Маңызды

Өткен жылдың қыркүйек айында Шымкентке келген сапары кезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Үкімет пен қала әкімшілігі бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарларын әзірлеуді тапсырамын. Нұр-Сұлтан мен Алматыда түрлі халықаралық жиындар өтіп жатыр. Енді Шымкентті де сол қатарға қосып, қала халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналуы керек» деген болатын. Және де Елбасы мұндағы ауа райының қолайлығы сол тапсырмаларды жедел орындауға оң серпін беретінін баса айтқан-тын.
Кешегі аптада Шымкентте Халықаралық Триатлон Одағының (ITU) бастамасымен триатлоннан Азия Кубогі болды. Азия құрылығы бойынша өткізілген шараға қазақстандық спортшыларды қоса алғанда әлемнің 14 елінен келген 45 спортшы қатысты. Қаладағы «Жайлаукөл» саябағында өткізілген жарыстың бас демеушісі «Shymkent» ӘКК» АҚ болды. Үшінші мегаполисте алғаш рет өткізіліп жатқан шараның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Өз кезегінде ол спортшыларға Қазақстанның Триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімовтың құттықтау лебізін жеткізіп, оларға тек сәттіліктер тіледі. Азия кубогі сарапқа салынған ауқымды жарыста 34 ер мен 11 әйел өзара баптары мен бақтарын сынап, екі сағатқа жуық уақыт ішінде суда 1500 метр қашықтықты жүзіп өтіп, содан соң велосипедпен 40 шақырым жолды жүріп, 10 шақырым жолдан жүгіріп өтті.
Тартысты триатлонда ерлерден мәре сызығына бірінші болып сербиялық Огнен Стоянович жетіп жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орын отандасымыз Аян Бейсенбаевтың еншісіне бұйырды. Ал австриялық спортшы Лукас Гсталтнер байрақты додада үшінші орынды қанағат тұтты.
Қыздар да бұл сында керемет ойын үлгісін көрсетті. Олардың арасында мәре сызығын бірінші болып румыниялық Манак Антонелла бағындырып, жеңіске жетсе, екінші орын оңтүстік кореялық спортшы Юн Джен Чанға бұйырды. Үшінші болып мәре сызығын басқан халықаралық Триатлон одағының спортшысы Арина Шульгина болды.
М. ӘБДІРАЙЫМ

Данияр Мейірхан жаңа қызметке тағайындалды

Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы генерал-майор Қайрат Дәлбековтың бұйрығымен Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы қызметіне Мейірхан Данияр тағайындалды.
Полиция-подполковнигі деген оқалы погоны бар бұл азамат күнгейліктерге соның ішінде Шымкент тұрғындары үшін жақсы таныс. Ол 2016 жылдың ақпан айында Шымкент қалалық жергілікті полиция басқармасының басшысы болып қызметке кіріскеннен бастап, атқарған тірліктері, айтқан сөздері бойынша талай рет жұрт талқысына түскен болатын.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың мамыр айының басында прокурор Нұржан Полатовтың көлігін шымкенттік полицейлер бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін тоқтатып, оның мас күйде рөлге отырғанын анықтаған еді. Содан кейін көп ұзамай сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаровқа қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірханды қызметінен босату туралы ұсыныс жолдаған. Депутаттар қарауына жолданған бұл ұсынысты Ж. Түймебаев облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Сейдуәлиевтің 2017 жылғы 23-мамырдағы №30-2-29/2907-11 және облыстық ішкі істер департаменті Тәртіптік комиссиясының 2017 жылғы 19-мамырдағы №17 хаттамалық шешімдері негізінде жолдаған-тын. Сол кезде Түймебаевтың Данияр Мейірханға бұлайша тіс батыруын облыстық қадағалаушы органда білдей басқарманы басқарып келген Нұржан Полатовтың «артық кетіп, кем түскен» тұсын әшкерелегенімен байланыстырғандар көп болды. Осыған орай қалалық мәслихат депутаттары облыс әкімінің бұл ұсынысын қарауға енді білек сыбана кіріскелі тұрғанда, Жансейіт Қансейітұлы аяқ астынан халық қалаулыларына жолдаған ұсынысын қайтарып алған болатын. Жансейіт Қансейітұлының не үшін бұлай жұмсақтық танытқаны сол күйі басы ашық күйінде қалды.
Жалпы, бұл Данияр Мейірханды тұғырдан тайдыру жағдайының екінші көрінісі еді. Одан алдын дәлірегі, 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі болған Бейбіт Атамқұлов Данияр Мейірханды қызметінен босату туралы қалалық мәслихат пен әкімдікке тап осылай хат жазғаны ешкімге жұмбақ емес. Бірақ қалалық мәслихат пен әкімдік ол ұсынысқа келісімін бермеп еді. Ал, Бейбіт Атамқұловтың қала мәслихаты мен билігіне Данияр Мейірханды қызметінен босату туралы хат жазуына сол кездегі ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің экс-басшысы Б. Аблаевтың ұсынысы арқау болған еді.
«Отқа салса жанбаған» Данияр Мейірхан туралы деректер осымен шектеліп қалмайды. Оның Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметіне басшы болып жүрген кездерінде «отыз тісінен шыққан» кейбір сөздері халық арасына тез тарап, хайп болған. Мәселен, оның тәртіп сақшыларының бейнежетондары үзіліссіз жұмыс істейтіні туралы тұрғындарға хабарлап айтқан жазбасында «Айтпақшы, менің сіздерге кеңесім: егер де сізді жол ережелерін бұзғаныңыз үшін тоқтататын болса, келісіп немесе «досыңызға қоңырау шаламын» деп әуре болмаңыз. Жаңа құрылғы дауысты да сапалы жазады» деген-тін. Сол кезде оның бұл жазбасын іліп әкеткен әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «Сақтау жады таусылғанда «бармақ басты көз қысты» әрекеттер орын алады ғой» деген мағынадағы ойды меңзегенде қаланың бас полицейі «бейнежетондардың жады кезекшілік уақытына жетеді. Он қызметкер осы үшін кетіп жатыр» деп тойтарып тастағаны есімізде. Сонымен қатар ол қаланы дөкейлердің терезелері күңгірттелген көліктерінен тазарту бойынша да батылдық танытқанымен көзге түскен-тін.
Енді Данияр Мейірханның ат ауыстыруына орай жұрт әлеуметтік желіде «… енді тәртіптің көкесі орнайды» деген пікір айтуда. Халықтың бұл сенімін Данияр Мейірханның қаншалықты ақтайтынын алдағы уақыттың еншісіне қалдырғанымыз жөн секілді.
Қ. ҚАЛИЕВ.

«Сот шешімі күшіне енсе отставкаға кету бойынша арыз беремін»

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қарамағындағы қызметкері дәлірегі ҚР ҰЭМ департаментінің бұрынғы директоры Асланбек Жақыповтың алаяқтық бойынша кінәлі деп танылуына байланысты өзінің қандай әрекетке баратыны туралы тілшілер сұрағына осылай деп жауап берді.
Тілшілерге берген жауабында ол мұнысын дұрыс тәжірибе деп санайтынын, бұл бірінші басшының моральдық міндеті екенін, ал оның яғни, бірінші басшының қаншалықты кінәлі екенін жоғарыда тұрған басшылық айқындайтынын алға тартты.
Естеріңізге сала кетсек осыдан біраз бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық ісі бойынша айыбы айшықталған мекемелерде бірінші басшының жауапкершілікке тартылуын, бұл үшін олар жұмыстан босату туралы арыз жазу қажеттігін, бірақ олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды президенттің өзі шешетінін шегелеген болатын.

Ішек ауруларынан сақтану үшін адамдар мерекелік дастарханнан алып келетін сарқытты (тек кәмпит пен құрғақ кондитерлік өнімдерден басқа) қолданбағаны абзал.
Таяуда еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің жасаған тосын мәлімдемесі осыған саяды.
Осыған байланысты КТК телеарнасы арнайы сюжет дайындап, Бекшиннің мәлімдемесі жөнінде халықтың пікірін сұраған. Өз кезегінде Алматы облысының тұрғыны Мейрамгүл Бекжанова қуанышқа жайылған дастархан басынан қонақтардың дәм алып, оны үйдегі балаларына, немерелеріне «Сендер де сондай қуанышқа жете беріңдер» деген игі тілекпен таратуы әбестік емес әрі одан келер қауіп жоқ екенін айтса, этнограф Гүлім Қабдолдина да ысырап болмас үшін тойдан сарқыт алу сауапты іс деген тұжырым жасайды. Сонымен қатар ол гигиеналық талаптарға сай келмейді деп дәстүрден бас тарту әсте болмайтынын, себебі қазақтың барлық ырымдарында ізгілік жатқанын алға тартады.
Бұл пікірмен халықтың басым көпшілігі қосылатыны белгілі. Еліміздің бас санитары қанша жерден «көп қорқытып» айтса да сарқыт алудан ешкім өзін сап тия қоймайтыны белгілі.

Бүгінде Қазақстандағы түзеу мекемелерінде терроризм үшін сотталғандар мен басқа да қылмыскерлер жазасын бірге өтеп жүр. Мықты идеологиялық жұмыс болмаса теріс ағымның жетегіне шырмалғандар басқа жазасын өтеушілерге теріс әсерін тигізуі ғажап емес.
Түрмеге тоғытылғандардың арасында радикалды ағымдардың көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп жатқан қоғамдық ұйымдардың өкілдері осындай уәж айтуда.
Қамауға алынғандардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша коалицияның басшысы Константин Гудаускас бұл тұрғыдағы пікірін былай деп жеткізеді.
– Біз аптаның үш күнін колонияда өткіземіз. Сол кезде біз сотталушылардың ішінде ислам дінін басқаша түсініп, бұрыс жолға түскендердің өте көп екенін айқын аңғарамыз. Алаңдатып жатқан мәселе де осы. Егер қылмыстық атқару жүйесі комитеті осы мәселені назарға алып, бұл тұрғыда нақты ұстанымы болмаса, мәселе ушығып, проблемалар көшеге шығып кетуі мүмкін.
Ал қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері Гудаускастың бұл пікірімен мүлдем келіспейді. Олар түрмелерде радикализация мәселелері ушығып тұрған жоқ деген ұйғарым жасауда.
Сотталғандардың арасында тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыс басқармасының бастығы Бекболат Шәкіров бұл тұрғыдағы пікірін былай деп тарқатады.
– Осыдан екі жыл бұрын түзеу мекемелерінде теологиялық оңалту қызметі құрылған. Бүгінде осы бағытта 133 қызметкер жұмыс жасайды. Бұл көрсеткіш радикализацияның ушығып тұрмағанының нақты дәлелі, Қазіргі таңда сотталғандардың арасында жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстарымыз өте көп. Оған теолог мамандар да, имамдар да тартылған. Өз кезегінде біз арнайы бейне материалдарды жасап, сараптамадан өткен кітаптарды таратып отырамыз.
Осылай деген ол сотталғандардың имамдар мен теолог мамандардың айтқан сөздеріне өре түрегелмейтіні, керісінше ұйып тыңдайтынын да мәлімдеген. Олар тіпті имамдардан діни сауаттарын ашуды сұранатынын жеткізді.

А. САТЫБАЛДЫ.

«Қазмедиа орталығы» кешенінде 29-мамыр күні ағымдағы жылдың 9-маусымында өтетін президент сайлауы кезінде еліміздегі ең жоғарғы лауазымға таласатын 7 кандидаттың теледебаты өткені белгілі.

«Хабар» арнасында тікелей эфирде өткен теледебатты жұрт сарыла күткен болатын. Алайда халық таққа таласатындардың арасында өтетін теледебатқа бірқатар кандидаттардың келмеуін мүлдем күтпеген еді.
Сонымен, теледебатқа қай кандидат келмеді? Олар Қазақстан президенті, «Nur Otan» партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаева және «Ауыл» партиясының кандидаты Төлеутай Рахымбеков болып табылады. Бірақ теледебатта олардың орнын басар тұлғалар келді. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына оның сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев, Дания Еспаеваның орнына оны ұсынған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, Төлейтай Рахымбековтің орнына «Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаев келді.
Теледебат үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, бір-біріне екі-екіден сұрақ қойса, екінші раундта олар жүргізушілер тарапынан қойылған ортақ сұраққа жауап берді. Соңғы кезеңде сайлаушылар кандидаттарға сұрақ қойды.
1,5 сағатқа созылған бұл теледебатты ұйымдастыру үшін бюджеттен 41 млн. теңге бөлінген. Бірақ теледебат сондай қаржыға тұрарлық деңгейде өтті ме? Теледебатта бірқатар кандидаттардың келмеуі мен ол туралы тұщымды пікірлердің тіл ұшына оралмауы көкейге осындай сұрақ ұялатады екен.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

«Азаматтардың құқығы прокурорлардың ерекше назарында болуы керек»

Қазақстан Республикасында қылмыс деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда төмендеген.
Бұл туралы еліміздің Бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған кезде мәлімдеді. Сонымен қатар ол, президентке қылмыстық үдерістегі азаматтардың конституциялық құқығын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстың жекелеген түрлеріне қарсы күрес туралы баяндап берді. Бұдан бөлек Бас прокурор электронды қылмыстық және әкімшілік іс жүргізуді енгізу, сондай-ақ, тексерулерді тағайындау үдерісін автоматтандыру барысы туралы сөз етті.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Бас прокурорға азаматтардың құқығы прокурорлардың ерекше назарында болуы керектігін баса айта келе, қадағалаушы орган әлеуметтік және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша бюджеттен бөлініп жатқан қаржылардың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету қажетілігін, заңдылықтардың бұзылуына жол бермеу керектігін қадап айтты.

Түркістан облысының Сайрам ауданында өткен жылы аудандық бюджеттен қаралған 547,8 млн. теңгеге 60 ішкі көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, ауыл округі әкімдіктерінің есебінен ұзақтығы 13,8 шақырымды құрайтын 19 ішкі көше жолы орташа жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы 3 көпір жөнделді.
Өткен жылы Ақсукент ауылындағы «Ақсу-қалалық қоқыс орны – аудандық аурухана – теміржол вокзалы» бағытындағы 3,3 шақырымдық жол және Аққала ауылына кіре берістегі «Көксәйек – Шаян – Аққала – Сарқырама» автожолы күрделі жөндеуден өткізілді. Аталған жұмыстарға облыстық қазынадан 899,5 млн. теңге қаралған. Оған қоса аудандық маңызы бар 6 жолға 246,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал, 27,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған нысандар пайдалануға берілді.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында еңбегі мен іскерлігінің арқасында кәсіптерін дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік.
Әрбір уақытының қадірін жете түсіне білген олар қазірде кәсіпкерлерге айналған нағыз белсенді тұлғалар. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жомарт жүрек» базалық жобасы аясында аудандағы кәсіпкерлер мен демеушілер тарапынан аз қамтамасыз етілген, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жалғызілікті қарттарға көптеген көмектер берілуде.
Осындай нар тұлғалы азаматтардың бірі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер – Сырым Ертаев. Ол өз есебінен 2017-2018 жылдары тұрмысы төмен Алтынтөбе ауыл округінен 2 отбасыға, Қарабау ауыл округінен 3 жанұяға, Жаңабазар ауыл округінен 2, жалпы 7 отбасыға үй салып берген. Және биылғы жылы да бұл қайырымды ісін жалғастыра отырып жуық арада Жігерген ауыл округінен 1, Қазығұрт ауыл округінен 2, жалпы 3 жанұяға баспана тарту етпек.
Сонымен қатар, кәсіпкер мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті, әрі ерекше айы – Рамазан айында аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 500 отбасыға азық-түлік үлестіріп, 5 млн. теңге көлемінде көмек көрсетті. Барымен бөлісуді мұсылмандық борышы деп ұғынған жаны жомарт жан осылайша ізгілік жасауды дәстүрге айналдырған.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жадыраған жаз айы балалардың оқудан қолы босап, жаймашуақ шаттыққа кенелетін кезі. Маусым айының алғашқы аптасы күні созақтық 1400 оқушы жазғы демалысты тиімді өткізбек ниетте балалардың демалыс лагерлеріне жолдама алды. Ол үшін аудан әкімдігі бюджеттен қомақты қаржы бөліп отыр. Бүгін мектеп оқушыларының бірінші легі Түлкібас ауданының тау баурайларындағы лагерлерге аттанды. Оқушыларды аудан басшылары, білім бөлімі мен мектептердің басшылары, ата-аналар құрметпен шығарып салды.

Мақсат Қарғабай.