Маңызды

Қостанай облысында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына 20 тарихи-мәдени нысан енгізілді. «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар» санатында 18-ғасырда өмір сүрген Барақ Жанұзақұлы батырдың кесенесі де бар.

Қостанай облысының Сарыкөл ауданына келуші саяхатшылардың саны жыл сайын өсуде. Әсіресе, «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына алынған орындарға жұрттың қызығушылығы басым. Мұнда 1996 жылы салынған Барақ Жанұзақұлы батырдың кесенесі бар. Аталған нысан «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар» санатына енді. Өңір ақсақалдарының айтуынша, Барақ батырдың өмірге келуі туралы түрлі деректер бар. Барақ — Абылай ханның үзеңгілесі. Ол — атақты қолбасшы Қарабалуан Алдиярұлының үшінші ұлы. Төле бидің туған жиені, анасы Жасқаннан емшілік қасиет дарыған. Батырдың жерленген жері XVIII ғасырдың соңында көпшіліктің құлшылық ететін жері болды.
«Тарих кітаптарында Барақ батырдың 1717-1810 жылдары аралығында ғұмыр кешкені жазылған. Кесене сыртында да осы дата жазулы. Дегенмен, басқа тарихи деректерге сүйенсек, оның 1696 жылы туғаны көрсетіледі. Одан бөлек, нақты аса көп мәлімет жоқ, көбі ел аузындағы дәйексіз әңгімелер. Қазіргі айшықты кесенесі батырдың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған. Демек, оның 1696 жылы туғандығы қисынға жақынырақ», — дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Сағидолла Ғалиев. Деректерде Барақ батырдың 1740-1758 жылдары қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азату ету жолындағы шайқастарға қатысқаны айтылады. Емшілігімен, көріпкелдік қасиетімен халыққа танылған. Аттан құлап, белін, аяқ-қолын сындырған адамдардың сүйектерін орнына салып, теріге, киізге орап тез жазған-мыс. «Барақты халық қара күштің иесі деп таныған. Шайқастарда Барақ батыр қолбасшылық, тапқырлық, айлакерлік талантымен көзге түседі, тікелей өзі ұрысқа араласып, найзамен орыс казактарын бір соққаннан ер-тоқымынан домалатып түсірген. Сол кездерден бастап Барақ батыр туралы аңыздар тарала бастайды. Ол Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында талай ерліктерімен танылады, Абылай ханның жасағын басқарады. Ордабасы жиынына, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысып, Бұқар жырау жырында батырлар санатында аталады», — дейді Сағидолла Ғалиев.
Батыр туралы облыстық мәдениет басқармасының сайтында былай жазылған:
«Емельян Пугачев қозғалысына қатысушылар патша әскерінен жеңіліп, қаша жөнелгенде, бұл қалың топ қазақ жеріне өтіп кетсе, артынан патшаның жазалаушы отряды қуады, яғни Ресей мен ресейліктердің арасында қырғын соғыс қазақ жерінде болады» деп Абылай хан даналықпен болжаған. Осы келеңсіз жағдайды болдырмау мақсатымен Абылай хан Ресеймен шекарадағы бекіністерді қорғап қалуға екі топ сарбаздарды жібереді. Бір топты Шақшақ Жәнібек Тарханның ұлы Дәуітбай Тархан, екінші топтағы саны 2 мың сарбазды Қарабалуанның баласы Барақ батыр басқарады. Абылай ханның түпкі ойын бірінші түсінген Барақ батыр қазақ жері арасындағы бекіністерді қорғап, қазақ жеріне соғыс өртінің шықпауын қамтамасыз етті. Осы маңызды тапсырманы орындап келгені үшін Абылайхан Бараққа өте риза болып: «Өзің батыр, өзің әулие екенсің. Сені ел емші әрі батыр деуші еді. Мен «Әулие-батыр» деп айтамын», — деген екен. Барақтың әкесі Жанұзақ он екі жасқа қарағанда «Қарабалуан» атанған. Үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары жиналған үлкен аста кіші жүздің «түйе балуанымен» жекпе-жекте Жанұзақтың мәртебесі басым болады. Халық арасында Барақ батыр «Қарабалуан баласы» атанып кеткен деседі. «Айқап» журналының редакторы, ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің «Қазақ қай заманда Россияға қараған» деп аталатын мақаласында қазақ халқының Ресей империясының қол астына қарағанына қол қойған Әбілқайыр хан бастаған елу алты ру басы ақсақалдарының аты-жөндері көрсетілген. Қол қойғандардың қатарында Қарабалуан Алдиярұлы да болғанын деректер көрсетеді. Батырдың кесенесі Сарыкөл ауданы, Крылов ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан.
Ескі мазар Барақ батырдың туғанына 300 жыл толуына байланысты қайтадан жаңартылып, 1996 жылдың 13 шілдесінде ашылды. Мазардың сәулеттік құрылысы — порталды-күмбез. Іргесі тас кірпіштен тұрғызылған. Кіреберіс қақпасы керамикалық кірпіштен салынған. Күмбезі дулыға іспеттес пішінде, мырышталған темірмен көмкерілген. Барақ батыр 93 жасында дүниеден озған. Ұрпақтарына өсиет етіп: «Мені алып бара алсаңдар, Түркістанға Ахмет Ясауидің кесенесіне әкемнің жанына жерлерсіңдер. Егер алып бара алмасаңдар өз жерімнің шекарасына қойыңдар, ұрпақтарыма қорған болып жатармын», — деген екен. Жергілікті жұрттың айтуынша, Сарыкөл ауданында өтетін рухани шаралардың барлығы Барақ ескерткішіне тағзым етуден басталады.

«ҚазАқпарат».

Астана қаласындағы «Астана» концерт залында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Астана қаласы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне ән жазған елге белгілі ағайынды композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың «Әзірет қонған
Түркістан» концерті өтті.

Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.
«Хикметтер» симфониялық дастаны ұлы бабамыздың «Диуани хикмет» кітабын оқу барысында туған толғаныстарда және «Мәңгілік» дауыс пен симфониялық оркестрге арналған шығармада сазгер Ясауи ілімінің рухани маңыздылығына, тереңдігіне көңіл бөлінген. «Уа, жаратқан» дауыс пен оркестрге арналған романста Жаратқанның хақ екендігін, күнәларының кешуін, жауапты күннің келетіндігі туралы толғанса, «Қожа Ахмет Ясауи» туындысы ақын және симфониялық оркестрге арналған. Бейт-симфонияда автор жеке орындаушы ретінде ақынды таңдады. Себебі ол ұлы бабаның өз бейнесі іспеттес. Тыңдармандарға ұлы ұстаз, ақын өзі тіл қатып, хикметтерін халқына өзі оқып тұрғандай әсер береді.
Қазақстанда алғашқы рет кәсіби музыка тілімен хикметтерді насихаттайтын шығармашылық кеш — Қожа Ахмет Ясауидің соңында қалған телегей-теңіз рухани мұрасын жаңғыртуды мақсат тұтқан.
– Төрткүл дүниенің бас иіп, рухани орталығына айналған Түркістанның қадірі мен қасиеті барлық ұрпақты ойландырмай қоймасы анық. Бүгінгі кеш композиторлық жолымыздағы ең ерекше, өзіндік орны биік шығармашылықтың жемісі деп ойлаймын. Биыл «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Осынау тарихи кезең тұсында перзенттік үлесімізді Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін кәсіби музыка үнімен жеткіздік. Хикметтер жайлы жаңаша мазмұнды дүниені тудырып, ұрпаққа насихаттаудың жаңаша қырын қолға алу жөнінде екі жыл бұрын «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат досым ой салып, рухани тақырыпты зерттеп, музыка арқылы сөйлету жайлы ізденіс жанданды. Нәтижесін бүгін көрдіңіздер. Концертті алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында, сонымен қатар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасында өткізу жоспарда бар, — дейді Серікжан Әбдінұров.
Кеште Қ.А. Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің — «Ей, сопы», «Расулдың ризалығы», Павлодар қаласынан келген вокалдық квинтеттің — «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығармалары, қылқобызбен — «Диуани хикмет», баянмен — «Арыстанбаб», «Абыз», скрипка аспаптарымен — «Күй-толғау», дауыс және оркестрмен — «Уа, жаратқан», «Мәңгілік», оркестрмен — «Сүйінші», «Балбал», дауыс, флейта және хормен — «Яссы», симфониялық дастан — «Хикметтер», ақын және симфониялық оркестрмен — «Қожа Ахмет Яссауи» шығармалары бар.
Қазақстан композиторлық мектебінде рухани тақырыпқа алғаш рет ән жазған ағайынды композиторлар Түркістан облысы, Отырар ауданының тумалары.
– Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркістан жайлы ерекше тоқталғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған концертте ізгілік пен жақсылыққа жол сілтеп, рухани ұстаз атанған тұлғалар жайлы толғанымдар мен өмір жолдарын музыка арқылы дәріптеу мақсат етілген. Елімізге белгілі композитор, ағайынды Әбдінұровтар кәсіби музыка мен рухани құндылыққа бай хикметтерді үндестіріп, жаңаша жұмыс жасады. Кеш аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанға жасаған сапарлары мен рухани астана және Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен қолжазбалары жөнінде көрме ұйымдастырылды. Көрмеде қолжазбалармен танысқан астаналықтар сахнада түрлі аспаптар үнімен хикметтер жайлы тыңдады, — деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Астана концерт залының фойесінде 1-желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Елбасы және Түркістан» көрмесіне қорық-музей қорынан 60-тан астам жәдігер қойылып, үш бөлімге топтастырылды. Көрменің бірінші бөлімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовпен түскен фотосуреттері және 2018 жылғы Түркістандағы ресми сапарларынан сыр шертетін фотосуреттері экспозициядан орын алды.
Көрменің екінші бөлімінде әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналады. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі, ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері қойылды.
Көрменің үшінші бөлімінде Түркістан өңіріндегі киелі орындар мен тарихи ескерткіштер жайында фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Қазіргі таңда, 24000-нан аса жәдігері бар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи мұраларын сақтап, жинақтап келушілерге үздіксіз қызмет көрсетумен айналысады.
Айта кетсек, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, күні кеше ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі Ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына ел тағы да бір мәрте қанықты. Ұлы даланың ұлы есімдерін халық жадында мәңгі сақтау арқылы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін халық санасында жаңғыртып қана қоймай, қарға тамырлы қазақтың ғана емес түбі түркі дүниесінің рухани тарихының жаңа беттерін тануға жол ашылды деуге толық негіз бар.
Түркістанның рухани орталыққа және облыстық мәртебеге ие болуы Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты екендігі белгілі. Өз заманында-ақ халықтың ерекше ілтипатына ие болып, «Әулиелер Сұлтаны» атанған, кейінгі ұрпақтың да руханият әлеміндегі бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи артына баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырды. Ауызбірлігіне сызат түспей, қандай қиын қыстау жағдайда ниет біріктіре алған қазақ халқының тұтастығы Ясауи сілтеген татулық, мейірімділік жолынан бастау алады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» — деуі Әзіреті Сұлтанның рухани тұлғасын айқындай түседі.
Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Ата жолын ардақтаған әулие бабаларымыз да «Хақ Расулдың сүннетін, Қожа
Ахметтің міндетін – өшіре көрме жүректен!» деп біздерге аманаттайды.
Қожа Ахмет Ясауи жалпы түріктік мәдени және дүниетанымдық кеңістіктегі ішкі тұтастықты қалыптастырып, исламдық құндылықтарға негізделген философиялық-этикалық ар-ождан ілімін жүйелеген рухани тұлға.

М. САБЫР.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін Созақ ауданы тұрғындары салтанатты жағдайда атап өтті.
Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын болды. Жиынға аудан әкімі, әкімдік қызметкерлері, мұғалімдер мен тұрғындар қатысты.

Жиын барысы ұлттық күйлердің орындалуымен сарай залына аудандық мекемелерден, мектептерден, ұйымдардан жиналған көпшіліктің көңіл күйлеріне мерекелік сипат беріп, басталуында Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалуымен ашылып, құттықтау сөз аудан әкімі Полатов Салыхан Сабырұлына берілді. Аудан басшысы, Елбасының халықаралық дәрежедегі беделі, жоғарғы лауазымды қызметіндегі тұлғасы жайлы кеңінен айтып, еліміздің қазіргі уақыттағы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты халыққа Жолдауының жаңа экономикалық саясаттың маңызды стратегиясына назар аударды.
Сонан соң, аймақ басшысы ауданға еңбегі сіңген зейнеткер Сатан Махановқа, Әбіләкім Азнаевқа «Астана қаласына 20 жыл» мерекелік медалін, Құмкент ауыл округінің әкімі Абай Көбеновке облыс әкімінің Грамотасын, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, Созақ ауданының 90 жылдығына 90 мақала айдарымен әлеуметтік желіде ауданның тарихын насихаттауда ерен еңбек еткен Кәмілжан Рысметов, «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Роллан Әлжанов, аудандық Орталық кітапханың бөлім меңгерушісі, Созақ ауданының 90 жылдығына арналып шығарылған Созақ энциклопедиясының жауапты жинақтаушысы болған Гүлнар Өмірбек, «Қазақтелеком» мекемесінің бөлім басшысы Жақып Мұқымбеков, кәсіпкер Бағлан Сүгірбаев, «Жастар ресурстық орталығының» КММ басшысы Жеңіс Төлепбергеновке аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Салтанатты жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, аудан жастарының атынан Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Бауыржан Аманов көпшілікті құттықтады.
Мәдениет сарайының қызметкерлері тартымды жүргізген жиында аталған сарайдың өнерпаздары мен мектеп оқушыларының қазақ елі туралы патриоттық әндерін, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзіне жазылған «Үш қоңыр» әнін нақышына келтіре орындады.
Көтеріңкі көңіл-күйді қалыптастырған салтанатты жиын есте қаларлықтай жоғары деңгейде өтті. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінің алдында Тұңғыш Президент күніне орай концерттік бағдарлама қойылды. Аудандық өнерпаздар, мерекеге орай әннен шашу шашып, күй тартты. Аудан тұрғындары тамашалаған мерекелік концерт соңы жалпыxалықтық серуенге ұласты. Барлық ауыл округтер мен кенттерде мерекелік шаралар, дөңгелек үстел, қайырымдылық істер ұйымдастырылып, кіші футболдан, волейболдан, үстел теннисінен жарыстар өтті.

Нар Болат,
Созақ ауданы.


Қазіргі таңда елімізде дамыған отыз елдің қатарына қосылудың ауылын жақындата түсетін реформалар мен түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асып жатқаны белгілі. Солардың қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар. Жарияланғанына жылдан астам уақыт болған бұл бағдарлама әрбір адамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ілгері оздыратыны анық. Ең бастысы жұрт оны терең түсіне білуі қажет. Осы бағытта еліміздің барлық аумағында аталған бағдарламаны түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүруде. Сондай жұмыстардың басы-қасында жүрген қоғам белсенділеріне біз өз тарапымыздан төмендегідей сұрақтар бойынша сауалнама жүргізген едік. Оқып көрелік.
1. Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан бастап оны түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі жемісін берді деп ойлайсыз ба? Яғни, қоғам рухани жаңғырудың мән-мазмұнын, мақсат-мүддесін дұрыс түсініп, терең сезіне алды ма?
2. «Рухани жаңғыру» қоғамға қаншалықты жаңару алып келді?
3. Бүгінде Түркістан облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағытында түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Соның ішінде ауыз толтырып айтар жемісін беретін шараларды атап көрсете аласыз ба? Оның жұртшылыққа берері не? Нәтижесі қандай?
4. Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақтың туристік әлеуетін арттыратын шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, «Агро фест», «Сафари Шардара» және т.б. Сол жиындардың қатарында қай жоба Түркістан облысының туризміне тың серпін береді деп ойлайсыз?
5. Сіз үшін «Рухани жаңғыру» неден бастау алады?

Әсет ӘССАНДИ,
«Алтын алқа» баспасының директоры:

«Шетелдіктерді қызықтырамыз деп шетел сөздеріне әуес болып жүрміз»

1. Расында да, теледидарды қосып қалсаң – «Рухани жаңғыру», радионы тосып қалсаң – «Рухани жаңғыру», газетті ашып қалсаң – «Рухани жаңғыру», Facebook-ты басып қалсаң – «Рухани жаңғыру». Елбасы бізге ұсынған әдемі ойды біз науқангершілікке айналдырып алғандаймыз. Қазір қандай шара өткізілсе де, маңдайында «Рухани жаңғыру аясында» деген жазу тұрады. Ал, «Рухани жаңғырудың» аясы кең екендігінде ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Менің
пайымдауымша, рухани жаңғыру алдымен санамызға сіңу керек. Оның негізгі шарты – жасандылықтан өзімізді аулақ ұстап, әр ісімізді ұлттық салт-дәстүрімізге негіздеп, бабалар салып кеткен дара жолға оралу. Яғни, ұлттық болмысымызды жаңғыртып, ғасырлардан бері келе жатқан әдет-ғұрпымызды тірілтіп, көпжылғы бодандықтан тәтті ұйқыға кеткен санамызды оятып, нағыз қазақи бойымызды түзеп алуымыз қажет. Ал, «түсіндіру жұмыстары» деген – жоғары жақтарға есеп беру үшін ғана қажет нәрсе.

2. Бұрынғылар: «Қазақтың жаманы орыс болады» деп айтушы еді. Қалай ойлайсыз, мемлекеттік тіліміз әлі кенжелеп келе жатса, кей мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілімізді менсінбей, өз жұмысын Ресей тілінде атқарып жатса, қарамағындағы қызметкерлеріне: «Неге орыс тілінде жауап бермейсің?» деп ұрсып жүрсе, қандай жаңару туралы әңгіме қозғауға болады? Бұл – қазақтың қаймағы кеңес заманында да бұзыла қоймаған Шымкентте орын алып жатқан келеңсіздіктер. Ал, Солтүстік облыстарда не боп жатқанын елестетудің өзі қорқынышты. Көптеген басшы орындардағы шенеуніктеріміз: әкімдер, департамент басшылары, министрлер, Парламент депутаттары: «Мен – қазақпын, қазақ болып дүниеге келдім, қазақ болып өлемін!» – демейінше, қоғамымызда жаңару болып жатыр деп иегіміз қышымай-ақ қойсын!..

3.Түркістан облысы – түлеп, түрленіп келе жатқан еліміздің жаңа өңірі. Облыс биыл құрылды, оның тұңғыш әкімі болып ғалым-филолог Жансейіт Түймебаев тағайындалды. Жалпы ғылым қуалап жүрген адамнан жамандық шықпайды. Жансейіт Қансейітұлы – ауыл баласы. Яғни, ана сүтімен бірге бойына қазақы ауылдың жұпар иісі мен ыстық таба нанның тәтті дәмі сіңген абзал азамат. Оны біз ол кісінің күнделікті жұмысынан, күнделікті іс-әрекетінен байқаудамыз. Ол – ұлттың нағыз ұланы!.. Жаңа облыс құрылғалы бері өңірімізде өткізіліп жатқан көптеген шаралар – менің сөздерімнің дәлелі. «Шардара Safari»-ді есімізге алайық. Ондағы түйе жарыс мерекеге қатысқан азаматтарға қандай әсер қалдырды! Асанбай Асқаровтан кейін бұндай игі шараны ешкім ұйымдастырған емес. Облысымызда түйе және бие сүтінен құрғақ сүт өнімдерін шығаратын «Golden Сamel group LTD» ЖШС-нің іске қосылуы да көп нәрсені айғақтайды. Бұл өнім шетелдік туристерге де ұсынылмақ.
Күні кеше Түркістанда өткен Ауыл шаруашылығы фестивалі де дихандар мен малшылардың еңсесін бір көтеріп тастады. Мал бағу, егін егу – ұлтымыздың ата кәсібі екенін бүкіл дүние жүзі біледі. Мал болмаса, қазақ жоқ! Өкінішке орай, бодандық жылдары малымызды тартып алып, өзімізді қырып тастап, атылғаны – атылып, атылмағаны – аштық нәубеттен бақиға аттанған қазақпыз. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді енді жинайық
дедік. Бүкіл елімізде, аграрлық өңірлерде мал басын жеделдетіп көбейту саясатын жүргізу керек. Мал бағу – ежелден келе жатқан біздің дәстүрлі кәсібіміз. Үкіметіміздің осыған бағытталған «Сыбаға», «Серпін» сияқты бағдарламаларын түрлендіріп, көбейту қажет. Малшылар мен жермен жұмыс істейтін азаматтарға қайтарымсыз субсидияны көбейту қажет. Сонда ғана Алаш ұранды қазақ баласын ел етіп, туын тіктейміз. Осы орайда, облысымыздағы қам-қарекеттер, Жансейіт ағаның ауылға деген жанашырлығы іштегі үміттерімізді оятып келеді.

4.Түркістан деген қасиетті атаудың өзі туристерді тартатынына сенімім мол. Десек те, жол қатынасын, қызмет көрсету саласын ретке келтіріп, туристік базалар мен жайлы қонақүйлерімізді даярлап отыру шарт. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады», — дейді атам қазақ. Мәдениетімізді барынша көтеріп, туризм саласында жүрген азаматтарды сабырлылыққа үйретіп, тұла бойлары сыпайыгершілікке толу керек. Бұл орайда, Отырар, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек аудандарындағы қасиетті жерлер, көне кесенелер, «Алаш» тәрізді ауылдар өз септігін тигізеді. Бірақ, әттеген-айы сол, кейде шетелдіктерді қызықтырамыз деп шетелдік сөздерге әуес болып жүрміз. Неше түрлі «Fest»-терді олар бізсіз-ақ көріп жүр. Біз неге қарапайым «Қауын мерекесі», «Ауыл мерекесі», «Сайрам-серуен», «Жетісай-жол», «Түркістан-тұлпар» тәрізді ұғымдарды енгізбейміз? Мәселен, биыл Бәйдібек ауданында өткен үлкен бір тойымызды «Қымыз-фест» демей-ақ, қазақша «Қымызмұрындық» деп атадық қой! Бұдан ешкімнің есесі кетіп қалмағанын жақсы білеміз. Осы жағын естен шығармауымыз керек.

5. Әрине, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан басталды. Орыс тіліндегі балабақшадан соң, орыс мектебін тәмамдай салысымен, Ресей астанасы Мәскеуде жоғары білім алып шыққан мен үшін әу-баста желтоқсаншылар – нағыз бұзақы, нашақор, «бүйректен сирақ» шығарған жастар болып көрінді. Өзім – комсомолдың мүшесімін, қазақша сөйлемек түгілі, қазақша ойлаудан аулақ адам едім. Жазықсыздан жазықсыз қудаланып, сотталып, оқуларынан қуылып, атылып, белгісіз жерге көмілген жастардың (басым көпшілігі құрдастарым болатын) қаны қоя ма – «Әсет, сен қанша орысша сауатты болғаныңмен, ешуақытта орыс болмайсың, айнаға өзіңе қарап көр!» деп тұрғандай болды. Ой елегінен өткізсем, расында да, кіндік қаным қасиетті Қараспанда тамса, ата-бабаларымның сүйегі Қаратаудың етегі, Боралдайдың бойында жатса, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жаныма жақын болып, жүрегімді жылытып жүрсе, бұлай адасқаным жараспас деп, санам 100 пайыз ұлтыма қарай ойысты. Содан бері оқып шыққан қазақ әдебиеті, араласқан ұлтымыздың әдеби ортасы алдымен тілімді қазақшаға бұрды, кейіннен бүкіл жан-дүниемді қазақ етті. Одан соң қарапайым қазақ қызымен тағдыр қостым, алты перзентімнің бәрін де қазақ мектебіне бердім, тегімдегі «-ов»-тан ертерек құтылдым. Саяси алаңда да, шамам келгенше, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келемін.

Ғалымжан ЗИЯБЕК,
«Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы:

«Қоғамдық сананың жаңғыруы күрделі әрі қиын үдеріс»

1. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері түсіндіру, насихаттау бойынша мейлінше ауқымды жұмыстар, мақсатты іс-шаралар жүзеге асырылды. Қолдағы деректер бойынша Елбасымыздың бағдарламалық мақаласынын туындайтын міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін облысымызда 46 жоба түзіліп, 168 іс-шара ұйымдастыру белгіленген. Олардың барлығының халқымыздың рухани жаңғыруы тұрғысында айтарлықтай рөл атқарғаны күмәнсіз. Атап айтқанда, бұрынғы Кеңес Одағы кезін былай қойғанда еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттың өзінде табиғаттың топырағы мен құмы ғана емес, ой-сананың тұманы басып жатқан сандаған киелі орындардың қадір-қасиетін жаңа заман тұрғысынан қайта бағалап, қазіргілер ғана емес, болашақ ұрпақтың да рухани кәдесіне, қажеттілігіне жарату бағытында өлшеусіз жұмыстар істелуде. Мәселен, облыс көлеміндегі қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттардың ашылғаны бұған айқын мысал. Мұның үстіне, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 35 туристік нысанға арнайы тақтайшалар орнатылды. Бұл аз десеңіз, тиісті код арқылы нысандар бойынша үш тілде толыққанды мәлімет алу мүмкіндігінің жасалғаны да жоғарыда айтып өткен сан-салалы шаруалардың бір парасы екеніне күмән жоқ.
Нәтижесінде халқымыз Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдарды ақыл-ойымен қабылдап қана қоймай, өне
бойына, жадына сіңіріп үлгерді десек, оншалықты қателесе қоймасымыз шындық.

2. Рухани жаңғыру идеясы мен бастамасы қоғамның даму барысына мүлде жаңаша сипат беріп, Президентіміздің көрегендік саясатының болжампаздық қасиеттерін барған сайын айғақтай түсуде. Өйткені, онда айтылған даналық сөздер мен пайымдамалар жекелеген адамның ғана емес, тұтастай алғанда қоғамның жаңаша
сын-сипатының берік әрі сенімді негізі болып қалануда екеніне әрі мызғымас іргетасы боларына титтей де күмән жоқ. Жаңару, жаңғыру үдерісі толықтай аяқталды деуге әлі ерте. Өйткені, қоғамдық сананың жаңғыруы біршама дәрежеде күрделі әрі қиын үдеріс. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар мен жоспарлы іс-шаралар жалғасын табуы сөзсіз.

3. Бұл сұраққа мына тұрғыда жауап бергенді жөн санап отырмыз. Ауыз толтырып айтуға да, самаладай жемісі әбден көзге ұрып тұрғаны да «Туған жер» жобасы десек, дұрыс секілді. Мәселен, осы жоба аясында облысымызда кәсіпкерлердің қатысуымен құны 28 млрд. теңгеден асатын 428 нысан салыну межеленген болса, бүгінде оның 23-і іске қосылды. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың өлкенің тарихын кеңінен тану мақсатында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалғаны да айтарлықтай елеулі оқиға деуге болады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени, сәулеттік және археологиялық ескерткіштердің фотоальбомы жасалғанын мақтаныш етуге тұрарлық құбылыс десек орынды.

4. Аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатындағы шаралардың барлығының маңызы зор деп санауға болады. Мейлі ол «Агро фест» болсын, мейлі «Сафари Шардара» болсын, бұлардың барлығы мән-маңызы да, халыққа тигізер мағлұматтық-танымдық әсері де үлкен шаралар болып табылады. Ал, біздің ойымызша, осындай танымдық, қызықты да ауқымды шаралар барынша сан түрлі болып жатса, бәсекелестік тұрғыдан өркендей түспек әрі халқымыздың рухани тұрғыдан түлей беруіне ықпалы да ересен бола бермек.

5. «Рухани жаңғыру» ең әуелі біздің өзімізден бастау алу керек. Қоғамды жаңғырту үшін мен не істей аламын деп ойлану керек. Әрине бүгінгі ұрпағымызға келер күннің аманатын, ата-баба салтын сақтаудың қажеттілігін үйрету бізге артылған міндет. Бала айтқаныңды емес көргенін істейді демекші оларға үлкен тәлім-тәрбиенің үлгісін өз шаңырағымызда үйретуіміз қажет. Ескіліктің есті тұстары мен жаңашылдың жақсы жақтарын олардың бойына сіңіре білуіміз қажет. Елбасымыздың келер жылды «Жастар жылы» деп белгілеуінің де үлкен себебі бар. Өйткені біздің ертеңіміздің, болашағымыздың кілті рухани құндылыққа бай, білімді жастардың қолында. Сонымен қатар ана тіліміз үстем болса руханиятымыз да бай болатыны сөзсіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы Елбасымыз бізге зор сенім білдіріп, жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан да сол жауапкершілікке атсалысу біздің әрбіріміздің басты міндетіміз.

Мұхтар ТӨЛЕПОВ,
Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:

«Жаһанданудың жақсы тұстарын меңгеру ләзім»

1. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртудың мазмұнын құрайтын бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлік, дамудың ұлттық моделі сынды бағыттарды белгілеп берді. Елбасы бастамасы бүкіл қоғамның қолдауына ие болып, мақалада айтылған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар бойынша жасалып жатқан жұмыстар нәтижелі және де өз жемісін беруде. Қоғам «Рухани жаңғырудың» мән-мазмұнын, мақсат-мүддесін толық білді, түсінді деп айтуға әлі ертерек. Біз сол үшін өз күшімізді салып, алдағы уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай еңбек етуіміз керек.

2. «Рухани жаңғыру» қоғамның дамуына тың серпін беріп, барша Қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Қазақстандық патриотизм арқылы Отан, Туған жер туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда елжандылық сезімді дамытуға ұлттық салт-дәстүрді сақтау сияқты сезімдерді оқушылар бойына қалыптастырып өсуде. Осының өзі жаңарудың бастамасы деп ойлаймын.

3. Қоғамдық сананы жаңғырту жобасы барысында елімізде қаншама тың жобалар жолға қойылып, жаһандық дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеміз. Осы тұрғыда еліміздің әрбір аймақ пен әрбір өңірлерінде тыңғылықты істер атқарылуда. Соның ішінде Түркістан облысының алар орны ерекше.
Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен мектеп кітапханаларында «Лидер Reader ON» кешенді іс-шарасы өткізілді. Оқушылар сабақты ашық аспан астында оқыды. Бұл іс-шараның жұртшылыққа берері көп. Білімділікке, тәрбиелілікке, көзі ашық, көкірегі ояу азамат, азаматша болуына жетелейді. Киелі, қасиетті орындарға мектеп оқушылары барып, танып білді.

4. Аталған іс-шараның қай-қайсысы болмасын жаман емес. Жақсы бастама. Облысымызда туристердің таң қалдырып, таңдайын қақтырар жерлер жетерлік. Тек жарнамалау жағы әлі де әлсіз екенін мойындағанымыз дұрыс болар. Қаншама ақпараттық заман болғанымен көптеген нысандарымызды шетелдік туристерден бұрын ел тұрғындары білмейтіндері қаншама. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты одан да жақсарта түсу үлкен еңбекті талап етеді. Шағалалы Шардарада өткізілген «Сафари Шардара» шарасы жақсы өтті. Қызыл құмы да, суы да ерекше. Қазан айында өткізілсе де тамызды еске салып тұрды.

5. Рухани жаңғыруды әлі де түсінбей келе жатқандар бар. Әр қазақ «Рухани жаңғыруды» өзінен бастауы керек. «Рухани жаңғыру» отбасынан, ананың әлдиінен, ана тілімізден, бай тарихымызды білуден, ғажап әдеп-ғұрпымызды сақтаудан, атадан келе жатқан салт-дәстүрімізді тірілтуден және жаһанданудың жақсы тұстарын меңгеруден басталады.

Сауалнаманы жүргізген:
Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

– Бахыт Нәсірханұлы, жері жазиралы Мырзашөл өңірі биыл Мақтарал, Жетісай деп екіге бөлінгені белгілі. 21 жыл бойы бір терінің пұшпағын илеп келген аудандардың өз алдына бөлек ту тігуі қалай өрбіді?

– Ағымдағы жылдың 6-маусымында Елбасының «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер туралы» Жарлығы негізінде іріленген Мақтаарал ауданының орнына Мақтаарал мен Жетісай аудандары құрылғаны белгілі. Мемлекет басшысы осылайша ауданның тарихи құрылымын қалпына келтіріп, мақталы өлкенің болашағын айқындап берді. Соның арқасында 21 жыл бойы назардан тыс қалып, көптеген бағыттары тұралап қалған Мырзакент, Атакент кенттері мен ауданға қарасты 11 ауылдық округтің дамудың оң өзгерістеріне бет бұруына негіз қаланды. Жұрт сарыла күткен Елбасының бұл шешімінің арқасында аудандағы білім, мәдениет салаларына мән кіріп, бизнестің адымы ашылып, өнеркәсіп өрісінің кеңеюіне қол жеткізетін боламыз. Халқы еңбекқорлығымен ерекшеленетін ауданымыз туралы бір кездері мемлекет басшысы «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның жүрегі» деп баға берген болатын. Өз кезегінде ел президентінің бұл сөзінен осы жерде мекен ететін қалың қазақ қауымы шабыт алады.

– «Ауылы аралас, қойы қоралас» болған аудан екігі бөлінгеннен кейін, Сіздердің бөлек аудан ретінде өз жұмыстарыңызды жолға қоюларыңыз оңай-оспақ жұмыс болмағаны белгілі…
– Бюджетімізді нақтылау кезінде біраз қарбалас орын алды. Құрылып жатқан нысан біздің аумаққа тиесілі болса, оның тіркелген жері Жетісайда болды. Қаржыны игеру кезінде де түсінбеушіліктер кездесті. «Ақылдасып пішілген тонның келте болмайтыны» сынды, кеңесіп жұмыс жүргізудің нәтижесінде ол мәселелердің оябы табылды. Кадр төңірегінде де біраз толқулар орын алды. «Іс тетігі кадрда». Онсыз жұмыс алға баспайды. Ал сәулетші, құрылысшы сынды машықты мамандардың көпшілігі Жетісайда қалды. Дегенмен де оны желеу етіп, жұмысты тоқтатып қоюға құқымыз жоқ. Сондықтан іріктеу, іздеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті кадрлардың барлығын тауып, тағайындадық. Соның негізінде бұрынғы Мақтаарал ауданы әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінде басшы орынбасарлары болған мамандар, жаңадан құрылған Мақтаарал ауданы әкімдігінде бөлім басшылары болып бекітілді. Жалпы ауданның қайта құрылуы біраз маманның бағын ашты. Өзіміздің әкімдік ғимаратымыз жоқ. Жуық арада өз ғимаратымызға көшетін боламыз. Бұл қиындықтардың барлығы өткеннің еншісінде қалып, оған салауат айтатын күн боларына сенімім мол.


– Қазір ауданның сипаты қандай?

– Жер көлемі 80 970 гектарды құрайтын жаңа ауданда 131 мыңнан астам тұрғын бар. Аудандағы 69 елді мекен 2 кент, 9 ауылдық округке біріктірілді. Көпұлтты саналатын ауданның 75,9 %-ын қазақтар, 10,4 %-ын тәжіктер, 7,9 %-ын өзбектер, 2,1 %-ын орыстар, қалған 3,8 %-ын басқа ұлт өкілдері құрайды. Осы ретте көпұлтты болудың артықшылықтары туралы айтып өткенді жөн көріп отырмын. Мәселен, біз тәжік ағайындардан еңбекқорлықты, өзбек ағайындардан диқаншылықты үлгі етеміз. Бұл тұрғыда олардан үйренеріміз көп. Мысалы, олар бір гектар мақта алқабынан 30-35 центнерге дейін өнім алады. Тиісінше олар да біз арқылы қонақжайлылық, кеңпейілділік сынды қасиеттерді бойына сіңдіруде. Қоян-қолтық қарым-қатынастың арқасында жоғалтқанымыз табылып, барымыз базарлы бола түсетініне сенім мол. Бұл тұрғыда аудандағы славян, тәжік, өзбек, кәріс, әзірбайжан этномәдени орталықтарына артылған жауапкершілік жүгі зор.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қалай қорытындыланып жатыр?
– 2018 жылдың 9 айында Мақтаарал ауданындағы ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 11 113 млн. теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімі 6955,7 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы 4099,5 млн. теңге, ауыл шаруашылық қызметтерінің өнімі 57,8 млн. теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 5527,1 млн. теңге болса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4481,3 млн. теңгеге жетті. Қазіргі таңда ауданда 15 ірі өнеркәсіп орны жұмыс істеуде. Олар «Мырзакент мақта зауыты», «Оңтүстік Жарық Транзит (Мырзакент)», «ЕЛСУ», «COTTON МАҚТА», «Прогресс-2009», «Береке ММА», «Soldatos», «Оңтүстік Жарық Транзит (Атакент)», «Мегагорстрой» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері, «Мақта келісім-шарт корпорациясы» АҚ, «КазТрансГаз аймақ» АҚ, «Бахтияров» ЖК, «Мақтаарал» ӨККШ, «Мақтаарал и К» ӘКК, «Кудияров и К» ӨК-тері. Бұл кәсіпорындардың барлығы да ауданымыздың бюджетіне салық түсіріп, өңірді дамытуға үлкен серпін береді.

– Бірер жыл бұрын облыстың барлық аудан қалаларында индустриалды аймақтар құрылған. Сол кезде бұл бастама Мақтарал ауданыныңда да іске асқан. Іріленген Мақтарал ауданында құрылған сол индустриалды аймақ Сіздерге мұра болып қалды. Енді онда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары қалай жүруде?
– Биыл Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында 1 жоба іске асып, «Soldatos» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты салынды. Оның құрылысына 300 миллион теңге жұмсалды. Зауыт сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдерін өндіріге қауқарлы. Жоба арқасында 50 адам жұмыспен қамтылды. Келесі жылы 2 жобаны қолға алу жоспарлануда. Біріншісі, «Раджапов» жеке кәсіпкерлігінің «Полиэтилен өнімдерінің өндірісі». Жобаның жалпы құны 200 миллион теңге. Ол өз жұмысын бастаса, жаңадан 36 жұмыс орны ашылады. Екіншісі, «Айбек» шаруа қожалығының медициналық мақта өнімдерінің өндірісі. Ол үшін индустриалды аймақтан жер бөлінген. Жобаға 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорын 28 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Егер шаруа қожалығы істің көзін таба алатындығын дәлелдесе, жылына 2 миллион дана медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады.
Арғы жылы тағы 1 жоба атап айтқанда, «Asi Metall Grup LTD» ЖШС-нің темір өндіру цехына 400 миллион теңге инвестиция құйылуда. Аталған цех іске қосылса, 60 адам дәл осы жерден отбасылық ырыздығын табады. Осы төрт жобаның негізінде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, нәпақа таппақ.

– Ауданның басшысы ретінде Сізге артылған ұшан-теңіз жауапкершілікті ақтау мақсатында қандай жоспар-жобаларыңыз бар? Жалпы ауданның экономикалық даму мүмкіндігі туралы не айтасыз?
– Біз шаруалар жұмысының жандануына қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның кіре берісіндегі Азаттық ауылынан заманауи үлгідегі сауда логистикалық орталығының құрылысына 9 гектар жер телімін резервке алдық. Келешекте сол орталықта тиісті талаптарға сай жеміс-жидек сақтау, уақытша сұрыптау қоймаларын, мұздатқыш камераларын, жүк көліктеріне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасын салуды көздеп отырмыз. Бұл ауқымды жобаға қажетті қаржыны шоттың тасына салып есептеп те қойдық. Бас-аяғы 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция қажет. Соған сәйкес оған инвесторларды тауып үлгердік. Соның негізінде жалпы құны 750 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаға 5 гектар жер беріліп отыр. Ол жобалардың жобалау-сметалық құжаттары рәсімделді. Соның негізінде «Бахтияров» жеке кәсіпкерлігі аталмыш орталықтан автопаркинг, электронды таразы, жүк сақтау қоймалары, тұрақжай, құжаттандыру орталығы, қонақ үй, асхана, сауда үйі, авто жуу нысандарын салады. Құрылыс жұмыстары басталды. Екінші жоба бойынша «МегаГорСтрой» ЖШС автотұрақжай құрылысының бірінші кезеңін аяқтады. Алдағы уақытта бұл компания көкөніс қоймасын, қорапша шығаратын цех, қонақүй нысандарының құрылысын жүргізбекші.
Мақтаарал ауданында Ұлы Жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы
магистрал дәлізі бар. Осы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуда мүмкіндігіміз мол. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен, қазіргі таңда жай халық арасында «бетонка» деп аталып кеткен жол бойында «Сапар» базарын қайтадан дамытсақ – ауданда он мыңға жуық адамды жұмыспен қамти аламыз. Осының бәрін ескерсек, жаңа Мақтааралдың экномикалық даму мүмкіндігі өте жоғары деп айтуға болады.

– Мақтааралда коммуналдық мәселелердің жай-күйі қалай? Ауыз су азабын тартып отырған халықтың мұңын, көгілдір отынға қол жеткізе алмай, жарыққа жарымай жатқандардың мәселесін шешу қалай реттелуде?
– Қазіргі Мақтаарал ауданы 21 жыл бойы бір шетте қалып қойып, дамуы жағынан сәл кенжелеп қалғанын жоғарыда атап өттік. Сондықтан да ауданда ойдым жолдан әуре сарсаңға түскен, газға қол жеткізе алмай көңілдері жаз болмай жүрген тұрғындар жетерлік. Одан өзге оларды әбден ескірген әлеуметтік нысандардың қазіргі ахуалы мазалайтыны рас. Осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізу үшін біз тиісті мекемелерге ұсыныстар дайындаудамыз.
Бізде 69 елді мекен бар болса, соның 27-не газ тартылған. Жалпы бюджеттік инвестициялар арқылы іске асырылатын жобалар аясында аудан аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету желілерінің құрылысына 2018 жылы 9 нысанға 782,7 млн. теңге, 2019 жылы 10 нысанға 1435 млн.теңге, 2020 жылы 24 нысанға 2246,6 млн. теңге қаралып отыр. Сол сияқты ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысына 2018 жылы 2 нысанға 40,0 млн. теңге, 2019 жылы 8 нысанға 523,8 млн. теңге, 2020 жылы 4 нысанға 468,7 млн. теңге бөлінген. Ал, электр мәселесі бізде толықтай шешілген.
Биыл Мақтааралда құрылысы жүрген 4 мектеп ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, жалпы құны 60 млн теңгені құрайтын 2 ауылдық округтің әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталды.
Республикалық бюджет есебінен 1 140 676,0 мың теңгеге Иіржар ауылдық округі, Дихан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы 600 оқушыға арналған 1 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Облыстық бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Мырзакент пен Атакент кенттерінде жаңадан 2 емхана бой көтеруде.
Осы жылы мектепке баратын жалпы ұзындығы 3,15 шақырымды құрайтын 4 көше мен аудандық маңызы бар 5 көше жөнделуде.

– Өткен жылдың басында Мақтаарал ауданында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар ауылдарды қызыл су басқан. Бұл жағдайға су тораптарының дұрыс жұмыс істемеуі кері әсерін тигізген болатын. Соған сәйкес ауданда дренаждар мен коллекторлық жүйелердің жұмыс істеуін жолға қою жағын қолға алу мәселесі назарға алынған еді…
– Негізгі күн көрісі ауылшаруашылық өнімін өңдеу болып табылатын ауданда 40 мың гектар жердің құнарлығын арттыру үшін ПУИД-2, ПУИД-3 жобалары арқылы тік дренаждарды ұңғымалардың құрылысы мен коллекторларды тазалау жұмыстары қарқын алған. Мұның өзі біршама тұрғындарымыздың талап-тілегін қанағаттандырады.

– Мақтааралдың ауыл шаруашылық саласын бір тұжырымдап кетсеңіз? Неге қол жеткіздіңіздер? Жете алмай қалған тұстарыңыз не болды?
– Биыл ауданда 70 мың гектарға жетеқабыл жерге егістік егілсе, соның 38 593,2 гектарына мақта дақылы себілген. Айта кету керек, ақ алтын шаруашылығы – мақтааралдықтардың ата кәсібі. Сондықтан, бұл кәсіпті дамытуға біз жіті мән береміз. Өздеріңізге белгілі, былтыр мақташылар мақта зиянкестерінен жапа шекті. Алайда, биыл ерте дабыл қағылып, еңбекқор шаруаларымыз тиімді әрекет жасағандықтан, зиянкестермен күрес сәтті жүріп, өнім алу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама тәуір болды. Бұл бағытта зиянкестермен күресу бойынша шаруаларға арналған семинарлар мен өзара тәжірибе алмасу жұмыстарының қолға алынуы, яғни, алдын ала жүргізілген түсіндіру шаралары сүбелі пайдасын тигізді.
Бүгінгі таңда ауданда мақта теру маусымы бітуге шақ қалды. Шаруалар гектарынан орташа есеппен 25 центнерден өнім алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 96 511 тонна ақ ұлпа келіп түскен. Жиын-терім науқанына барлығы 347 терімшілер бригадасы мен 113 комбайн қатысты. Ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет қызмет көрсетуде. Зауыттардың ішінде ТМД-да теңдесі жоқ саналатын «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты 120 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Бұдан бөлек биыл мақтааралдық диқандар 316 мың тоннадан астам бақша дақылын, 9 мың тоннаға жуық күріш, 298 тонна маш, 19 471 тонна дәндік жүгері, 10 724 тонна сүрлемдік жүгері, 2 тонна сарымсақ, 250 тонна пияз, 3 730 тонна қызанақ, 4 165 тонна қияр, 129,5 тонна сәбіз, 1 244 тонна баклажан, 760 тонна болгар бұрышын өндірді.

– Жуырда облыс шаруалары жылды қорытындылады. Соның негізінде «Агрофест – 2018» шарасы өтті. Онда еңбегімен көптен озған аудандар мен шаруалардың есімдері айрықша аталып өтті. Жалпы осы жылда ауданда ауыл шаруашылығы бойынша Мақтааралдың мерейін үстем еткен көрсеткіш бар ма?
– Биыл балдай тәттілігімен көптеген елдерді мойындатқан Мақтаралдың «Мырзашөл» атты қауыны Ресей мен Беларуссияға жеткізіліп, одан әрі қарай ресейлік кәсіпкерлер тарапынан Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалданады. Сондай-ақ, мақтааралдық диқандар өндіретін басқа да дақылдар экспортқа шығарылды. Жергілікті диқандар үшін де, ортада жүрген алып сатарлар үшін де бақша өнімдерін экспортқа шығару ауданымызда тиімді бизнес ретінде өріс алды. Осы еңбегіміздің арқасында Мақтаарал ауданы жыл қорытындысы бойынша облысымызда «Үздік ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттаушы аудан» номинациясымен марапатталды.

– Биыл Жетісай мен Мақтарал ауданы бірігіп «Қауынфест» шарасын өткіздіңіздер? Жалпы бұл шара шаруалардың жұмысын жандандырып, диқандардың дәрежесін бір көтеріп тастауға негіз қалағаны рас. Бұдан өзге тағы қандай нәтиже береді деп ойлайсыз?
– Аграрлы аудан болғандықтан, Мақтааралда шығатын мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады. Ал, сол мақтадан 800 түрлі атап айтқанда, тоқыма кластері бар, медициналық заттар, мақта майы т.б. сынды дайын
өнімдер шығаруға мүмкіндігіміз бар. «Қауынфест» шаруаларға осы бағытта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыты ретінде дайын өнім жасауды және оны экспортқа шығаруды дамытуға, соны қолға алуға шабыт сыйлады.
Мақтаарал – қауынның да отаны. Бір кездері бүкіл Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына «Ақ алтын өндіру заводы» деген атпен танылған Мақтарал ауданының шаруалары соңғы жылдары бақша дақылдарын өсіруге жаппай бет бұруының арқасында, ауданды мақтаның ғана емес, қауынның да отаны етуге қол жеткізді. Бұл жалпыға белгілі жағдай болғанмен, кең көлемде дәріптеліп, мойындалмады. «Қауынфесттің» арқасында мақтаралдық диқандардың қауын өсіруді шебер меңгергені облыс тұрмақ, тұтас елге үлгі ретінде таралды.
Бұл шарада қауыннан жасалатын тағамдардың, өнімдердің түрлері көрсетілді. Жергілікті кәсіпкерлерге ұсыныстар жасалды. Енді сол арқылы өңірге инвестиция тарту көзделуде. Ол үшін Алматы технологиялық университетінен, Ташкент қаласынан қауын-қарбыздан дайын өнім жасайтын мамандарды, кәсіпкерлерді шақырдық.

– «Ұлы даланың жеті қыры» бойынша ауданда түсіндіру жұмыстары қолға алынды ма? Жалпы Сіз осы мақаладан не түйдіңіз?
– Бұл мақала Алаш көсемдерінің «Оян қазақ!» деген ұранының жалғасы деп түсіндім. Біз осыдан бірер жыл бұрын «Қазақ хандығының 550» жылдығын кең көлемде атап өттік. Сол кезде «қазақтың тарихы бар болғаны бес жарым ғасырды құрайды екен» деген кертертпа пікірлер кесе көлденең тартылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы солай деп жаңсақ пікір танытқандарға қарата айтылған дәлелді жауап болды. Мақалада қаншама ғасырлар бұрын өркениеттің өзегі болған дәстүрлердің Ұлы дала жерінде қолға алынғаны айтылады. Бұл біздің ата-бабамыздың мықтылығын, парасаттылығын, зерделі болғанын аңғартады. Ол жерде көрсетілген жеті қырдың барлығы тарих толқынында әбден дәлелденіп, зерттелгені анық. Бұл біздің тектілердің ұрпағы екенімізді терең сездіруге, ендігі кезекте соған лайық еңбек етіп, тірлік тындыруымызға үндейді. Бұл мақала арқылы Елбасымыз өткен тарихымызға терең үңіліп, ата-бабаларымыздың дәстүрін дәріптеуді алға тартады. Өркениеттің ордасы болған Ұлы далада ұлы іс тындыруға шақырады. Бұл тұста өскелең ұрпақтың тарихымызды терең тануының маңызы зор. «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген. Елбасының бұл мақаласы жастарымыздың тарихымызды терең тануына зор серпін беретіні сөзсіз.

– Ауданның Ноу-хауы яғни, негізгі ерекшелігі не?
– «Ақ мақтаны алтын қолдар өсіреді» демекші, біздің басты байлығымыз – ақ алтын мен қолы берекелі еңбекқор халқы дер едім.

– Сөз соңында ауданды дамыту бағытында өзіңіздің көңіліңіздің өрінен шыққан тың ойларыңызды тілге тиек ете кетсеңіз?
– Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таптаурын болған тірліктердің сүрлеуімен жүре бермей, жаңа өзгеріске, дамуға бастайтын бастамаларға бет бұруды меңзегені белгілі. Біздің аудан аграрлы, соның ішінде мақта өсіру бойынша облыс бойынша алға шыққан аумақ ретінде белгілі. Диқандардың басым көпшілігі ақ алтын өсірумен айналысады. Бірақ қазір технология дамыған. Кезінде адам қолымен бірнеше күн қатарынан атқарылған жұмыстар, дәл қазіргі таңда техниканың арқасында қас қағым сәтте тындырылып жатыр. Қолы берекелі көптеген диқандар сол мүмкіндікті пайдаланғанмен, өз уақытын дұрыс қолдана алмай жүр. Барлығы емес әрине, көпшілігі. Неге тек мақта егіп қана қоймай, өзге де істерге мойын бұрмасқа? Мәселен, мал бордақылау алаңдарын салуға олардың қарымы да қабілеті де жетеді. Жылыжайды да жайқалтып жіберетін шамалары бар. Осы бағытта қазіргі таңда ауданда түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Өзім ауданның барлығын аралап, мал бордақылаумен айналысып жүрген отбасыны, балабақша салып жатқан адамды, жылыжаймен шұғылданып жүрген шаруаны кезіктірдім. Қуандым. Әкімдік тарапынан олардың бұл бизнесінің адымын ашуға жәрдем берсек, ұтарымыз көп. Осыдан біршама уақыт бұрын бізге ҚР Премьер-министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев іс сапармен келді. Сол кезде ол мақтаның бір гектарынан 2-2,5 мың доллар табыс түсетінін, ал жеміс жидектен 30-40 мың долларға дейін пайда табуға болатынын баса айтқан-тын. Осы мақсатта тиісті жұмыстарды жүргізбекшіміз.
Сонымен қатар, ауданның орталығы Мырзакентті абаттандыру ісіне екпін беріп, оның келешектегі эскизін жасадық. Соған орай оның жолдарын заман талаптарына сай ету, қазіргі паркті қайта қалпына келтіріп, айналасына веложол, серуен жол салмақшымыз. Көгалдандыру бағытында да қарқынды жұмыстарды қолға алуды көздеудеміз. Жергілікті халықтың көпшілігі жаз маусымында шомылу үшін Шардараға барады. Неге ауданның өзінің жағажайы болмасқа? Эскизде осы мәселеге мән берілген. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың талабын қанағаттандыру үшін, және туу көрсеткішінің жоғарылығын ескере келе 120 гектар жерге көпқабатты үйлер түсіруді жоспарға енгіздік.
«Қиялымыз көкте, өзіміз жердеміз». Дегенмен де бюджеттен қаржы бөлінсе алға қойған бұл тілектердің орындалатынына сенімім мол.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында ауданды көркейтуге өз қолы өз аузына жеткен кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр ма?
– Елге белгілі «Қазақмыс» компаниясының басшысы Ким Володия осы Мырзакенттің тумасы. Жуық арада мен сол азаматпен жолығып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алға тартып, өзіне тиесілі компаниясының бірді-екілі фирмасын ауданға тіркеуге көндірмекшімін. Мақсат аудандағы салық түсімінің көлемін ұлғайту. Кез келген адамның туған жерге деген көзқарасы ерек қой. Егер ұсынысымды екі сөзге келмей қабыл алып жатса қанекей.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқандар:
Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ,
С. ЖҮНІСБЕКОВ.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жуырда жарияланған мақаласы «Мен қазақпын!» деген әрбір Алаш ұрпағының бойына қуат, көңіліне шабыт шапағын шашты. Мақалада өркениеттің бастауы алғаш рет Ұлы дала жерінде қолға алынғаны тарихи деректермен, дәйекті дәлелдермен сары майдан қыл суырғандай етіп көрсетілген.

Мазмұны мен мәні, міндеті мен мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деуге әбден лайық бұл мақалада айтылған ойлар мен тұжырымдар рухани жаңғыруға бет бұрған қазақ елінің тарихи санасының жаңғыруына да серпіліс береді. Ұлт көшбасшысы аталған мақала арқылы қаншама мың ғасыр бұрын құт дарыған қазақ жерінде Қамбар ата төлінің ең бірінші болып қолға үйретілгені, қолөнердің ең қиын әрі күрделі түрі саналатын темір балқыту, одан бұйым жасаудың қыр-сыры жолға қойылғаны, түркі әлемінің бесігі саналғаны, Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғаған алтын көпірдің орналасқан мекені болғаны, нақ осы ұлан ғайыр жеріміз алма мен қызғалдақтың отаны саналатыны бір ізге түсіріліп баяндалған. Қарап отырсаңыз мұндай мүмкіндіктердің Ұлы дала жерінде жолға қойылғаны ата-бабамыздың табиғат берген ерекше ырыздықты өзінің дарындылығымен, мол зердесімен даму үдерістеріне ұтымды ендіре алғанына анық көз жеткізесіз. Терең түсіне білсеңіз жазиралы Ұлы дала жерінде осындай игіліктердің бастау алуы адам бойынан табандылық пен талмай, тынбай ізденуді талап етері сөзсіз ғой. Мысалы, Елбасы өз мақаласында Ұлы даланың жетінші қыры ретінде оның алма мен қызғалдақтың отаны болғанын алға тартады. Ал алма ағашы өз балаңдай күтіп баптасаң ғана мәуелі жеміс беретіні бесенеден белгілі емес пе? Бұл біздің бабаларымыздың бел бүгіп, еңбек етуден шаршамайтынының, әрдайым қызған еңбектің бел ортасында жүрген бейнетқор болғанының жарқын мысалы. Ал әлемде ең нәзік гүл болып саналатын, кез келген жерге тамыр тартпайтын қызғалдақтың дәл осы Ұлы дала жерінде жайқалып өсуі сол заманғы түбіміздің жан дүниесінің ізгілікке құмар, сұлулыққа ынтық, талғампаз болғанынан хабар беретіндей.
«Жақсының хаты өлмейтіні» сынды жылдар жылнамасына жазылған, тарих қойнауына кеткен игі істің барлығы ертелі кеш дәл осылай ұрпақ жадында жаңғыратыны, сөйтіп, олардың болашаққа бағдар алуына сеп болатынына бүгінгідей көз жеткізуіміз Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан алған әсеріміз дәлел болса керек. Ұлтты ұлы істерге бастауға ұмсындырған сол бағдарымыз бойынша баянды бастамаларды лайықты түрде қолға алуда бізге артылған жауапкершілік ұшан-теңіз.
Азаттықтың ақ таңы атқаннан бастап Қазақстан тарихында түйіп, түйіп айтар игі жаңалықтар мен айтулы оқиғалар легі көп болды. Бұл тұрғыда ой өрбітсек сөзіміз тым ұзарып кетеді. Сондықтан да, алысқа бармай-ақ, осы жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып қайта құрылуы, оның орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілгені, ал Шымқала республикалық деңгейдегі қалалар санатына қосылғанын айтудың өзі жеткілікті. Бұл небір зұлматты жылдарды, қиналысты кезеңдерді, тағдыр теперіштерін көріп, «тар жол тайғақ кешуден» өтіп, миллиондаған жұртын, мыңғырған малын жоғалтқан, еңсені тас бастырғандай етіп пәсейткен осындай жағдайлардан кейін де, аз қалдық демей бойын жинап алға қарай ұмтылған қазақ елі қабырғасының қалыңдай түскенінің көзайым нәтижесі екені белгілі. Президентіміздің сол бір тарихи шешіміне орай Түркістан деген тұғырлы атты иемденген облыс өзінің әкімшілік-іскерлік орталығы болып бекіген Түркістанға көшті. Облыс әкімі бастап келген сол көшті киелі кенттің күллі жұрты ыстық ықыласпен, зор құрметпен қарсы алып, алдағы еңбектерімізге рәттілік тілегені көңіл тақтамызда өшпестей болып жазылды. Сол кезде аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы еліміздің рухани астанасы болып саналатын Түркістанның жаңа дәуірі басталатынын баса айтқан болатын. Осы тұста сөзіміздің әлқиссасын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан бастап, одан кейін облыс орталығы болған Түркістан қаласына ойысып кетуінің мәнісін түсіндіре кетсем. Мемлекет басшысы аталған мақалада Қазақстанның түгел түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы болғанын, ал Түркістан қаласы сол түркі жұрты үшін киелі орын болғандықтан оны облыс орталығы ретінде дамыту, беделін бәсі биік халықаралық дәрежеге жеткізуді тапсырғаны белгілі.
Ұлт Көшбасшысы тек осы мақаласында ғана емес, бұған дейін де талай орталарда киелі қала Түркістанды жан жақты дамыту туралы ұлы мақсатын іске асыру бағытында облысымызда тың жобалар жасалып, серпіністі тірліктер қолға алынуда. Күнгейдің Түркістан облысы болып құрылып, әкімшілік-іскерлік орталығы Түркістан қаласы болып белгіленгеніне жарты жылға жуық уақыттың жүзі таяды. Міне осы уақыт шеңберінде түбі бір түркі әлемінің орталығы Түркістанды түлетуде қолға алынуы тиіс ілкімді істердің жоспары жүйеленді. Бұл ретте Елбасының облыс орталығына ағымдағы жылдың қыркүйек айында жасаған сапарының мән-мазмұны зор болды. Осы сапар кезінде мемлекет басшысы үш бағытта дамудың даңғыл жолына түсетін Түркістанның бас жоспарын бекітті. Сондай-ақ, кәсіптің қазанында қайнап, құлашын кеңге жайған бизнес өкілдерін өз қаражаты есебінен Түркістанда бой көтеретін бірқатар нысандарды салуды жүктеген болатын. Кәсіпкерлердің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сол бір ұсынысын екі сөзге келмей қабыл алып, ізгі тілекпен, шын көңілмен ортақ келісім болған сол жылы жүздесудің ауыз толтырып айтар алғашқы игі нышандарының бірі кешегі аптада қолға алына бастады. Ол облыс орталығы ретінде Түркістан облысының орталығында әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылыс жұмыстарының бастау алғаны болды. Барлығы 50 мың шаршы метрге салынатын әкімшілік-іскерлік орталық нысанының капсуласын салған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев келешектегі келбетінің заман талаптарына сай келетін «ақылды ғимарат» қағидасымен жобаланған бұл нысанның алғашқы іргетасы келер жылдың қаңтар айында қаланатыны, аяқталу кезеңі 2020 жылдың наурыз айына дөп түсетінін бөле-жара айтып өтті.
Қызған жұмыс жетегінде жүрген Сіз бен біздің бұл күннің куәсі болатын уақыттың келіп қалғанын байқамай да қалатынымыз анық. Бұдан бөлек облыс орталығы ретінде Түркістанда түбі бір туыс елдердің рухани кемеленденуіне серпіліс беретін түркі халықтарының мұражайының іргесі қаланатынын, өнерді өрге сүйреп, көрермендерді адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейтін театр ғимаратының бой көтеретінін, халық денсаулығы индикаторы бойынша зор маңызға ие халықаралық талаптарға сай болатын стадион салынатынын, өскелең ұрпақтың рухын көтеріп, тарихтағы текті ұлдарының асыл қасиетін үлгі етуге жетелейтін «Қазақ хандары, билері мен батырларының орталығы» іске қосылатынын, қоныстой деген шуақты күндердің тууын жақындататын тұрғын үй кешендері тұрғызылатынын біле жүрейік. Түркістанды түлетуде оның сәулетін ашып, ажарын арттыра түсетін нысандар осымен түгесіліп қалмайтыны анық. Одан өзге талай тарих толқынын бастан өткерген бұл қалада Жастар сарайы, Қожа Ахмет Ясауидің шағын мұражайы, су спорты кешені, автосалон, заманауи пошта бөлімі пайдалануға берілмек. Жаңадан Теміржол вокзалы, әуежай іске қосылмақ. «Turkistan» экономикалық аймағы құрылмақ. Өз кезегінде бұл аймақ облыс орталығындағы өндірістің өркен жаюына зор ықпалын тигізетінін болжау қиын емес.
Елбасының Түркістан қаласын түлету бастамасы тұрғысындағы тастүйін тапсырмаларының дені ірі бизнесмендер басшылық ететін компаниялардың есебінен іске асатынын тағы бір қайыра айта өткен артық болмас. Бүгінде осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Енді осы ауқымды жұмыстардың аясында Түркістан қызған құрылыс алаңына айналып, айналасы бірер жылдың ішінде келбеті келіскен, көркі көз тартар мекенге айналады. Ұлы дала жеріндегі қасиетті қаланы көркейту күллі түркі елдерінің ортақ қуанышы.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының хатшысы.

Осыдан бір жарым жыл бұрын жарыққа шыққан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы расы керек, ұлт руханиятына мемлекеттік деңгейде бетбұрыс жасап берген-ді. Ал күні кеше жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын Нұрсұлтан Назарбаев сол «Рухани жаңғырудың» жалғасы ретінде қарастырып, енді көшпелі өркениетіміздің ежелгі тарихын философиялық тұрғыдан жаңадан зерделеуге шақырып отыр. Мақсат-мұратын Елбасы «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп түсіндірді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Ұлы дала өркениетінің жеті бірегей тарихи жетістігін түгелдеп берді. Олар адамзаттың дамуына әсер еткен көшпелі өмір мен ұрыс жүргізу тәсілінен бастап гүл және алма өсіруге дейінгі аспектілерді қамтиды. Алғашқысы – адамның жылқы үйретіп, оған мінуі. Екіншісі – Ұлы даланың ежелгі металлургиясы, яғни жоғары технологиялық білімді қолдануы. Үшіншісі – аң стилі. Табиғат пен қоршаған ортаның даналық үйлесімдігінің философиясы тасқа қашалған ежелгі петроглифтерде көрініс табады. Төртіншісі – Алтын адамның мүсіні, ол сақ мәдениетінің бай мұрасын, дала тұрғындарының дүниетанымын бейнелейді. Бесіншісі – қазақ топырағы түркі әлемінің бесігі екендігі ғылыми дәлелденгені туралы. Алтыншысы – Еуразия халқының өмір сүруі мен дамуына орасан зор әлеуметтік-мәдени әсерін тигізген Ұлы Жібек жолы. Жетіншісі – Қазақстанның алма мен қызғалдақтың отаны екенінің ғылыми негізделуі. Және осы жеті қырымызды танытудың алты жолын белгіліп, қандай ірі жобалар арқылы жүзеге асыруға болатынын түйіп-түйіп көрсетті.
Екі бөлімнен тұратын мақала өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастырыла, ойластырыла жазылған. Мәселен, өзім химия және биология пәнінің мұғалімі болғандықтан, ә дегеннен-ақ Ұлы даланың жеті қыры – «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» екені назарымды аудартты. «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады» дейді Н.Назарбаев. Менің ойымша, алдағы уақытта жоғары және орта арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жалпы орта білім беретін мектептердің өзінде ұстаздар мен оқушылардың қатысумен дәл осы тақырыпты зерттеу нысанына айналдырып, түрлі ғылыми ізденістер жасауға болады. Сондай-ақ, әр мектепте Қазақстанның қай бөлігінде қандай алма мен қызғалдақ өсетіні туралы оқушыларға мол мағлұмат беретін бұрыш ұйымдастырылса да артықтық етпес еді. Еліміздің барлық өңірі өздеріне тиесілі аумақта өсетін алма мен қызғалдақтың түрлерін зерттеп, қорғауға алудан да ұтарымыз көп. Ақыры аталмыш өсімдіктердің тарихи отаны екенбіз, неліктен алма мен қызғалдақ өсіруді қарқынды дамыту арқылы экономиканың табыс көзіне айналдырмасқа?!
Сонымен қатар, Елбасы бұл мақаласында ұстаздарға тағы бір міндет жүктеп отыр. «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды», — деді ол.
Тағы бір ескерер жәйт Ұлы дала дүниеге әкелген Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырына қатысты. Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне мектептерден «Ұлы даланың ұлы есімдері» мен «Ұлы дала тұлғалары» атты оқу-ағарту бұрышын ашуымыз керек.
Әрине, осындай құнды дүниелерді жүзеге асыру бірінші кезекте қаржыны талап етеді. Сондықтан мектептер арқылы ұлттық сананы жаңғыртып, тарихымызды түгелдегіміз келсе, мемлекет тарапынан біраз қолдау керек-ақ.
Жалпы, мемлекет басшысы қазақ тарихына деген жаңаша, жалпыадамзаттық, жаһандық көзқарасты қалыптастыруды 1997 жылы “Тарих толқынында” атты кітабында бастап берген болатын. Ал араға 20 жыл салып бұл реттегі нақты қадамдар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы жасала бастағаны қуантады.

Дина ҚАМЫСБАЕВА,
№125 жалпы орта мектебінің мұғалімі.
Шымкент қаласы.

Түлкібас ауданына ағымдағы жылдың 10 айында 13 мыңға жуық турист келген. Оның ішінде 700 адам шетелдің азаматтары. Жалпы өңір — этнотуризмді дамытуға қолайлы аймақ. Алдағы уақытта аймаққа келушілердің саны арта түседі деп жоспарлаудамыз.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.
Бұдан өзге, аудан бойынша экономикалық белсенді халық саны — 57,2 мың адамды құраса, жұмыспен қамтылғандар — 54,2 мың адам.
– Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша бес оқу орнымен келісім-шарт түзіліп, 195 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолданды. Ал жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Бастау-бизнес» жобасы негізінде 166 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 157 адам сертификат алып, 52 азаматқа 207,8 млн. теңге несие берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 142 азамат жіберілді, — деді
Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Сонымен қатар, ауданда 18 мемлекеттік және жекеменшік әріптестік шеңберіндегі 26 балабақшада жалпы 6560 бала тәрбиеленуде. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 97,8 пайызды құраған.
Инфрақұрылым бойынша аудандағы 62-елді мекеннің 59-ы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Аудандағы 62 елді мекеннің 60-ы көгілдір отынмен қамтылған. Биыл аудандағы 5 елді мекеннің көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 149,8 млн. теңге бөлініп, оның 145,5 млн. теңгесі игерілді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнім көлемінің жыл сайын артуына өңірде ашылған индустриялдық аймақтың үлесі мол. Бүгінгі таңда «Қазығұрт» индустриялдық аймағының жалпы аумағы — 13 гектар. Онда 1,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаға жер телімі берілген. 2016-2017 жылдары 3 жоба іске асырылса, 2018 жылы 589 млн. теңгелік табиғи шырын сусын өндіретін «Көрік ШҚ» ЖШС жұмысын бастады. Ал 3 жобаны 2019 жылы іске қосу жоспарланған.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, алдағы жылы индустриялды аймақта іске қосылатын жобалардың арасында жалпы құны 602,7 млн. теңгені құрайтын құрғақ сүт және сары май өндіретін «Асыл бастау KZ» ЖШС-і, құны 125 млн. теңгелік «Ақ-ниет 5» ӨК-нің «Темір бетон өнімдері» жобасы және құны 112,7 млн. теңге құрайтын «КН экспорт 777» ЖШС-нің «Жиһаз шығару» жобасы бар.
– «Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік саласы тұрақты түрде дамуда. Дамудың жарқын көрінісі ретінде «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау» бағдарламасынан тыс жалпы құны 135 млн. теңгелік 2 жоба іске қосылғанын айтуға болады. Олар: «Қазығұрт айна» ЖШС-нің сұйық шыны өндірісі – 85 млн. теңге, «UNIFRUTTI GOLD» ЖШС-нің жемістер мен көкөністерді өңдеу арқылы диеталық пюрелер шығару өндірісі – 50 млн. теңге. Өнеркәсіп саласындағы жетістіктер жыл басында жоспарланған нәтижеге сай орындалуда. Аудан көлемінде бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 18 кәсіпорын бар. Ағымдағы жылдың 10 айында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарында 5 млрд. 633 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,9 пайызды құрады, — деді Төлеген Тұртайұлы.
Қазығұрт ауданында қазіргі таңда 94 шағын жоба іске қосылып, 405 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан өзге, шағын және орта кәсіпкерлер саны 8226-ға жетіп, 114,6
пайызға өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында қаржы ұйымдарынан 2018 жылдың 10 айында 4565 тұлғаға 2414,8 млн. теңге несие берілді. Негізгі басым бағыты – ауыл шаруашылық саласы бойынша.

«Уақыт»-ақпарат.

ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 23.10.2018 жылғы №41 аудиторлық іс-шараны жүргізу тапсырмасы негізінде Түркістан қаласы, Қарашық ауылдық округі әкімі аппаратының «Құлыншақ» бөбекжай балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 2017 жылдың 01 қаңтарынан 2018 жылдың 01 қазан айы аралығындағы кезеңге білім беру тапсырысы негізінде еңбекақы мен негізгі қорларға бюджеттен бөлінген қаражаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының сақталуына аудиторлық іс-шара жүргізілді. Атап айтқанда:

2018 жылдың 1-қаңтарына түзіліп, бекітілген титулдық тізімдегі балалардың жас ерекшелігіне қарай дұрыс бөлінгендігіне аудит жүргізу барысында Кәсіпорнындағы 120 баланың 44-нің тек құжаттары ғана тіркелген, яғни тізімдегі балалар балабақшада тәрбиеленбей, олардың орнына тізімде жоқ балалар тәрбиеленгені анықталды.
Негізсіз бекітілген титулдық тізім салдарынан, 2018 жылдың 1-қаңтарына штаттық кесте мен тарифтік тізімнің бекітілуінде, ҚР Үкіметінің 30.01.2008 жылғы «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» №77 Қаулысының «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттары» 1-бөліміндегі талаптары сақталмағандықтан барлығы 2,0 штаттық бірлік (0,75 штаттық бірлік орыс тілі мұғалімі; 0,25 штаттық бірлік ағылшын тілі мұғалімі; 0,25 штаттық бірлік саз жетекшісі; 0,75 штаттық бірлік дене шынықтыру нұсқаушысы) бір айлық еңбекақы қоры 168 233 теңге, 2018 жылдың 1-қыркүйегіне дейінгі 8 айлық еңбек ақы қоры 1 345 864 теңгеге артық түзіліп бекітілгені анықталды.
Аудитпен қамтылған кезеңде еңбек жалақыны есептеу кезінде, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23-қарашадағы №414-V «Еңбек Кодексінің» 79-бабы 1-тармағының және 103-бабы 1-тармағының талаптары сақталмағандығы анықталып, нәтижесінде барлығы сегіз қызметкерге 610 651 теңге және ақылы еңбек демалысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23-қарашадағы №414-V «Еңбек Кодексінің» 91-бабы 1-тармақшасының талабы сақталмағандығы анықталып, нәтижесінде үш қызметкерге барлығы 150 957 теңге артық есептелініп, төленген. Бұл қаржылар Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4-желтоқсандағы №95-IV Бюджет Кодексінің 97-бабы 6-1 тармағы 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4-желтоқсандағы №540 бұйрығының 215-тармағына сәйкес бюджетке өтеуге жатады.
Кәсіпорны Түркістан қаласы әкімдігінің 16.08.2017 жылғы №1645 Қаулысымен құрылып, жарғысы бекітіліп қолданысқа берілген.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 28.02.2018 жылғы №199 Авизосы негізінде «120 орындық балабақшаның құрылысы және оның ішінде: жабдық, құрал сайман, мүкәммалдар 24 167 586 теңгеге» Түркістан қаласы әкімдігінің «Білім бөлімі» мемлекеттік мекеме қызметкерлері тараптарынан қабылдап алынған.
Қабылдап алынған құндылықтарға түгендеу жұмыстарын Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 31-наурыздағы «Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №241 бұйрығының 4-тарау 64-тармағын басшылыққа ала отырып,
кәсіпорнының 23.10.2018 жылғы «Комиссия құру туралы» №94 бұйрығына сәйкес кәсіпорнындағы негізгі қорлар мен тауарлы материалдық құндылықтарға түгендеу-санау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорнындағы құндылықтардан барлығы 11 065 687 теңгеге жетіспеушілік анықталды.

Г. Сихимбаева,
Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маман – мемлекеттік аудиторы.