Маңызды

Берік ДҮЙСЕНОВ,
Шымкент қалалық мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылау
басқармасының басшысы:

Осы аптада Шымкент қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын түйіндеді. Осыған орай ұйымдастырылған брифингте аталған басқарманың басшысы Берік Дүйсенов төмендегідей мәліметтерді келтірді.
Есепті кезеңде 214 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде олар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзған. Соның негізінде оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес 62,7 миллион теңге айыппұл салынды. Атап айтқанда басқарма тарапынан 148 тұлға (54,3 млн теңге) қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартылса, заң талаптарын бұзған 66 тұлғаға хаттамалар толтырылып, 8,5 млн. тенге айыппұл салу бойынша істер Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.
Бірінші жарты жылдықта басқармаға сарапшылық аттестат алу үшін 122 тұлғадан өтініш түскен. Алайда ұсынылған құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес болмауына байланысты 55 тұлға тестілеуге жіберілмеген. Тестілеуге жіберілген 67 тұлғаның тек 18-і сынақтан сүрінбеген. 32 тұлға талап үдесінен табылмаса, 17 –cі тестілеуге түрлі себептермен келмей қалған.
Өз бетімен құрылыс жүргізгені үшін жеке және заңды тұлғаларға басқарма тарапынан ҚР «Азаматтық кодексінің» 244-бабына сәйкес 9 құрылыс нысанына қатысты шаралар қабылданды және олардың ісін сот органдарында қарау үшін талап-арыздар жолданды. Нәтижесінде сот 7 құрылыс нысанын бұзу туралы шешім шығарды. Қалған 2 нысан соттан қысқартылды. Сот бұзу туралы шешім шығарған 7 құрылыс нысанының бүгінде 4-уі бұзылды. Қалған 3 нысан бойынша сот актілерінің орындалуы сотпен сот орындаушылар қарауына жолданды. Осы ретте басқарма басшысы Берік Дүйсенов «Шымкент — республикалық маңызы бар ірі мегаполис. Қала сәулетті, құрылыс заңды болуы шарт. Осындай келеңсіздік орын алмауын алдын алу үшін әрбір жеке немесе заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы бізге міндетті түрде хабарлама жіберуі тиіс» деп атап өтті.
Ол бұл тұрғыдағы түсіндіру жұмыстары, яғни қала аумағында құрылыс сапасын бақылау және заңсыз құрылыстарды болдырмау мақсатында басқарма тарапынан БАҚ және web-сайтқа бейне роликтер жарияланып, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінен парақшалар ашылып түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілгенін айтты. Берік Дүйсенов осы бағыттағы жүргізілген жұмыстар бойынша айтылған ескертулерге құлақ асқандардың да жетерлік болғанын алға тартты.
Жыл басынан бері басқармаға жеке және заңды тұлғалар тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы 126 хабарламаның келіп түскені соның жарқын мысалы. Келіп түскен 126 хабарламаның 108 жекеменшік нысандар болса, 18-і бюджеттік нысандарға байланысты болған.

Шымкенттегі SANTO компаниясына қарасты «Химфарм» АҚ-да заманауи білім беру орталығы ашылды. Фармацевтикалық өнімдер шығаратын жетекші компаниядағы орталық соңғы жылдары өндіріске цифрлы технологияларды ендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Соның негізінде өндіріске ІТ саласы бойынша білікті мамандар даярлау басты бағыттардың біріне айналып отыр. Осындай мақсатта іске қосылып жатқан орталықтың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Polpharma компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старк қатысып, нысанның лентасын қиды.
Айтулы сәтте сөз алған мегаполис мэрі жуырда өткізілген Үкімет отырысы кезінде еліміздегі жетекші кәсіпорындар қатарында SANTO компаниясының да аты аталғаны үлкен қуаныш екенін айта келе, өндірістің заман легіне сай жұмыс істеп, қала және ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса беруін тіледі.
Дәрі-дәрмек өндіретін зауытта бұл орталықтың ашылуындағы негізгі мақсат –компания мамандарының бәсекеге сай болуын қамтамасыз ету, білім-білігін көтеру болып табылады. Онда тек компания мамандары ғана емес, сондай-ақ, IT технологиялар, автоматтандырылған метрология және технологиялық процестерді басқару саласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері оқытылып, шыңдалатын болады.
Сонымен бірге зауыт аумағында «Болашаққа көзқарас» атауын иеленген жаңа ескерткіш ашылып, жиналған қонақтарға концерттік бағдарламалар ұсынылды.
Салтанатты шараның куәсі болғандар орталықтың Шымкенттегі фармацевтика саласының кең құлаш жаюына серпін беретінін алға тартты.
Бүгінде SANTO компаниясы еліміздегі дәрі дәрмектер мен медициналық препараттар шығаруда жетекші орынға ие кәсіпорын. Мұнда дәрілік заттардың 240-тан астам түрлері шығарылады.
Нарыққа ұсынылған компания өнімдері тек Қазақстандағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймайды. Өндірілген өнімдер
Ресей, Украина, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан елдеріне де экспортталады.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданының әкімі Н. Тұрашбеков елдімекендердегі орташа жөндеуден өткен біршама көшелерді аралап, сапасын тексерді.
Атап айтсақ, аудан орталығындағы 1,1 шақырымды құрайтын Жемісті көшесі, Түлкібас кентіндегі 2,7 шақырымды құрайтын Шевцов көшесі және Майтөбе ауылындағы жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын Рысқұлов пен Момышұлы көшелері. Биылғы жылы аудан бойынша жалпы ұзындығы 62,3 шақырым 41 жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, 15,2 шақырым 5 жолға күрделі жөндеу жұмыстары, 47,1 шақырым 36 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда аталмыш жолдардың 27 шақырымы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жалпы жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларында аяқталып пайдалануға берілмек. Осы жұмыстар атқарылғанан соң аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайы 84,2 пайызға, елдімекен көшелері 85,1 пайызға артпақ.
Сонымен қатар, ауылдардың ішкі көшелерінің бойынан жаяу жүргіншілерге арналаған тротуарлар көптеп салынуда.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

ҚР Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің оқ-дәрілердің фрагменттерін жинау бойынша жұмыстары барысында әскери арсеналға (тыйым салынған аймақ) іргелес аумақта оқ-дәрі жарылып, нәтижесінде өрт шықты.
Өрт ошағы әскери өрт сөндірушілер күшімен сөндірілді. Жапа шеккендер жоқ. Бұл туралы Арыс қаласында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев айтып өтті.
«Алаңдауға негіз жоқ. Территорияны тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздікті сақтау тұрғысында барлық шаралар жасалуда. Әскери өрт сөндірушілердің күшімен өрт ошағы сөндірілді», – деді ол.
Сондай-ақ, Бақыт Жанұзақұлы жергілікті тұрғындарды алаңдамауға шақырды.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қаладағы төтенше жағдайдың тұрақты екенін айтты.
«Арыс қаласында өрт қауіпсіздігі бойынша жағдай қалыпты. Азамат қорғау органдары қызметкерлінен 80 адам, 21 техника жұмыс істеуде. 9 өрт сөндіру автокөлігі мен 45 өрт сөндіруші Қорғаныс министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқаруда», – дейді Н. Жүнісов.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов 17 аумаққа бөлінген арыс қаласында жедел-жәрдем қызметі жүйелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.
Брифинг барысында мамандар көшелерден, үйлерден оқ-дәрі қалдықтары табылған жағдайда қолмен ұстауға болмайтындығы ескертіп, бірден 102 немесе 119 нөмеріне хабарласу қажеттігін айтты.

Шымкентке қарасты барлық аумақтар 2025 жылы коммуналдық қызметпен толықтай қамтылатын болады. Яғни көрсетілген мерзімде мегаполистегі бірде-бір тұрғын ауыз судың тапшылығын, жарықтың жоқтығын, көгілдір отынның тартылмағанын айтып әкімдіктегі емен есікті қақпайтын болады.
Бұл туралы журналистерге қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз мәлімдеді.
Қазіргі таңда Шымкенттегі 8 елді мекен атап айтқанда Тұран, Асар-2, Қайнар бұлақ, Ақтас, Ақтас-2, Оңтүстік және т.б тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре алмай, от жағу мен күл шығару азабынан құтыла алмауда. Мегаполистегі бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін қаржының жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Дегенмен мегаполистегі бұл мәселе 2025 жылы түбегейлі шешілетін болады.
Шаһар тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты басқарманың өкілі күн тәртібіндегі ең басты мәселе ол ауыз су мен жарық проблемасын толықтай шешу екенін алға тартты. Соған сәйкес сала мамандары 2023 жылға дейін қала территориясының барлық аумақтарында сапалы тіршілік көзі мен электр қуатын тұрғындар еш кедергісіз тұтынатынын жеткізді. Бұл мақсаттағы жұмыстарды межелі мерзімінде аяқтау үшін 9,4 млрд теңге қаржы қажет. Өз кезегінде Н. Жаманкөз биыл бастапқы жұмыстар үшін 2 млрд. теңге қаржы сұралатынын хабарлады.

Осы аптада облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының әкімін тағайындады. Облыс активі Арыстағы апаттың зардабын жоюдың мың сан
шаруасымен жүргенде бұлайша кадрлық ауыс-түйіс болады деп кім ойлапты?!

Аптаның сәрсенбісінен бастап Түркістан қаласының тізгіні Рашид Аюповқа тапсырылды. Ол бұған дейін «Шымкент» ӘКК-ның Басқарма Төрағасы болған. Рашид Аюпов күнгейдегі Кентау қаласының тумасы. 1981 жылы дүниеге келген. Өңірдегі үш жоғары оқу орнында білім алып, информатика, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер мамандықтарын меңгерген. Одан соң «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Кентау қаласындағы өндірістік кооперативінде инженер-оператор болып бастаған. Содан соң мемлекеттік қызмет саласында түрлі жетекшілік жұмыстарды атқарған. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясында жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетсек өткен маусым айында Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалғаннан бастап журналистерге берген алғашқы баспасөз конференциясында әкімдерде команда болу керектігін және оның өз командасында талантты әрі іскер жастарды көргісі келетінін айтып қалған еді. Бұл әңгіменің пұшпағы осы кадрлық ауыс-түйістің болатыны әлдеқашан жоспарланғанын аңғартқандай.
Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларды тізгіндеп отырған бірқатар әкімдер, саналықтан, даналыққа қарай аяқ басқаны белгілі. Өмірзақ Естайұлының талантты және іскер жастарды қасынан көргісі келемін дегені және осы қалауын орындауда тиісті тағайындауды жасап үлгергені сол азаматтарға тықыр таянғанын білдіртеді ме?
Келер күн бұл сұрақтың жауабын жұмбақ қалдырмайтыны сөзсіз.

Шымкентте өне бойыңызға тамаша рух беріп, жақсы әсер қалдыратын домбыра ескерткіші орнатылды. Қаладағы «Түркістан» сарайының алдына орнатылған ескерткіш ұлттық аспабымыз домбыраны ұлықтау мақсатында қойылды. Ескерткіштің салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Өз кезегінде Шымкент әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы «Мұндай ескерткіштің ашылуы ұлттық дәстүр, мәдениет және бірегейлік идеяларының төңірегінде халық бірлігін одан әрі нығайту үшін жасалып отыр. Домбыра – қазақтың рухы мен болмысы» деп атап өтті. Сонымен қатар ол домбыраның қос ішегімен үндескен әдемі ән мен тамаша күй тыңдау адам жанына ерекше рух дарытып, алға қарай дамуына серпін беретін күшке ие екенін атап өтті.
Жаһандық дамуға бет алған шақта ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан дәстүрлі өнеріміздің дамуына тың серпін беретін бұл баянды істің куәсіне қала тұрғындары мен қонақтары да қатысты.
Жұрт аяғы суымайтын мәдениет нысанының алдындағы домбыра ескерткішінің авторы – Шымкент қаласының суретшілер одағы болып табылады. Оның ең басты ерекшелігі жанына жақындаған кезде автоматты түрде қазақтың күмбірлеген күйінің орындалатындығында болып тұр. Ерекше ескерткіш шымкенттіктерге қасиетті де киелі домбыра аспабының қоңыр үнімен 30-ға жуық күй тыңдататын болады. Туындының биіктігі тұғырымен 7,5 метр, ені 1,5 метрді құрайды. Шара барысында жергілікті өнерпаздар күй тартып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Естеріңізге сала кетсек былтыр 13-маусымда Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі мемлекеттің басшысы ретінде шілденің бірінші жексенбісін «Домбыра күні» деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Шымкент қаласының əкімі
Ғабидолла Əбдірахымов және Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев Арыс қаласына барды.

Сапар барысында қала әкімі Арыс қаласын қалпына келтіру штабында болып, Шымкентке тиесілі секторда атқарылатын жұмыстармен танысты.
– Шымкент қаласына №10 сектор бөлінген. Жалпы біздің секторда 600-ге жуық үймен қоса әлеуметтік маңызы бар мектеп, балабақша, аурухана сияқты нысандар бар. Олардың сметасы толық жасалып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жұмыстары менің тұрақты бақылауымда, ол алдағы бір айда толық аяқталады, — деді Ғ. Əбдірахымов.
Еске салсақ, Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй бар. Соның 6127 үйі жарылыстан зардап шеккен. 27 үй толықтай қайтадан салынады. Қазіргі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторлардағы жөндеу жұмыстарына республиканың 16 облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске кірісті.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиевтың айтуынша, Арыс қаласындағы Шымкентке тиесілі секторда үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде.
– Штаб туралы айтсам, мұнда қала әкімдігінің 22 маманы жұмыс істейді. Сектор тұрғындары бізге кез келген сауал бойынша жүгіне алады. Өзім күнде штабқа келемін.
Біздің қарауымызға берілген секторда 644 үй бар. Солардың 574-і жөндеуді қажет етеді. 6 ірі компания айқындалды. Компаниялар барлық зақымдалған үйді тексеріп, өлшеп шықты. Солардың 90 қызметкері қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, — деді әкімнің орынбасары.
Б. Мамыталиевтың баяндауынша, онда таяу уақытта құрылысшылар санын 500-ге жеткізу көзделіп отыр. Әр көшеге жауапты мердігердің және оның телефон нөмірі көрсетілген билбордтар ілінген. Тұрғындар қандай да бір сауалмен мердігерге тікелей хабарласа алады.

Сәбит ТАСТАНБЕК.

Бүгінде Арыс қаласындағы төтенше оқиғаның салдарын жою, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысқа созақтықтар да белсене кірісіп кетті. Бекітілген 6 сектор бойынша 254 үйге акті жасалынып, жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінде 22 үйдің жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 253 үй жөндеуді, 1 үй қайта салуды қажет етеді. Сондай-ақ 5 дүкен, 1 мейрамхана, 2 жеке меншік балабақша, 1 жанар – жағар май құю бекеті сынды кәсіпкерлік нысандармен 1 өнер мектебі, төтенше жағдайлар бөлімі, табиғатты қорғау мекемесінің ғимаратына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Созақ ауданы бойынша 6 секторға жауапты, аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет:
– Бүгінде 6 секторға жауапты Қызылорда облысымен Созақ ауданынан 141 адам келіп жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Созақ ауданында 71 адам қызмет көрсетіп жүр. Олардың құрамында «Nur Otan» партиясының қызметкерлері, мекеме, бөлім қызметкерлері, еріктілер бар. Жұмыс жіті ұйымдастырылған. Белгіленген мерзімде жұмысты бітіруді жоспарлап отырмыз, — дейді.

Созақ ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Шымкенттегі «Ұлағат» мөлтек ауданында 1200 орындық жекеменшік мектеп ашылды.
Жеке кәсіпкердің қаражатымен салынған білім ұясында алдағы оқу жылында екі ауысымда 2400 бала дәріс алатын болады. Заманауи талаптарға сай етіп жабдықталған жекеменшік мектепке Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның есімі берілді.
Алдағы уақытта мектепке баратын барлық балалардың төлем ақысы мемлекет есебінен қаржыландырылатын болады. Ғимараттың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Жалпы өңірлерде жекеменшік мектептер салу ҚР Білім және ғылым министрлігінің жүйесі бойынша Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жүзеге асып келеді. Мақсат – мектептердегі орын санының жетімсіздігін мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде ретке келтіру болып табылады.

С. НҰРАЙ.