Маңызды

Өткен жылдың мамыр айында Шымкентте миллионыншы тұрғын туылған болатын. Бұл көзайым жаңалықтан соң Шымкент облыстан бөлініп, миллион тұрғыны бар мегаполис статусын алды. Сол уақыттан бері қала халқының саны 20 мыңнан астам адамға толыққан. Яғни, ағымдағы жылдың 1-маусымындағы жағдай бойынша қала тұрғындарының саны 1 022 449 адамды құрап, халық саны жағынан Шымкент республикада сегізінші орынға жайғасқан.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев мәлімдеді.
Бұдан бөлек ол, Шымкент елімізде халық тығыз орналасқан өңір екендігімен де ерекшеленетінін айтты. Мәселен, республикада орташа есеппен 1 шаршы шақырымға 7 адамнан келсе, үшінші мегаполисте 1 шаршы шақырымға 852 адам келеді екен.
Қаңтар-мамыр айы бойынша табиғи өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 900 адамды құрап 1,6 %-ға артқан. Аталған аралықта дүниеге келген сәбилер 10919-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,4 %-ға өскен. Жалпы Республика бойынша сәбилердің туылуы мен табиғи өсімі көрсеткіштері жағынан қала төртінші орында тұр.
Департамент басшысы қалада жұмыссыздық деңгейі 5,1 %-ды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалғанын айтты. Мегаполистегі жұмыссыздар саны 21,8 мың адамды құраған. Осы және өзге де сандарды сөйлеткен Ерназар Сейітханұлы:
– Республикадағы өнеркәсіп өнімінің көлеміндегі үлесі бойынша қала 14-шы орынды, немесе 1,9 пайызды, ал өсу қарқыны бойынша 1-ші орынды алып отыр. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 12 195,2 млн. теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артты, оның ішінде мал шаруашылығы тиісінше 11 048,2 млн. теңге болып 1,1%-ға көбейді. Республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлеміндегі үлесі бойынша 14-ші орынды, немесе 1,1%-дық үлесті алып отыр, -деді.
Сондай-ақ ол, есепті кезеңде қалада еңбек ететін қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 11,7 пайызға артып 122 289 теңгені құрағанын алға тартты.

С. НҰРАЙ.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған кезекті жолдауында өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру қажеттігін айта келе, «жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» деген болатын. Осы бағыт негізінде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында алға жылжу байқалып келеді.
Ағымдағы жылдың алты айында жалпы ішкі өнім көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 пайызға, өңірлік өнімнің көлемі 265 млрд. теңгені құрап 25 пайызға, орташа еңбекақы көлемі 12 пайызға көбейген. Бюджеттің бүйірі де тоғая түскен. Қазынадағы қаржы 219 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 79 млрд. теңгеге ұлғайған. Индустрияландыру картасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 14 пайызға артып, 65 687-ні құраған. Қалада жаңадан 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, әлеуметтің әлеуеті артқан.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихаттың кезектен тыс 52-ші сессиясында мәлімдеді. Жиында депутаттар мегаполис басшысына жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдаған болатын.
Өз кезегінде Ғабидолла Рахметоллаұлы мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдеріне жыл басынан бастап бірнеше жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Біраз инвесторлармен келісімдер жасалған. Стратегиялық дамуға бастайтын бағдарламалар дайындалған.
Осы және өзге де жетістіктерді баяндаған қала әкімі алға қойған межелі мақсаттарды жүзеге асыру үшін депутаттар мен қала тұрғындарын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыла жұмыс жүргізуге шақырды. Межелі мақсат – Шымкент қаласын дамыту мен салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру, мегаполис аумағын толықтай газ, су және жарықпен қамтамасыз ету, инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар ашу, сол арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады.
Бұдан бөлек Ғабидолла Рахметоллаұлы үшінші мегаполисте тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жыл басынан бері 129 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін 72 тұрғын үй ел игілігіне берілетінін, нәтижесінде 3625 пәтерде қоныстой болатынын атап өтті.

С. НҰРАЙ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық салаларда басшылар қарапайым халықтың талап-тілектерін ескеріп, барынша ашық форматта жұмыс істеу қажеттігіне мән беріп жүргені белгілі. Осы мақсатта «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңесі тың жобаның жүзеге асуына ұйытқы болды. Соған сәйкес, Шымкенттегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері кең кабинеттерін босатып, ғимараттың бірінші қабатындағы кіреберіс есікке жақын маңдағы әкімшілік бөлмелерге көшуде. Мақсат – онсызда сіркесі су көтермей тұрған емделушілердің бас дәрігермен жолығуын қолжетімді ету, жоғары қабаттарға көтеріліп, аяқтан тозуын болдырмау болып табылады.
Жобаны ұймдастырушылар бұл бастаманың тиімділігі осымен шектелмейтінін алға тартуда. Өз кезегінде олар бас дәрігерлердің жұмыс кабинетінің бірінші қабатта болуы ақ халаттылар арасында сыбайлас жемқорлықтың орын алмауына оң әсерін тигізетінін айтуда. Келешекте бас дәрігерлердің босаған бөлмелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кейіннен олар қажеттілікке байланысты ем-дом жасау кабинеттері немесе мәжіліс залына айналмақ.
Қазіргі таңда Шымкентте 35 медициналық ұйым жұмыс істейді.

М. Әбдірайым.

Осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек алу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге жол бергендерге тойтарыс беріп, шара көру қажеттігін қадап айтты. Президент мемлекет есебінен берілетін мұндай жәрдемге қол жеткізу үшін азаматтардың теріс пиғылды әрекеттері ешкімге жұмбақ болмай қалғанын қынжылыспен жеткізді.
Ол өз сөзінде «өтірік ажырасу, жұмыстан шығу, өз мүлкін басқаға жазу арқылы табысын азайтып көрсету, малын сойып тастау деп кете береді. Жобаны тиімсіз жүзеге асыру халықтың кей бөлігінің масылдық күйге түсуіне әкеп соқты» дей келе, мұндай келеңсіздіктің көрініс табуына Үкіметтің «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын қаперіне алмауы яғни, шала жұмыс салдарынан орын алып жатқанын ашық айтты.
Ел президенті атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға берілуі керектігін шегелеп, олқылықты реттеу үшін Үкіметке қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Қазіргі таңда Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 33 823 отбасыны құрайды. Оларға тиісті төлемдер жасалу үшін бюджеттен 9 млрд. теңге бөлінген. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы АӘК алушылардың арасында 47 мыңнан астам адам еңбекке қабілетті азаматтар болып табылатынын мәлімдеуде. Осы еңбекке қабілетті азаматтардың ішінде 12 794 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жатқызылса, 13 067 адам өз бетінше жұмыспен қамтылғандар санатын құрайды. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандармен әлеуметтік келісім-шарттар түзу процесі қолға алынған. Соған сәйкес, 1157 азаматпен әлеуметтік келісім-шарт жасалған. Мұнымен қатар, 1035 адам қысқа мерзімдік оқуды бітіріп, екі қолға бір күрек тапқан. Қысқа мерзімдік кәсіби оқытуға шілдеде 1000, қыркүйекте 900-ден астам адам жіберілетін болады. Бұл шаралардың барлығы масылдық пен мұқтаждықтың аражігінің анықталуына сеп бермек. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында мемлекет тарапынан Еңбек адамына жасалынған қамқорлықты пайдалана білу маңызды екенін баса айтқаны белгілі.
Мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тек атаулы әлеуметтік көмекке иек артып, күн көрісін жақсарту үшін артық қадам жасамай масылдық психологияға бой алдырмауының барлық мүмкіндіктеріне ден қоюда. Жуырда Шымкентте «Әйел, мүмкіндіктер және бизнес» тақырыбында семинардың өткізілуі соған дәлел. Қалалық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткізілген жиында кәсіпкерлік саласына бет бұрғысы келетін қыз-келіншектер бизнесті дамытуға жауапты мамандардың кеңесіне ден қойды. Бұл басқосуға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев қатысты. Ол атаулы әлеуметтік көмектің отбасылық бизнесті дамытудағы маңыздылығын түсіндірді. Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек халыққа масылдыққа бой алдыру үшін емес, керісінше отбасылық жағдайын түзеп, аяқтан тұрып кету үшін берілген мүмкіндік деп қарастыруды алға тартты. Ғалымжан Талғатұлы қазіргі таңда Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген 42 отбасы кәсіп ашып, ісін ілгерілетіп алғандығын әуелде айтылған сөзінің тұздығы ретінде тілге тиек етті.

М. Әбдірайым

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Шымкент құс»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Халал даму» сертификатын табыс етті.

Әдетте мұндай сапа сертификаты «Мал бауыздау және ет өңдеу», «Халал өнімдерін өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға, сатуға қойылатын жалпы талаптар» атты стандарттарға толық сай жұмыс істейтіндігі арнайы сараптама арқылы дәлелденген мекемелерге беріледі.
Алғашында құс ұстау технологиясымен тағамдық жұмыртқа өндіру ісіне екпін берген «Шымкент құс» серіктестігі мұндай сертификатқа біраз бастамаларды қолға алып, нарықтағы бәсекелестікке мойындала білгендігінің арқасында қол жеткізіп отыр.
Үшінші мегаполисте ірі кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Шымкент құс» серіктестігінде күніне 250 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Он үш жылдан бері талмай, тынбай жұмыс істеп келе жатқан зауыт 250-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Қазіргі таңда фабриканың негізгі бағыты тауық жұмыртқасын және тауық етін өндіру болып табылады. Мұндағы жұмыртқа жинау және сорттау процесстері автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.
Зауыт тұтынушыларды сапалы өніммен қамту үшін өндіріске кез келген жаңашылдықты енгізген. Айталық құстарға берілетін жемнің құрамы зертханада талданып, сүзгіден өткізілуіне жіті мән берілген. Себеб, негізгі алынатын тағамдық жұмыртқа мен құс еттерінің сапасы жемнің құрамындағы микро-макроэлементтер мен минералдарға тікелей байланысты. Ондағы барлық техникалар компьютерлендірілген. Сол арқылы әрбір құс басына берілетін жем мөлшерінің көрсеткіштері бақыланған.
Отандық өндірісте тұтынушылар талғамынан шыға білген «Шымкент құс» зауыты құлашын кеңге жайып, бройлер тауық етін өндіруді де қолға алған. Мұнда 150 мыңға жуық бройлер тауық еті бар. Фабрикадағы барлық тауықтар шариғат талаптарына сай қолмен сойылады. Тәулігіне 7 мың бройлер құс еті дайындалады.
Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін, бұл бағытта өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажеттігін баса айтқан. Бұл талаптың үдесінен шығуда «Шымкент құс» ЖШС дұрыс бағытқа қарай бет алып келе жатқаны айқын.

М. Әбдірайым.

Шымкент аумағы 116 280 гектарды құраса, оның 9,01 пайызы, яғни 10481 гектар жері тұрғын үй аймағы болып саналады. Аталған аймақтың 401 гектары көпқабатты, ал 10080 гектары жеке тұрғын үйлер аумағын құрайды. Алдағы уақытта мегаполистегі жеке тұрғын үйлер аумағының көлемі артпаса, кемімейтін сыңайлы.
Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Жәнібек Ағыбаевтың ақпараттық- коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде келтірген деректері осындай тұжырымға саяды. Аталған басқарма басшысы ағымдағы жылдың алты айында жер учаскесін алу бойынша 790 азаматтың өтініші тіркелгенін, жалпы бүгінге дейін тиісті органда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны 119 018-ді құрап отырғанын жеткізді. Есепті кезеңде жер комиссиясы жер телімдерін беру туралы 2500-ден астам арызды қараған. Олардың 1401-і немесе 54 % қабылданып, қалған 1182 арыз Жер заңнамасының ережелеріне сәйкес кері қайтарылған.
Ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын қорытындылаған басқарма басшысы халыққа жалпы саны 5162-ні құрайтын 4 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілгенін айтты. Олар: жерге орналастыру жобаларын қабылдау, учаскелердің кадастрлық бағаларын қабылдау, учаскелердің нысаналы мақсатын өзгерту мен жер учаскесін алу үшін кезекке қою.
Басқарма басшысы ағымдағы жылдың алты айында мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелерінің жалпы алаңы 58,54 гектарға жеткенін, ал оны сатып алу құны 1 млрд. 484 млн. теңгені құрайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, Елбасының Жолдауында айтылған өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту туралы тапсырмасы негізінде мемлекет меншігі үшін алынатын жерлер көлік инфрақұрылымын дамыту мен көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салу мақсатына пайдаланылатынын айтып өтті.
– Мәселен, Д. Қонаев, Н. Назарбаев даңғылдары, Сыпырған ата, Тәуке хан, Жібек жолы, Әл-Фараби көшелеріндегі жол-құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер пайдаланушылардан барлығы 376,47 млн. теңгеге 66 жер учаскесі сатып алынды. Ал көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы үшін 93 жер учаскесі мемлекет меншігіне өткен. Олардың иелеріне мемлекет есебінен 1 млрд. 107,4 млн. теңге өтемақы берілген.
Осылай деген Жәнібек Ағыбаев жыл басынан бері жер учаскелерін өз бетінше иемденіп алған 18 тұлғаға және жер учаскесін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай жатқан 14 тұлғаға айыппұлдар салынғанын хабарлады.

М. Әбдірайым.

Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілетіні белгілі. МӘМС жүйесінің енгізілуі бұған дейін жолға қойылып келген кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметін тоқтатпайды.
Тек аталған жүйелер бойынша көрсетілетін қызмет түрлері алдын ала бекітілген талаптар негізінде іске асырылады. Яғни, 2020 жылдан бастап тұрғындарға медициналық қызмет көрсету міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі бойынша жүзеге асатын болады. Қазақстан Үкіметі аталған жүйелер бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін заңды түрде бекітіп те қойды. Ал бұл пакеттердің айырмашылығы қандай?
Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта осы жаңашылдықты түсіндіру мақсатында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Найля Кийкбаева арнайы баспасөз брифингін өткізді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Найля Кийкбаева екі пакеттің аражігін былай деп тарқатты.
– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін еліміздің барлық азаматтары пайдалана алады. Оған жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек (айықпас дертке шалдыққан науқастардың ауруын жеңілдету мақсатында көрсетілетін қызмет) түрлері енгізілген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы сырқаттардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық, қажет жағдайда жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмектермен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде оларға дәрі-дәрмектер үлестіріледі.
Ал бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлеріне тұрғындар МӘМС пакеті шеңберінде қол жеткізетін болады. Бұл туралы Н. Кийкбаева:
– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, және де осы пакетке жатпайтын ауру түрлеріне шалдыққан азаматтарға жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және науқас денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін МӘМС жүйесі қамтитын болады, — деді.
Естеріңізге сала кетсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржы операторы болып табылады. Кепілдендірілген тегін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, ал МӘМС пакетіне енетін қызметтер қордың активтері есебінен сатып алынады.
Қазіргі таңда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» Қазақстан бойынша 186,2 млрд. теңге көлемінде жарна аударылды. Жиналған қаржы 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Дәл қазіргі таңда қорға түскен теңгенің барлығы Ұлттық банкте сақталуда.
Естеріңізге сала кетсек, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы негізінде әзірленген болатын.

М. Әбдірайым

Асқар МАМИН, ҚР Премъер-министрі:

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс» деген. Шымкент 2018 жылдың маусым айында дербес қала статусын алып, миллион тұрғыны бар мегаполис атанған болатын. Өз кезегінде бұл қалада құрылыстың қарқын алуына, өзге де салалардың даму көкжиегіне бет алуына жол ашқаны сөзсіз. Осы бағытта жергілікті билік Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын жасады.
Осы аптадағы ҚР Үкіметінің отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мегаполисті мінсіз ететін бұл кешенді жоспар 10 бағытты қамтитын 89 жобадан тұратынын алға тартты. Және ол жобалардың барлығын жүзеге асыру үшін 1 трлн. 284 млрд. теңге қажет болса, соның 836 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапқан қаланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы уақытта Шымкентте төмендегідей жұмыстар атқарылады.
Келешекте Шымкент тұрғындарын жылумен, жарықпен, көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында «АГРС-3» және 6 электр подстанциясының құрылысы қарқын алады.
Қалада көлік инфрақұрлымын дамыту бойынша 11 жоба іске асырылады. Соның негізінде 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстары толық аяқталады. Алматы-Ташкент тас жолында да көлік әлеуетін арттыратын кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы түйіткілдердің түйінін тарқатуға ықпал ететін бұл жұмыстарды Премьер-министр Асқар Мамин ERG компаниясының жеке инвестициялар есебінен аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар 2023 жылға дейін қаланың «Әкімшілік іскерлік орталығы», «Тұран», «Шымкент-сити» шағынаудандары мен Қошқар ата өзені жағалауында барлығы 319 көпқабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. Ондағы пәтерлер саны 20 мыңнан асып жығылады. Бұл аумақтарда қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымдық жүйелер тартылуда. Жалпы үшінші мегаполисте 2023 жылға дейін тұрғын үймен қамту көрсеткіші бір тұрғынға шаққанда 24 шаршы метрден 27 шаршы метрге дейін жетеді.
Қазіргі таңда қаланың демографиялық көрсеткішінде өсу динамикасы байқалады. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың саны жыл сайын 10 мың өренге артып отыр. Салдарынан бүгінде 19 мектепте үш ауысымға өту қаупі бар. Мұндай қолайсыздықты алдын алып және оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылға дейін 23500 орынға лайықталған 15 мектеп салу көзделіп отыр. Таяуда ғана Шымкенттегі «Ұлағат» шағынауданында 1200 орынға шақталған мектеп жеке кәсіпкердің есебінен ел игілігіне берілген болатын. Қала басшысы алдағы уақытта да осындай жекеменшік білім ұяларының саны көбейетінін алға тартуда.
Елбасы 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы қажеттігі туралы тапсырма қойғаны белгілі. Бұл межені жүзеге асыру үшін аталған мәселе өңірлерде күн тәртібінен түспей келеді. Қаланы дамытудың кешенді жоспарында да спорт саласын дамыту тұтастай бір бағыттан тұрады. Яғни, межелі мерзімге дейін Шымкентте спорт саласы бойынша 3 жоба жүзеге асырылады. Соның негізінде миллионды қаланың 30 пайызы спортпен айналысушылардың қатарынан табылмақ. Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадион мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде қайта қалпына келтіріліп, нәтижесінде нысан 4 категориялы УЕФА талаптарына сәйкестендіріледі.
Шымкентте 2100 орынға лайықталған Конгресс орталығының салынуы мен ескі қалашық «Цитадельдің» қалпына келтірілуі мәдениет саласының дамуына тың серпін бередіі. Премьер-министр Асқар Мамин «Цитадель» қалашығын қайта қалпына келтіру мен халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау туристердің қалаға көптеп ағылуына арқау болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол, Шымкенттің географиялық орны яғни, қаланың Түркістан мен Ташкент қалаларына жақын орналасуы, туризм саласының дамуына оң әсер ететінін айтты.
Кешенді жоспарға сәйкес алдағы уақытта денсаулық сақтау саласы бойынша жеке инвестордың есебінен 1000 орынды көпсалалы аурухана салынады. Ал жергілікті бюджет қаражатымен 13 алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы ашылады. Қошқар ата өзенінің бойы адамзатты өзіне бірден баурап алатын әсем де көрікті орынға айналады.
Бұдан бөлек тәртіпсіздікке жол берген тентекерді тез анықтап, оларды тезге келтіретін полициялардың жұмысын жандандыру мақсатында бірыңғай басқару орталығы іске қосылады. Бұл орталық қандай да бір қылмыстардың алдын алуға және жедел шараларды қабылдауды оперативті жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, үшінші мегаполисте жаңадан «Жұлдыз», «Шымкент агро» индустриалды аймақтары ашылады. Оларға 24 млрд. теңге инвестиция тартылып, аталған жерде 3500 бос жұмыс орны ашылады.
Іргелі қаланы ілгері бастыратын бұл жобалардың барлығын жүзеге асырудың негізінде Шымкентте өңірлік өнім көрсеткіші 2018 жылғы 2 триллион теңгеден, 2023 жылы 3,5 триллион теңгеге дейін жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есеге ұлғаяды. 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, әлеуметтің әл-ауқаты артады.
Мегаполис басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кешенді жоспардағы бағыттарды жүзеге асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылым игілігін тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар тудыратынын жеткізді.
Өз кезегінде еліміздің Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы «Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі. Кешенді жоспарды жүзеге асыру қалаға тартылатын инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 триллион теңгеге жеткізуге жағдайлар тудыруға мүмкіндік береді» деп атап өтіп, инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында жаңадан ашылатын «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялық аймақтарының құрылысын қамтамасыз етуді, «Оңтүстік» АЭА-ның құлашын кеңге жаюды тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі дамуының және құрылысының кешенді жоспары Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған жұмыс сапары кезінде жүктелген нақты міндеттері негізінде әзірленгенін айта кетейік.
Айтпақшы Үкімет отырысынан оралған соң Ғабидолла Әбдірахымов қалалық әкімдікте мәжіліс өткізді. Ол қаланы дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру механизмдерін дайындап, бекітуді қадап айтты. Және кешенді жоспарда көрсетілген әрбір бағытқа жауапты адамдардың бекітілетінін, мақсаттар айқын болғанмен, мерзім қысқа екенін, сол үшін ширақ қимылдау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ол, депутаттар да өз сайлаушыларымен жүздесіп, оларды алда атқарылатын жобалармен таныстыру керектігін жеткізді.

М. Әбдірайым.

Тергеу орындарының көздегені Ислам Әбішевтің ауыр денсаулығын
сынау арқылы оны сындыру ма, әлде мүлде тындыру ма?!

4 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ислам Әбішевке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін ұзартуын санкциялау бойынша сот болды. Судья Исаева айыптаушы прокурордың талабы мен Ислам Әбішевтің адвокаты, белгілі заңгер Абзал Құспанды тыңдады. Айыпталушы Ислам Әбішевтің өзі де сөйледі:
– Мені үйқамаққа шығармай, түрмеде ұстаудың негізі жоқ деп білемін. Біріншіден, бұрын тергеу амалдарына ықпал етеді деп сескенсе, қазір тергеу ісі толық бітті, енді ондай қауіп жоқ десек те болады. Екіншіден, мен зейнет жасындамын және денсаулығым күннен күнге қиындап барады. Мен қамауда отырған төрт айға жуық уақыттан бері бірнеше рет арыз жаздым прокуратураға. Ешқандай нәтиже жоқ. Мен түрмеде екі рет инфаркт алып, жедел жәрдем шақыртылды. Біріншісінде ес-түссіз екі сағаттай уақыт жаттым.
Менің денсаулығымды тексеруге екі рет алып барды дәрігерге. Біріншісінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының полковнигі бастап, бес күзетші тар бөлмеде дәрігер қыздың төбесінен төніп тұрып, есін шығарып жіберді. Сонымен қоймай, біз сыртқа шыққасын әлгі полковник дәрігерге қайта кіріп, 15 ммнуттай сөйлесіп шықты. Екінші келгенімізде де дәл солай болды. Мен мұны дәрігерге қысым жасалды деп санаймын.
Мені үйқамаққа шығаруға қарсы тергеушілер тобы оған негіз жоқ деп жалтарады. Дәрігерлер тек менің денсаулығым туралы анықтама береді. «Үйқамаққа шығарылсын»-деген анықтаманы ешқандай дәрігер бере алмайды. Бұлардың бұлай қысым жасап, талап етіп отырғандары мені «Пара алуға оқталды» деп айыптаушылар, мен жасамаған қылмысты «жасадым, мойындаймын»-деп, істемеген істің бәрін мойныма алып, қос қолымды көтеріп шығуымды күтіп отыр. Ол болмайды, мен істемеген істі – жасамаған қылмысты мойныма алмаймын.
Үшіншіден, мен Су ресурстар комитетін басқарып тұрғанда мемлекеттік бағдарламадан триллион теңгедей орасан қаржы үнемдеп, мемлекетке қыруар пайда әкелген басшымын. Яғни, менен пайда болмаса, зиян келмейді мемлекетке. Мені қашып кетеді деп күдіктенулеріңіздің де жөні жоқ. Осында сотқа қатысып отырған туыстарым да, мені жақсы білетіндердің бәрі де маған кепіл бола алады.
Сот xаным, енді бұл үйқамаққа шығару мәселесін өзіңіз салмақтап, саралап, Арыңыз бен Заңымыз алдында шешіп беруіңізді сұраймын!
Бірақ бұл жолы да Ислам Әбішевтің үйқамаққа шығару туралы талабы қанағаттандырылмай, сот тағы бір айға ұзартты. Судья Исаеваның «Ары» мен «Заңы» бесінші рет белден басып, тағы да солай шешті…
Ислам Әбішевтің қорғаушысы Абзал Құспан бұған келіспей, аппелияциялық шағым түсірді.
Біздің «әлемдегі ең әділ, гуманды соттың» тірлігіне қарасаң, тергеу орындарының айтқаны ешқандай заңдық негізге жатпаса да, бұлар үшін «бұйрық» секілді…
«Пара алуға оқталмай-ақ», өзінің кабинетінде бір дорба долларды – миллион долларды санап тұрып алғаны үшін ұсталған, оның видеосы барлық телеарналарда көрсетілген, қылмысы анық дәлелденген Ни сияқтылар үйқамақ түгілі мүлде ақталып, тергеу ісі жабылып, бостандыққа шығып кетеді де, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген есіл ер Ислам Әбішевті қамауда ұстауға ешқандай негіз болмаса да, пайғамбар жасынан асқан, денсаулығы қауіпті адамды бесінші ай тастүрмеде ұстап келеді…
Сонда біздің тергеу орындары мен «әділ» соттың мақсаты не?!. Олар үшін игі істерімен исі қазақтың алғысын алған Ислам Әбішев, ұлттың әйгілі зиялылары бастап, 20 мыңға жуық адам араша сұрап, қолдап, қол қойған азамат аса қауіпті террорист пе? Әлде, олардың көздегені Ислам Әбішевтің ауыр денсаулығын одан әрі сынау арқылы оны сындыру ма, әлде мүлде тындыру ма?!.
Бірақ олар бірнәрсені – Халық қазынасын қорғаған Ислам Әбішевті xалық та қорғайтынын ұмытпасын!

Қазыбек
ИСА.

Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалғаннан бастап, жетекші саяси ұйымда бірқатар ауыс-түйістер орын алды.
Бауыржан Қыдырғалиұлы Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Әлібек Әлденейді «Nur Otan»-ның хатшысы етіп тағайындады. Әлденей бір жарым жыл партия хатшысы болған Тамара Дүйсенованың орнын басты. Жетекші партиядағы тағы бір кадрлық өзгеріс Болат Кальянбековтің құрамына «Астана» телеарнасы, «Айқын», «Литер», Túrkistan, «Қазақстан Теміржолшысы» газеттері, NS және ORDA FM радиолары кіретін «Nur Media» холдингінің директоры болып бекітілуі болды.
Сонымен қатар, Ерлан Каналимов партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары орынтағына отырды. Ол бұған дейін Елорда әкімінің орынбасары қызметін атқарған-тын. Жаңа кадрларды тағайындағаны туралы Бауыржан Байбек өзінің твиттер парақшасында мәлімдеді.
Және ол бұл ауыс-түйістерді партияның халықпен байланыс орнатуда жаңа форматқа көшіп жұмыс істейтіндігімен, бұл ретте Елбасы, партия төрағасы жас білікті мамандандарды жұмылдыруды тапсырғандығымен байланыстырды.
Бауыржан Байбектің кадрлық ауыс-түйіс жасайтыны осы қызметке келген алғашқы күндерден-ақ белгілі болып қалғаны жасырын емес. Естеріңізде болса шілденің алғашқы күндерінен бастап ол партияның Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың жұмысында шикілік көп екенін айтып, енді «тазалау» жұмыстарына бел буып отырғанын хабарлағаны белгілі. Ізінше Нұрмахан Миятұлы қызметін босатты. Оған соңғы кездері көшбасшы партияның Түркістан облыстық филиалына халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың тым көбейіп кеткені және олардың басым бөлігінің әлі күнге дейін шешімін таппағаны негіз болған. Қазіргі таңда Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының уақытша міндетін Халима Жантөрева атқаруда.
Енді көшбасшы партияның Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары орынтағының бос орын болып тұруы қанша уақытқа жалғасатынын болжау қиын. Десе де кейбір сарапшылар бұл орынтаққа қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жүрген Ұласбек Сәдібектовтың жайғасуы әбден мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл саяси жорамал әбден қисынға келетініне ешкім шүбә келтіре қоймас. Себебі, Сәдібеков биыл 9-маусымдағы ҚР кезектен тыс президент сайлауына партия атынан түсіп, жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркістан облыстық қоғамдық штабын басқарған. Мұның өзі жетекші партияда оған есіктің айқара ашылуына зор мүмкіндік беріп тұрғаны анық.
Қазіргі таңда облыс әкімінің кеңесшісі болып жүрген ол жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру бағытында биліктің жергілікті тұрғындармен жүргізіп жатқан қарбалас жұмыстарының бел ортасында жүр. Апат болған аумақты қалпына келтіруге Сәдібековтей маманның тартылуы тегін емес. Өйткені ол қайбір жылдары Сарыағаштың бірқатар елді мекендерін су шайғанда, аудан әкімі ретінде халықты сабырға шақыра алып, табиғаттың тосын мінезінен бүлінген үйлерді, бұзылған көшелерді қалпына келтіруде де едел-жедел әрекет етіп, істің көзін таба білетіндігімен көзге түскен кадр. Бірақ былтыр Сарыағаштағы зорланған бала оқиғасына байланысты сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оған алғашында сөгіс беріп, кейіннен облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатқан еді. Түймебаевтың бұл шарасына баға беруден аулақпыз.
Дегенмен де, тәжірибесі толысқан Ұласбек Сәдібековтей маманның ел тірлігіне жарап тұрғанын қазіргі билік анық көріп, біліп тұрған сыңайлы.

Қ. ҚАЛИЕВ.