Маңызды


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес институционалды реформаны іске асырудың 100 нақты қадамын айқындағаны белгілі. Аталған ұлт жоспарының алғашқы он бес қадамы Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған. Өз кезегінде кәсіби мемлекеттік қызметші, білімді, білікті, заман талабына сай талаптарға жауап беретін, ең бастысы, биязы мінезді, әдепті маманы болуы қажет. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенде жұмыстар жасалынып жатыр.
Елбасы Н.Назарбаев: «мемлекеттік қызметші – жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт. Мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп атап өткендей, біз әрқайсымыз осы аталған берік қағиданы ұстанып, еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет жасауымыз керек.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы Әдеп кодексі, ол жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек. Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуі бүгінгі күннің басты талабы болмақ.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарын бұзудың алдын алуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді. Сонымен қатар, мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу туралы ұсыным білдіреді.
Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Мемлекеттік қызметкер болуға үміткер адамдар халық алдында жауапкершілікті сезіне білуі үшін мемлекеттік қызметтің беделін көтеру керек. Мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді көздейді. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру – күрделі және ұзақ процесс. Мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру үрдісі атқарушы биліктің имидждік саясатымен пара-пар. Осы орайда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының талаптарына сай қызмет ету тек қана абырой биігіне қол жеткізерін тілге тиек етсек артық емес. Сондықтан да әр қызметкер мемлекеттік басқару қызметінде өз ісіне жауапты болуы тиіс. Бүкіл әлемде мемлекеттік секторға ұдайы көңіл аударылады, ол қоғам өмірінің назарында. Бірақ, мемлекеттік қызметші – қоғам алдында кәсібилігі төмен, сөзбұйдашыл, сыбайлас жемқорлық сияқты жағымсыз келбетте көрінетін болса, басқару құрылымын нығайту, жетілдіру, мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар табысты болмайды.
Сондықтан, ең әуелі әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары анықтап беретін құнды құжат. Яғни, осы кодексті негізге ала отырып, әрбір қызметкер өзара қарым- қатынаста жоғары мәдениетті қалыптастырып, көпшіліктің мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға үлес қосады. Осы орайда мемлекеттік қызметкер ұжыммен сөз сөйлеуде, сыпайлық, әдептілік, үлкенге ізет кішіге құрмет, қатарластарына биязылық сипаттарды ұстануы қажет. Көпшілікпен байланыста, олардың сұранысын басты бағдар етіп, азаматтардың әрбір мәселесіне ұқыптылықпен қарап, сұраныстарының заңдылығымен әділ жолмен шешілуін қадағалау керек.
Ал, жалпы алғанда әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы ғана емес, тапсырылған жұмысты сапалы орындауда басты талаптардың бірі.
Бүгінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Олардың міндеті мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларының бұзыушылықтарын ғана емес, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс мінез-құлықтарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларын бұзылу фактілері бойынша жұмыстарының нәтижесін қарайды.
Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, кодекстегі мемлекеттік қызметшілердің, қызметтен тыс уақыттағы іс әрекеттерінің стандарттары. Жұмыстан тыс уақытта да, жалпы қабылданған моральдық әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық жат мінез- құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Міне, осындай маңызды міндеттерді сақтап, ұстана отырып, кәсіби мемлекеттік аппаратты құра аламыз.
Мемлекет Басшысының Жарлығымен 3 жыл бұрын қолданысқа енгізілген Әдеп кодексі түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін айқын бағдаршам. Ал, оны орындау мемлекеттік қызметшілердің абыройлы міндеті.

Қалдыбек Оразов, Созақ ауданы әкімдігінің аппарат басшысы.


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы Дала елінің жеті қыры» атты мақаласын тебіреніспен оқыдық. Бабаларымыздың өз заманында өркениетке қосқан үлестері мақалада көрсетілгендей батыс пен шығысқа, күнгей мен теріскейге таралды. Соңғы жылдары табылған археологиялық деректер мен өзге елдердің архивтеріндегі шаң басып жатқан мұрағаттарды толықтай зерттеуге бетбұрыс жасау керектігін замана талабы тудырып отырғанын айта келе: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» — деп Елбасының ой түйіндеуі өте қисынды.
Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізді мекен ететін және біртұтас Қазақстан халқын құрайтын барлық ұлт өкілдерінің толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті саясатымыз қазірдің өзінде кеңінен танылып отыр. Елбасының саралы да салиқалы саясатының арқасында халқымыз осы заманғы және бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті белсене орнатып жатыр.
Еліміз тәуелсіздік алғалы қол артқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпекке тек материалдық игілікті ғана мансұқ ету жеткіліксіз.
Бүгінде өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерген Қазақстан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтып өткен ұлттық стратегиялық «Мәдени мұра» жобасы арқылы талпынуда.
Жаратылысында — шығыстық, бітімінде азиялық болғанымен, қазақ халқы, шын мәнінде, осы екі құбылыстан да оқшаулау, табиғаттың бір бөлшегіндей, даланың төл перзенті. Соның бір дәлеліндей ұлттың рухани байлығы мен тарихын танытуды қолға алған «Мәдени мұраның» түзілісі бөлек, мақсаты — ерек, аясы – ауқымды болды. Мәдениеттанушылар мен ғалымдар бұл жобаны еліміздің кешегісі мен келешегін хаттап, әншейін тізбелеп қоя салар кезекті шара емес, ғаламдық маңызы зор, демек, қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетте таласы бар екендігін танытатын құбылыс болатындығы туралы салмақты пікір айтты. Мәдениеттің, ғылымның, философияның, әдебиеттің ең үздік үлгілерінің қазақ тілінде жарық көруі мен халқымыздың бай мұрасы мен жетістіктерін басқа тілдерге аудару — ұлтымыздың рухани мұрасын бірте-бірте әлем жұртшылығына таныту болып табылады. Бұл Елбасының төл мәдениетіміздің әлемдік мәдени кеңістікке кірігу мақсатындағы тек мамандарға ғана емес, бүкіл еліміздің алдына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойған міндеті.
Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып, бағамдауға болатыны анық. Демек, Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатына екі түрлі міндет жүктеледі:
бірі — өзіндік этникалық мәдениетті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін нығайту;
екіншісі — төл мәдениетті оңтайлы өрістете отырып, әлемдік мәдени кеңістікке ену үшін тиімді жағдай жасау.
Елбасының мақалада «Біздің түп — тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Жауынгердің алтынмен апталған киімдері, ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуатымен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.» — деуі өте лайықты баға. Бабаларымыздың жаһандық өркениетке қосқан қомақты үлес салмағы, ал, аң стилін қолдану арқылы тектілігін дәріптегендігі аңыз ғана емес нақты дәлелдермен айғақталған дүние екендігі баршаны еріксіз мойындатады.
Қазақ халқының ғасырдан ғасыр асырған құнды ескерткіштері мен тарихи мұрағаттары — тек қазақ ұлтының ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер. Соның дәлеліндей, қазақ халқының іргелі тарихи ескерткіштері халықаралық деңгейде танылып келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Бұл олардың Қазақстан мен Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екендігінің бірден-бір айғағы.
Төрткүл дүниеге елдің оң имиджін қалыптастыру үшін және әлемдік мәдени кеңістікке кірігу мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру үшін халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілуде. Биыл «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі Түркия мемлекетінің үш қаласында, Грецияның «Салоники», Ресейдің «Сочи» қалаларында өткізілген халықаралық көрмелерге қатысты.
Мақалада облыс орталығы Түркістан қаласының мәртебеге лайық рухани астанаға айналуы да назардан тыс қалмаған. Ұлы даланың Ұлы есімдерін ұлықтау, оқу-ағарту энциклопедиялық саябақ ашу, өнердің бар саласында насихат жұмыстарын жүргізу, бұл – үлкен міндетті жүктейтін мақаланың негізгі өзегі.
Халықаралық дәрежеде өміршең маңызды рухани мәселелерді шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып, біз халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде өзіміздің рөліміз бен беделімізді алдағы уақытта да нығайта беретін боламыз және алдымызға Елбасы қойып отырған биік мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Нұрболат Ахметжанов,
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, мәдениет қайраткері.


Ағымдағы жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгені құрады. Аталған салада күнгей еліміз бойынша екінші орынға қол жеткізді. Былтыр облыс халқы 416 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіргенін еске түсіру арқылы аймақ жұртының жемісті еңбек етуі жыл сайын жақсарып келе жатқандығын аңғаруға болады.
Биыл Түркістан облысы көкөніс, бақша дақылдарынан қамбаға 2,8 млн тонна өнім жинаған. Бұл республика бойынша рекордтық көрсеткіш. Оның 500 мыңға жуығы Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілген. Қарқынды баулардың көлемін ұлғайтуда да нәтиже жаман емес. Оның көлемі 2800 гектарға жеткен. Облысымызда елдегі жеміс-жидектің 40 пайызы, жүзімнің 73 пайызы өндірілген. Сонымен қатар, Қазақстандағы жылыжайлардың 77, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы да біздің өңірге тиесілі. Аймақта алғаш рет 6,2 мың тонна ет экспортталған. Бұл осы бағыттағы республика экспортының 41 пайызын қамтыды.
Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласында алғаш рет өткен «Агрофест – 2018» ауыл шаруашылығы фестивалі шарасында мәлім етті. «Есімхан» атындағы орталық алаңда өткен осы шарада облыс әкімі облыстың ауылшаруашылық драйвері екенін тағы да дәлелдей түсетін бұл көрсеткіштердің барлығына шаруалардың еткен еңбегі мен төккен терінің арқасында қол жеткізілгенін баса айтып, оларға ізгі лебіз білдірді.
Шаруалар жұмысы қорытындыланған бұл шарада нәтижелі еңбек үлгісімен Түркістанның атын алға оздыруда сүбелі үлес қосқан аудан, қалалар және жеке шаруалар ҚР Премер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Естайұлының және облыс әкімінің медальдары мен арнайы сертификатына ие болды. Өңір шаруалары «Озат астық жинаушы», «Озат мал бордақылаушы», «Озат бақша өсіруші» сынды 21 номинация бойынша марапатталды. Одан бөлек, аудан — қалалар арасында 16 бағыт бойынша үздіктер анықталды. Солардың ішінде, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында міндеттелген тапсырмаларды орындаудан Шардара ауданы бірінші, Қазығұрт ауданы екінші, Сайрам ауданы үшінші орынды иеленді.
Жыл қорытындысы бойынша Сайрам ауданы ет өндіру мен мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан да бәрінен озған. Ал, Жетісай ауданы «Мақта өсіруші озат аудан» және «Бақша өндіруден озат аудан» номинацияларын иеленген. Фестивалде ауыл шаруашылығы саласындағы ауыз толтырып айтар жетістіктерді жұртшылық арасында насихаттау мен диқан еңбегін көрсетуде де белсенділік танытқан бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері марапатталды.
«Агрофест – 2018» фестивалі кезінде облысымызда өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. Онда ет, май, ірімшік, жұмыртқа, шұжық, бал, көкөніс, жеміс-жидек және тағы басқа өнімдер сатып алушыларға нарықтағы құнынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынылды.
Нәтижесінде онда 182 тонна табиғи таза өнімдер пышақ үстінде өтті.
Бұдан бөлек, шара барысында көрме ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды. Бұл көрмелер ауылшаруашылық саласы бойынша төрт сайманымыздың түгел екенін тағы бір көрсетіп, көңіл толтырды.
Еңбек еткеннің «қарны тоқ, көйлегі көк», ертеңі еңселі болатыны дәріптелген бұл шарада жәрмеңке, көрмеден бөлек облыстағы әр аудан, қала ақшаңқай киіз үй тігіп жиналғандарды қонақ етті. Әр отауда ауданның өнерпаздары ұлттық музыкалық аспаптармен ән айтып, жырдан шашу шашып, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Құшақ жая қарсы алудан соң, дастарханнан дәм алған қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған сайыстарды тамашалады.

С. ИБРАГИМОВА.


Газетіміздің өткен санында қазақ әдебиетін әлем халықтары оқитындығы туралы көзайым жаңалық жазылған болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамдық сананы жаңғырту бағыты бойынша қолға алынған бұл бастаманы нәтижелі іске асыру еліміздегі «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорына тапсырылған. Жуырда аталған қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бұл ауқымды жобаны іске асырудың барысын былай деп мәлімдеді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасынан бөлек, «Жаһандану әлеміндегі қазіргі қазақ мәдениеті» деп аталатын тағы бір үлкен бастама қолға алынған болатын. Оның басты мақсаты – қазақ мәдениетін, оның ішінде әдебиеті мен киносын, бейнелеу өнері мен биін, театрын, музыкасын әлемге кеңінен таныстыру. Соның ішінде «Ұлттық аударма бюросына» қазақ әдебиетінің антологияларын, яғни, үздік жинақтарын БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату міндеті берілген. Бұл біз үшін қызық әрі маңызды. Осыған орай біз қазақ авторларының шығармаларын ағылшын, француз, испан, қытай, орыс, араб тілдеріне тәржімалануын қолға алып, оларды әлемдегі 70-тен аса мемлекетке тарататын боламыз. Бұл барлығы 3 млрд-қа жуық халық деген сөз. Осыдан-ақ, оның ауқымы кең, бағыты бөлек жоба екенін айқын аңғаруға болады. Мұндай батыл әрі баянды жоба тарихымызда бұрын-соңды болған емес.
Сонымен қатар ол, Британ кеңесінің бастамасымен Астанада үлкен форум болғанын, сонда Қазақстанда қолға алынған бұл жобаға Британ кеңесі зор қолдау танытып, кітаптарды ағылшын тіліне аударуға көмегін беріп жатқанын тілге тиек ете келе:
– Бүгінде қазақ әдебиетінің екі антологиясы дайындалып жатыр: біріншісі — проза, екіншісі — поэзия. Әрқайсысы 30-35 баспа табақ яғни, 500-600 беттің шамасында болады. Әр антологияға 30 ақын мен 30 жазушының еңбегі енеді. Антологияға енген ақын жазушылар еңбегінің тізімін Жазушылар одағы жан-жақты талқылау, іріктеу арқылы дайындады. Негізінен онда ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басы – Тәуелсіздік кезеңінде жазылған шығармалар қамтылып отыр, — деді.
Бұдан бөлек Рауан Кенжеханұлы қазақ әдебиеті мен шығармаларын әлем тілдеріне еркін аударатын мамандар Қазақстанда тапшы екенін, соған орай шығармалар елімізде жолма-жол аударылып отырғанын, оны ары қарай жетілдіруге сол елдердің астаналарындағы әріптестер көмектесіп жатқанын хабардар етті.

С. НҰРАЙ.


Созақ ауданының Құрметті азаматы Бөрғазының Өскені өлең өлкесінде де қанатын кең жайған тұлға. Өскен ағаммен көзі тірісінде дәмдес, тұздас, соңынан ерген шәкірті болдым. Әкемнен бір-екі жас үлкен болса да қатарлас, замандас адамдай әңгімеміз жарасатын.
Өскен аға әрбір кездескен сайын әкем туралы көп әңгіме айтатын. «Жыр әлемінде Жеңістен жасым үлкен болса да одан көп өнеге, үлгі алдым. Ол өлең өлкесіне мені өзімен бірге ала келген еді» деген сөзін жиі айтатын. Сабырлы, бір тоға Өскен ақын көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Бар сырын, құпия, мұңын, жүрекжарды шын ниетімен пейілін алдымен ақ параққа төгіп, содан соң елеп-екшеп оқырманына ұсынатын. Ол кісінің өлең оқу мәнері, жүріс-тұрысы, қолын сермеп өлең оқуы, қимыл қозғалысы көз алдымда күні кешегідей тұрса, майда қоңыр үні құлағымда жаңғырып тұр. Өскен аға соғыс жылдары, яғни 1943 жылы дүниеге келді. Соғыстан кейінгі ел басына қиындық туған жылдармен балалық шағы тұспа-тұс келді. Екі бірдей Еңбек Ерінің шаңырағында тәрбиеленіп, ер жетіп есейді. Сондықтан да болар еңбек десе екі қолын көтере қолдап, қуанатын жан болды. Еңбекқор Өскен өлең өлкесінде де өз қолтаңбасын қалдыруда өзін-өзі аямады. Ол өзін Бетпақ даланың аптап ыстығына, аязды, боранды асудың азабына, «дуананың» орына, адами қошеметін, ожданы мен арын салды. Өскен ақын өршіл, намысшыл, шыншыл, жүрегінде иненің жасуындай қиянаты жоқ ақпейіл азамат болатын. Өскен ағаның өзі қаншама жылдар аудандағы жалғыз білім ордасы кәсіптік техникалық училищені басқарды. Мемлекет басшысынан жоғары награда алды. Ауданның жоғарғы наградасы-Құрметті азамат атағын иеленді. Ата-тегі, аға-бауырлары абыройлы азаматтар болды. Бұл атақ-дәреже, абырой-бедел кейбір көтере алмайтындарға көп-көрім жүк болар еді. Кеудені кергізіп, кісілік мінезін кесірлік мінезі жетектесе көне кетердей болар еді. Ал Өсағада бұл мінездің бірі болмады. Қайта атақ-абырой артқан сайын кішілігі мен адами қасиеті даралана түсті.
Өскен аға бар ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Кезінде партия қызметінде бірнеше жылдар еңбек етті. Алайда жұмбақ дүние-жыр әлемінен арқан үзіп кете алмады. Есіне түскен, ойына оралған жыр шумақтарын қойын дәптеріне түрте жүріп, қолы босаған, уақыт тапқан сәттерінде толықтырып, күзеп, түзеп дүние туғызатын.
Осылай жүріп бірнеше кітаптарды оқырман қауымына тарту етті.
Өсағаның тағы бір қыры сөзге тоқтау, уәжге тұруы да елдің аузында қалды. Созақ ауылында шығармашылық кеші өтіп, мен шақырылғандардың қатарында болмай шықтым. Содан Өсағама өлеңмен хат жаздым:
Ағаға наз
Армысың аты мәшһүр Өскен аға,
Қымыз ішіп, құлын қуып өскен аға.
Өн бойыңда өнердің өзені ағар,
Өлеңі өрдің тасын тескен аға.

Сізге тиіп өлеңнің нар пұшпағы,
Алақаның шілдеде қар ұстады.
Қаламың Қаратаудың қазынасы,
Қарқының тау суындай алпыстағы.

Шертілгендей жүректің шертпе қылы,
Сізбенен біз едік қой тектің ұлы.
Түнде жаздым, күндіз ғой көңіліміз,
Әкем кірді түсіме өткен түні.

Әкем кірді түсіме жейдесі аппақ,
Жан еді ғой бесенеден бейнесі аппақ.
Қол созып ем алмады аңғар бермей,
«Қалай-деді, жаман ұл шимай-шатпақ?»

Шатпағымды оқыдым сұрағасын,
Бермеді ол алайда шын бағасын.
«Өскен ағаң секілді алпыс жасқа,
Жеткенше деді ұлым шыңдаласың»

Содан кейін тұрды да ойға қалып,
Сізбен болған жас шағын ойлады анық.
«Өскен досым алпысқа толыпты ғой,
Өлеңіңді оқыдың ба, тойға барып?»

Әруақтың қашанда мысы басым,
Жауабым жоқ не айтам тұтылғасын:
-Тойға арнаған өлеңім қалтамда тұр,
Деппін ғой шыбын жаным қысылғасын.

Заман-түлкі, тазы-бай қағынуда,
Той-томалақ қағазға бағынуда.
Тойға барып алдымен отырар ем,
«Татардың қаны болса тамырымда»

Жасынан пайғамбардың аттағасын,
Жетпіс, сексен тойласын мақпал басың.
Тойдан-тойға жетіңіз, Өскен аға,
Қарлығаш жыр мәңгілік аспандасын.

Той дегенің рас ол қазына ғой,
Ақ тілектен туады мағыналы ой.
Өскен аға бұл менің өкпем емес,
Өскен ұлға өсер ұлдан базына ғой,-деп жазған едім.

Хатты конвертке салып, арнайы беріп жібердім. Арада біршама уақыт өткен соң Шымкент қаласында өткен шығармашылық кешіне Өскен аға арнайы шақыру қағазын жазып, өзі әкеліп беріп: «Мақсатжан өткендегі бір ауыз өлеңің етімнен сүйегіме өтіп кетті. Сөздің бір атасы-тоқтау, бір атасы-уәж» деген еді. Кейін Өскен аға өзінің «Толғаныс толқынында» атты кітабына менің өлеңімді басыпты. Сол кітапты ұсынып тұрып, алғашқы бетіне мына өлеңді жазып жіберіпті.
Мақсат балама

Жүрсің бе аман текті ұлым,
Өлеңмен назды жетті үнің.
Әкеңмен бірге жүрген кез,
Туралы сырым көп тұғын.

Уақыт-тұлпар зулаған,
Өркендеу үшін туды адам.
Із қалдырар ізгі жан,
Бөстекілік қумаған.

Ақынның ұлы ақынсың,
Сынығы алтын-асылсың.
Талабың сенің ашылып,
Атағыңды асырсын.
Шахановша айтқанда,
Талайға сен бас ұрдың.
Сол талайлар мықтылар,
Енді саған бас ұрсын!
Автор Бөрғазының Өскені
08.05.2007 жыл, — деп қолын қойып сыйға ұсынған еді.
Өскен ағаның жарыққа шыққан кітаптарының барлығын оқып шықтым. Ауылда туған, ауылда өскен, ауылдастарымен бірге өмір кешіп, қиындық пен қуаныштарын бөліскен азамат қалай жүріп-тұрса өлеңдері де сондай қарапайым, жүрекке жылы көңіл сыйлайды. Өзіңді сол өлеңнің ішінде, ауылдастардың арасында жүргендей сезінесің. Қу тіршілікпен жүріп кейде өзге түгілі өзімізді де ұмытып кетеміз ғой.

Тірісінде шалма тастап, құрық салып,
Жақсылардың кім екен жайын ұғар.
Өлгеннен соң езіліп еметейі,
Қазасына қаламы дайын тұрар,-демекші Өскен ақын көзі тірісінде елге, жерге, ауданына еселі еңбегін қалдырды. Бір азамат Созақ үшін тер төксе, ауданның өркендеуі мен гүлденуіне ат салысса -ол Өскен ағамыз дер едім. Дей тұрғанымен биыл көзі тірі болғанда 75 жасын тойлауға тиіс ағамызды аудандағы ақын-жазушылар, олардың басын қосатын шығармашылық бірлестіктер болып (екеуі бар) ақынның алып тұлғасын естерімізден шығарып, ұмыт қалдырғанымыз ыңғайсыздау болды.
Ұмытпаңдар азамат ақыныңды,
Көшеңізде ізі қалған аяғының.
Ақындарын құрметтеп, ізет етсе,
Ол ерекше болар-ед аялы күн.

Ұмытпаңдар ақынның асқақ үнін,
Таулар менен бауларда жаңғыратын.
Шәкірттері баршылық, жоқтайтұғын,
Ұстазының бейнесін ән қылатын.

Сол себепті рухын биіктетіп,
Өскен атын ерекше дәріптеңдер,
Ақын деген алып тау, шынар шыңдар,
Ақын деген тым терең асыл кендер.

Әлі де жыл соңына дейін біршам күн бар екен. «Ештен кеш жақсы» демекші ауылдың мәдениет үйі, кітапхана үйі, орта мектеп, өзі білім берген кәсіптік мектеп қаперлеріне алып қам жасар деген үміттеміз.

Мақсат Қарғабай,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.


Қоғамдық сана әбден жаңарған, дамыған елдерде бітімгергілікті бекемдету, дау дамай деңгейін төмендету жағы дұрыс жолға қойылған. Сондықтан да ол елдердегі дау-дамайлардың көпшілігі медиация тәртібімен реттеледі. Ал бізде ше?
Жуырда республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асановпен сұхбат жүргізеді. Сонда еліміздің бас төрешісі осы жәйтті алға тарта отырып, бұл бағытта республикада болып жатқан көрсеткішті келтіре кетеді. Оның айтуынша елімізде соттар саны жыл сайын еселеп өсуде екен. Мәселен, 2016 жылы судьялар 1,7 млн., 2017 жылы – 2,7 млн. іс пен материал қараса, 2018 жылы олардың саны 3,8 млн.-ға жетеді деген болжам жасалған. Осыны атап өткен Төраға дауды сотсыз, медиацияның көмегімен шешу біздің соттың тәжірибесінде 2-3 пайызға да жетпейтінін ашына жеткізеді.
Осы деректерді алға тартқан Жақып Қажыманұлы дауды шешудің ең тиімді тәсілі татуласу екенін, тек бітіммен шешуге келмейтін күрделі даулар ғана сотта қаралғаны жөн деп тұжырым жасайды.
Еліміздің Жоғарғы сотының Төрағасы Ж. Асановтың бұл сөзі тек санаулы адамдардың ғана емес, қоғамның жүрегінің төрінен, көңілінің өрінен орын алуы тиіс сияқты. Осының аясында насихат жұмыстарын жүргізу тек сот саласының ғана назарындағы мәселе болмай, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың қаперіне алатын жұмысы болса игі еді.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында дәстүрдің тозығын емес, озығын қайта жаңғыртуды ұстын ету қажеттігі туралы орамды ойлар айтқан болатын. Тарихқа зер салсақ ерте заманда қазақ қоғамында бір сөзбен дауды тоқтату жақсы қалыптасқанын байқауға болады. Ол кезде тараптарды татуластыру би-болыстардың құзырындағы міндет болғаны аян. Ендігі кезекте араздасқандарды қайта жарастырып, татулыққа сына қақпауды медиация тәртібімен іске асырған абзал. Осыған сәйкес қоғамда медиация институтын жетілдіру бойынша насихат жұмыстарын жандандыру қажет.
Осы мақсаттағы жұмыстар Түркістан облысында да қарқынды іске асырылғаны жөн. Жуырда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаевтың келтірген мәліметтері осы сөзімізге негіз болады.
Өз кезегінде Б. Байдуллаев ағымдағы жылдың тоғыз айында облыс бойынша 14 650 іс қаралғанын, соның ішінде 1045 іс татуластыру рәсімімен аяқталғанын, бұл барлық аяқталған істердің 3,8 пайызын құрайтындығын мәлімдеген еді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі бастамалар мен бағдарламаларды жолға қоюда. Ендігі кезекте қоғам арасында келісімге келу мәдениетін көтеруді мақсат еткен жобалар аясында түрлі шаралар өткізуді мықтап қолға алсақ алға қарай адымдай түсеріміз анық.

С. НҰРАЙ


Осы аптада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жұртшылыққа паш етті. Қазақтың жүрегіне жол тауып, қоғамға ерекше әсер еткен бұл мақаладағы тың идеяларды Түркістан жұртшылығы өте жылы қабылдады. Түркі әлемінің астанасы болу табалдырығында тұрған Түркістан қаласында осы мақаланы жан-жақты түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Төмендегі шара соның жарқын көрінісі.

Қаладағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің музейінде оқытушылар мен студенттер, ғалымдар мен сарапшылар бас қосып, мақаланың болашаққа берер пайдасы мен сананы сілкіндірудегі тұстарын сөз етті. Осы бағыттағы басқосуда қатысушылар әдеттегідей мәжіліс залында емес, уневерситет музейінде тарихи сәттерден сыр шертетін жәдігерлерді аралап жүріп, пікір алмасты. Онда білім ордасының доценті Ләззат Динашева университетте «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған дүниелерді бойына жинаған жәдігерлердің бар екеніне ерекше тоқталып, оларды көпшілік назарына ұсынды. Соның ішінде көпшілікті қызықтыра түскені «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасына әбден лайық Ясауи бабамыз туралы құнды мәліметтер көзі болды.
Өз кезегінде университет оқытушылары Елбасының бұл мақаласында айтылған Түркістан қаласын Түркі әлемінің генезисі ретінде дамытып, оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру бағытындағы ойлары киелі шаһардың дамуына тың серпін беретініне кең тоқталып, келісті ойларын білдірді.
Жиын барысында мақаладағы маңызды ойлардың әрқайсысына тоқталып, оларға кесек пікір, келелі ойлар айтқан қатысушылар Елбасының бұл құнды дүниесі Түркістан облысы мен Түркістан қаласын дамытатынын, ондағы бастамалар ғылым мен мәдениеттің дамуына даңғыл жол салатынына сенімді екендіктерін жеткізді.

С. НҰРАЙ.

Былтыр Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен «Сақ» киностудиясы «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикаяны түсіріп, көрерменге ұсынды. Бұдан өзге, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би» атты анимациялық фильмдеріміз республикалық және жергілікті телеарналарда көрсетіліп, жұртшылықтың оң талғамынан шықты.

Сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильмі де өз көрермендерін тауып үлгерді. Ал Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бүгінгі мақаласы біздің шығармашылығымызға кең тыныс бергелі отыр. Өйткені онда біздің шабытымызға шабыт қосып, қиялымызға қанат бітеретін ой-идея жетерлік.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай өткізілген брифингте «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев осылай деді.
Өз кезегінде ол мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бойынша сала мамандарына тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісінде Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануды шегелеп айтуы туралы тапсырмасы аясында еңбек етуге дайын екенін баса айтты. Брифингте «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев Елбасының кино өнері бойынша бұл тың бастамасы аяқтан тұрып келе жатқан қазақ анимациясының дамуына даңғыл жол ашатынын да атап өтті.
Жиын барысында С. Паттеев ағымдағы жылы облыс басшысының қолдауымен өңірде «Ордабасы – бірлік туы» атты анимациялық фильмнің түсірілімі аяқталғанын, жақын күндері тұсаукесерін өткізу жоспарланып жатқанын, бұдан өзге «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалының түсірілім жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Отандастар» қорының ұйытқы болуымен «Туған жерге тағзым» кең ауқымды жобасы басталды. Шараның мәні мен мазмұны мынадай: күллі әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастарымызға Қазақстанның киелі жерлеріне тарихи-танымдық саяхаттар сериясын ұйымдастыру. Жобаның алғашқы қадамдары Түркістан қаласында басталып кетті.

Осы аптада Австрия, Англия, Франция, Швеция, Иран, Қытай, Монғолия, Тәжікстан, Ресей, Белорусь, Өзбекстан және Қырғызстандағы қандастар киелі қала Түркістанға келді. Соған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша түркі жұртының Атажұртына келген қандастардың қадамына құт тілеп, оларды зор құрметпен қарсы алды.
Алыстан ат арылтып келген отандастардан бөлек бұл жүздесуде «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, ҚР Ұлттық музейінің «Қасиетті Қазақстан» орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеевтар және шетелдік диаспора өкілдері де болды.
Одан соң басқосуға жиналғандар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Онда аймақ басшысы Ж. Түймебаев осынау маңызды кездесудің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылып жатқанын айтып, қатысушыларды Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жөніндегі нақты міндеті бүгінгі таңда қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде ақпар беріп өтті.
Екі күнге жалғасқан экскурсияның, ең алдымен, Түркістанда өтуінің мақсаты — отандастарға
Қ. А. Ясауи, Арыстан Баб кесенелері, Түркістанның тарихи мұражайы және өңірдің басқа да көрікті жерлерін таныстыру арқылы қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын насихаттау болды.
Жалпы, аталған «Отандастар» коммерциялық емес акционерлік қоғамы қоры алдағы бес жыл ішінде экскурсиялық турларды еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлауда. Келесі реттегі жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік отандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі.

С. НҰРАЙ.


«Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды.

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.
Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.
Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.
Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.
Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.
Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.
Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.
Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.
Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.
Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ
Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.

1. Атқа міну мәдениеті
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.
Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.
Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.
Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.

2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия
Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.

3. Аң стилі
Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.
Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған.
Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.
Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.
Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.

4. Алтын адам
Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.
Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.

5. Түркі әлемінің бесігі
Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.
Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.
Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.

6. Ұлы Жібек жолы
Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.
Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.
Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.
Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.

7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.
Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.

***
ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.
Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.

1. Архив – 2025
Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.
Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын.
Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.
Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.
Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.

2. Ұлы даланың ұлы есімдері
Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.
Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.
Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.
Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.
Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.
Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет.
Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.

3. Түркі әлемінің генезисі
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.
Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды.
Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.
Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.

4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді.
Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.
Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.
Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.

5. Дала фольклоры
мен музыкасының
мың жылы
Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.
Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.
Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.
Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.
Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.
Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады.
Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет.

6. Тарихтың киноөнері мен телевизиядағы көрінісі
Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады.
Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.
Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет.
Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады.
Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.
Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар.

ҚОРЫТЫНДЫ
Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.
Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.