Маңызды

2016-2017 жылдары жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 142 балаға мемлекеттік бағдарлама аясында үй берілген болатын.

Ал биыл олардың саны 90-баланы құрайтын болады. Бұл ақжолтай ақпарды облыс басшысы Ж. Қансейітұлы 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін» атты іс-шарада айтты.
Аталған іс-шараға балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 350-ге жуық өрен қатысты. Бүгінде облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 2648 бала бар болса, соның 2068-і қорғаншылық және қамқоршылыққа, 184-і патронаттық тәрбиеге өткен. 349 бала үйлерінде тәрбиеленуде.

Қазіргі таңда аймақта тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл сайын баспанаға қол жеткізгендердің саны өсе түсуде.

Дәл осы бағытта былтыр атқарылған жұмыс көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. 2017 жылы 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға көп. Тұрғындарға пәтер кілтін табыстау кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пәтер кілті табысталатын тұрғындардың саны 2018 жылы арта түсетінін баса айтқан болатын. Бүгіннің өзінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 780,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Пәтерге қол жеткізген тұрғындардың басым көпшілігі баспананы Елбасының «БЕС әлеуметтік бастамасы» негізінде иемденетін болады. Мәселен, осы жылы жеке құрылыс компаниялардың қатысуымен 104 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл 413,9 мың шаршы метр болатын 5 122 пәтерді құрайды. Осы тұрғын үйлердің 30-ы, яғни, 1 454 пәтер биылғы жылдың соңында пайдалануға тапсырылмақ. Ондағы пәтерледі халыққа табыстау «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады.
Бұдан бөлек «Шымкент Сити» қалашығында дәл осы бағдарлама аясында 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй салуға қызығушылық танытқан жергілікті 20-ға тарта инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Жалпы Президенттің «БЕС әлеуметтік бастамасындағы» «7-20-25» бағдарламасы негізінде жергілікті билік облыстағы тұрғын үй кезегіндегі 60 мың азаматтың, жер кезегіндегі 220 мың азаматтың және «Тұрғынүйжинақ» банкіндегі 61 мың салымшының баспана мұқтажын шешуді жолға қойып отыр.

Шымкентте шілде айынан бастап тұрмыстық төтенше жағдайлар орын алғанда жаныңызға жедел жететін 1355-құтқару қызметі іске қосылмақ. 

Мемлекеттік емес құрылым көрсететін бұл қызметтің бір айлық төлем құны әрбір абонент үшін бар болғаны 80 теңгені құрайды. Бұл сома коммуналдық төлемдердің түбіртектеріне енгізілетін болады. Соған орай кез келген азамат құлыптанып қалған есікті ашу, қураған талдарды кесу, үйге кіріп кеткен түрлі зиянкестерді ұстау, ашылмай қалған көліктің есігін ашу, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырындағы сүңгі мұздарды еріту, жедел сатының істен шығуы сынды келеңсіз жәйттермен бетпе-бет келсе, 1355-ке қоңырау шалу арқылы, оның шешімін таба алады. Тұрмыстық қиындықтардан оңай алып шығатын құтқару қызметінің көмегіне тәуліктің кез келген уақытында жүгінуге болады.
Бүгінде Қарағанды, Алматы қалаларында тәжірибеге енгізілген мұндай қызметті Шымкентте де жүзеге асыру туралы бұл мәселе осыдан екі апта бұрын көтерілген болатын. Өзіндік құтқару компаниясы ұсынған бұл қызметке Шымкент қаласы әкімдігі зор қолдау танытқан. Дегенмен олар өзіндік құтқару компаниясымен екіжақты меморандум түземес бұрын, халықтың пікіріне құлақ асқан. Сол мақсатта жаңа қызметті іске қосуды қаншалықты дұрыс көретінін білу үшін 10 мыңнан астам адамның арасында сауалнама жүргізген. Өз кезегінде оған қатысқан адамдардың көпшілігі алғашқы күннен бастап мұны тиімді бастама деп бағалаған.
1355 қызметі бойынша халыққа көмекке келетін өзіндік құтқару компаниясының басшысы Андрей Фридовский 1355 қызметі төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жұмысының айтарлықтай жеңілдете түсетінін алға тартуда.
Ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап іске қосылатын 1355 қызметіне қосылу тұрғындардың өз еркіне қалдырылады. Егер коммуналдық төлемдер түбіртектеріне енгізілген бұл қызмет ақысы қатарынан екі ай төленбеген жағдайда абоненттен автоматты түрде құтқарушылардың қызметі алынып тасталады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы 2017-2018 жаңа оқу жылы қарсаңында республикада ең бірінші болып білім саласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және есепке алу, орындарын алмасу процестері автоматтандыруға қол жеткізді. Соның негізінде бүгінге дейін балаларды балабақшаға қабылдау қызметі бойынша 98 172 өтінім келіп түсіп, 30645 бала электронды өтініштер арқылы мектепке дейінгі ұйымға жіберілген.


1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол, Шымкенттегі жалпы орта білім беретін барлық мемлекеттік мектептерге 1-сыныпқа есепке алу процесі цифрлық форматқа көшірілгенін атап өтті.
Облыс басшысы бағдарлама бойынша денсаулық сақтау саласында да ауыз толтырып айтар жұмыстардың жүріп жатқанын нақты мысалдармен келтіріп кетті. Өз сөзінде ол облыс аумағындағы 69 емханада кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізілгенін, сол бойынша тұрғындар «дәрігерді үйге шақыру», «дәрігердің қабылдауына жазылу», «медициналық ұйымға тіркелу» сынды қызметтер сандық жүйеге көшкенін, бұл азаматтарға аталған қызмет түрлеріне оңай қол жеткізуін тудырып отырғанын айтты.

5 маусым. Бұл күн Шымкент тарихы үшін айтулы датаға айналатын болады. Себебі жаз айының осы жұлдызында жергілікті билік Шымкентті елімізде Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші мегаполис мәртебесін алуға лайық деп танылу туралы бірлескен шешім шығарды. Жергілікті жұрт сарыла күткен қаланың миллионыншы тұрғыны жарық дүние есігін ашып, миллионер қала межесіне жеттік.  Осыған орай 5-маусымда шұғыл түрде Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясы өтті.

Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен қала активі қатысты. Депутаттар таңғы тоғызға белгіленген отырыста тек бір мәселені қарады. Ол Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына қосу. Бұл туралы қала әкімі Нұрлан Сауранбаев:
– Өткен аптада еліміздің заң талаптарына сәйкес Шымкенттегі Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау ауданы тұрғындарының қатысуымен Шымкентті Қазақстандағы үшінші ірі қала санатына қосу мәселелері бойынша конференциялар ұйымдастырылды. Содан соң, күні кеше бұл мәселе Шымкент қаласының қоғамдық кеңес мәжілісінде талқыланып, оған барлық сала өкілдері қолдау танытты,-дей келе, сөзін былай деп сабақтай түсті.
– Шымкенттің ірі мегаполис атануы әрбір қала тұрғындары үшін мерейлі мәртебе. Игі жақсылықтың бастауы. Жалпы бұл тек шымкенттіктердің ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін маңызды оқиға деп санаймын,-деді.
Өз кезегінде мәслихат депутаттары қала әкімінің баяндамасынан соң, Шымкентті дербес қала ету туралы қала әкімінің ұсынысын бірауыздан қолдады. Одан соң қала басшысы Н. Сауранбаев пен мәслихат хатшысы Н. Бекназаров Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіне және Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатына Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізу туралы қала әкімінің қаулысымен, қалалық мәслихаттың шешімі жазылған бірлескен тарихи құжатқа қол қойды. Құжатты облыстық мәслихаттың қарауына ұсыну үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа табыстады.
Бұл құжат сол күні түс ауа облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында қаралды. Нәтижесінде Шымкентке дербес қала атағын беруді облыстық әкімдік құптап, облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдайтыны туралы бірлескен тарихи құжатқа облыс әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойды. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті құжаттарға қол қойса, Шымкентке республикалық мәртебе берілетін болады.
Аталған сессияда Шымкентке дербес қала атағын берумен қатар, рухани астана Түркістан қаласын облыс орталығы ету, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиналған қауымды Шымкент тұрғындарының 1 миллионға жетуімен шын жүректен құттықтап былай деп игі тілегін арнады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда ұлт руханиятының алтын ұясы, қазақ тарихының түп тамыры – Оңтүстікке айрықша көңіл бөліп келеді. Шымкентті миллиондық қала ретінде межелеу 2014 жылдан басталды. Бүгінде көзделген мақсат орындалып, Шымкент қаласы тұрғындары 1 миллионға жетіп отыр. Біз Сіздермен бірге Шымқалаға республикалық мәртебе берумен қатар, жаңадан облыс орталығын таңдау бақыты бұйырған тарихи сәттің табалдырығында тұрмыз. Мұндай орталық ретінде Қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдауын қуанышпен атап айтқым келеді. Мұны Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз», — деді аймақ басшысы.
Естеріңзге сала кетсек 2018 жылдың 17-мамырында Елордада өткен ХІ Астана экономикалық халықаралық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде миллион тұрғыны бар қалалар қатарына Шымкенттің қосылғанын жариялы түрде жеткізген болатын. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі жайдан жай айтылмады. Өйткені нақ сол күні Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашқан болатын.
6-маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Шымкент қаласының 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Еламановтар отбасын құттықтап, жас отбасыға 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Бақытты баланың толық есімі Айсұлу Еламанова. Оның анасы Айжан Ахайбекова банкте, әкесі Самат Еламанов ауруханада жұмыс істейді. Жас отбасылар тұңғыштары Айсұлудың миллионыншы тұрғын болып туылғаны туралы хабарды естігенде ерекше толқыған. Ал оларға облыс және қала әкімдері келіп, қаланың қақ ортасынан екі бөлмелі пәтір кілтін табыстағанда атқамінер азаматтарға дән риза болғандарын жасырмаған.
Жалпы шымкенттіктер миллионыншы тұрғынға жергілікті билік тарапынан тарту жасалатынын анық білді. Оған ағымдағы жылдың ақпан айында облыс әкімінің жергілікті халық алдында атқарған жұмыстары туралы берген есебінде, Шымкенттің миллионыншы, облыстың үш миллионыншы болып туылған сәбилеріне бір пәтер беруге дайынбыз деген болатын. Облыс басшысының осы аптада халық алдында берген уәдесінен айнымай, демеушілер көмегімен Шымкенттің миллионыншы тұрғыны Айсұлудың ата-анасына 2 бөлмелі пәтер кілтін салтанатты түрде табыстағаны оның сөзі мен ісінің айырмасы жоқ азамат екенін анық көрсетіп тұр. Айсұлуға сыйға тартылған пәтер «Отау-Строй» құрылыс компаниясының президенті Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен берілген.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу өткен жылдан бастап қолға алынған.

Осы бағытта атқарылған жұмыстар толықтай аяқталды. Қазір үшінші мегаполистің әкімшілік ғимараты шыны сарайдай жылтырап, жаңарып тұр.
Өз кезегінде аталған ғимарат 57 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген болатын. Былтырдан бастап қолға алынған құрылыс жұмыстары кезінде мердігер мекеме оның жылу жүйелерін, электр желілерін ауыстырып, қабырғаларын толықтай жаңартып, бояп, сырлады. Мұнымен қатар шатырын түгелімен ауыстырды.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлім басшыларымен бірге бірқатар көшелерді аралаған болатын.

Сонда шаһардың тазалығы мен абаттандыру мәселесіне баса назар аударған Ж. Қансейітұлы Шымкент каналының жай-күйін көзбен көріп, қала басшылығына каналдың 11 және 12 шағын аудандары арқылы өтетін бөлігінің көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан жағалауын абаттандыруды тапсырған еді. Соған сәйкес, жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын каналдың сол бөлігін абаттандыру мәселесі қолға алынған. Бүгінде осы бағытта канал жағасын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы аптада Жансейіт Түймебаев канал жағасын көріктендіру ісімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды тағы бір пысықтап қайтты.
Шымкент каналының абаттандыру жұмыстары жүруі тиіс деп белгіленген бөлігінде 51 гараж бар болған. Жобалық сметалық құжаттамаларға сәйкес олардың барлығы да бұзылуы керек. Бүгінде 30-дан астам гаражды иелері өз еркімен бұзған.

Енді Шымкентте топырақ көше атымен болмайды. Осы мақсатта қазіргі таңда қала аумағындағы барлық топырақ көшелер анықталып, оларға қиыршық тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қалалық әкімдіктің осы салаға қатысты құрылымдық бөлімінің мәліметінше шаңы көтерілген көшелерге шағал тас төсеу ісімен шұғылданып жүрген мердігер мекемелер өздеріне берілген жұмыс көлемін алдағы шілде айының аяғына дейін толық аяқтайтын болады. Алдын ала бекітілген жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жалпы алаңы 1 миллион шаршы метрді құрайтын топырақ жол тас төселген аумаққа айналады.
Бұған дейін жүріп өту қолайсыз саналатын мұндай көшелерден әуре-сарсаңға түскен тұрғындар қала әкіміне бірнеше рет жол салып беру туралы шағымдар айтқан. Соған орай Шымкенттің әкімі Нұрлан Сауранбаев 2019 жылдан бастап шаһарда топырақ жолдар мүлдем болмайды деген мәлімдеме жасаған еді. Соның негізінде ол тиісті мамандарға қаламыздағы жалпы ұзындығы 334 шақырымды құрайтын жолға тас төсеу жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Бүгінде Шымкентте құрылысы қарқын алып жатқан нысандар өте көп. Солардың бірі «Бекжан базары» маңындағы Темірлан тас жолының бойындағы жолайрық болып табылады.

2017 жылы құрылысы басталған бұл нысан бойынша мердігер мекеме бүгінге дейін жалпы жұмыс ауқымының 80 пайызын орындаған. Бұған дейін олар бұл нысанды ағымдағы жылдың тамыз айында ел игілігіне тапсырамыз деп халықты бір қуантып қойған еді. Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Жұмысты қолға алған жауапты мамандар аталған мерзімде жолайрықты толық аяқтау мүмкін болмайтынын алға тартуда. Олар құрылысты осы жылдың 1-қарашасына дейін тапсырамыз ден сендіруде.
Естеріңізге сала кетсек, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша белгіленген мерзімге дейін Бәйдібек би – Астана, Жібек Жолы – Сайрам, Рысқұлов – Қонаев көшелерінің қиылысында, Бәйдібек би – Кіші айналма жолы аралығы және «Бекжан базары» маңындағы Темірлан тас жолының бойында жолайрық салыну жоспарланған болатын. Осы бағытта алғаш болып Алматы – Ташкент бағытындағы Темірлан тасжолының қиылыстарындағы жолайрық құрылысы 2017 жылдың көктемінде қолға алынған еді. Нысанның жалпы құны 1 млрд. 700 млн. тенгені құрайды.

Шымкентте жөндеуден өтіп жатқан кезекті нысанның бірі — Сайрам көшесі. Жаңа технологиялар бойынша жаңарып жатқан бұл көше алдағы тамыз айында толықтай аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

Қазірдің өзінде аталған көшеге алғашқы асфальт жабындысы төселіп жатыр. Бұл жұмыс қатарынан он күнге жалғасатын болады. Содан соң жөндеу жұмыстарының екінші кезеңі қолға алынбақ.
Құрыш қолды құрылысшылар аталған көшеге асфальт төсемес бұрын оның ескі қабатын түгелімен сырып тастаған. Одан соң ресайклинг технологиясы бойынша көлік қозғалысы қарқынды көшенің беріктігін қамтамасыз еткен. Мұның өзі көшенің көлік ағыны кезіндегі беріктігін әдеттегіден екі есеге арттырады. Мамандар көлік тізгіндеген жандардың мұндай сенімділіктің ақиқаттың ауылынан алыс емес екеніне екі айдан соң анық көз жеткізетініне бек сеніп отыр. Аталған нысан бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 218 миллион теңге қаржы бөлінген.