Маңызды

Осы аптада Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес Мичурин ауылдық округіне қарасты Таусағыз ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Тастұмсық ауылынан Таусағыз ауылына кіре-беріс жеріндегі көпірді жөндеу мен Жандосов көшесінің аяғындағы 450 метр жерді Майтөбе, Тастұмсық ауылдары арасынан өтетін аудандық маңызы бар тас жолға қосып беру бойынша өтініштерін айтты. Аудан басшысы айтылған көпір мен тас жолы түсетін жерді арнайы аралап, ауыл тұрғындарының уәждерін орындау мақсатында аудандық тұрғын үй-комуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мен ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандарына жауын-шашын мезгілі басталмай тұрып, ел игілігіне пайдалануға беруге жұмыс жасауды тапсырды.

Түлкібас ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі.

Азаматтық тұлғаның қалыптасуы адамның өзіне және елге сіңірген еңбегіне көп байланысты. Халыққа танымал талай тыңғылықты тірлікті жүргізген, бедері мен беделі олқы соқпайтын сондай азаматтардың бірі – Бәйдібек ауданының тумасы, белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі жақында «Ордабасы оттары» газетінің редакциясында қонақта болып, жұртшылықпен ашық кездесу өткізді.

Қалың қауыммен жүздесу барысында Қалдыбек Құрманәлі өз басынан осы күнге дейінгі өткен шығармашылық кезеңі, өнер өлкесіндегі атқарған тірліктері, оның жақсы жақтары мен олқы тұстары жайында ешқандай кібіртектеусіз барлық болған оқиғаларды жиналғандарға қаз-қалпында жеткізді. Ел басқарған және шығармашылық
биіктерге көтерілген талай азаматтар жайында естеліктер айтып, олардың тағылымды тұстарынан өзінің де үлгі алғандығын айтты. Жұрт алдында өз ойын жеткізе отырып, композитор болашақ жайлы да толғанысты пікір жасап, келешек Елбасының өз шаңырағының табалдырығын аттайтындығына үлкен сенімде екендігін айта отырып, тіптен ол кісінің аты-жөнінің кім екендігін білетіндігін де жеткізді. Өзіне қойылған сан сауалдарға ретімен әрі толыққанды жауап беріп отырды.

Т. ДҮЙСЕБАЙ,

Сурет А. ӘССАНДИДІКІ.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы іске қосылған болатын. Аталған бағдарлама негізінде Қазақстанның киелі орындарының географиясының тізімі жасалғаны да белгілі. Сол тізімде қарт Қаратаудың батысында орын тепкен ежелгі Созақ қалашығы енгізілген. Қасиетті қаланың бұлайша қастерленуі тегін емес. Себебі ол Қазақ хандығының тұсында халықтың әлеуметтік саяси өмірінде ерекше мәнге ие мекен болған. Бүгінде осы қалашық орын тепкен Созақ ауданы да облыс тұрмақ, еліміз үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық мәнге ие аумақ болып табылады. Өйткені бұл жерде уран өндірісі өркен жайған. Соның негізінде одан түсетін салық түсімі облыс бюджетін нығайтуда. Экономикасы қуатты аудан облыс бойынша жер көлемі жағынан ең ірі аумақ ретінде де ерекшеленеді. Қазақ хандығының тұсында халықтың әлеуметтік саяси өмірінде ерекше мәнге ие болған теріскейда соңғы жылдары көптеген салалар бойынша бірқыдыру жетістіктер орын алуда. Жуырда Түркістан облысы, Созақ ауданында болған іссапарамыз кезінде аудан басшысы Салыхан Полатовтың 2018 жылдың 7 айында атқарған жұмыс есебімен таныса отырып, оған анық көз жеткіздік.

Өндірілген өнім көрсеткіші өскен

Ауданда ағымдағы жылдың 7 айында 129 млрд. 629 млн. теңгенің өңірлік өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 млрд. 919 млн. теңгеге артық. Есепті кезеңде бюджеттің контингент бойынша жоспары 5 млрд. 434 млн. 617 мың теңгені құрап, ол 103,1 пайызға артығымен орындалып, 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 103,3% немесе 171 млн. 304 мың теңгеге көтерілген.
Оның ішінде жергілікті бюджетке 3 млрд. 883 млн. 888 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 103,7 пайызға орындалды. Есепті кезеңде бюджеттің шығыс бөлігі 7 млрд. 597 млн. 247 мың теңгені құрап, қаржы 100 пайызға игерілген.


Шетелден 78 млн.-нан аса инвестиция тартылған

Естеріңізде болса, өткен жылдың тамыз айында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аудан әкімдеріне деген талапты күшейтіп, олардың жұмысы сыртқы инвестиция тартумен бағаланатынын баса айтқан болатын. Арнайы селекторлық жиында айтқан оның бұл тапсырмасы талай әкімді ширатты десек артық айтқандық емес. Осыған байланысты облыстағы аудан, қала басшылары қандай да бір істі ілгерілету үшін қаржы құятын инвесторларға жағдай жасауға барын салды. Нәтижесінде бірнеше аудандарда осы мақсаттағы жұмыстар бойынша ілкімді істер орын алды. Мәселен, 2018 жылдың 7 айында Созақ ауданы экономикасына 18 млрд. 855 млн. 400 мың теңге инвестиция тартылып, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110% немесе 1 млрд. 709 млн. 800 мың теңгеге артқан. Тартылған инвестициялардың сараласақ, жергілікті бюджеттен – 601 млн. 400 мың теңге, кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың өз қаржысы есебінен – 18 млрд. 106 млн. 800 мың теңге, банктердің кредиттері, шетел инвестициясы – 78 млн. 400 мың теңге, қарыз қаражат көлемі – 68 млн. 800 мың теңгені құраған.

Индустриалды аймақта бес жоба жұмыс істеуде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша елімізде индустриалды аймақтар құрылған болатын. Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп нысандарын орналастыру және пайдалану үшін берілетін, инфрақұрылыммен, коммуникациялармен жабдықталған бұл аймақтарда өндірістің өркен жаюы ел ырысын тасытып, берекесін молайта түсетіні белгілі. Қазіргі таңда Созақ ауданының индустриалды аймағында жалпы құны 1 млрд. 204 млн. теңгені құрайтын 5 жоба бойынша қарқында жұмыс жүруде. Аталған жобалар негізінде индустриалды аймақта 644,7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 41 млн.нан аса қаржы түсті. Бұл жетістікпен тоқтап қалмай, одан ары қарай алға жылжу үшін жыл соңына дейін ауданның индустриалды аймағында тағы 3 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ол «Тағай ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұз өңдеу цехын іске қосу, «ЮКСЭС-50» ЖШС-нің «Күн электрстанциясының» құрылысын жүргізу мен «Централ Азия Мининг» ЖШС-нің «Асыл металлдар өңдеу зауыты» жобалары болып табылады.
Келешекте аудан экономикасының өсуіне оң ықпалын тигізетін тағы 2 жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы аудан әкімі Салыхан Полатов:
– «Теріскей» ЖШС «Асыл металл өндіру» жобасын қолға алмақ. Оның жалпы құны 18 млрд. 500 млн. теңге. Жобаны 2020 жылға дейін іске қосу жоспарлануда. Егер ол жүзеге асса, келешекте 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұдан бөлек біз 2019 жылға дейін Созақ жерінде құны 1,5 млн АҚШ долларын құрайтын «Стандарт Угле Хим» ЖШС-нің «Таскөмірсай» кен орнынан «тас көмірді өңдеу» (Фенол, бензол, толуол, ксилол, нафталин) жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл үшін Ресей елінде арнайы бизнес жоспары жасалуда. Ол іске қосылса бұл жоба 100 адамға тұрақты жұмыс бермек,-дейді.

Ауызсудың азабын тартып отырғандар азаяды

Дәл бүгінгі таңда Созақ ауданы бойынша 35 елді мекеннің 23-не орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген. Аталған елді мекендерде қоныс тепкен тұрғындардың саны аудан халқының 79,2 пайызын құрайды. Олардың басым көпшілігінде (17) жергілікті халық ауыз суды тәулік бойы тұтыну мүмкіндігіне ие болса, қалғандарында тіршілік көзі шекті көлемде беріледі. Атқарушы орган орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген елді мекендердің барлығында бұл көрсеткіштішті 24 сағат бойына қамтуды межелеп отыр. Теріскейдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бүгінде Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елдімекендердегі жерасты суларына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы жыл соңына дейін дайын болмақ. Бұдан бөлек, қазіргі күні аудандағы 6 елді мекенді орталықтандырылған ауыз су құбырына қосу жұмыстары қызу жүруде. Бұл үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп қойған. Егер жұмыс белгіленген мерзімде тындырылатын болса, Созақта сапалы ауыз сумен қамтылған халықтың саны 82 пайызға жететін болады.
Аудан орталығының аумағы ұлғаяды

Жуырда Созақ ауданындағы Балдысу елді мекенінде салынып жатқан 100 орындық орта мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Құмкент ауылындағы қайта құру жұмыстары жүргізілген спорт комплексі мен қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон ел игілігіне берілмек. Ал аудандық маңызы бар 5 шақырым Қарабұлақ-Балдысу автомобиль жолын жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады.
Құрылыс саласы бойынша осындай көзайым жаңалықтардың куәсі болғалы тұрған Созақта бұдан өзге де қарқынды құрылыс жұмыстары орын алуда. Атап айтқанда, аудандағы Ақсүмбе, Балдысу, Шаға, Раңата ауылдарында 4 медициналық пункттің, Созақ ауылында №1 кәсіптік колледждің, Шолаққорған, Созақ ауылдық округтерінде бюджеттік қызметкерлерге арналған қызметтік тұрғын үйлердің құрылысы және демеушілер есебінен Сызған ауылдық округінен 13 шақырымды құрайтын «Шұқырой» каналының лотоктарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қызу жүргізілуде. Қарақұр, Жартытөбе ауылдық округтерінде саябақтың құрылыстары басталды. Шу, Қыземшек, Таукент сынды ауылдардағы 3 мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтуде.
Жуантөбе, Сызған ауылдық округтерінде жарықтандыру жұмыстары қолға алынса, Шолаққорған ауылдық округінде 2 саябақ қайта құрылымдаудан өтуде.
Аудан орталығы Шолаққорғанның халқын ауқатты, жерін абатты ету үшін алдағы жылдар бедерінде ол аумақ құрылыс алаңына айналатын болады. Аудан әкімі Салыхан Полатов Шолаққорғанның қазіргі аумағы 1500 гектар болса, келешекте оған 700 гектар қосылып, жалпы аумағы 2200 гектарға ұлғаятынын мәлімдеуде.
Соған орай орталықта спорт
сарайы, 1, 2, 3 қабатты тұрғын үйлер, бірнеше мектептер салынбақ.

Білім, денсаулық, әлеуметтік салалар басты назарда

Ауданда 2017-2018 оқу жылында мектеп табылдырығын бітірген түлектердің саны 705-ті құрады. Олардың 501-і ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, нәтижесінде аудан көрсеткіші 70,1 балды құрады. 41 оқушы «Алтын белгі», 21 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Мектеп жасындағы өрендердің жазғы демалысын қала сыртындағы лагерде өткізуін жолға қою мақсатында аудандық бюджеттен 42 млн. 700 мың теңге қаржы қаралды. Көрсетілген қаржыға аудан мектептерінен 500 бала тегін, 900 бала ақылы жолдамамен барлығы 1400 өрен жазғы демалыстарын бес ауысым бойынша лагерде өткізген. Алдағы уақытта аудандағы Ақсүмбе елді мекенінен мектеп салынбақ. Бірқатар білім ұяларының жанынан қосымша ғимараттардың құрылыстары іске аспақ.
Ауданда 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы 90 пайызды құрап отыр
Денсаулық сақтау саласы бойынша алаңдатарлық мәселе ол диспансерлік есепте тұрған адамдардың ахуалы болып тұр. 2018 жылдың 7 айындағы көрсеткіш бойынша қазіргі таңда аудан бойынша 12021 адам диспансерлік есепке қойылған. Олардың ауруларына қарай 6 мыңға жуық адам тегін дәрімен қамтамасыз етілуде. 2018 жылдың І-жартыжылдығында тегін дәріге жалпы 35 820,6 млн. теңге қаржы қаралған.
Есепте кезеңде ауданда 702 бала дүниеге келген. Олардан 1 жасқа дейінгі бала өлімімен 5 жағдай тіркелген. Нәресте өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5-жағдайға төмендеген.
Бұдан бөлек ауданның әлеуметтік саласы бойынша жыл бойына 2552 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті 1348 адам нақты қамтылып, жылдық жоспар 52,8 пайызға орындалды. Сондай-ақ «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 25 адам 103,6 млн.теңге несиемен қамтылды. «Жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бойынша 2018 жылға 796 жалпы жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, ағымдағы жылдың 7 айында 773 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 97,1%-ға орындалды.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа жұмыс орындарына 120 адамды жолдау жоспарланса, есепті мерзімде 109 адам жұмысқа жолданып, жылдық жоспар 90,8%-ға орындалған.

Қора қойға, шара майға толып тұр

Созақта есепті мерзім ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд. 257 млн. 800 мың теңге болып, өткен 2017 жылдың 7 айымен салыстырғанда 861 млн. 700 мың теңгеге артып немесе 116 пайызға орындалып, нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады.
Аудан бойынша 13 мың 100 га егістік жерді игеру межеленсе, 13 мың 120 га алқапқа егіс егілді. Есепті кезеңде «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2070 бас тұсақ қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша 197 бас аналық жылқы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 837 бас мүйізді ірі қара малы алынды. Жыл аяғына дейін олардың саны әлі арта түсетін болады. 2018 жылдың 7 айындағы жағдай бойынша ауданда 35 093 бас мүйізді ірі қара, 15 581 бас жылқы, 11 273 бас түйе, 336 088 бас қой-ешкі, 28 688 бас құс өсірілуде. Ауданда төрт-түлік малдың барлық түрлері бойынша 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104-106 пайыз өсім бар.

С. НҰРАЙ.

Табиғаты мұңлылау,
Тасырлығы мыңбұрау,
Болмысы – өмір шындығы-ау,
Күзді жақсы көрмеймін…

Жапырағы сап-сары,
Тым құпия астары,
Қырық қатпар қаспағы,
Күзді жақсы көрмеймін…

Ұрлап қашқан жазымды,
Артық көрген – азымды,
Ажыратқан – назымды,
Күзді жақсы көрмеймін…

Ызғарлатқан жан-жақтан,
Жалғыздықты аңдатқан,
Қымбатымды аңсатқан,
Күзді жақсы көрмеймін…

***

Тамыз…
Тамыз…
Тамылжыған, жайнаған.
Таңғы сұлу – ғажабыңа тоймағам.
Бір-ақ сәтте шыр айналып дүние,
Алтын толып кете барды айналам…

Алтын…
Алтын…
Айналайын, алтын күз!
Пырағы бар періштедей алтын қыз!
Тоқсан қатпар тамырланған киеңнің,
Ұға алдық па ұлылығын, парқын біз?!.

Мұңлы мезгіл,
Жырлы мезгіл, «жаралы»…
Күз жылуы болмысыма тарады.
Көктеміммен қайта айналып келетін,
Құстар мені қимай кетіп барады.

Күз суреті,
Күз мінезі… серпіді.
Қоңыр күзім – көктемімнің төркіні…
Күз жылуы – жүрегімді жұмсартып,
Күз жылуы – керімсалмен желпіді…

***

Күн қызынып алыстан,
Қуат-күші азайған.
Шат-шадыман танысқан,
Қуаныш аз жаз айғы…

Сұрғылт тартып айнала,
Жапырақтар шашылды.
Суық жел де жәй ғана,
«Әзіл айтып» басылды…

Тым биіктен тырналар,
Қолын бұлғап қоштасты.
Асықпаса құр қалар,
Аспанымен астасты…

Жалғыз торғай шырылдап,
Серіктерін іздейді…
Мезгіл өтер зырылдап,
Мұңайсақ та біз мейлі…

Күздің көсір терімін,
Хақ түгендеп, «тергейді»…
Қоңыр күзбен көңілім,
Қоштасқысы келмейді…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.

Біз тілге тиек еткелі отырған Жайық – өзен емес. Білдей бір журналист. Аты-жөні – Жайық Нағымаш. Оның журналистік қызметін қаншалықты деңгейде атқарып жүргенін білмедік, бірақ ол өз есімін айтулы тұлғаларды ғайбаттау арқылы қалыптастырып жүргенін аңғардық. Ж.Нағымаштың әлеуметтік желідегі бір жазбасына назар аудару арқылы жалпы оның ішкі мәдениеті мен журналистік танымының қай деңгейде екендігін бағамдағандай болдық. Көпшілікке түсінікті болу үшін айтар ойымызды басынан бастайық.

Ж.Нағымаш өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында М.Шаxановтың Ш.Қалдаяқов туралы жазған «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты естелік кітабын тілі жеткенше ғайбаттап, түкке тұрғысыз етіп тастайды. Рас, кімге де болсын оқырманға ұсынылған шығармаға пікір білдіруіне, егер маман болса, әдеби талдау жасауына, тіпті сынауына да шектеу қойылмайды. Бірақ біреудің еңбегін тұтастай жоққа шығарып, авторын тілі жеткенше ғайбаттауға әсте, жол берілмейді. Біз зайырлы мемлекетпіз. Соған орай әр жеке тұлға заңмен қорғалады. Ал сол жеке тұлғаның кәсіби маман ретінде өндіріске жіберген өнімін жоққа шығарып, оның саудадағы сұраныстық қабілетіне нұқсан келтіргендер егер зәбір көруші тарапынан заңдылық құқығының аяқ асты етілгендігі үшін құқықтық мекемелерге жүгінер болса, жеке басына және шығармасының таралу мүмкіндігіне кедергі келтіргендігі үшін жауап береді. Сондай-ақ, кітап таралуына тигізген залалы үшін шығын мөлшері де еселеп қайтарылады. Сөзіміз дәйексіз болмауы үшін нақтылы мысалға жүгінелік.
Жайық Нағымаш өзінің Мұxаңның шығармасына деген көзқарасын: «ЭССЕ ЕЛЕСІНДЕГІ ҒАЙБАТТАМА немесе жүйкесі жұқалар оқуға болмайтын кітап» деп бастайды. Сосын әлгі адам жүйкесіне кері әсер ететін кітаптың атын айтып, түсін түстейді. Мынандай «жарнамадан» кейін: «Ойпырмай, ол қандай кітап болды екен?» деп бірден елең ете қаласың. «Бақсам, бақа екен» демекші, Ж.Нағымаштың таусыла айтып отырған кітабы, қазақтың біртуар азаматы Мұxтар Шаxановтың Шәмші бауыры туралы жазған естелігі екен. Егер Жайық Нағымаш ол кітапты шынымен-ақ оқыса, қазақтың мақтанышына айналған атақты үш тұлға – Шәмші, Төлеген, Мұxтарлардың бір атаның баласындай бауыр екендігін түйсінер еді. Оны осы кітапты оқыған кез-келген оқырман білер еді. Бірақ Жайық Нағымаш бұл кітапты оқуға бірден тыйым салады. Тыйым салғанда, адамның өн бойында елеусіз бұғып жатқан жүйке ауруының қоздырғыштары оянып кетуі мүмкіндігін оқырмандарға ескертіп, байбалам салады. Бұдан кейін ол кітапты қолына алуға кім тәуекел етсін?! Демек, кітаптың (тауардың) сатылу мүмкіндігіне тосқауыл қойылды ма, қойылды. Нарық талабы бойынша келтірілген шығын Жайық Нағымаштың қалтасынан өндірілуі тиіс. Енді жеке тұлғаға, яғни, М.Шаxановқа сілтенген «шоқпарға» келейік. Ең бастысы – Жайық Нағымаш өз жазбасы арқылы тыныш жатқан Мұxаң оппоненттерін оятып, оларға сөз алатын «мінбер» тағайындап, әрі олардың аузына келгендерін құсуға жол ашады. Олар Мұxаңның ақыл-есінің дұрыстығына шүбә келтіріп, М.Шаxановты тілдері жеткенше балағаттайды. Олардың бұлайша сөз саптауларына негіз болып отырған, Жайық Нағымаштың жазбасы. Болмаса олардың ешқайсысы да Мұxаң кітабын оқымаған. Барлық пікір Ж.Нағымаштың қалыптастырған ойы арқылы өрістеп отыр. Демек, бұл жерде де пікір білдірушілер жауапкершілігі Ж.Нағымаштың мойнында қалады. Ал ол жауапкершіліктің заң тіліндегі аты – «моральдық шығын» деп аталады. Егер сот алдында жүздессек, Ж.Нағымаштың ол шығынның қанша болатындығын есептеуіне тура келеді. Сондай-ақ, биылғы жылдың 6-мамыры күні Қылмыстық кодекске енгізілген 242-1 бап бойынша жеке тұлғаға тіл тигізіп, абыройына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады, не болмаса 1000 айлық есептік көрсеткіште, яғни екі миллион бір жүз жиырма мың теңге шамасында айыппұл төлейді. Мұндай жауапкершіліктен Ж.Нағымаш жазбасына үн қосып, Мұxаңды ағаш атқа теріс мінгізуге әрекет жасаған Д.Сартбаев, В.Тасмағамбет, А.Сауранбаев, Б.Тоқтасындар да сырт қала алмайды.
Ж.Нағымаштың жазбасына назар аударсаң, М.Шаxановтың Шәмші туралы жазған естелігінде Ш.Қалдаяқовтың теріс іс-әрекеттерін көрсеткеннен басқа бір жөні түзу сөйлем жоқ екен. Енді М.Шаxановты қаншалықты жек көрсе де, бар мақсаты оны қаралау болса да, адам баласын, оның ішінде Мұxаңдай айтулы тұлғаны осыншалықты күстәналап, кекетіп-мұқатуға бола ма?!
Құдайшылығын айтайық, М.Шаxанов өз естелігінің қай жерінде шындықтан ауытқыпты?! Ж.Нағымаш пен оның шашбауын көтерушілер үш алып арасындағы достықты, олардың шығармашылық байланыстарын, олардың әндерінің туу тариxын, Мұxаңның анасының үш баласына ұмсынған аялы алақанын неге көрмейді?! Олар Мұxаңның сол кітаптағы: «Анам Шәмшіні де, Төлегенді де өзгеше аналық парасатпен ардақ тұтты. Ол екеуі де анам дегенде, ішкен асын жерге қоярдай құрметінен танған емес» деген ақжарылқап сөзін неге оқымайды?! Олар Шәкең денсаулығына бәйек болған, ұдайы қолындағы стаканына жармасқан, Шәуілдірден алдырып, Алматыдағы Министрлер Кеңесінің ауруxанасына жатқызып, Ш.Қалдаяқов үшін шыр-пыры шығып жүрген М.Шаxановты неге көрмейді?! Мәселен, М.Шаxановтың анасы Ұмсын Айтбайқызы өмірге он үш перзент әкелген. Олардың он екісі о дүниелік болып кеткен. Аман қалғаны жалғыз Мұxтар ақын ғана. Бірақ Ұмсын апа «Неше балаңыз бар?» деп сұрағандарға ылғи да: «Перзентім үшеу. Үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұxтар Шаxанов» деп жауап береді екен. Өмірінің ақырына дейін Төлеген де, Шәмші де Ұмсын апаны өздерінің туған анасындай ардақтап, өзгеше құрметпен қарап өтіпті. Ж.Нағымаш бұны неге көрмейді? Мұxаңның Шәкеңе «Қазақстанның xалық әртісі» атағын қалай әпергенін айтпай-ақ қоялық.
Көрмейтіні… Оның себеп-салдарын тарқатып айтудың қажеті де жоқ. Онсыз да түсінікті. Ж.Нағымашта жалғыз-ақ мақсат бар. Ол – Мұxаңның өзі мен аталмыш кітабын барынша жоққа шығару. Сондықтан да ол Мұxаңның: «Шәмші өміріндегі жеке басым куә болған, мағынасыз қызық оқиғалардың көпшілігінен секіріп өтуге өзімді мәжбүрледім» дегеніне де көзіне ілмей өте шығады. Егер бәле іздеген адам болса, Мұxаң Шәмші өмірінің өзі ғана білетін бұлтарысты кезеңдерін көбірек қаузар еді.
Иә, М.Шаxанов естелігінде Шәмші ағамыздың ішкілікке жақын болғандығы ашық айтылады. Сондай-ақ, ол кітаптан «Шәкең ішкілікке не себепті жақын болды?» деген сауалға да жауап алынады. Мұxаң естелігінде Шәкеңнің әскердегі кезіне арнайы тоқталады. Сібірдің сақылдаған сары аязында қарауылда тұрған солдатқа үсіп қалмауы үшін берілетін спирттің Шәкең тағдырына қаншалықты кері әсер еткенін нақтылы дәйектермен тілге тиек етеді. Сөзіміз дәйекті болуы үшін шамалы көлемділеу болса да кітаптың өзіне жүгінелік. Мұxаң Шәмші ағасының ішкілікке бұрылып кету себебін былайша ашып көрсетеді:
«Шәмші 1951-53 жылдары Ресей Федерациясының қарамағындағы Саxалин қаласында әскери қызметте жүргенде, оны бір құпия зауыттың күзетшілігіне қойыпты. Сібір аумағында күн ерекше суық болғандықтан, күзетшілерге міндетті түрде таңертең, түсте, кешке 50 грамнан таза спирт береді екен. Үш жылға жуық осы шара күнделікті қайталанып отырады. Шәмшінің ұзақ жылдар бойына ішкілікке өзгеше деңгейде бет бұруына осы жасырын салт себепкер болғаны даусыз. Осындай жағдайға тап болған кез келген адамның тағдыры өзгереріне шүбә жоқ. Тіпті арақты аузына алмаған менің өзім де, әскер қатарында сол жерде қызмет еткенімде, «Қазақстанның xалық ішкіші» болып оралуым әбден мүмкін іс еді. Сондықтан да әрқайсымыз Шәмшінің сол кездердегі руxсызданған, мәнсізденген тағдырына кешіріммен қарауға тиіспіз»
Жалпы кімнің де болсын білгені жөн. Айтулы тұлғаларды өз деңгейіміз шеңберімен өлшеуге болмайды. Қарапайым адамдарды басып қалатын шаң, оларға жұқпайды. Оның үстіне Ш.Қалдаяқовқа жанашырлық танытып жүрмін деп ойлайтындардың ешқайсысы оған М.Шаxановтай жақын бола алмайды.
Аталмыш кітапқа «пікір білдірушілерге» қатысты көзқарасымызды осыған дейін де ептеп білдіргенбіз. Бірақ Ж.Нағымаш тарапынан өз ағаттығы үшін Мұxаңнан кешірім сұрай қояйын деген пейілді аңғармадық. Бірден сотқа жүгінуге де болар еді, алайда бір пікір білдірушінің: «Ж.Нағымаш та Отырарлық» деген жазбасын көзіміз шалып қалды. Иә, Шәмші де, Мұxаң да, біз де Отырарданбыз. Бұл тізім басында бүкіл түркі жұртының мақтанышы болған Әбунасыр әл-Фараби тұр. Оған тағы есімдері кейінгі жылдары анықталған, ғылымның әр саласында даңқ тұғырына көтерілген 30 әл-Фарабилерді қоссақ, Отырар аты бұрынғыдан да асқақтай түседі. Ал енді сол даңқты тұлғалардың бүгінгі ұрпақтарының бір-бірінің бетін жыртып жатқандары жараса ма?! Бұл тұрғыда қазақ атам: «Боларыңда болып бақ, боларыңда болмасаң, болған ердің қойын бақ» демей ме?! Жерлестік аурудан ада болсақ та ауылымыздың атын шулата бермейік деген оймен өзімізді әзірге тоқтатып тұрмыз.
Кімнің де болсын біле жүргені жөн. Отырар даңқын күллі әлемге паш еткен екі тұлға бар. Оның бірі және бірегейі Әбунасыр әл-Фараби болса, екіншісі әлемдегі 120 мемлекеттің сыйлығын иеленген, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының Алтын кітабына жазылған – Мұхтар Шаханов. Оның Шыңғыс xанның Отырарды қалай қиратқаны жайлы әлемнің 100-ден астам тіліне аударылған, 25 жылдай қазақ мектептерінің оқулығына енген «12-3=?» атты поэмасының өзі неге тұрады? Осының бәрін жоққа шығару үлкен әділетсіздік емес пе?
Жоғарыда аттары аталған адамдар ғаламтор арқылы өз пендешіліктері үшін Мұхтар Шаxановтан кешірім сұрауы тиіс. Егер аз уақыт ішінде олай етпесе, М.Шаxановтың руxтас жақындары оларды сотқа беруге әзір отыр.

Құдияр БІЛӘЛ.

Қыркүйектің бірінші күнінде Созақ аудандағы 35 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Аудан әкімі Салыxан Полатов «Шолаққорған» жалпы орта мектебіне барып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. 

– 1-қыркүйек – барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Бұл айтулы сәт әрбір азаматтың жүрегінде ерекше орын алады. Себебі, бұл күн әрбіріміз үшін мектеп табалдырығын аттаумен есте қалады, – деді аудан басшысы.
Жалпы ауданда былтырғы оқу жылында 13944 оқушы білім алып, 705-і мектеп бітірді. Оның 150-і мемлекеттік грант иегері атанды. Ал, биылғы оқу жылында 14 949 оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 1-сыныпқа 1750 бала қабылданып, мектеп табалдырығын аттап отыр. Аудандағы 35 мектепте 2020 ұлағатты ұстаздар оларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 1235 (72%) мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Ол үшін бюджет есебінен 304 миллион 245 мың теңге бөлінді.
Ауданда білім саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді. 2018 жылда білім саласына қаралған қаржы 7 млрд 245 млн. 418 мың теңгені құрап отыр. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 108 млн. 831 мың теңге бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда.
Білім саласына бөлініп отырған осындай қомақты қаржы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өскелең ұрпақтың сапалы да, заманауи білім алуына жасалынып отырған салиқалы саясатының жемісі екенін айта кетейік.

Созақ ауданы әкімінің
баспасөз қызметі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – келешек ұрпақтың алдағы уақытта туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетуін жолға қою болып табылады.

Осы бағытта биыл қазан айынан бастап еліміздегі мектептерде «Өлкетану» пәні енгізіліп отырғаны белгілі. Оқулықтың оқу жүйесіне енгізілуіне Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негіз болған. 5,6,7 сынып оқушылары оқитын бұл оқулықтың негізгі мақсаты – жастардың рухани жан дүниесін байыту.
Жуырда Түркістан облысы, Түркістан қаласында облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық ұйымдастырған жиында «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті. Онда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова:
– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қолдауымен шығарылған оқулықтар жас өрендер үшін өте пайдалы. Себебі, «Өлкетануда» өңірдің тарихы, қазақ әдебиеті, географиясы мен музыкасынан мол хабар беретін мәліметтер қамтылған. Бұл салалардың таңдалып алынуы да тегін емес. Өйткені онда біздің рухани кодымыз жатыр,-деді.
Өз кезегінде оқылулықты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша Өмір Шыныбекұлы, Бибайша Бейсетаева, Күлімхан Сейілбекова, Жанар Ширманова сынды білікті мұғалімдер құрастырған. Оның мазмұны Білім және ғылым министрлігі мен өңірлерде құрылған арнайы сараптамалық комиссияның тексерісінен өтіп үлгерген. Енді оқулық баспаға жіберуге толық дайын. Алдағы уақытта “Өлкетану” және “Краеведение” деген атпен екі тілде жазылған бұл кітап баспадан облыс мектептеріне жеткілікті деңгейдегі тиражбен басып шығарылады.
Облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық ұйымдастырған жиында ұстаздар мен сарапшылар «Өлкетану» оқулығының маңыздылығына тоқталып, жаңа пәнді оқыту бойынша өзара пікір алмасты.

Осы аптада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. 1993 жылдың 12-шілдесінде құрылған бұл ұйымның басты мақсаты – түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін жан-жақты дамыту болып табылады.

Ұйымның 25 жылдығына байланысты өткен шарада қатысушыларға оның осы бағытта атқарған тың тірліктері мен баянды бастамалары жөнінен мол хабар беретін көрмені тамашалау ұсынылды. Іле шараға келушілерге халықаралық ұйым жайлы арнайы бейнефильм көрсетілді. Түркітілдес елдердің ынтымағын айрандай ұйытып жүрген ұйымның 25 жылдығына байланысты арнайы өткізілген бұл басқосуда алғаш болып сөз алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев былай деп сөз сөйледі.

– Түркі әлемінің бүгінгі заманындағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Өздеріңізге жақсы мәлім 2012 жылдан бері ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын жүзеге асырып келеді. Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек. Бұл ретте «ТҮРКСОЙ» ұйымының орны бөлек. Ол түркітілдес елдер арасында татулыққа сына қағылудың алдын алып, бұқараны бірлікке бастайтын қаншама шараларға ұйытқылық танытып келеді. Өткен жылы дәл осы ұйымның бастамасымен «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып аталып, сол бағытта киелі кент төрінде ауқымды шара өткені белгілі. Бұл Елбасының Рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік Ел мұраттарымен үндесті. Түркістан – түркі қағанаттарының туы тігілген орда. Түркістан – түркі халықтарының орасан зор оғландарын ақ киізге көтеріп, хан сайлаған қасиетті жер. ТҮРКСОЙ ұйымы алдағы уақытта да түрлі қалаларды Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялай отырып, туысқан халықтар арасындағы осынау байланыстарды одан әрі тереңдете түсері шүбәсіз. Түбі бір түркі түгел болса, біздің алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп болмақ.
Сондай-ақ, жиында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Муса Йылдыз, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасилов сынды ғалымдар ұйымның маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Осы салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандум түзілді.
Жиын арнайы әзірленген концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

С. НҰРАЙ.

Қазақ жазушылары мен музыканттарын шетелде таныту, «Рухани жаңғырудың» жаңа кезеңдері, ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева айтып берді. 

– Аида Ғалымқызы, осыдан біраз бұрын сіз Франция, Ұлыбритания мен Испания елдерінде болып, сол жақтағы белді баспалардың басшыларымен кездесіп, отандық авторлардың кітабын шығаруға келісіп келдіңіз. Қол жеткізілген келісім туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?
– «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тобының жұмыс нәтижесі жайлы қысқаша айта кетейін. Қазіргі таңда жүйелі түрде біздің әдебиеттің, музыка мен суретшіліктің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін шетелде насихаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже бар. Тарқата айтқанда, «Әдебиет» бағыты бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен БҰҰ-ның алты тіліне аудару үшін отандық авторлардың туындыларының іріктеуін жүргіздік. Жұмыстың әу басында авторлар мен туындылардың көп екенін ескере отырып, белгілі жазушылармен, сыншылар және әдебиетшілермен ақылдаса келе біз «Қазіргі қазақстандық әдебиеттің антологиясы» түрінде проза мен поэзия жанры бойынша аударма жасауды жөн деп таптық. Жобаны тиімді әрі толығымен жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізіп, әлемдегі жетекші баспалар және аударма үйлерімен ынтымақтастық туралы келісімге келдік. Стратегиялық әріптестеріміздің ішінде – «Британ
кеңесі» мен Кембридж университеті, Испания Мәдениет министрлігі мен «Сервантес институты», Франциядағы Мишель Де Мол Ұлттық кітап және баспа орталығы бар. Жуық арада Ресейдегі, Қытай мен Араб Әмірліктеріндегі әріптестерімізбен дәл осындай келісімдерге қол қойылады. Жоба аясында аударылған кітаптарды аталмыш төрт елде ғана емес, аударма тілі қолданылатын басқа жақтарда да тарату бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айта кету керек. Мәселен, француз тіліндегі оқушы аудиторияның өзі әртүрлі есептерді алып қарағанда 220 миллион адамға дейін жетеді. Ал испан тілінде сөйлейтіндердің саны тіпті 600 миллионға дейін барады. Аударылған кітаптардың таратылуы коммерциялық негізде де, ғылыми-зерттеу орталарында да жүзеге асырылады. Сондықтан кең ауқымдағы оқушы аудиторияны тартуды көздеген жобаның келешегі зор.

– Қазақ тіліндегі әдеби кітаптардың әлемнің басқа тілдеріне аудару жұмысы қалай жүргізіледі? Осынау маңызды жұмысты атқара аларлықтай білікті мамандар бар ма?
– Әдеби аударма – бұл күрделі шығармашылық процесс. Қажетті аудармашылық база бізде құрылып та қойған. Біздің халықаралық жобаның көзқарасы бойынша Ұлттық аударма бюросының міндеті – сапалы жолма-жол аударманы дайындау. Соның негізінде біздің әріптестер әдеби мәтіндерді әзірлейді. Бұл ретте біз туындыларды тек мемлекеттік тілден аударатынымызды айта кеткім келеді. Шығармашылық ерекшелікті дәлме-дәл оқырманға жеткізе білу мақсатында біз авторларымыз бен шетелдік аудармашылардың, баспагерлердің кездесуін ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл өз кезегінде мәдени диалогты бір жолға қойып, шет мемлекеттермен мәдени байланысты нығайтуға жол ашады.

– Кітаптарды әлемдік тілдерге аударудан басқа «Қазіргі қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау» аясында тағы қандай жобалар қолға алынғалы жатыр?
– Жүзеге асырылып жатқан бағыттардың әрбірі бойынша бізде нақты нәтиже бар. Толығырақ айтар болсақ, көркем өнер саласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі желісі бойынша ҚР Ұлттық музейінің, Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының шетелдік экспозициялық жобаларын жүзеге асыру жұмысы жалғасын табатын болады. Жыл басынан бері «Алтын адамның әлем музейлеріне сапары», «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуропаның тоғысында» атты көшпелі көрмелер АҚШ, Британия, Қытай, Беларусь, Әзербайжан мен өзге де мемлекеттердің жетекші алаңдарында болып өтті. Бұл ретте аймақтық музейлердің жұмысының белсенділігін ерекше атап өту керек. Олар өздерінің ең үздік қорын ел іші мен шетелдердегі көрме үшін дайындап отырады. Музей экспонаттарын цифрландыру жұмысы да жалғасуда. Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайымен 14 мың дана, ал 3D моделі бойынша 100 дана мүсін цифрландырылды. ҚР Орталық мемлекеттік музей қорында сақтауда тұрғандардың саны 40 мыңға тарта данаға жетеді. Цифрландыру тұрғысынан аймақтарда да жұмыс жүргізіліп жатыр. Тарқата айтқанда, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және өзге де облыстарда музей қорларының 20 пайызы цифрландырылып қойған. Дәстүрлі және классикалық музыка бағыты бойынша шығармашылық ұжымдардың гастрольдік жұмысы да жалғасын табуда. Италия, Ресей, Ұлыбритания елдерінде аймақтық театрлар өнерін паш етті. «I am a singer Қазақстан» халықаралық тележобасының екінші маусымы басталып кетті. Астана мен Алматы қалаларында дәстүрлі түрде әлемнің 15 елінің қатысуымен «Астана дауысы», «Star of Asia» атты музыкалық фестивальдері ұйымдастырылды. Театр өнерінің жетістіктерін ары қарай жалғастыру үшін «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» ұлттық операларын Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Грузия мен өзге де мемлекеттерде қою жоспарланған. Кино өнері саласындағы айтулы оқиға ретінде 71-ші Канн фестивалінде қазақстандық павильонның ашылуын айта кетуге болады. 2018 жылдың басынан бері қазақстандық 18 фильм 14 халықаралық кинофестивальге қатысты. 11 жүлдеге қол жеткізілді. Осы жылдың маусым айында Италияда және Эстонияда Қазақстан кинолары күні болып өтті. Жылдың соңына дейін дәл осындай айтулы шараларды Таиланд Корольдігінде, Чехияда, Словакияда, Румыния мен өзге де мемлекеттерде өткізу көзделген. Жалпы мәдениет пен өнердің барлық бағыты бойынша біздің мемлекет өзін әлемнің жетекші алаңдарында паш етті. Біздің стратегиялық мақсат – жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялану.

– Сіз «Жаһандық әлемге қазіргі қазақстандық мәдениетті насихаттау» бағытының кураторысыз. Шығармашылық адамға, жазушы немесе музыкантқа, суретшіге аталмыш бағытта еңбегін паш ету үшін не істеуі керек? Өнер адамдары өздерін қалай көрсете алады?
– Қазіргі қазақстандық мәдениет туралы айтып отырғанымыздықтан, біздің басты міндеттердің бірі – тәуелсіздік жетістігін таныта отырып, біздің ел ішіндегі таланттарды қолдау. Шығармашылық бірлестіктермен жүргізілетін барлық жұмыс өнер өкілдері өздері қойған нақты талаптардың негізінде әзірленеді. Міне, сондықтан жобаға кез келген шығармашылық адамының қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл тек сәттік емес, ұзақ мерзімді процесс екенін айта кетсем деймін. Мемлекет басшысының тапсырмасының арқасында мәдениет пен өнердің өкілдері өз өнерлерін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік алып отыр.

– Осы жылдың ақпан айында Сіз өңірлердегі жас жазушыларды жігерлендіруді мақсат тұтқан «Әдеби белдеу» жобасының басталғанын жария еттіңіз. Қазіргі уақытта ол жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?
– «Әдеби белдеу» ел өңірлері туралы түрлі мәліметтерді жүйелендіріп, аймақтың ерекшелігін паш етіп жүрген, тарихи өзгешелігін жыр еткен дарынды әрі талапты жазушыларды біріктіруді мақсат тұтады. Бүгінгі таңда елуге тарта замандас жазушылардан құрылған көшпелі топ жасақталды. Олар еліміздің әртүрлі аймақтарын бағыт алатын болады. Жергілікті әдеби бірлестіктермен бірлесе отырып, жазушылар аймақтардағы тарихи факттерді, киелі географияны және өңірдің өзге де бірегей ерекшеліктерін зерттейтін болады. «Әдеби белдеу» еліміздің мәдени астанасы – Алматыдан бастау алып, жыл соңына дейін еліміздің барлық облысын қамтиды. Авторлардың еңбектері «Туған жер» энциклопедиясында жинақталады. Бұл өз кезегінде атқарылған жұмысты жүйелендіруге мүмкіндік береді.

– Сіз сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық кеңсесіне жетекшілік етесіз. Қазіргі таңда аталмыш құрылым қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүргізу бағытында қандай да бір жетістіктер туралы не айтар едіңіз?
– Жобалық кеңсе – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі үйлестірушісі. Жобалық әдіс барлық аймақтар мен мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысына нақты алгоритм беруге жол ашты. Бүгінгі таңда Қоғамдық даму министрлігінің қызметінің ауқымы кеңейіп бара жатқанына байланысты Кеңсе белсенді транфсормациядан өтіп жатыр. Біздің жұмыстың басты нәтижесі – нақты жобалар мен БАҚ-тың барлық түрі бойынша өте ауқымды ақпараттық қолдау. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бағдарламаның барлық бағыты халықтың зор қолдауына ие болды. Міне, қазіргі таңда біз ортақ жұмысымыздың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл бағытта паш етерлік жобалардың бірі – «Туған жер». Жоба жүзеге аса бастағалы бері демеушілер мен меценаттардың көмегі арқылы 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет, 23 денсаулық сақтау, 169 спорттық нысан, 32 балалар алаңы салынды. Бұл жетістік, жеке бастамаларды айтпағанда, іске асырылған шаруа. Одан бөлек, демеушілердің арқасында сыныптарды компьютермен қамтамасыз ету, аулалаларды абаттандыру секілді қаншама жұмыс атқарылды. Мұндай игі жетістіктер әлбетте келешектегі жаңа жобалар бойынша көңілге қуаныш пен жігер ұялатады.

– Ал Сіз жеке өзіңіз «Туған жер» бағдарламасына қатыстыңыз ба? Туған жеріңізді қолдау бағытында қолға алған шаруаларыңыз бар болар?
– Қоғамдық маңызы бар жобалардың бәрінде жеке қатысудың маңызы өте ерекше. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бұл ретте жеке бастамаларға ерекше алаң ашып береді. Өзіміз көріп отырғандай, жоғарыда аталған жобалардың қай-қайсысы бүкілхалықтық қолдауға ие болып отыр. Жеке өзімнің үлесім ретінде балаларға арналған «Қызыр қонған құт мекен» атты ғылыми-танымдық кітаптың жарық көруін атап өтуіме болады. Бұл кітап менің туған жерімнің тарихы туралы жазылған. Ол арқылы балалар Алматы облысы, Жамбыл ауданының барлық тұрғылықты мекенінің тарихын біле алады. Ең бірінші кезекте бұл кітап өсіп келе жатқан жас буынға арналған. Балалар өз туған жерінің тарихы, оның киелі орындары мен ұлы адамдары туралы білуі керек. Кітапта өзендер мен таулардың, тұрғылықты жерлердің атаулары қайдан шыққаны туралы жазылған. Кітапта жиналған материалдар жас өлкетанушылардың зерттеу жұмыстарына жақсы серпін берер деген сенімдемін. Мемлекет басшысы атап өткендей, өз туған жеріңнің тарихы арқылы менің жерлестерім жалпы республикалық деңгейдегі оқиғаларды терең зерделей алады. Осыған орай қоғамдық сананың жаңғыруының табысы әрбір қазақстандыққа байланысты екенін түйсіне білуіміз керек. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» – бұл жеке жоба емес, жыл сайын жаңа идеялармен және жобалармен толыға түсетін ұзақ мерзімді бағдарлама.

– Сұхбатыңызға рақмет.

«Іnform.kz».

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «…Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің
маңызды көріністерінің бірі» – деп әрбір азаматты кіндік қаны тамған киелі мекенін барынша құрметтеуге, өңірді өркендетуге атсалысуға шақырған болатын. Соның негізінде еліміздің барлық аймақтарында атпал азаматтардың атсалысуымен бірталай ауыз толтырып айтар тірліктер жүзеге асты.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қоғамдық сананы жаңғыру жөніндегі арнайы құрылған комиссия аталған бағдарламаны іске асыру бойынша 2017 жылдың негізгі қорытындылары туралы есебінде «Туған жер» жобасы аясында республика бойынша жалпы 1438 нысан пайдалануға берілгенін алға тартқаны соның айғағы. Бұдан бөлек аталған жоба аясында еліміз бойынша 735 нысан абаттандырылып, қалпына келтірілген. Осы тұста ең бір ерекше атап өтерлігі ол қолы ашық, пейілі кең меценаттардың есебінен 51 млрд. теңгеден астам демеушілік жасалған.
Бір қуанарлығы мұндай игілікті шаралар тек 2017 жылмен ғана шектеліп қалмай, осы жылда да жемісті жалғасын тауып келеді.
Жуырда облыс басшысы Жансейіт Түймебаев облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарымен және өңірдің іскер азаматтарымен кездесіп, оларды облыс орталығы – Түркістан қаласын жан-жақты дамыту үшін жасалған жобалармен таныстырды. Тұран төріндегі бұл басқосуда көпшілік назарына талай тарихи сәттерді бастан өткерген қаланың ескі келбеті мен қазіргі көрінісі туралы арнайы әзірленген фильм көрсетілді.
Маңызы бөлек отырысты жүргізіп отырған облыс басшысы жиналғандарға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың киелі кентті көркейту ісінің жолға қойылуын тек бюджет есебінен ғана емес, оған еліміздің өзге өңірлерінің, ұлттық компаниялар мен белді кәсіпкерлердің де атсалысуын атап өте келіп, жергілікті жердегі өз қолы өз аузына жеткен азаматтарды да осы іске өзіндік үн қосуға шақырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол, келешекте тек Қазақстанның ғана емес, түркітілдес елдердің рухани-мәдени орталығына айналатын Түркістанның ажарын барынша аша түсу үшін жиналғандарды жергілікті жерде түрлі әлеуметтік нысандар мен ойын-сауық орталықтары сынды халыққа қажетті ғимараттар салуға үндеді. Бұл туралы ол:
– Өздеріңізге жақсы мәлім. Жалпы Түркістан қаласының туристік әлеуеті аса жоғары. Өткен жылдың өзінде осы жерге киелі кесенені көру үшін 1 миллионнан астам туристің табаны тиген. Бірақ бұл көрсеткішті көтеру біздің негізгі мақсатамыз. Оған қол жеткізу үшін жаңа даму дәуірі басталған көне шаһарда алдағы уақытта әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал салу көзделуде. Бұдан өзге тұрғындар мен қала қонақтарына сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік мәдени нысандар бой көтермек. Атап айтар болсам, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы аумақта әкімшілік ғимарат, басқармалар мен департаменттер үйі, драма театр, конгресс-холл, филармония, кітапхана, мәдениет сарайы, 500 орындық мешіт, спорт кешені, стадион, жүзу бассейні, Назарбаев зияткерлік мектебі, саябақтар, көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, көрме орталығы, мұражай, опера және балет театры, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті жердегі филиалының ғимараты, денсаулық сақтау нысандары және т.б. әлеуметтік-мәдени нысандар болып табылады. Ең бірінші кезекте біз оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды қолға алуымыз қажет, – деді.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар аймақ басшысының бұл ұсынысын бірауыздан қолдайтындығын жеткізді. Жиында осы мақсатта бірқатар азаматтардың тың тірліктерді қолға алуға белін бекем буып отырғаны да мәлім болды. Мәселен, есімі елге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов Түркістан қаласынан «Rixos» бес жұлдызды қонақ үйі үлгісіндегідей мейманхана салуды бастап кетсе, сонау Түркия еліндегі іскер азамат бес жұлдызды қонақ үй тұрғызудың жобасын жасап үлгеріпті. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы, кәсіпкер Қайрат Балабиев киелі кент жерінде спорт фитнес орталығын салуға тас-түйін дайындалып отыр. Өз сөзінде Қ. Балабиев мемлекет басшысының тәуелсіздік арайындағы жылдардан бастап күні бүгінге дейін кәсіпкерлерге жәрдем көрсетіп келгенін, ендігі кезекте, олардың елге, мемлекетке қызмет ететін уақыты жеткенін атап өтті. Оның бұл сөзі қаншама істерге ұйытқылық болуға барынша қабілетті азаматтарға жаңа қарқынмен, жаңа күшпен жұмыс бастауға құлшыныс туғызды.
Жалпы алдағы уақытта осындай жомарт жандардың бастамасымен қолға алынған ізгілікті істердің арқасында өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігі артып, бойында оны түлете түсетін ерік-жігер еселей түсетіні белгілі.

С. НҰРАЙ.