Маңызды

Созақ аудандағы тұрғындардың негізгі басым бөлігінің тұрмысы мен әл-ауқаты әлеуметтік саламен тығыз байланысты. Осы орайда аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айтбаев Бақытжан Жайлауұлын сұхбатқа тартып, атқарып жатқан ауқымды істері болса халыққа таныстыра кеткенді жөн санадық.
– Бақытжан Жайлауұлы, бөлім қай бағытта, қандай стандарттар бойынша халыққа қызмет түрлерін ұсына алады?
– Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қазіргі таңда үш министрліктің бекіткен стандарттары бойынша жұмыс істейді. Бөлімде бүгінгі таңда 29 қызмет түрі көрсетіледі. 2019 жылға Әлеуметтік сала бойынша бюджеттен барлығы 1621901,0 мың теңге қаржы қаралған. Республикалық бюджеттен 1107766,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 514135,0 мың теңге. Оның ішінде, Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жергілікті бюджет есебінен 302490,0 мың, ал республикалық бюджеттен 949195,0 мың теңге барлығы 1251694,0 мың теңге, қаржы қаралған. «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету аудандық аумақтық орталыққа» жергілікті бюджет есебінен 113055,0 мың, ал республикалық бюджеттен 23335,0 мың теңге барлығы 136390,0 мың теңге қаржы қаралған. «Жұмыспен қамту орталығына» жергілікті бюджеттен 98581,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 135236,0 мың теңге барлығы 233817,0 мың қаржы қаралған.
2018 жылы жыл басынан бастап жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек іске қосылды. Бұл «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2017 жылғы 4 қазандағы №329 бұйрығымен бекітілген. Осы заң аясында аудан бойынша жыл басында ауыл, кент округтері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек 468 отбасы 2477 адамға 123406,1мың теңге қаржы тағайындалып төленсе, 2019 жылдың 6 айы бойынша 1464 отбасы 8434 адамға 1412595,1 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оның ішінде 1247 отбасы 7525 адам 1336863,6 мың теңге шартты атаулы әлеуметтік көмекке тағайындалса, 217 отбасы 909 адамға 75731,5 мың теңге шартсыз атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 1464 отбасы 8434 адамға 451000,0 мың теңге төленді. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 32 пайызға көбейіп отыр.
ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі №319» Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Созақ аудандық мәслихатының 2017 жылғы 30 маусымдағы №90 шешіміне сәйкес 2018 жылы ХҚКО арқылы 193 отбасына 868 адамға 9000,0 мың теңге тұрғын үй көмегі тағайындалып төленсе, 2019 жылы жыл басынан ХҚКО арқылы 196 отбасыға 882 адамға 8973,3 мың теңге тұрғын үй көмегі тағайындалып төленді.

– Мекеменің атауы «жұмыспен қамту» болған соң осы салада атқарылып жатқан игі шаралар туралы айтып өтсеңіз?
– Созақ ауданы бойынша халық саны 01.04.2019 жылы 61679 адамды құрайды Экономикалық белсенді халық 30193 (оның ішінде: 28704 жұмыспен қамтылған халық, 1489 жұмыссыздар) Жұмыспен қамтылған халық – 28704 адам (оның ішінде 20852-і жалдамалы қызметкерлер, 7852-і өздігінше жұмыспен қамтылған халық). Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. 2016 жылдың 9 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында мемлекет Басшысының берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 желтоқсандағы №882 қаулысы негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бағдарламаның атауы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы болып өзгертілді. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген отырысының № 01-7.8 хаттамасын негізге алады.

–Бақытжан Жайлауұлы, аталмыш бағдарламаның мақсаты туралы нақтырақ айтсаңыз?
– Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, 2019 жылы Кешенді жоспарды іске асыру аясында 2486 адамды қамту жоспарланса, нақты 1381 адам қамтылып отыр немесе жылдық жоспар 55,6 пайызға орындалған, тиістісінше жұмыссыздар, өздігінше жұмыспен қамтылғандар жоспарға сәйкес қамтылуда. Бағдарламаның бірінші бағыты «техникалық және кәсіптік білімі бар кадларды даярлау» – қысқа мерзімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінің жолдаған мәліметтеріне сәйкес еңбек нарығында сұранысқа ие 147 оқуға ниетті азаматтар анықталып, жылдық жоспар бекітілген. Оқу басталуына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 50 адам 204,0 млн. теңгеге шағын несиемен қамту жоспарланып, 16 адам 55,7 млн. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 50 адамды оқыту жоспарланып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен 50 адам оқып сертификатпен қамтылды.
Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде 772 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып жылдық жоспар 55,7 пайызға орындалды
Кешенді жоспарды орындау мақсатында қоғамдық жұмысқа 400 адам жоспарланса, 387 адам қамтылып, жоспар 96,8 пайызға орындалды. Әлеуметтік жұмыс орнына 30 жұмыс берушілермен келісім шарт түзіліп, нақты 118 (жылдық жоспар 100 адам) нысаналы топтағы азаматтар жолданды (118 пайыз) (қаралған қаржы 26400,0 теңге). Жастар практикасына 47 жұмыс берушілермен келісім шарт түзіліп, нақты 107 (жылдық жоспар 130 адам) адам жіберілді. (82,3 пайыз, 2019 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 49 мүмкіндігі шектеулі мүгедектер шараға қатыстырылды. Оның ішінде: қоғамдық жұмысқа – 22, тұрақты жұмыс орнына – 17 азамат, әлеуметтік жұмыс орнына – 5 азамат, шағын несиемен – 1 азамат, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқумен – 4 азамат қамтылды.

– Ардагерлермен және қарттармен жұмыс жүргізу әрине, күн тәртібінен түспейді. Дей тұрғанымен елге еткен еңбекті екшеп берсеңіз?
– Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 13.04.2005 жылғы «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және 29.12.2008 жылғы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдары талаптарын орындауда біршама жұмыстар атқарып келеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №279 бұйрығына сәйкес, ардагерлермен жұмыс және жалғызілікті қарттарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі екі түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар «Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру», «Ақталған адамға куәлік беру» 29 тамыз «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне» байланысты 27.09.2017 жылғы «Созақ аудандық мәслихатының 2016 жылғы 19 шілдедегі №29 «әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы № 104 шешіміне сәйкес, азаматтарға берілетін бір жолғы ақшалай өтемақы тамыз айында беру жоспарлануда. «Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға куәлік беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша 2019 жылы №1 куәлік берілді. Ауданда бүгінгі таңда 19 ҰОС мүгедегіне теңестірілгендер, 21 ауған соғысының ардагері, 6 Чернобыль апатына қатысқандар, 10 қаза болған әскери қызметкердің жанұясы, 21 қайтыс болған соғыс мүгедектерінің қайтадан некеге тұрмаған жесірлері, 411 тыл еңбеккерлері және 1938 батыр аналар, 1157 күміс алқа иегерлері бар. 2019 жылға облыстық бюджеттен Ардагерлер үйіне 142 дана жолдама бөлінсе, үстіміздегі жылдың алты айында кезегіне қарай 80 зейнеткер қарттар демалып келді. Ал, «Мейір» ардагерлер үйіне 2019 жылға 144 дана жолдама бөлінсе үстіміздегі жылдың алты айында 90 зейнеткерлер кезегіне қарай демалып келді.Ардагерлермен жұмыс және жалғызілікті қарттарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесіне аудан бойынша 83 жалғызілікті қарттар әлеуметтік қамқорлыққа алынған. Оларға 19 әлеуметтік қызметкерлер бекітілген кесте бойынша қызмет көрсетуде. Үстіміздегі 6 айда бөлімшеге әлеуметтік қамқорлыққа алынған 42 жалғызілікті қарттарға демеушілер арқылы 277,6 мың теңгенің қаржылай заттай азық-түліктер алынып берілді. 15 ақпан — Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне байланысты аудан әкімінің мерекелік қабылдауы ұйымдастырылып аудан көлеміндегі 21 Ауған соғысының ардагерлеріне жергілікті бюджеттен (5 АЕК) 12625 теңгеден барлығы 265,1 мың теңге берілді. 8 наурыз-халықаралық әйелдер күніне байланысты аудан көлеміндегі 1134 батыр аналарға 6,0 мың теңгеден барлығы 6804,0 мың теңге жеке есеп шоттарына аударылып берілді. 9 мамыр Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесіне байланысты аудандық маслихаттың шешіміне сәйкес, аудандық бюджеттен әр ардагерге 100 АЕК көлемінде барлығы 1262,5 мың теңге қаржы берілді, 411 тыл ардагерлеріне, 6 Чернобыль апатына қатысушыларға, 19 ҰОС мүгедегіне теңестірілгендерге, 21 ҰОС мүгедегінің жесірлеріне барлығы 457 адамға 5 АЕК (12625 теңгеден) 5769,6 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, барлығы 7032,1 мың теңге жеке есеп шоттарына аударылып берілді.

– Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің жұмысы туралы тілге тиек етсеңіз?
– Ауданда бүгінгі таңда 2588 мүгедек бар. Оның ішінде: І топ мүгедегі-243; ІІ топ мүгедегі -977; ІІІ топ – 940 мүгедек; Бала жастан мүгедектер – 428 мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі дайындаған жеке оңалту бағдарламалары бойынша бөлім тарапынан «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне олардың орындалуы туралы деректер мен есептіліктер енгізіліп отырады. Яғни, мүгедектерді әлеуметтік оңалту, олардың анықталған қажеттіліктері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі әзірлеген мүгедектің ЖОБ-сы міндетті түрде «Е-Собес» ААЖ-де көрінеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №279 бұйрығымен бекітілген стандарт бойынша мүмкіндігі шектеулі мүгедектер бөлімшесі 8 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Олар «Мүгедектерді протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету», «Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигеналық құралдармен қамтамасыз ету», «Мүгедектерге кресло-арбалар беру», «Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету»; «Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін, «Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу», «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу», «Медициналық – әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу». «Мүгедектерді протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша: басұстағыштар, балдақ, тізе протезі, тутор, қол протезі, ортопедиялық аяқ киім, кеуде протезі, таяқ, емдік белдік, бандаж, ортез, жамбас протезі, аппарат, корсет, жетек арба, реклинатор, балаларға арналған емдік шалбар, аяқ киім аппараты жатады. Бұл заттардың қайта ауыстыру уақыты балаларға 1 жыл, ересектерге 2 жыл. «Мүгедектерді протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша 2018 жылы 119 мүмкіндігі шектеулі азаматтар 220 протездік-ортопедиялық құралдарды қажет ететін болса, 2019 жылдың 6-айында Шымкент қаласындағы «Көгершін протездік-ортопедиялық орталығы» арқылы, 33 мүмкіндігі шектеулі азаматтар 71 протездік-ортопедиялық құралдарды қамтамасыз етілді, келіп түскен өтініш саны 89. Өтініштер ХҚКО арқылы беріледі. «Мүгедектерді міндетті гигеналық құралдармен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша жергілікті бюджеттен 13767,0 мың теңге қаржы бөлінсе, 81110 дана гигеналық құрал, 48 дана несеп қабылдағыш және 108 дана нәжіс қабылдағыш (калоприемник) алынды. 2018 жылы 225 адам, 164,250 дана гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілсе, 2019 жылы жаңадан 23 адам қосылып 247 адам қамтамасыз етілуі қажет. Бүгінгі таңда 106 адам қамтамасыз етілді. «Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша 2019 жылы мүгедектерді емделу сауықтыру орындарына облыстық басқармадан 7058,0 мың теңгеге 68 жолдама берілсе, оның 29 жолдамасына азаматтар демалып келді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 14286,4 мың теңгеге 123 дана жолдама алынып, оған 41 азаматтар демалып келуде. «Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекші маманының қызметтерін ұсыну үшін» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша, жергілікті бюджеттен 40030,0 мың теңге қаржы қаралып, І топтағы жүріп-тұруы қиын 132 мүгедекке жеке оңалту бағдарламасы негізінде 130 жеке көмекші қызмет көрсетіп келеді. 2019 жылға жаңадан ЖОБ-мен 12 мүмкіндігі шектеулі азаматтар қосылып отыр. «Есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша , 2019 жылға жергілікті бюджеттен 1470,0 мың теңге қаржы қаралса, республикалық бюджеттен 1470,0 мың теңге қаржы бөлініп, келісім шарт негізінде есту кемістігі бар 11 мүгедекке 3 ымдау тілі маманы қызмет көрсетеді. Ымдау тілі маманы 1 мүгедекке жылына 60 сағат қызмет көрсетсе, оның 30 сағатының қаржысы жергілікті бюджеттен төленсе, қалған 30 сағатының қаржысы республикалық бюджеттен төленеді. Ымдау тілі маманының 1 сағатына төленетін қаржысы 4455 теңгені құрайды. 2019 жылы жергілікті бюджеттен «Инватакси» қызметін алу үшін 1532,0 мың теңге қаржы бөлінсе, 2 автокөлік «Әлеуметтік такси» қызметіне 6768,0 мың теңге қаржы қаралып, аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуде. Ауданда 19 созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын азаматтар бар. Оның 11 азаматы Шымкент қаласында пәтер жалдап тұратын болса, қалған 8 азаматы аптасына 3 рет «Әлеуметтік такси» қызметі Шымкент қаласындағы «ДИАЛЕЗ» орталығына апарып, ем қабылдап болғаннан соң қайта Шолаққорған ауылына алып келеді. Адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышы (АҚТҚ) инфекциясын емханада емделу кезінде жұқтырған бір азаматқа өтемақы ретінде, 2012 жылдан бастап жергілікті бюджеттен бөлінген қаржылар жеке есеп шотына толығымен ай сайынғы жәрдемақысы ретінде төленіп келеді. 2019 жылы 663,6 мың теңге қаралып, ай сайын 55,3 мың теңгеден аудандық почта торабы арқылы аударылып келеді. Туберкулез ауруын жұқтырған аудандағы 17 азаматқа ай сайы 11340 тенгеден 2016 жылдан бастап жергілікті бюджеттен төленіп келеді. 2019 жылы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 10 МРП төленуде. «Үйде әлеуметтік қызметтерін ұсыну үшін» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша 2019 жылы жергілікті бюджеттен 38255,4 мың теңге қаржы бөлінді. Жеке оңалту бағдарламасы негізінде 143 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға 27 әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсетеді.

– Айтқандай соңғы жылдары азаматтық хал актілерді тіркеу саласы да сіз басқаратын бөлімде жүзеге асып жатқан шығар?
– Дұрыс айтасыз, 2018 жылы Азаматтық хал актілерді тіркеу саласы бойынша 1291 жаңа туылған нәресте тіркелген. Ал қайтыс болған адам саны 266. Азаматтық хал актілерді тіркеу саласы бойынша 2019 жылдың 6 айында 925 азаматтық хал актілері тіркелді. Оның ішінде, туу туралы акт жазба – 554, қайтыс болу туралы тіркелген акт жазба – 137, неке қию туралы акт жазбалар саны – 146, неке бұзу туралы акт жазба саны – 58, әке болуды анықтау акт жазбалар саны – 27. Бала, қыз асырап алу туралы акт жазбалар саны – 3. Электронды түрде 4 адам некеге тұруға өтініш беріп, 4 адамның өтініштері тіркелді. Электронды түрде 292 адам туу туралы куәлік алуға өтініш беріп, 292 адамың өтініштері тіркелді. Мерзімі бұзылып тіркелген қайтыс болу туралы акт жазбалар жоқ. Бөлімде көрсетілетін қызметтер қазіргі таңда дерлік барлығы ХҚКО арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда көрсетілетін қызметтердің барлығын Электронды үкімет түрінде көрсету барынша қолға алынуда. Мекемеде өзін өзі қызмет көрсету бұрыштары бар. Азаматтар осы бұрыштар арқылы қызметтің түрлерін электронды түрде ала алады. Электронды үкіметтің тиімді тұстары өте көп. Біріншіден, уақыт үнемдейді. Екіншіден халық үшін қолайлы. Сол себептен де, «E-Gov» порталының көмегіне жүгінгендер саны жылдан – жылға тек өсіп келеді.Мемлекеттік қызметкерлер мейілінше сандық қолтаңбамен қамтылған. Азаматтар тіпті, ұялы телефон арқылы арқылы қызметтер түрлерін оңай әрі жылдам ала алады. Қажетті құжаттар электронды поштаға келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан
Мақсат Қарғабай.

немесе масыл мен мұқтаждың аражігін білмегендер кімдер?

«Тегін ірімшік тек қақпанда
болады»

Осы аптада еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың келтірген мәлімдемесінің мағынасы осы тәмсілге саяды. Ол алдағы уақыттан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындардың саны мейлінше азая түсетінін ашық айтты. Оның бұл сөзі 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын көп балалы және аз қамтылған отбасылардың құлағына түрпідей тигені анық.
Естеріңізге сала кетсек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен сәуір айынан бастап еліміздегі 806 мың адамның жан басына ай сайын 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған-тын. Бұл барлығы кіріс көзі төмен 160 мың отбасын құрайды. Соған сәйкес әрбір отбасы мемлекет берген мүмкіндіктің арқасында орташа есеппен ай сайын 80-180 мың теңге әлеуметтік көмек алып, көңілдері біршама тоғайып жүрген еді. Алайда оның өзі ұзаққа созылмайтын сыңайлы.
Министр Бердібек Мәшбекұлы қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын, бірақ жұмысқа толық қабілеті бар азаматтарды әлеуметтік келісімшартқа тұру негізі бойынша жұмысқа орналасуы қажеттігін, сол арқылы АӘК алатындардың санын қысқарту тұрғысындағы мәлімдемесін ең алдымен Үкімет басшысы Асқар Маминннің алдына көлденең тартты. Іле арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында журналистерге осы жайында қолға алынатын тірліктің мән- мазмұнын түсіндіріп берді.
Өз кезегінде министр:
– Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қойылар ең басты талап – әлеуметтік келісім-шартқа тұру. Соған сәйкес жұмысқа орналасу. Бүгінде АӘК алып жатқан қазақстандықтардың 393 мыңы жұмысқа жарамды. Соның ішінде 81 мың адам жұмысқа орналасуға міндетті. Қазіргі таңда осы санаттағы адамдардың 48 пайызы ғана жұмыс істеуде. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан да мемлекеттен көмек алатындар әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа міндетті түрде орналасуы қажет. Егер жұмысқа орналаспаса біз көмек беруді тоқтатамыз,-деді. Ол қойылған талап пен жазылған заң осындай екенін ашық айтты.
Мемлекеттің мұндай қадамға баруындағы ең басты мақсаты – масылдыққа жол бермеу болып табылады.
Мұқтаждық пен масылдықтың аражігін айыра білуіміз қажеттігін баса айтқан Бердібек Сапарбаев жұмысқа жарамды, тепсе темір үзетін азаматтардың үйде ауырмаған жамбаспен жантайып жатып алып, мемлекет беретін ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмекке иек артуы болмайтынын, ондайлардың санын қысқартатын жасырмады.
Жиын барысында министр Бердібек Сапарбаев кейбір өңірлерде осы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандардың бар екені туралы ақпаратты да айтып салды. Осы орайда министрдің саусағын бүгіп тұрып айтқан жәйттері табыстың дұрыс есептелмеуі мен азаматтардың жұмысқа орналаспауы сынды жағдайлар болды.
Бердібек Мәшбекұлы мұндай оралымсыздыққа жол бере берсек, азаматтардың өздері мемлекетке масыл болып қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақтарын жалқаулыққа үйретіп алатынын қадап айтты.
Жалпы қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары болып табылады. Бұл өңірде 30977 отбасына АӘК тағайындалған. Ал Алматы облысында 21866, Жамбыл облысында 19793 отбасы, Шымкент қаласында 15460 отбасы мүшелерінің әрбіріне 21 мың теңге әлеуметтік көмек беріліп келеді. Әлеуметтік көмекті алу бойынша көшбасшы бестікті Қызылорда облысы түйіндеп тұр. Бүгінде Сыр өңірінде 12186 отбасы атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп отыр.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.

Ал, Мәулен Әшімбаев оны неге айтпаған?

Маусым айының соңғы күнінде Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылғанына бір тәулік болған Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы
Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне кірісіп кетті.

Ол партия Төрағасының бірінші орынбасары ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын күнгейден бастады. Бейсенбі күні ол Арысқа аттанып, ондағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сол жерде төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты. Тұрғындармен жүздесіп, олардың апаттан кейінгі туындаған проблемаларымен жалғыз қалмайтынын, қолдау мен көмек жасалатынын жеткізді. Орын алған жарылысқа байланысты жедел құрылған штабтың жұмысымен танысып, қаланы қалпына келтіру бағытында партиялық бақылау күшейтілетінін айтты.
Осы сапарынан соң ол Твиттер әлеуметтік желісінен тосын мәлімдеме жариялады. Өз жазбасында ол партияға «Nur Otan»-ның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың үстінен көптеген арыз-шағымдар келіп түсетінін, соған байланысты филиал төрағасының келісімімен бұл мәселені Саяси кеңестің аймақтық Бюросында қарап, Нұрмахан Жолдасовты партия қатарынан шығаруға дейін шара қолдану қажет деп есептейтінін қадап айтқан. Және де елдің сенімін нығайту үшін ендігі кезектен бастап партиялық тәртіпті барынша күшейтіп, ішкі «тазалау» жұмыстарын жүргізуді жазған.
Қызметіне кіріскеніне бірнеше күннің жүзі болған Бауыржан Байбектің осындай мәлімдеме жасағанмен оған дәлел болатын бірді-екілі мысалдардың келтірмеуі көкейге түрлі сауал тудыруда. Егер партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың атына шағымдар шынымен де қарша борап келгені айдан анық болса, бұған дейін партия Төрағасының бірінші орынбасары болған Мәулен Әшімбаев неге оны май шаммен қарап, тиісті шаралар қабылдамаған? Әлде М. Әшімбаевқа келіп түскен шағымдар мен арызда айтылған мәселелер қызықты болмағаны ма?
Қайткен күнде де билік партиясында жетекші орынды тізгіндеп отырған Бауыржан Байбектің бұлайша ашық түрде мәлімдеме жасауы Нұрмахан Миятұлының алдағы қызметтік тағдырында қандай да бір қысылтаң кезеңнің тудыратынын аңғартып тұрғандай.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Кешірім сұрамақ түгілі орнын босатуы тиіс!

«Бізде бәрі де бола береді» деген мақалымды мақамдатып көп айтушы едім… Сол бекер болған сияқты… «Жындының сандырағы келеді» деген рас болды…
Арыстағы төрткүл дүниені дүр сілкіндірген төртінші жарылыстың дауысы басқа-басқа, осы апатқа тікелей жауапты Қорғаныс министрін ұйқыдан оята алмапты..

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Арыстағы апат үшін Қорғаныс министрлігінің кешірім сұрауына негіз жоқ. Бұл қару-жарақтардың жарылуы табиғи құбылыс»-деп соғыпты.. Үш адамның өмірін қиған, жүздеген адам жараланған, ал Арыс қаласының үйлері қирап, адамдары түгел көшірілген алапат апатқа кешірім сұрамаған Қорғаныс министрі кімге керек? Өзге, өзін-өзі сыйлайтын дамыған елдерде мұндай оқиғаның жүзден бірі болғанның өзінде қорғаныс министрі өз еркімен отставкаға кетеді.
О заманда, бұ заман атамзаманнан Арыстың іргесінен аулаққа әкетілмей жатқан қоймалардағы әскери қару-жарақ әскерилердің жауапсыздығынан жарылып кеткен адам айтқызыз алапат апатты «табиғаттың ісі» деп Құдайға аудара салған министрді кім көрген?!. Балаларын арқалап, қырға жалаңаяқ, жалаңбас жаяу қашқан аналар, әке-шешесінен айырылып қап шырылдаған балалар, жауып жатқан оқтан қашамын деп шаршап-шалдыққан шал-кемпірлердің күйзелісі мен үш адамның өлімі сонда қорғаныс министріне шыбын шаққан ғұрлы әсер етпей тұр ғой. Сол бомбадан қашқан халық ар жағы сонау Жетісайға, Шардараға дейін, Ермекбаевтың туған жері Келеске дейін барып паналағанын біле ме екен бұл министр?
Қазақстанның Қорғаныс министрі xалықтан кешірім сұрау үшін енді қандай жарылыс, қанша адам қаза табуы керек?!.
Ермекбаев мырзаның xалықтан кешірім сұраудың орнына xалықтан қашқан мына тірлігіне, мынадай масқара сөзіне қарағанда бұл мырза Халықтан қорғаныс министрі болып істейтін болуы керек…
Кешірім сұрау, орнынан кету былай тұрсын, Арысқа – қалың қазақтың ішіне барып, ашынып отырған xалықты одан сайын күйдіріп Ресей тілінде сөйлеген министр Ермекбаевты жауапқа тарту керек деп жатқандар толып жатыр….
Ана жылы Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болғанда мен бір-ақ сөйлемнен тұратын мақала жаздым. Имекеңнің үлкен суретін бастым да: «ЕНДІ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАП, АЛАҢСЫЗ ОЯНАТЫН БОЛДЫМ!» – дедім.
Енді Қорғаныс министрі Ермекбаевтың ермекке айта салған мына қорқынышты сөзінен кейін де, бір-ақ сөйлеммен сөзімді аяқтаймын:
– ЕНДІ ҚАЛАЙ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАЙМЫЗ?!.

Қазыбек ИСА.

Оразгүл Асанғазықызының
сөзін халық қалай қабылдады?

Кешегі жексенбіде «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласында митинг өткізді. Шеруге 1500-ден астам адам қатысты. Жетекші партия бұл жиынның мақсатын – елдің іргесіне сызат түсіріп жүрген азаматтардың керітартпа әрекеттеріне жол бермеу, халықты жалған айтақтың жетегіне еруіне тосқауыл қою деп түсіндірді.
Осыған орай партияның белді-белсенді өкілдері бір қауым ел алдына шығып өз ойларын ортаға салды. Сөз сөйлегендердің қатарында ел тірлігіне етене араласып жүрген Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл, Оразгүл Асанғазықызы, Бекболат Тілеухан және т.б болды. Олар жиналғандарға ел ішінде бүлінудің қитұрқы әрекеттеріне жол бермей, тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығы жөнінде келелі пікірлерін ашық айтты.
Өз кезегінде халық алдына шыққан экс-депутат Оразгүл Асанғазықызы «Атам қазақ айтады «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі. Мықты болса егесі, майыспайды шегесі» дейді. Олай болса жігіттер еркек болыңдар, намысты болыңдар. Кешегі Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай батырлар сияқты батыр болыңдар. Құдай-ау бір қатынға шамаң келмесе қандай еркексің?! Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Әйелдерді көшеге шығарып қойып, үйде жігіттеріміз отырған бұл не деген сұмдық, бұл не деген масқара?!» деп айтып салды.
Жалпы «Nur Otan» партиясының арандатушылыққа бой алдырмай бейбіт заманды сақтап қалу жолында ұйымдастырған бұл митингісінің мақсаты айқын. Бағдары құптарлық-ақ дүние. Бірақ бұрынғы депутаттың яғни, Оразгүл Асанғазықызының еркектерге қарата бұлайша көсілуі қаншалықты қисынды болды? Әлеуметтік желідегі түрлі жазбаларға көз жүгірту арқылы бүгінгінің батыл әрі батыр әйелі деп айтылып жүретін қоғам белсендісінің бұл пікірін жұрт жылы жауып қоя салмаған сияқты. Оған желі қолданушыларының бірі «әйелдер көшеге шықса жоғын жоқтап, ұрпағының күйін күйттеу үшін шығып жатыр» деуі, енді бірі «әйелдер еріккеннен емес, биліктегі әділетсіздік жандарына батқан соң шықты» дегені, келесі бірі «еркегіміз жоқ. Біз қайтейік. Айтыңызшы ал» деп сұрақты көлденең тартуы жарқын мысал болады.
Жалпы жүздеген пікірлердің басым көпшілігі бұл сөзді реніш-рәуіште қабылдаған. Арасында онсызда титықтап жатқан қоғамда еркектерге қарай осындай сөз айту олардың намысына тию деп ұғынғандар да болды. Бірқатар желі қолданушылары мұны әйел емес, ер азамат айтуы қажеттігін қынжыла жеткізді.
Жалпы Оразгүл апамыз бұған дейін де талай мінберлерде сөйлеген. Сонда оның кестелі тілмен жеткізген ойлары жұрт жүрегіне жол тауып жүретін. Бірақ кешегі митингте ол кісінің осындай сөздерді ортаға салуы «әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» деген мақалды тіл ұшына еріксіз оралтты.
Естеріңізде болса жыл басында Астанадағы жалдамалы үйде орын алған өрт салдарынан бүтіндей бір отбасының барлық бес баласы тіл тартпай о дүниеге аттанып кете барған болатын. Содан кейін өңірлерде көп балалы аналар мүшкіл халі туралы наразылық танытып, жергілікті әкімдікке барып, әлеуметтік жағдайларын көтеру туралы талаптарын ашына әрі ашық түрде айтқан. Содан соң Үкімет әлеуметтік жағдайы төмен 100 мыңнан астам отбасының әрбір мүшесіне 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған еді.
Бұдан бөлек кешегі Арыстағы жарылыс кезінде де Шымкенттегі эвакуациялық орталықтарды уақытша паналаған Арыс қаласының біраз тұрғындары туған жерлеріне қайта оралуға жүрексінетіндерін айтып өзге аудан, қалалардан жер, үй берулерін айтып шеруге шыққан-тын. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сол кезде митинге шыққан арыстықтармен диалогқа келіп, оларға басу айтқан еді. Жойқын жарылыстың куәсі болып, оқ пен оттың ортасынан үйлерін тастап туған жерінен үдере қашқан арыстықтар алғашында осылай ашуға бой алдырғанмен, кейіннен сабаларына түсіп, биліктің дегенін орындап, келесі күні өз шаңырақтарына оралған. Бұл шеруде де әйелдердің де болғаны барлығына аян.
Өз кезегінде Оразгүл Асанғазықызы әлгіндей сөздер айтуы арқылы «тоңып секірген» төмен етектілерді тілдеп, тіпті күйеулерін оларға қарсы айдап салғандай әсер қалдырды.

А. САТЫБАЛДЫ.

Естеріңізге сала кетсек, биыл мемлекет есебінен 53 785 білім гранты бөлінген болатын. Негізгі білім гранттарына ие болғандардың тізімі алдағы шілде айының 21-31 аралығында өтетін республикалық конкурстан соң жарияланады. Жоғарыда атап өткен нысаналы топтағы азаматтар ең алдымен осы республикалық конкурсқа қатысып, бағы мен бабын сынайды.
Республикалық конкурс кезінде оған қол жеткізе алмай қалған жоғарыда атап өткен нысаналы топқа жатқызылатын азаматтар үшін мүмкіндіктер молая түспек.
Еліміздің бас педагогының айтуынша қосымша бөлінген 5 мың грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті жердегі әкімдіктерге беріледі. Өз кезегінде олар өңірде сұранысқа жоғары мамандықтықтардың тізімін түзіп, соның негізінде комиссия құрып, тиісті тәртіппен конкурс жүргізеді. Ағымдағы жылдың тамыз айының 11-15 аралығында өтетін конкурс кезінде комиссия құрамы гранттарды талапкерлердің ҰБТ баллына және грант санына қарай тағайындайды. Содан соң көп ұзамай зор қолдауға ие болғандардың тізімін жергілікті БАҚ-та жариялайды. Көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында тәрбиеленіп жүрген талапкерлер осы конкурсқа қатысу үшін тамыздың 5-10 аралығында жергілікті жердегі әкімдіктерге өтініш береді. Айтпақшы, нысаналы грант иегерлеріне де әдеттегідей 20949 теңге шәкіртақы тағайындалатынын біле жүріңіз.
Білім және ғылым министрі нысаналы топқа жататын талапкерлер қосымша бөлінген 5000 білім грантының біріне қол жеткізу үшін ең алдымен Ұлттық бірыңғай тестінің шекті балын жинауы қажеттігін баса айтты. Осы ретте биыл ұлттық жоғары оқу орындарына тапсыруға қажетті шектік ұпай — 65 балл екенін, «Педогогика ғылымдары», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша 60 балдан төмен жинауға болмайтынын, қалған жоғары оқу орындарына түсу үшін — кем дегенде 50 балл болуы керектігін, ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» саласы бойынша шекті балл 65 балдан кем емес (әр пәннен кем дегенде 5 балдан жинау қажет) болып бекітілгенін айта кетейік.
Жалпы биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-30 маусым аралығында 169 пункттің базасында өтті. Тестіні тапсыруға 117 242 адам өтініш берген. Алайда түрлі себептермен 6800-ден астам адам сынаққа қатыса алмай қалған. ҰБТ тапсырғандардың арасында биылғы, былтырғы түлектер мен колледж бітірушілері болды.
Осы жылы тест тапсырғандардың 1/4-і, яғни, 27 мыңнан астам талапкер шекті балды жинай алмаған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып отыр. Былтыр ҰБТ кезінде межелі балды жинай алмағандардың үлесі 15 пайыз болған-тын.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Қазіргі таңда сандық технологияны өмірге дендеп енгізу қарқынды жүргізілуде. Себебі ол халықтың кассаға тәуелділігін жойып, уақытын айтарлықтай үнемдеуге септігін тигізеді. Адамдардың артық сабылуына біржола тоқтау салатын сандық технология жемқорлық көрінісінің болмауын да қамтамасыз етеді. Осы бағытта елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған-тын. Аталған бағдарламаға сәйкес әрбір өңірде салаларды цифрландыру тетіктері қолға алынып келе жатқаны белгілі.
Ал Шымкентте қызметтерді заман легіне қарай жаңарта түсетін бұл бағдарламаны жүзеге асыруды қалалық цифрландыру басқармасы үйлестіріп келеді. Жуырда аталған басқарманың басшысы Айнұр Юсупова жыл басынан бергі алты айда атқарылған жұмыстарына шолу жасады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шымкенттегі денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларына сандық жүйе енгізілген. Нәтижесінде бұрындары тұрғындар тұтас бір күнін, тіпті кейбір жағдайларда бір аптасын сарп ететін қызмет түрлері санаулы минуттарда-ақ тындырылатын деңгейге қол жеткізілді.
Қазіргі таңда Шымкенттегі медициналық ұйымдардағы жұмыс орындарын компьютерлік техникамен жарақтандыру үлесі – 63 %, интернет жүйесіне қосылған ұйымдардың үлесі – 100 %, жергілікті ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі – 100 %, электрондық түрде есепке алу — есеп беру ақпаратын жүргізуге көшкен денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі – 33%, халықты электрондық денсаулық паспорттарымен қамту деңгейі – 83 % және электрондық рецептілердін үлесі – 55 % құрайтынын айта кетейік.
Үшінші мегаполисте халық ең жиі жүгінетін дәрігерге жазылу, үйге дәрігер шақыру, медициналық ұйымға тіркелу сынды қызметтер автоматтандырылған. Тұрғындарға кезекті скринингтен өту туралы хабарламаларды мобильдік қосымша арқылы жіберу мүмкіндігі іске қосылған. Қаладағы барлық 36 медициналық ұйым «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшірілген. Көрсеткіш көңіл тоғайтарлық.
Цифрландыру жүйесі қолданысқа енгізілгеннен бастап білім саласындағы көптеген бассыздықтарға нүкте қойылды. Бұған дейін «бармақ басты, көз қыстымен» бітетін көп тірліктер жаңашылдықтың нәтижесінде тиянақты жүйелер сапына қосылды. Атап айтқанда, қаладағы 476 мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндерді қабылдау электрондық кезек жүйесіне көшірілген. Барлық 130 мектепте балаларды 1-сыныпқа қабылдау электрондық жүйеге ауыстырылды. Оқушылардың білім көрсеткішін арттыру бойынша сандық білім беру ресурстары, электрондық журнал жүйесі және балабақшалар мен мектептерге педагогикалық кадрларды қабылдаудың электрондық жүйесі енгізілді.
Коммуналдық шаруашылық саласында да қол жеткізілген жетістіктер өте көп. Айталық, Шымкенттегі 2049 көпқабатты тұрғын үйдің 997-нің электронды паспорты жасалды. Қаладағы 5 көпқабатты тұрғын үйге интернет құрылғыларын қолдайтын есептеу қондырғыларын орнату қанатқақты жобасы аяқталды. 1052 абонент бойынша монополия субъектілері «E-SNANYRAK» электронды жүйесі негізінде біріктірілді. Бұл бағыттағы жұмыстары жүйелі жалғасын табатын болады.
Қоғамдық көлік саласы бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Мегаполистегі 1102 қоғамдық көлік GPS қондырғыларымен жарақтандырылған. Және де диспетчерлік бақылау жүйесіне қосылған. Алдағы уақытта «Ақылды автотұрақ» жобасы іске асырылмақ. Оның мақсаты автоматтандырылған ақылы тұрақ ұйымдастыру, тез және ыңғайлы тұрақ орындарын табу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, автокөлікті тұраққа қоюды автоматтандыру және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту. Соған сәйкес Бүгінгі күні 3 бағыттағы 30 автобусқа SMS және QR коды арқылы электрондық төлем жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылды.
Қауіпсіздікті қамтамыз ету бағытында қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалада 21 зияткерлік жол қиылысы жұмыс істейді. Бейнебақылау камераларының саны 479 –ға дейін ұлғайтылды.
«Сергек» жобасы аясында бейнебақылау камералары орнатылды. Өз кезегінде бұл жоба жол-көлік оиғаларының азаюына айтарлықтай ықпал етуде. Жобаның мақсаты – бақылау учаскелерінде жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау, іздестіру іс-шараларының тиімділігін арттыру, апатты жағдайларды төмендету.
Ағымдағы жылдың 6 айында Шымкентте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің 74,5 пайызы электронды түрде көрсетілді.

Жыл басынан бері елімізде 76 адам суға батып көз жұмған. Олардың 40-ы балалар.
Азаматтардың осындай өкінішті жағдаймен өлім құшуын алдын алу бойынша мамандар жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпті алдын алуда. Мұндай мақсаттағы жұмыстар Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзені бойында жүргізілді.
Шараны Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты аудандық жергілікті полиция және төтенше жағдайлар бөлімі мен бірге ұйымдастырды. Өз кезегінде тиісті мамандар жаз маусымындағы ыстықтан бойларын сергіту үшін Қошқар ата өзенінде шомылатын тұрғындарға сақтық шараларын барынша назарға алу қажеттігін ескертті. Түрлі жазатайым жағдайларды алға тарту арқылы тұрғындарға суға шомылу кезінде балаларды қараусыз қалдырмай, тыйым салынған су айдындарында сүңгімеулерін сұранды. Сонымен қатар арнайы жұмылдырылған қызметкерлер суға түсу кезінде алкогольді сусындарды тұтыну да қауіпті күшейтетінін, сондықтан да оған мейлінше жол бермеу қажеттігін айтты.

Осы аптада Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграм желісіндегі өз парақшасы ашылды. Желідегі akimat_shymkent атты ресми аккаунтта үшінші мегаполисте болып жатқан барлық жаңалықтар қамтылады.
Тұрғындар көрсетілген парақшаға жазылу арқылы қалада болып жатқан жаңалықтың бәрінен хабардар болады.
3-шілдедегі дерек бойынша аталған аккаунтқа
8 мыңға жуық желі қолданушы жазылып үлгерген.

Созақ ауданында күннен электр энергиясын өндіретін жобаның алғашқы қазығы қағылды.
Қуаты 50 МВт өндіретін «Күн электр станциясының құрылысы» жобасын «ЮКСЭС 50» ЖШС қолға алып отыр. Күннен қуат алатын электр энергиясы жобасының қазығын қағу рәсімінде Созақ ауданы әкімі Салыхан Полатов, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы АҚ аймақтық директоры Даулетқожа Мамыров, «Risen Energy» компаниясының бас менеджері Чампион Юань қатысып, сөз сөйледі.

«Бүгінде қауіпсіз энергия көздерін дамыту еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін Үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осы орайда Созақ ауданында энергетикалық кешенді дамыту үшін үлкен жобаны іске асырғалы отырмыз. Аталған істің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 100-ге тарта адам тартылады»- деді аудан әкімі.
Жаңа жоба — шын мәнінде атап айтуға тұрарлық айрықша құнды бастама. 60 миллион доллар құрайтын жобаны еліміздің «ЮКСЭС 50» ЖШС жүзге асырады. Жобаға гонконгтық «Risen Energy» компаниясы инвестиция салып отыр.
Мемлекеттік қолдау көрсетіліп, құрылысқа қажетті 125 гектар жер телімі берілді. Станцияға осы заманғы озық үлгідегі құрал-жабдықтары қойылады. Нысан келер жылдың басында пайдалануға беріледі. Жоба толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде тұрақты 30 жұмыс орны ашылады.

Созақ ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі.