Маңызды

Түркістанға жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиында Елбасы Түркістан қаласын дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды.

«Бүгін еліміздің тарихында бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген сұрақ бойынша әңгімелесеміз. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді», — деген Елбасы сол комиссия басшысының есебін тыңдады. Елбасыға Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын мәлімдеді.
«Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет
Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді», — деді Асқар Мамин.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6 пайызды құраған. Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 млрд.теңгеге артты. Өңір экономикасына 142 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 айда құрылыс көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетіп, өсім 105,8 пайыз болды. Барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 21,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды. 291,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 1922 пәтер берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 137,6 пайызды құрады. Осы деректерді баяндаған ол облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру бағытындағы жұмыстар мен қаланы дамыту жөніндегі жоспарларға да тоқталды.
«Сіздің «Түркістан облысын құру, әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы» Жарлығыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр) құрылысын бастап кеттік. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, ол нәтижесін беріп жатыр. Кеше ғана 28-қыркүйекте Түркістан қаласында 1-ші «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел және отандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд.АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды», — деді облыс әкімі.
Баяндамаларды тыңдаған Елбасы «Біз бүгін Түркістанды жаңа облыс орталығы ретінде аяғынан тік тұрғызу мәселесімен жиналып отырмыз. Қазір мемлекеттік органдар Түркістанға көшіп, жұмыс істеп жатыр. Енді Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Үкімет пен облыс әкімдігі мына мәселелерге назар аударулары тиіс. Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюджеті екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен жөн. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс», — деген Елбасы ауыл шаруашылығын одан әрі дамытып, өнімдерді өңдеп шетелге экспорттау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауыз сумен қамту мәселелерін шешу жөнінде де тапсырма берді. Баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді.
Актив мәжілісінде Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Елбасының Түркістанға деген ерекше ықыласы мен қамқорлығына ел атынан алғыс айтса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Виктория Черкашина да жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға риза екендігін жеткізді.
Түркістанды дамыту жөніндегі алқалы жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды.

Түркістан облысы
әкімдігінің баспасөз қызметі.


-Салыхан Сабырұлы, облыста өз қолы өз аузына жетіп отырған бірден бір аумақ – Созақ ауданы. Соған қарамастан жергілікті жерде ауыз су мәселесі күн тәртібінен толық түспей келеді. Қазірдің өзінде 10-ға жуық елді мекенге ауызсу құбырлары тартылмаған. Оның себебі не? Аудан басшысы ретінде бұл мәселенің оябын табуда қандай жұмыстардың орындалуына ықпал ете алдыңыз?
– Ауыз су мәселесі бізді де біраз алаңдатқан. Созақ ауданы бойынша 35 елді мекеннің 23 елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген. Дал қазіргі таңда, 23 елді мекенде тұратын халық саны – 49250 адамды яғни, аудан тұрғындарының 79,2 пайызын құрайды. Шолаққорған ауылдық округінің Ақшам, Теріскей елді мекендері мен Таукент кентіндегі саяжайды тәулігіне 24 сағат сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары
дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елді мекендерінің жер асты суын зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қорытындысы алынатын болды.
Биылғы жылы аудандағы орталықтандырылған 6 елді мекенге, яғни Шаға, Қайнар, Абай, Ақсүмбе, Көктөбе, Раңға су құбырын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жүзеге асатын болса ауданның 82 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Алдағы жылдары қалған ауылдарға су жеткізу толықтай шешіледі десек, қателеспейміз. Ал, қалған Қозмолдақ, Балдысу, Қарабұлақ, Басбұлақ елді мекендерінің жер асты су қорлары зерттелуде.
– Ауданда ауыз судан бөлек өзге де коммуналдық мәселелер бойынша атқарылып жатқан (газ, жарық) жұмыстар қандай? Ағымдағы жылы аудан халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытында бастапқы сатыдағы жұмыстардың қолға алынатындығы айтылған. Бұл игі мақсатты жұмыстардың барысы қандай?
– Жалпы ауданды газдандыруға байланысты біздің тарапымыздан барлық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілді. Созақ ауданына газ құбыры желісін жүргізу Жаңатас қаласындағы «ЕвроХимҚаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбыры құрылысы нысанына қосылу арқылы жүзеге асырылады.
Жаңа жоба бойынша «Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қосымша келісім-шарт жасалып, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды.
«Шымкент» магистралды газ құбырлар басқармасы «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамынан, «КазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалынан, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан, «Шымкент-транстелеком» филиалынан, «Қазақтелеком» АҚ «Алыспен байланыс» бірлестігі №11 магистралдық байланыс және теледидар желісі техникалық торабынан және электр энергиясымен қамтуға «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нен техникалық шарттар алынды.
Аудан елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттарына жергілікті бюджеттен 78 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал, аудан орталығы Шолаққорған ауылының ішкі жүйелерін газдандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 27 млн. теңге қаржы бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
– Сіз осыдан біраз уақыт бұрын журналистерге берген кезекті бір сұхбатыңызда аудан халқының төрт түлікті баптаудағы қарқыны көңіл тоғайтпайтынын айтып өттіңіз. Осы жайында кең талдау жасасаңыз?
– Созақ ауданы 1928 жылы құрылды ғой. Сол кездегі санақ бойынша бұл өңірде 1 миллионға тарта уақ мал басы болған екен. Иен даланың бәрінде мыңғырған мал, төрт түлігі сай өңір болды. Күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық жылдарында Созақта ғана емес, қазақ даласында мал саны азайып кетті. Одан кейінгі 1960 жылдары 40 шағын ұжымшар бірігіп, іріленген 10 кеңшар құрылды. 80-ші жылдардың ортасында мал басы қайтадан 1 миллионға дейін жетті. Ірі қара 20 000, түйе 30 000, жылқы 50 000 болды. Аудан негізінен аграрлы бағытта дамыды. Бірақ республикада ең артта қалған 30 ауданның қатарында болды. 1990 жылдардағы қиын-қыстау заманда мал басы азайып кеткен болатын. Бүгінде мал басын қайта көбейтуді қолға алдық. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда мал басы 104-106 пайызға өсті. Мемлекеттік «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламасын жыл сайын межеден аса орындаймыз. Осының бәрі мал басының көбеюіне септігін тигізіп отыр. Бүгінде ауданда 35 093 мүйізді ірі қара, 15 581 бас жылқы, 11 273 түйе, 340 000 мыңдай қой-ешкі бар. Асыл тұқымды қаракөл қой шаруашылығын сақтап, дамытып отырған кооперативтер бар. Қазақ қашан да қой бағып, оны баптауды жетік меңгерген халық. Мені аудан халқының төрт түлікті баптауы емес, мал басының азайып кеткені алаңдатады. Сұрағыңыздағы сұхбатта мен осыны меңзеген болатынмын. Біз алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтырамыз. Бүгінде аудан халқы мал басын көбейтуге жұмыс жасап отыр. Созақтың етінің қандай дәмді болатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер.
– Бүгінде Созақ ауданында өндірісі өрге басқан, түтіні түзу шығып жатқан өндіріс орындары, олардың облыс, республика экономикасының дамуы жолындағы алар орны туралы толыққанды мәлімет бере кетсеңіз…
– Ауданда «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының ірілі-кішілі 9 кәсіпорны бар. Оларда 10 мыңға жуық адам жұмыс істесе, соның 7 мыңға жуығы Созақ ауданының азаматтары. Аудан бюджетінің 65-70 пайызын осы кәсіпорындардан түскен кіріс құрайды. 2000-шы жылдардың бас кезеңінде компанияның әлеуметтік саладағы қызметтерінің барлығы аудан әкімі мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басшысы қол қойған меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын. Кейіннен келісім-шарт облыс әкімімен жасалатын болды. Бұл үрдіс 2010 жылға дейін жалғасты. Әрбір үш жылда орта есеппен 1-1,5 млрд. теңгедей қаржы қаралып, негізінен мектеп, балабақша, спорт кешендері, емханалар салынып тұрды. Соның арқасында ауданымыз бойынша «Инкай» бірлескен кәсіпорны Тайқоңырдан, «Катко» БК Шолаққорған, Тасты ауылдарынан балабақша құрылыстарын салды. Мерекелік шараларда, Жеңіс мейрамы, қарттар күні, 8 Наурыз әйелдер мерекесінде сый-сияпаттар жасап тұрады. Тұрмысы төмен отбасыларға көмектеседі. Уран өндіретін компаниялар есебінен шағын спорт алаңшалары салынуда.
Ауданға инвесторларды көптеп тарту және олардың инфрақұрылым мәселесін мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында аймақта жалпы алаңы 50 гектар жер телімін құрайтын индустриалды аймақ құрылған. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 1 млрд. 204 млн. теңге құрайтын 5 жоба іске қосылып, жұмыс жүргізуде. 2018 жылдың 7 айында индустриалды аймақта 644,7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 41 млн. 300 мың. теңге қаржы түсті.
– Тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұрған азаматтар бар ма? Ал, жалпы, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды?
– Аудан көлемінде тұрғын үй салуға жер алуға кезекте тұрған азаматтар жоқ. Дегенмен, Жеткеншек мөлтекауданында 120 гектарға инфрақұрылым тартылып, 350 жер телімі жіберілді. Қазіргі таңда Жер кодексіне сәйкес өтініш берген адамдарға веб-портал арқылы, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жер телімдері берілуде.
Сондай-ақ, Шолаққорған-Жеткеншек бағытында 2 қабатты 14 үй cалу жұмыстары қолға алынды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айтылған «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты бойынша Шолаққорған ауылынан 10 пәтерлі 2 тұрғын үй, Созақ ауылынан 10 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысының жұмыстары басталды.
– Өзіңіз облыста құрылыс саласын басқардыңыз. Созақ ауданының 90 жылдығы қарсаңында қандай құрылыс нысандарын ашасыздар? Құрылыс қарқыны қалай?
– Бүгінгі таңда аудан көлемінде 632 млн 320 мың теңгенің құрылыс – монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аудандық 417 178 миллион теңгеге өз қаржымызға Балдысу елді мекеніндегі жүз орындық орта мектептің құрылысы басталды. Сол секілді Құмкент ауылындағы спорт кешенінің ғимаратын қайта құру құрылысы, қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да іске асырылатын жобалар аз емес. Енді соларға аз-кем тоқталып өтсем. Шолаққорған ауылының бас жоспарының жалпы аумағы 2200 гектарға ұлғаяды. Аудан орталығында жаңадан салынатын көп қабатты тұрғын үйлердің егжей-тегжейлі жобасы жасалды. Шолаққорғаннан салынатын спорт сарайы, үш қабатты елу төрт пәтерлі тұрғын үй, екі қабатты он пәтерлі тұрғын үй, бір қабатты тұрғын үйлер, екі қабатты тұрғын үйлер, үш жүз, алты жүз орындық мектептер құрылысы, аудан көлемінде Ақсүмбе, Балдысу, Шаға, Раңатада төрт медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр. Созақ ауылында №1 кәсіптік колледждің құрылысы осы жылдың қарашасында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Шолаққорған, Созақ ауылдық округтерінде бюджеттік қызметкерлерге арналған қызметтік тұрғын үйлер салынуда. Сызған ауылдық округінен демеушілер есебінен 13 шақырымды құрайтын «Шұқырой» каналының лотоктары күрделі жөндеуден өткізіліп, шаруаларға су берілуде. Облыстық құрылыс басқармасына Суындық, Ақұйық, Қостөбе, Раң, Райстан бес су қоймасын салуға ұсыныс енгізілді.
Қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай музей құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді. Ақсүмбе елді мекеніндегі мектеп құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Асқар Сүлейменов атындағы орта мектебіне қосымша ғимарат құрылысын салу үшін конкурс жарияланды. Мұндай құрылысты Әлия Молдағұлова мектебінде келесі жылы жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар Тәкен Әлімқұлов, Сүгір Әліұлы, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанбек Қожанов атындағы орта мектептерінің қосымша құрылыс жұмыстарын салу үшін мемлекеттік сараптамадан өтуге тиісті құжаттары тапсырылды. Қарақұр, Жартытөбе ауылдық округтерінде саябақтың құрылыстары басталды. Жуантөбе, Сызған округтерінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданда Шу, Қыземшек, Таукенттегі үш мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шолаққорған ауылдық округінде екі саябақ құрылысы және Алтынсарин мектебіндегі аллеяға қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Ауданның мерейлі 90 жылдық тойы аясында, спорт ғимаратын, спорт алаңшасын, медициналық пункт пен жекеменшік балабақшаның лентасын қиятын боламыз.
– Салыхан Сабырұлы, Созақ ауданындағы 5 киелі нысан атап айтқанда Таңбалы тас ескерткіші, Хақназар хан кесенесі, Қарабура кесенесі, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, Созақ қалашығы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша арнайы әзірленген республикалық тізімге енгізілді. Қаншама тарихты ішіне бүгіп жатқан осы нысандардың маңызы туралы тағылымды өз аузыңыздан естігіміз келеді. Бұл жерде қандай тарихи оқиғалардың ізі бар? Осы нысандар туралы тарихта қандай аңыз-әпсаналар қалған?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба еліміздегі қасиетті орындарды және қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдің туристік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Ауданымызда өзіңіз айтып отырғандай республикалық тізімге 5 киелі нысан енді. Олар – Таңбалы тас ескерткіші, Хақназар хан кесенесі, Қарабура кесенесі, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, Созақ қалашығы. Бұл айтылғандардың барлығыда қазақ халқы үшін өте маңызы бар тарихи құнды, қасиетті нысандар. Биылғы жылы сіздердің әріптестеріңіз арқылы осы нысандар БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде жиі насихатталды. Соның нәтижесінде, бұл нысандарға қызыққан адамдар саны да артып отыр. Ауданның туристік әлеуетін дамытуға таптырмайтын жоба. Алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратын боламыз. Ал, киелі орындардың қасиеті, маңызы өте зор. Баба Түкті шашты Әзіз туралы көптеген аңыздар бар. Ол қасиетімен Ислам дінін осы өңірге таратқан адам дейді. Оның аты қазақтың «Алпамыс батыр» жырында көрінеді. Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне тағзым етіп келушілер арасында тек қазақстандықтар ғана емес, көршілес жатқан елдер Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейден де ат терлетіп, дұға ететіндер бар. Таңбалы тастарымыз сонау қола дәуірінен сыр шертеді. Онда 3,5 мыңға тарта таңбалы тасымыз бар. Олар сол дәуірдегі адамдар өмірінен, тұрмысынан хабар береді. Теріскейдің аяулы ұлы Асқар Сүлейменовше айтсақ «Созақ мінезі… Созақ дария… Созақ қария» ғой. Тұнып тұрған тарих. Киелі жерлердің картасына енбеген Ақбикеш мұнарасы, Ысқақ баб кесенесі бар. Алдағы жылдары оларға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
– Өткен айда Түлкібас ауданы өзінің 90 жылдық тойын думандатып атап өтті. Айтулы күн қарсаңында ауданда біраз нысандар ашылып, бірқатар ғимараттар жаңарды. Жуырда Сіздер де ауданның 90 жылдығын атап өткелі жатырсыздар. Төрге шыққан тоқсан жылдықта аудан халқын қандай көзайым жаңалықпен қуантқалы отырсыздар?
– Аудан 1928 жылы Теріскей өңірін мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылды. Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Одан бөлек, теріскейдің таланттылары Тәкен Әлімқұлов пен Төлеген Момбековтің 100 жылдығы, Бәтима Батырбекованың 90 жылдығы, Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығы ауданның мерейтойымен қатар келеді. Созақтықтар қашан да аяулы ұлдарының есімдерін құрметпен еске алады. Біз жыл бойы бұл есімдерді есте қалдыру мақсатында дөңгелек үстел, тәрбиелік сағаттар, кештер, жазба ақындар мүшәйрасын, көркем сөз оқу шеберлерінің байқауын, күйшілер сынын өткіздік. Аудан болып барлығы бір кісідей атсалысты.
Ал енді бәрін қорытындылар мерекелік кешті 11-12 қазан күні өткіземіз. Созақтың арғы-бергі тарихын ұлықтайтын, зерделейтін «Созақ – жыр, Созақ – сөз, Созақ – өнер» атты ғылыми-теориялық конференция өтетін болады. Республикалық ақындар айтысы өткізілмек. Бірнеше құрылыс нысандарын ашуды жоспарлап отырмыз. Ауданның жетістіктерін қамтитын деректі фильм көрсетіледі. Қазақтың тойына сән беретін ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылады. Танымал өнер жұлдыздарын қамтитын гала-концерт болады. Қадірлі қонақ ретінде ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистер, ауданға еңбегі сіңген азаматтар шақыртылып жатыр. 90 жылдық той мерекесінде 22 нысан ашуды көздеп отырмыз. Олар: көше спорты нысандары, футбол алаңшалары, спорт ғимараты, балабақша, саябақ. Жалпы демеушілер есебінен 265 млн. теңгеге спорттық нысандар ашылады. Қазір талай тарихты басынан өткерген әулиелі теріскей өңірінің тойын аудан болып өткізуге қызу дайындық үстіндеміз.
– Сұхбатымызға алып-қосар пікіріңіз бар ма?
– Әрине. Мәселен, Созақ ауданы Кеңес дәуірі тұсында республикада ең артта қалған 30 ауданның қатарында болды. Қысы суық, жазы ыстық. Әлеуметтік нысандардың барлығы да саман кесектен жасалған-тын. Жолы ойдым-ойдым аудан болатын. Бұл өткен ғасырдың 60-80 жылдардағы кезең. Ол заманмен қазіргі кезді салыстырып қарауға да келмейді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай ауданымыз дамудың жаңа жолына түсті. Жаңадан мектептер мен медицина мекемелерінің жайлары, балабақшалар мен шағын орталықтар, мәдени ошақтар салынып, заманауи үлгіде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың игілігіне берілді. Тұрғын үйлер жаңарып, ауыл, елді мекендердегі ішкі және күре жолдар жөнделді. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып, индустриалды аймақ өркен жайды.
Өңіріміздегі жерасты қазба байлықтарының мол көзі ашылып, қуатты өндіріс орындары бой көтеріп, шетелдік, отандық инвесторлар тартылып, ірі біріккен
кәсіпорындар ашылды.
Бүгінде 90 жылдық тойдың қарсаңында ауданымыз өндірісі өрлеген, шаруашылығы шалқыған облыстағы көшбастаушы аудандардың біріне айналған. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің, Елбасының салиқалы саясатының арқасы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қыдыр ҚАЛИЕВ.


Өндірісі өркен жайған, шаруасы шалқыған аумақ дегенде тіл ұшына Созақ ауданы орала кетеді. Оған мына көрсеткіштер негіз бола алады. Бүгінде Созақ ауданы Түркістан облысы бойынша дотациядан арылып, керісінше донарлы аумаққа айналған құтты жер. Құтты деп айтуымыздың да жөні бар. Себебі оның қойнауы байлыққа толы. Нақ осы байлықтың арқасында бұл аудан қазіргі таңда инвесторлар үшін ең тиімді өңірге айналып отыр. Кеңес үкіметі кезеңінде дамуы жағынан республикада ең артта қалған 30 ауданның қатарында болған Созақ қазіргі таңда әуелі Құдайдың аямай берген ен байлығының, одан соң сондай ырыздыққа кенелсе де, ақ пейілдерінен айнымаған еңбекқор жұртының және Тәуелсіздіктің ақ таңының арқасында территориясы жағынан да, экономикасы жағынан да облыста алға шыққан аудан болған.
Төрдегі жас – 90 жылдығын тойлап отырған Созақ ауданында 35 елді мекен бар. Оның 23-і орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Қалған ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту үшін тиісті жұмыстар орындалуда. Ауданға көгілдір отынды алаулатып жеткізу бағытында бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамалар жасалуда.
Жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысымен ауданға 22 млрд 506 млн инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,6 пайызға немесе 1 млрд. 593 млн теңгеге артқан. Мұндағы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 қуатты кәсіпорнында 10 мыңға жуық адам істесе, соның 7000-ы созақтықтар. Аудан бюджетінің 65-70 пайызын осы кәсіпорындардан түскен табыс құрайды.
Бұл игі жетістіктердің барлығы халықтың жүзіне қуаныш сыйлап қана қоймай, оның ертеңге деген сенімін еселеді. Ағымдағы жылдың 11-12 қазанында өзінің тоқсан жылдық торқалы тойын атап өту қарсаңында ауданда ашылған бірнеше нысандар созақтықтардың қуанышын тағы да арттыра түсті.

Игі іс – баянды болашақтың нышаны

Тоқсан жылдығында Созақ ауданында жергілікті халық үшін аса маңызды бірнеше нысандар ашылды.
Солардың бірі Құмкент ауылындағы спорт кешені. 2017 жылдың желтоқсанында құрылысы басталған бұл кешен үшін жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге қаржы қаралған. «Ноутилус» атты мердігер мекеме құрылысын жүргізген бұл нысан қазан айында ел игілігіне берілді. Жергілікті жердегі 19 азаматты жұмыспен қамтыған онда күрес, бокс, футбол және волейбол ойындарының секциялары жұмыс жасамақ. «Спорттың бір сиқыр» екенін терең түсінетін жергілікті халық үшін ақжолтай ақпарат болған мұндай жаңалық мұнымен шектеліп қалмады. Бұдан бөлек, ауданның Қарағұр ауылында 2 спорт алаңшасы мен бір балалар ойын алаңының лентасы қиылды. Және де «Жастар» саябағы ашылды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «қолданыстағы әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет» деген талабын ескере кетсек, бұл атқарылған істер нағыз дер шағында қолға алынған тірлік екеніне анық көз жеткізесің. Және бұл нысанды «Samruk-Kazyna Trust» корпаротивті фондының демеушілігімен соғылғанын еске түсірсек, тағы да марқая кетесің. Аталған компания бұдан бөлек, Таукент кентінде кіші футболдан спорт алаңын, балалар ойын алаңының құрылысын бастан аяқ жүргізіп берді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген осындайда айтылса керек.
Сонымен қатар, айтулы мереке қарсаңында «КАТКО» БК ЖШС-нің демеушілігімен Жартытөбе ауылында алаңы 800 шаршы метр спорт алаңшасы, 1 балалар ойын алаңы «Астана қаласына 20 жыл» саябағы, 75 орынға лайықталған «Асылжан» бөбекжай-балабақшасы ел игілігіне берілді.
Биыл бірнеше ауыл округтеріндегі атап айтқанда, Жартытөбе ауылы, Сызған, Жуантөбе, Шолаққорған ауылдары мен Қызылкөл елді мекенінің негізгі көшелері аудандық бюджет есебінен жарықтандырылды.
Созақтың 90 жылдық белесті бағындыруына орай ұйымдастырылған кезекті бір шарада Шолаққорған ауылында 50 орынға лайықталған «Айжан» балабақшасы ашылды. Жалпы бүгінде Созақ ауданында 43 мектепке дейінгі ұйым бар болса, оның 17-мемлекеттік, 16-жекеменшік, 10-шағын орталық болып табылады. Өрендердің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Бұл облыс бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі екенін айтып өтуіміз керек. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында жеке кәсіпкер Терімалиева Алмагүлдің өз қаржысы есебінен «Жібек жолы» атты тұрмыстық техника және электроника дүкені ашылды. Одан өзге аллея, спорт және балалар ойын алаңшасы мен «Street Workout» спорттық алаңының тұсауы кесіліп, олардың барлығы аудан орталығына ерекше әр кіргізді.
Бұдан өзге Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе елді мекендерінде медициналық пункттер пайдалануға берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен салынған бұл медициналық тіректердің әрбірі үшін 30,0 млн теңге қаржы жұмсалды.
Теріскейдің 90 жылдық тойы қарсаңында пайдалануға берілген бұл нысандардың ашылу салтанатының көпшілігіне аудан басшысы Салыхан Полатов арнайы қатысты. Онда ол аудан халқын айтулы күнмен құттықтап, ізгілікке толы тілектерін жолдады. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында есімдері елге белгілі ақындардың қатысуымен «Сырлы Созақ» тақырыбында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Бұл сайыста бас жүлдеге ие болған Жарқынбек Наушабековке аудан әкімі С. Полатов 1 млн. теңгенің сертификатын тапсырды. Бұдан соң аудан басшысы Созақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Созақ ауданының Құрметті азаматы атағын салтанатты жағдайда табыс етті.
Айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысу үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға
арнайы ат басын бұрды. Өз кезегінде ол аудан ауруханасына облыс әкімдігі атынан санитарлық автокөліктердің кілтін табыстады. Мұнымен қатар облыс әкімі Ж. Түймебаев мерекеге орай Шолаққорған ауыл округінде орналасқан «Тәуелсіздік» саябағына, Ж.Әділбеков, Б. Әлібайұлы, Б. Әметшаев, Ә. Жынысбаев, Ж. Дәуітбаев, Қ. Архабаев, Ү. Тастанов Т. Тұяқбаев, К. Бөрғазиев сынды Социалистік Еңбек Ерлері мен шерітпе күйдің шеберлері С. Әліұлы, Ж. Қаламбаев, Т. Момбеков, Г. Асқаровтардың құрметіне жасалған ескерткіш-бюст аллеясының салтанатты ашылуына қатысып, Созақ жұртын былай деп құттықтады.
– Бүгін ауданның құрылғанына 90 жыл толу мерекесіне орай түрлі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұл үлкен тарту. Созақ ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуы өркендеген өңір ғана емес, тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген жер. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Созаққа келген сапарында «Созаққа барсаң күйшімін деме» деп баға берген. Ұлт, мемлекет дамуы жолында аянбай еңбек еткен, азаматтардың есімін ел жадында қалдыру мақсатында «Социалистік Еңбек Ері» атанған азаматтардың бюсттері орнатылып отыр. Тарихымызды танып, мемлекет дамуы жолында еңбек еткен азаматтарды мадақтап, есімдерін ел жадында мәңгі қалдыру біздің басты мұратымыз.
Облыс әкімі бастаған көш бұдан бөлек, «Созақ – жыр, Созақ – сөз, Созақ – өнер» атты ғылыми-теориялық конференцияға қатысты. Тізгін қағары аймаққа белгілі жазушы Мархабат Байғұт болған бұл конференцияда ауданның тарихы жайлы бейнефильм көрсетіліп, жазушы Өтеш Қырғызбаев, ғалым Нариман Нүрпейісов, Мұхтар Қожалар баяндама жасады. Созақ туралы тарихтан қалған талай тағылыммен танысып, ерекше әсерге бөленген соң қонақтар орталық атшабарда өткізілген көкпар, бәйге, қыз қуу сынды ұлттық ойындарды тамашалады. Өз кезегінде бәйге мен көкпар ойындарының жеңімпаздарына 2 жеңіл автокөлік тарту етілді. Оған Мағауия Тұрысбеков, Бағлан Сүгірбаев есімді кәсіпкерлер демеушілік етті.

Ауданның құтын келістірген әкімдер

Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы кезде дәлірегі 1992-1994 жылдары ауданды Әбдірахман Омбаев басқарды. Көкірек көзі ояу, білім-ғылымнан мол хабары бар Әбдірахман Молданазарұлы әкім болған алғашқы күннен бастап теріскейліктерді келмеске кеткен кеңестік шаруашылықты алмастырған жаңа жүйенің жаңалықтарына тосылып қалмай, оның талаптарына ілесе алуға ерте алды. Ауданның ауылшаруашылық саласында да ілкімді бастамалар жасады. Кейіннен олардың барлығы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қазіргі таңда бұл азаматтың есімі ғылыми салада іргелі ғалым ретінде көп айтылады.
1994 жылдың қаңтарынан бастап 1999 жылдың тамызына дейін Созаққа Қуаныш Айтаханов әкім болды. Бұл аралық созақтықтар үшін қарбаласы көп қым-қуыт қиын кездерден тек еңбекпен, үкілі үмітпен ғана бас көтерген кезең болса, Қуаныштай мінезге бай тұлға үшін тығырықтан шығар жол тауып, нағыз сын сағатынан сүрінбей, басшы ретінде ел сенімінен шығып әбден шыңдалған жылдар болды. Ол ауыл халқына «жүргенге жөргем ілінетінін» сондықтан да әрбір отбасы, кеңестік кезеңдегідей «Үкімет өлтірмейді» деген масыл ұғымнан арылып, қолда бар шаруашылығын барынша ұқсата білуді алға тартты. Халықты үй іргесіндегі жерге егін егіп, «қыстың қамын жаз ойлауға» баулыды. Күн жылығаннан бастап қорасында төрт түлігі бар әр үйдің малдың азық қорын даярлауды дағдылы әдетке айналдыруға үйретті. Оған негіз де жоқ емес еді. Өйткені ол ең алғаш әкім болып ауданға келген 1994 жылда қыс өте қаһарлы болды. Бет қаратпайтын боранның бірнеше айға созылуы шаруа иелерін қатты алаңдатты. Сол кезде Қуаныш Айтаханов Жаңатас темір жолы арқылы ауданға өзге облыстардың жем-шөп пен азық түлікті жолдауларын ұйымдастырып, ұтқырлығын көрсетті. Сонымен қатар ол ауданда уран өндіретін өндіріс орындарының тиісті салықтарын Алматы қаласының емес, ауданның бюджетіне түсуіне қол жеткіздірді. Бұл жолдағы Қуаныш Айтахановтың табандылығы бір тақырыпқа татитын дүние дерсің.
1999-2010 жылдары Созақты теріскей топырағында туып өскен Созақбай Әбдіқұлов басқарды. Осы аралықта нақтырағы, 2006-2007 жылдары ауданның басшысы лауазымына Әли Бектаев отырды. Созақбай Исаұлы Теріскей өңіріне әкім болған он жылға жуық уақыт ішінде ол ірі бизнес өкілдері мен қарапайым халық арасында қамқорлық байланыс орната білді. Атап айтқанда ол, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясына қарасты өндіріс орындарының аудан халқына деген әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда белсенділік танытты. «Елде болса ерінге тиеді» деген тәмсілді берік ұстаған ол ауыл жастарын сол кәсіпорындарда жұмыс істеуін, ол үшін олардың сол өндіріс орындарының есебінен шетелдерде білім алуларына ықпал ете алды. Созақбай Исаұлының салған жүлгесін 2006-2007 жылдары Әли Бектаев әкім болған жылдарда лайықты алып жүре алды.
2010-2012 жылдары ауданға Мейірбеков Берік Қуанұлы әкім болып бекітілді. Бұл азамат қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап мәдениет саласына жіті мән берді. Ауданды басқарған екі жыл ішінде ол аудан халқының басым көпшілігі қоныс тепкен Созақ ауылында мәдениет үйі ғимаратының салынуына себепкер болды. Осы салада мәні кеткен біраз мәселелердің өз шешімін табуына жұмыс жасады.
2012-2015 жылдары ауданға әкім болып Аманғали Түктібайұлы тағайындалды. Бұл кезең жергілікті жұрт үшін 50 гектар жер телімі бар индустриалдық аймақтың іргетасының қалануымен есте қалды. Бүгінде ол жерде құны 1 млрд. 204 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған. Осы жылдың 7 айында нақ осы индустриалдық аймақта 644, 7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 41 млн. 300 мың теңге қаржы түскен. Аманғали Түктібайұлы ауданға әкім болған күндерінде спорт саласына аса қатты көңіл бөлді. Дәл соның бастамасымен ауданда былғары қолғап, қыздар боксы, зілтемір көтеру сынды оған дейін назардан тыс қалып келген спорт түрлерін дамыту қолға алды. Соның арқасында Созақ жерінде аталған спорт түрлері бойынша бірнеше спортшылар жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп, ауданның атын шығарды.
2015 жылдың маусымынан бастап 2017 жылдың мамыр айына дейін бұл ауданның әкімі Мақсат Исаев болды. 2017 жылдың мамырынан бүгінге дейін ауданға Салыхан Сабырұлы Полатов басшылық жасап келеді. Бұлардың барлығы ертеңгі күні ел жадында ізгілік пен іскерлікке ие басшы ретінде сақталып қалуы үшін біркісідей еңбек етіп келе жатқанын айтпай кетуге болмас.

Өткенге салауат айту өнеге

Құт дарыған қасиетті Созақ ауданында талай тарихтың ізі қалғаны әмбеге аян. Енді осыған аялдай кетсек.
ХІ-ғасырға дейін Созақ Хузақ деп аталған. Бұл атау тарихта V-VI ғасырларда белгілі бола бастаған. Бұл оның сақ дәуірінен келе жатқан қалашық екенін аңғартады. Сарғайған тарих беттері сол заманда хузақтықтардың, яғни, Созақ тұрғындарының егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі дәуірде өмір сүргені туралы сыр шертеді. Одан соң, ХI-ХII ғасырда Созақ Түркі Қағанаты шапқыншылығына жиі ұшырап, бірнеше рет қиратылып, қиналысты кезеңдерді бастан өткерген.
Тарих ғылымдарының зерттеулерінің нәтижесінде Созақ Ұлы Жібек жолының дәл ортасында орын тепкенін, сондықтан да оның Қазақ хандығының қалыптасуы кезінде экономикалық мәнге ие тірек болғанын атақты ғалым Әлкей Марғұлан өз зерттеулерінде жазған. Сонымен қатар Созақ Қазақ хандығының сыртқы жаумен күресі үшін стратегиялық мәнге ие орын болғаны дәлелденген.
XV-XVIII ғасырлардағы деректерде Созақтың Орта Азиядан келген көштің Орталық Қазақстаннан Сібірге өтетін керуен жолы болғаны келтірілген.
Жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқы көп теперіш көріп, қырғынға ұшырағаны белгілі. Бұл қилы кезең тарих беттерінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатыны әмбеге аян. Сол тағдырлы кездегі «Елім-ай» деген жоқтау Созақтағы Қаратау асуында дүниеге келген.
Тағылым алар тарих беттерін парақтасаң Созақ жерінде бұдан өзге нешеме оқиғалардың орын алғанын, және оның барлығы Қазақстан тарихында өзіндік мәнге ие күндер болғанын анық байқайсың. «Созақтың тарихы тереңде», «Созақтың тарихы, қазақтың тарихы», «Созаққа барсаң тарихқа дендеп енесің» деген тағылымның сыры да, мәні де осында болса керек.
Қазақтың текті ұлы Асқар Сүлейменов Теріскей туралы кезінде «Созақ – қария, Созақ – мінез, Созақ – өнер», «Созақ күйшілердің мекені» деген. Бұл жердің топырағына аунап-қунап өскен қазақтың қайсар ұлдары мен мақтан тұтар өнер иелері жетерлік. Мәселен, Созақ — белгілі алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамып, кір жуған жері. Құлыншақ Кемелұлы, Шәдітөре, Құлжабай, Шәймерден сынды ақын-жыраулар дәл осы жерде өмірге келген. Қарымды қалам иелері Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбергеновтер дүниеге есігін ашқан мекен бұл. Бапыш, Қожамжар, Сүгір, Жаппас, Төлеген Момбеков сынды қазақтың қастерлі де киелі күйшілік өнерін меңгерген асыл тұлғалар осы Созақ жерінің тумалары. Иә, Созақ жерінде дүниеге келген қазақтың тұғырлы тұлғалары мұнымен түгесіліп қалмайды. Айтсаң, тілге тиек етсең тізім түгесіледі. Осыдан-ақ «Созақ -өнер» деген сөздің әбден електен өткізіліп, дәл тауып, айтылғанына анық көз жеткізесің.
Ендеше көне кесенелер мен құнды жәдігерлер сақталған киелі де қасиетті, Қазақ хандығының қара шаңырағы Созақтың тарихы қалыңдай бергей.

С. НҰРАЙ.

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ поэзиясының ең үздік дүниелері Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдері болып табылатын ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып, осы тілдерде сөйлейтін мемлекеттерге таратылатын болады.

Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы» негізінде қолға алынған «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша қолға алынбақ.
Баянды бастама еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия мен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы», Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы арасында түзілген меморандум негізінде жүзеге аспақ. Аталған меморандумды түзу барысында Қазақстан тарапынан қол қойған өкіл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева болды. Астанада түзілген бұл меморандумның мақсаты туралы мәлімдемес бұрын Қытай еліндегі «Ұлттар баспасы» мен Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы туралы бірер сөз келтіре кетейік.
Өз кезегінде аспан асты еліндегі «Ұлттар баспасы» жыл сайын 20 миллион тиражға жететін мыңға жуық көркем әдебиетті баспаға әзірлейтін іргелі мекеме. Жарық көрген сол кітаптардың барлығы тек қытай тілінде емес, сол жерде мекендейтін 56 этностың тілінде дайындалады. Яғни, тәжірибесі зор «Ұлттар баспасы» үшін қазақ әдебиетіндегі бір деммен оқылатын шығармаларды әлем тілдерінде сөйлету қиындық тудырмайды. Оның үстіне онда 1953 жылдан бері қазақ редакциясы жұмыс жасап келеді екен. Ал Мысыр Араб Республикасындағы Мәдениет және білім орталығы өз елінің мәдениетін кеңінен насихаттау үшін әлемнің жетекші мемлекеттерімен мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтып келеді. Орталықтың дөңгеленген дүниедегі 25 елде өкілдігі бар.
Енді «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша қолға алынған бұл жұмыстың нәтижесінде қазақ әдебиетінің, қазақ хореографиясының, музыка және бейнелеу өнерінің, кино және театр саласының тәуелсіздік арайындағы алғашқы жылдардан бастап бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері паш етілетін болады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева осы мақсатта қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясының, атап айтқанда «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» баспаға дайындалып жатқанын хабардар етті. Барлығы 600 беттен тұратын әрбір антологияға 30 автордың еңбегі енеді. Өз кезегінде оның құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының сүзгісінен өткенін айта кетейік.
Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл шараның арқасында енді әлем елдеріндегі кітап сөрелерінде ұлттық мәдениетіміз бен болмысымыз жайында мол хабар беретін дүниелер сыңсып тұратын болмақ. Мұның өзі түйіп-түйіп айтар елеулі жетістік емес пе?!

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

Осы аптада Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Астананың 20 жылдығына және «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының 40 жылдығына орай «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл шараға Түркия, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан және өз еліміздің ғалымдары, музей ісінің мамандары шақыртылды. Сонымен қатар, оған еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Сералы Тажиханов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің президенті Болатбек Абдрасилов қатысты.

Осы жиында аталған оқу орнының басшысы Б. Абдрасилов «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының 40 жылдығына орай жарық көрген «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары», «Зергерлік бұйымдар топтамасы» деп аталатын альбом-каталогтар мен «100 аңыз», «Жетпіс хикмет» атты кітаптарды музей басшылығына тарту етті.
Түркістанның тарихы тереңде екені белгілі. Сондықтан да оның қойнауында талай сырды ішіне бүгіп жатқан жәдігерлер толып жатыр. Талай жылдан бері жүргізілген қазба жұмыстары кезіндегі жәдігерлер мен оларды аршу кезінде мамандар оған анық көз жеткізіп, олардың бәрін де сөйлетіп, сырын ақтарған. «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» атты альбом-катологта киелі аймақтағы көне қалалар мен тұрғындар тіршілік еткен жерлерде жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде жерден қазылып алынған ерекше қыш ыдыстар көрсетіліп, оларға берілген анықтамалар мен суреттемелер көрініс тапқан. Сондай-ақ, қазба жұмыстары кезінде табылған бірқатар қыштан жасалған қолөнер бұйымдары туралы тарқатылған мәліметтер, жергілікті керамика өнерінің даму тарихы тұрғысында талдаулар көрсетілген. Осы конференцияда мамандар бұл альбом-каталог мұражай қызметкерлері мен болашақ археолог мамандарға таптырмас көмекші құрал болатынын да тілге тиек етті.
Ал, «Зергерлік бұйымдар топтамасы» деп аталатын альбом-каталогта ерте кездегі әшекей бұйымдарының дайындалу механизмі сипатталады. Бұдан бөлек олардың қолданылуы мен өзіндік ерекшеліктеріне де мән беріледі.
«Аңыз түбі – ақиқат» деген. Халық арасында жергілікті жердегі түрлі нысандар мен айтулы адамдар туралы санқилы аңыздар ел аузында сақталып келгені белгілі. «100 аңыз» атты кітапта әртүрлі кезеңдерде хатқа түскен және де ел ішінде ауызша айтылып келген халқымыздың түрлі аңыз-әпсаналары жинақталған. Жалпы «100 аңыздың» өзіндік деңгейі өзгеше. Өйткені онда келтірілген оқиғалар деректілігімен оқырманды өзіне бірден тартады. Сонымен қатар, ондағы әңгімелердің мазмұнын ашатын мәліметтер бұған дейін ешбір жерде жарияланбаған тың деректерден құралғандығы да жұртшылықты қызықтыра түседі.
«Жетпіс хикметте» әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың 70 хикметі латын әліпбиінде оқырмандарға жол тартып отыр.
Жоғарыда аталған бұл дүниелермен танысу арқылы адам өз көңілінің тақтасына талай дүниелерді түсіру арқылы, санасының жаңғыра түсуіне қол жеткізетіні айдан анық.

А. ӘСКЕРБЕК.

Қоғамдық сананың өзгеруі мен модернизациялануы әлемнің барлық елдерінің назарында. Қоғамдық сана өзгеріске түсу процесінде жағымды жағына немесе негативті жағымсыз жағына өзгеретіні белгілі. Кезінде австриялық ғалым Карл Реннер «ұлт, мемлекет өзінің дамуында өзі қаласын-қаламасын бәрібір үш кезеңнен немесе үш сатыдан өтеді.

Ол: ұлттың оянуы, ұлттың дамуы және ұлттың гүлденуі» деді. Алғашқы сатысы ұлттың оянуы немесе кейінгі сатылары ұлттың дамуы, гүлденуі болсын, олар қоғамдық сананың оянуы, өзгеруі, жаңғыруымен қатар жүреді. Осы тұрғыда біздің бәріміз де «біздің мемлекетіміз, ұлтымыз қай сатыда тұр» деген сұрақты өзімізге қоямыз. Міне, осы кезеңдер аталған факторлардың, яғни, мемлекет пен ұлттың қалыптасу мен өркендеу процесіне іргетас болып қаланады екен. Олай болса, біз ұлт ретінде ояндық па, өткеніміз бен бүгінімізге диагностика жасап, ертеңіміз қалай болады деген сұраққа жауап іздей отырып, болашаққа болжам жасай алдық па?! Біздің келешекке деген бағыт-бағдарымыз айқын ба?! Міне, осы сұрақ бәрімізді мазалайды. Осы тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі көкейде жүрген түйткіл-сұрақтарға, оның ішіндегі қоғамдық сананың жаңғыруы: қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту мәселесіне жауап берді.
Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы Президент атап көрсеткендей, маңызды «екі процеске қадам жасауға мүмкіндік берді. Олар: саяси реформа мен экономикалық жаңғыру еді. Қалай дегенмен де, ыдыраған Кеңес Одағының қирандысынан шыққан Қазақстан саяси реформалар жасай отырып, экономиканы қалыптастыру, даму жолын ұстанды. Біз бірқатар елдер секілді дүмпуге әкелген революциялық жолды емес, эволюциялық жолды таңдадық. Сондықтан болар, ішкі шиеленіс, көршілес елдермен қақтығыс бізде болған емес. Қырғызстандағы дүмпу, биліктің бір емес, екі рет күшпен ауысуы, өзбек-қырғыз шиеленісі, Тәжікстандағы азамат соғысы, Таулы Карабахтағы үздік-создық қайта басталып әлі өршіп тұрған әзірбайжан-армян қақтығысы, Грузиядағы, қазіргі Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал сол елдердің берекесін алғанын бәрімізде білеміз. Шиеленіс ошағына айналған аймақтарда өндіріс орындары тоқтады, жұмыссыздық өсті, халықтың тұрмыс жағдайы нашарлады, сырттан инвестиция келмеді. Себебі, тұрақсыз аймаққа инвестиция құюға ешкім де мүдделі емес еді. Ал, бізде мұндай шиеленіс пен қақтығыс болған жоқ және оған жол берілмеді. Көршілес елдермен шекарамызды делиметациялап және демаркациялап алдық. Мүмкін, біреу келісер, біреу келіспес, дегенмен, бұл Елбасы саясатының жетістігі екендігін ешкім теріске шығара алмайды.
Әрине, қиыншылықтар, проблемалар болды. Олар бүгінде бар. Барлық салада бар. Оны сіздер де білесіздер. Сондықтан да, бүгінгі күннің мәселесі: қордаланған проблемаларды шешудің жолы қандай. Қоғамдық сананың жаңғыруы, өзгерістер, жаңа реалды жағдайға бейімделу, қоғамдық сананың трансформациялану процесі қалай жүруде. Қандай бағыт, қандай қадам бізге неғұрлым тиімді, қолайлы деген сұрақ туады. Тіпті кеңірек айтсақ, «қандай даму моделі тиімді, қайдан, кімнен үлгі алуға болады» деп ізденіс жасаймыз. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бір саладағы даму моделіне, олардың ерекшеліктеріне назар аударамыз. Жапонның, немістің, шведтің даму моделін бізге қолдануға бола ма деп ойлайтынымыз да шын. Осы арада Елбасының аталған еңбегінен де жауап іздеп, бағыт-бағдар қараймыз және іздегенімізді табамыз.
Тереңнен зер салсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың нығаюына, олардың өзара ұштасуы мен кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді өркендетуге, одан әрі дамытуға, бағалауға, құрметтеуге, бүгінгі күн тұрғысында жаңғыртуға үндейтін, іргелі бағдарламалық құжат.
Осы мақалаға, терең ой жүгіртсеңіздер, Елбасы «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дейді.
Осы арада ұлттық код дегеніміз не, ол қайда деген сұрақ туады? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын менталитетте және ұлттық мәдениетте. Ұлттық кодтың басты компоненттері осы. Бұл жаңалық емес.
Осы арада ұлттық кодты сақтайтын ұлт деген факторға тоқталып өтелік.
Жоғарыда аталған К.Реннер де «…егер біз ұлт дегеніміздің не екендігіне толық жауап бергіміз келсе, оның негізгі басты компоненттерін білуіміз қажет. Ұлт дегеніміз – тілдің бірлігі, территорияның тұтастығы, экономикалық өмірдің жақындығы, әдет-ғұрып пен мәдениеттің ортақтығы негізінде құрылған адамдардың қауымдастығы» деп, «осы аталған ұлтты құрайтын негізгі компоненттердің бірі жойылса, ол белгілі бір тарихи кеңістікте ұлттың жойылуының басы», деп ерекше тоқталады.
Одан да тереңірек кетсек, «ұлт болу үшін басты белгілері ұлттық құндылықтар болуы шарт. Олар: ұлттың тілі, территориясы, салт-дәстүрі, ұлттық менталитеті, мәдениеті мен тарихы» болуы қажет деген қағида. Бүгінде әлем осы аталған құндылықтар жүйесінде өмір сүруде. Бұл ақиқат.
Қоғамның даму процесінде мемлекеттің, ұлттың дамуы сапалық өзгерістерге түседі. Жаңарады, жаңғырады, басқадан қабылдайды, толығады. Бірақ, басқа ұлттармен халықтармен араласу, жақындасу процесінде белгілі бір компоненттерді қабылдау барысында олардың тек жақсысын ғана емес, қоғамның басым көпшілігі қабылдамайтын жаман үрдістерді де қабылдады. Мысалы, ұзақ жылдар бойы Кеңестік кезеңде дін ұстануға белгілі бір шектеулер қойылғаны белгілі. Ал, тәуелсіздіктен кейін дін ұстауға еркіндік берілді. Қоғамдық сана жаңа өзгерістерге түсті. Жаңадан мешіттер салынды, дін ұстанушылар саны өсе бастады.
Қазақ халқының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, ақыл-парасат, қайырымдылық – бұл ұлттық кодымыздың басты компоненттері. Одан да нақтыласақ – баланың ата-анасы алдындағы перзенттік парызы, оларды сыйлауы мен құрметтеуі, ата-ананың да өз балаларының алдындағы, елдің, халықтың алдындағы жауапкершілігі, бауырға қамқорлығы, қиыншылыққа душар болған жанға көмегі, адамгершілігі, үлкенге инабаттылық бұл қазақтың ұлттық коды, ұлттық құндылығы.
Бірақ, әртүрлі факторлар ықпалынан қазақ қоғамында ұлттық құндылық жүйесі әлсіреп, ұлттық коды өзгеріске түсті. Оның негізі тереңде жатыр. Ресейлік патша үкіметінің отарлау саясаты, кеңестік қуғын-сүргін, ашаршылық т.б. өзінің таңбасын қалдырып, қазақ халқының қоғамдық санасына өзгеріс енгізгені анық. Осы арада Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды дегенді
Шығарамын сөзімнен, – дегенін тағы бір еске алайық. Сондықтан да, жастардың адасуына жол бермеу маңызды және ұлттық құндылықтарға жат элементтердің еніп кетуі елдің тұрақтылығы мен бірлігіне нұқсан келтіреді.
Қазақтың ұлттық коды ежелгі дәуірден бастап жинақталып, қалыптасты. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғырту басты мәселенің бірі. Бұл өзімізді жоғалтпау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту болып табылады. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, оң-солын таныған баласына дейін ұят болады, жаман болады деп жағымсыз қылықтардан тыйып өсірген ата-ана баласына жақсылық пен жамандықтың не екенін айтып, баланың мінезін, тұлғасын қалыптастырады. Осы негізде қазақ халқында көргенділік, өнегелік категориясы қалыптасты, дамыды. Қазақ үшін ауыр сөз «көргенсіз, өнегесіз екен» деген болды. Көргенсіз деу арқылы тек ата-анасы ғана емес, өскен ортасы, ағайын-туысы, жақын-жуығы бәрі айтылды емес пе?! Ештеңе көрмеген, өнеге-тәрбие үйренбеген деу адамның ұлттық құндылықтарынан, ұлттық кодынан ажырап қалғанын көрсетіп тұр емес пе?!
Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың дамуын Елбасы үлкен мәселе етіп көтеріп, екі қырын атап көрсетті: бірі ұлттық сананың көкжиегін кеңейту, екінші ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатерінің» де бар екенін ескертеді. Ол қандай қатер деңіз? Қатер мынада: өзгенің ұлттық даму үлгісі жұрттың бәріне бірдей ортақ әмбебап үлгі бола алмайды. Біз Ресейдің, батыс елдерінің немесе басқалардың даму жолын сол қалпында өз ерекшеліктерімізді ескерместен толық көшіріп ала алмаймыз. Елбасымыздың көрсетуінше, «іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастырады». Мысалы, әртүрлі діни ағымдар жетегіндегі сақалы кеудесіне түсетін 20-30-дағы жігіттер мен хиджап киіп, тұмшаланып алған қыздарды қабылдай аласыздар ма?! Бізде бұрыннан қалыптасқан қазақ қоғамының өзіне тән құндылықтарында олар болды ма? Әрине, жоқ. Сондай-ақ, білім жүйесінде шетелдің бәрі жақсы екен деп, толықтай сол жүйені көшіріп алғанда, сапалық өзгерістерге жете аламыз ба? Әрине, ол да күмәнді. Бірақ, сыннан өткен тиімділігі жоғары салалық даму моделдерін қолдану жаңашылдыққа бастайтыны да сөзсіз. Елбасымыз ескертіп отырғандай, қазақ білім жүйесінің тиімділігі мен сапалық деңгейі жоғары өзінің дербес даму үлгісін жасауы қажет. Ол ұлттық сананы, ұлттық рухты асқақтатып, жастардың бойындағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелеуі тиіс. Сонымен қатар, әлемнің дамыған елдерінің ғылым мен техникада жеткен жетістіктерін меңгеру оны елімізде енгізу, жетілдіру арқылы өзіміздікін шығару да ұлттық біліктілікті талап етеді. Н.Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деуінің мәнісін терең түсіну абзал.
Қазақ халқының ұлттық болмысы халықтың басынан өткізген әртүрлі оқиғалар мен кезеңдер процесінде ғасырлар бойы қалыптасты. Сонау, өткен ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы, бертіндегі Ресей империясының отарлық саясаты, ұлт-азаттық көтерілістері, ашаршылық, репрессия, соғыс т.б. біздің халқымызды шыңдады. Халықтың бойында сапалық қасиеттер нығайды. Естеріңізге түсірсеңіздер, қазақ жеріне поляктар, кәрістер, шешен, ингуштар, немістер т.б. халықтарды депортациялағанда, қазақтар өздері аш құрсақ отырса да, қолындағысымен бөлісті. Рас па, әрине рас. Сондықтан да, біз өз басымыздан қаншалықты қиыншылықтарды өткізсек те қайта көтерілдік, қайта аяққа тұрдық. Қазақ «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген принциппен өмір сүрді. Жанынан ар-намысты жоғары қойды. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, біз «мың өліп мың, мың тірілген» қазақпыз. Ендеше, ұлттық кодымыз, ұлттық құндылықтарымыз негізінде біз алға жылжуымыз керек.
Қоғамдық сананың жаңғыруы біздің еліміздің алға жылжуын тежейтін осындай дертпен күресуді қажет етеді. Егер, зер сала қарасаңыздар, әлемдік даму рейтингінің басында тұрған мемлекеттерде коррупция жоқ немесе өте төменгі деңгейде. Қоғамда меритократиялық принцип орныққан. Қабілетті, білімді, жаңашыл адамдарға мүмкіндік жоғары. Сондықтан, бұл мемлекеттердің бәсекелесу қабілеті, экспорттық потенциялы жоғары. Осы арада жапондық бір ғалымның сөзі еске түседі: Әлемдегі мемлекеттер өзінің ішкі бірлігі, ұйымдасуы мен қабілеттілігіне сәйкес: өндіруші, тұтынушы және шектеулі жағдайда өмір сүреді дейді. Ал жапондар қазіргі уақытта әлемдегі мықты өндіруші мемлекеттердің бірі. Олардың Тайотасы бүкіл әлемге тарап кетті. Кез-келген жерден кездестіруге болады.
Ұлы Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген болатын.
Сонымен, бүгінгі қоғамның басты талабы – бәсекеге қабілеттілік. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, әрбіріміздің, әрбір саланың жалпы мемлекеттік бәсекелік қабілетімізбен айқындалады. Сондықтан, әлемнің дамыған елдерінің қаржы, ғылым мен техника саласында жеткен жетістіктерін игеру, оның тиімді жолдарын елімізде қолдана білу, шетел тілдерін меңгеру, мәдени байланыстар орнату біздің дамуымыз үшін басты факторлар. Меніңше, бізде прагматистік көзқарас басым болуға тиіс. Айналамызда не болып жатыр, олардың бізге тигізетін ықпалы қалай. Бізге тиімді ме, тиімсіз бе деген сұрақтарға уақытында нақты және дәл жауап таба білуіміз қажет. Олай болмаса, біз басқалардан қалып қоямыз.
Жалпы прагматизм – кез-келген мемлекеттің өзінің ұлттық потенциалын нақты білуі, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес, болашақты жоспарлау, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлыққа жол бермеу. Осы праг-матистік позиция алдыңғы қатарлы елдерде басым. Сонымен қатар, қазіргі уақытта латын әрпіне көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Әрине, ол бірнеше факторлармен байланысты. Қазіргі күні бірінші сыныпқа барған балалардың 90 проценті қазақ сыныптарында отыр. Жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда қазақ топтары да шапшаң өсу үстінде. Демек, Президент өз мақаласында атап өткендей латын әліпбиіне көшудің ең басты алғышарттары бар деуге толық негіз бар. Ендігі басты мәселе, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Латын әрпіне өту елімізде бірегейлік пен бірлікке іргетас бола ма деген де үміт бар.
Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан әлемдік өркениетте өз орнын белгілеп, алдыңғы қатарға шығу мақсатында талпыныстар жасауда. Қажетсіз сілкіністер мен саяси-экономикалық дағдарыстардың қақпанына түспес үшін эволюциялық даму бағытын басты бағдар ретінде ұстанып, ұлттық құндылықтарды өркендетуді қалайды. Қажетсіз сілкіністер деп отырғанымыз әлемнің бірқатар елдеріндегі, мысалы, Ирактағы, Египеттегі, Ливиядағы, Сириядағы және т.б елдердегі саяси дағдарыс аталған елдердің дамуына тежеу салды. Ашығын айтып қоялық, бұл біздің жолымыз емес. Біз ұлттық құндылықтар негізінде елімізде тұрақтылық пен сенімнің, бірліктің орнауына күш салуымыз қажет, ал, ол өз кезегінде даму, өркендеуге жол ашады.
Бүгінгі күні Қазақстанда этносаралық бірлік пен бірегейлікті нығайту мен сақтау басты мәселе. Ол үшін не істеу керек?
1. Этностар арасында тууы мүмкін кездейсоқ немесе қандай да бір мүдделі топтар мен күштердің әдейі ұйымдастырған арандатушылық әрекеттері мен қақтығыстарына жол бермеу.
2. Ел ішінде діни және ұлтаралық қақтығыс тудыру мен басқа аймақтардағы ел мүддесіне қайшы іс-әрекетке қатысушыларды оқшаулау мен алдын алу.
3. Үнемі этносаралық татулықты, бірлікті, Қазақстандағы этностардың сапалық қасиеттері мен патриот тұлғаларын үнемі насихаттау.
4. Қазақстан халықтарында біз қашан да біргеміз. Қиындықта да, жетістікте біргеміз. Қазақстан біздің еліміз. Бір ел, бір тағдыр, бір Президент ұғымын қалыптастыру.
5. Мемлекетке аты берілген ұлт қазақтар төңірегіне ұйысу.
6. Қазақ тілінің Қазақстанда ұлтаралық қатынас тіліне айналуы мен оның ықпалының артуы үшін белсенді жұмыстар жүргізу
7. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ ұлтына және басқа этностарға қарсы негізсіз әртүрлі сипаттағы материалдарға жол бермеу.
8. Этносаралық бірлік пен бірегейлікке нұқсан келтіретін негативті жайттарға ұлттық белгілері бойынша бөліну, коррупция, әлеуметтік әділетсіздікке т.б жол бермеу.
Әлемнің көптеген елдері көп этностардан тұрады. Біз 18 млн халқы бар Қазақстанда жүздің үстінде этнос өкілдері бар дейміз, оның ішінде сан жағынан көбі он шақты ғана. Ал, 1 млрд 387 халқы бар Қытай мен 1 млрд 347 млн халқы бар Үндістанды есепке алмағанда, 327 млн АҚШ, 126 млн Жапония, 81 млн халқы бар Германия полиэтносты қоғам. Олардың әрқайсысы да этносаралық шиеленіс пен қақтығыстың тууына мүдделі емес. Осы тұрғыда әр мемлекет өз моделдерін қалыптастыруда. Мысалы, батыс елдерінде кең қолданылатын «мультимәдениет» әртараптана бастады. Ассимляция, интеграция т.б. Осы тұрғыда Қазақстанда ұлттық бірегейлікті сақтауда өз моделін қалыптастыруы қажет. Соның бірі, ұлтты ұйыстыратын, олардың бірлігін сақтау үшін қажетті фактор қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, мектептерді қазақ тіліне көшіру ме деп ойлаймыз.
Николла Макиавелли «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, отансүйгіштік пен имандылықтан айрылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды» деп жазады. Осы тұрғыда тәуелсіздік рухындағы ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын ескеріп, өткен жылдарда кеткен қателіктерден сабақ алып, ұлттық мемлекеттік мүддеге қатысты мәселелерде батыл, еркін, өткір болған дұрыс. Біз өз елімізді дамытамыз, өркендетеміз деген мақсат қойсақ, ұлттық рухта ел азаматтарын тәрбиелеу мен қалыптастыру басты міндет.

Бақытбек Ақжанов,
Қостанай облысы,
Аманкелді ауданы, Ы.Алтынсарин орта мектебінің мұғалімі.
«Ақиқат» журналы.

«Қазығұрт»
монументі ашылды

Биыл Түркістан облысындағы таулы аудандардың бірі, әрі бірегейі саналатын киелі Қазығұрт ауданының негізі қаланғанына 90 жыл толды. Аудан басшылығы бұл тойды атап өтуге жыл бойы көп дайындалды. Әрбір мерейтойдың өзіндік ерекшелігі, айрықша есте қаларлықтай іс-шаралары болғаны мақұл. Аудан әкімі Төлеген Телғараев жетекшілік ететін басшылық тойға тарту етілетін бірнеше әлеуметтік нысандардан бөлек, көрген адамның көңілінде жарқ етіп ұмытылмайтындай осындай ерекшеліктің бірі ретінде демеушілер есебінен құны 25,0 миллион теңге тұратын «Қазығұрт» монументін салуды ұйғарды. Бұл ұсынысты қолдап-қуаттаған қазығұрттық қолы да, көңілі де береген, жаны жомарт атпал азаматтар да табылды. Сонымен, Алматы-Термез үлкен күре жолының оң қапталында, аудан орталығы Қазығұрт елдімекенінің солтүстік жағындағы бүгінде мегаполис, ірі қала мәртебесіне ие болған Шымкент тарабынан кіреберіс жерінде өте көрнекті, көрген көзді сүйсіндіріп жарқ еткендей биіктігі 15,3 метр келетін алып нысан бой көтерді.
Қасиетті Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойы «Қазығұрт» монументінің ашылу салтанатымен басталды. Салтанатты жиында аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, жиналған қалың көпшілікті мерейтоймен құттықтады. Астанадан келген жерлесіміз, Қазығұрт ауданының тумасы С.Әбдірахманұлы: «Кез келген ұлттың, кез келген халықтың ұлы мақтанышы болуға лайықты өзіндік ерекшеліктері, тарихи тұлғалары мен қасиетті орындары болады. Құдайға шүкір, қазақ елінде, қазақ жерінде, құт пен бақ қонған Оңтүстік өңіріндегі, соның ішінде қасиетті Қазығұрт өлкесінде өткен жолы мен тарихи оқиғаларын, тұлғаларын ұмытпайтын, мақтаныштарын аспанға көтеріп қадірлейтін, ардақтысын бағалай алатын, киелі жерлерін қасиеттей алатын асыл ел бар. Міне, тағы да бүгін осы елдіктің бір үлкен өзгелер үйренерлік тамаша үлгісін көрсетіп отырсыздар. Сіздерге, мың-мың алғыс. Мынау монумент үлкен күре жолмен ары-бері өткендердің, кез келген адамның жанарын жалт еткізіп, назарын бірден өзіне аударатын, ынтымағы мен бірлігі жарасқан құтты елдің барын тағы да еске салып, осы елдің ұлылығын, киелі Қазығұрттың қасиеттілігін танытатын керемет туынды, ауданның 90 жылдығына тамаша тарту болып шығыпты. Осыны ұйымдастырған азаматтарға тағы да алғыс айтамын. Бүгінгі тойға жиналған қонақтар мен ағайындар, өздеріңді 90 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын», деді.

Нысанның жалпы жер аумағы 0,2 гектар болса, көгалдандыру аумағы 0,12 гектарды құрайды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Қазығұрт ауданының 90 жылдығына орай салынған монументтің құрылысын мердігер «Тәуекел» ЖШС-і жүргізді. Өте көрнекті, үздік туынды болып шыққан бұл жаңа нысан танымдық мән-мағынасы үлкен, асқан шеберлікпен ұйымдастырылғаны ап-айқын көзге көрініп тұр. Монумент авторлары: аталмыш серіктестік директоры, ҚР мәдениет қайраткері Батухан Бәймен және ҚР Суретшілер одағының мүшесі Құралбек Қосуақов. Олар осы жаңа нысанның мазмұнына «Қазығұрт аңызын» арқау еткен.
Аңыз былайша сыр шертеді: Нұһ ғалейһи саламның уақытында бұтқа табынушылар тым аса көбейіп кетеді. Аллаһ елшісі ел-жұртын жалғыз Жаратушы иеге иман келтіруге шақырады. Алайда бұтқа табынушылар оның айтқан уағызына көнбейді.
Бүкіл әлемді топан су басқанда, Нұһ ғалейһи салам қанатты ұшқан құс пен аяқты жануарлардың аталық және аналық жұптарын алып, кемеге шығарады. Мұның ішінде қазақ халқы қадірлейтін төрт түлік малдың тұқымы да болады. Аллаһ елшісінің нанымдас адамдары мен туған туысқандары, барлығы сексен жан ғана кемеге кіреді.
Аллаһ Табарака уа Тағаланың әміріменен топан су тасқыны алты ай, он күнге созылады. Нұһ пайғамбардың кемесі күн шығардағы Қазығұрт тауына келіп қайырлайды. Таудың жоталарына түскен жан-жануарлардың аяғы тиіп, басқан жерлері қасиетті болып қалады. Олар: Қазығұрт Ата, Ақбура Ата, Шілтер Ата, Көзді Ата, Қызыл Ата, Қайнар Ата және Мейрам Ана деп аталады. Нұһ пайғамбардың өзі, Хам, Сам, Иафес атты үш ұлы, Әшиат, Ләйла, Айша деген үш келіні ғана аман қалады. Бұлардан адамзат ұрпағы қайта өсіп-өніп, өркендеген екен.
Міне, осындай аңыз әпсана жүлгесін бейнелеген монументтің солтүстік жағына Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген сөзі тасқа қашалып жазылған. Содан соң «ҚАЗЫҒҰРТ» деп таңбаланған. Орта белінде бүкіл әлемді басқан топан судың буырқанған толқындары айнала өрнектеліп, оның жоғарғы жағында пирамида секілді Қазығұрт шыңы бейнесі және шарға ұқсастырып жердің аспандағы серігі – ай бейнеленген. Нысанның ең биігінде қасиетті Қазығұрт тауының басына қайырлаған делінетін Нұһ пайғамбардың кемесі орнатылған. Кемеден төмен қарай пирамида-шыңның солтүстік және оңтүстік, екі жағында да өмір ағашы бейнеленген. Ол ағаш – осы таудың басында қалған кемеден тараған, өсіп-өнген тіршіліктің белгісін танытып тұр.
Монументтің екінші оңтүстік жағына латын әріптерімен: «Қазығұрт – адамзаттың алтын бесігі», — деп жазылған. Және де осы тарабында төрт түлік малдың ұлығы түйенің мүсіні сомдалып жасалған. Бұл – Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс бөктеріндегі Һәзірет Ақбура Атаны еске салады. Оның жақын маңайында күбі пісіп тұрған келіншек, немересімен отырған қария мүсінделген. Мұның да өзіндік мәні бар. Бір жағынан, ол – Қазығұрт тауынан өсіп-өркендеген жер бетіндегі бүкіл адамзат баласын, екінші жағынан, тау баурайын
түркілердің ата жұрты ретінде иеленіп қалған, салт-дәстүрін берік ұстанған қазағымыздың қазіргі үрім ұрпағын танытады.
90 жылдық мерейтойға жиналған қалың көпшілік пен алыс-жақыннан келген қонақтар жаңадан ашылған биік монументті тамашалап көріп, кереметтей ұйымдастырылған құрылысымен танысып, сүйсінгендерін жасыра алмады.

Этноауылда салт-
дәстүріміз ұлықталды

Қазығұрт ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттайтын іс-шаралар да ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламент Сенатының депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысы және Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Әли Бектаев және тағы басқа қонақтар
дендросаябақта ұйымдастырылған этноауылды аралап көріп, жұмысымен танысты. Этноауылда «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты аудан өнерпаздары дайындаған көріністер қойылып, салт-дәстүріміз барынша ұлықталды. Тойға жиналған қалың көпшіліктің назарына аудандағы барлық мектептер мен балабақшалардан қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Сонымен бірге кепсен тарату, балаға азан шақырып ат қою, баланы бесікке салу, баланың тұсауын кесу мен айдар шашын алу рәсімдері, алты бақан тебу секілді ұлттық салт-дәстүріміз бен ойындарымызды сахналаған көріністер қойылды.
Әсіресе өңір басшысы ақ кимешек киген әжелердің балаға азан шақырып ат қою рәсімі мен оны орындаушылардың шеберліктеріне сүйсініп қалды. Кейін білгеніміздей, олар М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің Гүлзада Омарова, Гүләйім Жүніс, Фарида Қуатбай және Зияш Сейітова секілді мұғалімдері, бас-аяғы он ұстаз екен. Ауылдағы әжелердің балаға азан шақырып ат қою рәсімін шеберлікпен табиғи қалыпта сахналай білген олар баланың құлағына үш рет айқайлап, атын Нұрқазы деп қойды. Біз өнерлі әженің бірі Гүләйім Жүністі сөзге тартқанымызда, ол: «Елбасымыз Нұрсұлтандай ел-жұртқа абыройлы болсын деп оның «Нұрын» ырымдап алдық, Қазығұрт тауындай мәртебесі биік болсын, әділ болсын деп оның «Қазысын» бөліп алдық. Содан баланың есімін Нұрқазы деп қойдық. Бұл атты таңдауымыздың түпкі мәнісінің бір себебі – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» арқылы халқымыздың бар рухани дүниесіне мән беріп, қасиетті орындарымызды шындап танытуға жол ашып бергеніне ризашылығымыз, екінші себебі, әрине, жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енгізілген киелі Қазығұрт тауы кешеніне деген сүйіспеншілігіміз», – деді.
Этноауылда тігілген үлкен киіз үйдің алдында балалар асық ойнаудан жарысса, басқа да спорттық іс-шаралар саябақтың кіреберісінің сол жағында қызу тартыста жүріп жатты. Су бұрқақтың алдында аудандағы жеткен жетістіктердің көрмесі орналасыпты.

20 отбасы қоныс
тойын тойлады

Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған қонақтар осындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылып, ел игілігіне берілгеніне куә болды. Олар алдымен аудан орталығы Қазығұрт елдімекенінің «Болашақ» шағын ауданынан бой көтерген 16 пәтерлі, 2 қабатты 4 тұрғын үйдің кілттерін пәтер иелеріне, 20 аз қамтамасыз етілген отбасы мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға табыс етіп, қуаныштарына ортақтасты.
– Әрбір тойға тарту болады. Қазығұрттың 90 жылдық мерейтойына байланысты, ең үлкен тартудың бірі – осы тұрған халыққа 64 пәтерлі осы төрт тұрғын үйдің тапсырылуы ең үлкен қуаныштың бірі деп есептеймін. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, тұрғын үйлер заманауи, бүгінгі талапқа сай салынған. Су, көгілдір отын жүйелері мен жарық тартылған. Ғимараты еңселі. Іші жарық. Сондықтан да бүгінгі тойымыз, қуанышымыз пәтердің кілтін беруден басталады. Иншалла, келешекте мұндай жұмыстар, қуаныштар өз жалғасын табады, үлкен-үлкен тойлар көбейе береді деп ойлаймын. Тағы да сіздерге құлаққағыс ретінде айтайын дегенім, қазір біздің мақсатымыз жалпы аудан орталықтарында – көп қабатты үйлерді көбірек салып, пайдалануға беру. Себебі, ары қарай жайылып кете беруге болмайды. Біздің Түркістан облысында жерді қадірлеуіміз қажет. Құрметті қоныс иелері, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін. Отбасыларыңыз бақытты сәттерге тола берсін, той тойға ұлассын, – деді аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы.
Көп балалы, жалғыз басты ана Зүльфия Салимова 3 бөлмелі пәтердің кілтін алып, бізбен қуанышын бөлісті: «Кезекте тұрғаныма 11 жыл болды, сабырлылықпен күттік қой. Жеттік қой осы қуанышты күнге. Елбасымызға, облыс әкіміне және аудан басшыларына рахмет. Өте қуаныштымын. Алла разы болсын», — деді.
Осындай пәтер мен қуанышқа ие болған, жеті баланың әкесі, екінші топ мүгедегі Рахымжан Сұлтанов та осындай баспана берген билік орындарына аппақ алғысын айтты.
Сондай-ақ, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған Аманкүл Елемесова, Нұрислам Аманкелді мен Берік Алтынбаевқа және жалғыз басты аналар Өзипа Түзелбаева мен Күлшат Шегірбаеваларға да пәтер кілті табыс етілді.
Тағы да жақын уақытта 44 отбасы көшіп келіп, жалпы 64 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Сондай-ақ, «Болашақ» шағын ауданынан 210 орынға арналған «Жеңіс» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, мерейтой күні ашылып, пайдалануға берілді. Нысанға облыстық бюджеттен 432,893 миллион теңге қаралып, бой көтерген. Салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындардың қуанышында шек болмады. Салтанатты іс-шараға куә болған қонақтар «Спорт» әні аясында спорт мектептерінің және Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебі оқушыларының флешмоб билегенін тамашалады. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев жас спортшы балалармен кездесіп, таяуда ғана әлемдік ареналарда ауданнан шыққан шарапханалық Ержан Жомарт, Абдулла Еркебұлан сынды сайыпқырандардың топты жарып шыққанын айтып, солардың жолын қуып, осы кешенде жаттығып, келешекте бүкіл қазақтың спортын әлемге паш ететін, намысын қорғайтын өрендердің түлеп ұшуына тілектестік білдірді.
Содан соң тойға жиналған қалың көпшілік 100 орынға лайықталған жаңа ғимаратта жұмысын бастап отырған екі қабатты «Өнер» мектебінің ашылу салтанатына қатысып, суретші балалар, оқушы бишілердің, болашақ әншілердің өнерлерін тамашалады. Негізі 1974 жылы құрылған балаларға музыкалық және эстетикалық тәрбие беріп келген, осы күнде апатты жағдайға жеткен «Саз» мектебінің мұғалімдері осындай зәулім ғимаратқа көшіп өткендеріне қуанысып, жоғарғы басшыларға алғыстарын жаудырып жатты. «Өнер» мектебінің директоры Бауыржан Темірбаев ендігі жерде өнер жолына түскен балалардың осындай заманауи, уақыт талабына сай салынған ғимаратта дайындалып, өнерлерін шыңдап, облыстық және
респубикалық байқауларда бақтарын сынайтынын жеткізді.

Қазығұрт – адамзаттың рухани шыңы

Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, орталық Мәдениет сарайында «Қазығұрт – адамзаттың рухани шыңы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Оны аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев жүргізді. Таяуда ғана «Қазығұрт ауданының тарихы» деген кітапты жазып, «Жебе» баспасынан жарыққа шығарған жазушы Момбек Әбдәкімұлы Қазығұрттың көне жұрттар мекені болғанына тоқтала келіп: «Мұнда бір кездері біздің арғы ата-бабаларымыз болып есептелетін Сақтар мен Ғұндардың, Қаңлылар мен Үйсіндердің жұрттары мекендеген. Бір уақыттарда Қазығұрт етегін Шыңғыс хан, одан кейін Ақсақ Темірдің әскерлері дүбірге толтырған. Қазақтың алғашқы
сайыпқыран хандарының Алаш Ордасының шекарасын кеңейту мақсатындағы ұлы жорықтары да біздің өлкеден өткен», — деді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Дөкей Тәлеев Келес пен Қазығұрттың қазақ тарихындағы ерекше орын алатын алғашқы кезеңіне, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырменен біздің заманымыздың ІІІ ғасыр аралығында болған тарихи жағдайларға Қытайда жазылып қалған дереккөздер бойынша тоқталды. Ол: «Сол дәуірге жататын бірнеше археологиялық ескерткіштер зерттелген. Солардың бірі – Қазығұрт қалашығы деп аталады. Бұл қалашық қазіргі қаңлы ұрпақтарының Келдібек бабаға арнап қойған ескерткішінен батысқа қарай бір жарым шақырым жерде, Келес өзенінің сол жағасында орналасқан. Оны алғаш 1982 жылы Н.П.Подушкин жетекшілік ететін Шымкент педагогикалық институтының археологиялық тобы ашқан. Біз оны 1992 жылы зерттеуді қолға алдық. 1998 жылы қазба жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп, Қаңлы патшалығының біздің заманымыздың І-IV ғасырларға жататын қалашығы болғандығын анықтадық. Қытай дереккөздері бойынша, Таластан ары шығысқа қарай ежелгі Үйсін патшалығының, одан бері қарай осы күнгі Бұқара мен Самарқанға дейін Қаңлы патшалығының жері болған», — деді.
«Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевқа сөз берілгенде ол Қазығұрт ауданының тауы мен жері ғана емес, оның халқының да қасиетті екенін қисынын келтіріп былай деді: «Құрметті жерлестер, ардақты ағайын, қымбатты зиялы қауым, құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Бүгін бәріміз үшін ең айтулы күн. Қазығұрт ауданына 90 жыл толып отыр. Қасиетті Қазығұрт тауы мен ауданның біздің қоғамымызда алатын орны, мұның тарихы, ол туралы көптеген мәселелер мен әңгімелер күні бойы бүгінгі өтіп жатқан іс-шараларда, осы ғылыми-теориялық конференцияда айтылып жатыр. Өздеріңізді мерейлі мерекелеріңізбен Парламент Сенатындағы бір топ депутаттардың атынан, әрі Қазығұрттың тумасы ретінде өзім мен отбасымның атынан шын жүректен құттықтағым келеді. Қазақтың жақсы сөзі бар, «Тойдың өзі тоқтықта» дейді. Бүгінгі біздің ауданымыздың 90 жылдық мерейтойының өтіп жатуы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған дұрыс саясатының, екіншіден, тәуелсіздігіміздің арқасы. Біз осы тәуелсіздіктің арқасында өзіміздің тарихымызды қайта жаңғыртатын, өшкенімізді жандыратын, өлгенімізді тірілтетін, төрт құбыламызды түгендейтін жағдайға жеттік. Аллаға мың да бір шүкіршілік, экономикамыз дамып, хал-ахуал артып, жылдан жылға жақсарып, осындай той өткізіп отырмыз. Осы 90 жылдықтың өзі бірнеше ауданда өтіп жатыр. Жансейіт Қансейітұлына рахмет. Барлық аудандарға барып, өзі қатысып, елді өзінің жақсы ниетімен, тілегімен құттықтап, осы мерейтойлардың барлығын тиянақты тірліктермен атқарып жүргені үшін. Барлық аудандарда әлеуметтік нысандар ашылуда. Міне, Қазығұрт ауданында да Өнер мектебі мен спорт кешені ашылып, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Шынында да той деген солай болып өтуі керек қой деп ойлаймын. Оңтүстік өңіріндегі Түркістан облысында ауыз толтырып айтатын жетістіктердің көп болғанына тәубе дейміз. Бүгінгі мерейтой құтты болсын. Осы той халқымыздың, еліміздің, жұртымыздың болашағына тағы да бір үлкен баспалдақ болатындай, жастарымызға қанат бітіретіндей, үміттерін арттыратындай, осы Қазығұртты тағы да бір сілкінтіп, серпілтіп тастайтындай той болсын. Алла Тағала осы сіздердің ынтымақтарыңызды, берекелеріңізді, бір-біріңізге деген сыйластықтарыңызды басқа жұртқа да жұғысты етсін дегім келеді. Мен бұл ауданды жақсы білгеннен кейін барлық жерде осы елдің ынтымағы мен бірлігін, ақсақалдардың батагөйлігін, жастардың үлкенді сыйлайтындығын айтамын. Бұл – халқының қасиеттілігімен де ерекшеленіп тұратын аудан. Мерейлі мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға, елімізге бақ-береке тілеймін», — деді.
Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» кітабына беташар сөз жазып, Қазығұрттың «қазық жұрт» деген мағына беретінін тұңғыш рет әспеттеген, филология ғылымдарының докторы, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов өткен тарих сырларын былайша ақтарды: «Ардақты ағайын, құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Сіз бен біз ерекше бір кезеңде бас қосып отырмыз. Қазір бүкіл мемлекетімізде, халқымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» туралы мақаласынан кейін бөлекше бір бұлқыныс, ерекше бір сілкініс, іштей түлеу, жаңғыру, жаңару, жасару бар. Сол жаңғырудың бір тетігі – туған жерге деген көзқарасты орнықтыру, мекендендіру. Президенттің мақаласында туған жерге байланысты ірі-ірі сөздер айтылған. Елбасымыз былай деп айтады: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің де иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды». Елбасымыз осылай дейді. Біз бәріміз бүгін туған жерге тағзым етудің тағы бір тамаша іс-шарасында бас қосып отырмыз. Бала күнімде Ғабидин Мұстафин ақсақалдың «Көз көрген» шығармасынан мына бір сөздерді жазып алып, кейін жадымда жатталып қалып еді:
«Кіндік кесіп, кір жуған,
Асыр салып аунаған,
Сонда да бүгін тынбаған
Құба төбел ауылдан
Көркем жер сірә бар ма екен?», — депті.
Ал енді әр адам үшін, сол құба төбел ауылдың өзі, кәдімгі айтақыр даладағы құм суырған шөлді мекендегі туған жерінің өзі, әлемдегі ең көрікті, ең табиғаты тамаша деген жерлердің өзінен де артық, қымбатты. Ал егер ол жер Асан Қайғыдай данышпан: «Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен», — деп бағалап кеткен жер болса, онда қалай болады? Ал егер ол жер бүкіл қазақ баласы: «Басында Қазығұрттың кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?», — деп керемет көрген, әр адам бала күнінен естіп өскен, аңызға айналдырған жер болса, онда қалай болады? Ал егер ол жер есте жоқ ескі замандарда төсінде небір ғажайып оқиғалар өткен, тағылымды тарихқа тұнып тұрған жер болса, аты аңызға айналған македониялық Александрдың Азия жорықтары кезіндегі шешуші шайқастары өткен жер болса, Истеми қағанның Византия елшісі Земархты қабылдаған жер болса, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбан әулетінің, қазақ хандығының көп-көп тарихымен байланысты жер болса, Бәйдібектің шоқысы орналасқан жер болса, Майқы би мен Төле би отауын тіккен жер болса, кешегі бір кер кезеңдерде отаршылдық пен қиян-кескі күрестің қан майданы өткен жер болса, аудан құрылғалы бергі уақытта осында талай-талай тамаша оқиғалар орын алса, талай-талай азаматтар ел игілігі жолында терін төгіп, еңбек етіп, ризық арттырып келсе, тәуелсіздік тұсында таулы өлкенің тың тынысы ашылып, экономикалық-әлеуметтік дамуы да толағай табыстармен жақсарып, бір биіктен кейін бір биікке қол жеткізіп келе жатса, онда қалай болады? Қалай болушы еді, онда мұндай жер сонда дүниеге келген адамдар үшін ғана емес, бүкіл осы облыс үшін ғана емес, жалпы халық үшін аса ардақты, аса аяулы болады. Сондықтан да барша қазақ аңызға айналдырған, барша қазақ көз тіккен ондай жердің мерейтойы да бүкіл халықтық деңгейлі мерекеге айналады. Қасиетті Қазығұрт – әр қазақ, бар қазақ мақтан тұтатын ұлы мекен. Ері мен елі жайсаң Қазығұрттың торқалы тойы құтты болсын, ардақты ағайын», — деді.
Аймақ басшысы Қазығұрт ауданында мерейтойға тарту ретінде 14 нысанның пайдалануға беріліп отырғанын айтып, ауданнан шыққан батырлар мен ақындарға, құрметті де қадірлі азаматтарға тоқталып, облысымыздың Түркістан атануы Елбасы тарапынан рухани-мәдени және экономикалық жағынан үлкен жүк артып отырғанын баяндай келіп:
– Қазығұрт ауданы – шынында өзінің жері жағынан, орналасуы жағынан, рухани байлығы жағынан, қай жағынан болса да үлгі. Қазығұрт – қарасаңыздар, стратегиялық жерде тұр. Осы дүниеде Нұһ пайғамбардың кемесі тоқтаған жер деп айтылатын бірнеше жер бар. Қазығұрт тауы да, Арарат тауы да айтылады. Бірақ соның ішінде біз Қазығұртты бөліп алып, неғұрлым барлығымыз осы ауданның дамып, туризмі мен экономикасын жолға қойып, дамытып, жақсартып, көрсетіп отырсақ, соғұрлым Қазығұрт ауданының да, облыстың да дәрежесі көтеріледі… Ғасырлар бойы айтылып келе жатқан Қазығұрт деген атау, бүкіл
Қазақстанда тек сіздерге бұйырып отыр, осы – бренд. Ал ол сіздерге рухани-мәдени жағынан, қай жағынан болса да дамытуға үлкен көмек, — деді.
Облыс басшысы ауданның негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, барлық жағынан ілгерілеп отырғанын атады. Содан соң ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.
Ғылыми-теориялық конференцияның соңында Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек пен соғыс және еңбек ардагері, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы Нұрмаханбет Әжіметов мерейтойға арналып шығарылған «Киелі Қазығұрт» фотоальбом-кітабы мен Момбек Әбдәкімұлының «Қазығұрт ауданының тарихы» кітабының тұсауын кесті.
Біз де тойға тарту ретінде «Алтын
шаңырақ» баспасынан «Харзиян шаһары һәм Ысмайыл Ата» және «Түркістан облысының әулие-әмбиелері» кітаптарын жарыққа шығардық,
Той «Мергенбай ата» салтанат сарайында жайылған дастархан басында жалғасын тауып, онда концерттік бағдарлама көрсетіліп, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар мен алыстан келген қадірлі қонақтар «Қазығұрт ауданына 90 жыл» медалімен марапатталды.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.

Шымкентте «Қазақстандағы ауылдық үкіметтік емес секторды дамыту: сынақтар, көзқарастар, табысты тәжірибелер» тақырыбында конференция өтті. «Береке» және «Экоцентр» қоғамдық бірлестіктерінің бірлескен іс-шарасына АҚШ-тың USAID агенттігі қаржылай қолдау көрсеткен. Конференцияның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйлеп, қоғамның дамуына өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол екенін айтты.
Конференцияда «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов азаматтық қоғамды дамыту жөнінде баяндама жасамақ. Сондай-ақ, шағын және ауылдық территорияларда азаматтық белсенділікті қолдау бойынша Ресей тәжірибесі туралы айтылады деп күтілуде.

Жиында гендерлік саясат, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәселесі, ҮЕҰ мен мемлекеттің байланысын арттыру, ауыл жастарының белсенділігін жоғарылату және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, баяндамалар жасалады деп жоспарланған. Шымкенттегі конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен қоғамдық бірлестік төрағалары қатысып жатыр.
«Береке» қоғамдық бірлестігі халықаралық ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда 20-дан астам ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған. Осы арқылы Түркістан, Жамбыл, Ақмола және Қарағанды облыстарында көптеген іс-шаралар өткізілді. «Береке – ынтымақ арқылы» атты бағдарлама бойынша еліміздегі 100 аудан, қаланың 700 өкілі 35 тренингке қатысса, 101 адам халықаралық конференцияларда тәжірибе жинаған.

Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Таяуда «Адал жол – честный путь» марафонының эстафетасын Созақ ауданы Бәйдібек ауданына табыстады. Аталған марафон аясында «аудан тұрғындарының арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, адал еңбек етуді насихаттауға бағытталған «Адал жол – честный путь» автошеруі өтті.

Созақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонына мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, қоғамдық ұйымдар өкілдері де белсенді қатысты. Шолаққорғандағы орталық алаңда басталған автошеру, халық көп шоғырланған Жібек жолы, С. Қожанов көшесінің бойымен жүріп өтті.
Сондай-ақ, Созақ аудандық мәдениет үйінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің «Адал жол» кітабын «Эстафета» қағидасы бойынша Бәйдібек аданына тапсыру рәсімімен жалғасты.
Жиынның ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаев сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті жыл басынан өтіп келе жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, аудандағы бірқатар азаматтарды агенттіктің алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте істеген, зейнеткер Әбубәкір Сахиұлы сөз сөйледі.
Аудан әкімі Салыхан Полатов құттықтау сөз сөйлеп, «Адал жол – честный путь» марафонының эстафетасын Бәйдібек аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиевке салтанатты түрде табыстады.
Бүгінгі өткен іс шара аясында «Мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі» өтті. Бұл жәрмеңкенің мақсаты кез-келген қызметті электронды түрде алуды халыққа барынша түсіндіру аясында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, осы шара аясында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиынды аудан әкімі Салыхан Полатов жүргізіп отырды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық департаментінің басшысы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаев хабарлама жасады. Сыбайлас жемқорлықтың салдары, оның алдын алу бойынша іс-шара видеороликтер көрсетілді. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, мекеме бөлім басшалары түгел қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық департаментінің басшысы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға бірқатар мемлекеттік қызметшілер облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуына байланысты қызметке барған кезде мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы, қызмет ауыстыру барысында жалпы және ішкі конкурстарды өткізудің тәртіптері туралы, мемлекеттік қызметшінің еңбегіне ақы төлеуге қатысты факторлық баллдық жүйесі жайында, сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында біліктілікті арттыруға қатысты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Жалпы, Созақ ауданында жалпы марафон аясында 2 апта аралығында бірқатар іс-шаралар, атап айтқанда, семинарлар, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстелдер, кездесулер, конференциялар және өзге де спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Марафонды өткізудегі басты мақсат – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.
Айта кетейік, «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өңірімізде алғаш рет өткізілуде. Марафонға облыстың барлық аудан, қалалардағы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен мақсатты топтардың атсалысуымен түрлі форматтағы іс-шаралар өтіп жатыр.
Енді Теріскейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп, осыған байланысты нақты шаралар қолға алынбақ.

Е. РАЙЫМҚҰЛОВ.


Құрметті қазақстандықтар!

Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды. Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, жаңа елордамыз – Астананы салдық. Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді. Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік. Соған байланысты, мен елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасадым. Олардың жүзеге асырылуы табысты дамуымыздың негізгі факторына айналды. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. 2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық. Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жарияладық. Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік. Оның басты міндеті – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады. Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз.

Құрметті отандастар!
Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда. Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде. Қаржы жүйелерінің мүлде жаңа архитектурасы түзілуде. Бұл орайда қор нарықтары кезекті қаржы дағдарысына алып келуі мүмкін жаңа «сабын көбігін» үрлеуде. Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде. Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр. Үкімет, әрбір мемлекеттік органның, мемлекеттік компанияның басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет. Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.
* * *
Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ
Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек. Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады. Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін. Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.
БІРІНШІ. Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
ЕКІНШІ. Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес. Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр. Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек. Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.
ҮШІНШІ. Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын. Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет. Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн. Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады. Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын.
ТӨРТІНШІ. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс. Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек. Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс.
БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.
АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн. Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады. Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырамын. Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бірі бола алады. ЖЕТІНШІ. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет. Бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы – міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттың қызығушылығын тудырып отыр. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуді бастауы керек. Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды. Сондай-ақ, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын – құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек. Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.

* * *
Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады. Бұл үдерістер әрдайым Үкіметтің басты назарында болуға тиіс.

II. ТҰРМЫС
САПАСЫН АРТТЫРУ
Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Осыған орай, Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиіс. БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек.
ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек.
ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын. Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын. ТӨРТІНШІ. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.
БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды. Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын.
АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек. Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз. ЖЕТІНШІ. Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет.
СЕГІЗІНШІ. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл –қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ. Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын. Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс. Оның қызметі, ең бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады. Бұл үшін заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етіп, білікті мамандар штатын қалыптастыру қажет. Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтіп, оларды белсенді пайдаланған жөн. Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ. Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты. Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді. Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бірлесіп азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек.

* * *
Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.

III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ
ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы. БІРІНШІ. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй. Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді. ЕКІНШІ. Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет. Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы қалаларда түзіледі. Біздің өз тұрмыс салтымыз тарихи қалыптасты, моноқалалары мен шағын облыс орталықтары бар аграрлы экономика басымдыққа ие болды. Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшін миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланың болуы, соның ішінде 2 қаланың тәуелсіз Қазақстан дәуірінде осы қатарға қосылуы – үлкен жетістік. Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қазірдің өзінде қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді. Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық. 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі. Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн. Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі арты: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді. Әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек. Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тізімін жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерін іздеп табуы қажет. Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн. Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажет. Бұл елді мекендерді ірілендіру ісін ынталандырып, бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігін арттыратын болады. Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс. Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек. Бұл стандарт әлеуметтік игіліктер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізімі мен қолжетімділігінің, көлік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілудің нақты көрсеткіштерін және басқа да мәселелерді қамтуға тиіс. Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын. Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Өңірлік дамудың аталған аспектілері іске асырылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларында ескерілуі керек. Біріншісі көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі – коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс. Бұл бағдарламалардың «екінші тынысын» ашу керек. ҮШІНШІ. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет. Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүріеді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын. Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс. Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн. Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек. Қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс. Тек үздіктері ғана қызметін жалғастырады. Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн. Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек. Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс. ТӨРТІНШІ. Сот жүйесін одан әрі жаңғырту. Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар, құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы. Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн. Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысады. Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады! Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады. Екіншіден, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек. Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет. Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын.

* * *
Кез келген реформаларды іске асыру барысында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқаратын болады.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ
Жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс? БІРІНШІ. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру. «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс. Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі. Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет. Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды. Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделін енгіздік. Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2 — 2,5 есе өсті. Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды. Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті. Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орынға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр. Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруға қатысты жаңа тәсілдер есебінен ғана 30 миллиардтан астам теңге үнемделді. Еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық бердім. Олар үнемделген қаражатты қызметшілердің жалақысын арттыруға бағыттау мүмкіндігін алды. Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отыр. Ең бастысы – олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі керек. Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл жерде аталған жобаның беделін түсірмес үшін формализм мен теңгермешілікке жол бермеу қажет. ЕКІНШІ. Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек. Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі. Соңына дейін жеткізілмейтін немесе перспективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар. Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады. Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет. ҮШІНШІ. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек! Бұл – бір ғана мысал. Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс. Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек. Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс. Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек. ТӨРТІНШІ. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет. Соңғы кездері Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердің саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулі түрде көбейді. Үкімет әкімдердің және олардың орынбасарларының қатысуымен күніне 7 кеңес өткізетін кездері де болады. Олар қай кезде жұмыс істейді? Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек. Өздеріне нақты міндеттемелер алуға және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс министрлер мен әкімдерге шешім қабылдау еркіндігін ұсыну қажет. Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс. БЕСІНШІ. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет. Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жобаларының бәрін Парламентке уақтылы енгізуі керек. Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауға тиіс. Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын. Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді. Офис әрбір бағыт бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады. Үкіметтің әрбір мүшесі, мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады.

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ
Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет. Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр. Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады. Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде. Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды. Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз – Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келеді. Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді. Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды. Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді.

* * *
Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.

VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ
Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын. Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек. Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр. Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция. Қымбатты қазақстандықтар! Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз. Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы. «Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді халқымыз. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!

2018 жылғы 5 қазан.