Маңызды

Өткен тамыз айы орта шенінен асқан шақта күнгейге еліміздің Премьер– министрі Бақытжан Сағынтаев іссапармен келген болатын. Облыс орталығы Түркістанға ат шалдырған соң, Бақытжан Сағынтаев беделі биіктеп, мегаполис мәртебесін алған Шымкентке бет алып, қаланың шен-шекпенділерімен де кездесіп қайтқан еді. Біз Премьер-Министрдің осы сапары туралы газетіміздің өткен санының бірінде «Премьер қатысқан «разборка» немесе елдің тыныштығын ойлауы тиіс әкімдер неге текетіресіп жүр?» атты мақалада жазған болатынбыз.

Аталған сапар кезінде Бақытжан Сағынтаевтың Шымкент мэріне қарата «…Бір жерде тұрған ағайындар екіге бөлінгеннен кейін айтысып жүрген ұят болады!» деп айтқан сөзін мақалаға өзек еткенбіз. Яғни, онда Премьердің бұл сөзі ел арасында желдей есіп жүрген «Әбдірахымовтың қалада іргесі құйылған бірде бір мекеме облыс меншігіне өтпейді деп бет қақтырмай жүр екен» деп жатқаны шындықтың шеңберіндегі сөз екенін айқын аңғартқандай болғаны тұрғысында ой өрбітілген еді. Сөйтіп, Премьердің күнгейге келуін әкеден қалған мұраға таласқан тентек ұлдардың керін киген жоғарыдағы қос әкімдердің қылығы Ақорда төріне жетіп, «олар беттің арын бес түйген» шенеуніктердің бұл «қарусыз майданына» нүкте қоюға кіріскендігінің көрінісімен тығыз байланыстырып болжам жасағанбыз.

Шыны керек бір үйде тел өскен балалардай болуы тиіс Шымкент пен жаңадан құрылған Түркістан облысы әкімдерінің арасында мұндай мазасыз ауанның жағымсыз жайы қалың қауымға да кереғар әсер беретінін осы мақала арқылы жеткізген едік. Біздегі мақсат биліктің бишігін ұстағандарды сын садағына алып, еңсесін езу емес, көптің алаң көңілін сол кісілердің назарына жеткізе отырып, оларды елге тиімді, жұртқа жағымды тірлік етуге шақыру ғана екені ашық ақиқат.

Осы аптада біздің сол үкілі үмітіміз ақталып, жоғарыда аттары аталып, түстері түстелген қос әкім бұдан былайғы ретте ынтымақты түрде жұмыс істеу туралы тоқтамға табан тіреді. Бұл тек біз үшін емес, аймақ халқының баршасына да ақжолтай ақпар болды. Оған әлем-жәлем болған әлеуметтік желі арқылы осы ақпар туралы жазбаларға пікір қалдырып жатқан жұрттың лебізі дәлел сияқты.
Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында 17-тамыз күні жаңадан құрылған Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшкен еді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған сол керуен көштің киелі қалаға баруы Шымкентте салтанатты жағдайда өткізілген. Бірақ сол шараға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың келмеуі кісілік болды ма, әлде, «шақырмаған жерге барма» дегеннің құрбанының кері болды ма белгісіз. Бірақ сол кезде оның осы шараға қатыспауы қоғамның зор түсініспеушілігін тудырған. Жұрт осы жағдайлардың барлығын ой елегінен өткізе отырып, «қос әкім бір-біріне ұрттарын бұртитып жүр» деген долбар жасағаны да жасырын емес. Қай жағынан алып қарасаңыз да әкімдердің мұндай тірліктің түзілуіне жол беруі жөн болмады.
Бірақ осындай текетірестің барлығынан кейін Жансейіт Түймебаев пен Ғабидолла Әбдірахымовтың арыға барып, артық кетпей, біріге, бірлесе жұмыс істеу туралы меморандум жасауы өте бір құптарлық жәйт болды. Тұран төрінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің арасында жасалған бұл меморандумның негізінде облыс пен қала көптеген салалар бойынша бір-бірін қолдап, қатар дамитын болмақ. Осы бағытта тараптардың ынтымақты түрде жұмыс істеуіне негіз болар меморандумға қол қою рәсімі кезінде Шымкент басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы:
– Түркістанның Қазақстан үшін, жалпы Түркі əлемі үшін маңызы зор. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы арасында əкімшілік шекара бар шығар, бірақ, біз əрқашан біргеміз. Енді бізді ешкім бөле алмайды. Қаланың Бас жоспары бекітілген соң Түркістан қаласындағы ең бірінші ғимаратты Шымкент қаласы əкімдігі салып беретін болады. Шымкент əрқашан Түркістанмен біргеміз. Елбасы тапсырғандай, Түркістан қаласы қарқынды дамып, əлемдік деңгейдегі шаһарлардың қатарына қосыла берсін, -дей келе, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлына:
– Өзіңізге жəне Сізбен бірге көшіп келген басшыларға, мемлекеттік қызметшілерге табыс тілеймін, – деп тілегін төгіп тастады.
Ал облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы:
– Шымкент – Түркістан облысына ең жақын қала. Сондықтан өңірдің дамуына ең бірінші кезекте Шымкент қаласының қосар үлесі зор. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, облыс пен қаланы, сол арқылы республикамызды дамыта беруіміз керек,-деді.
Жуырда Елбасы Парламенттің қос палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысында Түркістан облысының орталығы Түркістанның дамуын Үкімет басты назарға алуы тиістігі туралы тапсырманы шегелеп атап өтті. Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесінде де Түркістанның маңыздылығына мән берді. Тіпті түркітілдес елдерді Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарға атсалысуға шақырды. Одан бұрын мемлекет басшысы еліміздің әр аймағы Түркістан қаласында бір-бір нысан салып беретінін де алға тартқан.
Мемлекет осылай ел-ел, жер-жер болып, талай хан, батырлар жерленген көне қаланы дамытуға атсалып жатқанда оған ең жақын орналасқан ірі қала Шымкентті өз алдына бөлек бөліп, сен тимесең мен тиме деп отырғызып қоймайтынын Ғабидолла Әбдірахымов кеш болса да түсініп, бойын жиып алды. Оның бұл екпіні қай деңгейде болары алдағы күннің еншісінде.
Қазақта «Ер шекіспей, бекіспейді» деген сөз бар. Жансейіт Түймебаев пен Ғабидолла Әбдірахымовтың Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылғаннан бастап, Шымкент мегаполис болғаннан бергі қатынастарының басы қатты, аяғы осылай тату-тәтті болып жалғасып жатқаны лайым сол мақалдың нағыз көрінісі болғай.

Қ. ҚАЛИЕВ,
Сурет С. МЫРЗАЛИЕВТІКІ.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда Оңтүстік Қазақстан облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда «Шарықта, шалқар шабытым» атты облыстық фестиваль болып өтті. Өмірге құштар жандардың дарын қабілетін көпшілікке паш етіп, ұлттық өнер мен қазақ әдебиетінің әлеуетін арттыру мақсатында өткізілген бұл фестивальге Отырар ауданынан 5 үміткер қатысып,
1.«Асқақтай бер, Астана!» (Астананың 20 жылдығына орай, эстрада жанрында жанды дауыста Астанаға арналған патриоттық әндер орындау)
2.«Жырымды елмен оятқан» («Бір ел – бір кітап» республикалық акциясында таңдалған Ш.Құдайбердіұлының өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқу)
3. «Рухани жаңғыруға – өз өнеріммен» (Қолөнер сайысы) үш кезең бойынша сынға түсті. Аудандық іріктеуден облыстық кезеңге жолдама алған 5 үміткеріміз, яғни Әбуова Гүлжазира жүлделі 2 орынға , Сералиев Ерлан мен Жұматай Шапағат 3 орындарды иеленсе, Рахымжан Шұғыла мен Перделі Қаhар сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.
Өнер мен білімді қатар ұстап жүрген оқырмандарымызды жеңістерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.

Төрткүл ауылдық кітапханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бүлдіршіндерге «Отан», «туған жер» құндылықтары туралы кеңінен мағұлмат беруге, туған ел, туған жердің адам өміріндегі маңыздылығын, оған қамқорлық жасай білу сүюге, қадірлеуге, әдемілікке тәрбиелеу мақсатында «Туған жер – алтын бесігім» атты ертеңгілік өткізілді. Іс-шараға «Балбөбек» тобы қатысып, тәрбиешілері Р.Ысхакова, Ж. Ескенеева дайындаған бүлдіршіндер тақырып аясында ән айтып, өлең, тақпақтар оқыды, би биледі. Кітапханашы Ұ. Байғонды «Менің балалық шағымның ертегілері» атты сұрақ-жауап ойынын өткізіп, қатысқан балалар қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, ертегі кейіпкерлерін тауып, қызықты сәттерін айтып отырды. Сондай-ақ «Балаларға арналған әдебиеттер» атты суретті кітап көрмесі безендірілді. Көрмеге «Балалар әдебиеті», «Балалар әлемі» сериялары бойынша Қазақстан балалар жазушыларының және жақын шет ел жазушыларының әдебиеттері қойылды. Балалар өздерінің сүйікті ертегілерінен үзінділер оқып, өзге елдің ертегілері жайында да, ақпараттар тыңдады. Шара барысында бүлдіршіндер көрмеге қойылған кітаптарды оқуға алып, ертеңгілік сергіту жаттығуларымен аяқталды.

2018 жылдың 27 тамызы күні Кентау қалалық орталық кітапханада Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 27 жыл толуына орай «Ерен ерлік» атты кездесу кеші өтті. Іс – шараны Кентау қаласы әкімінің орынбасары Расул Самат ашып, Семей ядролық сынақ полигонына қатысқан ардагерлерге өз жылы лебізін білдіріп, ардагерлерге естелікке кітап сыйлады. Іс – шара барысында Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғ.Тойшиев, ақын, сазгер Ж.Бекшораева, зейнеткер ұстаз Жүсіпов Өмірбек Сейдалыұлы, жергілікті қаламгер М.Махажанов келген қонақтарға Семей полигонындағы ядролық сынақ, атом бомбасы жайлы, оның халыққа , табиғатқа, жан – жауарларға тигізген зияны мен зардаптары туралы айта келе, ардагерлерге арнайы өлең, арнау ізгі ниеттерін арнады. Қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Алтынбеков Қайрат, Семей полигоныны зардабын жоюға қатысқан Мырзабаев Оспан өз естеліктерін айтып өтті.
Кеш соңында анықтамалық-библиографиялық бөлімінің библиографы Н.Дауенова көпшілік оқырмандарға 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні баспасөз басылым беттеріне және «Ол күндер ұмытылмайды» атты көрме – реквиемге шолу жасады.

Кентау қалалық орталық кітапхананың Рухани жаңғыру орталығында «Кентау – елдің мақтаны, еңбекпен атқан ақ таңы» атты кездесу кеші өтті. Қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар: Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі. Ақбар қажы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, «Қаратау тәжі» әдеби шығармашылық бірлестігінің төрағасы, «Ұлы дала батыры» төсбелгісінің иегері- Рахым Балабиев, Алматы қаласында өткен «Алтын жүрек» жобасында «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, ел тәуелсіздік алған жыдары «АрНұр» атты отбасылық балалар үйін ашқан, «Шапағат» медалінің иегері , қаланың құрметті азаматы, қала жанашыры — Ысқақ Жұмашев, 1957 жылдың тамыз айында Москвада өткен Дүниежүзі жастары мен студенттерінің VІ фестивалінің делегаты, 1988 жыл желтоқсан айында Москва Бүкілодақтық халыққа білім беру қызметкерлерінің делегаты, Кентау қаласы ақсақалдар алқасының мүшесі, Кентау қаласының құрметті азаматы, Кентау қаласы мәслихатының екі шақырылымының депутаты, ұстаздардың ұстазы — Өмірбек Жүсіпов, Композитор, Жастар сыйлығының лауреаты, білім беру ісінің құрметті қызметкері, жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, мәдениет қайраткері, Кентау және Түркістан қалаларының құрметті азаматы — Бекжігіт Сердәлілер қонаққа келді. Көпшілік оқырмандар кеш қонақтарына өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, қызықты жауаптар алды. Ақын Балабиев Рахым Базаргелдіұлы өзінің өлеңдерін көпшілікке оқып беріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Оқырманның белгілі «Неге, неге?» әнінің шығу тарихына тоқталып өтіңіз деген сұрағына, ақын Рахым Балабиев пен композитор Бекжігіт Сердәлі өте қызықты етіп әңгімелеп, шын көңілден жазылған әндер міндетті түрде көрерменге жететінін айтты. Кеш қонақтары өздерінің өміржолдарында болған қызықты естеліктерімен оқырмандармен бөлісіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш соңында қонақтар жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Іс-шара соңында «Кентау – елдің мақтаны, еңбекпен атқан ақ таңы» атты ашық кітап көрмесіне шолу жасалынды.

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жиналыс өтті. Жиында кітапхана директоры Айдарбекова Күлия Смайылханқызы ең алдымен Малайзия, Сингапур мемлекеттеріне жасаған іс-сапары жайында және кітапхана ісінің жағдайы жөнінде айтып өтті.
«Кітапхана қоғаммен тығыз байланыста. Қоғам қалай дамыса, кітапхана да сонымен қатар ілесіп дамиды. Шетел кітапханаларында бос тұрған орын жоқ. Жас балдар бас киімін артына қайырып, жатып кітап оқып, ләззат алуда. Үлкен кісілер де қалыспай алдына шәй (кофелерін) алып, жарыса кітап оқуда. Ол жақта нағыз білім не екенін, рухани азық кітапта екенін халық біледі. Тіпті, әкімді де, бөлім басшыларын да, оның балаларын да сол жерде кездестіресің.
Ал, кітапханашылардың жұмысына риза болмай қайтпайсың. Кіргеннен сыпайылық танытып, иіліп сәлемін беріп тұрады. Шыққанша жаныңнан табылып, іздеген материалдарыңды таппай шығармайды. Міне, кітапханаға деген сүйіспеншілік, махаббатты мен сонда көрдім.
Сондай-ақ, барлық кітаптар (материалдар) компьютерге еніп, электронды нұсқада пайдаланылады. Ендеше біз де «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы істерді жүзеге асыруымыз керек! Кітап – тарих. Келер ұрпаққа ыңғайлы жолдарды қарастырып, рухани азықпен қамтамасыз етуіміз қажет! Бұл – біздің (кітапханашылардың) басты міндетіміз!» – дейді кітапхана басшысы Күлия Айдарбекова (Кулия Айдарбекова).
Ендеше, бүгіннен бастап біздің де кітапханаға жаңа өзгерістер керек. Адам адамды тану үшін кітаптың көмегі зор. Бүгіннен бастап кітапхана жүйесін дамыту үшін, нәтижелі жұмыс көрсету үшін кітапханашыларға ұялы сымтетік байланысын жұмыс уақытында қолдануға тыйым салынады.
Және де арнайы кітапхана үшін арыз-шағым және ұсыныс кітабы ашылады.
Кітапхананы дамыту – адамзаттың міндеті

Елдің тарихын білу – отбасының, әулетінің, кір жуып-кіндік кескен, туып өскен ауылының, өңірінің тарихын білуден басталады. Ғылым тілінде «Генерализациялау» деген термин бар (Генерализациялау — жалпылау, жалқыдан жалпыға логикалық өтуі, жалқы құбылыстарды жалпы ұстанымдарға бағындыру).
Өзінің тегін, оның тарихын білмеген, білуге ұмтылмаған адамның өз халқының тарихын білемін деуі бекер!

Әлімсақтан бері ағайыннан алыс қонбай, «бір әулет-бір ауыл» болып көшіп-қонып жүрген халқымыздың тарихы, осы ауыл-әулет тарихынан басталады (Есімізді білгелі қариялардан естіген әңгімелерімізді архив деректерімен негіздеген «Ауыл тарихы — ел тарихы» атты кітабымызды 2016 ж. баспадан шығарған болатынбыз).

Оқулықтың педагогикалық аспектілеріне тоқталмай-ақ қояйын…
«Өлкетану» пәнін мектеп бағдарламасына енгізу арқылы ауыл интеллигенциясы – мектеп мұғалімдерін зерттеу жұмыстарына тартып, бірнеше проблеманы шешуге болады.
— Әрбір ауылдың тарихы түгенделмей, қазақ тарихы толық деп айтуға болмайды! Ал өз тарихын білмейтін адам басқа халықтарды, оның тарихын, тілін, әдет-ғұрпын құрметтей де, сыйлай да алмайды. Өткеннің қателігінен тағлым алу жағы тағы бар..
— Әр ауылдың , өңірдің тарихын түгендесек, 1916-53 жылдардағы зұлматта қанша адамнан айрылғанымыздың санын шындыққа жақындатуға болады.
— Екінші дүниежүзілік соғыстан қанша адам қайтпай қалғанын нақтылауға болады.
(Жоғарыдағы осы 2 мәселе бойынша күні бүгінге дейін еліміздің тарихшылары арасында талас көп екенін өздеріңіз білесіздер).
— Жеке азаматтардың қолындағы жыр-дастан, естелік, соғыстан жазылған хаттар, фотосуреттер және өзге де құнды тарихи құжаттарды жинап алуға болады.
— Қай ұлт – мемлекет құраушы ұлт, қай ұлт – «диаспора», қай ұлт — «ирредента» өкілі деген секілді сұрақтарға жауап беруге болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп бағдарламасына енгізілген «Өлкетану» оқулығын Шымкент қаласының 4 мұғалімінен құрылған авторлар тобы (тарих, әдебиет, география және музыка мамандары) бір жыл бойы жұмыс істеп, жазып шықты.

  1. Өмір Шыныбекұлы — Шымкент қаласы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі.
    2. Бибайша Бейсетаева — Шымкент қаласы, №47 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әлебиеті пәнінің мұғалімі.
    3. Күлімхан Сейілбекова — Шымкент қаласы, №23 мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі.
    4. Жанар Ширманова — Шымкент қаласы, №90 жалпы орта мектебінің география пәні мұғалімі.

Оқулықта оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, өлке тарихы, географиясы, әдебиеті мен музыкасы қамтылды.

Оқулық “Өлкетану”, “Краеведение” аталып, қазақ және орыс тілінде жазылған.

БжҒ министрлігі тамыз айының 16-24 аралығында еліміздің жетекші ғалымдары мен мамандарынан құралған 30 сарапшы мен оқулықтардың авторларын «Алматыкітап» баспасына жинап оқулықты сараптамадан өткізді.

Біткен іске сыншы көп болары бесенеден белгілі..
3 млн тұрғыны бар облыстан 3 оқу жылында бар болғаны 20 сағат бөлінген «Өлкетану» оқулығына кіруі тиіс тұлғаларды анықтау өте қиын екенін түсіну қиын емес шығар..

Қорыта келе айтарымыз, болашақта «Өлкетану» пәні қазіргідей 5-7 сыныптарда емес, 5-9 сыныптарда аптасына бір рет өткізілуі тиіс.

Оқулықты дайындау барысында авторларға көмектескен азаматтарды тұсаукесердің ұйымдастырушылары атап шықты.
Ал, мен автор ретінде осы оқулыққа материал жинауға үлкен көмек көрсеткен Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібай бауырымызға алғыс айтар едім. Материал, дерек беруге құлықсыздау болған кейбір жайбасар қызметкерлерді Бейсен арқылы қамшылап отырдым.

«Орамал тон болмайды, жол болады»

«Айтқанның аузы, жылғанның көзі жаман» болса да, реті келгенде айта кетейін, өз басым марапатқа зәру емеспін…
(2017 жылы облыс әкімінің Алғыс хатын, БжҒ министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын, 2018 ж. «Астана- 20 жыл» төсбелгісімен марапатталғанмын).
Облыс әкімдігі немесе Білім басқармасы жыл бойы уақытпен санаспай жұмыс істеген соавторларға ең құрығанда бір-бір Алғыс хат тапсырмағанына әкімдік үшін әріптестерімнің алдында мен ұялдым (Авторлар Алматы қаласына Республикалық сараптамалық жиынға да өз қаражаттарына барып келді. Іс-сапардың шығынын төлеу үшін мәслихаттың келісімі керек екен).
(Ал, жалпы айтсақ марапат мұғалімдердің санатын көтергенде және қайта бекіткенде өте қажет)

Оқулық «Алматыкітап» баспасында басылып жатыр.

(Фотолар Бибайша Нұржанқызы мен Әдістемелік кабинеттің аккаунттарынан алынды)

Жайдары жаз мезгілі межесіне жетіп, cағыныштың белгісіндей болған сары күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге басталған кезекті оқу жылында бала біткен мектепке қарай асығып, алтын ұя мектебімен сағына қауышатыны белгілі.
Бүгін 1 қыркүйек – білім күні мерекесі республикамыздың барлық өңірлерінде аталып өтілуде. Айтулы мереке ауданымызда да өзіндік сән-салтанатымен аталып өтіп, жаңа оқу жылының құрметіне орай аудандағы барлық білім ошақтарында салтанатты жиын өткізілді.
Аудан әкімі Ерлан Айтаханов оқушыларды қастерлі мерекемен құттықтау үшін аудан орталығындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатына барып, «Сыңғырла күміс қоңырау» атты іс-шарасына қатысты.
«Алғашқы қоңырау» мерекесінің ашылу салтанатында мектеп директоры Әділхан Әріпбеков сөз алып, білім ордасының жетістігіне тоқталды.
Өткен оқу жылында Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатынан 47 түлек түлеп шығып, одан ҰБТ-ға қатысқан 40 оқушының орта балы 98,3 балды құрап, мектеп абыройын асқақтатқан болатын. Бұл көрсеткіш аудан рейтингісін көтеріп, Отырар ауданы облыс көлемінде ең жоғарғы нәтижені көрсетті. Аудан бойынша 325 оқушы мемлекеттік грант иегері атанып, бұл ҰБТ-ге қатысқан оқушының 63 % пайызын құраса, Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатының 29 түлегі мемлекеттік грант иегері атанып, яғни 73 пайызбен аудан рейтингісінде көш бастап тұр. Сонымен қатар, 2017-2018 оқу жылында мектептің 1 сыныбына 44 оқушы қабылданса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 49 балаға артып, 93 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр. Бұл мектеп ұжымының қажырлы еңбегі мен білікті ұстаздардың жеткен жетістіктерінің жеңісі.
Мерекелік шарада сөз алған аудан басшысы барша мұғалімдер мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, жастардың сапалы білім алып, белгілі азамат болулары үшін барынша жағдай жасап отыр. Еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақ Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді білдіремін. 2018-2019 оқу жылында 1 — қыркүйек «Білім күні» облыс бойынша барлық білім беру ұйымдарында «Қазақстаным — жүрегім, Түркістаным – тірегім!» тақырыбында білім сабағын өткізілуде. «Қазақстаным — жүрегім, Түркістаным – тірегім!» тақырыбы бойынша білім сабағының тұжырымдамалық идеясы қоғам мүддесінде азаматтық, әлеуметтік әрекеттерге дайындықты қамтамасыз ететін өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің қажеттілігі және Түркістандық жаңа дамудың басымдықтарын насихаттаудың идеясы болып табылады.
Өткен оқу жылында ауданның бітіруші түлектерінің 71 пайызы немесе 514 оқушы ҰБТ-ке қатысса, тест қорытындысы бойынша жалпы орта балл 90,4 балды құрап облыс көлемінде алғашқы орынға шықтық. Бұл ұстаздардың талмай еткен еңбектерінің жемісі деп білемін. Ұстаз — келер күннің ұстасы. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Ендеше баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!,-деді аудан басшысы.
Шара барысында ардагер ұстаз Абдулла Ордабаев пен аудандық мәслихат депутаты Аралбай Асан мерекеге қатысушыларды Білім күнімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұнан соң «күміс қоңырау» қойылымы көрсетіліп, мектептің өнерлі өрендері «мектебім», «алғашқы қоңырау», «туған жер» әндерін орындады. Білім күнінде 11-сынып оқушысы Айдана Тұран мен 1-сыныпқа қабылданған Елжан Баяхметов алғашқы қоңырауды соғып, білім ұясындағы алғашқы қоңырау үні оқушылардың көңіліне қуаныш ұялатты.
Мерекелік шардан соң аудан әкімі Ерлан Айтаханов мектептің 1-сынып және 11-сынып оқушыларының сабағына кіріп, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.

Өңіріміздегі барлық аудан, қалаларда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Адал жол» марафоны бастау алған болатын.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өтіп жатқан «Адал жол» эстафеталық марафонын Отырар ауданы Арыс қаласынан қабылдап алып, ауданымызда түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен мемлекеттік саясатты насихаттау аясында өткен эстафета барысында флешмоб, автошеру, дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырылды. Мемлекеттің дамуын тежейтін сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілін ұсынып отырған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адал жол» эстафеталық марафоны қасиетті өлкеде кеңінен қолдау тауып, марафонға мыңға жуық адам қамтылды.
Бүгін «Адал жол» эстафеталық марафонының тізгіні имандылық пен тазалықтың ұясы болған Бабтардың бабы – Арыстанбаб пен қазақ өркениетінің алтын діңгегіне баланған киелі Отырар ауданынан қарт Қаратаудың етегіндегі кенді қала кентаулықтарға табысталды.
Аталған шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде: «Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына да байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал» делінген. Бұл жерде жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды»-деп, аудан халқын ғасыр індеті саналған сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырды.
Мұнан соң аудан әкімі Ерлан Айтаханов Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расул бастаған делегацияның жұмысына сәттілік тілей отырып, ұсыныс-тілектер жазылған «Адал жол» кітабын табыстады.
Шара барысында ауданымызда өткен «Адал жол» эстафеталық марафонында белсенділік танытып, атсалысқан бір топ мемлекеттік қызметкерлер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ шарада аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков пен ауданның бас имамы Әлижан Бекбауов жемқорлықтың адамзат баласына тигізер зардабы жайында келелі ойларын айтса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Мерей Әметбек аудан жастарын ата-бабамыз аманат еткен адалдық, тектілік жолынан адаспай, қандай істе болмасын адал болуға шақырды.
Одан әрі шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, ақындар жыр шумақтарымен көпшілікті бір серпілтіп алса, әншілердің сызылта салған патриоттық әндері шараға қатысушылардың көңілін көтеріп тастады.

 

 

Ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев түс ауа мемлекеттік қызметшілермен арнайы семинар-тренинг өткізді.
Семинарға ауданымыздағы мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен мектеп директорлары қатысты. Жиынды аудан әкімі Ерлан Айтаханов ашып, жүргізіп отырды.
Семинарда сөз алған департамент басшысы мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жиынның мән-маңызына тоқтала келе, жемқорлық пен құқық-бұзушылықты туғызатын себептер мен жағдаяттардың алдын алып, оларды жою, мемлекеттік қызметшілердің білімін көтеру, жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттау, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы жүргізілетін шаралардың жариялылығы мен ашықтығын үйлестіру туралы түсіндіріп өтті.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың адамзат баласына тигізген зардабы жайында бейнеролик көрсетілді.
Жиында бейнероликтің мемлекеттік қызметшілерге үлкен ой салып, алдағы уақытта әрбір азамат мұндай істерден аулақ болатынына сенім білдірген аудан әкімі: «Еліміз Тәуелсіздік алып, бүкіл дүние жүзіне танылдық. Дүние жүзіне қазақ елі біртұтастығыменен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғамның дамуында жаңа жол айқындалып, туындаған әртүрлі кеселдерден айығу ең басты міндет болып тұр. Оның ең бастысы- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен алға қойылып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметшілердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Өйткені, оған елдің болашағы ғана емес, əр адамның тағдыры да байланысты» — дей келе, ауданымызға арнайы ат басын бұрған департамент басшысына отырарлықтардың атынан шынайы алғысын жеткізді.
Семинардан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, пікірлері мен өтініштерін тыңдады.