Маңызды

«Қайырымдылықтың үлкен кішісі болмайды». Арыстағы апат жүрегінде жылылық ұялаған әрбір азаматқа ауыр тиді. Жарылыстан қорқып, үйі мен туған жерін тастап, жан ұшыра жан-жаққа қарай бет алған Арыс халқын миллионды қала Шымкент тұрғындары жылы қабақпен қарсы алып, қолдан келер жәрдемін аямады. Солардың ішінде жас та болса құдайдың бойына дарытқан қасиетімен халықтық медицина жолымен біраз жұрттың дертіне шипа дарытып, ем-дом жасап жүрген, халық емшісі атағын алған, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Әйгерім Әбдіқұлованың есімін бөле-жара атап кеткенді жөн көрдік.
Бес жылдан бері халықтық медициналық жолында жүздеген адамға шипа дарытып жүрген Әйгерім 24-маусымда болған Арыстағы апатты зор күйзеліспен қабылдаған. «Жан мен тән» атты орталыққа жетекшілік ететін ол әлеуметтік желідегі оттың ортасында жүрген халықты көріп, көзіне жас алған. Бірақ бұлай эмоцияға беріліп отырғаным жарамас деп бойын жинап, Шымкентке қарай бет алған арыстықтарға көмек көрсетуді азаматтық парызы деп түсініп, іске кірісіп кеткен. Ары қарай өз сөзімен баяндасақ.
– Апат болған күннен бастап қиын жағдайға тап болған адамдарға заттай немесе қаржылай болса да шама-шарқым жеткенше қолдан келер көмегімді көрсетуге бел будым. Сол сәтте ойыма «көп түкірсе – көл» болады емес пе, неге өз орталығыма келетін адамдарға бұл жөнінде айтып, қайырымдылықты бірге жасауға шақырмасқа деген ой келді. Сөйтіп өз емделушілерім үшін ашылған ватсаптағы ортақ чатқа осы тұрғыдағы ойыммен бөлістім. Барлығы қолдады. Сол сәттен бастап олар менің каспи голд карточкама ақша аударуды бастап кетті. Сауап іске атсалысқандар 500 теңгеден бастап 20 мың теңгеге дейін қаржы құйып жатты. Бұл жерде ақшаның көлеміне емес, адамдардың ниетіне дән риза болдым. Сөйтіп жиналған қаржыға Шымкенттегі Автотехникалық колледждегі адамдардың игілігі үшін базардан тіс пастасы, тіс щеткасы, сабын, сусабын және т.б жуынатын және гигиеналық заттар алдық. 50-ге жуық адамдарға аяқ киімдер жеткіздік. Ер адамдарға футболка, біраз әйел азаматтарына үй киімдерін алдық. Сонымен қатар біршама азық-түліктер жеткіздік. Еріктілердің ұсынысымен бірқатар азаматтарға дәрі-дәрмек алып бердік. Осылайша екі күн қатарынан сол колледждегі қызметке жұмылдырылған еріктілермен кеңесіп қолымыздағы бар қаржыға арыстықтардың жоқ-жітігін әпердік. Бейсенбі күні Шымкенттегі «Авто нұр» базарынан бір қазан палау алдыртып, оны шараға салып, қосымша су, айран алып Арыс қаласындағы апаттың зардабын жоюға жұмылдырылған сарбаздарға жөнелттік. «Жалғыздың үні» шықпайды деген ғой. Біраз адамға көрсетілген мұндай жәрдемге атсалысқан барлық емделушілеріме, орталық кеңесіне жүгінетін қыз-келіншектерге шын разылық білдіргім келеді. Мен жай ғана бастама көтердім. Бұл кісілер сол ұсынысымды қолдап, құр отырмай көмектерін беріп жатты.
Осылай деп ағынан жарылған Әйгерімнің бұл игі бастамасына 50-ге жуық адам қолдау білдіріп, қаржы аударыпты. Олардан түскен 150 мың теңгеге жетеқабыл қаржыға жоғарыдағыдай көмектер жасалған.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген. Мазасы кеткен тұрғындарға көрсетілген бұл мейірім олардың есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Үш баланың анасы, асыл жар болып жүрген Әйгерімнің бұл жақсылығын бөле-жара айту арқылы, барша қауымға, соның ішінде жастарға жомарттық, қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде қалтасы қалың миллионер болу керек еместігін, үлкен істің иесі болу осындай түймедей ғана тірліктен бастау алатынын баса айту еді.

Арыста орын алған апаттан кейін әлеуметтік желілерде «Арыста радиациялы оқ-дәрілер атылып жатыр. Енді оның залалы Шымкенттің ауасына да тез тарайды» деген ақпар тарады. Осыған байланысты еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ол жерде ешқандай радиактивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталмағанын, ешқандай радиация қаупі жоқ екенін алға тартты.
Желіде желдей ескен тағы бір сөз ол Арыстағы жарылыстан кейінгі өртті сөндіру үшін «Бөген су қоймасының ашылатындығы, салдарынан тұтас қаланы су басады» деген қауесет болды. Тиісті мамандар оның да шындықтың ауылынан алыс екенін ескертті.
Мұнымен қатар, «Арыстағы оқ-дәрі сақтайтын қоймада қуаты күшті бомба жарылып, оның дүмпуі Шымкентке жетеді» деген ақпарат та елді әжептеуір дүрліктірді.
Өз кезегінде шымкенттіктердің жанын шүберекке түйгізген бұл ақпараттардың жалған екенін құзырлы орган өкілдері ресми түрде мәлімдеді. Ал «бомба жарылады» деген ақпаратты таратып, онсызда есеңгіреп жүрген жұрттың жүйкесіне салмақ түсірген азаматтарды Шымкенттің тәртіп сақшылары ұстады. Қазіргі таңда оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек жәрдемін көрсетіп жатқан халықтың қарасының көптігіне дүйім ел дән риза. Төрткүл дүниеде кеңпейіл қасиетімен ерекшеленетін қазақ жұрты жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға қолдан келер көмегін көрсетіп, арыстықтардың басына түскен ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетті. Шымкенттегі эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайтын орталық «Ақмешіт» мешітінде қайырымдылық жасап, демеушілік көрсеткен азаматтар көптеп кездесті. Олардың бірі қаржылай көмек берсе, енді бірі үйлерінен ыстық тамақ пен дастарханға қояр жылы-жұмсақтар жеткізді. Енді бірі көрпе-төсек, гигиеналық заттар мен киім-кешектер әкелді.
«Көп түкірсе – көл» болатыны сынды жалпақ жұрт жабыла жеткізген азық-түліктер мен күнделікті өмірде қажетті бұйымдар әжептеуір көлемге жетіп, ондағы тұрғындардың барлығына жеткілікті түрде үлестіріліп жатқаны әлеуметтік желілер арқылы анық байқалды.
Бұл тұрғыда бизнестегі аты дардай кәсіпкерлер азық-түлік, көрпе-төсек және тағы басқалай демеушілік көрсетумен қатар, арнайы ашылған қорларға қомақты қаржы аударды. Мысалы «Отау групп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов өз атынан Арыстағы төтенше жағдайға байланысты арнайы ашылған Шымкент қалалық Атамекен Кәсіпкерлер Палатасы жанынан қаржылай көмек көрсету қорына өз атынан 10 млн. теңге аударды. Бұдан соң қорға депутат Шыңғыс Қозбахов 2 миллион теңге аударды.
Бұдан бөлек «Бөрте Милка» компаниясының басшысы Нұралы Әбішев сауап істен құр қалмай, өз атынан 5 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетті.
Бұған қоса миллионды қаладағы көптеген мекеме ұжымдары арнайы құрылған қорларға бір күндік жалақыларын аударды.
Сонымен қатар «BI Group» құрылыс компаниясының басшысы, кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз компаниясы атынан 100 млн теңге бөлді. Өз кезегінде ол бұл қаржының барлығы Арыстағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін жөндеп беру үшін жұмсалатынын жеткізді. Ол осы қаржы жарылыс салдарынан шатыры жұлынған, есік терезелері бұзылған, қабырғалары құлаған, тіпті күлі көкке ұшқан кемі 100 үйді жөндеуге, қайта қалпына келтіруге жаратылатынын, жетпеген жағдайда үстінен қаржы қосып, көмегін аямайтынын айтқан.
Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған, қазіргі таңда кәсіпкерлікке бет бұрған Болатбек Әлиев өз атынан 20 миллион теңге аударумен қатар, зардап шеккен тұрғындарға тонналап жеміс-жидек жөнелткен.
Жуырда ғана «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын алған кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиева 24-маусым күні облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына өз атынан 5 миллион теңге аударды. Бұдан бөлек бұл азаматтар эвакуациялық пункттерге орналастырылған арыстық ағайынға гуманитарлық көмектер көрсетті.
Билік Арыстағы апат бойынша құрылған қорларға түскен бұл қаржылардың барлығы Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындардың мұқтаждықтары үшін жұмсалатынын мәлімдеді.
Арнайы құрылған қорларға қаржы аударып жатқан азаматтар мұнымен шектеліп қалмайды. Олардың қатары әлдеқайда көп екені белгілі. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 27-маусым күнгі жағдай бойынша 600 миллион теңге қаржы түскені сол сөзіміздің нақты дәлелі.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шекті бал жинап, бірақ білім грантын алуға қол жеткізе алмай қалған көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан өрендерге 5 мың грант бөлінеді.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдеріне ҚР Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімінде мәлімдеген болатын. Бұл «Жастар жылына» орай мемлекет тарапынан жасалған зор мүмкіндік.
Жалпы биыл еліміздегі мектеп бітіруші түлектер үшін 53 мыңнан астам білім гранты бөлініп отыр. Оның басым көпшілігі техникалық мамандықтарға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында ұлттық бірыңғай тестілеу жүруде. Ағымдағы жылдың 20-маусымынан басталған науқан 30- маусымға дейін жалғасатын болады. Оқушының он бір жылдық білімі сыналатын тестілеуден кейін кімдердің білім гранттарына ие болғандығы 1-тамызға дейін белгілі болмақ. Содан соң білім гранттарына ілінбеген, бірақ шекті бал алған жоғары санаттағы түлектер арнайы қарастырылып отырған жеңілдікпен оқу туралы 1-тамыздан кейін өтініш бере алады.
Ағымдағы жылы елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Ал Шымкентте үлкен өмірге қанат қаққан 8063 өреннің 5463-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қалада ұлттық бірыңғай тестілеу бес жоғары оқу орнының базасында өткізілген.

Аптаның алғашқы күні тұтас ел үшін ауыр болды. 24-маусым күнгі Арыстағы әскери бөлімде оқ-дәрі сақтайтын қоймадағы тоқтаусыз жарылыс елдің есін алды. Тоқтаусыз
жарылыстан дүрліккен арыстықтар қаладан үдере көшкен. Осыған байланысты сол күні-ақ облыста төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік арыстықтарды жарылыс болған жерден алып шығып, оларды жақын маңдағы қала мен аудандарға жайғастыру мәселесіне кірісіп кетті. Сол күні жарылыстан зардап шеккен арыстық ағайындардың басым көпшілігі Шымкентке жайғастырылды. Ресми мәліметтерде Арыстағы халықтың жартысынан көбі, яғни, 26 мыңнан астам адам Шымкентке келгені айтылады.

Жалпақ жұрттың есін алған сол күнгі жағдайдан зардап шеккендерге көрсетілетін көмек пен апатты алдын алу бойынша Шымкент қаласы тарапынан төмендегідей жұмыстар атқарылды.
Ең әуелі Арыстағы төтенше жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметі мен халықты эвакуациялау үшін автобустар нөпірі Шымкенттен шығып Арысқа қарай бет алған. Апат орын алған алғашқы күні Шымкентте 15 уақытша эвакуациялық пункт ашылды. Арнайы жіберілген автобустармен келген арыстықтар сол пункттерге жеткізілді. Бірақ қалаға қарай жеткізілген тұрғындардың күн сайын арта түсуінен эвакуациялық пункттер саны 49-ға дейін жеткен. Пунктте жалпы саны 26 691 арыстық азамат тіркелген. Бекеттерге орналастырылған азаматтар ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Зардап шеккендердің ең көп шоғырланған жері Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті болды.
Мұнымен қатар Арыс тұрғындарына көмек көрсететін арнайы штаб құрылды. Штаб жұмысына Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті, полиция департаменті, Шымкент қаласының әкімдігі және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, апат орын алған күннен бастап Шымкентте қалалық төтенше жағдай департаментінің шұғыл желісі жұмыс істеді. «Шұғыл желінің» іске қосылғандығы жөнінде тұрғындардың барлығына дерлік хабарлама жолданды. Сол арқылы азаматтар қауіпсіз жерге көшірілген барлық азаматтар туралы мәліметтермен бөлісті. Дәл осы қауырт желі арқылы балаларынан көз жазып қалған ата-аналар қара домалақтарын тауып, қауышып жатты. Сонымен қатар, көшіру кезінде түрлі себептермен ата-аналарының жанында болмаған балалар туралы мәліметтер қауырт желі арқылы хабарланды. Мұнымен қоса, қала әкімдігінің ресми сайтында «Арыс-Шымкент» арнайы бөлімі ашылып, ол сағат сайын қауіпсіз жерге көшірілген адамдар туралы мәліметтермен толықты. «Қауыр желіден» бөлек Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінде ватсап желісі іске қосылды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде ата-анасынан адасқан, бірақ, аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілген балалардың аты-жөндерінің тізімі көрсетіліп, жан-жаққа үздіксіз таратылды. Әлеуметтік желіде бірнеше арнайы парақша ашылып, табылған, ата-анасы әлі келмеген балалар туралы ақпараттар сәт сайын жаңартылып тұрды.
Шымкенттегі эвакуацияланған пункттерге орналастырылған халыққа көмек беріп, жәрдем көрсетуде кәсіпкерлер мен жергілікті халық белсенділік танытты. Тіпті көпшіліктің сұранысымен Арыста болған төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету есеп-шоты ашылды. Жергілікті билік есеп шотқа түскен қаржының есебі берілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арыстық тұрғындар жайғастырылған эвакуациялық пункттерге барып, ондағы халықтың хал-ахуалын көріп, жағдайларын сұрап, орын алған оқыс оқиғадан көңілдері шөгіп отырғандарға басу айтуды да назардан шығармады.
Эвакуациялық пункттерге жайғастырылған арыстықтарды ыстық тамақпен, қажетті азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде жергілікті халық пен кәсіпкерлер зор белсенділік танытқанын да айта кетейік. Бұдан бөлек жарылыс болған Арыс жерінен көшірілген халықты уақытша паналату үшін Шымкенттегі мектеп, колледж және университетпен қатар, жергілікті бизнесмендер меншік иелігіндегі ғимараттары мен жекеменшік білім нысандарының есігін айқара ашқанын да білген абзал.
Зардап шеккен тұрғындардың мұқтаждығы үшін Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында уақытша қойма ашылды. Ол жерге демеушілер есебінен алынған азық-түлік өнімдері мен көрпе төсектер және зардап шеккен тұрғындардың мұқтаждықтары үшін қолданылатын заттар жеткізілді.
Тоғыз жолдың торабы атанған Арыстағы апаттан соң шойын жолдағы «Шымкент-Арыс-Түркістан» бағыты жабылды. Осыған байланысты 13 жолаушы пойызы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының нұсқауымен ұсынылған кесте бойынша айналма жолдармен қатынауға көшті. Соған орай жүргек пойыздардың «Шымкент–Түркістан», «Түркістан–Шымкент» арасында жүруі уақытша тоқтатылды. Осы өзгеріске байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастырумен Шымкентке жүрдек пойызбен жеткен 3100-ден астам жолаушылар Түркістанға, ал Түркістандағы теміржол вокзалындағы 2000-нан астам жолаушылар арнайы қамтылған автобустармен Шымкентке жеткізілді.
Аптаның сәрсенбісінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Арыстағы жағдайға байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Ең алдымен ол төтенше жағдай салдарынан қаза болғандардың туыстары мен отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Және де жоғарыда атап өткен көмектер бойынша төмендегідей статистикалық деректерді тілге тиек етті. Ол:
– Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарды Шымкент қаласына жеткізу мақсатында барлығы 56 автобус жұмылдырылған. Қазіргі таңда 49 көмек көрсету пункті үзіліссіз жұмыс жасап жатыр. Бүгінде Арыстан жеткізілген 26 000-нан астам адам Шымкентке қоныстандырылған. Оның 7 мыңнан астамы эвакуация орталықтарында. Ал, 19 бала толықтай табылып, ата-аналарына тапсырылған. Қалалық ауруханада 47 азамат жатыр. Түркістан облыстық ауруханаларында 70 азамат ем алуда, — деді.
Сол күні түс ауа Арыстағы апат бойынша жағымды ақпарат таратылды. Яғни Арыстағы жағдай тұрақталып, апаттың қаупі сейілгені, сондықтан да арыстық тұрғындар аптаның соңына қарай үйлеріне оралатыны туралы ресми түрде мәлімделді.

А. САТЫБАЛДЫ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменттің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) әр уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және оның салдарын жою ерекше назарында.
Осы мақсатта, Департаментпен бүгінгі таңға 85 ұсыныстар әр түрлі құзырлы органдарға жолданған, атап айтқанда: 38-і әкімшілік және оның құрылымыдық бөлімдеріне, ішкі істер органдарына – 39, салық органдарына – 5, әділет органдары – 2, орман шаруашылық комитеті – 1.
Сонымен қатар, жолданылып отырған ұсыныстар қазіргі таңда
Департамент басшысы Н. Қамбатыровтың мекеме ұжымдарымен кездесу арқылы қаралуда.
Кездесудің негізгі мақсаты — ұжым арасында сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтарды болдырмау, алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құрамымен ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы тәртібінде қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi 11 ұсыну қаралды.
Сонымен қатар, 14.06.2019 жылы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерінің және ведомствалық бағынысты мекемелерінің қызметкерлерінің қатысуымен Келес ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы С.Тилеуовке қатысты қылмыстық ісі бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен жағдайлар мен себептерін жою туралы ұсыну қаралып, жиналыстың соңында Департамент басшысы Н. Қамбатыров мекеме қызметкерлеріне ҚР 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» № 410-V Заңының және сыбайлас жемқорлықты алдын алу бағытында нормативтік құқықтық актілерді қатаң сақтау керектігін атап өтті.

С. НҰРАЙ.

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданында «Бақыт» тұрғын үй кешені бой көтеруде. Дәл қазіргі таңда құрыш қолды құрылысшылар аталған кешенде 8 қабатты тұрғын үйді аяқтағалы отыр.
Барлығы екі және үш бөлмелі 104 пәтерден тұратын бұл тұрғын үйдің құрылысын «Оңтүстік құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Күндіз-түні құрылыста орындалатын жұмыстардың қисынды әрі сапалы жүргізілуін қырағы бақылап жүретін прораб Нұрғали Қошмағамбетов 8 блоктан тұратын «Бақыт» тұрғын үй кешенінің 3 негізгі блогы аяқталуға жақын екенін алға тартты. Ал қалған бес бөлігі келер жылдың мамыр, маусым айларында пайдалануға берілетінін айтты. Сонымен қатар ол, кешендегі құрылыс алаңындағы жұмысшылардың саны 300-ге жетеқабыл екенін мәлімдеді.
Мердігер мекеме тұрғын үй құрылыстарын салу ісімен 18 жылдан бері шұғылданып келеді. Яғни, құрылыс мекемесінің тәжірибесі толысқан, қанаты кеңге жайылған. Компания меншігінде тұрғын үй құрылысына таптырмас темір-бетон, арматура сынды материалдар шығаратын зауыттың жұмыс істейтіндігі соған негіз.
Ажары алыстағы назарды өзіне бірден баурайтын көп қабатты бұл тұрғын үй алдағы тамыз айында өз иелеріне тапсырылмақ. Пәтерлердің барлығы сатылып кеткен. Қоныс тойын тойлаушылар тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің тұрақты салымшылары. Аларман адамдардың бірден табыла кеткені тұрғын үй құрылысының сапаны алдыңғы сапқа шығаратының нақты жемісі болса керек.

С. НҰРАЙ.

Аудандағы жастар орталығы мемлекеттік мекемесінің мәжілс залында «Nur Otan» партиясы «Мыңжылқы» бастауыш партия ұйымының жиналысы өтті. Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қ. Тоқаевтың Созақ аудандық қоғамдық штабының атқарған жұмыстары туралы болды. Осы мәселе жөнінде Созақ аудандық қоғамдық штабы төрағасының орынбасары, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Сағындық хабарлама жасады. Жиында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, «Созақ аудандық желтоқсан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Мақсат Қарғабай, газет тілшісі Данияр Бек және бірқатар азаматтар өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, 9 маусым күнгі сайлау нәтижелері, 12 маусым күнгі күнгі ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті
Қ. Тоқаевтың еліміздің алдағы бесжылдық көлемінде атқарылуға тиісті он бағытты бастамлары да жиынға қатысушылардың назарына ұсынылып, қызу талқыланды. Аталмыш жиынға жастар өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.

Су жаңа министр жұрт пікірімен санасуға дайын ба?

Осы аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жрмарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің Мәдениет және спорт министрі қызметіне Ақтоты Райымқұлова тағайындалды.
Әрдайым елдің назарында жүретін министрліктің жаңа басшысы қызметіне кіріскен аз күннің ішінде сынның астына қалды. Елдің мәдениет және спорт саласын тізгіндеген министрдің бұрын қазақ тіліне аударылған 3300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған терминдерді өзгерту шаралары қаралып бекітілгені туралы әңгімесі жұртқа жақпай қалды. Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова жоғарыда атап өткен 3300-ден аса жалпыға бірдей қабылданған терминдердің 300-ге жуығы халықаралық терминдер екенін алға тартып, «мұражай» деген сөз «музей», мұрағат – архив, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует» деген сөз «потенциал» болып қайта өзгертілгенін айтқан еді.
Министрдің бұл сөзіне бірқатар журналистер мен блогерлер келіспейтінін ашық түрде жариялап, кезінде қазақшаға аударылған, қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздердің қайта бекітілуіне қарсы екенін қадап айтып, лауазым иесінің бұл мәселені қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей істеуге моральдық хақысы жоқ екенін батырып жазуда. Әлеуметтік желіде олардың бұл жазбаларын іліп әкетіп, жаңа министрдің бастамасына өз наразылықтарын білдіріп жатқан азаматтар да аз емес.
Осыған орай кеше Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қорытынды салтанатты шарасында «менің термин туралы сөздерімді дұрыс түсінбей қалған сияқты. Немесе басқа БАҚ өкілдері теріс түсінген сияқты. Ең алдыменен 3000-нан астам термин қолданыстан шықпайды. Ол қазақтың сөздері емес. Ол басқа тілдерден енген сөздерді тағы да талқылау деген сөз» дей келе «әрқашан да тілімді ардақтаймын. Кешеден бері түні бойы ұйықтамай, «дұрыс айтпадым ба?» деп қатты қобалжыдым», — деді. Сонымен қатар ол министрлік жұмысындағы олқылықтарды қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге талқылау қажет екенін алға тартты.
Егер оның «министрлік жұмыстарындағы олқылықтарды бұқаралық ақпарат құралдарымен талқылап, шешу қажет» дегені жай әншейін риторика емес, шын сөз болса, жұрттың қызу талқысына түскен термин мәселесін қарауды сап тиятыны анық. Ал Сіз бұған не айтасыз?

Өмірзақ ШӨКЕЕВ:

Түркістан облысының құрылғанына бір жыл. Былтыр 19-маусымда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, әкімшілік-іскерлік орталығы Түркістан қаласы болып белгіленген. Содан бері он екі ай ауып түсті. Тарих қойнауына енген бір жыл ішінде Түркістан облысы болып қайта құрылған күнгейде не тындырылды? Қандай жұмыстар қолға алынды? Нендей мәселелерге мән берілді? Түзілген жоспарлардың нобайы қандай?
Осы жетіде артта қалған бір жылға шолу жасау үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистермен жүздесіп, баспасөз-конференциясын өткізді. Оған өңір журналистері мен республикалық БАҚ өкілдері қатысты. Жиын басында аймақ әкімі бір жыл ішінде Түркістанда атқарылған негізгі жұмыстарды атап өтті.
Тілге тиек етер ең басты жаңалық ол атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген көп балалы отбасылардың өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артуы. Мәселен, биыл атаулы әлеуметтік көмекке 103464-тен астам отбасы өтініш білдіріп, оның 65946-сына АӘК тағайындалған. Көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жыл аяғына дейін 1032 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша барлығы 1724 пәтер кілті өз иелеріне тапсырылды. Жергілікті атқарушы билік жыл қорытындысы бойынша 50 тұрғын үйді, дәлірегі 2613 пәтерді пайдалануға беруді межелеген.
Денсаулық сақтау мен білім беру саласында да көңіл тоғайтарлық деректер жетерлік. 2019 жылға облыста 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланғаны, бұдан бөлек, 2 қалалық, 4 аудандық емхана, Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхана мен 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүргізіліп жатқаны сол сөзімізге тұздық болады.
Билік облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін олардың инженерлік инфрақұрылымның игілігін көруге атап айтқанда, мардымды жылумен қамтылуына, сапалы ауыз су тұтынуына, отын жарып, күл шығарудың тауқыметінен біржола құтылуына, сапалы электр жүйелерімен жабдықталуына зор назар аударуда. Нәтижесінде біраз жылдан бері шешімін күтіп келе жатқан мәселелердің түйіні тарқап, тұрғындардың көңілі толуда. Баспасөз конференциясы кезінде аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлының «Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56 пайыз газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83 пайызға ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды» дегені соған негіз.
Бүгінде өткен жылдың қарашасында құрылысы басталған Түркістан облысы әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы қарқын алған. Оның ішінде биыл 7 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Олар: облыс әкімдігі ғимараты, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы болып табылады.
Осы жылдың бес айында Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асқан. Шөкеев алдағы уақытта бұл көрсеткіштің арта түсетінін, оған жергілікті жердегі халықтың еңбектен бел жазбайтындығы мен ауа райының қолайлылығы оң әсерін тигізеді деп бек сендіріп отыр.
Түркістан қаласында тарихи-мәдени және діни туризм сегменті жақсы дамыған. Өткен жылдың өзінде қалаға миллионнан астам туристтің табаны тиген. Осы тенденцияны ары қарай дамыту үшін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның бірі туризм саласы бойынша мамандар даярлайтын колледж ашу. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы баспасөз-конференциясы осы бағыттағы жұмыста сөзден іске көшіп, орындалып жатқанын мәлімдеді.
Оң статистикалық деректерден тұратын осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап болған соң аймақ әкімі журналистер сұрағына жауап берді.
Түркістан облысының әкімі болғаннан бастап алғаш рет брифинг өткізіп жатқан Шөкеевке тілшілер тарапынан бағытталған сұрақтардың бірқатары кадр мәселесі төңірігенде өрбіді. Атап айтқанда, «Билік жергілікті жердегі кадрлардың мүмкіндіктерін өз деңгейінде пайдаланып жүр ме?», «Қандай да бір шенеуніктің ұзақ жылдар бойы бір қызметте отыруы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына әкеп соқтырмай ма?» және тағы басқа сұрақтар әкімге көлденең тартылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қойылған сұрақтарға қатысты былай деп жауап қатты.
– Кадр бойынша айтсам, біреулер мені жақындарын, жерлестерін тартады деп ойлайды. Негізі оны тексеру оп-оңай. Бүкіл мен істеген жерлерде өзім тағайындайтын адамдарды, жұмысқа тартқан азаматтарды алып анализ жасасаңыздар, бәрі шығады. Қай жерде жұмыс істесем де кәсіби команда теріп жүремін. Әкімдерде кәнігі мамандардан құралған команда болу керек. Менің ұстанымымда адам 20-30 жыл отыр, алып тастайық» деген принцип жоқ».
Осылай деген Өмірзақ Естайұлы егер кәсіби деңгейі жоғары маман болса, және ол өз саласындағы қызметін орындауда өзін «суда жүзген балықтай сезініп», міндетін мінсіз істесе, бірақ оны ескермей, қызметтен алып тастауды құптамайтынын да жасырмады. Сондықтан да оның бойында жасы келді немесе осы қызметте көп отырып қойды деген негізбен жұмыстан шығару деген мүлдем жоқ екенін мәлімдеді.
Шөкеев бұл принципіне қаншалықты берік болатынынын уақыттың өзі көрсетеді.

Т. Дүйсебайұлы.