Маңызды

Осы аптаның сейсенбісі күні Созақ аудандық сотында «Отан-отбасынан басталады» тақырыбында аудандағы кәсіби медиаторлар мен сот орындаушыларының, адвокаттардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді аудандық соттың төрағасы Нұрқазы Бектаев жүргізіп отырды. Дөңгелек үстел алдымен тақырыпқа орай дәйекті цифрлар мен нақты дәлелдермен Созақ аудандық сотының судьясы Б. Л. Сағынтаевтың шағын хабарламасымен басталды. Хабарламаға сүйенсек аудандық сотқа
2019 жылдың 6 айында 251 азаматтық істер бойынша тиісті талап арыздар түскен.Талап арыздарға талдау жасасақ, оның 19-ы өткен жылдан қалдық болып өткен. Оның ішінде неке бұзу бойынша 47 арыз түсіп, 7 талап арыз 2018 жылдан қалдық болып өткен, барлығы 54 неке бұзу туралы талап арыз, 41 арызға қанағаттандыру туралы шешім шығарылған, медиация тәртібімен 5 талап арыз аяқталған, 1 арызға қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған. Бала кәмелеттік жасқа толғанша асырап бағуға алимент өндіру туралы 46 арыз түсіп, 46 арызда қанағаттандырылған.
Бұл деректерді келтіріп отырған себебіміз «Отан отбасынан басталады» дегендей жанұяның береке-бірлігі, елдің ертеңі болар-әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамына алаңдаушылықтан туындап отыр. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны білесің» дегендей сәбидің жарық дүниедегі ең жақын адамдары отбасы, ата-анасы, ата-әжесі екені даусыз. Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болады және солай болып қалмақ.
Алайда осыған қарамастан кәзіргі қоғамда ажырасу арыздары жылдан жылға көптеп тіркелуде, айта кетер болсақ біздің ауданымыздың өзінде 2019 жылдың қаңтар айынан осы уақытқа дейін ажырасуға 47 арыз түссе, соның 41-не қанағаттандыру туралы шешім шығарылған, жылдың соңына дейін әлі қанша арыз түседі деген сұрақта туындайтыны жасырын емес. Сонымен қатар, әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін адал некелерді бұзу фактілерін алдын алу мақсатында, осындай фактілер байқалған немесе орын алған жағдайларда тараптардың татуласу мерзімін созу мәселелері де қолға алынып жатқанынан дөңгелек үстел барысында хабардар болдық.
Тиісті мамандардың қатысуымен болған дөңгелек үстелдің басты мақсаты көрнеу жалған, жала некелердің алдын алу болып табылады, осыған байланысты өз тараптардан халыққа түсіндіру жұмыстар жүргізілуі өте маңызды болмақ. Бұл дегеніміз ертеңгі күні жалған неке бұзу фактілері бойынша алаяқтыққа барған азаматтар мен азаматшаларға заңның ащы өтеуі болатынын ескеруі керек. Өйткен «оңай ақша орға жығатынын» әлдекімдер түсінбей жүрген сияқты. Сондай-ақ бұл жерде алимент өндіру, ертеңгі күні әрбір азамат табысы туралы декларация тапсыратын уақыт келген кезде жымқырылған қомақты қаржыны қайтару мәселесі мен оған заң алдында жауап берер сәтте «тас түскен жеріне ауыр» демекші жалған неке, шынында ақиқат ажырасуға ұласып жүрмесін. Сондықтан да оңай олжа үшін опық жеп қалудан сақтандырып отырған бұл дөңгелек үстел әрбір ауылдар мен елді мекендерде кеңінен өткізілсе арам істің алдын алар едік. Ризық сені іздеп табады! Ауызды берген Алла ризықсыз қалдырмайды. Бұйырған кетпейді, жазылған қашпайды. Тағдырда келуі міндетті болған зат бір тиыны, не бір граммы кеміп-қосылмай саған нəсіп етіледі, сені өзі іздеп табады. Ал бұйырмаған үшін еш уайымдап, қапаланудың қажеті жоқ. Ол әу баста саған берілмейді деп жазылған дүние болатын. Біреуге күншілдік көрсетіп, іштарлық танытуың – өзіңді одан төмен екеніңді мойындауың. Жүрегіңді таза ұста, пейіліңді тарылтпа. Алламен бірге болсаң, Алла сені қорғайтынына, ризықтан кенде қылмайтынына күмəнің болмасын. Ажырасудың жақсы қылық емес екенін мына бір мысалдан да анық аңғаруға болады. Бір адам жағдайымды дұрыстап алайын деп қандай да бір ұрлық жасаса, сөйтіп арам жолмен тапқан ақшасына қуанып, бала-шағасын асырап, өзінің көңілін көтеріп бір жасап қалуы ықтимал. Ал енді бұл қанша жерден қуанышты болғанымен әу бастағы ұрлықты жақсы іс дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Міне, сол секілді әркім ажыраса салып үйлене берсе, қанша жерден қуанғанымен, түбінде ажырасу деген жақсы іс емес. Шариғатымызда ажырасу–Алланың рұқсат еткен істерінің ең жек көрініштісі болып саналады. Мәселеге осы тұрғыдан қарауымыз қажет-ақ. Дөңгелек үстелге сонымен қатар, Шолаққорған ауыл әкімдігі жанындағы әлеуметтік көмек жөніндегі комиссия мүшелері, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өз ой пікірлерін ортаға салды.

Мақсат Қарғабай.

Осы жексенбі дәлірегі, 9-маусым Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күні екені белгілі. Бүгінде науқанға дайындық жұмыстары жер-жерлерде қызу жүруде. Өз кезегінде дәл осы күні Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Бұл сайлауға жасы 18-ге толған әрбір азамат кандидатқа дауыс беру арқылы елдің қоғамдық саяси өміріне өзіндік үлес қосатын болады.
Осыған орай қала тұрғындары қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы «Өзіңіздің сайлау учаскеңізді анықтаңыз» деген жолды бір басып, одан соң монитор бетіне шыққан жолға ЖСН нөмірін жазып, батырманы бір басу арқылы біле алады.
Сайлау күні Шымкентте қоғамдық көліктер қала тұрғындарын тегін тасымалдайды. Ал сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.

Шымкент тұрғындары ағымдағы жылдың 1-мамырынан бастап 8-тамызға дейін «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясына қатыса алады. Акцияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті фискалдық деректер операторымен бірлесіп өткізеді.
Республикалық акция кезінде Қазақстанның әр тұрғыны кез келген затты сатып алу немесе ақылы қызметті қолдану арқылы смартфон ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Тек тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төленген сомаға берілетін чектерді «Таңдау» мобильдік қосымшасында тіркесе болды. Акцияға тек деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналардың чектерін (Онлайн БКМ) чектері қатысады.
Акцияны өткізудегі мақсат – азаматтық белсенділікті арттыру, азаматтардың тауар, жұмыс және қызмет тұтынушысы ретіндегі өз мүдделерін қорғау бойынша құқықтық мәдениетін қалыптастыру, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту.
«Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» кең ауқымды республикалық акциясына кез келген тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде Онлайн БКМ чектерін алған Қазақстанның жасы 18-ден жоғары азаматтары қатыса алады. Қатысушы және чек туралы мәліметтерді тіркейтін «Таңдау» тегін мобильді қосымшасы App Store, Google Play market-те қолжетімді.
Акция шарттары бойынша чектің берілген күні мен уақыты ұтыс ойыны басталған күннен ерте болмауы тиіс. Бір қатысушы тіркейтін чектер саны шектелмеген. Акцияның толық шарттарын және қосымшамен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықты www.trebui.kz сайтынан көруге болады. Қатысушылар арасында күн сайын акция кезінде 100 смартфон ойнатылады.

Жыл аяғына дейін Шымкенттегі қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі енгізілмек. Соның негізінде тұрғындар жол ақысын қазіргідей қолма қол емес, электронды карта арқылы төлейтін болады. Бұл үшін автобустарда тиісті төлем жүргізуге мүмкіндік беретін аппараттар орнатылмақ. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімдігі Алматы қаласындағы «Оңай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізуде.
Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің инстаграм парақшасында мәлімдеді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша қолға алынғалы жатқан мұндай жүйенің берер пайдасы қандай? Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы инстаграм парақшасында қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін ендіру қызмет сапасын көтеріп, тасымалдаушы компаниялардың табыстарының ашықтығын қамтамасыз ететінін алға тартады. Сонымен қатар ол, электронды төлем жүйесіне жаппай көшу қоғамдық көліктердің салонында тіркелетін ұрлықтардың алдын алатынын да айтады.

Шымкентте шағын және орта бизнес кең құлаш жайып келеді. Жуырда қаладағы «Тассай» индустриалды аймағында «Asia Trafo» трансформатор зауытының іске қосылуы соның нақты мысалы. Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысын бастаған кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» кәсіпорнының құрамына жататынын айта кетейік. Өз кезегінде Түркістан облысындағы «Кентау трансформатор зауыты» да дәл осы компанияның құрамына жататынын, қазіргі таңда онда өндірілген өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға, Иранға, Әзербайжан мен Ауғанстанға шығарылатынын баса айта кетейік.
Шымкентте іске қосылған «Asia Trafo» трансформатор зауыты кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Зауыт Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Оның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Asia Trafo» зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров, сондай-ақ, шетелдік қонақтар, ҚР даму институтының қызметкерлері, «Атамекен» ҰКП, министрліктер, салалық комитеттер басшылары, бірегей ассоциация, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың, коммуналды кәсіпорындардың және ТМД елдерінің іргелі тұтынушы ұйымдарының өкілдері қатысты. Өз кезегінде шараға қатысушылар мұндай қуатты электроэнергетикалық қондырғыны шығару Қазақстанда бұған дейін қолға алынбағанын алға тартты.
– Зауытқа отандық құрылыс материалдары пайдаланылды. Тек зауыт ішіндегі арнайы қондырғылар Украинадан және т.б. елдерден әкелінді. Кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» құрамына жатады. Бұл жоғары технологиялық зауыттың құрылысы 2017 жылы басталды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ энергетиктер бұл жобаны Қазақстан аумағындағы ең инновациялы зауыт деп атай бастаған болатын. Кәсіпорынның өнімі өзінің бірегей патенттелген технологиясы бойынша өндіріледі, – деді жоба жетекшісі Еркебұлан Ильясов.
Енді «Asia Trafo» зауытының ашылуы Қазақстанмен қоса үшінші мегаполистің дамуына да елеулі үлес қосатын болады. Кәсіпорынның өнімдерін ТМД елдерінің нарығына, яғни, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға шығару жоспарланып отыр.
Айта кету керек, «Alageum Electric» – Қазақстандағы іргелі электротехникалық компаниясы. Оның құрамында электроэнергетика, электромашина құрылысы және құрылыс саласын жүргізетін 30-дан астам кәсіпорны мен зауыттар бар. Олардың қатарында Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор» зауыты және «Электромонтаж» АҚ, «Электр бұйымдарын құрастыру зауыты» бар. Бұл кәсіпорындар 10 арнаулы құрастыру басқармасын біріктіріп, небір күрделі электро қондырғыларын құрастырады.

Шымкент Қазақстанның кәсіпкерлік орталығына айналуға тиіс. Қалада оны орындауға қолжетімді мүмкіндіктің барлығы бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті билік алдына осындай игі мақсат қойған болатын. Атқарушы орган сол бағытқа қол жеткізу үшін талай тың бастамаларды қолға алып, ілкімді істерге аяқ басқан-тын. Бүгінде қала билігі сол бір мақсатты жүзеге асыру үшін жасалған батыл қадамның нәтижесін көруде. Ал қала тұрғындары сондай баянды бастаманың куәсі болуда.
Өткен жылдың күзінде Шымкентте таза былғарыдан жасалған аяқ киім жасап шығаратын «Lux Shoes» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуы соның жарқын мысалы. Еліміздің индустриалды инновациялық даму бағдарламасына сәйкес Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қарқынды жұмыс істеп жатқан бұл өндіріс орнын іске қосу үшін әу баста 403 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл қаржы Түркия елінен италяндық технология бойынша дайындалған жабдықтар мен құралдар сатып алуға және зауыт жұмысшыларының аяқ-киім шығару ісіне оқытуға бағытталған. Жылына 120 мың жұп аяқ киім өндіруді алға қойған фабрикада 90-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ол жерде аяқ киім шығару ісіне қолы епсекті жандар күніне 150 жұп аяқ киім шығарады. Түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігілетін өнімдер қазіргі таңда Шымкенттегі «Самал», «Айна» базарларымен қатар бірқатар дүкендердегі сауда сөрелерінде тұтынушыларға тиімді бағада сатылып келеді. «Lux Shoes» БК» серіктестігінің өнімдері тек Шымкентте ғана мойындалып қана қоймай, аз уақыттың ішінде Тараз, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына да алдын ала берілген тапсырыс негізінде жөнелтілуде.
«Lux Shoes» БК» серіктестігі 50-ге жуық ерлерге арналған аяқ киім түрлерін шығарады. Барлығы да экологияық таза өнім санатына жатқызылады. Нарықтағы бағасы 12-18 мың теңгенің аралығын қамтиды. Фабриканың бас директоры Гайрат Хасанбаев алдағы уақытта әйелдер мен балаларға арналған аяқ киімдерді шығаруды көздеп отырғанын мәлімдеуде. Сонымен қатар ол, қанатын кеңге жаю арқылы өз өнімдерін ТМД және Орта Азия мемлекеттеріне экспорттауды көздеп отырғанын да жасырмады.
Жұмысын бастағанына жарты жылдан астам уақыт өткен серіктестікте шығарылатын аяқ киімдер экологиялық таза өнім ретінде көптеген тұтынушылардың талғамынан шығып келеді. Тіпті зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Ғабидолла Әбдірахымов сәнді топтамалар арасынан өзінің талғамына сай келген аяқ киімді бар болғаны 12 мың теңгеге сатып алғаны соның нақты айғағы. Одан кейін біршама уақыт өткен соң Үкімет басшысы Асқар Мамин үшінші мегаполисте жұмыс сапарымен болған кезінде «Lux Shoes» БК» өндіріс орнының жұмысымен танысып, дәл осы жерден ауа өткізгіш, терлеу әсеріне тұрақты, термоэластпласт табанды аяқ киімнің бір жұбын сатып алғаны да сол сөзімізді қуаттай түседі.
Еліміздің әлеуметтік экономикалық жағынан еңсесін көтеруге бағытталған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын іске асыратын жобаларды жүзеге асыратын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қарқынды жұмыс істеуді көздегені үшін «Lux Shoes» БК» серіктестігіне жергілікті билік тарапынан бірқатар жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған.
Жалпы «Lux Shoes» БК» фабрикасы кәсіпкерлікті қолға алған, қолынан іс келетін азаматтарға батыл қадамға баруға зор стимул берері сөзсіз. Және жеңіл өнеркәсіптің мұндай түрін қолға алуға батыл кірісіп, талғам талабына сай келу қазақстандық кәсіпкерлердің қолынан келетіні анық. Себебі бұрынғы заманда қазақ арасында саптама етік, пима, кебіс, мәсі, бекі, байпақ, шоқай және басқа да әсем өрнектелген аяқ киімдерді тігіп, өзгелерге таңдайын қақтырғаны белгілі. Бірақ Кеңес Одағы кезінде жүргізілген теріс насихат салдарынан ұрпаққа үлгі боларлық сондай істі меңгергендердің ізі лайықты жалғасын таппады. Салдарынан күллі қазақ елінің Қытайдың сапасыз аяқ киімдеріне қарады.
Базарлар мен дүкен дүңгіршектердегі сөрелерде қаптаған сол аяқ киімдердің қатарында өзімізде дайындалған өнімдер сапалы жасалынғанымен, тиімді бағасымен, экологиялық таза өнім ретінде ерекшеленіп тұратын заман туды. Себебі, қазіргі таңда Қазақстандағы ішкі нарықта отандық былғары аяқ киім саласының еншісі бар жоғы 2 пайызды ғана құрайды екен. Ендеше дамыған отыз елдің қатрына қосылуды көздеп отырған елімізде кекесін тудыратын бұл көрсеткішті көтеру уақыт талабы. Бұл межеге жету үшін отандық өнімге деген таңдау бәрінде болуы керек.

Отандық өнімге сұраныс қандай?

Өндірістің өркен жайғаны әрине қуантады. Бірақ кәсіпорын жұмысы жыл он екі ай қарқынды жұмыс істеуі үшін аларманда әрдайым табылып отыруы қажет. «Еге білген диқан емес, сата білген диқан» дегендей, шымкенттік өнімдердің әрдайым пышақ үстінде өтіп кетуін де қарастыруды ұмытпаған абзал. Яғни, экономиканың өзегі болып табылатын өндірісті өрге сүйреу үшін таразы басын тең ұстау қажет.
Осы мақсатта жуырда Шымкентке «Теңізшевройл» компаниясының бір топ өкілдері келіп, жергілікті кәсіпорын басшыларымен жүздесіп қайтты. Имер Боннер бастаған делегаттардың үшінші мегаполиске ат шалдыруының басты мақсаты – аталған компания өз жобаларын жүзеге асыруы кезінде шымкенттік өнімдердің қолданылу үлесін арттыру болып табылады.
Іргелі мекеменің өкілдері жергілікті кәсіпорын басшыларымен кездеспес бұрын Шымкенттегі матор майларын шығаратын «HILL Corporation», цемент өнімін шығаратын «Стандарт цемент» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ, бетон және бетон өнімдерін шығаратын «Нұр-Строй» ЖШС, «Karlskrona Lc Ab» машина құрылыс зауыты, «Asia Trafo» трансформатор зауытын аралады. Одан соң жергілікті өңірлік палатасында кәсіпкерлермен жүздесіп өзара пікір алмасты. Кездесу барысында «Теңізшевройл» басшылығы компанияның мүмкіндіктері туралы төмендегідей деректерді келтірді.
Бүгінде «Теңізшевройл» Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіретін мекеме. Сонымен қатар ол ел бюджетіне ең ірі салық түсімін түсіретін кәсіпорын ретінде ерекшеленеді. Қазақстанда алғаш құрылған 1993 жылдан бастап бүгінге дейін компанияның мемлекет экономикасына қосқан үлес салмағы 135 млрд. АҚШ долларына жеткен. Қазіргі таңда дәл осы серіктестік отандық өнімдерге, жұмыстар мен түрлі қызметтерге ең көп тапсырыс беретін мекеме болып табылады. Өз жұмысын бастаған алғашқы жылдардан бастап күні бүгінге дейін «Теңізшевройл» елімізде 28 млрд. АҚШ долларына қазақстандық өнімдер мен қызметтерге қол жеткізген. 2018 жылы «Теңізшевройл» өз тарихында рекордты 3,5 миллиард АҚШ доллары болатын сомаға қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алған.
Жиында жергілікті кәсіпорындардың аталған компаниямен серіктестік байланыс орнатудың тиімді тетіктері жан жақты қарастырылды.

Егемендік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде Қазақстандағы өндіріс орындары тоқырауға ұшырап, есіктеріне қара құлып салынып, құр сүлдесі қалған еді. Түтіні тұралап қалған зауыт-фабрикалардың заман талаптарына сай жұмыс істеуін жолға қойып, бойларына қан жүгіртуін қолға алу үшін Үкімет индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын түзіп, түрлі баянды бастамалардың қолға алуына ықпал еткен болатын.
Қазіргі таңда айқын мақсат, нық қадаммен қабылданған сол бағдарлама негізінде Шымкентте шағын және орта бизнес кең тыныстап, алға қарай ілгері басып келеді. Мәселен, Шымкентте керамогранит өндіретін «Зерде Керамика» зауыты өз өнім түрлерінің ассортиментін көбейтті. Бұған дейін Қазақстанда аналогы жоқ мекеме керамогранит өнімдерінің 6 түрін шығарып келсе, енді онда аталған өнімнің 30-ға жуық түрі өндірілетін болады.
Осыған орай жуырда кәсіпорын басшылығы жергілікті құрылыс компанияларының жетекшілерінің басын қосып, өз өнімдерімен таныстырды. Бұл шараға қала әкімінің орынбасары Д. Жумин мен Б. Мамыталиев те қатысты. Өз кезегінде олар құрылыс компанияларының басшыларына салынып жатқан нысандарға отандық өнімдерді қолдануға шақырды. Сонымен қатар олар өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сай келетін «Зерде Керамика» зауытының мемлекеттің жалпы сұранысының 40 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бойынша керамогранит өндіретін бірден бір зауытта бүгінде 140 адам отбасылық ырыздығын тауып отыр.
Зауыт жылына 2 млн. шаршы метр керамогранит тақтайшасын шығарады. Зауытта керамогранит тақтайшасының құрылымын араластырудан бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі желі толық автоматтандырылған.

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясында депутаттар ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына кандидат ұсыну мәселесін қарады.
Соған орай «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов депутаттарға «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директор-бас редакторы Айгүл Қапбарованың кандидатурасын ұсынды. Қалалық мәслихаттың барлық мандаттылары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер болып ұсынылған А.Қапбарованың лайықты кандидат екенін атап өтіп, оған алдағы жауапты кезеңге сәттілік тіледі. Сессияда қала әкімі Ғ. Әбдірахымов Айгүл Жарылқасынқызының қаланың дамуына өз үлесін қосып келе жатқанын, тәжірибесі әбден толысқан маман екенін, бұл лауазымның үдесінен шығуға дайындығы жеткілікті екенін, жоғары заң шығарушы органда біліктілігін көрсететініне оған зор сенім артатынын жеткізді.
Айгүл Жарылқасынқызы 22 жылдан бері журналистика саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Алғаш еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпаниясының редактор-тілшісі болудан бастаған. Кейіннен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі болып жемісті жұмыс істеген. Бүгінде «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директор-бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Естеріңізде болса өткен жылдың қазан айында облыстан бөлініп дербес қала атанған Шымкенттен Сенат депутаттығына сайлауға қатысқан алты кандидаттың ішінен Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды басым дауысқа ие болып жеңіске жеткен болатын. Өз кезегінде оларды сенаторлыққа Шымкент қаласының мәслихаты ұсынған-тын. Бірақ жарты жылға жуық уақыт өткен соң Дархан Сатыбалды Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалған. Енді оның орнына Сенат жұмысына қатысуға лайықты деп Шымкент қалалық мәслихаты Айгүл Қапбарованың кандидатурасын ұсынып отыр.
«Уақыт» газетінің ұжымы кез келгенді жалынан ұстата бермейтін журналистика саласында мойындалған ардақты әріптесіміз Айгүл Қапбарованың осы саяси шарада асығы алшысынан түсуіне тілектестік білдіреді.

«Уақыт».

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2025 жылға қарай Қазақстанда іс қағаздарды, мерзімді басылымдарды оқу құралдарды, бəрін де латын әліпбиімен басып шығару мақсатты түрде жүзеге асатын болады. Бұл межелі мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Яғни, қазіргі таңда көптеген қалалық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдар бірқатар беттерін латын қарпінде жазылған материалдармен басуда. Мұндай батыл қадамға түрлі ақпараттық сайттарда өз үлесін қосуда. Нәтижесінде сыртта жүрген 5 миллионға жуық қалың қазақ ата жұртта болып жатқан жаңалықтармен дер кезінде танысып, хабардар болып жатқан жайы бар.
Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарында латын әрпінде ақпарат тарату бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алынғанын білген абзал.
2004 жылдың сәуірінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы (қазіргі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі) қазақ редакциясы мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды елімізде алғашқылардың бірі болып латын əрпімен таратуды жүзеге асыруды бастап кетті. Бұл идея Қытайдағы қалың қазақтың төте араб жазуын, ал Еуропа мен Түркия еліндегі қандастарымыздың жылдар бойы латынша алфабитті пайдалануы, сондықтан да кириллицаны мүлде танымайтындықтан, ата жұртта болып жатқан жаңалықтарға әрдайым сусап жүретіндігі ескеріліп, оның орнын толтыру үшін алыстағы ағайындарға деген жанашырлық мүддемен туындаған-тын. Бұл игілікті іс күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын ескерсек, әу баста қолға алынған бұл шараның баянды қадам болғанын бағамдау қиын емес сияқты.
«Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясы қазақ редакциясының 1997-2011 жылдардағы бас сарашысы Жарылқап Бейсенбайұлы «Еліміздегі алғашқы латынша сайт қалай ашылды?» атты мақаласында осыдан 15 жыл бұрын қолға алынған латын әліпбиінде ақпарат таратуды жүзеге асырудың жай-жапсарына былай деп тоқталып өтеді.
«Шеттегі қандастарымыз үшін Қазақстан хабарларын агенттік сайты арқылы латын əрпінде жеткізіп тұру тиімді болатыны анық. Осы мақсатпен агенттіктің компьютерлік технология мамандарына қазақ тіліндегі жаңалықтарды автоматты түрде тікелей латыншаға ауыстыратын бағдарлама жасауға тапсырыс беріліп, ол сынақтан өтіп, кем-кетік жерлері түзетілгеннен кейін, 2004 жылғы сəуірдің 16-сынан бастап, латынша сайтымыз толыққанды іске қосылып кеткен еді. Енді қай латыншаны таңдадық дегенге келсек, біз бұл ретте жоғарыда тілге тиек етілген, əуелі «Ана тілі», кейіннен «Egemen Qazaqstan» газеттерінде жарияланып, Елбасы назарына ұсынылған академик Ə.Қайдардың жобасын, бір-екі əрпіне ғана өзгеріс енгізе отырып, негізге алғанды жөн көрдік. Сол кезде Түркияда осы əліпбимен Жамбылдың жырлары басылған екен, оқығанға ауырлық тудыра қоймайтыны аңғарылды. Жəне сол нұсқаның жеңілдігін бүгінге дейін «Қаз Ақпарат» сайтында латынша шығып тұратын сайттан да байқау қиынға соқпайды. Агенттіктің бұл латыншасы қазіргі кезде мамандар арасында «Қаз Ақпараттық нұсқа» деген атпен белгілі» дейді. Және автор осы тұста «ҚазАқпараттың бұл латыншасын Елбасы Жарлығымен бекітілген жаңа əліпбимен ауыстыру – қазақ тілін латын графикасына көшірудің емлелік ережелері ғалымдар мен мамандар тарапынан толық жасалып біткеннен кейін ғана жүзеге асыру көзделіп отыр»,-деп түсініктеме беріп өтеді де, сөзін былай деп сабақтайды. «Қаз Ақпараттың» латынша сайты дүниеге келісімен бұл бастама көпшіліктің зор қолдауына ие болды. Ол қазақ тілді сайт оқырмандары санын күрт арттырды. Ақпарат құралдары айтулы жаңалықты: «Қаз Ақпарат» мемлекеттік тілдегі хабарларды интернет желісінде латын жазуымен шығаруды қолға алды», «ҚазАқпарат» хабарларын латын əрпімен тарата бастады», «Қаз Ақпарат» сірескен сеңді бұзды» деген тақырыптармен сүйіншілеп жатты. Басылым беттерінде бұл бастама – «шеттегі 5 миллионға жуық қазаққа жасалған зор құрмет», «мемлекеттік тіл аясын кеңейтуге мол үлес қосатын жоба», «келешек – латын əліпбиінде, интернет жүйесінде қазақ тіліндегі хабарлардың əлемге ортақ əріппен таралуы, сөз жоқ, сырттағы қазақтар үшін үлкен жəрдем», «бұл əлем қазақтары ғана емес, ортақ тіл мен ортақ түсініктегі түрік тілдес бауырларымыз үшін де қажетті бастама, латын əліпбиі олардың қазақшаны үйренуіне де молынан жəрдем берері анық», деп жоғары бағалап жатты».
Осылай деп тұжырым жасаған Жарылқап Бейсенбайұлы өз мақаласының соңында «Қазақ Ақпарат агенттігі жəне оның бастамасына үн қосқан басқа да ақпарат құралдарының мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыру, əлем қазақтарына атажұрт тынысынан жан-жақты хабардар ету мақсатын көздей, əлденеше жылдар бұрын латынша сайттар ашқанын – бүгінгі күндері еліміздің саяси, қоғамдық өміріндегі тарихи оқиғаға айналып отырған «Қазақ тілі əліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасы Жарлығына дейінгі дайындықтың бір парасы ретінде қабылдар едік» деп түйіндейді.

С. НҰРАЙ.