Маңызды

2018 жылдың 10 қазан күні Облыстық халық шығармашылығы орталығының Ортағасырлық Төрткүл керуен сарайы тарихи кешенінде кеше бастау алған «Қазақ ауылы» жобасы аясында өтіп жатқан мәдениет күндері өз мәресіне жетті.
Аталған мәдени іс-шараға Байзақ, Жамбыл, Сарысу аудандарының мәдениет үйінің қызметкерлері мен өнерпаздары атсалысты. Бұл көпшілікке арналған мәдени шарада қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары дәріптеліп, қала қонақтары мен жиналған көпшіліктің назарларына ұсынылды. Сонымен қатар, аталған аудандардың өнерпаздары «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Тоқым қағар», «Асату» сынды салт дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, ұлттық әндерімізді орындап, бабаларымыздың аманаттап кеткен құнды дүниелерімізді насихаттап жиналған көпшіліктің ықыласына бөленді.

Иә, рас, «Өнер көзі-халықта» деп бекер айтпайды қазақ халқы. Соңғы уақыттарда өңірде халықтың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында бір қатар айтулы шаралар іске асырылуда. Ал кешелі бері өтіп жатқан іс-шара рухани баю тойлары. Ұлы бабалардың рухани мұрасы ұрпақтарына мыңдаған жылдар азық болуға жарайды. Ал бүгінгі мәдени іс-шаралар соның айғағы.
МАДИЯР ЕРАЛЫҰЛЫ

Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Кентау қаласында балабақша бүлдіршіндерін Отанын, тілін сүюге, қастерлеуге тəрбиелеу, халық ертегілерін насихаттау мақсатында «Əжемнің ертегісі» іс-шарасы бастау алған болатын. Қаланың балабақшаларында əжелер алқасының мүшелері, кітапхана қызметкерлері балабақша бүлдіршіндеріне қазақ ертегілерін айтып, олардың арасында түрлі викториналық ойындар өткізіп келеді. Бүгін Қарнақ ауылындағы «Согдиана» балабақша бүлдіршіндері əжелердің айтуымен қазақ ертегілерін тыңдап, қариялардың ақыл-өсиеттерінен үлгі алды.
Күнделікті тəрбиешінің, ата-анасының ғана емес, кимешек киген əжелердің айтуымен ертегілер арқылы баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру шарасы қала, ауылдардағы барлық балабақшаларда жалғасын табатын болады.
Біздің бастамамызды қолдап, жас ұрпақтың бойына ертегі айту арқылы ізгілікті, адамгершілікті, адалдық пен тағы да басқа жақсы қасиеттерді сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шараларға атсалысып жүрген Салтанат Атабекқызы бастаған әжелер алқасына алғысымызды білдіреміз.
 

Төлеби ауданы басшылығының бастамасымен ұйымдастырылған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Ұлы тұлға Төле би Әлібекұлының 355 жылдығына орай, ауданымыздың ардагерлері, зиялы қауым өкілдері 28-ші қыркүйек күні Ташкент қаласына Төлеби бабамыздың кесенесіне барып, құран бағыштап, Ташкент қаласындағы тарихи орындарды аралап қайтты.
Орталық алаңда мәдениет үйінің қызметкерлерімен салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өткізіліп, ауданымыздың батагөй ақсақал қариясы Оңғаров Құдайберген атамыз сапарымызға ақ жол тілеп, елімізге аман-есен оралайық деген ниетпен ақ батасын берді. Шекарадан жасыл дәліз арқылы өтіп, Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласына жол тартты.
Алдымен Төлеби бабамыздың ұстазы қазіргі Ташкенттің орталығында Әлішер Навои, Шайхантохур және Абдулла Қадирдің қалыптасқан көшелерінде төртбұрышта орналасқан, Ташкенттің маңызды сәулет ескерткіштерінің бірі болып табылатын, Шейх Ховенди-Тахур кесенесіне бет бұрдық.
Ары қарай, ұлы жүздің бас биі — Қазыбек, Айтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған, Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген Төле би бабамыздың басына барып, құран бағыштап, зиярат жасадық. Ел мүддесі үшін теңдессіз еңбек еткен, Төлеби Әлібекұлын еске алу, ұлықтау, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында бабамызға арнап «Лавзак» мейрамханасында ас берілді.
Астан кейін, Қазақ ұлттық мәдени орталығында Өзбекстан Республикасының Жазушылар Одағының мүшелерімен және зиялы қауыммен достық қарым-қатынастағы кездесу болып өтті. Кездесу барысында Төле би жайлы кітапты өзбек тіліне аудару бойынша ой бөлісіп, екі елдің ынтымақтастығының, бірлігінің арқасында басшыларға ұлттық шапандар берілді. Өзбекстандағы қазақ этно-мәдени орталығының кітапхана қорына 7 томдық «Төле би» атты кітап жинағынан 6 жинақ, Әсет Кембаевтың «Тарих өткелдеріндегі Төле би» атты кітабынан 20 дана сыйға тартылды.
Ауданнан барған делегация орталықтан шығып, Ташкенттің ескі қалашығында орналасқан Хазірет-Имам діни орталық алаңын аралап,оның тарихымен танысты. Орталық алаңында Барак-Хан медресесі, шығыс қолжазбаларына бай кітапхана және кітапхананың арнайы бөлмесінде әлемге танымал Халифа Османның Құран кітабы сақталған екен. Бұл қасиетті кітап VII ғасырда жазылған және де өзіндік тарихы бар, көптеген елдер мен қалаларда болған екен. Осындай қасиетті құран кітаптың түпнұсқасын көріп, қолымен ұстауға мүмкіндік туды.
Діни орталықтан кейін «Шымыр ата» мавзолей кешеніне жол түсті. «Шымыр ата»этнониміне келетін болсақ, шығу тарихы шамамен 14 ғасырда өмір сүрген рубасы есімімен тікелей байланысты болған.Шымыр ата жайлы халық аңызында сақталған. Шымыр ата бұрынғы Ташкент ауданында өмір сүрген, мавзолей кешені Ташкент қаласы, Олмазор ауданында Фараби көшесінде орналасыпты. Кешеннің ішінде мешіт пен мавзолей бар екен.
Міне, осындай есте қаларлықтай керемет дүниелерді көруді бұйыртып, елдің батасын алған аудан басшылығы ардагер аталарымыз бен апаларымыздың, зиялы қауым өкілдерінің батасын алып қайтты. Ақсақал қарияларымыздың ізгі-тілектері қабыл болсын демекпіз.

Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ұстаздық барлық мамандықтың ұлы бастамасы. Қандай маман болмасын ең алдымен ұстаздан білім алады. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев айтқандай, қай заманда болмасын ұстазды ерекше құрметтеген. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әрдайым білім саласына ерекше мән беріп, үнемі қамқорлық көрсетіп келеді. Бұл мемлекеттің даму саясатында сапалы білім мен білікті ұстаздың орны айрықша екенін білдіреді. Өйткені білім беру ел дамуының стратегиялық өсу нүктесіне айналып отыр
Бүгін ауданымызда ұстаздар күніне арналған мерекелік іс – шарада аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан мұғалімдерін мерекелерімен құттықтап, ұстаздардың мәртебесін көтеру және педагог қызметкерлерінің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыру жұмыстарының маңыздылығын сөз етті.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Құрметті ұстаздар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке –Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет екенін тілге тиек етіп, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастыру керектігін баса айтқан болатын. Ұстаз — келер күннің ұстасы. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, жаңаша ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір мұғалім жадында сақтауы тиіс. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін, мен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін»,-деді.
Мұнан соң аудан басшысы жақында ғана облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен «Жақсылар, дастан айтайын… » атты жас жыршылар байқауына екі бірдей шәкіртін үкілеп қосып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Айнұр Әлшеріге шынайы ризашлығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Марапаттау барысында аудан әкімі өз еңбегінің жемісін көріп, автокөлік иесі атанған Айнұрдың бұл жеңісі басқа ұстаздардың да жұмысқа деген ынтасын оятып, жігерлендіретінін айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жиында білім саласының үздіктері Түркістан облысы әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен», Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов пен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасым Егемберді сөз алып, заманына сай білімді ұрпақтың болашағын қалыптастырушы маман иелері ұлағатты ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, облыстық мәслихат пен кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталары мен төсбелгілерін табыстаса, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков ұлағатты жандарға ақжарма тілегін жеткізді.
Одан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның өнерлі жас оқушылары ұстаздарға арналған әндерді нақышына келтіре орындаса, бишілер өздерінің балауса тәтті қылықтарымен көптің көңілін жаулады. Кеште айтылған ақжарма тілектер мен жүрек тебірентер әсем әндер мұғалімдерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, ерекше әсерге бөледі.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс мұғалімдерін білім күні мерекесімен құттықтады. Отырарлық ұстаздар қауымы өңір басшысының құттықтау лебізін тікелей экран арқылы тамашалады.
Облыс әкімі өз сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында айтылған білім саласының қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселесі ұстаздар қауымының ел болашағы жолында тынымсыз еңбек етулеріне ынта беретінін тілге тиек етті.
Өзінің еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған Ж.Түймебаев ұлағатты жандардың жан-дүниесін жақсы түсінетінін айта келе, Елбасымыз жариялаған маңызды құжаттың ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болатынын сөз етті. Ұлт Көшбасшысы айтқан жетістіктерге жету жолын табу үшін бірлесе жұмыс жасауымыз керектігін де әңгімеге арқау етті.
Мерекелік құттықтауда ардагер ұстаздардың да пікірін тыңдап, оларға сый құрмет көрсеткен облыс әкімі облыстың әр аудандарының үздіктері болған мұғалімдерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Аталған марапатқа ауданымыздағы А.Дәрібаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Жұмакүл Нәлібаева да ие болды.

 

Түркістан облысының Отырар ауданында Франция еліне белгілі профессорлар мен тарих ғалымдары келіп, күллі мұсылман тәу ететін Арыстанбаб кесенесіне барып зиярат етті. Қонақтарды кесене алдында күтіп алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырар мен Арыстанбаб тарихына және аңыздарға тоқталып, ғалымдарды қызықтырған барлық сауалдарына жауап берді. Меймандар топырағын түртсең тарих сөйлейтін киелі Отырар жерінің өткен ғасырдағы өмірі мен құнды деректерімен терең танысып қатты қызығушылық білдірді.
Ботаника ғылымдарының профессоры Француа Лэнобла мен Орта Азияға белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Светлана Горшенина және тарихшы Моника Малгожата өздерін елең еткізген кей деректерді түртіп, жазып алып жатты. Ғалымдармен бірге келген елімізге белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру және Ресей жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі Саттар Мәжитов да қазақ елінің мәдени-тарихи өмірі мен ежелгі Отырар жұртының тұрмысы жайында қызықты ақпараттарды айтып отырды.
Мұнан соң меймандар Отырартөбе қалашығына барып, кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттығы дамыған қалалардың бірі болған, бүгінде монғол шапқылығы салдарынан жер астына көміліп, төбеге айналған ежелгі Отырар қаласының бай мұрасымен танысты. Шет елдерден келетін туристердің қызығушылығын арттырған Отырартөбенің архитектуралық пішіні мен орналасу жағдайы, ондағы әлі зерттеліп бітпеген мәдени ошақтар Франциядан келген ғалымдарды да қызықтырып, көмілген тарих тіл қатқандай әсермен төбенің әр қырын аралап көрді.
Жалпы Франция елі өзінің туризм саласы қалыптасқан, Батыс Еуропадағы ірі мемлекеттердің бірі. Жыл сайын 80 миллионнан астам туристерді қабылдай алатын алпауыт елден аларымыз көп. Туризм кластерін дамытуды қолға алып, осы бағыттағы қарқынды істерді қолға алып жатқан өлкеміз үшін Франция ғалымдарымен қарым-қатынасты арттырудың маңызы зор. Өйткені тарихты деректі зерттеу шығармаларымен сөйлеткен ғалымдардың артынан әлі талай туристердің ағылары сөзсіз.