Маңызды

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша цифрлық экономика мен заттар интернетін дамыту үшін Шымкентте жыл аяғына дейін 5G байланыс желісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Қазақстанда «бесінші буын» байланыс желісін енгізу мәселелері туралы кеңесте айтылды.
5G байланыс желісімен қамту Шымкент қаласынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да қолға алынатын болады. Кеңесте Асқар Ұзақбайұлы аталған өңірлерді берілетін деректер ағымының жылдамдығы мен өткізгіштік қабілетін арттыратын «бесінші буын» байланыс желісімен қамту жобасы толықтай жүзеге асатын болса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларында жобаларды іске асыру, телемедицинаны дамыту, Smart City компонентерін енгізу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру т.б. тұрғысынан салмақты серпін беретінін баяндады.
Жиында 5G байланыс желісімен адамдар саны 50 мыңнан асатын барлық елді мекендерді қамту көзделіп отырғаны да айтылды. Осы бағытта кең талқылаулар болған кеңесте Үкімет басшысы Асқар Мамин тиісті ведомстваға Қазақстанда 5G байланыс желісін енгізу бойынша шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Жалпы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан, АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония елдерімен қатар жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Қарағандыдағы балалар темір жолы биыл өз жұмысын әдеттегіден ертерек бастады. Өткен демалыстарда онымен мыңға жуық бала сапар шекті.

Қарағанды балалар темір жолының басшысы Виктор Луценко бір ғана сенбі, жексенбі күндерінде 962 билет сатқанын, ал үш жасқа дейінгі балалардың теміржолмен сапар шегуі тегін екенін алға тартқан В. Луценко биыл локомативтің экипаж бөлігіне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, соған қарамастан билет бағасы өзгермей, былтырғыдай 200 теңгеден сатылып жатқанын айтты. Аптаның бейсенбі және жұма күндері сағат 12.00 мен 19.00, ал демалыс күндері 11.00 мен 19.00 аралығында жұмыс істейтін балалар теміржолы Қарағандыда 1956 жылдан бері жұмыс істейді.
«ҚазАқпарат» таратқан бұл жаңалықты оқыған кезде санаңызға Шымкенттегі балалар темір жолы сап етіп еске түсетіні белгілі.
Иә, балаларға қызықты естелік беретін мұндай локомотив Шымкентте де болған еді. Ол 2011 жылға дейін жұмыс істеген. Кейіннен 2015 жылы тоқтап тұрған балалар темір жолы демеушілердің күшімен қайта іске қосылған болатын. Бірақ жергілікті бюджет есебінен тиісті қолдаулар болмаған соң ол қайта тұралап қалған еді. Содан бері бірнеше жыл өтті. Сол уақыттан бері 1979 жылы негізі қаланып, 1980 жылы пайдалануға берілген Шымкенттегі Ғ. Мұратбаев атындағы балалар темір жолының жыларман халге түскені туралы бір емес, бірнеше рет мәселе көтерілген болатын. Оның қайта құру жұмыстарын талап етіп тұрғаны туралы мәселе бірнеше рет айтылғанмен мәселе әлі күнге дейін біржақты шешімін тапқан жоқ. Керісінше қараусыз қалғандығын ұтымды пайдаланған ұрылар өткен жылдың қыркүйегінде оның 800 метрге жуық рельстерін үптеп кеткен.
Сол уақыттарда «Шымкентке балалар темір жолы керек пе? Оның орнына веложол салынған әлдеқайда тиімдірек» деген пікірлер жиі айтылды. Осыған орай бірқатар азаматтар әлеуметтік желі арқылы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа балалар теміржолының қазіргі тағдырына араша түсіп, оны қайта қалпына келтіру туралы түрлі ұсыныстарын білдіріп жатты. Осыған орай қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қазан айының аяғында өткізілген «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті XXXV есеп беру сайлау конференциясында күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек, балалар темір жолына қатысты пікірін де жеткізген еді. Өз сөзінде ол: «Балалар теміржолын әлі де қоғамдық тыңдау өткізіп, көп болып, кеңесіп шешкеніміз жөн деп санаймын. Ол балаларға шын мәнінде қажет пе, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі алаңдатпай ма, міне, осы сауалдар сіздердің тараптарыңыздан лайықты шешімін тауып жатса, онда іске кірісейік. Мүмкін, ол жерге веложол салған дұрыс шығар. Мәселен, Орталық стадионнан Дендросаябаққа дейінгі аумаққа арнайы веложол салынса, салауатты өмірге бет бұратын тұрғындардың қатары артар еді. Әзірге бұл жоспарды да қарастырып жатырмыз. Жалпы, қала тұрғындарына айтарым, кез келген мәселе бойынша сіздермен бірлесіп шешуге дайынбыз. Шымкент – ортақ үйіміз. Барлық толғандырған мәселені ортақ мәмілемен шешейік, ұсыныстарыңызды әрдайым ескереміз» деген болатын.
Бірақ содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де бұл жайында жергілікті билік әлі нақты шешім қабылдаған жоқ сияқты.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына арнайы жұмыс сапарымен барды. Алдымен аймақ басшысы Ақдала ауылдық округіндегі «Қазына жер LTD» ЖШС-не аялдады.

Сүт өндірумен айналысатын серіктестік 2012 жылы құрылған. Мекеменің иелігінде 2858 гектар жері бар. Фермада голштин-фриз тұқымды 1200 бас ірі қара бағылуда. Әр сиыр тәулігіне 26 литрге дейін сүт береді. Мұнда 52 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, облыс әкімі Арыс қаласында орналасқан «Арыс минералды су» ЖШС-не барды. Алкогольсіз сусындар шығаратын серіктестік 2018 жылы құрылған. 1 гектар аумақта орналасқан жобаның инвестициялық құны 250 млн. теңге. Цех жылына 18 млн. литр су шығаруға қауқарлы. Мекеме басшысы алдағы уақытта тәтті сусын түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.
Сапар барысында Өмірзақ Естайұлы «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында атқарылатын жұмыс жоспарымен танысты. Бағдарламада Арыс қаласын көгалдандыру, саябақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қаралған. Сонымен қатар, салынғалы жатқан оқушылар сарайы, жазғы сауықтыру лагері және спорт кешенінің жобасын көрді. Қазіргі таңда Арыс қаласында дене шынықтыру — сауықтыру кешені жұмыс істеп келеді. 2015 жылы пайдалануға берілген кешенде спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шыққан аймақ басшысы «Ауылым – алтын бесігім» жобасын жүйелі түрде іске асыра отырып, қала және елдімекендерде абаттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік нысандар саларда халыққа бірінші кезекте қажеттілік тудырып тұрған жобаларды қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуын қарқындатуға күш салу керектігін жеткізді. Мұндай жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар мен жеңілдіктердің қаралып жатқанын тағы да еске салды.
Одан бөлек, облыс басшысы «KazGreenTekSolar» ЖШС-не тиесілі күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Франциялық «УрбоСолар» компаниясымен бірлескен жобаға жеке және Еуропалық даму банкінен 7 млрд. теңге қаралған. Стансаның жалпы аумағы 30 гектар жерді алып жатыр. Алдағы уақытта күн электр стансасы 14 мВт электр қуатын өндіретін болады. Жоба іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Аймақ басшысы Байырқұм ауылдық округінде құрылып жатқан “International company of Cotton” компаниясының SPK-1 ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде де болды. Мақта өндірумен айналысатын мекеме 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын болады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 5 млрд. теңгені құрайды. Кооперив меншігінде 5 мың гектар егістік жер бар. Бірінші этап бойынша 2 мың гектар жерді жыл соңына дейін игеретін болса, қалған жерді екінші этаппен келесі жылы пайдаланатын болады. Жобаның ерекшелігі — гектарынан 6-8 тонна шитті мақта, 40 пайыз талшықты мақта өндіреді. Бұл технология су шығынын 5 есеге дейін төмендетеді. Кооператив толық іске қосылғанда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Түркістандағы іссапар барысында облыс орталығында бой көтеретін халықаралық әуежайдың іргетасын қаланды. Оған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және БАҚ өкілдері қатысты.
Асқар Мамин халықаралақ әуежайдың іргетасы қалануымен құттықтап, халықаралық маңызы бар нысанның уақытылы пайдалануға беру қажеттігін айтты.
Өз кезегінде компания басшысы Арслан Хусейн Үкімет басшысына терминалдың халықаралық және ішкі рейстерде сағатына 250 адам қабылдауға қауқарлы екендігін жеткізді.
Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың құрылысын түркиялық инвесторлар жүргізеді. Салатын мердігер мекеме туркиялық «ИДА ИНШААТ САНАЙИ ВЕ ТИДЖАРЕТ АНОНИМ ШИРКЕТИ» (YDA INŞAAT SANAYI VE TICARET ANONIM ŞIRKETI). Халықаралық әуежай Түркістан қаласынан 16 км қашықтықта орналасқан. 900 гектар аумақта терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салу жоспарланып отыр. Халықаралық әуежай 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, облыс орталығында тұңғыш рет халықаралық әуежай салынбақ. Әуежайдың құрылысына ең үздік қазақстандық және шетелдік сарапшылар тартылатын болады. Құрылыс индустриясының жаңа жетістіктерін пайдалану жоспарланып отыр.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы нақты бағыттарды жүзеге асыруда халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Осы ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның атқарар рөлі зор. Бұл тұрғыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек төмендегідей мәлімет ұсынады.
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына биыл 3 жыл толды. Осы уақытта халыққа көрсетілетін қаншама қызмет оңтайландырылып, электронды форматқа өтті, бір жүйеге келтірілді. Нәтижесінде адамдар бұрынғыдай бір анықтама үшін кем дегенде бір күнін сарп етіп, аяқтан тозып, артық сабылудан біржола арылды. Құжаттар саны мен қызмет көрсету мерзімі айтарлықтай қысқарды. Қазіргі таңда азаматтардың зейнеткерлікке шығуды бір ғана өтінішпен рәсімдей алуы соның жарқын мысалы. Бұл аз десеңіз проактивті қызмет түрі іске қосылды. Яғни қандай да бір құжаттарды үйден шықпай-ақ қолыңыздағы смартфон арқылы смс-ке жауап беріп, онлайн әдіспен рәсімдеу мүмкіндігі туды. Мысалы, жас босанған әйелдер баланың туу куәлігін рәсімдеуді, сәбидің күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеуді, балаларын балабақша кезегіне қою сияқты қызметтерді үйден шықпай-ақ ұялы телефондағы қосымша көмегімен өтініш беріп, қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстан 2020 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын онлайн түрде қолжетімді етуді көздеп отыр. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы ең басты мақсаттың бірі. Бұл үшін қаламыздағы Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарымыздың цифрлық сауат ашу сабақтарына қатысып, egov.kz электронды үкімет порталы, mgov қосымшасы, телеграмдағы egovkzBot-пен жұмыс істеуді үйрену мүмкіндігі қарастырылғанын айта кетейік.
Цифрлық сауаттылықты арттыруда бұдан бөлек тағы да телеграм мэссенджерінде арнайы ЕgovkzBot қосымшасы құрылды. Аталған қосымша арқылы 24 түрлі қызметті адамдар смартфон арқылы қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл ретте электронды цифрлық қолтаңбасы жоқ азаматтарға бір реттік құпиясөз арқылы қызметтерге қол жеткізу тетіктері қарастырылған.
Өткен жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалында халыққа 4 милионнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал халыққа қызмет көрсету орталығындағы Сonnection point аймағы арқылы азаматтарымыз өз бетінше 3 миллионнан астам қызмет алған. Мұны Шымкент қаласында Цифрлық сауаттылық бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жемісті жүргізіліп келе жатқанының нақты айғағы деп түсінген абзал.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған кезекті жолдауында «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс» деген болатын.
Осы мақсатта Шымкентте алдағы 25-мамыр күні қалалық онкологиялық орталықта сағат 09:00-ден 14:00 аралығында «Тері қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтау» бойынша ашық есік күні өтеді. Бұл күні кез келген қала тұрғыны жолдамасыз әрі тегін дәрігер онкохирургтың тегін қабылдауына кіріп, цитологиялық тексерістен өту мүмкіндігіне ие болады.
Мамандар тері қатерлі ісігі көбіне-көп егде жастағы азаматтарға ауыз салатынын алға тартуда. Дегенмен де аурудың айтып келмейтінін біз жақсы білеміз. Сондықтан да «басты байлық – денсаулығымызды» қорғау үшін алдын алу шараларынан өткен артық болмайтынын ұмытпайық.
Қазіргі таңда Шымкентте тері қатерлі ісігімен 907 адам есепте тұратынын айта кетейік.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Отандық ақпарат құралы Қазақстандағы ең бақытты қалалар рейтингісін жариялады. Рейтингтің үздік үштігіне еліміздегі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақмола облысы кірген. Түркістан облысы төртінші орынға табан тіресе, Маңғыстау облысы бесінші орынға жайғасқан.
Бұл рейтинг әлеуметтік төлемдер, білім беру, медицина, ауыз су, мемлекеттік қызметтер, халықтың денсаулығы, қазақстандықтарды туыстарының қолдауы, іс-қимыл еркіндігі және қайырымдылық жасау мүмкіндігі сынды құндылықтар көрсеткішіне негізделіп жасалған.
Ең бақытты қала деңгейі бойынша Қарағанды облысы ең соңғы орынды иеленіп отыр. Ал Алматы қаласы 14-ші орынға ие болған.

Осыдан бір апта бұрын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин мен «Shymkent “ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Аюпов инвесторлармен кездесіп, оларды қаланың әлеуметтік экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық жоспарларына инвестиция тартуға шақыру мақсатында Елордаға қарай бет алған болатын. Осы мақсатта олар Непалдың бірінші миллиардері Бинод Чаудхаримен кездесу өткізіп, онымен Шымкенттің инвестициялық жобаларын таныстырып, талқы-таразысына салған. Ә-дегеннен-ақ непалдық миллиардер Қазақстанның үшінші мегаполисінде қолға алынатын жобаларға зор қызығушылығын танытып, көп ойланбастан серіктес болуға ниетті екенін жеткізген.
Мұндай ақжолтай жаңалықты алғашқылардың бірі болып қала әкімінің орынбасары Данат Жумин өзінің инстаграм парақшасында мәлім етеді.
Енді непалдық ірі бизнесмен Шымкенттегі «Happyland» отбасылық ойын-сауық кешенінің құрылысына инвестиция құймақ. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтанда өткен ХІІ Астана экономикалық форумында Бинод Чаудхари басшылық ететін непалдық компания, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Shymkent “ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Аюпов пен «Kazakh invest» АҚ арасында ынтымақтастық туралы төрт жақты меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі — 60 млн доллар. Осыншама көлемде инвестиция тартылған «Happyland» жобасы – аквапарк, SPA & Resort қонақ үйі, аттракциондар паркі, жабық ойын-сауық орталығы, табиғат паркі және гольф-клуб секілді алты сегменттен тұратын ең ірі заманауи, отбасылық ойын-сауық кластері болып саналмақ.
Өз кезегінде Непал миллиардері Бинод Чаудхари қонақ үйлер, азық-түлік, электроника дүкені сынды 80-нен астам компаниялардан тұратын үлкен конгломератқа ие екенін айта кетейік..

«Шымкент Сити» қалашығында Сингапурлық «KinderWorld International Group Ltd» компаниясы бірнеше балабақша мен мектеп салатын болады.
Жобаның іске асырылуымен «Kazakh invest» АҚ айналысады. Ал, серіктес ретінде бірлескен «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылыс жұмыстарын қолға алады. Жуырда корпорацияның басқарма төрағасы Рашид Аюпов XII-ші Астана экономикалық форумына қатысып, «KinderWorld International Group Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Рики Тэнмен кездесіп, жаңа жобаны талқылады.
Өз кезегінде Р. Аюпов осы жоба бойынша тиісті жер учаскелері анықталғанын, енді таяуда жобалық сметалық құжаттарды әзірлеу басталатынын, оны толықтай жүзеге асыру мерзімі үш жылды қамтитынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, жобаның жалпы құны 20 млн. доллар болатынын, бұл сома өсуі мүмкін екенін де хабарлады.

Тұрар АХМЕТОВ,
Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы:

Қазақстандағы табиғат туризмді дамытуға өте қолайлы. Мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз де сырттан келетін қонақтардың таң қалдырып, таңдай қақтырарлықтай. Соған қарамастан Қазақстанда шетелдерге шығатын туристердің саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оның басты себептері, тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоқтығымен қатар, ақпараттың жетіспеушілігі де кері әсерін тигізіп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған жолдауында
«Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек» деп баса айтқан болатын.
Осы мақсатта ішкі туризмді одан әрі ынталандыру және ел ішінде өңірлердің туристік потенциалы туралы халықты хабардар ету мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ақпараттық турлар циклін өткізуді қолға алуда. Соның негізінде бірінші ақпараттық тур барысында Батыс Қазақстанның 4 өңірінің туроператорларынан құралған топ ағымдағы жылдың 20-30 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан мен Бурабайға барып, Шымкент және Сарыағаш қаласында, сосын Алматыға, одан кейін Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына баратын болады.
Туроператорлардан құралған топтың Шымкентке аялдайтын уақыты 22-мамырға жоспарланған. Осыған орай Шымкент қаласының туризм басқармасы жергілікті қоғамдастықтармен бірлесе қонақтарға үшінші мегаполистің басты нысандарын көрсетіп, жергілікті компаниялармен b2b кездесулер өткізбек.
Шараның мақсаты – қаламыздың ішкі туризмін дамыту, басқа өңірлермен туристік байланыстар орнату және өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау.
– Халықты еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпараттандырып, оларды өз елімізде саяхаттауға ынталандыру керек. Әлбетте, бұл жұмыстың басында Қазақстан бойынша турларды жасақтап, жарнамалап, сататын отандық туристік компаниялар тұрады,-деді жиында сөз алған Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов.
Сонымен қатар басқарма басшысы Тұрар Ахметов Шымкенттің туристік әлеуетіне тоқталып, мұндағы әртүрлі табиғи объектілер, өзен-көлдердің көптігіне назар аударды. Бұл туралы ол:
– Ұлы Жібек жолының бойындағы ең шұғылалы шаһарда туристік объектілер, парктер мен демалыс орындары баршылық. Бізде қонақ үй бизнесі жақсы дамыған. 106 қонақ үй бар. Туристік қызметтеріміз де әр алуан, — деді.
Былтыр Шымкентке шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен 178 мың туристтің табаны тиген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.