Маңызды

Сұлтанбек Сүгірбаев. Бұл есім күнгей жұртшылығына жақсы таныс. Ол өзінің білім-білігі, іскерлік қырының арқасында облыстың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Сан жылдар бойына мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Өзіне артылған сенімнің үдесінен шығу үшін ерінбей-жалықпай елге қызмет етіп, сан тірліктің басын қайырған. Ол кезінде Шымкентте атағы дардай өндіріс орындарының атап айтқанда, 3-Энергоорталық, Шымкент сыра мен мұнай өңдеу зауыттарының бой көтеруін ұйымдастырған. Қаланың айтақыр жері болған аумақтан «Теріскей» шағын ауданының шоғырлануына қызу кіріскен. Түркістан қаласына әкім болған уақытында жылдар бойы шешімін күткен мәселелерге Үкіметтің мойнын бұрып, назарын аудартқан. Қай жерде, қай қызметте болса да заман талабын сезіне отырып соған лайық тірлік тындырған Сұлтанбек Шойынбайұлы жоғарыдағыдан бөлек, көзге елестетудің өзі біраз күш алатын талай алып құрылыстарды, ауқымды жобаларды аяғына дейін алып шыққандығымен де абырой биігінен көріне білген. Болмайды дегенді болдыратын, толмайды дегенді толдыратын ел ағасы жуырда редакциямыздың төрінде болып бізге сұхбат берген еді…

– Сұлтанбек Шойынбайұлы, еңбек жолыңызға көз жүгіртсек, Сіз 40 жыл мемлекеттік қызметте еңбек еттіңіз. Оның тең жартысы кеңестік мемлекеттік қызмет жүйесінде өтті. Қалғаны тәуелсіздік арайындағы уақытқа тиесілі. Егемендік алған жылдары Сізге жауапты жұмыстар жүктелді. Түркістан қаласының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық табиғатты қорғау, тарифтер, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының бастығы, облыстық құрылыс штабы бастығы сынды қызметтерді абыройлы орындадыңыз. Бесінші шақырылым бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болдыңыз. Ал Кеңес үкіметі кезіндегі қызметіңіз бір тақырыптың еншісі. Өмірі осындай өркенді істермен өрілген азамат қазір қайда жүр?
– 2015 жылы зейнетке шықтым. Содан соң екі жылдай уақытымды жақын жуықтарыма, отбасыма арнадым. Алпыс жасымда отбасымды үлкен ордаға айналдырады деген үкілі үмітпен дүниеге келген Асанбай мен Шойынбайдың тәрбиесіне көп көңіл бөлдім. Қалған ұл-қыздарым өмірде өз кетігін тапқан естияр азаматтар ғой. Бір күні маған құрылыс саласының басы-қасында жүрген азаматтар келіп, осы топтың мүддесін қорғайтын ұйымға төраға болуымды сұранды. Олардың ұсыныстарын екі сөзге келмей қабыл алдым. Ұйым «Жол құрылысы, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, жобалау және техникалық қадағалау жөніндегі жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар Қауымдастығы» деп аталады. Төраға болып жүргеніме бір жылдың көлемі болып қалыпты. Басты бағдарымыз, мақсатымыз – айқын. Ол өңірде құрылыс жұмыстарымен айналысатын іргелі мекемелердің заңды мүддесін қорғау.
– Сіз төрағалық ететін ұйым мердігер мекемелердің ырғақты жұмыс істеуін жолға қоюға тер төгеді. Осы ретте қандай мәселені екпін түсіре айтып өткіңіз келеді? Яғни, қазіргі таңда құрылыс компанияларының тынысын тарылта беретін түйін не?
– Жалпы қала, облыс аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарының үздік-создыққа созылмай, сапасыз, саңылаусыз болмасы үшін тапсырыс беруші, дәлірегі, атқарушы орган мемлекеттік сатып алу конкурсын әділ ұйымдастыруы қажет. Және оны дер кезінде өткізіп, қаржысын уақытында төлесе проблема туындамайды. Содан соң мына нәрсені де айтқым келеді. Билік өз құрығының ұзындығын пайдаланып, кейде екі компанияларды бір-біріне айдап салатын ойын ұйымдастырып жатады. Нәтижесінде мердігер мекемелер қандай да бір нысан құрылысын жүргізу бойынша екеуара текетіресіп, оның соңы соттасуға барады. Мұндай мазасыз ауан құрылыс саласындағы жұмыс жүйесінің бұзылуына кесірін тигізеді. Осындай олқылықтардың оябын табуға ықпал ету – ұйымның алға қойған негізі бағыты.
– Қазіргі таңда құрылыс саласында өзіңізді толғандырып отырған мәселе не?
– Өмірімнің саналы уақыты осы құрылыс саласында өтті. Сондықтан да осы мәселе тұрғысында көңілді күпті ететін проблемалар жетерлік. Бірақ ол бір сұхбатқа сиятын дүние емес болғандықтан, ең басты түйіткілді айтып өттім.
– Егемендіктің екінші онжылдығын атап өту қарсаңында, одан кейінгі жылдарда да күнгейдің орталығы болып тұрған – Шымкент құрылыс алаңына айналды. Сол уақыттарда қаланың келбетін ашып, сәулетін келістірген түрлі нысандар бой көтерді. Сіздің осы қайнаған жұмыстардың бел ортасында жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Осы жайында кең отырып айтып берсеңіз.
– Жалпы кез келген мекенде көп жылдар бойы жұрт жадынан кетпейтін жылымық кездер орын алады. Мен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өту кезіндегі қарбалас дайындықтар қарсаңын сондай сәттерге балаймын. Дәл осы аралықта Шымкенттің тынысын аша түсетін талай толымды тірліктер орын алды. Ол Ордабасы алаңындағы «Жер-Ана» монументі, «Флаг» алаңшасы, сол жерден өтпелі көпірдің салынуы, Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалы, «Шәмші әлемі» саябағы, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филормония, Абай мұражайы, Көркемсурет галереясы, Спортшылар аллеясы, «Қызғалдақ» субұрқағы, әкімшілік-іскерлік орталығы, «Отырар» кітапханасы, «Түркістан» сарайы, драма театр және тағы басқа көптеген нысандар бой көтеріп, қайта қалпына келтірілді. Ондағы құрылыс жұмыстарының қарқынды өтуін ұйымдастыру және мерзімінде ел игілігіне берілуін жолға қою бағытындағы қарбалас жұмыстардың басы-қасында жүргенмін. Мұның өзі оңай-оспақ жұмыс емес. Үлкен табандылықты талап ететіні белгілі. Осы тұрғыда мен өзіме берілген талаптың үдесінен табыла білдім деп есептеймін. Бірақ бұл сәттегі сан жұмыстарды еңсеруіме менің 1988-1993 жылдар аралығында Еңбекші аудандық атқарушы комитетінің және халық депутаттары кеңесі төрағасы болған кезімдегі өмір жолым үлкен азық болды. Өйткені дәл осы аралықта мен Шымкент шина, Мұнай өңдеу зауыты, Шымкент сыра, «Кабиско» кондитерлік фабрикасының, ТЭЦ-3, «Теріскей» шағын ауданы, Т. Рысқұлов көшесі, «Фосфоршылар» мәдениет сарайы, мектеп, балабақша және т.б ғимараттардың салынуы мен қайта құрылуына тікелей қатыстым. «Ерді еңбек өсіреді» деген ғой. Осындай өмір мектептері менің тәжірибемнің барынша толыса түсуіне септігін тигізді.
– Жоғарыда Сіз егемендігіміздің 20 жылдығын тойлау бағытында салынған нысандардың бел ортасында жүруді облыстық мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылауы басқармасының басшысы қызметімен қоса-қабат атқарып жүрдіңіз. Сөзіңізге қарасақ екі істі ілгері сүйреу Сіздей нар тұлғалы азаматқа ауыр болмаған сияқты.
– Дәл айттыңыз. Аталған басқарманың басты міндеті – қандай да бір нысанның құрылысын мойнына алған мердігер мекеменің заң шеңберінде жұмыс істеуін қадағалау. Ылдым-жылдым тірліктерге бет бұрғандарына заң аясында шара көру. Осы мақсатта маған ісі тастүйін, сол кездегі облыс әкімі А. Мырзахметов алдыма зор міндеттер қойды. Облыс басшысының тынымсыз тірлігіне ілесу үшін барлық ерік-жігерімді жұмсадым. Нәтижесінде оңай олжаны көксеген бір күндік фирмаларды мемлекеттік сатып алу конкурстарынан шеттету ісіне білек сыбана кірістік. Соның негізінде басқармада барлық лицензиаттардың мәліметтері жинақталған біріңғай электрондық база құрылды. Бұл базаның арқасында біз қайсыбір бірнеше лицензиаттардың бір мекенжайда тіркелгенін, оларға тиесілі техника тағы қандай компаниялар меншігінде бар екенін, бір маманның нешеме компанияда еңбек ететіндігі туралы мәліметтерді айқындап отырдық. Осылайша шылғи өтірікпен ісін өрге басуды көздеген мекемелерден лицензияларды қайтарып алу жұмыстары жолға қойылды. Осы басқармаға басшы болған кезімде облыс бойынша 298 заңсыз құрылыс нысандарының бұзылуы жолға қойылғанын да айта өтейін.
– Ересен еңбектеріңіз үшін Сізге талай атақтар жабысты. 2012 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен салтанатты түрде марапатталуыңыз соның дәлелі. Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағыңыз сөзімізді нығарлай түседі. Бұлардан бөлек, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы атағыңыз тағы бар. Бұл сіздің Мақтарал ауданы бойынша бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты міндетін өз дәргейінде орындай алғаныңыздың белгісі ғой.
– Өзім Мақтарал ауданының топырағында аунап-қунап өскен баламын. Сондықтан да бұл аумақтың орны мен үшін бір төбе. «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиалы менің қырық жыл бойына мемлекеттік қызметте еңбек еткенімді ескере келе Мақтаралдағы №25 сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлауға түсуім туралы ұсыныс айтты. Бұл аумаққа Мақтарал ауданындағы Бірлік, Иіржар, Еңбекші, Жаңажол, Нұрлыбаев ауылдық округтері мен Мырзакент елдімекендері қарайды. Онда бас-аяғы 30 мыңға таяу сайлаушы бар. Бірден қабыл алдым. Себебі, мен «Қайда жүрсең де біртұтассың өзің туған өлкемен» дегенді бойтұмар еткен азаматпын. Мандат алу үшін менімен бірге тағы төрт азамат ат қосты. Саяси додада мен басым дауысқа ие болып, олардан оза шаптым.
– Мемлекеттік қызмет саласындағы еткен еңбектеріңіз белгілі. Ал енді мандатқа ие болғаннан бастап қандай күрделі мәселелерге нүкте қоя алдыңыз?
– Өзім сайланған округте біраз мәселе өз шешімін күтіп жатты. Ауыл-аймақтағы проблемаларды шешу үшін қаражаттың қажеттігі анық жағдай. Бюджеттен бөлінген қаржылар көбіне-көп сол кездегі аудан орталығы Жетісайдың кем-кетігін түгендеуге бағытталатын. Менің сайлау округімдегі ауылдар орталыққа қол созым жерде орын тепкенмен, мәселе кейінге ысырылып келе берген. Ол ең әуелі мектеп пен балабақшалардың жеткіліксіздігі. Бірақ сол кезде мен тиісті жерлерге мәселенің өзектілігін барынша түсіндіре отырып, бұл бағыттағы шаруаларды шешуге қазынадан қаржы бөлінуіне қол жеткізе алдым. Соның нәтижесінде 2012-2015 жылдары өзім сайланған округте 8 мектеп, 2 балабақшаның құрылысы жүргізілді. Мырзакент кенті мен ауылдардағы 16 көшеге жарқыраған асфальт төселді. Үш автокөлік жолдарындағы көпір ретке келтіріліп, барыс-келіс жақсарды. Ауылдың айналасында мазасыз көріністі тудырған күл-қоқыс полигоны жөнделді. Мырзакент кенті мен бірнеше ауылдарға алаулатып көгілдір отынның жеткізілуіне сүбелі үлес қоса алдым. Мұны сол жердегі халықтың барлығы біледі. Жадынан шығармай бүгінге дейін риясыз көңілмен айтады. Бұдан асқан бақыт жоқ. Алғыс арқалаған жан әманда ақжолтай болады ғой.
– Қазіргі таңда Сіз қоғамдық-саяси өмірге ағалық жолмен белсене араласып келесіз. Айналада болып жатқан тірліктерге, орын алған өзгерістерге өзіндік ой қосып, пікір білдіре алатын кемеліне келген, кемеріне толған азаматсыз. Енді айтыңызшы, Түркістан облысының облыс орталығы болуы туралы шешімді Сіз қалай қабылдадыңыз?
– Бұл жаңалықты естігінде мен төбем көкке бір елі жетпей қуандым. Өйткені қаланың мәртебесінің биік болуын мен сол әкім болған жылдардан бастап көтеріп келдім. Түркістан облыс орталығы былай тұрмақ, республикалық деңгейдегі қала атануы керек. Өйткені ол қазақ тарихында үлкен маңызға ие мекен болған. Оның тарихы қалың. Ол қаншама ғасырларды тұмшалап жатқан киелі кент. Айтқанда сөзі, атқанда оғы далаға кетпеген небір хандар мен батырларымыздың осы жерде жерленуі тегін емес. Бірақ Кеңес үкіметінің жетпіс жыл бойына қазақ жерін өз ыңғайына қарап билеп, қалағанынша илеуінің нәтижесінде қала қалтарыста қалып қоя берді. Дегенмен де орталық Мәскеу қаланың қазақ елі былай тұрсын, түркітілдес елдердің ішінде зор маңызға ие орталық екенін әу баста білген. Ол талай рет дәлелденген. Түркістан қаласына басшы болғанымда мен осы мәселелер төңірегінде талай тың деректермен жақын танысып, Түркістан тақырыбына терең бойладым. Сөйтіп, ең алғашқылардың бірі болып қаланың 1500 жылдығын атап өту туралы Елбасының назарына бірнеше рет хат жолдадым. Арада күндер сырғып, айлар зулап өтті. Күндердің күнінде Елбасы еліміздің бас қаласы Алматыда қала әкімдерінің басын қосқан жиналыстан кейін, мені өзі қабылдап осы ұсынысым туралы бірнеше сұрақтар қойды. Бұл туралы мен бүгінге дейін бірнеше газеттерге сұхбат бергенмін. Ел хабардар. Сол кезде Президенттің қойған сауалдарына тұщымды жауап бердім білем «Бастамаң жөн екен» деп ақжарқын қалпымен шығарып салған. Арада бірнеше жыл өткен соң қаланың 1500 жылдық тойы халықаралық деңгейде аталып өтті ғой. Айтпақшы, мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда мен ол кісіге Түркістанның деңгейін көтеру туралы барлық ойларымды тізіп бердім. Ол кісі жөн сөзге табан тірейтін көреген адам ғой. Сонда «Сенің мұның жөн. Айтқаныңа толық қосыламын. Мен Түркістанның абыройын асырамын» деп нық айтқан еді. Арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң сол уәдесін іске асырды. Президентіміз осы жылдың маусымында Түркістанды облыс орталығы ету туралы Жарлыққа қол қойды. Оның бұл шешімі қысқа мерзім ішінде қабылданған жоқ. Әбден елек-екшеліп барып жарыққа шықты. Оған өзімнің де тырнақтай болса да үлес қосқаным мені қанаттандырады әрине. Бұл күннің тууын асыға күткендердің бірі менмін. Сондықтан да Тұран төрі облыс орталығы болды дегенде басымдағы балақайды жерге атып ұрдым.
– Түркістанға әкім болған жылдарыңызда оның ажарын ашып, келбетінің келісе түсуіне қандай қолтаңба қалдыра алдыңыз?
– Әкім болып тағайындалғанымда қаланың әлеуметтік экономикалық ахуалы тығырықты жағдайда болды. Өндіріс орындарының барлығы дерлік тұралады. Күрделі құрылыстар ауқымы тоқтатылды. Шикізаттың жетіспеуінен кәсіпорындардың қақпасына қара құлып салынды. Салдарынан жұмысшылар жалақысын ала алмай сенделіп жүрді. Бұл тек сол қалада ғана емес, еліміздің өзге аумақтарына тән құбылыс еді. Оның өзіндік себебі баршаға мәлім. Өйткені сол кезде бюджетте ағыл-тегіл қаржы жоқ еді. Үкіметтің қолы қысқа болды. Солай екен деп қарап отыруға тағы болмайды ғой. Сондықтан да қолдан келгенше жергілікті халықты осы бір тығырықты кезеңдерден жол тауып, көңілін демдеп, алдағы күннен үмітін үзбеуге шақырдым. Дәлірегі, ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуына көп екпін түсірдім. Осы жолда дұрыс бағытта жұмыс істей алдық. Оған сол жылдары қаладағы қылмыс деңгейінің мейлінше азая түскені дәлел. Бұдан бөлек, шаһар тіршілігінің тұраламауына апаратын тірліктерге бас қойып, қазынадағы қаржыны сол бағыттарға жұмсадық. Ол қаланы жылумен қамту, әлеуметтік жағдайы аса төмен отбасыларға көмек көрсету болды. Бертін келе Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта жөндеуден өткізу жұмыстарын аяғына дейін алып шықтым.
Тәуелсіздік арайындағы алғашқы жылдарда қаланың тынысын аша түскен ең басты жұмыстар ол қаланың 1500 жылдығын атап өту болса, екіншісі, көне шаһарда Қожа Ахмет Ясауи атын арқалаған халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы болды. Сол оқу орны ашылған кезде оның жұмысын бір жүйеге түсіру, яғни, студенттер білім алатын ғимараттар дайындау және тағы басқа тірліктердің бел ортасында жүрдім. Жалпы рухани астанамыздың дамуы жолында қала тұтқасын ұстаған азамат ретінде лайықты тірліктер атқара білдім деп айтсам шындықтан шығандап кетпегенім.
– Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы Жарлықтың жария етілуі бір бөлек те, оны жүзеге асыру жауапты жұмыс. Осы ретте алға қойған асқаралы мақсаттардың орындалуы қалай болмақ деген сауал сізді мазалайды ма?
– Қаланың осы бір атаққа лайық болуын жолға қоюда атқарушы орған табанды тірлікке көшу керек. Мәселені тек біржаққа байланыстырып қоюда қисынсыз. Халықта талмай, тынбай атсалысу қажет. Бұқара мен билік бірге болса, сонда ғана тірлік өнеді. Облыс әкімінің Түркістанды көркейтудегі талабы мені қуантады. Бірақ ол жалғыз-жарым жүріп, жетістікке жете алмайды. Айналасындағы кадрлардың да іскерлік қабілеті зор маңызға ие. Сосын тағы бір назар аударарлық мәселе ол – күн-түнмен санаспай тірлік істейтін уақытқа көшу керек. Алда ауқымды міндеттер, жауапты жұмыстар күтіп отыр. Тындыратын тірліктер өте көп. Оны тыңғылықты орындау үшін тәулік бойына жұмыс істейтін кез туды. Қазіргі жағдайдағы талап осыған саяды. Жасырып қайтейін, бірақ қазіргі таңда осы талаптың үдесінен табылу жолында билік бір жүйеге түсе алмай жатқан сияқты. Түймебаевтың жанында жігері күшті, талабы таудай мықты кадрлар керек. «Іс тетігі кадрда» деген сөз текке айтылмаған. Дұрыс бағыт беріп, оң жол сілтейтін мамандар қажет. Бұл ретте тәжірибесі әбден толысқан кадрларды тарту да артықтық етпейді. Мәселен, мені осы бір қым-қуыт жұмыстың ортасында жүруге шақырса барар едім. Оған білім-білігім де, тәжіриебім де жетіп артылады. Түркістанды түлетуге дайын тұрған мен сияқты азаматтар жетерлік. Оларды да іздеп, тауып, шақырса қарсы болмайтына шүбәм жоқ. Штаттық кесте бойынша болмаса да, қоғамдық түрде қатыстырса тақиясына тар келмейді. Тұран төрін облыс орталығы дәрежесіне сай ету көп болып қол жеткізетін жұмыс. Бұл тұста руға, жерге бөлінген жарамас. Түркістанның облыс орталығы болуы оның келешекте республикалық деңгейдегі қала атануына жарқын жол ашқан игі қадам десек әсіре сілтеу емес.
– Аға қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызда тың бастамалар қолға алынуда. Түрлі жобалар жүзеге асуда. Дей тұрғанмен билік осы мақсатта атқарылған жұмыстар жайын сөз еткенде нақты істерден бұрын сандарды көп сөйлететіні жасырын емес. Бұған Сіздің айтар пікіріңіз қандай?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мемлекетімізді ең дамыған отыз елдің қатарына қосудың игі бастауы. Бірақ бұл бағытта қолға алынып жатқан тірліктерді сөз еткенде жергілікті билік сапаға емес, санға көп көңіл бөлуде. Мұны көп байқаймын. Жуырда интернеттен облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жүздеген елді мекенде мыңдаған іс-шара өткізілгені туралы ақпарды көзім шалды. Атқарылған тірліктерді тіл ұшына оралтқанда бұлай санға иек арту халықтың сенімін тудырмайтынын мен жақсы білемін. Жалпылама айтылады да терең талдау жасалынбайды. Санмыңдаған іс-шаралардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағытына толықтай сай өтті ме? Ол жерде не болды? Кімдер қамтылды? Нәтиже қандай? Жүзеге асқан жұмыс не? Қол жеткізген жетістік қайсы? Міне осындай сан сауалдарға терең талдау жасалынбайды. Неге? Себебі, көпшілігі жеңіл өтіп жатыр. Елге егжей-тегжейлі жеткізу, барынша түсіндіру кемшін. Көңіл қожырайтын тұс осы.
«Көрмес түйені де көрместің» керін кигім келмейді. Көңіл тоғайтатын тірліктер де бар. Ол облыс әкімінің тікелей бастамасымен «Күш атасы Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» және тағы басқа анимациялық фильмдердің жарыққа шығуы болды. Туындыларды балаларым, немерелерім тұрмақ өзім де бір деммен көріп отырамын. Бұл өзгелерге жар салып айтатын игі тірлік. Бұдан басқа елдің ынтымағын молайтуға шақырып жатқан біраз жобалар жүзеге асуда. Мысал, ретінде өткен тамызда Жетісайда өткен «Қауынфест» шарасын айтуға болады.
– Қазіргі таңда жаңадан құрылған Түркістан облысы мәслихатының құрамында сайлау округі Шымкент аумағын құрайтын мандаттылар бар. Олар облыстық мәслихатта отырып дербес қала болған аумақтың мүддесін қорғауы қандай қисынға келеді? Осы сауал басы ашық күйінде қалып отыр? Бұған Сіз не айтасыз?
– Бұл депутаттарды халық сайлаған. Жаңылыспасам кезінде Шымкент аумағынан облыстық мәслихатқа сайлауға түскен халық қалаулыларының саны 14-ке жетеді. Оларды сайлаған халық Шымкентте қалып отыр. Яғни, олар Түркістан облысына қарамайды. Түнеукүні әлгі 14 депутаттың алтауы өз еркімен өкілеттілігін тоқтатқанынан хабардар болдым. Құптадым. Демек бұл азаматтар өз орнын білген. Енді Шымкент облыстан бөлініп шықса да «заңды түрде депутатпыз» деп жүргендерге таң болып отырғанымды жасырмаймын. Депутаттық мандат үшін жарысқа түсу не пайда? Енді олар қайда барса да «Облысқа Шымкент бағынбайды. Ендеше, Сіз қалай біздің дауысымызды жинап, облыстық мәслихатта отырасыз?» деген сауалдан бас сауғалап ұзаққа бармайды. Бұдан бөлек, «Елге кеңес айтқанда алдарыңызға жан салмайсыз. Өзіңіздің шала бүлініп жүргеніңіз мынау» деп екілене сөйлеуі де ғажап емес. Сондықтан да олар абыройы аласармасын десе, ертерек өзіне тиімді болар шешім қабылдаулары қажет. Негізінде елге қызмет ету үшін депутат болу шарт емес. Мандатсыз-ақ көптің адамы болып, ел мақтанышына айналып, мерейіңізді өсіруге әбден болады.
-Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып қайта құрылуы, Шымкенттің республикалық деңгейдегі қала атануына байланысты осы екі аумақтағы мәслихат құрамын жаңарту бағытында сайлау болады деген сөздер айтылып жүр. Егер сайлау болып жатса Сіз өз кандидатураңызды ұсынасыз ба?
– Сайлау өтемін дегенше «сүт көп, көмір аз» сияқты. Дәл қазір бұл жөнінде кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын.
– Ұсыныстар түсіп жатыр ма?
– «Жақсы адамға бір кісілік орын табылады» деген. Тәжірибемнің әбден толысып, көп орталарда мойындала білгенімнен болса керек маған ұсыныстар әркез болған.
– Елбасы еліміздің барлық өңірін Түркістанның тұлғалана түсуіне үлес қосу үшін бір-бір ғимарат салып беруге шақырып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысының осы бастамасын жүзеге асыруға Шымкент билігі әл-әзір дайын екендіктерін жеткізді. Құрылыстың қыр-сырын, ұңғыл-шұңғылын жетік білетін маман ретінде Сіз Шымкент Түркістанға қандай нысанды тартуы керек деп ойлайсыз?
– Иә, Шымкент қаласы әкімінің бұл сөзін жергілікті БАҚ жарыса жазып жатты. Өте орынды сөз болды. Облыс Түркістанға Шымкенттен көшіп барды. Сондықтан да екі қала бір-біріне әрдайым өте ыстық лебізде болуы қажет. Үшінші мегаполис киелі кентке не тарту етсе де жарасып кетеді. Ал әкімге қарата «Шымкент Түркістанға мынадай ғимарат салуы керек» деп киліккенім артық сияқты. Ғабидулла жас жігіт. Былайша айтқанда «ісінің барлығы ізденіс, қиялы қызық» азамат қой. Бұл ретте де оның қадамы осы сипаттамаға сай келетініне нық сенімдімін.
– «Уақытқа» уақыт бөлгеніңізге рахмет.
– Сіздерге де рахмет!

Сұхбаттасқан:
С. НҰРАЙ.


Шығармашылық дүниенің жазылуына бір нәрсе себеп болатыны анық. «Айқын» газетінің өткен санында жарияланған «Әуезовтің тұңғышы» атты журналист Гүлзина Бектастың жазған мақаласынан кейін киелі Созақ топырағын кім басқан, кім баспаған деген ойға қаласың?! Назарларыңызға ұсынып отырған шағын мақала осындай ойтүрткі себептермен жазылған еді.
Дарынды тұлға, заңғар жазушы, ұлт ойшылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті дүние бетінде танып-білмейтін пенде кем шығар. Қаламынан сиясы кеппеген кемеңгер тұлғаның барлық өмір жолы елдің есінен кетпек емес. Ал сан тарау бұтақтай ұрпақтарына зер салсақ қилы тағдырлардың құпиясына үңілесің. Мұхтар Омарханұлы 1917 жылы Райхан сұлуға үйленеді. Райхан анамыз атақты Кәкен байдың алты ұлынан кейінгі жалғыз қызы болатын. Олардың отбасын құруына шыққан тегін, өскен ортасын жақсы танып білетін Абайдың ұлы Тұрағұл себепші болады. Мұхтар мен Райхан шаңырақ көтерген соң, араға жыл салып өмірге нәресте Мұғамила 1918 жылдың қысында келеді.
Ұлы Абайдың Әйгерім анамыздан туған тұңғышы, алаш ардагерлерінің досы, қазақтың біртуар ұлдарының бірі Тұрағұл атамыздың «Мұхтарға лайық» деп таңдауы түскен қыз бала-Райхан мен Мұхтардың байланысқан тағдыры туралы көп біле бермейміз. Десек те, жас отбасы қилы тағдырлы соқпақты бастарынан кешіре жүріп өткізгені аян. Бұл тағдыр талайлы сұр соқпақта кішкене нәресте қыз-Мұғамиланың да ізі қалады. Азапты күндерді, әкесі мен анасын зарыға іздеген сағынышқа толы түндерді бастан кешіргенін білеміз. Камила, Қапаш, Фатима, Валентина апаларының тәрбиесі мен қамқорлығында жүріп, ақыр соңында туған анасымен табысқан Мұғамила ерте есейіп, ерте бойжетеді. Мұғамила 1937 жылға дейін әкесінің қолында тұрып тәрбиеленген. 1930-32 жылдары әкесі Мұхтар Алматы түрмесінде жатқанда, әкесінен жиі хабар алып, абақтыға үзбей қатынап, киім-кешегін жуып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Оған жазушының гимназия қабырғасынан бастап бірге оқыған досы Ахметбек Шикібаев көмектескен. Кейін Мұғамила бойжетіп Ахметбек ағасының туысы Бөкебай Сүтжановқа тұрмысқа шығады. Бөкебай Сүтжанов 1914 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №25 ауылда дүниеге келген. Ауылшаруашылығы саласында Алматы, Талдықорған, Шымкент облыстарында еңбек етеді. Мұғамила апамыз екеуінен өмірге Нариман, Бақтияр, Гулжаһан есімді ұл-қыздары дүниеге келеді. Таяуда «Айқын» газетінің редакциясына шығып, «Әуезовтің тұңғышы» атты мақаланың авторы Гүлзинамен тілдесіп Бөкебайұлы Бақтияр ағаның ұялы телефонын жазып алып едім. Араға күн салып ол кісімен телефон арқылы әңгімелестім. Бөкебай Сүтжанов, яғни Мұғамила апамыздың жары 1948-1950 жылдары «Созақ» совхозының, 1950-1952 жылдары «Жуантөбе» совхозының директоры болып қызметтер атқарған. Ол уақытта Мұғамила апамыз отыз жаста екен. Бұл Мұхтар Әуезовтің Созаққа келер сапарынан тура он жыл бұрын еді. Бөкебайұлы Бақтияр көкеміздің өзі 1942 жылы дүниеге келіпті. Бүгінде 76 жаста. Ендігі кезекті Бақтияр ағаның айтуына берейін:
– Анам мен әкем бала күннен бірге өскен. Олар әкемнің ағасы Ахметбек Шикібаевтың үйінде таныс болған. Мұхтар Омарханұлы Ленинградқа оқуға кеткенінде, анамды сол үйге қалдырған екен. Кейін Мұхтар Омарханұлы анамды алып кетеді. Ұлы жазушының басына іс түсіп, сотталғанда, Ахметбек ағамыз анамды жетімсіретпей қолына алады. Өкінішке қарай, Ахметбек Шикібаевтың өзі сотталып, ату жазасына кесіледі. Оның сотта қаралған ісі туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен НКВД оған «Халық жауына» көмектесті деген айып таққаны белгілі. Бір айта кететіні, Мұхтар Омарханұлының өмірдерегінде ол туралы ешнәрсе айтылмайды. Бостандыққа шыққан жазушы қызымен қайта қауышып, өмірін қалпына келтіре бастайды.
Әкем Бөкебай ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін, совхозда қызмет етіп, барлық туған-туысын асыраған. Ол жылдары ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөліне бастайды. Елге жаңа мамандар керек болды. Осылайша, Алматыға оралған әкем анаммен қайта жолығып, екеуі шаңырақ көтереді. 1940 жылы тұңғышы Нариман дүниеге келсе, 1942 жылы мен өмір есігін ашыппын. Алматыда әкем қалалық атқарушы комитеттің ауылшаруашылық бөлімін басқарып, қызметте үлкен жетістіктерге жетеді. Отбасымызбен екі бөлмелі үйде тұрдық. Бірақ біздің үлгілі отбасылық өміріміз біреулерге ұнамаған секілді. Ет-жақынымыздың бірі әкемнің туған жеріне барып, «қажетті» деректерді жинаса керек. «Бөкебай Сүтжанов – байдың баласы» деген анықтама алдырып, тиісті органдарға жіберіп отырады. Бұл туралы әкеме зейнетке шыққасын бұрынғы партия комитетінің қызметкері айтып берді. Ол кездері байдың баласы болғандар қызметте жоғарыламайтын. Әкем білікті де білімді маман болғандықтан, оны ауыл аймаққа жиі жіберетін. Жұмысын жиі ауыстыруға тура келді. 1948-1950 жылдары «Созақ» қой совхозының директоры болды. Әкем өз ісіне адал, жұмысына жауапты еді. Малшы ауылды жиі аралап, көбінде колхоздың тірлігіне араласты. Жалғыз өзі қыстауларды атпен аралайтын. Ол жылдары қыс аязды болатын. Қасқырлар да көбейген кез. Әкем ешнәрседен қорықпайтын. Ең жүйрік, мықты 4-5 аты болды. Малды ауылға шыққан сайын аттарын ауыстырып отыратын. Әкемнің аңшылыққа шыққан кездері де есімде. Оның қайсарлығына тәнтімін. Қаншама қасқырдың терісімен оралатын. Атам сол терілерді өңдейтін. Анамның шешесі Райхан әжем тон тігетін. Райхан әжем – нағыз
қолөнер шебері еді. Түлкі терісінен тымақтар, түрлі тондарды тіпті дүкендегіден де әсем қылып тігетін әжемнің еңбекқорлығы тіптен бөлек. Өмірінің соңына дейін қолөнершілікпен айналысып, жиендеріне қамқорлық танытты.
Атам нағыз шаруа, еңбекке адал, шыдамды кісі еді. Бүкіл үй шаруашылығын өзі жүргізіп, маған көп нәрсені үйретті. Бір жолы әкемнің рұқсатымен атпен алыс сапарға да шыққанбыз. Атам менің бойымда ер жігітке тән мінезді қалыптастыруға ерекше атсалысты. Арабша хат тануды да үйретті.
Созақта тұрған жылдары анам өзбек биін керемет билейтін. Созақта тұрғанда мен жеті жаста болатынмын. Біз ескі мешіт үйінде оқыдық. Үйдің тура түбінде сарқырап өзен ағып жататын. Біз өзеннен көпір арқылы ары-бері өтетінбіз. Созақ халқы өте бауырмашыл, қонақжай, мейірімді, бір нанды бөліп жейтін ынтымақшыл, адал, ақкөңіл, тату халық болды. Жазда совхозда жұмыс азаятын. Әкем бидің түр-түрінде өте жақсы билейтін. Ленинградта оқып жүргенде қазақтың қара домалақ баласы талай өзге елдің балаларына қалай билеу керек екендігін үйреткен екен. Үйімізде патефон мен пластинкалар көп еді. Анаммен бірге патефонмен әндер айтатынбыз. Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқайтын едік. Абайдың өлеңдер жинағы, қара сөздері үйіміздің төрінде тұрды.
Ауыз әдебиетін зерттеуші, Абай мұрасын насихаттаушы Сейітқали Қарамендин ағамыздың өмірден өткеннен кейін, яғни, 2010 жылы «Жалын» журналында жазған «Досым еді» деген естелігінде: «Ақын Қасым Аманжоловпен 1928-29 оқу жылдарында Семейдің малдәрігерлік техникумының даярлау бөлімінде бірге оқыдық. Қасым оқып жүрген кездерінің өзінде ойын-сауықшыл, бос уақыттарында мандолина, домбыра тартып, өлең айтатын. Бір күні техникумның жатақханасында бір топ оқушылар: Қабжанов Уәли, Сүтжанов Бөкебай, Қаймолдин Омар, Аманжолов Қасым, Кайсақанов Арғынғазы және мен бәріміз бас қосып, өлең айтып, домбыра, мандолинаға қосылып ән салып отырдық. «Комсомол комитетінің секретары Қойшыбаев Қали сендерді комсомол жиналысына шақырып жатыр, тез жүріңдер», – деп, Семейхан деген бала сасқалақтап, асығыс кірді. Қасым Семейханның ұшқалақ, жеңіл мінезді екенін сезіп, қолма-қол:
Семейхан, сен селкілдеп,
Танауың кеткен желпілдеп,
Бұл мінезіңді қоймасаң,
Жыларсың бір күн еңкілдеп, – деп еді, Семейхан ашуланып кетіп қалды», – деген естелікте Бөкебай Сүтжановтың есімі айтылады. Осы тұстан да Бөкебайдың ақын, жазушы, өнер адамдарымен бірге жүргеніне қарап, өнерлі ортадан табылатын, өнерден хабары бар озық ойлы азамат екені тағы да дәлелденеді.
Қаракөл қой шаруашылығы шаруашылықтың өркендеген түрі болғандықтан, әкемді Ташкентке жиі шақыратын. Тіпті арнайы «Кукурузник» ұшағын жіберіп, анам мен әкемді Ташкентке алдыратын еді. Ташкентке көлікпен баратын болса, мені де өздерімен бірге ала кететін. Ол кісілердің Ташкентте жақсы араласатын отбасылық достары болды. Сол үйлерде жиі қонақта болдық. Отбасымызбен бірге Түркістанға барған сапарымыз да есімде. Сонда анам бір зергерге жеті-сегіз алтын жүзік жасатқан еді. Сол жүзіктердің біразын ол әкемнің туған-туысына сыйға тартқанын білемін. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғанбыз. Ол кездері туризм дамымаған, кесене жабық болатын. Бір ақсақал кесенені ашып беріп, ішін аралатты. Қазіргідей шектеулер болмайтын. Құдықтан су іштік, кесенесін көріп, қолымызбен ұстадық. 1990 жылы кесенеге қайта келгенімде, балалық шағымдағы сол сәттер еріксіз көз алдыма оралды. Сегіз жасар бүлдіршін араға 40 жыл салып, кесенеге қайта оралғандай әсерде болдым.
Әкемнің жұмысы жақсы жүргендіктен, анам үй шаруасымен айналысты. Бастауыш сынып мұғалімі болып, еңбек еткен кездері де бар. Оқу, жазу-сызуды ерте үйрендім. Бес жасымда әліппемді құшақтап, мектепке барғаным да есімде. Бір жағынан анамды көру үшін ерте бардым. 1952 жылы Созақтан Талғарға көштік. Талғардағы мұғалімдер кеңесі мені, әлі кішкентай деп, үшінші сыныпқа қайта жіберді. Әкем колхоз төрағаларын даярлайтын мектеп директоры болды. 1953 жылы қарындасым Гүлжахан өмірге келді. Осы жылдары біз Мұрат Әуезов ағамыздың отбасымен жақын араластық. Мұрат – нағашым. Ол екеуміздің жас айырмашылығымыз бір жарым ай ғана. Балалық шақтан бастау алған туыстығымыз бен достығымыз, сыйластығымыз өмір бойы сақталып келеді. Жазғы-қысқы каникулдарымызды бірге өткізетінбіз. Фатима тәте екеумізге «Орленок» велосипедін алып берді. Талғарда мұндай велосипед ешкімде болмайтын. Мұраттың отбасымен араласқаннан бері көпшіл, бауырмал болуды үйрендім. Бұлай айтып отырғаным, отбасында еркелеп жалғыз өстім. Нариман денсаулығына байланысты үнемі емдеу шипажайларында болатын. Ал Гүлжахан дүниеге келгенде, он жасқа келіп қалғанмын. Осылайша, ағалы-інілі, әпкелі болу дегенді жақсы білмейтінмін.
1955 жылы Алматыға көштік. Біз есейіп, студент атанғанымызда өмір сүру де қиындай түсті. Анамыз КазЖенПИ-ге, кейіннен КазПТИ жатақханасында коммендант-тәрбиеші болып жұмыс істеді. Ауылдан оқуға келген қаракөздеріміз білім мен ғылымнан бұрын Алматының тыныс-тіршілігіне ұзақ уақыт үйренісе алмай жүретіні жасырын емес. Бірақ анам қаншама қазақтың қызына үлгі-өнеге бола білді. Ол ақжарқындығымен, қоғамда өз-өзін ұстау мәнерімен, тартымды да ерекше киіну стилімен кез келген жанды өзіне баурап алатын. Осылайша, қаншама студент қыздардың екінші анасына, ақылшысына айналды. Оқуын бітіріп жан-жаққа кеткен студент қыздар қаншама жылдар өтсе де, анама амандасуға арнайы келіп, алғысын жаудырып жататын. Тіпті өздерінің студент балаларын оқуға әкеліп, тапсыратын. Анам беделді, қызметіне адал еді. Оған мемлекет тарапынан алған алғыс хаттары мен медальдары дәлел бола алады.
Анам ақылы көркіне сай, биязы мінезді, өте ұстамды, отбасына қамқоршы, туыстарымызға мейірман жан болғаны есімде. Аналық мейірімі мол бола тұра, ерік-жігері мықты, мінезді еді. 1974 жылы жарты өмірін ауруханада өткізген ағам Нариман өмірден өтті. Басынан өткізген қиындықтарға қарамастан, өте мейірімді, талантты әрі көпшіл болатын. Талантымен көзге түсіп, Львовта кандидаттық диссертациясын қорғап, қызметте үлкен жетістіктерге жеткен еді. Докторлық диссертациясын қорғап үлгермеді. Бұл – фармацевтикалық химия бойынша Қазақстандағы алғашқы докторлық жұмыс болар еді. Сұм ажал осылайша, ағамды ойламаған сәтте арамыздан алып кетті. Ерік-жігері мықты әкем бұл қайғыны көтере алмай, түрлі сырқаттарға душар болып, ауыр науқастан бес жылдан кейін ол да арамыздан кетті. Сол сәтте анам мойымай, біз үшін өз-өзіне мығым, ұстамды болды. Тіпті «баласының өліміне еш елең етпеді, қайғырмады» деген де айыптар тағылды. Анам сонда «Өмір бойы ауырып, енді сауыққан сәтінде аяқ-асты дүниеден өткен ұлыма қайғырмайды деп ойлайсыздар ма?! Мен – анамын. Мен үшін бұл – үлкен қайғы. Бірақ сол қайғыға берілсем, екі баламды кім ойлайды» деп даналығын көрсетті. Арада аз ғана уақыт өткенде анамда өмірмен қош айтысты.
Анамды жерлегеннен кейін ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Анам туралы сөз еткенде көзіме еріксіз жас үйіріледі. Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде студент болған кездерімде, ұстаздарым менің жарқын болашағым туралы жиі айтатын. Қызмет бабында да, жеке өмірде де қаншама мүмкіндіктерді босқа жіберіп алған сияқтымын. Десе де, әлі күнге дейін компартия мүшесі болмағаным қателік пе, әлде дұрыс шешім болды ма, анықтай алмадым. Анам өмірден өткен-1976 жылы өте беделді мекемеге бірінші төраға болу қызметіне шақырылдым. Басшылар менің Компартия мүшесі емес екенімді естігенде, партияға мүше емес тек орыс ұлтының азаматын ғана қабылдай алатындарын, ал мұны қабылдай алмайтындарын айтты. Осылайша, қызметтік мансап жолында компартия мүшесі болмағанымның кесірі болды. Негізі, компартияға ешқандай қарсылығым жоқ. Мәселе – менің ұстанымдарымда. Ешнәрсеге өкінбеймін. Өйткені сатқындық, қастандық жасамадым, – деді телефонның арғы жағынан ауыр күрсінген Бақтияр аға.
Расында «Айқын» газетінде емен-жарқын сырын жайып салған аға, өзінің адал өмір сүргенін айтып еді. Тоқсаныншы жылдардың басында онкологиялық сырқатпен ауырады. Түрлі ойлар, күйзелістер болады. Сөйте тұра, «менің қиналғанымды айналамдағылар, әсіресе ең жақын адамым – анам көрмесін» деп шыдап бағады. Бәрі жақсы болып, үш жарым айдан соң өмірге екінші мәрте келгендей қалпымен келеді. Үлкен жазушы Мұхтар Омарханұлы – нағашы атасы екенін мақтан тұтады. Ол кісінің атына дақ, абыройына нұқсан келер титімдей олқы қылық көрсетпей, осы 76 жыл ғұмырын кешіп келеді екен. Бірақ ешқашан «жазушының жиенімін» деп ешкімге жар салмапты. Құрмет, қошемет, қызметте жеңілдік күтпепті. Ол кісінің тәрбиесі, ақыл-өсиеті, әрбір қимылы жадында мәңгі сақтаулы қалыпты. «Осындай данагөй кісінің ұрпағы болудың өзі әрі мақтаныш, әрі маған ерекше жауапкершілік жүктеді. Сол үдеде келемін», – дейді Бақтияр аға жүрекжарды сырын ақтара.

Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Қыркүйек айының 2-8 аралығында Қырғызстанның Шолпан ата курорттық аймағында III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті.

Байрақты бәсекеге ел намысын Созақтың тумасы, аудандық балалармен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Мақсат Жанділдаев қатысып, күрестің екі бірдей түрінен тұғырдың биік сатысынан көрінді. Олар: тәжіктің ұлттық спорты – белбеу күресінен (Гуштини милли камарбанди) және татар ұлтының – белбеу күресінен үшінші орын алды. Тағы бір жерлесіміз Айдос Құлманбетов қырғыз ұлттық спорты – алыш күресінен үшінші орынды иеленді.
Біз қоржынға олжа салған Мақсат Жанділдаевты құттықтап, одан жарыс туралы сұрадық. Өз кезегінде ол: «Қырғыз елі көшпенділер ойынын өте жоғары деңдейде ұйымдастырыпты. Ойынның алғашқы күнінде тәжіктің гуштини милли камарбанди күресінде бірінші тәжік палуанымен шықтым. Оны 6-0 есебімен тізе бүктірдім. Сосын ирандық балуанды жеңдім. Үшінші өзбек балуанының жауырынын жерге тигіздім. Тек түркімен балуанына ұпай санымен есе жіберіп алдым», – дейді.
– «Бір жарыста екі бірдей күрестің түрінен белдескен қиын шығар?», – деген сауалымызға ол: «Әрине, қиын. Себебі, екі түрлі күрес. Оның үстіне, физикалық, психологиялық тұрғыдан да шаршайсың. Белбеу күресінде де үш кездесуімді жеңіп, бұйырған қола жүлдені ұтып алдым. Күрестің екі түрінде де 91+ келіде күрестім», – деді Мақсат Жанділдаев.
Айта кету керек, көшпенділер ойындарына биылғы сайысқа 80 елден 3000-нан астам спортшылар 174 алтын, 173 күміс, 247 қола медальді сынға салды. Үшінші рет өтіп отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшылар Қырғызстанның курортты қаласы Шолпан атадағы спорт кешендерінде жарысты. Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Қырғызстан тарапының бастамасымен жүзеге асты. Көшпенділер ойындарын өткізу шешімдері 2012 жылы Түркі мемлекеті елдерінің кеңесінде қабылданған. Содан бері ол екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Биылғы көшпенділер ойынының ашылуына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия басшысы Режеп Ердоған, Татарстан президенті Рустам Минниханов және де Әзірбайжан, Ресей, Тәжікстан сынды бірқатар елден құрметті меймандар қатысты.
Бір аптаға созылған көшпенділердің байрақты бәсекесінде ел құрамасы 72 медальмен екінші орынға жайғасты. Біздің қоржында 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль бар.

Ерлан Райымқұлов.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. Бұл мақала қоғамға үлкен ой салып, сілкініс туғызды. Сананы жаңғырту басты орынға шықты.

Күлтегін, Алты Алаш һәм Мәңгілік Ел

Жуырда Түркістан қаласында Түркістан Қоғамдық Кеңесінің отырысы өтті. Ол жиында 7 мәселе талқыланды. Бізді елең еткізгені – ономастика мәселесі. Дәлірек айтсақ, Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге жаңа атаулар берілетіні жарияланып, бірауыздан қабылданды. Көшенің жаңа атаулары
жаныңызды жадыратып, тарихи танымыңызға серпіліс әкеледі.
Мәселен, Алты Алаш, Күлтегін, Шалкиіз жырау, Ханқорған, Ақын Сара, Қыз Жібек, Қазтуған жырау, Күйші Дина, Ақтамберді жырау, Жанқұтты би, Естай, Қорлан, Байдалы би, Қамбар батыр, Елшібек батыр, Желкілдек батыр, Тілеулі батыр, Бекет ата, Құлтума ақын, Әбілмәмбет хан, Болат хан, Сығай хан, Есіркеп сұлтан, Ақтайлақ би сынды тұлғалар қазақ үшін өте ыстық. Ендеше, жас ұрпақ өзі тұратын көшенің кімнің атында екенін біліп өссе, елсүйер азамат болатыны анық. Отаншылдық – ұлы тұлғаларды құрметтеуден және соларға еліктеуден де басталмай ма?
Тарихи тұлғалармен қатар Түркістан көшелеріне Қазақ даласының әр қиырындағы құтты мекендердің де аты берілген. Мысалы, енді сіз Түркістанда жүріп Қарағанды, Қостанай, Өскемен сынды облыс атын иемденген көшелерді көресіз. Оған қоса Мәңгілік Ел, Күлтөбе, Қостөбе, Қозыбасы, хантау, Құмкент, Зеренді, Аңырақай, Айыртау, Ақсуат, Ұлы дала, Жидебай, Ерейментау, Нұр-Астана, Бурабай, Ақжайық, Баянауыл, Жаңаөзен, Тарбағатай, Үстірт, Бадам, Қызылқұм, Жаңаарқа, Қарқаралы және өзге де жүрекке жақын атауларды иемденген көшелермен серуендейсіз. Ал, Елім-ай, Аламан, Қаршыға, Саламат, Арнасай, Атамұра, Атақоныс, Ақ босаға, Арғымақ, Елқоныс, Ер Төстік, Аманат, Баққоныс, Асар, Желмая, Мәдени мұра, Дарабоз, Дауылпаз, Жеті қазына сынды сөздер де болмысымызға жақын әрі мағыналы екені анық.
Осы жиында Түркістан қаласындағы «32-Разъезд» елді мекені Қарсақты елді мекені болып өзгертілсе, «30-Разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталатыны да белгілі болды. Бұл туралы баяндаған облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Асылхан Темірхан көшеге ат беруде ел пікірі ескерілгенін атап өтті.
Қоғамдық Кеңес отырысында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Мінеки, Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келгенімізге тура 1 ай болды. Облыс орталығында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Түркістанның дамуына Елбасымыз тікелей назар аударып, көңіл бөліп отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 млн. 190 мыңнан астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда, ол үшін қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу қажет. Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында қатынайтын жүрдек пойыз, Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында автобус маршрутын ашу бойынша алдын ала Өзбекстан тарапымен келісіліп, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне жолданды. Қажетті жобалардың барлығы Кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылды. Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық пен 3 подстанция құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Су, газ мәселелері жедел қолға алынады. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1956 пәтерлі жалпы 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Мен облыс кәсіпкерлерін Түркістан қаласына инвестиция салып, өз жұмыстарын жүргізуге тағы да шақырамын. Әкімдік тарапынан қолдау болады. Бас Жоспар қабылданғаннан кейін Түркістанда құрылыс қарқын алады. Біз Түркістанды Түркі әлемінің орталығына, саяхатшылардың сүйікті қаласына айналдыруымыз керек», – деді.
Иә, бүгінде Түркістанның Бас жоспарын бекіту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл байқауға Қазақстанның ғана емес, шетелдің де компаниялары қатысып, өз жоспарларын ұсынды. Енді солардың ең сапалы әрі үздігі таңдалып алынады. Ең бастысы, Түркістанның тарихи шаһар екені ескеріліп, Қ. А.Ясауи кесенесі мен тарихи ескерткіштері назардан түспеуі тиіс. Қазақтың 21 ханы мен би-сұлтандары, ер жүрек батырлары мәңгі қоныс тепкен қала шын мәнінде қазақты біріктіруші, ұлттық идеологияны қалыптастырушы орталыққа айналуы үшін ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Оның бірқатары басталып та кетті. Түркістан облысында қолға алынған істер осы ойға жетелейді.

Үш шыңға – үш бидің есімі

Жасыратыны жоқ, Ресей отаршылдығы жылдарынан бастап қазақ даласындағы жер-су аттары өзгеріп кетті. Ата-бабаларымыздан қалған жер-су аттары қазаққа мүлдем жат орыс басқыншылары мен билеушілерінің атымен аталды. Тіпті, қазірдің өзінде елімізде білдей екі облыс әлі күнге дейін тарихи атын қайтара алмай жүр. Әйтпесе, Петр мен Павел біз әспеттейтіндей тұлғалар емес. Теріскей мен Шығыс Қазақстандағы жағдайды түсінеміз. Бір өкініштісі, ономастика мәселесі қазағы қалың өңірлерде де өзекті болып келді. Талай шыңдарымыз бен елді мекендеріміз өзге ұлтқа тән аталып жүргені шымбайға бататын. Дегенмен, Тәуелсіздік алғаннан кейін Оңтүстікте намысты азаматтар жер-су атауларына мән беріп, бірқатар жұмыстарды қолға алды. Бұл бағытта да Түркістан облысы өзгелерге үлгі көрсете бастады.
Жуырда Түркістан облысында үш шыңға қазақ тарихында орны бар Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімі берілді. Бір көрінгенге бұл оп-оңай шаруа сияқты болуы мүмкін. Бірақ, игі шараны атқару барысында жүрегі қазақ деп соққан азаматтар аянбай еңбек етті. Құжаттарды реттеп, ұсыныстарын жеткізді. Бастамаға Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетіп, көптің көкейіндегі арман орындалды.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында облыстағы «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында «Бұл – біздің таулар!» атты тау фестивалі өтті. Жыл сайын өтетін фестиваль ғой деуіңіз мүмкін. Алайда биылғы фестивальдің орны ерекше. Себебі, ол Қазақ хандығына қалтқысыз қызмет еткен Төле би Әлібекұлы, Қазыбек би Келдібекұлы және Әйтеке би Байбекұлына арналды. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен өткен фестивальді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Түркістан облыстық альпинистер федерациясы ұйымдастырды. Бұрын Студентов (3750 м) деп аталған шың енді Әйтеке би шыңы деп аталса, Кергели узловая (3787 м) шыңына Қазыбек бидің есімі берілді. Ал, Рощина (3860 м) шыңы енді Төле би шыңы деп аталады. Осылайша, бір күнде 3 бірдей шың ұлттық ұғымға сай атқа ие болды.
Ел рухын көтерген фестивальде Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан 30-ға жуық альпинист қатысты. Оның жартысы аталған шыңдарды бағындырды. Іс-шараның мақсаты ішкі спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру болғанымен мағынасы тым тереңде еді. Оны фестивальге арнайы келген ақсақалдар да атап өтті. Ұлы тұлғаларды ұлықтаған жас ұрпаққа алғыстарын жеткізді. Үш шың қазақ бірлігінің символына айналатынына сенім білдірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен фестивальдің маңыздылығына тоқталып, альпинистерді Алғыс хатпен марапаттады. Ел рухын оятатын іс-шаралар жалғасын табатынын айтты. Осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Түркістан облыстық альпинистер федерациясының президенті Бақытжан Асанов «Елімізде тарихи аты бұрмаланған жер-сулар көп. Біз азат ел ретінде олардың тарихи атауларын қайтарып, жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыруымыз керек. Қазақ жастары арасында ішкі туризмді насихаттап, олардың табиғатты қорғауға деген ынтасын ояту да –негізгі міндетіміз» деген-ді. Белгілі өлкетанушы әрі журналист Кеңесбай Исмаилов үш шыңға үш бидің атының берілуі өте ұтымды шешім болғанын айтады. «Бұл – көкейде жүрген мақсаттардың бірі еді. Негізі жер-су аттарын беруде терең ойланып барып әрекет жасаған жөн. Өзбекстанмен шектесетін тұста орналасқан шыңдардың үш бидің есімімен аталуы маған ұнады. Үш би шекараны бойлай, рухани тұрғыда еліміздің тыныштығын күзетіп тұрған секілді. Кезінде біз қолға алған «Бұл – біздің таулар!» фестивалінің жалғасып жатқанына қуаныштымын. Осындай игі іспен сабақталғаны да мен үшін мақтаныш. Туризмді дамыту арқылы табыс көзіне айналдыра аламыз», – дейді ол.

Таңбалы тастарда бабалар ізі бар

Ғылыми конференциялардың бірінде профессор Серік Негимов «Цифрландыруды қазақ бірнеше ғасыр бұрын бастап кеткен. Әр рудың таңбасының өзі – цифрландыру» деген болатын. Әзілдеп айтса да, ағамыздың сөзінде жан бар. Қазақ даласындағы балбал тастар мен тау-тасқа мәңгі қашалып жазылған петроглифтерді зерттеу, сырын ашу және сақтау – үлкен міндет. Әйтпесе, қазір тауға өз атын немесе бейәдеп сөз жазып кететін есерлер көбейіп кетті. Талай мұрамыз сол дүмбілездердің кесірінен зардап шекті. Ашық аспан астындағы мұражайларымыз жеткілікті деңгейде қорғалмағандықтан сыры мен сынын жоғалтуда. Бұл жағдайда қайтпек керек?
Біріншіден, елдің санасын оятқан жөн. «Айналайын, мына таңбалы тастарда сенің бабаңның ізі мен қолтаңбасы жатыр. Оны көзіңнің қарашығындай сақта», – деп әрбір жастың миына құйып отырған абзал. Ал, ол үшін осындай шежірелі орындарымызды насихаттау – кезек күттірмес мәселе.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да тарихи санамыз, ұлттық кодымызды ұмытпау керектігі айтылған. Осыған көңіл бөлген Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы жуырда «Таңбалы тастар – бабалар ізімен» атты экспедиция ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – Қазақстанның киелі жерлеріне енген өңірдегі 24 нысанды таныстыру әрі киелі өңірдің бай тарихы мен таңбалы тастарын насихаттау. Сонымен қатар, өңірге келетін қонақтар үшін жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру.
Белгілі өлкетанушылар мен саяхатшылардан және БАҚ өкілдерінен құралған топ Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласындағы көне ескерткіштер мен тарихи орындарды аралады. Атап айтсақ, Бәйдібек ауданындағы Боралдай петроглифтері мен Ақмешіт үңгіріне, Созақ ауданындағы Ысқақ баб кесенесі мен Арпаөзен петроглифтеріне, Созақ көне қаласы мен Қарабура кесенесіне, сондай-ақ Кентау қалалық өлкетану музейіне ат басын бұрып, жұртшылыққа құнды деректер жариялады. Көпшіліктің қызығушылығын оятты. Енді Түркістан облысына келетін туристер саны артуы бек мүмкін. Ал, ішкі туризм – тек табыс кілті ғана емес, патриотизмді қалыптастырудың төте жолы.

Ғалым
ӘДІЛЖАНОВ.


Айналайын атыңнан, алтыным-ай,
Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай, – деп басталып
Қайырмасы:
Шилі өзен қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай, – деп жұртшылықтың ішінде қайырмасы да осы мағынада тарап кеткен халық әнінің шығу тарихына терең үңілсеңіз көп жайға қанығасыз. Кезінде Күләш Байсейітова апамыздың репертуарын молайтқан бұл әнді соңғы жылдары белгілі әнші Айжан Нұрмағанбетова орындап жүр. Сондай-ақ бұл әнді Теріскей даласының перзенті, атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев өзі қобызына салып орындаған еді.
«Шилі өзен» халық әні кәдуілгі Жартытөбе ауылының бергі жағындағы шилі, қандымды алқаптан бастау алған. Қаратаудың бөктерінде арғы шеті Ақсүмбеден бастап, шығысы Аққолтық бөктеріне дейін бірнеше ондаған өзендер болған. Соның бірі осы – «Шилі өзен» өзені. «Шилі өзен» өзені таудың кенересіндегі Кеншімбай, Кызылкөз әулие тау өзендерінен қосыла бастау алып, еңіске қарай ағып Қарақұл, Қандымсай, Қаратас, Құрсай алқабы арқылы Қызылкөлге барып құяды. Өзеннің ұзындығы таудан Қарақұлға дейін 6-7 шақырым, ауылдан Шиліөзенге дейін 2 шақырым асады. Сонау ықылым заманнан бергі жұт, ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары берісі Өзбекстан,
Түркіменстан, арысы Қытай, Түркия, Моңғолияға дейін босып кеткен жерлестеріміз осы әнді өздерімен ала кеткен екен. Әннің тұла бойы елге, туған жерге деген сағыныш пен қимас сезімнен тұратынын көріп, тыңдауға болады. Белгілі абайтанушы ғалым Жабал Шойынбетов те бұл әннің Жартытөбе жерінен бастау алғанын тілге тиек етеді.
Ән мәтініндегі «Қамыс-ай» сөзінің негізі «қандым-сай» болуы ғажап емес. Өйткені біріншіден, қандым бұл бұталы өсімдік. Екінші осы бұталы өсімдік ұйыса өскен сай Шиліөзенге бара қалсаңыз алдымен көзіңізге түседі. Қазақ тілінің аймақтық сөздігіне жататын бұл қандым сөзін негізінен баламалы түрде ақ жүзген деп те атайды. Қандым жүзген тектес бұталы өсімдік. Оның шырынын ертеректе бабаларымыз ағашын қиялай кесіп алып, ішетін болған. Қандым өсімдігі тура осы Шилі өзен маңында молынан өскен. Ал Шилі өзен маңынан қамыстың қарасын көрмейсіз. Қандым сөзі әнді орындаушылар тарапынан тілге жатық, әрі жалпы жұрттың бәрі білетін өсімдік болғандықтан қамыс деп кездейсоқ айтылып кетсе керек.
Жазушы Ә.Шілтерхановтың «Кейуана мен келін» атты әңгімесіндегі: «Көкжайлаудан» таңертең ерте шыққанбыз. Ылдилы жоғарылы, кейде арқар соқпағындай қия жерлермен жүріп келеміз. Жүрісіміз өнбейді. Біз Шыбықбелге жеткенде, Күн де төбеге көтерілді. Сылдырай аққан тау бұлақтары, көк торғынға оранған салқын самалды өзен жағасы артта қалды. Жон үстінің шөбі күннің аптап ыстығына шыдамай, сап-сары болып күйреп кеткен. Тек анда-санда кездесетін долана, тау шиесі, қандым сияқты бұталар ғана реңін бермеген көкжасыл қалпында. Өзен ұлтаны мен Шыбықбелдің үсті көзге жақын көрінгенімен, едәуір жер екен. Кілең өрге өрлегендіктен бе, әлде тауда жүрмеген жазықтың малы болғандықтан ба, аттарымыз шып-шып терлеп, едәуір барлығып қалды» деген жолдар «қандым» бұталы ағашының тауда, жонның үстінде болатынын аңғартып отыр.
Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиет зерттеушісі, фольклоршы А.Балтабаев «Бетпақ даланың шөлді үстіртінде суыққа шыдамды қандым бұта тектес ағашы өседі. Қандым қызулы отын, оның шоғы темірді сексеуілдің шоғынан бұрын балқытады және шоғы көпке дейін сөнбей жатады» деген негіздеме жасағаны белгілі.
Ж. Шыныбековтің «Сәкеннің Сарыарқа сапары» деген әңгімесінде «Осы шаңырақтың үлкен келiнi Күлiмхан екi жiгiт әзер көтеретiн екi шүмектi сары самауырға су құйып, қандым шоғын сала бастады» деген жолдар кездеседі. Кейінгі бір «Оқжылан ата» әңгімесінен де Созақ өңіріндегі оқиғаны айта келе «Мұнда әр жерде болса да тораңғыл мен қандым бар екен. Орайы келе қойған іс мені қатты қуантты. Қандым өте мықты ағаш. Қаттылығы сексеуілден кем түспейді. Ерекшелігі – сексеуіл иілмейді – сынады. Қандым иіледі — сынбайды, бұтақтары түзу. Қамыс – ну! Мен қандым бұтағын маймен сылап, отқа қақтап садақ иіп алдым» деген жолдар кездеседі.
Жоғарыдағы әңгіме ішінен үзіп алған тұстарымыз Созақ, Теріскей даласында болған оқиға желілері сол себепті де «қандым» сөзі ән ұйқасына алынуы заңдылық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейтін болсақ, «Шилі өзен» әні Созақ өңірінде дүниеге келген ән. Әрі осы әнмен барша аудан тыңдармандары талай ғасырлар мақтаныш ететін болады. Сондықтан ән тексті дұрыс мазмұнда:
Айналайын атыңнан, алтыным-ай,
Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай.

Қайырмасы:
Шилі өзен қандым-с-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай.

Сіз дария болғанда, мен қоңыр қаз,
Бауырым төсеп бетінде қалқыдым-ай.

Қайырмасы:
Шилі өзен қандым-с-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай.

Айналайын қарағым, кекілдім-ай,
Балапаны аққудың секілдім-ай.
Қайырмасы:
Шилі өзен қандым-с-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай, – деп қайта қалпына келтіріле айтылса бұл өте орынды болар еді.

Мақсат Қарғабай.

Туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту мен Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеру мақсатында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Таңғажайып Түркістан» атты байқау жарияланды. Оған туған жердің сайы мен қырқасы, тауы мен өзеніне бей-жай қарамайтын, керісінше олардың кереметі мен қасиетін былайғы жұртшылыққа таныстыруға көп асығатын жастар да жасамыстар да қатыса алады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев Тұран төрінде Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен өткен кездесуде осылай деді.
«Таңғажайып Түркістан» атты байқаудың шымылдығы түрілген бұл жиында басқарма басшысы :
– Түркістан облысы құрылып, шежірелі шаһардың жаңа дәуірі басталғанын білесіздер. Ендеше өңіріміздің тылсым тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды шын мәніндегі Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті студенттеріне де мол мүмкіндік туып тұр, – дей келе, оқу орнында журналистика біліктілігі бойынша білім алып жатқан 100-ге жуық студентті Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туралы қалам тербеп, оның атын жақсы қырынан дәріптеп, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға үлес қосуға шақырды. Сонымен қатар ол, ағылшын және түрік тілінде терең білім алып жатқан, жазуға ебі бар студенттердің де аталған байқаудан тыс қалмауын ерекше атап өтті.
Әлеуметтік желі қолданушылары арасында басталған «Таңғажайып Түркістан» атты байқауға қатысушылар facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысынан «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген 24 нысан туралы пост жариялаулары қажет. Ол нысандар Түркістан қаласындағы Жылаған ата бұлағы мен үңгірі, Ясcы (Күлтөбе, Түркістан), Сауран қалашықтары, Үкашата, Гауһар ана, Есім хан кесенелері, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени кешені (Қ.А.Яссауи кесенесі,Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр, Рабия Сұлтан Бегім, Үлкен Қылует және басқада ұлы тұлғалардың жерленген жері), Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт тау, Исмайл ата сәулет кешендері, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі, Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері, Аппақ-Ишан мешіті, Отырар ауданындағы Отырар қалашығы, Арыстан баб кесенесі, Сайрам ауданындағы Сайрам қалашығы, Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелері, Созақ ауданындағы Созақ қалашығы, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Хақназар хан кесенелері, Таңбалы тас ескерткіші және Ордабасы ауданындағы Бірлік — Ордабасы мемориалды кешені болып табылады. Байқауға қатысушы әрбір адам осы нысандар туралы кем дегенде 20 жазбаны жариялауы тиіс.
Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен басталған «Таңғажайып Түркістан» жарысына материалдар осы жылдың 12-желтоқсанына дейін қабылданады. Ал кімнің бағы мен бабы қатар шауып жеңімпаз болатынын ұйымдастырушы тарапынан арнайы құрылған комиссия анықтамақ. Бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар белгіленетін байқаудың жалпы жүлде қоры 1 млн. 350 мың теңгені құрайды. Ендеше «Таңғажайып Түркістанға» қатысып, үздіктер қатарына қосылыңыз.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.


Соңғы бір ғасыр шеңберінде Майлыкент деген мекенде Түлкібас атты әулие өмір сүрген екен. Жаратушы оның бойына денесін сырқат бойлап, зіл басқан адамдарға күш беріп, сауықтыратын қасиет дарытыпты. Бірақ оның бұл құдіреті туралы ел сенімі ала-құла болыпты. Бірі шипагер екеніне шүбәсіз сенсе, енді бірі оған күмәнмен қарапты. Бірақ әрдайым әліптің артын бағатын Түлкібас әулие ол үшін жігерін құм қылмай, дертіне дауа, сырқатына ем іздеп келген жандарға жәрдемін беріп өз жолымен жүре беріпті. Көркем мінезге ие болған ол талғажау болар тамағын әзер табатын кедейлерге де қысылғанда ықтасын болып, аяқтан тұрып кетулеріне ықпал етуді сүйексіңді әдетіне айналдырыпты.
Күндердің күнінде әулие жылқысын жылғадан суғару үшін Майлыкенттегі «Көсемшек» шоқысына келеді. Сол заматта оны ауылдың тексіздікке таяу мінездері бар бір топ азаматы көріп, жөн-жосықсыз балағаттай бастайды. Сонда Түлкібас соларға қарап түкіріп жібереді екен. Әудемжерге түскен түкіріктен сол заматта бұлақ пайда болыпты. Одан атқылап таңдайда дәмі қалатын су шығады. Содан бастап Түлкібас әулиенің тегін адам емес екеніне жұрт риясыз сеніп, оны құрмет тұтыпты. Айтқандай әлгі бұлақтан аққан суды ішкен біраз адам сырқатынан сауығып кете барған. Түлкібас қайтыс болғанда, ол өзінің аманаты бойынша «Көсемшек» шыңына арулап жерленеді. О дүниелеік болса да тұрғындар оның басына барып, ниет еткен. Арада бірнеше жыл өткенде Майлыкентте қатты құрғақшылық болады. Жұрт бұл жұттан әбден қысылған соң, амалы құрып, үкілі үміттің жетегінде әулиенің басына келіп, одан» Осы қиындықтан шығуға себепкер болсаң, осы жерді сенің құрметіңе арнап атаймыз» деп жалбарынған деседі. Сонда аспанды қара бұлт басып, қатты нөсер орнапты. Бұл құдіреттен соң тұрғындар көп ұзамай Майлыкент жерінің атауын «Түлкібас» деп өзгерткен екен. Тарихы осындай аңыз-әпсанамен байланысып жатқан, ерекше құт пен кие дарыған ауданға биыл 90 жыл толып отыр.

Ақындар арқаланып қайтты

Осыған орай осы аптада Қаратау мен Алатаудың төс түйістерген мекені, табиғаты әсем Түлкібас ауданында торқалы той болды. Тоқсан жастың төріне жеткен ауданда бұл мереке ерекше аталып өтті. Қазақ халқының мақтанышы, білекті, жүректі батыры Бауыржан
Момышұлы, алаштың айбынды ұлы Тұрар Рысқұлов, қаламы қарымды, жазуы жүйрік көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза, талай шәкірттің санасына сәуле шашқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов сынды анадан арда туған азаматтардың кір жуып, кіндік қаны тамған ауданның айтулы күні ауқымды шаралармен аталып өтті.
Елбасы өзінің кезекті бір сөзінде тойды да тойлау керек, ойды да қозғау қажеттігін баса атап өткен болатын. Осы бір салмақты сөздің қадіріне терең бойлаған Түлкібас аудандық әкімдігі 25-қыркүйек күні аудандық мәдениет үйінде «Түлкібасым – Тұраным» деген тақырыпта облыстық жас ақындар айтысын өткізді. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған сан ғасырлар бойына ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрімізді барынша насихаттау бағытында ұйымдастырылған іс-шараға күнгейдің 10 аудан, қаласынан жас таланттар келіп, өзара бақ сынасты. Оған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты. Талабы таудай жас ақындар айтысында ел тәуелсіздігінің асыл мұраттары, оның басты құндылықтары, сонымен қатар, қойнауы ырыс-берекеге толы Түлкібастың бүгінге дейін жеткен жетістіктері тақырып өзегіне айналды. Осылардың барлығын «айналасы жұп-жұмыр» өлең шумақтарымен көңілдерінің өрінен, жүректерінің төрінен жеткізген олар залда отырған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сөз жарықтықтың құдіретін тағы бір дәлелдеген жас ақындар айтысында бас жүлдені Бәйдібек ауданынан Қажымұқан Абзалов, І-орынды Сарыағаш ауданынан Нұрғалия Анапия, ІІ-орынды Түлкібас ауданынан Жұмаәділ Серік пен Шымкент қаласынан Мейіржан Жақыпов, ІІІ-орынды Түркістан қаласынан Гүлмарал Сейдахмет пен шымкенттік Абылай Құлтай жеңіп алды. Оларға қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

«Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы»

Ауданның 90 жылдық айтулы тойы келер күні, дәлірегі,
26-қыркүйекте жоғары деңгейде аталып өтті. 1928 жылы негізі қаланып, бүгінде 90 жылдық торқалы тойын тойлау шарасына түгел жиналып, Түлкібасқа бет алған қонақтар ең алдымен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі бойында орын тепкен қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мерейтойға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ауыл ардагерлері, ауданның абыз ағалары, облыстан түлеп ұшқан ел ағалары мен тұрғындар қатысты.
Шара барысында М.Х.Дулати атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда алғаш болып сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол:
– «Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Түркістан облысында қасиетті де киелі орындар көп. Биыл біздің өңірде бірнеше аудан өздерінің тоқсан жылдығын атап өтеді. Осы аудан, аймақтардың бәрі де киелі, қасиетті. Солардың бірі әрі бірегейі – Түлкібас ауданы, Түркібасы аймағы. Иә, тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр,-дей келе, ауданда осы торқалы той қарсаңында бірнеше нысандардың салтанатты ашылуы болып өтетінін, әрбір той, жаңа жұмыстардың, толағай тірліктердің бастауы болуы тиістігін, ал қасиетті орынның жақсаруы, жаңғыруы баяндылыққа ұласа беруі туралы игі тілектер айтты. Содан соң ол ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан бір топ азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Жиында қоғам қайраткері З.Тұрысбеков, ғалымдар М.Мырзахметов, Д.Қожамжарова және Д.Қамзабек баяндама жасап, Түлкібастың тарихы мен орны туралы тағылымды сөз қозғады.
Тұлғалы азаматтардың есімдері еңселенді
Содан соң жұрт Түлкібас стансасының маңына жиналды. Онда облыс, аудан әкімдері мен өңірдің ардақты азаматтары қазақ ұлтынан алғаш болып топ жарып шыққан теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаев пен Тұрар Рысқұловтың құрметіне арнайы жасалған еңселі ескерткіштің ашылу салтанатының куәсі болды. Алаштың айтулы тұлғаларына арнап қатар ескерткіш орнатудың мәнісі зор. Себебі, Мұхаметжан Тынышпаев өзінің өркенді өмір жолында Арыс-Әулие ата теміржол учаскесінің басшысы болып, аталған аралықта сағым қуған далаға болат жолдарының көсіле тартылуына ересен еңбек сіңіріп, теміржол өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бүгінде Түлкібас стансасы арқылы әр тәулікте бірнеше жүк құрамдары мен жолаушылар пойызының сайын даланың апшысын қуырып өтіп жатқанына Жетісу өңірінің тумасы Мұхаметжандай азаматтың қолтаңбасы жатыр. Ол Түлкібаста қайнаған еңбек ортасында жүрген жылдарында Тұрар Рысқұловпен жолдары түйісіп танысады. Ә-дегеннен-ақ, жан тазалығын, ар саралығын бойтұмар еткен Тұрардай азаматтың бойындағы ізгілікті, ізденімпаздықты байқап, оған қолынан келген қолдауын көрсетеді. Мұндай риясыз көңіл кейіннен екеуінің жақын жолдас болып кетулеріне жол салады. Ұйымдастырушылар қос азаматқа көрсетілген мұндай құрметпен «Еңбек ерді өсіретінін», туған жерді түлетудегі қайсарлық ел жадынан ешқашан өшпейтінін, достық пен бауырластық ердің еңсесін көтеретінін мәністей түсті.

Киелі жерді қорғау – қасиет

Көңілдерге жылылық ұялатқан осы бір шарадан соң көпшілік аудан орталығы Т. Рысқұлов ауданындағы көпірдің ел игілігіне берілуінің куәсі болды. Өз кезегінде бұл ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында бірнеше уақыттан бері айтылып жүрген барыс-келістің жақсаруы, діттеген жерге дер кезінде жету сынды біраз мәселелерге нүкте қойды.
Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы қолға алынғаны мәлім. Аталған жоба бойынша арнайы түзілген тізімге Түркістан облысындағы 24 нысан енгізілгені белгілі. Бұдан бөлек, Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен жергілікті жердегі қасиетті орындардың тізімі жасалған-тын. Оған барлығы 60-тан астам нысан енгізілген. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің берген мәліметі бойынша осы тізімде Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылынан 2 шақырым, Азаттық ауылында, Шымкент-Алматы автомобиль жолының сол қапталындағы беткейінде орналасқан «Түркібасы әулиесі» кесенесі де бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл нысан да қайта жаңғыртудан өтті. Түлкібастың 90 жылдығы аясында аудан тұрғындары мен қонақтары аталған нысанның жаңаланған, жанданған келбетін тамашалап, ғажайып әсерге бөленіп қайтты. Түлкібастың беделін көтеріп, мерейін асырған бұл күнде аудандық денсаулық сақтау саласына жедел жәрдем көлігінің кілті салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында түлкібастықтар жаңарған орталық саябақтың куәсі болып, мейманасы тасыды. Бұл шарадан соң жиналған жұрт аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Мерекелік шара «Тұңғыш Президент» саябағындағы гала концертпен жалғасты.

С. НҰРАЙ.

Түркістан қаласына «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы келіп жетті. Бұл экспедиция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылғы 17-қыркүйегінде Бурабайдағы Абылай хан алаңынан бастау алған.
Үш көлікпен сапарға шыққан 10 азамат 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен мыңдаған шақырым жол жүріп, қазақ даласының тарихын зерттеген. Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында жоба жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы бұл іс-шараның мақсаты туралы кеңінен айтып берді.

– «Абылайханның қара жолы» жобасының ата-бабалар тарихын жаңғыртудағы маңызы зор. Біздің тобымызда тарихшы, географ, өлкетанушы ғалымдар мен тілшілер және зиялы қауым өкілдері бар. Олар жол бойындағы ауылдарға соғып, аңыз-әңгімелер жинап, сапар барысында кездескен тарихи орындарды белгілеп, қағазға түсірді. Сапар қорытындысы бойынша ғылыми мақалалар жарық көреді. Экспедиция бүгін Абылай хан мәңгі қоныс тепкен ұлы шаһар – Түркістанға келіп отыр. Түркістан облысы құрылып, шежірелі қаланың жаңа дәуірі басталып жатыр екен. Сіздерді осы қуанышты оқиғамен құттықтаймын. Түркістанның қазақ тарихында орны ерекше, – деді экспедиция жетекшісі.
Жиында экспедицияның өзге қатысушылары да тарих, өлкетану жөнінде келелі ойларын айтып, Түркістан қаласының болашағы жарқын болатынына сенімдерін білдірді. Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы Гаухар Пірімбетова Абылай ханның қара жолы солтүстік пен оңтүстікті байланыстырған ең төте жол болғандығын жеткізді.
«Хан оны саяси және экономикалық мүддеде пайдаланған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», тағы басқа мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болады» — деп атап көрсетті ол.
Осы экспедиция аясында топографиялық карта дайындалмақ. Ал, сапардан соң Көкшетауда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр.

Түркістан облысы
әкімдігінің баспасөз қызметі.


Әлем бойынша туристер үшін ең тартымды нысандар қайсы?
Дөңгеленген дүниеде осы сұрақ бойынша мыңдаған халықтың арасында сауалнама жүргізілген. Соның негізінде туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізімі жасалған. Осы тізімге Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енген.
Бұл туралы «КӨНЕ ТҮРКІСТАН – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда белгілі болды. Бұлай болмағанда ше?! Ясауи кесенесінің сәулеті мен келбеті талайлардың таңдайын қақтырып, таңданысын туғызатынына ешкім шүбә келтірмейді. Өткен жылдың өзінде осы нысанды көзбен көру үшін Түркістанға 1 млн.-нан астам туристің табаны тигені соның жарқын мысалы болады. Дегенмен де оның әлемдік деңгейде мойындалатыны осылайша ресми түрде жарияланып жатқаны ғанибет емес пе?! Бұдан бөлек, туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы да кірген.
Осындай ақжолтай жаңалық айтылған жиында Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев мәлімдеме жасап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификаттарды салтанатты түрде тапсырады. В. Пискурев өз сөзінде:
– Бүгінгі күн түркістандықтар үшін қуанышты сәт деп айтуға болады. Себебі, туризмнің тартымдылығы мен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі халықаралық комитетінде осы облыстағы үш бірдей тарихи нысанға халықаралық деңгейдегі мәртебе беріліп отыр. Мұндай қорытынды шығару үшін жүргізілген сауалнамаға сан мыңдаған адамның пікірі сарапқа салынады. Аталған нысандар комитеттегі барлық мемлекеттер тарапынан қолдауға ие болды. Осы ретте бұрын-соңды бір өңірден құндылығы жоғары мұндай бірнеше тарихи орын шықпағанын айта кетейін», — деді.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев болса адам бойына ерекше ерік-жігер сыйлайтын мұндай мәртебе жаңадан құрылған Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеруге зор ықпал ететінін, бір облыстан бірден үш нысанның халықаралық деңгейде мойындалуы біздің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы екенін айтты. Сонымен қатар ол, облыста туризмнің ең табысты салаға айналатын кезінің ауылы алыста емес екендігін де мәлімдеді.
Жиында туризмнің қыр-сырын білетін мамандар мұндай атақ өңірге келетін туристер санының өсе түсуіне зор тегеурін болатынын алға тартты. Лайым, айтқандары анық болғай.

С. НҰРАЙ.

Жазушы, жалпы өнер адамдары болмысы бөлек ерекше жаратылған жандар десем тым әсірелеп айтқаным емес. Үстіміздегі жылы мерейтойы аталып өткелі отырған Тәкен Әлімқұлов та жаратылысы бөлек азамат еді. Жазушыны мен бала кезімде көрдім. Оны Шолаққорғанда нағашым, Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Пәрімбек Махановтың үйінде кездестірдім. Ол уақытта 6 сыныпта оқитынмын. Мені шешем Ақшайым ертіп келді. Анам нағашы апасы Мәтиге сәлем берді. Хал-жағдайын сұрады. Сол күні Пәрімбектікіне Тәкен келіп жатыр екен. Екеуі сәкіде әңгімелесіп отыр. Мәти апа менің шешемді көріп қуанып қалды. Ол кісі ұршық иіріп отыр екен. Мені өзіне шақырып маңдайымнан сүйді.

Тәкен мен Пәрімбекке қол беріп амандастым. Пәрімбектің әйелі Дариға ас әзірлеп жүр. Қаламгер ағаның қасында біраз кітаптары бар. Оларды қолына алып, парақтап қояды. Пәрекең Тәкенге мені жиеншар ғой деп таныстырды. Тым-тырыс үнсіздік. Тәкен басын изеді де қоя салды. Тек қоңқақ мұрнын бір сипап қойды. Мен осы үйдің баласы Жұмағалимен далаға шығып, ойынға кірісіп кеттім. Көңілімде тірі жазушыны көргеніме деген қуаныш бар. Сол кезде Шолаққорғанның шығыс жағы көкпеңбек сазды болатын. Балалар сонда барып ойын қызығына бататынбыз. Кешке дейін қозы-лақты сазда бағамыз. Олар да ұзай қоймайды. Сол төңіректе жайылады. Біз болсақ аяқ доп ойнаймыз. Шөлдесек сол төңіректегі бұлақтардан суды жұтып-жұтып аламыз. Ойын кешке дейін жалғасады.
Кешке үйге қозы-лағымызды қайтарып, қайттық. Үсті-басымызды қағып, тазалап кірдік. Жаздың күні болған соң Тәкен мен Пәрімбек сыртқы жарықты жағып далада отыр екен. Анам мен Мәти екеуі сыртта әңгімеге кіріскен. Мәти Тәкеннің анасы. Ол Мақанның қарындасы. Пәрімбектің апасы. Апамыз інісінің үйінде көптен бері тұрады. Тәкен Алматыда. Анасының жағдайын білу үшін жиі келеді. Бүгінгі келісі сондай сапары екен. Кеш батып, қараңғылық қоюлана түсті. Келген қонақтың алдына ас тартылды. Тәкен әлгінде жантайып жатқан еді. Ас келген кезде бойын тіктеп отырды. Етті Пәрімбектің үлкен ұлы Едіге турап берді. Менің анамды Тәкен: — Жиен біздің табаққа келсін,-деп шақырды. Анам мен Мәти апа сол үлкен табаққа қосылды. Балалар төменгі жақта отырмыз. Мен әңгіме айтар ма екен деп Тәкеннің аузын бағудамын. Ол әлі сөйлеген жоқ. Жазушы деген осындай болады екен ғой деп қоямын. Бірақ сөзге жоқ. Қарай берем. Әңгімесін естігім келіп ынтығып барамын. Тып-тыныш үнсіздік. Пәрімбек пен Мәти апа және менің анам үшеуі біраз сөйлесті. Өткен-кеткеннен сыр шертті. Әйтсе де Тәкең де сөз жоқ. Біраз уақыттан кейін Мәти апам: — Менің Тәкенім жұлдыз ғой, жұлдыз,-деген сөзін естідім. Ол кезде жұлдыз деген сөздің сырын білмеймін ғой. Неге жұлдыз деп отыр деп таң-тамаша қалдым. Сәкіде түннің бір уағына дейін отырдық. Дариға апам, Мәти апам, менің шешем біраз отырып әңгімелесті. Ал, Тәкенді жолдан шаршап келді-ау — деп, оған төсек салып беріп, үлкен сәкіге жатқызды. Ертесіне ерте тұрып таңғы шай ішілді. Тәкен автобусқа шығатындығын айтты. Оның сонша үлкен жазушы бола тұра келе жатырмын деп аудан басшыларына ескерпегеніне таң қалдым. Пәрімбек айтатын: — Біздің Тәкен өте қарапайым. Әйтпесе аты дардай жазушы хабар берсе, аудан басшылары құрақ ұшып қарсы алар еді, — деп.
Таңертеңгісін Тәкен Пәрімбектің үйінен автостанцияға барып, автобусқа отырды. Қол жүктерін Жұмағали екеуіміз көтерісіп бардық. — Ал, жақсы балалар,-деп маңдайымыздан сүйіп, ол көлігіне отырды.
Екінші мәрте Тәкенмен кездесуім 1979 жылы болды. ҚазГУ-дің журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырып, емтиханға дейін Пәрімбектің қызы Патсайымның үйінде Жұмағали екеуіміз бірге тұрдық.
Тәкеннің үйі онымен көрші тұрады екен. Жұмағали: — Сәрсенбек сені жазушы ағамыздың үйіне ертіп барайын, — деді. Мен қуанып кеттім. Таңертеңгі мезгіл. Екеуіміз жеңіл киініп алып, ағамыздың үйіне қарай тарттық. Қоңырау шалып, пәтеріне кірдік. Есікті ағамыздың өзі ашты. «Келіңдер» деп ол қуанып қалды. Өзінің жазу бөлмесіне қарай озды. Жазу столы бар екен. Соған барып тізе бүгіп отырды. Жұмағали өнер институтына құжат тапсырған тұғын. Арада біраз уақыт өткен соң ба, Тәкен аға мені таныған жоқ. Жұмағали: — Бұл бала Ақшайымның үлкен ұлы Сәрсенбек, — деп таныстырды. Ол: — Е, жиен екен ғой, — деді. Бар болған сөзі осы болды. Қолына қаламын алып, жазуын жалғастыра берді. Екеуіміз бір-бірімізге қараймыз. Бір кезде Жұмағали: — Аға, біз сізге шәйға оны-мұны алып келейік, — деді.
Ол:-Солай жасаңдар, — деді де қаламын ақ парақтап үстінде жорғалата берді. Дүкенге барып екеуміз оны-мұны алып келіп, ас бөлмеге кіріп, газға шай қойдық. Стол басында Тәкен, Жұмағали үшеуіміз бірге шәй іштік. Ол кісі әлі тіс жарып тіл қатқан жоқ.
Мен ойлап қоямын қалайша іші пыспайтын адам деп. Бірнеше уақыттан бері бір сөйлемеді. Ал, кітаптарын оқысаңыз өте ғажап! Қазақтың көркем тілін өте керемет ойнатады. Классик жазушылардың жазғанын әрбір шығармасында дамытып, көркемдеп, шұрайландыра түседі. Тәкеннің сөз құру шеберлігі ерекше. Ешқандай жазушыға ұқсамайды. Бөлек дүние десек жаңылыспаймыз. Қаламгер сол үнсіз отырғанда іштей сөз мәрмәрін теріп отырады екен ғой.
Мана Жұмағали ертіп келгенде көп әңгіме естимін, сырлар шертілетін шығар деп ойлағанмын. Бірақ олай болмай шықты. Әйтсе де бөлмесінде сөрелерде тұнып тұрған кітаптарының бірін қолыма алып, парақтап отыр едім, — Бұл балаға қолтаңба қойып берейін, — деп қолына қалам алып жазып жатыр. Біз қарап тұрмыз. Әдемі таңбалайды екен. Жазуы көркем, әдемі. Көп отырмай біздер қайтып кеттік.
Содан кейін Тәкен ағамды Шолақорғандағы нағашым Пәрімбектің дүниеден озып, сол кісінің қырқына бата жасап келгенде көрдім.
Тәкен келді деп Едіге ағам қуанып қалды. Біз кешкілікте анам екеуіміз қой ауылдан келгенбіз. Ол кісі Алтынсарин көшесіндегі нағашымның үйіне «Бензавозбен» келді. Үстінде қоңыр пальтосы бар. Бойы сырықтай ұзын. Оған қос қолдап барып амандастым. Тәкен апамның маңдайынан сүйді. Нағашысының қазасына көңіл айтты. Едіге Пәрімбектің үлкен ұлы. Қасына келіп отырды. Амандығын сұрады. Сол сәтте үйге самаурынмен шай да келді. Жарықтық екі иығынан демін алып тұр.
Анам шай құйып отыр. Нағашым жұмсақ жастықтан қасына алып келіп қойды. Тәкен оң жағына қарай шынтақтады.
Едіге айтты: — Тәкен аға! Сізге де нағашыңыздың қазасы қайырлы болсын, — деді. Арада үнсіздік орнады. — Парымбек батыр барлаушы еді ғой, — деді Тәкен үнсіздікті бұзып. Ол кісі Пәрімбекті осылай айтатын. Едіге мал сойылып жатқанын, ертең түсте ағайын-туысқанды шақырып, түскі ас дайындайтынын айтты. Ертесіне Ұлы Отан соғысының ардагері Базар Архабаев бастаған ағайындар дастархан басында бас қосты. Біраз әңгімелер айтылды. Тәкен мұнда да көп сөйлеген жоқ. Көпшіліктің әңгімесін тыңдап, үнсіз отырды. Сол күні жазушы Пәрімбектің қарашаңырағына қонды. Ертесіне Едіге Тәкенді автобусқа шығарып салды.
Мен елге келдім деп ешкімге салмақ салмай, дабырайтпай жолмен кете барды ол.
Мәти Пәрімбектің үйінде дүниеден өтті. Өзінің аманаты бойынша ол кісіні Бабатаға алып барып жерледі. Жетісі, қырқы, жылдық асы Пәрімбектің үйінде болды.
Тәкеннің ең соңғы аманаты:
«Бабатаға апамның қасына қойыңдар», — дегені-тін. Аманаты орындалды. Тәкен анасы Мәтидің қасына жерленді.
Өткен жазда белгілі, тұлғалы қаламгер, ақындар Аманхан Әлім және Есенғали Раушанов ауданымызда болып Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша тұрғындармен кездесу өткізді. Олар әуелі Бабата елді мекенінде Ысқақ бап кесенесіне зиярат жасап, одан соң Тәкен
Әлімқұовтың зиратына арнайы барды. Тәкен жайлы естеліктер айтты. Оның шы-найы сөз зергері екендігін тілге тиек етті.
Үстіміздегі жылы Тәкен ағамыздың дүниеге келгеніне 100 жыл толып, мерей тойын атап өтпекшіміз. Т. Әлімқұловтың кезінде қасында болып, ол кісімен дидарлас болғанымды мақтаныш ете отырып, сол уақыттағы жазушы бейнесін санамда жаңғыртып, көрген, білгенімді оқырмандарға жеткізуді өзіме парыз санадым. Қазақтың ғажайып сөз зергері
Тәкен ағамыз жайлы оның замандастары, қаламгерлер талай естеліктер айтатыны анық. Менің қағазға түсіргендерім соның бір парасы ғана.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Созақ ауданы.