Маңызды

Су жаңа министр жұрт пікірімен санасуға дайын ба?

Осы аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жрмарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің Мәдениет және спорт министрі қызметіне Ақтоты Райымқұлова тағайындалды.
Әрдайым елдің назарында жүретін министрліктің жаңа басшысы қызметіне кіріскен аз күннің ішінде сынның астына қалды. Елдің мәдениет және спорт саласын тізгіндеген министрдің бұрын қазақ тіліне аударылған 3300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған терминдерді өзгерту шаралары қаралып бекітілгені туралы әңгімесі жұртқа жақпай қалды. Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова жоғарыда атап өткен 3300-ден аса жалпыға бірдей қабылданған терминдердің 300-ге жуығы халықаралық терминдер екенін алға тартып, «мұражай» деген сөз «музей», мұрағат – архив, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует» деген сөз «потенциал» болып қайта өзгертілгенін айтқан еді.
Министрдің бұл сөзіне бірқатар журналистер мен блогерлер келіспейтінін ашық түрде жариялап, кезінде қазақшаға аударылған, қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздердің қайта бекітілуіне қарсы екенін қадап айтып, лауазым иесінің бұл мәселені қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей істеуге моральдық хақысы жоқ екенін батырып жазуда. Әлеуметтік желіде олардың бұл жазбаларын іліп әкетіп, жаңа министрдің бастамасына өз наразылықтарын білдіріп жатқан азаматтар да аз емес.
Осыған орай кеше Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қорытынды салтанатты шарасында «менің термин туралы сөздерімді дұрыс түсінбей қалған сияқты. Немесе басқа БАҚ өкілдері теріс түсінген сияқты. Ең алдыменен 3000-нан астам термин қолданыстан шықпайды. Ол қазақтың сөздері емес. Ол басқа тілдерден енген сөздерді тағы да талқылау деген сөз» дей келе «әрқашан да тілімді ардақтаймын. Кешеден бері түні бойы ұйықтамай, «дұрыс айтпадым ба?» деп қатты қобалжыдым», — деді. Сонымен қатар ол министрлік жұмысындағы олқылықтарды қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге талқылау қажет екенін алға тартты.
Егер оның «министрлік жұмыстарындағы олқылықтарды бұқаралық ақпарат құралдарымен талқылап, шешу қажет» дегені жай әншейін риторика емес, шын сөз болса, жұрттың қызу талқысына түскен термин мәселесін қарауды сап тиятыны анық. Ал Сіз бұған не айтасыз?

Өмірзақ ШӨКЕЕВ:

Түркістан облысының құрылғанына бір жыл. Былтыр 19-маусымда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, әкімшілік-іскерлік орталығы Түркістан қаласы болып белгіленген. Содан бері он екі ай ауып түсті. Тарих қойнауына енген бір жыл ішінде Түркістан облысы болып қайта құрылған күнгейде не тындырылды? Қандай жұмыстар қолға алынды? Нендей мәселелерге мән берілді? Түзілген жоспарлардың нобайы қандай?
Осы жетіде артта қалған бір жылға шолу жасау үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистермен жүздесіп, баспасөз-конференциясын өткізді. Оған өңір журналистері мен республикалық БАҚ өкілдері қатысты. Жиын басында аймақ әкімі бір жыл ішінде Түркістанда атқарылған негізгі жұмыстарды атап өтті.
Тілге тиек етер ең басты жаңалық ол атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген көп балалы отбасылардың өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артуы. Мәселен, биыл атаулы әлеуметтік көмекке 103464-тен астам отбасы өтініш білдіріп, оның 65946-сына АӘК тағайындалған. Көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жыл аяғына дейін 1032 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша барлығы 1724 пәтер кілті өз иелеріне тапсырылды. Жергілікті атқарушы билік жыл қорытындысы бойынша 50 тұрғын үйді, дәлірегі 2613 пәтерді пайдалануға беруді межелеген.
Денсаулық сақтау мен білім беру саласында да көңіл тоғайтарлық деректер жетерлік. 2019 жылға облыста 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланғаны, бұдан бөлек, 2 қалалық, 4 аудандық емхана, Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхана мен 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүргізіліп жатқаны сол сөзімізге тұздық болады.
Билік облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін олардың инженерлік инфрақұрылымның игілігін көруге атап айтқанда, мардымды жылумен қамтылуына, сапалы ауыз су тұтынуына, отын жарып, күл шығарудың тауқыметінен біржола құтылуына, сапалы электр жүйелерімен жабдықталуына зор назар аударуда. Нәтижесінде біраз жылдан бері шешімін күтіп келе жатқан мәселелердің түйіні тарқап, тұрғындардың көңілі толуда. Баспасөз конференциясы кезінде аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлының «Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56 пайыз газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83 пайызға ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды» дегені соған негіз.
Бүгінде өткен жылдың қарашасында құрылысы басталған Түркістан облысы әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы қарқын алған. Оның ішінде биыл 7 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Олар: облыс әкімдігі ғимараты, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы болып табылады.
Осы жылдың бес айында Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асқан. Шөкеев алдағы уақытта бұл көрсеткіштің арта түсетінін, оған жергілікті жердегі халықтың еңбектен бел жазбайтындығы мен ауа райының қолайлылығы оң әсерін тигізеді деп бек сендіріп отыр.
Түркістан қаласында тарихи-мәдени және діни туризм сегменті жақсы дамыған. Өткен жылдың өзінде қалаға миллионнан астам туристтің табаны тиген. Осы тенденцияны ары қарай дамыту үшін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның бірі туризм саласы бойынша мамандар даярлайтын колледж ашу. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы баспасөз-конференциясы осы бағыттағы жұмыста сөзден іске көшіп, орындалып жатқанын мәлімдеді.
Оң статистикалық деректерден тұратын осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап болған соң аймақ әкімі журналистер сұрағына жауап берді.
Түркістан облысының әкімі болғаннан бастап алғаш рет брифинг өткізіп жатқан Шөкеевке тілшілер тарапынан бағытталған сұрақтардың бірқатары кадр мәселесі төңірігенде өрбіді. Атап айтқанда, «Билік жергілікті жердегі кадрлардың мүмкіндіктерін өз деңгейінде пайдаланып жүр ме?», «Қандай да бір шенеуніктің ұзақ жылдар бойы бір қызметте отыруы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына әкеп соқтырмай ма?» және тағы басқа сұрақтар әкімге көлденең тартылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қойылған сұрақтарға қатысты былай деп жауап қатты.
– Кадр бойынша айтсам, біреулер мені жақындарын, жерлестерін тартады деп ойлайды. Негізі оны тексеру оп-оңай. Бүкіл мен істеген жерлерде өзім тағайындайтын адамдарды, жұмысқа тартқан азаматтарды алып анализ жасасаңыздар, бәрі шығады. Қай жерде жұмыс істесем де кәсіби команда теріп жүремін. Әкімдерде кәнігі мамандардан құралған команда болу керек. Менің ұстанымымда адам 20-30 жыл отыр, алып тастайық» деген принцип жоқ».
Осылай деген Өмірзақ Естайұлы егер кәсіби деңгейі жоғары маман болса, және ол өз саласындағы қызметін орындауда өзін «суда жүзген балықтай сезініп», міндетін мінсіз істесе, бірақ оны ескермей, қызметтен алып тастауды құптамайтынын да жасырмады. Сондықтан да оның бойында жасы келді немесе осы қызметте көп отырып қойды деген негізбен жұмыстан шығару деген мүлдем жоқ екенін мәлімдеді.
Шөкеев бұл принципіне қаншалықты берік болатынынын уақыттың өзі көрсетеді.

Т. Дүйсебайұлы.

Шаһардың мегаполис мәртебесін алғаннан бастап қала күнін тойлауы 19-маусымға белгіленгені белгілі. Осыған орай аптаның сәрсенбісінде «Наурыз» алаңында Қазақстан эстрада жұлдыздары мен шетел әншілерінің өнер көрсетуімен «Шырайлы Шымқала» атты мерекелік гала-концерт өтті.
Оны тамашалау үшін «Наурыз» алаңына жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сахна төріне шығып, мегаполис тұрғындары мен меймандарын айтулы мерекемен құттықтады. Одан соң ол қаланың әлеуметтік-экономикалық, білім, денсаулық салаларының дамуына үн қосып, өзіндік қолтаңба қалдырып жүрген, мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде зор жетістіктері бар, шығармашылықта, бизнесте, спортта қайырымдылық шаралар жасап, көптің алғысын арқалап, құрметіне кенелген 10 азаматқа «Шымкент қаласының құрметті азаматы» төс белгісін салтанатты жағдайда табыстады.
Құрметті атаққа ие болғандардың арасында депутаттар, кәсіпкер-меценаттар, зиялы қауым мен өнер жұлдыздары бар. Олар «Отау-Групп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов, «Корпорация «Береке А» ЖШС-нің құрылтайшысы Рәшкүл Оспанәлиева, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Еркін Сатқанбаев пен Хайрулла Сарсенов, тыл ардагері Кеңес Үмбетәлиев, «Ferrum-Vtor» ЖШС-нің құрылтайшысы Абдурашит Омаров, Шымкент қалалық Оқушылар сарайының директоры Наталья Романова, өзбек театрының директоры Икрам Хашимжанов, «TS Devolopment» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Төлбасов пен әнші Қайрат Нұртас.
Енді Шымкенттегі Құрметті азаматтар аллеясында олардың есімдері жазылған тақтайша ілінеді. Және де қоғамдық көліктерде тегін жүреді.
Бұған дейін Шымкентте осы атаққа ие болғандардың саны 97-ні құраса, енді олардың саны тағы 10 адамға толықты. Осылайша үшінші мегаполистің құрметті азаматтары 107-ге жетті.
Үшінші мегаполисте мұндай атақ жылына 10 адамға ғана берілсе, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында олардың саны 20-ға жетеді. Осыған орай Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары алдағы уақытта осы марапат табысталатын азаматтардың санын көбейтуді жоспарлауда.

С. НҰРАЙ.

Баланы өмірге әкелген соң оны киіндіріп, ішіндіруден бұрын дұрыс тәрбие беруі ата-ананың басты міндеті. Сол міндетті абыройлы атқарып жүрген ата-аналардың оңды істерін көзбен көріп риза болдық. Шолаққорған ауылының ең шеткі бөлігіндегі Спатаев атында көше бар. Осы көшенің тұрғындары жыл сайын көше балалары арасында «Өнерлі балапандар» сайысын өткізеді. Кеше ғана сол байқауды көзбен көрдік. Көше сайысы Спатаев көшесіндегі зейнеткер ұстаз Маханова Қырмызы апаның ауласында өтті. Сахна, киім ауыстыратын бөлмелер ретінде есік алдындағы бос жайларды пайдаланыпты. Сайыстың әділ қазылары да Манабаев Базар, Үркінбаев Амангелді, Тілеубергенов Әлен сияқты көшенің сыйлы ата-әжелерінен құралған. Өздерінің өнерлерін ортаға салып, ата-әжелерінің көңіліне қуаныш сыйлау үшін Шымқаладан, шалғайдағы ауылдардан келген немерелері де қызу дайындықпен келгендері байқалады. Ұлтымыздың өнер майталмандары Розалар, Нұрғали, Ескендір, Мақпал, Нағима аға-апалар өз естеліктерінде өнерге осындай балалық арманмен, ауладағы алғашқы сахналармен келгенін айтқан еді. Арман алдамайды. Сол ата-әжелері, апалары сияқты бүлдіршіндердің арман ниетіне деген баспалдақ сынды байқауға тәнті болдық. Осы іске ұйытқы болып жүрген «Білім беру ісінің үздігі», «Ел ардақтысы» төсбелгісінің иегері ардагер ұстаз Қырмызы Сейітқызын сауалдасуға тарттым.
— Расында бұл игі бастаманы мен бастап едім. Жаз шыға балалар оқудан қолдары босап, демалысқа шығады. Қыдырып келетін немерелер, жиендер бар. Көше бойындағы жолда жүгіріп ойнап жүреді. Жол қауіпсізідігін де ойлаймыз. Соған алаңдап аулада бәрін жиып, балалардың өнерлерін өзара біріне бірі көрсетсін, бір-бірінен өнеге алсын, бұлақтың көзі ашылсын деген ниетпен осы шараны қолға алғанбыз. Көше тұрғындары бұл бастаманы көтере қолдады. Содан Наурыз мерекесінде, осы жаз айларында өткізіп тұрамыз. Балалар шақыру қағаздарын өздері таратады. Өздері ұйымдастырады. Сол арқылы өздеріне деген жауапкершілігін арттырады. Өздерін қоғамға керек адам ретінде сезінеді. Сондай-ақ ертеңгі үлкен сахналарға деген арман-мақсаты, сенім-жүгі молая түседі. Қазір көшедегі келін-ұстаздарды да осы іске тартып, жалғастырушы ретінде тәрбиелеп жүрмін,-дейді зейнеткер ұстаз.
Өнерлі балапандар сайысына қатысқан Рамазан Базар, Гүлназ Сейіт, Инабат Амангелді, Арайлым Базар, Кәусар Ерсейіт, Нұрсая Базар, Айару Аппаз, Береке Бақыт, Айша Қанатқызы, Әсел атты балаларға арнайы әзірленген «Мадақтама» қағаздары тапсырылып, көрсеткен өнерлерінің құрметіне балмұздақтар таратылды. Балалар келбетіне қуаныш сыйлаған ата-аналар да риза болысты. Ендігі айтарымыз осындай көше бойындағы балалардың жазғы, қысқы демалыстарын салауатты, пайдалы өткізулері үшін балалар ауласы болса, оларға шағын музыкалық аппараттар, сахналық киімдер жағынан да қолдау жасайтын ауыл әкімдігі жағынан болсын, кәсіпкерлер тарапынан болсын демеушілер табылып жатса оңды іс болар еді.

Мақсат Қарғабай.

Жуырда Шымкентте «Shymkent» ӘКК брендімен пластик бөтелкелеріндегі ауыз су шығарыла бастады. Бұл жобаны «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Aqua Rossa» зауытымен бірлесіп жүзеге асырған.

Бұл туралы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма Төрағасы Рашид Аюпов өзінің инстаграм-аккаунтында сүйіншілеген. Өз жазбасында ол:
– «Aqua Rossa» зауытымен бірге «Шымкент» ӘКК брендімен су өндіру ісін бастағанымызға қуаныштымын. Ауыз су таза, газдалмаған. Бес дәрежелі тазартудан өтеді. Құрамы қажетті минералдардан тұрады. Біз төмен бағамен сатуды жоспарлап отырмыз. Ал қалалық іс-шараларда тегін тарататын боламыз, -деген.
Сонымен қатар ол жазбасында мүмкіндіктері мен ресурстарын халық игілігі үшін пайдалана алатындығына бақытты екенін де айта кеткен.

Биыл Шымкент өзінің қала күні мерекесін 19-маусымда атап өтті.
Себебі былтыр күнтізбедегі дәл осы датада сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке еліміздегі үшінші мегаполис мәртебесін беріп, оны республикалық дәрежедегі дербес қала ету туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Содан кейін қыркүйек айында Елбасы Шымкентке келген сапары кезінде оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің мегаполис мәртебесін алған 19-маусым күнін қала күні ретінде белгілеу туралы ұсыныс айтқан болатын. Сол кезде ұсыныс қолдау тауып, көп ұзамай тиісті шешімдер қабылданған еді.
Жалпы қала күні мерекесінің осы датаға ауыстырылғанын жергілікті халық та жылы қабылдады.
Осы аптада Шымкентте қала күніне орай түрлі шаралар мен мерекелік жиындар өтті. Соның бірі «Астана Балет» театрының Шымкент төрінде өнер көрсетуі болды.
Қойылымдары тек өз елімізде ғана емес, шет елдерде де көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленіп келе жатқан «Астана Балет» театрының тарландары Шымкент тұрғындарына шетел туындыларын, заманауи және ұлттық хореографияның үздік үлгілерінен өрілген билерін ұсынды. Өнер ұжымының репертуарындағы «Махаббат» тақырыбындағы қойылымдарын көрермен селт етпей бір деммен тамашалады.
Тұрғындарды ерекше әсерге, керемет көңіл-күйге бөлеген «Астана Балет» театрының Шымкент сахнасында қойылған «Love Fear Loss», «A fuego lento» атты бір актілі балеттер мен концерттік бағдарламасы Қытай, АҚШ, Ресей, Еуропа елдерінің айтулы сахналарында көрерменнің зор құрметіне бөленгенін айта кетейік.

Елімізде мемлекеттік қызметтер ұсынатын телеграмдағы EgovKzBot-қа биыл бір жыл толып отыр.
Осы уақыт ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша қолға алынған мұндай қызмет түрінің көмегіне 17 мыңнан астам шымкенттік тұрғын жүгінген. Өз кезегінде оларға EgovKzBot арқылы 47 мыңнан астам қызмет түрі көрсетілген.
Бұл туралы журналистерге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің өкілі Алтынай Татаева мәлімдеген. Сонымен қатар ол, миллионнан аса тұрғыны бар Шымкентте EgovKzBot-тағы қызметтер мен сервистер саны 25-ке жеткенін алға тартқан.
Жалпы EgovKzBot-ты қолданушылар жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек брондап, өзін борышкерлер тізімінен тексере алатынын айта кетейік. Бот арқылы тұрғындарға наркологиялық, психоневрологиялық тіркеуде еместігі, туберкулезге қарсы диспансер есебіне алынбағаны жөніндегі анықтамалар да орталықтардан беріліп, дәрігер қабылдауына онлайн түрінде жазылуға мүмкіндік жасалған. Тиісті анықтамаларды бір минуттың ішінде алып, оны керекті электрондық поштаға жолдауға да болады.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің өкілі Алтынай Татаева:
– Тұрғындарға қажетті анықтамаларды ХҚО-ға бармай-ақ алуға болады. EgovKzBot Telegram-ботының тұрақты пайдаланушысы болу үшін азаматтар тек бір рет мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Мұны egov.kz электронды үкімет порталының жеке кабинетінде немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады, — деді.

М. Әбдірайым.

Шымкентте қоғамдық көлік қызметі бойынша қордаланған
проблемалар көп. Мәселен, қалада 27 көлік компаниясы бар.

Онда күнделікті арнайы кесте бойынша жолаушылар тасымалдайтын 1200 автобустың 50 пайыздан астамы барлық техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, жүргізушілер мәдениетінің төмендігі, кондукторлардың автобустарға адамдарды шамадан тыс толтыруы, тасымалдау қауіпсіздігінің барлық кезде қаперге алына бермейтіндігі, маршруттар кестесінің сақталмайтындығы, жолаушы ағыны аз жерлерге автобустардың бармай қалуы сынды мәселелер қоғамдық көлік қызметінің сын астында қалуына себеп болып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда жолаушылар тасымалымен айналысатын 27 көлік компаниясының 13-нің техникалары жалгерлік автобустар болып табылады.
Жыл басында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жолаушылар тасымалындағы осы және өзге де мәселелерді біржола шешіп, қоғамдық көлік қызметін жақсарту үшін 1000 автобустың жеткізіліп, муниципалды автобус паркінің ашылатынын айтқан болатын.
Осы аптада қала күні мерекесіне орай «Shymkent Bus» муниципалды автобус паркінің салтанатты ашылуы болды. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы қатысып әлеуметтік жобаның лентасын қиды. Бұдан бөлек, айтулы күнде жұмысын бастаған автобус паркіне Қазақстанда құрастырылған 300 жаңа автобус жеткізілді. Өз кезегінде қала әкімі жұмысын сақадай сай етіп бастауға қамданған муниципалды парк туралы былай деп пікір білдірді.
– Біз тұрғындарға берген уәдемізді орындадық. 300 автобус келді. Қоғамдық көлік – қаладағы ең өзекті мәселенің бірі. Жыл соңына дейін 700 автобус та келеді. Сол кезде барлық мәселені шешеміз. Жалпы, қалада қоғамдық көлік саласын реформалау басталды.
Су жаңа автобустардың 160-сы осы аптадан бастап халық игілігіне қызмет етуде. Ал қалған 140 автобус шілде айында Шымкентке жеткізіледі.
Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов өзінің инста-парақшасында тұрғындарға қолайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 1000 автобус Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан Даму Банкі-Лизинг» АҚ-ның арнайы бағдарламасы арқылы «Сарыарқа Авто Пром» компаниясынан сатып алынғанын мәлімдеген.
Жаңадан ашылған «Shymkent Bus» муниципалды автобус паркінде жолаушылар тасымалы және жолаушылар қызметі үшін тиісті жағдайдың барлығы қарастырылған. Яғни, онда жанармай құю бекеті, сервистік орталық, автожуу орны, жатақхана, медициналық пункт пен жүргізушілерге арналған асхана бар. Ал су жаңа автобустар болса ауа баптағыштармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған.
Қазақстанда құрастырылған автобустардың сыйымдылығы 56 адамға шақталған.
Қазіргі таңда Шымкентте күн сайын 500 мыңнан астам адам қоғамдық көлік қызметіне жүгінетінін айта кетейік. Жаңадан ашылған автобус паркі 3000 жұмыс орнының құрылуына негіз болмақ.

М. Әбдірайым.

Қазақстан көпұлтты мемлекет. Бір шаңырақтың астында күн кешкен ұлттар мен ұлыс өкілдері бір-бірімен жарастықты өмір кешкен жағдайда ғана біз табысқа кенеліп, жетістікке жете түсеміз.
Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы жолдауларында да, маңызды басқосулар мен айтулы жиындарында ұлттар арасындағы татулыққа жіті мән беріп, оны барынша сақтап қалуға көп екпін түсіретіні белгілі.
Соның нәтижесінде елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы ыдырамай, татулығына сына түспей, тату-тәтті күн кешуде.
Жуырда Шымкенттегі Абай саябағында қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Сабантой» мерекелік іс-шарасы сол сөзіміздің жарқын мысалы. Абай ескерткішіне гүл қоюдан басталған салтанатты жиында саябаққа жиналған сан адам татар және башқұрт халықтарының дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдарынан дәм татып, алдын ала әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Көздің жауын алар дүниелер қойылған қолөнер көрмесі де шараның мән-мазмұнын аша түсті. Тұрғындар татар күресі, арқан тарту, қол күресі сынды ұлттық спорт ойындарын да тік тұрып тамашалады.
Жиын кезінде Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ербол Байқонақов, қоғам қайраткері, қалалық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев және бірқатар этномәдени бірлестіктердің төрағалары құттықтау сөз сөйлеп, елдегі берекелі бірлікті сақтаудың маңызына тоқталды.
– «Сабантой» – көктемгі егін егу науқанының аяқталуына орай жасалатын ұлан-асыр той. Бұл егін егіп, көңілі жайланып, кең тыныс алған ағайынның көл-көсір қуанышын білдіреді. Іс-шара елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің берекелі бірлігін нығайтып, ынтымағын арттыра түседі, — деді қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухамедова.
«Сабантой» мерекесі жауһар мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Еңселі еңбектің белгісі, өркенді жемістің бастауы саналатын «Сабантой» Шымкентте 1990 жылдан бері тойланып келеді. «Сабантой» тек жиын ғана емес, ол барлық этнос өкілдерін «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» тату-тәтті өмір сүруге ұйытып келеді.

Шымкентте өндіріс өркен жаюда. Бұл үшінші мегаполистің шағын және орта кәсіпкерлік жұмысты бастауға, бизнес адымының ашылуына ең қолайлы аумақ екенінің тағы бір нақты дәлелі болса керек.
Осы аптада қаладағы «Тассай» индустриалды аймағында «Болашақ-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын бастады. Энергетикалық сусындар мен шырын шығаратын жаңа өндіріс орнының өзіндік құны – 1 млрд. теңгені құрайды. Өз кезегінде «Болашақ-7» ЖШС өнімнің 14 түрі бойынша айына 35 млн. дана сусын мен шырын шығаруды жоспарлап отыр.
Зауыттың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өндіріс орнын аралап көріп, ондағы жұмысшылармен тілдесіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Осы ретте жаңадан ашылған бұл кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айта кетейік. Өндіріс орнының басшылығы шығарып жатқан өнімдерді тек Шымкент қаласында ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де сатылымға жөнелтіліп жатқанын, тіпті дайындалған өнімдердің 30 пайызын Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар олар, шикізатқа өңіріміздің өнімдері қолданылатынын атап өтті.
Аталған өндіріс орнына «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Яғни, 2 га жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.