Маңызды

Мемлекеттік қызметкер болу – зор мәртебе. Осы салада әрдайым абырой биігінен көріну үлкен еңбек пен ізденісті талап етеді.
Шымкентте мемлекеттік қызметшілер арасында үздіктерді анықтауға бағытталған байқау өтті. Оған қаладағы мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін 30-дан астам мемлекеттік қызметші ниет білдірді. Қатысушылар еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттары бойынша тест тапсырды.
Мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мен мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада арнайы тест қорытындысымен екінші кезеңге жіберілген 6 мемлекеттік қызметші өз жобасын таныстырып, аталған жобалардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты тиімді боларын нақты дәлелдермен келтіре отырып жеткізді.
Іріктеу барысында комиссия мүшелері үміткерлердің жеке мәліметтерін, олардың жарияланымдары мен марапаттарын, ғылыми атағы мен дәрежесін, спорттық жарыстардағы жетістіктері және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін назарға алды. Сонымен қатар өздері ұсынған жобада көрсетілген тақырыптардың өзектілігі мен мәселені шешудегі менеджменттік тәсілі, қордаланған проблеманың негізгі себебін білу және оны шешудегі зерттеу деңгейі, жүзеге асырудан күтілетін экономикалық тиімділігі бойынша баға берді.
Сондай талаптардың үдесінен шыға білген Шымкент қалалық Соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсына жолдама алды. Енді ол Нұр-Сұлтанда өтетін жарыста Шымкент қаласының намысын қорғайтын болады.
Нұрсұлтан Төленұлы Байтілесов 1991-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өмірге келген. 2009-жылы Астана қаласындағы ҚазГЗУ-дің колледжін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2016-жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін «Заңтану» мамандығы бойынша аяқтаған. 2016-жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде заңтану мамандығы бойынша тереңдетілген білім алып, заң ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген. Еңбек жолын 2009-жылы Астана қаласының Алматы аудандық сотының жетекші маманы болып бастаған. Кейін Атырау және Павлодар облыстық соттарында, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде, Әскери Сотта жауапты қызметтер атқарған. Шымкент қалалық Соттар әкімшісінің басшысы болып тағайындалғанға дейін Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің халықаралық байланыстар және протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып келген.

С. НҰРАЙ.

Шымкентте Жастар жылына орай ұйымдастырылған суға жүзуден жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға жалғасқан тартысты жарысқа еліміздің ірі қалалары мен облыстарынан барлығы 17 команда қатысты. Суда жүзуден кімнің «жүзден жүйрік» екенін анықтайтын 17 командада 300-ден астам спортшы болғанын айта кетейік.
Шымкенттегі орталық су спорты кешенінде болған бәсеке ВАР тәсілімен өткізілді. Суда өткен сайыста сонымен қатар жасөпірімдер арасындағы ел құрамасына мүше спортшылар да анықталды.
Эстафеталық жарыста алматылықтарға тең келер ойыншылар болмады. Оңтүстік астанадан келген спортшылар бәрінен озды. Яғни, чемпионатта қыздар арасында Алматы қаласы 72 ұпаймен бірінші, Ақтөбе облысы 60 ұпаймен екінші, Павлодар облысы 50 ұпаймен үшінші орынға қол жеткізді. Ал ұлдар арасында Алматы қаласы 72 ұпаймен бірінші, Шымкент қаласы 60 ұпаймен екінші, Қарағанды облысы 50 ұпаймен үшінші орынды қанағат тұтты.
Ал командалық есеп бойынша жеңімпаздарды анықтау кезінде төрешілер бірінші орынды Алматы қаласына, екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласына, үшінші орынды Шымкент қаласына табыстады.
Айтпақшы осы сайыста ел құрамасына мүше спортшыларды анықтау кезінде құрама сапында жекелеген сында бас жүлде алған шымкенттік Максим Сказобцов, Әділ Тілемісов, Дмитрий Ефремов, Нурдаулет Абжаппаровтар құрамаға мүше болып алынды. Енді жеңімпаз жерлестеріміз ел құрамасы сапында әлемдік сайыстарға қатысып, ұлт намысын қорғайтын болады.
С. НҰРАЙ.

Созақ ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдардағы Әдеп жөніндегі уәкілі Қ. Оразовтың бекіткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында және оны іске асыру жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар негізінде «Мемлекеттік қызметшілер арасында оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімін қалыптастыру және тарату» бағытына сәйкес жоспары бекітілген болатын. Осы мақсатта аудандағы барлық мемлекеттік қызметшілердің оқуларына кітапхана тарапынан әдебиеттер тізімі ұсынылды. Енді қолы қалт еткен сәтте мемлекеттік қызметшілер әдеби кітап оқып, тілдік қорын дамытып ғана қоймай, сөйлеу мәнерінде жетілдіре түспек.

Мақсат Қарғабай.

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен
«SHYMKENT» ӘКК» акционерлік қоғамы бірлесе қолға алған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы өз жұмысын бастады.

Жуырда орталықтың тұсаукесері болып өтті. Оған «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Рашид Аюпов, мемлекеттік мекемелердің, қаржы институттарының, инвестициялық компаниялардың өкілдері және қала кәсіпкерлері қатысты.
«Бизнеске арналған Үкімет» орталығын құрудағы басты мақсат – «бір терезе» қағидасы бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық іс-шараларын бір ғана орталық арқылы жүзеге асыру. Енді «Бизнеске арналған Үкімет» инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығына айналмақ.
Кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсету үшін ол жерде Шымкент қаласы Кәсіпкерлер Палатасының менеджерлері, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ, «Даму» қоры, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ және мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Орталық қызметкерлері келушілерге мемлекеттік қызмет аймағы, өткізу аймағы, қаржыландыру аймағы, құқықтық сүйемелдеу аймағы, құзырет аймағы, сандық қызметтер аймағы, Бизнес-супермаркет сынды бағыттары бойынша 71 түрлі қызмет түрін көрсететін болады. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев:
— «Бизнеске арналған Үкіметте» кәсіпкерлерге барлық қажетті кеңестер мен өз жобаларын жандандыру бойынша қолдау көрсетіледі. Көрсетілетін қызметтердің барлығы бәрі ашық және қолжетімді. Енді кәсіпкерлер бизнес адымын кеңейту үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмайтын болды, — деді.
Және де ол ұсынылатын қызметтер онлайн режимде де қолжетімді екенін атап өтті.
С. НҰРАЙ.

Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағында 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары қатысқан шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік әнұраны шырқалды. Одан соң Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің белді мүшесі Сейдазмет Байдәулетов елдігіміздің ең басты нышаны болып табылатын рәміздеріміз жөнінде келелі сөздер айтып, жиналғандарды мерейлі әрі маңызды мерекемен құттықтады.
Содан соң жергілікті әншілер алаңға жиналған жұртқа «Егемен елім», «Қазағым менің», «Көк тудың желбірегені» сынды патриоттық әндерден шашу шашты. Шара барысында қала өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Шараның ұстанымы да оның ұрпақ санасына ұялатар негізгі ойы да – жастарды отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеудің негізгі жолы – ұлттық рәміздерді насихаттау, бұл орайда, елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеу, патриоттық сезімін нығайту, туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандықтың құрмет тұтуына, қастерлеуіне тиіс екендігін жеткізу болды.
Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері дүниежүзіне кеңінен танылды. Әлемдік қоғамдастық қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы толық мойындады.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет 1992 жылы 4-маусымда бекітілді. Бүгінгі қолданыстағы мемлекеттік рәміздеріміз сол жылы Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік кеңестің талқылауында Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасынан іріктеліп алынғанын еске сала кетейік.
С. НҰРАЙ.

Елбасы өзінің жыл сайынғы жолдауында шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау көрсету керектігін, тиісінше кәсіпкерлігі өрге басқан бизнес өкілдерінің де қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып, қайырымдылық шаралары кезінде аянып қалмауын баса айтады.
Жуырда бірқатар бизнес өкілдері Шымкент қалалық кардиологиялық орталығына өзгеше ауан орнатты. Аталған орталыққа Рамазан айының құрметіне орай «Корпорация Береке», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» және «Бадам-Тас Строй» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері бірлесіп автотұрақ салып берді.
Бұл игі іске кәсіпкерлер 4 миллион теңге жұмсаған. Нәтижесіеде орталықта 200 орынға лайықталған автотұрақ қолданысқа берілді. Бұған ақ халаттылар да орталыққа келушілер де дән ризалық білдірді.
Рамазан айында осындай игі сауап істер атқарып, қажетті тартулар жасап жатқан кәсіпкерлерге орталық қызметкерлері алғыс айтып, ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде осы автотұрақтың салынуы үшін өз мекемесі атынан ыстық асфальт өнімімен толықтай қаматамыз еткен «Корпорация Береке А» ЖШС-нің басшысы Рәшкүл Оспанәлиева кәсіпкерлер атынан сөз алып, орталық жұмысына жемісті еңбек тіледі.
– Осы автотұрақ ел игілігіне қызмет ете берсін. Кардиологиялық орталыққа сырқатынан айығуға келгендерден гөрі, қандай да бір ауруды алдын алу үшін келетіндердің легі көп болсын. Бұл жерге келген науқастар аттай жазылып кетсін,- деді демеушілердің атынан сөз сөйлеген «Корпорация Береке» ЖШС-нің басшысы Рәшкүл Оспанәлиева.
Автотұрақтан бөлек Шымкент кардиологиялық орталыққа Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев шамасы шектелген ауыр науқастарды тасымалдауға арналған жеті кресло-каталка табыс етті. Рамазан айында осындай сауап істер атқарып, қажетті тартулар жасап жатқан кәсіпкерлерге Орталық қызметкерлері рахметтерін жаудырып, атқарып жатқан тірліктеріне табыс пен сәттілік тіледі.
С. НҰРАЙ

Шымкент қалалық әкімідігінде «Ашық әкімдік» форматы іске қосылды. Билік өкілдері бұл формат халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметті барынша қолайлы етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеуде.
«Ашық әкімдік» жобасы қала әкімінің тікелей бастамасымен жүзеге асып отыр. Мұндай жобаны қолға алуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы негіз болған.
Енді «Ашық әкімдік» жобасы бойынша қалалық әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Халықпен қызмет» орталығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы қызмет етуде. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті қызмет көрсетеді. Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және төлем терминалдары, арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған.
Сонымен қатар, мұнда қала әкімі мен оның орынбасарларының тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс жасауы үшін Open space залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек, оның әрбір орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды қабылдайтын болады.
«Ашық әкімдік» форматы мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық екінші кезеңі болып өтті. Оған бірінші кезеңде аудандарда өткен конкурста іріктелген 16 шымкенттік отбасы қатысты.
Тартысты өткен сайысты Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Жастар ресурстық орталығында өткен шарада жеңімпаз отбасын анықтайтын комиссия мүшелері қатысушылардың яғни, ата-ананың бір-біріне деген ілтипатына, көтерген шаңырақтарының қанша жылдан бері берік болып келе жатқандығына, ортақ перзент сүйіп, ұл-қыздарына үлгілі қаншалықты тәлім-тәрбие беріп, олардың тұлғалық қалыптасуына қалай мән бергендігіне басымдық берді. Нәтижесінде олар Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сүттібайұлы Сермаңызовтың отбасыларын жеңімпаз деп таныды. Бұл шаңырақ иелері конкурс талаптарына сай өз отбасыларының қабырғасын қалыңдатып жүрген өнегелі жандар ретінде анықталды. Мәселен, қарымды қаламгер, білікті журналист Шойбек Орынбай өз жарымен бірге 42 жылдан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Оның сыралғы жұбайы Асхан Майлыбаева Қазақстанның Құрметті журналисті атағын алған. Олар өз саласының майталмандары болып қана қоймай, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, аяқтан тұрғызып, олардың да қоғам дамуына септесін болуына зор еңбек сіңірген. Ал Нұрболат Сермаңызовтың отбасы алты бала тәрбиелеп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген, ауыл шаруашылығына да сүбелі еңбек етіп келе жатқан азамат. Жеңімпаз 2 отбасына байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілді. Енді бұл екі отбасы алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында Шымкент атынан қатысып, қала мәртебесін асыратын болады.
Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев өткен жылмен салыстырғанда биыл конкурска қатысуға ниеттенгендер арасында көпбалалы және жас отбасылардың көп болғанын алға тартуда. Сонымен қатар ол:
– Қазіргі таңда отбасы құндылығы мәселесі дәріптеліп, үлкен деңгейде қаралып отыр. Жоғарғы сот тарапынан «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүріп жатыр. Шымкент қаласы әкімдігі да отбасы, балалар және жастар басқармасын құрды. Байқау жеңімпаздарын анықтауда ата-ананың ұл-қыздарын тағылымды тәрбие бергені, олардың бойында қандай да бір дарын болса, соны жас ерекшелігіне қарамай барынша дамытуға мән бергенін назарға алды. Мысалы, Шойбек Орынбай ағамыздың отбасындағы кенже ұлы Шапағат Орынбаев өнер саласында, Жайдарман ойындарында көзге түсіп, кино түсіру, клип түсіру жағынан да өзінің қолынан іс келетінін дәлелдеп, танылған азамат. Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген жақсы сөз бар. Ата-ана баласын қалай тәрбиелеуі баланың алдағы үлкен өмірінде жетекші мәнге ие болатыны анық. Жалпы тағылымды тәрбиемен сусындалған ұрпақ кез келген отбасының мерейі дер едім, — деді.
Жалпы бұл конкурс еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан алты жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Биыл алтыншы рет өткізіліп жатқан конкурстың басты мақсаты – адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру, отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту, отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау және көрсету болады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.

Шымкент қаласының әкімі Ғ. ӘБДІРАХЫМОВ:

Алдағы уақытта үшінші мегаполисте Шымкент жастар мәслихаты құрылатын болады. Құрамы 29 жас депутаттан тұратын Шымкент жастар мәслихатында әр депутаттың өкілеттігі 2 жылды құрайды. Осыған орай Шымкент жастар мәслихатына сайлауға түсу бойынша кандидаттардан құжаттарды қабылдау басталып кетті. Құжаттарды қабылдау рәсімі ағымдағы жылдың 3-12 маусым аралығында жүреді. Белгілеген 10 күн ішінде үміткерлерден куәлік, өмірбаян, жетістіктері, эссе, бейнеролик, ұсыным хат, мекенжай туралы анықтама сынды құжаттар «Google» формасы арқылы қабылданады.
Сондай-ақ, сайлау комиссиясы Instagram әлеуметтік желісінің @resurstyq_ortalyq парақшасында кандидаттардың бейнероликтерін жүктейді. Соған сәйкес бейнеролик 2 000 онлайн лүпіл жинауы қажет. Егер түрлі себептерге байланысты әлеуметтік желіге тіркелмеген азаматтар болса, олар 500-ден аса қол жинауы тиіс. Ал 13-15 маусым күндері үміткерлерге Telegram (t.me/jastarmaslihaty) әлеуметтік желісі арқылы дауыс беріледі. Онлайн дауыс беру нәтижесінде Жастар мәслихатына 29 депутат, ал резервке 11 депутат көпшілік дауыспен анықталады. Аталған тәртіптің заңдылығын сайлау комиссиясы қадағалайды. Ұйымдастырушылар анықтама үшін +7 701 381 2892 телефонына хабарласуды ұсынуда.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз бұрын Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев Қоғамдық кеңес отырысында Жастар мәслихатын құру туралы бастама көтерген болатын. Қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысқан бұл жиында аталған ұсыныс бірден қолдау тапқан еді. Осы жиында Шымкент басшысы Ғабидолла Әбдірахымов үшінші мегаполистегі әрбір төртінші тұрғын жастар екенін, сондықтан да бұл бастаманы жүзеге асыру уақыт талабы екенін, сайлау ашық әрі әділ болуыі үшін оны онлайн режимде өткізуді ұсынған.
Жиында қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев жастар мәслихатына сайлауға түсетін үміткерлер қала аумағында тұратын 14-28 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиістігін алға тартты.
Сондай-ақ ол, Шымкент жастар мәслихаты 29 жас депутаттан құралып, өкілеттілігі екі жылға созылатынын жеткізді. Өз кезегінде ол – сайлауға қатысушы әр кандидат қоғаммен етене қарым-қатынас жасап, тұрғындардың қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар болуы керектігін, жастар мәселесінде шешілмей жатқан түйіткілдерді анықтап, оларды шешу жолдары бойынша тиісті сайлауалды бағдарламалары да болуы керектігін, себебі олар билік басында қала жастарына тұрғын үй беру, жұмыссыздық деңгейін төмендету жалпы жастардың әлеуметтік деңгейін барынша жақсарту мәселелеріне қатысты күрделі шешім қабылдайтынын мәлімдеген еді.
М. ӘБДІРАЙЫМ.

Алдағы тамыз айында Шымкентте 1000 орынға лайықталған аурухана мен бір ауысымда 700 адамды қабылдауға қауқарлы консультациялық-диагностикалық орталықтың құрылысы басталады. Инвесторлар есебінен салынатын бұл нысандар үшін қалалық әкімдік тарапынан 150 гектар жер бөлінетін болады.
Осы аптада қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аталған жобаны қаржыландырып отырған инвесторлармен кездесті. Жиын барысында ол Шымкентте 1000 орынға лайықталған аурухана мен бір ауысымда 700 адамды қабылдайтын диагностикалық орталықты салу Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан бекітілген ірі жобалардың бірі екенін, сондықтан да жергілікті билік оны жүзеге асыру үшін тиісті қолдаулардың барлығын көрсететінін мәлімдеді.
Бүгінде бұл нысанның сәулеттік құрылыс жобасы бекітілген. Жалпы жоба құны 180 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 15 пайызы жергілікті жердегі жеке кәсіпкер есебінен, қалған 80 пайызы инвестор есебінен қаржыландырылады.
Аталған жоба бойынша 1000 орынға лайықталып бой көтеретін ауруханада хирургиялық, терапиялық және ана мен бала орталығы, патологоанатомиялық бюро және сот-медициналық сараптама бюросы мен жедел медициналық және санитарлық-авиациялық көмек орталығы жұмыс істеп, науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсететін болады деп күтілуде.
М. ӘБДІРАЙЫМ.