аражігін білмегендер кімдер?

«Тегін ірімшік тек қақпанда
болады»

Осы аптада еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың келтірген мәлімдемесінің мағынасы осы тәмсілге саяды. Ол алдағы уақыттан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындардың саны мейлінше азая түсетінін ашық айтты. Оның бұл сөзі 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын көп балалы және аз қамтылған отбасылардың құлағына түрпідей тигені анық.
Естеріңізге сала кетсек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен сәуір айынан бастап еліміздегі 806 мың адамның жан басына ай сайын 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған-тын. Бұл барлығы кіріс көзі төмен 160 мың отбасын құрайды. Соған сәйкес әрбір отбасы мемлекет берген мүмкіндіктің арқасында орташа есеппен ай сайын 80-180 мың теңге әлеуметтік көмек алып, көңілдері біршама тоғайып жүрген еді. Алайда оның өзі ұзаққа созылмайтын сыңайлы.
Министр Бердібек Мәшбекұлы қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын, бірақ жұмысқа толық қабілеті бар азаматтарды әлеуметтік келісімшартқа тұру негізі бойынша жұмысқа орналасуы қажеттігін, сол арқылы АӘК алатындардың санын қысқарту тұрғысындағы мәлімдемесін ең алдымен Үкімет басшысы Асқар Маминннің алдына көлденең тартты. Іле арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында журналистерге осы жайында қолға алынатын тірліктің мән- мазмұнын түсіндіріп берді.
Өз кезегінде министр:
– Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қойылар ең басты талап – әлеуметтік келісім-шартқа тұру. Соған сәйкес жұмысқа орналасу. Бүгінде АӘК алып жатқан қазақстандықтардың 393 мыңы жұмысқа жарамды. Соның ішінде 81 мың адам жұмысқа орналасуға міндетті. Қазіргі таңда осы санаттағы адамдардың 48 пайызы ғана жұмыс істеуде. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан да мемлекеттен көмек алатындар әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа міндетті түрде орналасуы қажет. Егер жұмысқа орналаспаса біз көмек беруді тоқтатамыз,-деді. Ол қойылған талап пен жазылған заң осындай екенін ашық айтты.
Мемлекеттің мұндай қадамға баруындағы ең басты мақсаты – масылдыққа жол бермеу болып табылады.
Мұқтаждық пен масылдықтың аражігін айыра білуіміз қажеттігін баса айтқан Бердібек Сапарбаев жұмысқа жарамды, тепсе темір үзетін азаматтардың үйде ауырмаған жамбаспен жантайып жатып алып, мемлекет беретін ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмекке иек артуы болмайтынын, ондайлардың санын қысқартатын жасырмады.
Жиын барысында министр Бердібек Сапарбаев кейбір өңірлерде осы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандардың бар екені туралы ақпаратты да айтып салды. Осы орайда министрдің саусағын бүгіп тұрып айтқан жәйттері табыстың дұрыс есептелмеуі мен азаматтардың жұмысқа орналаспауы сынды жағдайлар болды.
Бердібек Мәшбекұлы мұндай оралымсыздыққа жол бере берсек, азаматтардың өздері мемлекетке масыл болып қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақтарын жалқаулыққа үйретіп алатынын қадап айтты.
Жалпы қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары болып табылады. Бұл өңірде 30977 отбасына АӘК тағайындалған. Ал Алматы облысында 21866, Жамбыл облысында 19793 отбасы, Шымкент қаласында 15460 отбасы мүшелерінің әрбіріне 21 мың теңге әлеуметтік көмек беріліп келеді. Әлеуметтік көмекті алу бойынша көшбасшы бестікті Қызылорда облысы түйіндеп тұр. Бүгінде Сыр өңірінде 12186 отбасы атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп отыр.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.

Ал, Мәулен Әшімбаев оны неге айтпаған?

Маусым айының соңғы күнінде Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылғанына бір тәулік болған Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы
Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне кірісіп кетті.

Ол партия Төрағасының бірінші орынбасары ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын күнгейден бастады. Бейсенбі күні ол Арысқа аттанып, ондағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сол жерде төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты. Тұрғындармен жүздесіп, олардың апаттан кейінгі туындаған проблемаларымен жалғыз қалмайтынын, қолдау мен көмек жасалатынын жеткізді. Орын алған жарылысқа байланысты жедел құрылған штабтың жұмысымен танысып, қаланы қалпына келтіру бағытында партиялық бақылау күшейтілетінін айтты.
Осы сапарынан соң ол Твиттер әлеуметтік желісінен тосын мәлімдеме жариялады. Өз жазбасында ол партияға «Nur Otan»-ның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың үстінен көптеген арыз-шағымдар келіп түсетінін, соған байланысты филиал төрағасының келісімімен бұл мәселені Саяси кеңестің аймақтық Бюросында қарап, Нұрмахан Жолдасовты партия қатарынан шығаруға дейін шара қолдану қажет деп есептейтінін қадап айтқан. Және де елдің сенімін нығайту үшін ендігі кезектен бастап партиялық тәртіпті барынша күшейтіп, ішкі «тазалау» жұмыстарын жүргізуді жазған.
Қызметіне кіріскеніне бірнеше күннің жүзі болған Бауыржан Байбектің осындай мәлімдеме жасағанмен оған дәлел болатын бірді-екілі мысалдардың келтірмеуі көкейге түрлі сауал тудыруда. Егер партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың атына шағымдар шынымен де қарша борап келгені айдан анық болса, бұған дейін партия Төрағасының бірінші орынбасары болған Мәулен Әшімбаев неге оны май шаммен қарап, тиісті шаралар қабылдамаған? Әлде М. Әшімбаевқа келіп түскен шағымдар мен арызда айтылған мәселелер қызықты болмағаны ма?
Қайткен күнде де билік партиясында жетекші орынды тізгіндеп отырған Бауыржан Байбектің бұлайша ашық түрде мәлімдеме жасауы Нұрмахан Миятұлының алдағы қызметтік тағдырында қандай да бір қысылтаң кезеңнің тудыратынын аңғартып тұрғандай.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Кешірім сұрамақ түгілі орнын босатуы тиіс!

«Бізде бәрі де бола береді» деген мақалымды мақамдатып көп айтушы едім… Сол бекер болған сияқты… «Жындының сандырағы келеді» деген рас болды…
Арыстағы төрткүл дүниені дүр сілкіндірген төртінші жарылыстың дауысы басқа-басқа, осы апатқа тікелей жауапты Қорғаныс министрін ұйқыдан оята алмапты..

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Арыстағы апат үшін Қорғаныс министрлігінің кешірім сұрауына негіз жоқ. Бұл қару-жарақтардың жарылуы табиғи құбылыс»-деп соғыпты.. Үш адамның өмірін қиған, жүздеген адам жараланған, ал Арыс қаласының үйлері қирап, адамдары түгел көшірілген алапат апатқа кешірім сұрамаған Қорғаныс министрі кімге керек? Өзге, өзін-өзі сыйлайтын дамыған елдерде мұндай оқиғаның жүзден бірі болғанның өзінде қорғаныс министрі өз еркімен отставкаға кетеді.
О заманда, бұ заман атамзаманнан Арыстың іргесінен аулаққа әкетілмей жатқан қоймалардағы әскери қару-жарақ әскерилердің жауапсыздығынан жарылып кеткен адам айтқызыз алапат апатты «табиғаттың ісі» деп Құдайға аудара салған министрді кім көрген?!. Балаларын арқалап, қырға жалаңаяқ, жалаңбас жаяу қашқан аналар, әке-шешесінен айырылып қап шырылдаған балалар, жауып жатқан оқтан қашамын деп шаршап-шалдыққан шал-кемпірлердің күйзелісі мен үш адамның өлімі сонда қорғаныс министріне шыбын шаққан ғұрлы әсер етпей тұр ғой. Сол бомбадан қашқан халық ар жағы сонау Жетісайға, Шардараға дейін, Ермекбаевтың туған жері Келеске дейін барып паналағанын біле ме екен бұл министр?
Қазақстанның Қорғаныс министрі xалықтан кешірім сұрау үшін енді қандай жарылыс, қанша адам қаза табуы керек?!.
Ермекбаев мырзаның xалықтан кешірім сұраудың орнына xалықтан қашқан мына тірлігіне, мынадай масқара сөзіне қарағанда бұл мырза Халықтан қорғаныс министрі болып істейтін болуы керек…
Кешірім сұрау, орнынан кету былай тұрсын, Арысқа – қалың қазақтың ішіне барып, ашынып отырған xалықты одан сайын күйдіріп Ресей тілінде сөйлеген министр Ермекбаевты жауапқа тарту керек деп жатқандар толып жатыр….
Ана жылы Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болғанда мен бір-ақ сөйлемнен тұратын мақала жаздым. Имекеңнің үлкен суретін бастым да: «ЕНДІ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАП, АЛАҢСЫЗ ОЯНАТЫН БОЛДЫМ!» – дедім.
Енді Қорғаныс министрі Ермекбаевтың ермекке айта салған мына қорқынышты сөзінен кейін де, бір-ақ сөйлеммен сөзімді аяқтаймын:
– ЕНДІ ҚАЛАЙ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАЙМЫЗ?!.

Қазыбек ИСА.

Оразгүл Асанғазықызының
сөзін халық қалай қабылдады?

Кешегі жексенбіде «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласында митинг өткізді. Шеруге 1500-ден астам адам қатысты. Жетекші партия бұл жиынның мақсатын – елдің іргесіне сызат түсіріп жүрген азаматтардың керітартпа әрекеттеріне жол бермеу, халықты жалған айтақтың жетегіне еруіне тосқауыл қою деп түсіндірді.
Осыған орай партияның белді-белсенді өкілдері бір қауым ел алдына шығып өз ойларын ортаға салды. Сөз сөйлегендердің қатарында ел тірлігіне етене араласып жүрген Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл, Оразгүл Асанғазықызы, Бекболат Тілеухан және т.б болды. Олар жиналғандарға ел ішінде бүлінудің қитұрқы әрекеттеріне жол бермей, тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығы жөнінде келелі пікірлерін ашық айтты.
Өз кезегінде халық алдына шыққан экс-депутат Оразгүл Асанғазықызы «Атам қазақ айтады «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі. Мықты болса егесі, майыспайды шегесі» дейді. Олай болса жігіттер еркек болыңдар, намысты болыңдар. Кешегі Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай батырлар сияқты батыр болыңдар. Құдай-ау бір қатынға шамаң келмесе қандай еркексің?! Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Әйелдерді көшеге шығарып қойып, үйде жігіттеріміз отырған бұл не деген сұмдық, бұл не деген масқара?!» деп айтып салды.
Жалпы «Nur Otan» партиясының арандатушылыққа бой алдырмай бейбіт заманды сақтап қалу жолында ұйымдастырған бұл митингісінің мақсаты айқын. Бағдары құптарлық-ақ дүние. Бірақ бұрынғы депутаттың яғни, Оразгүл Асанғазықызының еркектерге қарата бұлайша көсілуі қаншалықты қисынды болды? Әлеуметтік желідегі түрлі жазбаларға көз жүгірту арқылы бүгінгінің батыл әрі батыр әйелі деп айтылып жүретін қоғам белсендісінің бұл пікірін жұрт жылы жауып қоя салмаған сияқты. Оған желі қолданушыларының бірі «әйелдер көшеге шықса жоғын жоқтап, ұрпағының күйін күйттеу үшін шығып жатыр» деуі, енді бірі «әйелдер еріккеннен емес, биліктегі әділетсіздік жандарына батқан соң шықты» дегені, келесі бірі «еркегіміз жоқ. Біз қайтейік. Айтыңызшы ал» деп сұрақты көлденең тартуы жарқын мысал болады.
Жалпы жүздеген пікірлердің басым көпшілігі бұл сөзді реніш-рәуіште қабылдаған. Арасында онсызда титықтап жатқан қоғамда еркектерге қарай осындай сөз айту олардың намысына тию деп ұғынғандар да болды. Бірқатар желі қолданушылары мұны әйел емес, ер азамат айтуы қажеттігін қынжыла жеткізді.
Жалпы Оразгүл апамыз бұған дейін де талай мінберлерде сөйлеген. Сонда оның кестелі тілмен жеткізген ойлары жұрт жүрегіне жол тауып жүретін. Бірақ кешегі митингте ол кісінің осындай сөздерді ортаға салуы «әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» деген мақалды тіл ұшына еріксіз оралтты.
Естеріңізде болса жыл басында Астанадағы жалдамалы үйде орын алған өрт салдарынан бүтіндей бір отбасының барлық бес баласы тіл тартпай о дүниеге аттанып кете барған болатын. Содан кейін өңірлерде көп балалы аналар мүшкіл халі туралы наразылық танытып, жергілікті әкімдікке барып, әлеуметтік жағдайларын көтеру туралы талаптарын ашына әрі ашық түрде айтқан. Содан соң Үкімет әлеуметтік жағдайы төмен 100 мыңнан астам отбасының әрбір мүшесіне 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған еді.
Бұдан бөлек кешегі Арыстағы жарылыс кезінде де Шымкенттегі эвакуациялық орталықтарды уақытша паналаған Арыс қаласының біраз тұрғындары туған жерлеріне қайта оралуға жүрексінетіндерін айтып өзге аудан, қалалардан жер, үй берулерін айтып шеруге шыққан-тын. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сол кезде митинге шыққан арыстықтармен диалогқа келіп, оларға басу айтқан еді. Жойқын жарылыстың куәсі болып, оқ пен оттың ортасынан үйлерін тастап туған жерінен үдере қашқан арыстықтар алғашында осылай ашуға бой алдырғанмен, кейіннен сабаларына түсіп, биліктің дегенін орындап, келесі күні өз шаңырақтарына оралған. Бұл шеруде де әйелдердің де болғаны барлығына аян.
Өз кезегінде Оразгүл Асанғазықызы әлгіндей сөздер айтуы арқылы «тоңып секірген» төмен етектілерді тілдеп, тіпті күйеулерін оларға қарсы айдап салғандай әсер қалдырды.

А. САТЫБАЛДЫ.

Естеріңізге сала кетсек, биыл мемлекет есебінен 53 785 білім гранты бөлінген болатын. Негізгі білім гранттарына ие болғандардың тізімі алдағы шілде айының 21-31 аралығында өтетін республикалық конкурстан соң жарияланады. Жоғарыда атап өткен нысаналы топтағы азаматтар ең алдымен осы республикалық конкурсқа қатысып, бағы мен бабын сынайды.
Республикалық конкурс кезінде оған қол жеткізе алмай қалған жоғарыда атап өткен нысаналы топқа жатқызылатын азаматтар үшін мүмкіндіктер молая түспек.
Еліміздің бас педагогының айтуынша қосымша бөлінген 5 мың грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті жердегі әкімдіктерге беріледі. Өз кезегінде олар өңірде сұранысқа жоғары мамандықтықтардың тізімін түзіп, соның негізінде комиссия құрып, тиісті тәртіппен конкурс жүргізеді. Ағымдағы жылдың тамыз айының 11-15 аралығында өтетін конкурс кезінде комиссия құрамы гранттарды талапкерлердің ҰБТ баллына және грант санына қарай тағайындайды. Содан соң көп ұзамай зор қолдауға ие болғандардың тізімін жергілікті БАҚ-та жариялайды. Көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында тәрбиеленіп жүрген талапкерлер осы конкурсқа қатысу үшін тамыздың 5-10 аралығында жергілікті жердегі әкімдіктерге өтініш береді. Айтпақшы, нысаналы грант иегерлеріне де әдеттегідей 20949 теңге шәкіртақы тағайындалатынын біле жүріңіз.
Білім және ғылым министрі нысаналы топқа жататын талапкерлер қосымша бөлінген 5000 білім грантының біріне қол жеткізу үшін ең алдымен Ұлттық бірыңғай тестінің шекті балын жинауы қажеттігін баса айтты. Осы ретте биыл ұлттық жоғары оқу орындарына тапсыруға қажетті шектік ұпай — 65 балл екенін, «Педогогика ғылымдары», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша 60 балдан төмен жинауға болмайтынын, қалған жоғары оқу орындарына түсу үшін — кем дегенде 50 балл болуы керектігін, ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» саласы бойынша шекті балл 65 балдан кем емес (әр пәннен кем дегенде 5 балдан жинау қажет) болып бекітілгенін айта кетейік.
Жалпы биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-30 маусым аралығында 169 пункттің базасында өтті. Тестіні тапсыруға 117 242 адам өтініш берген. Алайда түрлі себептермен 6800-ден астам адам сынаққа қатыса алмай қалған. ҰБТ тапсырғандардың арасында биылғы, былтырғы түлектер мен колледж бітірушілері болды.
Осы жылы тест тапсырғандардың 1/4-і, яғни, 27 мыңнан астам талапкер шекті балды жинай алмаған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып отыр. Былтыр ҰБТ кезінде межелі балды жинай алмағандардың үлесі 15 пайыз болған-тын.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Қазіргі таңда сандық технологияны өмірге дендеп енгізу қарқынды жүргізілуде. Себебі ол халықтың кассаға тәуелділігін жойып, уақытын айтарлықтай үнемдеуге септігін тигізеді. Адамдардың артық сабылуына біржола тоқтау салатын сандық технология жемқорлық көрінісінің болмауын да қамтамасыз етеді. Осы бағытта елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған-тын. Аталған бағдарламаға сәйкес әрбір өңірде салаларды цифрландыру тетіктері қолға алынып келе жатқаны белгілі.
Ал Шымкентте қызметтерді заман легіне қарай жаңарта түсетін бұл бағдарламаны жүзеге асыруды қалалық цифрландыру басқармасы үйлестіріп келеді. Жуырда аталған басқарманың басшысы Айнұр Юсупова жыл басынан бергі алты айда атқарылған жұмыстарына шолу жасады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шымкенттегі денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларына сандық жүйе енгізілген. Нәтижесінде бұрындары тұрғындар тұтас бір күнін, тіпті кейбір жағдайларда бір аптасын сарп ететін қызмет түрлері санаулы минуттарда-ақ тындырылатын деңгейге қол жеткізілді.
Қазіргі таңда Шымкенттегі медициналық ұйымдардағы жұмыс орындарын компьютерлік техникамен жарақтандыру үлесі – 63 %, интернет жүйесіне қосылған ұйымдардың үлесі – 100 %, жергілікті ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі – 100 %, электрондық түрде есепке алу — есеп беру ақпаратын жүргізуге көшкен денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі – 33%, халықты электрондық денсаулық паспорттарымен қамту деңгейі – 83 % және электрондық рецептілердін үлесі – 55 % құрайтынын айта кетейік.
Үшінші мегаполисте халық ең жиі жүгінетін дәрігерге жазылу, үйге дәрігер шақыру, медициналық ұйымға тіркелу сынды қызметтер автоматтандырылған. Тұрғындарға кезекті скринингтен өту туралы хабарламаларды мобильдік қосымша арқылы жіберу мүмкіндігі іске қосылған. Қаладағы барлық 36 медициналық ұйым «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшірілген. Көрсеткіш көңіл тоғайтарлық.
Цифрландыру жүйесі қолданысқа енгізілгеннен бастап білім саласындағы көптеген бассыздықтарға нүкте қойылды. Бұған дейін «бармақ басты, көз қыстымен» бітетін көп тірліктер жаңашылдықтың нәтижесінде тиянақты жүйелер сапына қосылды. Атап айтқанда, қаладағы 476 мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндерді қабылдау электрондық кезек жүйесіне көшірілген. Барлық 130 мектепте балаларды 1-сыныпқа қабылдау электрондық жүйеге ауыстырылды. Оқушылардың білім көрсеткішін арттыру бойынша сандық білім беру ресурстары, электрондық журнал жүйесі және балабақшалар мен мектептерге педагогикалық кадрларды қабылдаудың электрондық жүйесі енгізілді.
Коммуналдық шаруашылық саласында да қол жеткізілген жетістіктер өте көп. Айталық, Шымкенттегі 2049 көпқабатты тұрғын үйдің 997-нің электронды паспорты жасалды. Қаладағы 5 көпқабатты тұрғын үйге интернет құрылғыларын қолдайтын есептеу қондырғыларын орнату қанатқақты жобасы аяқталды. 1052 абонент бойынша монополия субъектілері «E-SNANYRAK» электронды жүйесі негізінде біріктірілді. Бұл бағыттағы жұмыстары жүйелі жалғасын табатын болады.
Қоғамдық көлік саласы бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Мегаполистегі 1102 қоғамдық көлік GPS қондырғыларымен жарақтандырылған. Және де диспетчерлік бақылау жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта «Ақылды автотұрақ» жобасы іске асырылмақ. Оның мақсаты автоматтандырылған ақылы тұрақ ұйымдастыру, тез және ыңғайлы тұрақ орындарын табу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, автокөлікті тұраққа қоюды автоматтандыру және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту. Соған сәйкес Бүгінгі күні 3 бағыттағы 30 автобусқа SMS және QR коды арқылы электрондық төлем жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылды.
Қауіпсіздікті қамтамыз ету бағытында қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалада 21 зияткерлік жол қиылысы жұмыс істейді. Бейнебақылау камераларының саны 479 –ға дейін ұлғайтылды.
«Сергек» жобасы аясында бейнебақылау камералары орнатылды. Өз кезегінде бұл жоба жол-көлік оиғаларының азаюына айтарлықтай ықпал етуде. Жобаның мақсаты – бақылау учаскелерінде жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау, іздестіру іс-шараларының тиімділігін арттыру, апатты жағдайларды төмендету.
Ағымдағы жылдың 6 айында Шымкентте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің 74,5 пайызы электронды түрде көрсетілді.

Жыл басынан бері елімізде 76 адам суға батып көз жұмған. Олардың 40-ы балалар.
Азаматтардың осындай өкінішті жағдаймен өлім құшуын алдын алу бойынша мамандар жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпті алдын алуда. Мұндай мақсаттағы жұмыстар Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзені бойында жүргізілді.
Шараны Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты аудандық жергілікті полиция және төтенше жағдайлар бөлімі мен бірге ұйымдастырды. Өз кезегінде тиісті мамандар жаз маусымындағы ыстықтан бойларын сергіту үшін Қошқар ата өзенінде шомылатын тұрғындарға сақтық шараларын барынша назарға алу қажеттігін ескертті. Түрлі жазатайым жағдайларды алға тарту арқылы тұрғындарға суға шомылу кезінде балаларды қараусыз қалдырмай, тыйым салынған су айдындарында сүңгімеулерін сұранды. Сонымен қатар арнайы жұмылдырылған қызметкерлер суға түсу кезінде алкогольді сусындарды тұтыну да қауіпті күшейтетінін, сондықтан да оған мейлінше жол бермеу қажеттігін айтты.

Осы аптада Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграм желісіндегі өз парақшасы ашылды. Желідегі akimat_shymkent атты ресми аккаунтта үшінші мегаполисте болып жатқан барлық жаңалықтар қамтылады.
Тұрғындар көрсетілген парақшаға жазылу арқылы қалада болып жатқан жаңалықтың бәрінен хабардар болады.
3-шілдедегі дерек бойынша аталған аккаунтқа
8 мыңға жуық желі қолданушы жазылып үлгерген.

Созақ ауданында күннен электр энергиясын өндіретін жобаның алғашқы қазығы қағылды.
Қуаты 50 МВт өндіретін «Күн электр станциясының құрылысы» жобасын «ЮКСЭС 50» ЖШС қолға алып отыр. Күннен қуат алатын электр энергиясы жобасының қазығын қағу рәсімінде Созақ ауданы әкімі Салыхан Полатов, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы АҚ аймақтық директоры Даулетқожа Мамыров, «Risen Energy» компаниясының бас менеджері Чампион Юань қатысып, сөз сөйледі.

«Бүгінде қауіпсіз энергия көздерін дамыту еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін Үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осы орайда Созақ ауданында энергетикалық кешенді дамыту үшін үлкен жобаны іске асырғалы отырмыз. Аталған істің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 100-ге тарта адам тартылады»- деді аудан әкімі.
Жаңа жоба — шын мәнінде атап айтуға тұрарлық айрықша құнды бастама. 60 миллион доллар құрайтын жобаны еліміздің «ЮКСЭС 50» ЖШС жүзге асырады. Жобаға гонконгтық «Risen Energy» компаниясы инвестиция салып отыр.
Мемлекеттік қолдау көрсетіліп, құрылысқа қажетті 125 гектар жер телімі берілді. Станцияға осы заманғы озық үлгідегі құрал-жабдықтары қойылады. Нысан келер жылдың басында пайдалануға беріледі. Жоба толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде тұрақты 30 жұмыс орны ашылады.

Созақ ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Берік ДҮЙСЕНОВ,
Шымкент қалалық мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылау
басқармасының басшысы:

Осы аптада Шымкент қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын түйіндеді. Осыған орай ұйымдастырылған брифингте аталған басқарманың басшысы Берік Дүйсенов төмендегідей мәліметтерді келтірді.
Есепті кезеңде 214 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде олар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзған. Соның негізінде оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес 62,7 миллион теңге айыппұл салынды. Атап айтқанда басқарма тарапынан 148 тұлға (54,3 млн теңге) қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартылса, заң талаптарын бұзған 66 тұлғаға хаттамалар толтырылып, 8,5 млн. тенге айыппұл салу бойынша істер Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.
Бірінші жарты жылдықта басқармаға сарапшылық аттестат алу үшін 122 тұлғадан өтініш түскен. Алайда ұсынылған құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес болмауына байланысты 55 тұлға тестілеуге жіберілмеген. Тестілеуге жіберілген 67 тұлғаның тек 18-і сынақтан сүрінбеген. 32 тұлға талап үдесінен табылмаса, 17 –cі тестілеуге түрлі себептермен келмей қалған.
Өз бетімен құрылыс жүргізгені үшін жеке және заңды тұлғаларға басқарма тарапынан ҚР «Азаматтық кодексінің» 244-бабына сәйкес 9 құрылыс нысанына қатысты шаралар қабылданды және олардың ісін сот органдарында қарау үшін талап-арыздар жолданды. Нәтижесінде сот 7 құрылыс нысанын бұзу туралы шешім шығарды. Қалған 2 нысан соттан қысқартылды. Сот бұзу туралы шешім шығарған 7 құрылыс нысанының бүгінде 4-уі бұзылды. Қалған 3 нысан бойынша сот актілерінің орындалуы сотпен сот орындаушылар қарауына жолданды. Осы ретте басқарма басшысы Берік Дүйсенов «Шымкент — республикалық маңызы бар ірі мегаполис. Қала сәулетті, құрылыс заңды болуы шарт. Осындай келеңсіздік орын алмауын алдын алу үшін әрбір жеке немесе заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы бізге міндетті түрде хабарлама жіберуі тиіс» деп атап өтті.
Ол бұл тұрғыдағы түсіндіру жұмыстары, яғни қала аумағында құрылыс сапасын бақылау және заңсыз құрылыстарды болдырмау мақсатында басқарма тарапынан БАҚ және web-сайтқа бейне роликтер жарияланып, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінен парақшалар ашылып түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілгенін айтты. Берік Дүйсенов осы бағыттағы жүргізілген жұмыстар бойынша айтылған ескертулерге құлақ асқандардың да жетерлік болғанын алға тартты.
Жыл басынан бері басқармаға жеке және заңды тұлғалар тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы 126 хабарламаның келіп түскені соның жарқын мысалы. Келіп түскен 126 хабарламаның 108 жекеменшік нысандар болса, 18-і бюджеттік нысандарға байланысты болған.