Маңызды

Жоғарғы Соттың төрағасы Ж. Асановтың еліміздің сот жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған «Сот жүйесінің 7 түйіні» атты жобасын іске асыру мақсатында, Созақ аудандық сотының және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен тізілімге енгізілген кәсіби емес медиаторларға арналған семинар-тренинг өтті.

Іс-шара аудан әкімдігі мен аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ғимараттарында кәсіби, кәсіби емес медиаторлардың және БАҚ өкілдерінің қатысуында өткізілді.
Іс-шарада сөз алған аудандық соттың судьясы Б.Л.Сагинтаев, Жоғарғы Соттың төрағасы Ж.Асановтың еліміздің сот жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған «Сот жүйесінің 7 түйіні» атты жобасын, оның ішінде сотқа дейінгі медиацияны қолдану салаларын одан әрі кеңейту мақсатында жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша жүзеге асырылып жатқанын, бұл сотқа жеткізбей шешуге бағытталғанын, медиация институтының дамуына орасан зор ықпалын тигізіп, қоғамдағы дауларды азайтуда нақты нәтижелер беретіндігін түсіндіріп өтті.
Семинар-тренингті «Медиацияны дамыту орталығы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі орталығының кәсіби медиаторы Ира Назарова жүргізді.
Семинар тренері қатысушыларға медиация әдісінің мән-мағынасы жайлы тарқата түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында кәсіби емес медиаторлар өздерін толғандырған көптеген сауалдарға жауап алды. Сонымен бірге, оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Біржан Жандәулетов,
Созақ ауданы.

Созақ ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атадан өсиет – анадан ұлағат» атты байқау өтті. Байқау шарттары мен ережелері ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтауға негізделді. Және оған осы шараларды берік ұстанып келген ауданның қазыналы қарттары қатысты.

Мәдени шараны тамашалауға Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов арнайы келіп қатысты. Мінберге шығып сөз алған ол:
– Ата-бабаларымыз бізге ұлан байтақ кең даланы ғана емес, баға жетпес мол рухани мұра қалдырған. Өз кезегінде ол қазақ деген текті халықты сан ғасырлар бойына ерлік пен елдікке, адамгершілік пен ізеттілікке ұйытып келеді. Бұл мұра келер ұрпақ үшін мың жылға жететін рухани азық болатыны белгілі,-деп шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, жастарға тәлімді тәрбиенің үлгісін көрсету мен кейінгі ұрпаққа ұлағат айтуды мақсат еткен бұл байқауға ауданның ауыл округтерінен құралған 13 топ қатысты. Олар «өздерін таныстыру», «салт-дәстүрлерден қойылған сұрақтарға жауап беру», «ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды дайындау» сынды байқау шарттары бойынша өзара бақ сынасты. Аталған шарттар бойынша бойындағы бар өнері мен өнегесін ортаға салған ата- әжелердің барлығы дерлік кез келген шарттардан жаңылмай, берілген сұрақтардан сүрінбей салт-дәстүрлерге бейім екендігін анық байқата білді.
Байқау кезінде өзге ұлт өкілдерінен құралған «Уран әжелері» атты тобы қазақтың салт-дәстүрлерін терең білетіндіктерімен қазылар алқасы мүшелерін ерекше қуантты. Сонымен қатар Қаратау, Қарағұр ауылдарынан келген топта салт дәстүрді берік ұстанғандығымен көзге түсті. Жастар үшін ұлағаты мен тәлімдік тәрбиелік рөлі зор болған бұл шараны тамашалау кезінде көрермендер ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрыптар бойынша мол мағлұмат пен тың деректер алды. Көрсетілген сахналық қойылымдардан рухани ләззатқа бөленді.
Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сахналық көріністер арқылы ата-бабамыздан мирас болып жатқан салт-дәстүрді сахналық қойылымдар арқылы көрсетудің нәтижесі зор екендігін алға тартты. Өнеге мен ұлағат ұлықталған бұл байқауда «Жылыбұлақ» тобы бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Тайқоңыр» елдімекенінің «Уран әжелері» бірінші, «Қазыналы Сарыарқа» тобы екінші, «Қазына» және «Теріскей көші» тобы үшінші орынды иеленді.

Жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оны ізгілікке баулыған ұстаздар әрдайым құрметке лайық. Соның бірі Созақ ауданы, Сызған елді мекені Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры Байс Сарыбай Құрманбекұлы.

Өз кезегінде ол Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай білім беру директорлары арасында өткен республикалық «Үздік директор–2018» байқауында I-дәрежелі дипломмен марапатталып, кеудесіне медаль тағылды. Тек талапты жастарды тәрбиелейтін талантты ұстаздарға ғана берілетін марапатқа Сарыбай Құрманбекұлы өз алғысын білдіре отырып, жетістікке жету жолындағы сырымен былай деп бөлісті.
– Кез келген елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан да жастар бесіктен белі шығып, буыны бекіген сәттен бастап, алғыр, зерек, білімді болып өсулері керек. Бұл дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған еліміз үшін үлкен маңызды фактор. Ал сондай қасиеттерді бойға сіңдіруде ұстаздар мен ата-аналарға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Осы жауапкершіліктің ауыр жүгін мен терең ұқтым. Мектеп басшысы болған кезден бастап білім ұясының алға қарай дамуы ондағы басшылықтың білім-білігіне тікелей байланысты екенін санамнан шығармадым. Сондықтан да мектептегі балаларды білім нәрімен сусындауда ондағы оқыту жүйесін қазіргі заманға сай технологиялармен үндестіруге көп мән беремін. Өскелең ұрпақтың білімді болмағы, мектептегі ұстаздардың біліктілігіне тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Осылай деген Сарыбай ұстазды бізде айтулы марапатымен құттықтап, оның отбасына бақыт пен амандық тілейміз.

Өткеннің ең айтулы әрі басты оқиғаларын терең білген жағдайда ғана қоғамның өз келешегі үшін жасалған жоспары жүйелі бола алатындығының дәлелі болып табылатын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы кез келген жас өреннің өне бойына қазақстандық болғаны үшін үлкен мақтаныш пен құрмет сезімін туғызатыны сөзсіз.

Осыған сәйкес, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын өскелең ұрпаққа түсіндіру жұмыстары Созақ ауданында қарқынды жүрізілуде. Тарихымыздың ең басты ерекшелігі мен қырлары тілге тиек етілген Елбасының бұл мақаласын оқушыларға түсіндіру жұмыстары бағытындағы кезекті іс-шара 6 желтоқсан күні Созақ ауданы, Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев мектебінің мәжіліс залында өткізілді.
Жиын А. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектептің тарих пəнінің мұғалімі Б. Аманов, аудандық Жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы Е. Байменов жəне орталық заңгері С. Бегмановтың төрағалығымен болды. Онда Елбасы мақаласы кеңінен түсіндіріліп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтар мен ұсыныстар ортаға салынды. Жаһандық процесс кезеңінде Ұлы дала рөлінің өзіндік мәнге ие болғаны кең түсіндірілген бұл басқосуға 100-ден аса жас қатысты.

Қазақ қай заманда өмір сүрсе де бір-біріне қайырымдылық танытуды ешқашан таптаурын әрекетке жатқызбай, оған берік болған.

Тіпті айналадағы адамдарды сол бір игілікті дәстүрге шақыратын, сондай әрекетке табан тірейтін тағылымдар айтудан жалықпаған. «Жетім көрсең жебей жүр» деген бір ғана сөздің өзі соған дәлел. Дәстүрлі қазақ қоғамында жәрдем жасау мен қамқорлық таныту кең тараған. Бұл іске әдетте шүлен тарату, шүлен тарту деп сипаттама берген. Шүлен тарату немесе шүлен тарту садақа, зекет сынды діни парызға жатқызылмайды. Ол тегін таратылатын дүние-мүлік болған. Яғни, бай-бағландардың кедей, жарымжан жандарға көрсетілген жәрдемі деп түсіндіріледі. Басына қандай күн туса да кеңпейілдік танытып, мырзалық мінездің үлгісін көрсеткен жомарт жандар қазақ тарихында әркез болған. Оған Созақ көтерілісі жылдарында ашқұрсақ болған халықтың қамы үшін ұйымдастырылған «Шүлен көже» шарасы жарқын мысал болады.
Атышулы Созақ көтерілісі кезінде, мемлекет және қоғам қайраткері, Сұлтанбек Қожанов талғажау етер тамақтан әбден қысылған жерлестерінің қамы үшін Үкімет тарапынан Созақ елін аштықтан құтқару мақсатында арнайы комиссия құрып, ашқұрсақ елге «Шүлен көже» ұйымдастырады. Яғни, сол кездерде елдегі бар астықты ортаға салып, қамбаның түбі қырылып «Шүлен көже» жасалған. Табылған дәннің барлығын араластырып қайнатқан быламықты «Шүлен көже» деп атаған. Күніне бір мәрте берілетін осы «Шүлен көжеге» кезекке тұрған аш адамдардың легі үш шақырымға жалғасқан деседі. Созақтықтар ата-бабаларының өзегін жалғап, өлімнен аман алып қалған Сұлтанбек Қожановтың бастамасымен жүзеге асқан осы «Шүлен көжені» әсте ұмытпайды. «Бір аштықтың тоқтығы» болатыны сынды, ол заман қанша қиналысты болса, олар сол өткенге салауат айтады. Созақ көтерілісі жылдарындағы «Шүлен көже» тарату қайырымдылық шарасына атсалысу үшін жергілікті жұрт десе жайбарақат отырмайтын елдің бас көтерер азаматтары, колхоз төрағалары Ыбырай Жәукебаев пен Жанәділ Исаұлы қолында бар малын сойдырған. «Шүлен көже» шарасына сүбелі үлес қосқан осы екі кісінің жомарттығын Сұлтанбек Қожанов бірнеше жыл бойына өзге жұрттарға жар салып үлгі еткен. Бірақ, 1937 жылғы Сталиннің жаппай қырып-жою саясаты кезінде Сұлтанбек Қожанов тұтқындалған. Сол кезде оны жазықсыз қаралап қана қоймай, «Онымен жақын байланыста болған» деген жаламен Ыбырай Жәукебаев пен Жанәділ Исаұлын да «Халық жауы» деп итжеккенге айдаған. Арада қанша жылдар өтті. Жазықсыз жазаланған, негізсіз қараланған бұл азаматтардың есімі ардақталды. Ең бастысы олардың қиналған жұрт үшін жасаған демеу, қолдаулары күні бүгінге дейін ел арасына үлгі ретінде таралып келеді.
Созақ көтерілісі жылдарындағы «Шүлен көже» шарасы сынды «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» тіршілік етуге бастайтын ата-бабадан қалған сол бір игілікті іс күні бүгінге дейін жалғасып келеді десек артық айтқандық емес. Теріскейдің 90-жылдығы қарсаңында өз қолы өз аузына жеткен бірнеше атпал азаматтар мен жомарт жандардың өз есебінен Созақ ауданында бірнеше нысандардың атап айтқанда, балалар ойын алаңы, футбол алаңы мен сауда үйінің және т.б. ашылуы соның жарқын үлгісі.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бүгінде Созақта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қолға алынған түрлі жобалар негізінде туған жердің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар да жетерлік. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған демеушілік, қайырымдылық және еріктілік жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, көзге ерекше түскен бірнеше созақтық азаматтарды «Жомарт жүрек» жобасы аясында марапаттады.

Соған орай, Ерлан Лесбекұлы Тәшімовтың басқаруындағы «Қаратау» ЖШС «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын, кәсіпкер Ербол Қарнақбаев (суретте) «Туған өлке» номинациясымен марапатталды. Өз кезегінде Созақ ауданының тумасы Ербол Қамбарбекұлы 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы қолға алынған кезден бастап өз қаражатына Шымкенттен «Ербол» атты 150 орындық балабақша, мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы ынтымақтастық байланыс негізінде 2014 жылы Шымкентте «Балбота» балабақшасының жұмыс істеуін жолға қойған. Бұдан бөлек ол, Созақ ауданында 250, Түркістан қаласында 200, Кентауда 400 орынға лайықталған заманауи жабдықтармен жабдықталған балабақшаларды салған. Қазіргі таңда аталған балабақшаларда 1500-ге жуық бала балалықтың бал дәуренін ойдағыдай өткізуде.
Сонымен қатар, Бағлан Сүгірбаевқа «Жыл меценаты» номинациясы табысталды. Өз кезегінде Бағлан Қанжарбекұлы да теріскей десе тартынып қалмайтын жомарт жанның бірі. Алысқа бармай-ақ, оның өткен айда Созақтың 90- жылдығына орай аудандағы орталық атшабарда ұйымдастырылған көкпар, қыз қуу, бәйге сынды жарысқа «Рriora» темір тұлпарын сыйға тартуын мысал ретінде айтып өтудің өзі жеткілікті.
Бұдан бөлек, Созақ ауданында өткізілетін түрлі қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, өзімен бірге жұмыс істейтін еріктілер тобымен жалғыз басты қарттардың үй шаруасына көмектесуге, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаражат жинап, оны соған мұқтаж адамдарға тапсыруда нағыз ізгіліктің үлгісін көрсетіп жүрген Созақ ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Нұрсұлу Ерұланқызы Әбдәшім «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды.

С. НҰРАЙ.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Түркістанға арнайы тоқталып, ұлы шаhарды дамыту мәселесін айтты. Қолға алып, жолға қоятын бірнеше жобаларды ұсынды. Міне, осыған орай, мақалада Түркістанды дамыту бағытында айқын көрсетілген жобаларды жүзеге асырып, ауқымды жұмыстарды жүргізуге бет бұруымыз қажет. Бұл бағытта бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты ту етудің маңызы зор.

Облыс орталығында Түркістан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбы бойынша өткен келелі жиында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деді.
Сондай-ақ ол, тәуелсіздігімізді баянды, Ұлы дала елін мәңгілік, Түркістанды түркі дүниесінің текті төрі, мәдени-рухани орталығы ету мақсатындағы бұл басқосудың атын — «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық» деп атауды ұсынды.
Келелі басқосуға облыстық басқармалардың жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ғалымдар, зиялы қауымдармен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әрдайым ел алдында жүрген ардақты азаматтар қатысқан басқосуда жазушы Мархабат Байғұт, Сарыағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, Жетісай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойым Жүнісов, тарих ғылымдарының докторлары әрі археологтар Мұхтар Қожа мен Бауыржан Әбішұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның түрколог ғалымы Сейсенбай Құдасов, халықаралық «Түркология» орталығының ғылыми қызметкері Қазыбек Тәжиев, «Ұлы даланың жеті қыры» мен Түркістан» тақырыбында жасалынып жатқан жұмыстар жайлы сөз өрбітті. Сонымен қатар олар, мақалада айтылған Ұлы даланың әр қыры туралы мағынасы терең байламдарын ортаға салды.
Түркістанды татулық пен тектіліктің ордасы етудің мән-маңызы айтылған бұл жиында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер арнайы жобасы» аясында туған жерге сүбелі үлес қосып жүрген Сырым Ертаев, Талғат Ысқақов, Айыпхан Айымбетов, Бағлан Сүгірбаев сынды азаматтарды «Жомарт Жүрек» сыйлығымен марапаттады. Туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайта түскен шарада «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар», «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» атты кітаптардың тұсаукесері болып өтті.
2000 жылы көне қала Түркістанның 1500 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өткені белгілі. ЮНЕСКО аясында өткізілген бұл жиында мемлекет басшысы «Он бес ғасырлық тарихы бар бұл қаланың мерейтойы тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани, ғылыми, сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады» деген болатын. Түркістан төрінде «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбында өткен бұл форум Елбасы алға қойған осы бір асқаралы мақсатты батыл іске асырудың жолдары жүйеленген келелі басқосу болды.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың:
«Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» мақаласынан.

Жалғанға Жаратқанның қалауымен келген екі аяқты, жұмыр басты пенденің ғұмыр бойғы жасап кететін амал-әрекеттерінің барлығы оның пешенесіне әлмисақтан-ақ жазылған. Кер заманның кесірі мен кесапатынан қайыспағаннан соң ба «қайратты ерге бақ тұрар», — депті алысты айнытпай болжай білген дана қазақ. Бақсақ, «қайратты ер» деген тіркесті есімізге Тәңірдің өзі түсірді ме, кім біледі? Біздің түсінігіміздегі бұл атау Абай атамыздың «Есті адам» атты ұғымымен ұштасып кететіндей. Сонымен «есті адамға» сипаттама берген сыншы Абай не депті? «Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойлантса көңіл сүйсінгендей болады екен» деп түйіпті. Көңіл сүйсінудің бір сыры Құнанбайдың баласы айтқандай ақыл, қайрат, жүрек деген дүниелерінде жатыр. Шынында да со үшеуін («ақыл», «қайрат», «жүректі») тең ұстаған пенделерге қарап бағамдасаң, қамыққан көңіл шіркінің бір сүйсінгендей болады екен. Неге дерсіз, таңданып. Өйткені, тағы да сол данышпанның айтқанындай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Міне, айтқымыздың келгені, адамшылықтың қарызы үшін еңбек еткендер – сол «ақыл», «қайрат», «жүректі» бір арнаға ұйыстырып, ұлтымның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын деп елінің ертеңіне алаңдаған Алаштың біртуар азаматтары еді. Олар әділ басшы ғана болып қойған жоқ, бір ғана сүретін ғұмырын туған халқына бақыт сыйлауға арнады. Қара басының қамын емес, қара қазақ, сары баланың ертеңгі күніне алаңдады. Қаламын алды, қала берді қаруын сайлады. Осындай кемелді, көреген көшбасшыларды Құдайым қазаққа тарту етті. Шүкір. Тарихта есімдері қияметке дейін алтын әріппен қашалған дара тұлғаларға деген біздің құрметіміз шексіз, әлбетте. Әйткенмен, жүректегі ұлтқа деген махаббатты сезінгенде, үш қайраткерді дәріптеуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп санадық. Көргенді кісі көргенін айтар демекші, көргеніміз көп болмаса да, түйгенімізді тарқатсақ деген ниет қой біздікі. Олар: Абылай хан, Әлихан, Нұрлы Сұлтан (Нұрсұлтан Назарбаев). Бірі: кешегі көшпелі уақытта қазақ халқы жоңғар мен қалмақтың уысында умаждалып, бүйідей тиген орыстың боданына тап келіп, «ақтабандай шұбырып, алқакөлдей сұлаған» дәуірде тарыдай шашылған үш жүздің баласын бір тудың астына жиды. Мақсат: «қорлық өмірден, ерлік өлім артық». Бұқарша айтсақ:
Жиырма беске келгенде,
Бақты берді басыңа,
Тақты берді астыңа.
Отыз жасқа келгенде
Дүниедей кең едің.
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге теңедің.
Бұл Абылайдай алыптың Бұқар жырау дүниетанымындағы болмысының бір ғана тамшысы. Айта берсең таң таңға жалғасады, қаламымыздың қуаты жетпейтін де шығар, бәлкім. Заманы алмағайып болған соң бес қаруын сайланды. Хан деген биік дәрежеге батырлық аты сыңар болды. Қысқасы, саф ақылы һәм даңқымен шартарапқа мәшһүр хан атанса, қынындағы қылышымен шапқыншы Шарыштың басын шауып, қас-дұшпанын қалтыратқан мүйізі қарағайдай батыр болды.
Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек;
Жылқыда да жылқы бар,
Қазанаты бір бөлек, —
дегендей мұндай өжеттіліктің қазаққа ғана тән екенінің айғағы бұл. Ендігі әлқисса Әлекең (Әлихан Бөкейханов) хақында болса, біздің мақсат – «Қыр баласының» (Әлиханның лақап аты Ә.И.) маңдай алды тұстарын там-тұмдап айту. Үш жүздің баласын бір тудың астына жинаған арғы Абылайдың ізімен сол мүддені көздеген Бөкейханов болатын. Алаш идеясымен елінің елдігін сақтап қалғысы келді, керегенің шайқалуына шырай танытпады. Қызыл империя да иттігінен жерімеді. Арманы асқақ мақсаттарға кісен салып, мүмкіндіктерін бұғаттаған кеңестік идеология өкінішке орай оған ырық берген жоқ. Қарап жатпады. Ұлтты құртудың қауіпті вирусын іздеді, тапты. Елдігіне, жеріне, дініне тотияйын тастау арқылы көздеген мақсатына қол жеткізіп отырды. Сөзсіз неге дерсіз. Бұған жауапты Елбасының мақаласынан табамыз:
«Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.
Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.
Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.
Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экономикалық апат аймақтарына айналды».
Әлекең бастаған Алаш зиялылары осындай елдің басына келген кеселдердің алдын алуға рухани қажыр-қайрат қажет екендігін ұққан болатын. Ол дегеніміз – халықты жаппай сауаттандыру һәм қара ормандай қалың ұлтты ұйқыдан ояту. Ахаңның:
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса, —
дегініндей шырт ұйқыдағы елді оятудың құралы ол – ұлттық сананы дамыту оған сілкініс беру. Ұлттық санасы белгілі бір дәрежеде дамыған ұлт елбасы айтқандай: «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» болып қалыптасады. Сол тұғырнаманың өркендеуіне өткен ғасырдың кертартпа идеологиясы құлықсыздық танытып, тақиямызды теріс айналдырып кигізуге тырысып бақты. Келешек үшін құрылған ұлы мақсаттарға нықтап мөр басылды. Ерім деп еңіреген ерлерді шибөрі-жалмауыздар жалмап-жасқап отырды. Бұл деген көктемде көгерген мәуелі жемісті бұтағанмен бірдей шығар, сірә. Оларға керегі: «үйілген өлексені өрге сүйремеу». Байтұрсыновша айтсақ:
Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға,
тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!
Иә, халықты қыр басына шығармақ болғандарды кеңес үкіметі сол қырға лақатын қаздырды. Мәйіттерін туған топырақтан жыраққа аластатты. Елім, жерім деген абыздарымыздың көбіне біссмілә айтып, жаназа көтеріп соңғы сапарға шығарып салу, амал нешік бізге бұйырмапты, Тәңір оны тағдырымызға жазбапты.
***
Не десек те қанағат етіп, шүкір дейтін күнді де көрдік. Құдайға тәубә. Шәкәрімнің: «Бостандық таңы атты, қазағым көріңдер»,- дейтін жарқын күннің шуақты шағына да жеттік. Ендігі алға қойған мақсат, орындалар міндет – тәуелсіздігімізді қияметке дейін сақтап қалу. Мәңгілік ел болу. Қош, мұның бәрін іс жүзінде іске асырмасақ құр айғаймен долбарлаудан ештеме шықпасы белгілі. Кешегі арыстар салып кеткен сара жолды жүзеге асырамын дегенге бүгінгі таңда елбасымыз не істеу керектігін нақтылап беріп отырған жоқ па? «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».
Түсінгенге «ұлттық кодтың» негіздерін елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі атап көрсетеді. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Осы ғой «ұлттық код» деген,
пайымдағанға. Тамыры терең, қуатты ел болу осындай дүниелерден бастау алады. Өйткені бұл ұғым бізге жат емес, керісінше біздің ұлттық санамыздың сыңары болуға тиіс. Ол үшін тағы да Шәкәрім ақын айтпақшы:
Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.
Адамзат тарихында соның ішінде ұлттық мүдде жолында өзінің есімдерін ойып жазған тұлғалардың да айтары осы. Себеп, олар халықтың бағзы заманнан бері жалғасып келе жатқан «ұлттық кодын» сақтау жолында аянбаған нағыз күрескерлер еді. Олай болса Жаратқаннан өткенге салауат, келер күннен игілік сұрайық. Бағымыз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

Дамира ӘБДІҚҰЛОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ның
Есеп және аудит кафедрасының
аға оқытушысы.
Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындығы ОҚМУ-нің
1-курс магистранты.

Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін
халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту — еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Н.Ә.Назарбаевтың
«Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласынан

Тура отыз жыл бұрын, яғни 1988 жылы бастауыш сыныпты аяқтап, келесі сыныпқа енді қадам басқан оқушы едім. Бір күні мектебімде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін анам үйге балаларға арналған жап-жаңа «Ол кім? Бұл не?» атты энциклопедияның кезекті 3-томын әкелді.
Қуана алып көлемді кітап мазмұнымен таныса бастадым. Оның ішінде сақтар туралы мәліметтік анықтаманы зейін қойып оқығанымда, әсіресе, атақты археолог ғалым К.Ақышев жетекшілігіндегі экспедицияның дүниежүзіне жария еткен «Алтын адамның» суреті ерекше есімде қалған еді. Сол кезден бастап төл тарихымызға деген үлкен, танымдық қызығушылығым басталды. Кейін уақыт өте осынау мирас дүниені алғаш көріп зерттеу жұмыстарына қатысқан, ғұмырының соңына дейін ашық аспан астындағы қорық-музей ретіндегі «Есік» жобаларының қоғамдық шырақшысы қызметін атқарған белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов ақсақалмен танысып, әлеуметтік желіде болса да хабарласып тұрамын деп ойламаған болатынмын. Мен мұны мақтаныш тұтамын.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 21-қараша күні жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт атты бірінші тарауда еліміз үшін ғана емес, әлемдік маңызы зор құндылық болған «Алтын адам» туралы баяндалды. Жалпы алтын – тек дәулеттіліктің ғана емес, сенім мен тұрақтылықтың белгісі болып табылады. Біздің бабаларымыздың алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергендігін байқай отырып, байлығының тасқандығы емес, бүгінгі таңға дейін өзінің әсемдігімен таң қалдыратын өнерінің асқандығын көреміз. Біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде өмір сүрген ата-бабаларымыздың түгелдей дерлік алтынмен апталған киіміндегі дүниетаным мен биік өресін айғақтайтын кейбір элементтері мемлекетіміздің рәмізі – Елтаңбада көрініс тапқанының өзі не тұрады..!

«Алтын адам,
Алтын адам…
Адам жоқ!
Алтын қалған жарқыраған.
***
Шежіремді ұрлапты,
Зулапты күн,
Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.
Алтын адам шынымен қазақ болса,
Білген екен құнының қымбаттығын!!!» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлап өлеңге қосқан «Алтын адам» табылғаннан бері жарты ғасырдай уақыт өтсе де оны зерттеу жұмыстары әлі жалғасып, тұтастай анықтамалық мәні бойынша көңіл аударылатын мәселелердің туындап жүргені бар. 2016 жылы қараша-желтоқсан айларындағы «Мәдени мұра» журналының №6 санында төмендегідей ақпараттық мәлімет жарияланды: «2011 жылдан бастап «Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкерлерінің жоғалып кетті деп есептелетін «алтын адамның» қаңқа сүйегіне қатысты жан-жақты зерттеу жұмыстарын қолға алғаны мәлім. Әуелі әртүрлі құжаттарды індете іздеу арқылы, 2013 жылы ол қаңқа сүйек, біраз жылдар бұрын тарап кеткен «Сотмедсараптау» мекемесінің қоймасындағы қорап ішінде бүлінген және бас сүйегі жоқ күйінде табылып, қорық-музейге қайтарылған болатын.
Бас сүйектің болмауы біраз мүмкіншілікті шектесе де белгілі антрополог ғалымдар Оразақ Смағұлов пен Айнагүл Смағұлова қаңқа сүйектің шамамен 17-20 жастағы ер адамға тиесілі екенін анықтады. 2015 жылдың маусым айында «Есік» қорық-музейіне келген мажарлық антрополог ғалым Андраш Биро да «Алтын адамның» иық және жамбас сүйектерін мұқият қарап, оның 16-18 жастағы бозбаланың сүйегі болуы мүмкін екендігін айтты. Әрі сол жылы ресейлік антрополог ғалым Александра Китова да музейдегі қаңқа сүйек пен 1970 жылғы қазба жұмыстары кезіндегі сол қаңқаны түсірген суреттерге мұқият антропологиялық салыстырулар жасап, оның дәл «Алтын адамның» сүйегі екендігіне тыңғылықты қорытындылар жасады. Оның 15-18 жас аралығындағы бойы 165 см. бозбала екендігі нақтыланды.
Данияның Копенгаген университетінің геогенетика орталығының мамандары да қаңқа сүйекке қызығушылық танытты. Осы орталықтың жас маманы Петер Даамгард 2015-2016 жылдары қаңқаны генетикалық тұрғыда зерттеу үшін сүйек түзілімінің қажетті үлгісін екі рет алып кетті.
«Алтын киімді жауынгер» Алтын және бағалы металдар мемлекеттік музейінде сақтаулы тұрған теңдессіз жәдігер. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейіне барғанымда экспозициядағы осынау баға жетпес асыл мұраның қорғандағы археологиялық ашылу сәтіндегі түсірілген фотосуреттерінің көріністері көпшілік назарына ұсынылып, тарихи дерек болып тұр екен. Бұл – біздің тарих. Ал тарих — ұлттың айнасы екені аян. «Алтын адам» бейнесі азаттық пен Тәуелсіздігіміздің символына айналған.
Отандық тарихтың сырлы парақтары ел келешегі жас буын өкілдерінің бойында патриоттық қасиеттерді дарытады. Осы арқылы өз халқына қызмет етіп, теңіздің тамшысындай болса да үлес қосуды мақсат тұтар әрбір жеке тұлғаның талапты ұмтылысы өркениеттік даму жолы мен жарқын болашаққа жетелей береді.

Алғабек ҚАБЫЛ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің
«Қазақстан тарихы және қоғамдық
пәндер» кафедрасының докторанты.