Маңызды


Осы аптада Ордабасы ауданында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабековтың кітапханасы ашылды. Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйлеп, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың сыйлығын тапсырып, құттықтау хатын оқып берді.
Құттықтау хатта «Сізді Түркістан облысының Ордабасы ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы кітапханаңыздың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің шығармаларыңыз – өмірдің өзінен алынған. Айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстарды өзіндік құнарлы да қарапайым тілмен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туындылар. Өзіңізді ұлтының көкейіндегі ойын айтып, жоғын іздеуден танбайтын, терең ойлары мен қалам қазынасын қатар ұстап, үнемі сергек жүретін әйгілі жазушы әдеби орта мен жалпы оқырман ықыласына бөленген бақытты жазушы деп сеніммен айта аламыз. Шығармашылық қызметте үздіксіз ізденіс пен табандылықты, қайраткерлік пен тәлімгерлікті қатар ұстанған Сіз әлемдік өркениеттің өрісіне бет түзеген ұлы көштің алдыңғы қатарында келесіз. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесіңіз әлі де еселене түседі деп білемін», – делінген.
Кітапхананың ашылу салтанатында ҚР Жазушылар одағының мүшелері, елімізге танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері атап айтсақ, Еркінбек Тұрысов, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса және т.б. сөз сөйлеп, заңғар қаламгерді қуанышымен құттықтады. Кітапхана әрі мұражай ретінде салынған үйде Дулат Исабековтың кітаптары мен түрлі марапаттары, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін заттар қойылған. Жазушының жұмыс істейтін және демалатын бөлмелері де талапқа сай. Сонымен қатар, қазақ және әлем жазушылары мен ақындарының кітаптары бар. Жалпы саны 2500 кітапты жазушының өзі тарту еткен. Алдағы уақытта бұл кітапхана әлемнің әдебиет жауҺарларымен толығады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған іс-шараға ел ағалары мен оқырман қауым ризашылығын білдірді. Енді бұл кітапханадан тек Ордабасы ауданының тұрғындары ғана емес, осы ауданға келген қонақтар да рухани қазына алып, танымдарын кеңейтеді. Жиын соңында Дулат Исабеков өзіне құрмет көрсеткен жерлестері мен оқырман қауымға, облыс басшылығына алғысын айтып, қазақ әдебиетіне үлес қоса беретінін жеткізді. Осы шығармашылық үйінде түрлі шығармаларын жалғастыратынын айтты. Салтанатты шарада Арыс қаласы мен Ордабасы ауданының өнерпаздары әннен шашу шашып, еңбектері Лондонды мойындатқан жазушыға құрмет көрсетті.

Түркістан облысы
әкімінің баспасөз қызметі.

Шымкенттегі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтында «Рухы мықты елдің – рухани жаңғыруы» атты кең ауқымды іс шара болып өтті. Жиынды аталған институттың «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасы ұйымдастырды. Өскелең ұрпақтың ой-өрісін дамытуда үлкен рөл ойнайтын ұстаздар қауымы қатысқан бұл шараның мақсаты – рухани жаңғырудың басым бағыттарын іске асырудың мәнін жас мамандарға терең түсіндіру арқылы оны жастар санасына сіңдіру болып табылады.

«Рухы мықты елдің – рухани жаңғыруы» атты бұл шара «Салт санам – асыл қазынам», «Рухани қазыналар», «Біз оқитын 100 кітап», «Қазақ әліпбиінің латын қарпінде жазылуы», «Білімнің салтанат құруы» деген айдарлар бойынша арнайы әзірленген көріністермен, таныстырылымдармен және тренинг жаттығулармен өткізілді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласындағы бағыттар бағдар етілген бұл шарада қатысушылар «Тұсау кесер» рәсімінің сахналық қойылымын бір деммен тамашалады. Күнгейдің тарихи орындары мен киелі жерлері туралы тың мәліметтер тарқатылып айтылды. Сананы жаңғыртуда жетекші мәнге ие кітапхананың рөлі, оған оқырмандарды тартудың жолдары сөз болды.
Жиынның «Қазақ әліпбиінің латын қарпінде жазылуы» бөлімі кең өрбіді. Онда латын әліпбиіне көшудің мән-мазмұны бойынша тұщымды ойлар, мағыналы әңгімелер тарқатылды. Институттың «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасының аға оқытушысы Гүлнұр Жорабекованың төмендегідей пайымды пікірі соның дәлелі. Өз сөзінде ол:
– «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп тегін айтылмаған. Кез келген ел өзгеріссіз қалмайды. Барлық жерде өзгеріс, құбылу орын алады. Сондықтан да өркениетке қол созған, ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды ұран еткен Қазақстанда да өзгерістің болуы заңдылық. Ең бастысы жақсы қырға қарай өзгеруге ұмтылуымыз қажет. Бұл жолда біздің еліміздің қия басқан тұсы жоқ. Біз дұрыс жолда, дамудың даңғыл жолына қарай қадам басып келе жатырмыз. Оған сар даланың төсінен ару Астананың бой көтеруі соның айғағы. Қазіргі таңда барлық салалар заманауи талаптарға сай бетбұрысты бойына дарытып жатыр. Солардың ішінде ең маңыздысы ол қазақ алфавитінің кириллицадан латынға ауысуы болып табылады. Бұл реформаны біз алға қарай өркендеудің төте жолына балап, оны тезірек меңгеруге асыққанымыз абзал. Себебі, әлем елдерінің 80 пайызы осы әліпбиді қолданады. Бұл – заңдылық. Мәселен қараңызшы, тауға барып тыныстау үшін сол жерде өзіңізді еркін әрі жайлы сезінетін киімді киіп барасыз емес пе? Егер оған етегі сүйретілген көйлек кисеңіз демалысыңыздың құны көк тиын, бос әурешілік болады. Сол сынды біз әлем елдерінің басым көпшілігі қолдануға ыңғайлы әрі жеңіл деп таңдау білдірген әліпбиге бейімделіп, ұлы көшке ілесуіміз қажет. Осы тұста санамызға ақын Мұқағали Мақатаевқа қарата «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» деп айтылған сөз ойға оралады. Сол сынды біздің де алфавитімізге шапан емес, шекпен жабылуы керек, — дейді.
Сонымен қатар Г. Жорабекова өз сөзін былай деп жалғай түсті.
– Елбасы Н. Назарбаев: «Біз ептеп-ептеп латынға көшуіміз керек. Шетел терминдерін қазақтың тіліне енгізіп, тілді байытудың орнына біздің лингвистік комиссия неше түрліні ойлап тауып, аударады. Марқұм Еркеғали Рақымғали өле-өлгенше «Мен өмір-бақи композитор едім, сазгер болдым енді. Менің пианином күйсандық болды» деп айтып кетіп еді. Пианино барлық елде осылай айтылады, неге осы сөзді тілімізге енгізіп, байытпасқа? Балконды қылтима дейді, процентті пайыз дедіңдер, пайыз деген сөзді мен қолданбаймын. Барлық елде процент дейді» деген пікірі де орынды айтылған. Біз өскелең ұрпаққа дәріс беру кезінде әлем халықтарының бәріне ортақ интернационал, демократия сынды пән сөздерін өзгертпей еуропаның айтып жүрген түрінде алуымыз қажет. Бұл туралы кезінде М.Жұмабаев «жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударамын деп азаптанудың қажеті жоқ» деп орынды айтып кеткен, — деп өз ойын тұжырады.
Сонымен қатар жиынға қатысушы ұстаздар қауымы білім беруді модернизациялаудағы үштілділіктің маңыздылығы тұрғысында пікір алмасып, өз ойларымен бөлісті.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы педагогикалық
кадрлардың біліктілігін арттыру институты, «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасының ұжымы.

Биылғы 19 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түрістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Кеше осы тапсырма аясында Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастап келген көшті Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары басқармалар үйі алдынан салтанатты түрде күтіп алды. Кездесуде аймақ басшысы Түркістанды түлетуге келген мемқызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

«Мінеки, Түркістан қаласына басқармалар мен департаменттер көшіп келіп отыр. 17-тамыз бүгінгі тарихи оқиғаға куә болған көпшілік үшін ерекше естелік болып қалады. Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін көрсетіп тұр. Екіншіден, қазақтың 21 ханы мен батырлары, би-сұлтандары мен қаймақтары осы шаһарда жерленген. Бұның өзі Түркістанның Қазақстан үшін қасиетті орталық екенінің көрінісі. Үшіншіден, Түркістанда Түркі әлемінің ұлы ұстазы, ақын әрі қайраткер Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Ұлы ойшыл ұстаздың кесенесінің Түркістанда салынуы, бұл шаһардың талай ғасырдан бері Түркістан деп аталып келе жатқаны көп нәрседен хабар береді. Ендеше, Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыруымыз керек. Оған баршамыз үлес қосып, атсалысайық. Түркістанның жаңару күндері басталды. Баршаңызға қоныс құтты болсын, осында көшіп келген басқармалар мен департаменттердің қызметкерлеріне сәттілік тілеймін. Түркістанды бірге гүлдендірейік!», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков мемлекет алдындағы ұлы мұраттарын орындау үшін киелі шаһарға көшіп келген қызметкерлерге арнау айтса, Түркістан қаласының ақсақалдары «азаматтардың қадамы оң болсын!» деген тілектерін білдірді.
Мұнан соң, облыс бастаған топ жаңа қонысқа келген басқармалар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің кеңселерін аралап көрді. Жас мамандармен кездескен өңір басшысы шаһарда мемлекеттік қызметкерлерге тұрғын үйлер салынып жатқанын, олар келесі жылы пайдалануға берілетінін айтты.
Елбасының тарихи Жарлығынан кейін Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Түркістан қаласының Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын әзірлеуге ашық халықаралық конкурс жарияланды. Түркістан қаласының ұзақ мерзімді аумақтық дамуы, мәдени-тарихи мұрасының сақтауға әрі туристік әлеуетін дамытуға негізделген конкурстың жобалар көрмесі таяу күндері өтеді.
Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Мұнан бөлек 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлануда. Демек, алдағы жылдары Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналмақ. Қарқынды құрылыс қалаға инвестиция құйылуына, көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді.
Мұнан бөлек, Түркістан қаласында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық салаларын дамытуға да баса мән берілмек. Әсіресе, өнеркәсіп жетекші салаға айналуы тиіс. Сондай-ақ, Түркістанның айналасында жылыжай мен интенсивті баулар көптеп өсірілмек. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етсе, екінші жағынан туристерге көрсетуге болатын экотуризм нысанына айналады.
Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемі ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады. Мұнда бүкіл түркітілдес елдер қатысатын ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар тұрақты түрде өтетін болады. Сондай-ақ, бұл қалада Түркі академиясы, Түрік кеңесі мен ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың бөлімшелері ашылады.

Түркістан облысы
әкімінің баспасөз қызметі.


Қаншама күрделі әрі қиналысты жылдарды бастан өткерген ата-бабамыз соңынан ерген ұрпағы үшін басына түскен сыннан сүрінбей өтуге, ұлан-ғайыр жерімізді жау қолына бермей оны аман алып қалуға Құдайдан көп жәрдем сұрағанын сезіну қиын емес. «Бір аштықтың да, тоқтығы болатыны» сынды, ата-бабамыздың арман еткен сол тілегі қабыл болып, алаш жұрты бүгінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» күн кешуде. Мұндайда тіл көзіміз тасқа деген артықтық етпес.
КСРО-ның іргесі сөгілген соң, Қазақстанның егемендік алып, етек-жеңін жинап, тәуелсіздік арайындағы шуақты жылдарды өткізіп жүргеніне 27 жылдың көлемі болып қалыпты. Осы уақыт ішінде еліміздің тәуелсіздігін тұғырлата түскен түрлі оң тірліктер қолға алынды. Қазақстан кез келген мемлекет қол жеткізе бермейтін жылдамдықпен алға жылжып келеді. Жыл сайын көңілді көкке жетелейтін оң өзгерістерді бастан кешіруде. Дамыған елдердің кез келгенінің қолы барып, батылы жете бермейтін қадамдарға баруда. Және талпынған биіктерін абыройлы бағындыруда. Өткен жылы үш ай көлемінде Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін абыройлы өткізгеніміз сол сөзімізге мысал болады. Бұл арқылы Қазақстан төрткүл дүниеге дамыған отыздыққа ұмтылуда өзге елдермен терезесі теңесіп келе жатқанын көрсете алды.
Отыздықтың қатарынан табылуда еліміздегі мегаполистер мен облыс орталықтарының өзіндік мәнге ие болатыны анық. Биыл облыс жұртшылығының қолдауымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мақұлдауымен облысымыздың құлашы кеңіді. Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкентке дербес қала мәртебесін берді. Облысты бұрынғыдай Оңтүстік Қазақстан деп емес, Түркістан облысы деп аталуын, оның орталығы етіп Түркістан қаласын белгілеу туралы Жарлығын паш етті. Бұл 2018 жылдың күнтізбесіндегі 19 маусым күні еді. Жарлық жұртшылыққа жария болғаннан бастап, көпшіліктің оны дұрыс жол, игі қадам екенін айтып, қос қолдап қуаттауда. Қуаныштарын жұртпен бөлісуде. Ақжолтай жаңалықты жылы қабылдап, оған шын қуанғандардың қатарында өзім де бармын.
Күнгейдің Түркістан облысы болып өзгертілгені оң шешім болды. Оған негізде жоқ емес. Өйткені бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы болып аталып келген біздің аймақ ертеректе Түркістан өңірі деп аталған. Кейіннен Шымкент болып өзгертілді. Тәуелсіздік алғаннан соң Оңтүстік Қазақстан болып аталды. Ал бүгін Елбасының бастамасымен қазақылықтың қаймағы сақталған, қалың қазақ шоғырланған өңір Түркістан деген тұғырлы атты иемденіп отыр. Кезінде елімізді күзетіп, жерімізді жаулардан қорғаған, бойларына ерекше қасиет дарыған би, батырларымыздың «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» шешімдерінің қайтадан салтанат құруы, Елбасымыздың бабалар рухына тағзым етуден бір сәт жаңылмағанының жарқын көрінісі іспетті.
Түркістан бұған дейін түркі жұртының түп мекені, еліміздің рухани астанасы ретінде танылып келсе, құрамынан Шымкент бөлініп шыққан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығы ретінде тағы бір рет абыройы асқақтай түсті. Ендігі кезекте оның облыс орталығы ретіндегі тіршілігі түлей түседі. Оған қаланың географиялық орналасуы да, әлеуметтік жағдайы да қауқарлы. Бұған Елбасының «Түркістан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық» деген тоқетер сөзінің өзі жетіп артылады. Тек мемлекет тарапынан үлкен қолдау, облыс әкімдігі тарапынан ерекше іскерлік, істің көзін таба білушілік, қолға алған тірлікті дұрыс үйлестіре алу жағы өз деңгейінде болса болғаны.
Қазіргі таңда Түркістанды облыс орталығы ретінде түлетуде алға қойылып жатқан негізгі мақсаттардың бірі – қаланың Бас жоспар Тұжырымдамасын сәтті таңдау болып отыр. Тұжырымдаманы әзірлеу үшін халықаралық конкурс жарияланғаны белгілі. Оған ұсынылған жобалардың көрмесі жақын күндері өткізілмек. Әзірге нақты жоба таңдалып алынбаса да, тиісті сала мамандары қаланың Орта-Азиялық стиль келбетіне боялуы қажеттігін алға тартуда. Оның себебін облыс басшысы Жансейіт Түймебаев былай деп өрбітеді.
«Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы. Ендігі кезекте біз қаланы күллі түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығына айналдыруымыз керек. Және ол түбі бір туысқан елдердің барлығына үлгі болуы қажет. Оны тағылымы мол терең тарихымыз арқылы мойындатуымыз керек. Қазіргі таңда, бізді құтқарып тұрған – Ясауи кесенесі, Құл Қожа Ахметтің аты. О кісінің рухы, абырой беделі биік болған. Оған арналып салынған мавзолейдің бәсі әлемдегі аты әйгілі архитектуралық ғимараттардан биік. Соны көру үшін Түркиядан, Малайзиядан, Индонезиядан миллиондаған туристер осы жерге ат шалдыруға әзір. Ол үшін біз көлік қатынасы мен қызмет көрсету сервисін реттеуіміз қажет. Алдағы уақытта Түркістанның Бас жоспарын әзірлегенде біз оның сәулеттік бет-бейнесінің сақталуына жіті мән береміз. Келген адам Түркістаннан жергілікті мәнерді көргісі келеді.
Бір атап өтерлігі Түркістан қаласында салынатын тұрғын үйлердің ешқайсысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспайтын болады. Қаланың қай бұрышында тұрсақ та мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Бой көтеретін баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулет үлгісінде салынуы жіті назарға алынады. Бой көтеретін ғимараттардың қасбеттері мен қабырғаларында ортағасырлық қазақ стилі, қазақ нақыштары көрініс табуы тиіс.
Яғни, қала осындай ескі келбетпен бой көтереді. Нәтижесінде Түркістанға табаны тиген тұрғын – ортағасырлық қалаға келгендей әсерге кенеледі».
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Түркістан қаласының келешегі, оның жаңа кескін-келбеті туралы осылайша ой білдіруінің өзі оның осы бағыттағы жұмыстарды ішіне ене отырып орындауға, ел жұрттың сенімін күйретпеуге табанды талпыныс танытып жатқанын көрсетеді. Оның сол бағыттан айнымай баянды тірлік етуіне тілектестік танытамыз.
Жуырда жергілікті билік Түркістанның арғы-бергі тарихымен жақсы таныс сәулетшілер, суретшілер, тарихшылар мен археологтардың басын қосып, қаланың Бас жоспар Тұжырымдамасын жасауда қандай мәселеге мән беру керектігін, қай жерден артық кетіп, кем соқпау қажеттігін пысықтаған болатын. Сонда сала мамандары орынды ұсыныстарын ортаға салды. Ендігі кезекте жергілікті билік Түркістанның тынысын аша түсуде неге мән беру қажеттігі туралы әр саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың сол талап-тілектеріне ден қойып, лайықты тірлік етіп, сенімнің үдесінен шыға білгені абзал.

Нұралы ӘБІШЕВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы еліміздегі ертеңінен үлкен үміт күттіретін, білімі мен қабілетімен танылған, өз істерінің нағыз шеберлерін анықтап берді. Осы жобаға қатысқан Түркістан облысының жастары арасынан алты бірдей ардақтымыз жаңа есімдер қатарын толықтырды.

Солардың ішінде біз «Отау Групп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітовті, «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаевты, ҚР мәдениет қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековті, Азия чемпионы, Әлем кубогының қола медаль жүлдегері, Қазақ күресінен Азия және Евпопа чемпионы, 2016 жылы Рио (Бразилия) қаласында өткен параолимпиадалық ойындарына дзюдо түрінен қатысушы Құралбай Орынбасарды, 2016 жылы Индонезияда өткен каратэ-до шотаканнан әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Орталық Азия чемпионы, осы жылы Қырғызстанда өткен ашық чемпионатының жеңімпазы, каратэ-до шотаканнан ұлттық құрама мүшесі Эдуарда Велькті, қазақтың ұлттық зияткерлік спортының қазіргі жарық жұлдызы, тоғызқұмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы Әсел Далиеваны мақтаныш тұтамыз. Бұлар Түркістан облысының даңқын аспандатып, абыройын асқақтатып жүр.
Биылғы тамыз айында аталмыш жобаның екінші кезеңі басталды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жобаға біршама өзгерістер енгізіп отыр. Айталық, алғашқы іріктеу кезінде бұрын азаматтар өзін-өзі ұсына алса, бұл жолы іріктеу жобаға қатысу туралы өтініштерді үкіметтік емес ұйымдар арқылы береді.
Танымал кәсіпкерлер бизнес қауымдастықтары, ал жастар өз саласындағы ұйымдар арқылы өтініштерін тіркете алады. Ұсыныс беруші ұйым өз жеңімпазының насихатшысы болады. Екінші кезеңде жалпыхалықтық танымалдылыққа ие тұлғаларды жан-жақты насихаттау көзделуде. Тағы бір айта кетерлік жәйт, бұрын жобаға ұсынылып, өтпей қалған талапкерлер бағын тағы да сынап көре алады. Оларға қойылар талап біреу ғана. Ол-Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосу.
Екінші кезеңге өтінім қабылдау 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Өтініштер пулын арнайы жасақталған сарапшы топ зерттеп, лайықтылар el.kz сайтына жарияланады. 20 қыркүйектен 10 қазанға дейін онлайн дауыс беру жүйесімен жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы арқылы жеңімпаздар іріктеледі. Қатысушылар Қазақстан азаматы болуға тиіс. Екіншіден, кәмелет жасына толуы қажет. Үшіншіден, мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететін қызмет саласында еңбек етуі керек. Төртіншіден, заманауи Қазақстан келбетін өз жетістіктері мен табыстары арқылы бейнелей алатын тұлға іріктеуден өте алады. Бесіншіден, ол Қазақстан дамуына нақты үлес қоса алған азамат болуы тиіс. Міне, осы талаптарға нақты жауап бере алғандар жеңімпаздар қатарынан көрінуі мүмкін. Олар рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдіре алады. Ал, бизнеске қатысы барлары насихат жұмыстары арқылы істерін одан әрі дамытуға мүмкіндік ашады.
Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, Қайрат Молдасейітов пен Сырым Ертаевтың тастары өрге домалап тұрғаны насихат жұмыстарының тыңғылықты жүргізілуінен де екенін айта кетуіміз керек.
Сөз жоқ, байқауға қатысушылар ел тарихында ерекше қолтаңбасымен қалады. Мәселе, сыйлықта ғана емес. Өзіндік қолтаңбасы бар азаматтар қай қоғамда да лайықты орынға ие болады. Олардың ерен еңбегі жастарға, талаптанушыларға үлкен ой салары анық. Ал, өз кезегінде іріктеуден өткен азамат елінің тұтқасы болуға ұмтылмақ. Рухани жаңғырудың басты мақсаты да сол – қуатты Қазақстанды дамыта, гүлдендіре түсу.
Еліміздің лайықты тұлғаларын табуға бір кісідей атсалысайық.

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ,
Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе
жетекшісі.

Қазақстан ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды меже етіп отырғаны белгілі. Оған ілігу үшін көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан өзге көштерден қалыс қалмауымыз қажет. Сол жолда өзгелердің шаңында қалып кетпес үшін төрт сайманымызды сайлап алуымыз керек. Бұл ретте күш білекте емес, білімде екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте жастардың жоғары біліммен қарулануы көп мәнге ие. Осыған жіті назар аударған Елбасы өзінің 2017 жылдың сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында:

– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз. Оның мәні мынада: Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума¬нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң¬даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деген болатын.
Осыдан соң-ақ, елімізде дүниежүзі бойынша ең үлкен сұранысқа ие үздік еңбектерді түпнұсқадан қазақ тіліне аудару жұмыстары басталып кеткен болатын. Тұп тура бір жылдан соң «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде 18 оқулық оқырманға жол тартты. Олардың мазмұны мен бағытына Елбасы Н. Назарбаев жоғары баға беріп, өскелең ұрпаққа жасалып жатқан мұндай қамқорлық әлемнің кез келген елінде қолға алына бермейтінін баса атап өткен еді. Осыдан соң аударма саласының қыр-сырын меңгермен мамандар мен ғалымдар «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша келесі кезектегі үздік оқулықтарды туған тілде сөйлетудің ісіне кірісуді бастап кеткен. Қазіргі таңда олар 30 кітапты жыл аяғына дейін аударып, оны еліміздегі барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары мен ұлттық кітапханаларға тарататын болады. Жыл аяғына дейін баспадан шығатын 30 кітап тарих, өнер, әдебиет, педагогика және экономикалық бағыттарда болмақ.
Жалпы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде төрткүл дүниеге мойындалған кітаптарды туған тілімізде тәржімалау ісі алдағы бірер жылда толық аяқталатын болады.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.


Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осылай орамды ой айту арқылы барша жұртты туған жерді түлетуге, өскен өлкені гүлдендіруге шақырған болатын. Ізінше қолынан іс келетін, жүрегі кең, пейілі жомарт жандардың туып-өскен жерлерін абаттандыруға, ондағы жұрттың жағдайын жақсартуға септесін болатын игі тірліктерге баруы жиі көрініс тапты. Еліміздің жер-жерлерінде орын алған мұндай мейірбандық пен қамқорлық бай-бағландарға қарата айтылып келген «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мақалдың көбесін сөкті. «Туған жер» елі үшін еміренетін ақберен, көңілі ақеділ азаматтардың арамызда жетерлік екенін көзге көрсетіп, қолға ұстатып берді. Сөзіміз құрғақ болмас үшін мына бір деректерді келтіре кетейік.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде қолға алынған «Туған жер» жобасы басталғаннан бастап елімізде жаны жомарт кәсіпкерлер мен мінәйі мінезді меценаттардың көмегімен бала саны тым көп, мектеп жетіспеушілігі айқын сезілген ауыл, аудан, қалаларда 17 мектептің іргесі қаланып, бой көтерді. Балабақшадағы орынның жеткіліксіздігі мәселесі бойынша тап осы жоба аясында бірқатар проблемалар өз шешімін тапты. Жоба аясында бүгінге дейін 62 балабақшаның пайдалануға берілгені соның мысалы. «Өзім ғана болсам, өзім ғана толсам» деген қарау ниеттен ада, кеңқолтық азаматтардың жәрдемімен республикамызда 36 мәдениет нысаны ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, 23 денсаулық сақтау, 169 спорттық нысан мен 32 балалар алаңының құрылысы жүргізілді. Бұдан бөлек еліміз жақсылар мен жайсаңдардың арқасында 59 білім ұясының, 62 балабақшаның, 51 мәдениет нысанының, 43 спорттық пен 15 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді.
Айталық, бүгінге дейін жоба негізінде Ақмола облысында 32 пәтерлі үш тұрғын үй, 3 балабақша мен 10 білім беру ұясының ғимараттары жаңартылды. Мұндай игі іс Ақтөбе облысындағы 12 спорттық нысан, жазғы аквопарк, 4 балабақша, медициналық пункт пен 6 спорт нысандарында да жүзеге асты. Алматы облысында әлеуметтік жағынан әлсіз деп танылған жандар үшін 37 үй, 3 балабақша мен жылыжай кешені салынса, мұнайлы өңір Атырау облысында салынған 6 балабақша мен 4 балаларға арналған спорт алаңдары жергілікті тұрғындардың жүзіне қуаныш сыйлады.
«Туған жер» жобасы негізінде Қостанайда 100-ден астам білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының ғимараттары жөндеуден өтсе, Сыр бойы елінде де орны бөлек істер орын алды. Атап айтқанда, 60 мектепке 44 млн. теңгеге кабинеттер және т.б жабдықталды. Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында қан тазарту орталығы мен 500 орындық жатақхана ашылды. Ал, Павлодар облысында 17 ауылдық клуб жөндеуден өтті. Шығыс Қазақстан облысында оңалту орталығының, «Нұрлы жол» демалыс саябағының, 14 балабақшаның және т.б нысандарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әулиеата өңірінде аз қамтылған отбасылар үшін 9 үй, 7 спорттық алаң салынып, барыс-келісті оңай еңсеру үшін демеушілік есебімен бірқатар жолдар салынды. Батыс
Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» музейі ашылып, 13 балалар алаңы мен 26 спорттық нысанның құрылысы іске асты. Қарағандыда 5 балабақшаның ауласы абаттандырылып, «Туған жер» аула клубымен бірге спорт кешенінің іргесі қаланды. Еліміздің теріскей аумағында бірқатар нысандардың, атап айтқанда, білім беру саласында –30, мәдениет саласында – 12, әлеуметтік көмек саласында – 5, спорт саласында – 9, денсаулық сақтау саласында – 4 жобалардың құрылысы мен жаңғыртуы қамтамасыз етілді.
Шымкентте рухани даму орталығы бой көтерсе, Түркістан облысында бірқатар аудандарда балабақшалар салынып, «Ажарлы үй – ырысты», «Табиғат – тіршілік нәрі» жобалары қолға алынып, соның негізінде аудандар мен қалаларда «Тал күні» акциясы өткізіліп, 12 мың адамның қатысуымен 47,5 мың көшет және түрлі ағаш отырғызылды. Еліміздің ең іргелі мегаполисі Алматы қаласында емхана, мектеп-гимназия, 4 балабақша, жеңіл атлетика стадионы ашылды. Мұнымен қоса 46 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті жөнделіп, екі мектептің бой көтеруі жолға қойылды. Ал бас қала Астанада заманауи экомешіт салынып, байрақты бәсекеде ел намысын жыртатын тарландарды баптайтын бірқатар спорт мектептері ашылды.
Қайырымдылық, ізгілік қасиеттерді бойына жинаған еліміздегі атпал азаматтар 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 43 нысанның салынуына септесін болып, бір нысанның жаңаруына ықпал еткен.
Осы істердің орындалуы барысында қаншама қайырымды, тобасынан жаңылмаған жандардың туған елге деген сүйіспеншілігі, оған деген құрметі жатыр. Мұндайда қазақ «болар істің басына, жақсы келер қасына» демеуші ме еді?! Лайым әрбір жоба жоспарын саралап-сараптап, ой сүзгісінен өткізіп отыратын Елбасы өзінің баянды бастамасын жариялағаннан бастап, іле оны ілгері сүйреп кететін ізгілікті жандардың қатары арамыздан азаймағай.

С. НҰРАЙ.


«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде киелі өңірді тарихи қалпына келтіру, абаттандыру мақсатында жиын өтті. Айтулы жиынға Түркияның «Sembol Construction» құрылыс компаниясының корпоративтік техникалық департаментінің директоры Selcuk Yelken және «Казреставрация» мекемесінің өкілдері мен тарихшы – археологтар, музей қызметкерлері қатысты.

Осы жылы Түркістан облысындағы мектептерде жалпы саны 474 мыңға жуық оқушы білім алатын болады. 2018-2019 жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысы бойынша 55385 өрен бірінші сынып табалдырығын аттайды. Биыл алтын ұяға тарыдай болып кіретін өскелең ұрпақтың саны өткен жылмен салыстырғанда 19 мыңға артқан.

Мұндай оң демографиялық көрсеткіштің байқалуы осы салада 2018-2025 жылдары аралығында өңірде 184 мектеп салу қажеттілігін туындатып отыр. Осыған орай ағымдағы жылы аймақта білім беру саласына қажетті 83 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның 40-ы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Өз кезегінде бұл ғимараттар облыстағы білім беру саласы бойынша 9 апатты, 5 үш ауысымды, 13 ыңғайластырылған және орын тапшылығы байқалған 10 мектеп мәселесінің өз шешімін табуына ықпал етпек. Сондай-ақ, 3 колледждің де ғимараты жөндеуден өткізіледі. Дәл қазіргі таңда жаңа оқу жылы қарсаңына орай мектептерді оқулықпен қамту, оларды қысқы маусымға дайындық деңгейі ойдағыдай.
Осы аптада облыс орталығы Түркістан қаласында білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов «2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер» туралы баяндамасында осылай деп мәлімдеді. Кеңеске аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, ұстаздар, білім саласының ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары және өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қатысты. Келелі басқосудың тізгін тартары облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков болды.
Отырыста білім беру саласындағы ізденістер мен жаңа міндеттер төңірегінде ұлағатты ұстаздар қауымы баяндама жасап, жиналғандарға тәжірибелерін бөлісті. Осы жиында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев қаншама тарихтың, толқынысты кезеңнің куәсі болған көне шаһар Түркістанның түркі әлемінің бесігі, еліміздің рухани астанасы болумен қатар, қазақылықтың қаймағы сақталған күнгей өңірінің әкімшілік-іскерлік орталығы ретінде дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Түркістанның жаңа дәуірі басталатынын бөле-жара айтып өтіп, бірақ өткенге салауат айтуды да ұмытпауымыз қажеттігін, бұл ретте Түркістанның арғы-бергі тарихын білу, оны келешек ұрпақтың санасына сіңдіру ұстаздар қауымына тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Бұл туралы ойын ол былай деп сабақтады.
– Мұғалім – қасиетті ұғым әрі киелі тұлға. Ұлағатты ұстаздардың алдында бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Биылғы Тамыз кеңесінің өтуі ерекше тарихи кезең қарсаңында жүзеге асып отыр. Өздеріңізге жақсы мәлім, Елбасының 19-маусымдағы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Құл Қожа Ахметтей бабамыз мен Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы жатқан, қазақтың қаймақтары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның тарихын ұстаздар кауымы оқушыларға үйретуі керек. Барлық аудан және қала әкімдеріне мұғалімдердің жағдайына мұқият қарауды, олардың әлеуметтік мәселелерін барынша шешу жөнінде тапсырма беремін. Ұстаз қайратты болса, еңсесі биік болса ғана мықты шәкірт тәрбиелейді. Бұдан былай мұғалімдерді жөнсіз жұмсау, өз міндеттеріне кірмейтін шаруаларға айдап салу сап тиылуы керек. Ұстаздардың жағдайын көтеру мәселесі Үкімет тарапынан да назарға алынып келеді. Сондықтан бәріміз бірлесіп отаншыл, намысты ұрпақ тәрбиелеуге, Түркістанды дамытуға атсалысайық. Жиі кездесіп тұрайық. Ұстаздар қауымына қолдау көрсетуге дайынбыз. Алдағы жаңа оқу жылының табыстары мен жетістіктері мол, қуаныштары көп болсын!, — деді Жансейіт Түймебаев.
Жылына бір рет ұйымдастырылатын мазмұнды, салиқалы да салмақты жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ұлағатты ұстаздар қауымының оқушылардың санасына сәуле шашу кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттарға баса мән беру қажеттігіне тоқталып өтті.
Естеріңізге сала кетсек, өткен шілде айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облыстық жобалық кеңесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков облысымызда 5,6,7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы шығарылып жатқанын хабардар еткен болатын. «Туған елін сүйген ер болады» деген. Аталған оқулықтың басты мақсаты – туған жер туралы деректердің түгелін өскелең ұрпаққа терең таныстыру арқылы олардың елжанды, париоттты болып бой түзеуіне жол ашу болып табылады. Дәл қазіргі таңда мамандар аталған пән оқушылардың туған жер, өскен өлке туралы мәліметтермен қанық болуын ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге де пәндерді оңай игеруіне зор көмегін тигізетінін алға тартуда.

С. НҰРАЙ.

Былтыр сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Бұл қазақ халқы үшін аса маңызды мақала еді. Айтулы құжатта ұлттық кодты жаңғыртып, Мәңгілік Ел болу жолындағы басты қадамдар айқындалған. Осы бағдарламалық мақаладағы міндеттерді жүзеге асыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылғаны да белгілі. Елбасы Жарлығымен құрылған комиссия құрамына қоғам қайраткерлері, министрлер мен депутаттар, зиялы қауым өкілдері, журналистер, әкімдер мен белсенді азаматтар тағайындалған болатын. Ал, комиссия төрағасы болып Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков тағайындалған-ды. Міне, осы айтулы оқиғадан кейін бір жарым жылдай уақыт өтті. Не өзгерді? Қандай жұмыстар атқарылды? Бүгін осыған тоқталуды жөн көрдік.

Латын әліпбиі – отарсыздандыру саясатының бір тетігі

Сөз жоқ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы елімізде батыл бастамалар мен пікірлер айтыла бастады. Солардың бірі – кирилл әліпбиінен бас тартып, латын әліпбиіне көшу. Бұл бастама біраз уақыттан бері айтылып келе жатқан-ды. Небір ғалымдарымыз бен филологтарымыз, тіл мамандары осы мәселеге тоқталып, қазақ халқы үшін пайдалы қадам болатынын айтып жүрді. Ел тілегі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бекітілді.
– Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақылауымда болды. Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл бастаманы еліміздің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдары да, жалпы ел тұрғындары жылы қабылдады. Қолдады. Мәселен, танымал профессор, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов «Құлдықтың екі түрі болады. «Біріншісі – қол-аяққа бұғау, қамыт салу болса, одан біркез құтылуға болады. Ал миыңды байласа мәңгүрт халге түсесің. Кеңес империясы екінші тәсілді таңдады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу – сананы отарсыздандыру жолындағы маңызды қадам. Латын әліпбиіне көшкеннен ұтарымыз көп. Дайын емеспіз деп те уайымдаудың қажеті жоқ. Әсіресе, латын қарпін білетін жас өскін жаңа әліпбиді тез меңгеріп алады. Латын әрпі бүкіл әлемнің қатынас белгісіне айналып кетті. Түрік халықтарының бәрі латынға көшіп кетті. Уақыт өткізбей бізге де көшкен жөн» деген болатын.
Міне, 2017 жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде осы қадамды айтуға болады. Ең бастысы, ҚР Үкіметінің жанындағы Қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Енді кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу жұмыстары жүргізіле бермек.
Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынды. Онлайн дауыс беру нәтижесінде 102 жеңімпаз анықтады. Дауыс беруге барлығы 340 мың қазақстандық қатысып, үміткерлерге 1 млн. 376 мың дауыс берілді. Яғни, қоғамның қызығушылығы жоғары болды. «100 жаңа есім» жобасына енгізілген тұлғалар 2017 жылғы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, пікір алмасты. Бұл – еңбегімен дараланған азаматтар үшін үлкен мотивация.

Жаңа оқулықтар әлемдік өркениетке жетелейді

2017 жылы қолға алынған өзге де шаруаларға тоқталсақ, былтыр «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде «Ұлттық аударма бюросы» коммерциялық емес қор құрылып, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық білім саласындағы әлемнің 18 үздік оқулығы мемлекеттік тілге аударылды және цифрландырылды. Әлемнің үздік оқымыстыларының кітаптарын таныстыру барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
– Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз. Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес. Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, — деген болатын Елбасы.
«Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «100 жаңа оқулық», «100 жаңа тұлға» деп жобаларға шартты ат қойылады. Ол есте сақтауға, насихаттап таратуға ыңғайлы. Бірақ ол 100 оқулықпен шектелеміз деген сөз емес. Оқулықтар жақсы аударылып, оған үлкен сұраныс болып, жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, ол жүзден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Таңдалған гуманитарлық бағыттар бойынша алдыңғы қатарлы университеттер мен баспалардан жыл сайын жүздеген жаңа оқулықтар шығады. Оның сыртында, оқулық деуге келмейтін, бірақ ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан жекелеген авторлардың зерттеуі негізінде шыққан монографиялар бар. Олар да оқу бағдарламаларына міндетті түрде оқылуы тиіс кітаптар тізіміне кірген. Ол аз десеңіз, ғылыми-танымдық бағытта жазылған, ондаған тілге аударылып, миллиондаған таралыммен шығып жатқан басқа да кітаптар бар. Өз басым осының барлығы аударылса деймін. Жоғарыда аталған мақсатқа жету – бір науқанмен бітетін шаруа емес, ол процесс, қазіргі аударма тілінде үдеріс. Ол ұдайы ізденісті, тоқтаусыз жаңаруды талап етеді. Біз ұмтылған ілгері дамыған 30 елдің қай-қайсысында да осы үдеріс бар. Сондықтан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы сол үдерістің басы деуге болады. Сонымен бірге бұл бізге үлкен сын, ғылыми ортаның қуаты, аудармашылар ортасының әлеуеті сыналып жатыр. Қазір осы жұмысқа 120-дан астап адам жұмылдырылған. Үлкен қауым. Осы кісілердің барлығы тура мағынасында күні-түні жұмыс істеп отыр» деп мәлімдеді. Осыдан-ақ бұл жұмыстың ауқымды әрі қиын екені аңғарылады. Тағы бір айта кетерлігі, кез келген кітаптар аударыла бермейді. «100 жаңа оқулық» тізіміне әлемдегі озық 100 университеттің оқу бағдарламасына енген кітаптар ғана таңдалып алынады. Кітаптарды аудару бастамасын еліміздің ғалымдары да қызу қолдады. Ендеше, қазақ жастары да әлемдік деңгейдегі озық кітаптарды оқып, өркениет көшіне ілеседі деген сенімдеміз.
Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі комиссияның миссиясы не? Бұл – ауқымды сұрақ. Шынтуайтына келгенде қалғыған қазақ рухын оятуда, ұлттық кодқа, ататекке тамыр жіберуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үлесі зор. ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты Ғалым Шойкиннің айтуынша, қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы жұмыстарға елдің көзқарасы түзу. «Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудағы басты бағыттар екендігі белгілі. Сондықтан да, күллі жер жүзі көз алдымызда өзгеріп жатқандықтан, қоғамдық сананы жаңғыртудың ерекше маңызға және өзектілікке дәл қазір ие болуы заңдылық. Жаһандық процестер күтпеген ерекше сын-тегеуріндерді, жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды белсенді қолдануды қалыптастырады, өмір ырғағы мен салтын өзгертеді, ұлттық дәстүрлер заманауи элементтермен толықтырылады» дeді ол history.kz сайтына берген сұхбатында. Демек, бұл бағдарламаның берері әлі алда.

Наурыздан қымызмұрындыққа дейін…

Сөз жоқ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Оңтүстік жұртшылығы үшін «майдай жақты. Себебі, мұнда салт-дәстүрдің қаймағы сақталып, қазақ тілінің мәртебесі биіктеп кеткен. Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен өңірде ел рухын серпілтетін көптеген шаралар қолға алынды. Солардың ең ауқымдыларына тоқталсақ…
Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және салт-дәстүрлерді, ататарихты насихаттау мақсатында Қазығұрт ауданында «Наурыз — Қазығұрттан басталады» деген атпен Наурыз тойы өтті. Оған мыңдаған адам қатысты. Қасиетті таудың баурайында ұлттық сананы жаңғыртатын іс-шаралар ұйымдастырылды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Түлкібас ауданында «Қызғалдақ фестивалі» ұйымдастырылса, Бәйдібек ауданында «Қымызмұрындық» фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Фестивальде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің орны орасан зор. Бұл дегеніміз — ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар Қымызмұрындыққа шақырылған. Яғни, алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген. Қазақта сусынның Құнан қымыз, Дөнен қымыз, Уыз қымыз, Жазғы қымыз, Түнемел қымыз сияқты түрлері бар. Бұлардың әрқайысының дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын» деп тілек айтысқан, олай болса бүгінгі «Қымызмұрындық» тойы құтты болсын!» деген болатын. Мағыналы іс-шара аясында қымыз баптаушылар
сайысы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, құлынды бие және сәйгүліктердің шеруі, ұлттық ат спорт түрлерінен көріністер, қымыз ішу сайысы өтті. Сайыстарға 15 аудан, қалалардан үміткерлер қатысып, жеңімпаздар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер жас келіндерге қымыз баптаудың тәсілдерін үйретті. Салт-дәстүрді насихаттау, рухани жаңғыру деген осы емес пе? Ордабасы ауданында өткен «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» тақырыбында ауқымды іс-шара да жұртшылықтың оң бағасын алды. Алдағы уақытта өңірде «Халықаралық өнер фестивалі», «Қауын fest», «Агро fest», «Салбурын – саятшылық мерекесі» мен «Туған жерге тағзым» жобалары мен Түркістан қаласы мен киелі Отырар ауданында өтетін «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты іс-шара да жоспарға енгізілген. Барлығы да қазақтың жан-дүниесіне жақын дүниелер. Біз өңірде қолға алынған бірнеше іс-шараға ғана тоқталдық. Ел санасын сілкіндіріп, тарихи танымын оятқан бастамалар туралы алдағы уақытта да жазатын боламыз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» деген болатын. Демек, табысқа жетудің, Мәңгілік Ел болудың төркіні – ұлттық болмыс пен тарихта жатыр.

Ғалым ӘДІЛЖАНОВ.