Маңызды

Мегаполис атанған Шымкенттің ажарын ашу жағы оның әлеуметтік экономикалық жағдайын көтеру мәселесінен қалыс қаралып жатқан жоқ. Облыстан еншісін алып, дербес қала болған бір айдан астам уақыт ішінде мұнда сан жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған мәселелердің көбесін сөгуге жергілікті билік бел шешіп кірісті. Тіпті қаншама жылдан бері «бас ауыртып, балтырды сыздатқан» мәселе «Орталық Қырғы базар» маңындағы жабайы сауда қатарларының көзін құрту жұмыстарына батыл бойлады.

Ол үшін сот осы жылдың 27-шілдесінде базар маңындағы заңсыз сауда орындарын бұзу туралы шешім шығарды. Сот орындаушылары болса шешімді келесі күні сатушыларға таныстырып, оларға бар-жоғы екі күннің ішінде жағалай отырып азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерін сататын нүктелердегі саудагерлер мен 30-дан астам пластикалық дүңгіршектердің иелеріне отырған орындарын өз еркімен босатып, территорияны тып-типыл етуді бұйырған. Осыдан соң саудагерлердің талағы тарс айрылады. Жергілікті билік, құқық қорғаушылар мен саудагерлер тез арада ортақ мәмілеге келмей, мәселе айқай-шуға ұласады. Әр тараптың айтар уәжі бар.

Сонымен саудагерлер «мұншама қысқа уақытта үлгермейміз. Кем дегенде 20 күн беріңдер» деп қиғылық танытса, қызылжағалылар сот актісіне мойынсұну барлығына ортақ талап екенін алға тартады. Қалалық әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі болса бұл жер 2015 жылдан бері мемлекет меншігіне өткенін, ол туралы ретсіз сауданың көрігін қыздырғандарға бірнеше рет ескерту берілгені, одан қорытынды шығармаған соң, нәтижесінде бөлім сотқа арыз-шағым түсіргенін айтуда.
Жұртшылық жеме-жемге келгенде қай тараптың тірлігі заңға томпақ келіп жатқанын анық біліп отыр. Иә, мемлекет меншігіндегі жер жабайы саудаға бейімделгендердің емес, қаланың игілігі үшін кәдеге жарауы керек. Сондықтан да ондағы заң талаптарына пысқырмағандардың «әкімнің біреудің мүлкіне қол сұғуға құқы жоқ» деп ұртын бұртитуы өз басындағы түйені көрмей, өзгенің басындағы қара күйені көргеннің» керін келтіреді.
Әкімдіктегілер саудагерлерге өзге базарлардан орындар тауып беретінін айтқан. Тіпті, сол жерде үйренген кәсіптеріне төселу үшін үш айға дейін тегін тұратыны туралы ұсыныс берген. Бірақ сатушылар бұл ұсынысқа келісе кетпей, ат тепкендей айқайға басқан. Салдарынан апта басында «Қырғы базар» алды айқай-шудың, келеңсіз көріністердің алаңына айналады. Ол теледидар мен әлеуметтік желі арқылы дүйім елге таратылды.
Қазақ батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Шынымен де тәртіп барлығына ортақ. Дей тұрғанмен мұндай дабыраны тудырмауға биліктің құрығы да қауқары да жететін еді ғой. Мұндай жағымсыз жәйттерді жан-жақтағыларға жайып салудың қажеті Шымкентімізге қаншалықты абырой әперді? Сөзден құдіретті күш жоқ. Сол жерде құқық қорғаушылар ашуға мініп, ақылын жұтып тұрған саудагерлерді қолынан сүйреп, қызметтік көліктеріне тоғытпай, өзге тәсілдермен-ақ сабасына түсірудің жолын табуға әрекет етуі артықтық етпейтін еді. Айталық, аудан ардагерлері, базар басшылығы саудагерлерге тоқтам айтып, кеңес беріп жатса ешкім қой демес еді. Мейлі, олар ешқандай ақылға да, уәлі сөзге де табан тіремеген жағдайда билік саудагерлерге сұрап отырған уақыттарында жұмыс істеулеріне мүмкіндік беріп, кеңдік жасаса, ұпайы азайып қалмайтын еді. Олар базар маңынан ырыздық несібе табу үшін үш ай, алты ай, бір жыл емес, бар болғаны 20 күн сұрады емес пе? Олар деп отырғандардың басым көпшілігі қара қазан, сары бала қамымен азаннан қара кешке дейін жазда күн көзіне күйіп, көзін шаңға толтырып, қыста дірдек қағып, қолы қатып жүрген қазақтың әйелдері екенін еске түсіре кеткен артық болмас. Қазақ «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба?» деп осындайда айтқан болса керек…

С. НҰРАЙ.

Бұрын аталарымыз «Балам, бақыт та, мүмкіндік те ер жігітке үш рет беріледі, соны ұмытпаңдар. Түсініп, ұстап қалсаңдар қалдыңдар, ұстай алмасаңдар, онда ешкімге өкпелемеңдер» деп отырушы еді. Сол айтпақшы, мегаполис атанған Шымкенттің алғашқы «мэрі» болу, турасы Шымқаланы басқару бақыты Ғабидолла Әбдірахымовқа екінші рет бұйырғанын осыған дейін де жазғанбыз. Кей кездері «арық сөйлеп, семіз шығуды» «ұмытып» кететін Ғабидолла Рахматоллаұлына бұл бақ қайтып беріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ, бір анығы – әкім болғанына екі айдан енді асып, әкімдік лауазымына «Нұр Отанның» қалалық филиалының төрағасы мансабын қосып алған Ғабидолла Әбдірахымов «тал түсте тасқа сүрінген» сияқты. Оған осы аптада Түркістан облысына, одан қалаға келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың «…Бір жерде тұрған ағайындылар екіге бөлінгеннен кейін, айтысып жүргені ұят болады!» дегенді Түймебаев пен Әбдірахымовқа бағыттап сөйлеуі мысал болса керек…

Шымкенттің облыстан бөлініп шығуы – шынын айтқанда Түймебаевтың командасының «күнкөрісіне» жұдырық болып жабысты. Өндіріс ошақтары, кіші және орта кәсіпкерліктің ірі-ірі нысандары, одан қала берді емдеу-сауықтыру, білім беру, мәдениет ошақтарының басым көпшілігі Шымкенттің территориясында қалып қойды. «Оңтүстік  Қазақстан облысы 80 пайыз дотацияда отырсыңдар» деп тірлік жасауды қадап тапсырған Елбасының оң қабағынан көрінуді армандап жүргенде облыс бөлініп кетті. Ендігі жерде «жыртыққа жамау» болып отырған аз-маз салық, өзге де түсімдер Түймебаев командасының түсіне кіретін сияқты. Баяғы «80 пайыз дотация» келмеске кетті… 100 пайыздан асып жығылмаса көріңіз… Мұндайда «оңай жан беретін» Әбдірахымов па? Түнеукүнгі тобырда сәуегейлер «Әбдірахымов Түймебаевқа қала территориясында орналасқан зауыт-фабрикалардың, аурухана, білім беру ордаларының ешқайсысын бермейтін болыпты. Қолыңнан келсе тартып ал депті» деп сайрап отырған… Осы «тартыс» пен «талас» «ақ үйдегі» «ақ жағалылардың» құлағына жетсе керек, осыдан екі айға жетпейтін уақыт бұрын «нөкерлерімен» Түркістанға келіп кеткен Бақытжан Сағынтаев осы аптада облысқа, сосын қалаға тағы да табан тіреді. Сағынтаевтың сағынып келмесі анық. Әйтпесе, Түркістан облысы өз орталығына көшіп жатқанын өткенде келгенде ғана көріп кеткен-тұғын. «Мектептің қасына тойхана салып қатырыпсыңдар» дегені де сол кезде еді… Ендеше, Сағынтаевтың «сардарларын» ертіп, киелі орынға келуіне не себеп болды?

Міне, гәп осында… Әлгінде ғана айтқан мемлекеттік меншіктерге «талас» туралы әңгіме расқа айналды. Әңгіме ауаны осыған ауғанда Ғабидолла Рахматоллаұлы: «Біз Асқар Ұзақбайұлының (Үкімет басшысының орынбасары А.Мәминді айтады. Ред.) басшылығымен және де бірқатар министрлермен облыс пен қала меншігіне қатысты сұрақтарды қарадық. Нәтижесінде Түркістан облысының әкімімен екі жақты келісімге келдік. Қазір арамызда ешқандай сұрақтар жоқ…», — деп «басын қасыған» сыңай танытқанда біраз мәселенің «беті ашылғандай» болды. Осыны естіген Үкімет басшысы «Солай болу керек, ешқандай сұрақ болмауы керек. Бір жерде тұрған ағайындар екіге бөлінгеннен кейін, айтысып жүргені ұят болады!»-деп қысқа қайырды. Мұнысы қысқа қайыру емес, «…қысып жүріңдер» дегенге көбірек ұқсайтындай көрінген, бізге… Парадокс… Бір-бірінің алдында басын игісі келмеген екеудің «разборкасын» шешу үшін «орта» Бақытжан Сағынтаевтың «төрелігіне» жүгінген бе, сонда?

Сонда бұл екі әкім өздерінің «непоняткасын» шешу үшін «авторитетті» «сходқа» шақырды дейміз бе? Күлкілі-ақ дүние…

Қазақта «қылығын Құдай сүймейді» деген мәтел ме, әлде нақыл ма бар… Бұл әдетте «аяғы жерге тимейтін» жағымсыз кейіп танытатындарға айтылады. Сосын берген уәдесін орындамайтын, одан қалса сөзі көп, ісі аздарға да қарата бағытталады. Тап осылай десек, жоғарыдағы екі әкімнің «оңып» тұрған тұстарын тізбектейік, халық өзі бағасын берер.

Естеріңізде болар, Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына алғаш әкім болып келген жылы жұртшылықты өзінің әйдік жобаларымен таныстырып, «егер осы жобаларды жүзеге асыра алмасам, онда бес жылдан кейін командаммен отставкіге кетемін» деп еді. Басқа-басқа «аумалы-төкпелі саясатта табаны күректей бес жыл Шымкентті басқару басқа-басқа, Әбдірахымовтың ойына қайдан келгенін біле алмай дал болғанбыз, сонда. Тағайындаудың да мерзімі бола ма деппіз ғой. Әйтпесе, адам баласының алдында не тұрғанын Алладан басқа ешкім білмейді десек, онда Әбдірахымовтың сол Жаратушыдан асып кететін қасиеті бар болғаны ма деп таңырқасқанбыз. Сөйтсек, Әбдірахымов ондай «күштің» иесі емес екен. «Шымкентті Лас-Вегастан да әдемі етемін» деп жар салған жарықтық бес жыл түгілі, оның жартысына жетпейтін мерзімде қызметінен кетіп тынды. Кей кездері періштенің де пенденің кейбір «армандарын» тыңдап қалатыны бар емес пе, сол айтпақшы «Шымкенттің ауасын сағынатынын» айтып, арманда қызметтен босаған Әбдірахымовтың сол кездегі халін Алла тағала көріп қойды ма, әйтеуір екінші рет әкім болуға мүмкіндік берді. Бұл жолы бұрынғыдай аспандағыны армандамай, нақты іске көшуді де санасына сіңірген шығар. Әйтпесе, «көтере алмайтын шоқпарды белге байлау» – қазіргі заманның талабы емес. «Өткен бес-алты айдың ішінде ауыл шаруашылығына шақталған 3 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Енді осы жерді ыңғайластыру жағын ойластырып жатырмыз. Алдағы бес жылда Шымкентте жер кезегінде де, баспана кезегінде де бірде-бір адамды қалдырмай көмектесу – арманым», – деп «көкірегін керген» қала әкімі қызметтен кетсе де, оның сол кездегі уәдесі ол қайтып келген тұста халықтың санасынан сөне қойған жоқ. Оның сыртында 70 мың халық тұратын «Shymkent City» шағынауданының құрылысы, «Қауіпсіз қала» жобасы, қаланың әлеуметтік және инженерлік жүйелеріне қатысты мемлекеттік және жекеменшік әріптестік, «Ұлт жоспары: кәсіби мемлекеттік аппарат құру», қоғамдық көліктер бойынша муниципалды «Шымкент Bus» ЖШС-нің экологиялық таза отынмен жүретін жаңа автобустар алуға инвестиция тарту, тұрғын үйлерді жаңғырту, Д.Қонаев даңғылын ұзарту, жергілікті полиция жұмысының тиімділігін арттыру, тағысын тағы сол сияқты бірнеше жобалар Әбдірахымов алғашқы әкім болып келгенде ауызбен айтылып, ақырында іске аспай қалған болатын. Ендеше, Ғабидолла Рахматоллаұлы
сол «орындалмай қалған» армандарын осы жолы іске асыра ала ма, жоқ па, ол жағы тұмандау.

Шымкентті «бөліп тастап» Түркістанды түлетуге бел шешіп кіріскен Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен кезінде қаладағы мыңдаған үйлер бұзылатын болып шешілді. Шіркіндер соншама үйді сатып алуға бюджеттің бүйірі қабысып қалатынын ойламады-ау… Енді келіп ақша жоқ, болса біріне жетеді, біріне жетпейді… Кешегі баға мен бүгінгі бағаны салыстырып тағы болмайды. Пәлен теңгеге бағаланып, мемлекет мұқтаждығы үшін сатылып алынатын үйлердің қаржысы толық төленіп бітуі үшін бірнеше жыл керек. Оған дейін күн сайын құтырған бағаның қай жерге барып тұрақтайтынын дөп басып тағы да ешкім айта алмайды. Екі ортада теңге тұратын үйінен тиын алып айырылатын халық шулап шықпасын демеске тағы да амал жоқ. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды», айналып келгенде Түймебаев та, Әбдірахымов та аш қалмас үшін «тамып тұрған» дүниеге таласады, ол заңдылық. «Қай жеңгенің менікі» деп отыруға «жоғарыдағылардың» шыдамы, әрине, тағы жетпейді. Екеуінің біреуіне бөле-жарып болыса алмайтын жағдай. Бұл жерде, қалай болғанда да, Әбдірахымовтың «дүниесі түгел». Барынан айрылып қалғысы келмейтіні де содан. Тақыр жерге тал отырғызу оңай іс емес екенін Түймебаев Шымкентте «Шатқалды» қолға алғанда-ақ байқаған болар. Облысты нөлден бастап құруға оның кәсіби потенциалы жете ме, жоқ әлде «жеткен жерім осы болды, кешіріңіздер» деген шешімге келе ме, ол жағын уақыт көрсетеді. Дегенмен, Жансейіт Қансейітұлы инженер, экономист, құрылысшы емес, ол – педагог! Ғалым! Ғылым мен экономиканы, сол экономиканы көтеретін басқа да салаларды білу екінің бірінің маңдайына жазылған бақ емес. Десек те, бір лентасы қиылған жерде айналшықтап көрсете беру, аралай беру, «жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп сай-салаға «Шатқал», аллеяға «Арбат» деп ат қою оншалықты қисынға келмейтін сияқты.

Қысқасы, «қырқысып» жүрген екі әкімнің бірі пиарды, екінші қиярды дәріптеп жүргенде қыс та таяп қалды. «Шымкенттіктер жылуға пәленбай миллион қарыз» деген сыбыс әңгіменің де шеті шығып жатыр. Әбдірахымов алғашқы әкімдік империясында негізі жоқ мекеменің құрылуы кесірінен «3-Энергоорталықтың» мемлекет меншігіндегі 23 пайыз пакет акциясын алпауыт монополистке су тегінге беріп, қарызды жапқандай болған-тұғын. Бұл жолы несін, нені беріп құтыларын Құдай білсін… Не дейміз, ел-жұрт аман болсын. Қалғанын «қатыратындармен» бірге көрерміз…

 

А. САТЫБАЛДЫ.

Сурет А. ДИДАРБЕКТІКІ.

Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) өңіріндегі Ер Дәуіт Ата белгісіне (Қотырбұлақ әулиеге) 1991 жылдың соңы мен 1992 жылдың басында Анар Өктебайқызы Дәрібай немересі шырақшы болыпты. Оның айтуына қарағанда, шырақшының өзіне түсінде Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің өзі бата беріпті. Қатты ауырған Анар апаға Қотырбұлақ әулиенің шарапаты тиіп, құлан-таза айығып кетіпті. Содан бастап әулие орынның да атағы шығып, көтеріліп келеді екен.
Анардың өмірлік жолдасы Досымбек Жаппарұлы Қотырбұлақ тастарындағы іздерді Дәуіт пайғамбарға апарып теліді. Сарыағаш ауданындағы Жаңа тұрмыс ауылының тұрғыны Зұпар Ысмайылұлы: «Ол дұрыс емес. Бұрынғы көнекөз қариялар Ер Дәуіт Ата белгісіне Һәзірет Әлінің қос табаны мен аса таяғының іздері түсіп қалған деп айтушы еді», – деді.
Айтушылары: Досымбек Жаппарұлы және Әмзе Қалмырзаұлы.
Жазып алып, әрі мәліметтерді басқа да кісілерден жинақтап, парақшаға дайындаған: Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.

Ордабасының Қотырбұлақ әулиесіне зиярат етушілер босаға делінетін екі тас арқылы кіреді. Содан көп ұзамай-ақ шырақ жағатын орын кездеседі. Әулие таста ең әуелі қасиетті Құран кітабы қойылған орын бар. Сол арада Пайғамбар тізерлеп отырып, кітапты оқыпты. Сонда Пайғамбардың қос тізесі тасқа тигенде, екеуінің де орыны түсіп қалыпты. Одан әрі өткенде, Қотырбұлақ әулие суының бұрынғы тастағы қос арнасының орны сақталғанын аңғарасың. Ертеректе шығыстағы оң арнасынан тәтті су, батыстағы сол арнасынан ащы су ағып шығатын екен. Ол киелі су денедегі жаралар мен қотырларға, қаншама ауруларға шипасы тиіп, ем болыпты.
Сол жерден жоғарыға қарасаң, кереметтей Тесіктас әулиені көресің. Басқа жерлердегі Тесіктаста тізерлеп жүріп, я болмаса еңкейіп оңай ғана өтіп кете аласың. Бұл жерде олай емес. Бетіңді құбылаға қаратып, бүкіл бар денеңмен біргелікте жоғары қозғалып, оған бойыңдағы бар күш-жігерің мен қауқар-қуатыңды қолданып, шеберлік пен ептілік танытып қана: «Е-е, Аллаһ Тағала, бойымдағы ауыртпалық пен зиянкестікті өзің шеш, жасаған күнәларымды кешіре гөр», – деген тілекпен өте күрделі жағдайда өтесің. Басқа жерлердегі Тесіктастан мұның өзгеше екендігін де, кереметтей әсерін де одан өткен сәтте ғана діл жүрегіңмен сезінесің.
Тастың жоғарғы бөлігінде Пайғамбардың намазға жығылған жерінің орыны бар. Алайда қазір тастар мүжіліп кетіпті. Оң аяғы мен сол аяғының және аса таяғының іздері анық сақталыпты.

Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) өңіріндегі Ордабасы ауылына жақын орналасқан Қотырбұлақ әулиенің, яғни Ер Дәуіт Ата белгісінің құпия-сырын ең алғаш ашқан кісі – кешегі кеңес дәуірінде ескіше діни ілім-білімімен Қазақстан мен Орта Азияға танылып, ірі қайраткер ретінде атақ даңқы әйгіленіп шыққан, еліміздің ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның тәлабалары (шәкірттер, ізбасарлар) келіп, тәлім-тәрбиесін алған бөржарлық ғұлама Әбдіхалық қары Ысқақұлы (1905-1979) екен. Ол кісі көзі тірісінде Ер Дәуіт Ата белгісіне, қадамжай орынына зиярат етіп келіпті. Сөйтіп, оған үлкен баға беріп: «Бұл қасиетті, әулие орынға кезінде бұрынғы пайғамбарлар мен Құдай Табарака уа Тағалаға жақын ұлық әзіз әулиелер түнепті, өздерінің іздерін қалдырыпты. Мұның керемет қасиеті әлі бұдан да күшейіп, ашылатын уақыт келеді. Сонда бұл әулие орын Қазақстан мен Орта Азиядағы қасиетті орындардың ешбірінен кем болмайды. Бұл ара түбінде әулиелер көп жиналатын, топтасып ұялайтын орын болады», – деп болжам айтып кеткен екен.

Ордабасыдағы Қотырбұлақ әулие немесе Ер Дәуіт Ата белгісі – өте кереметі жоғары қасиетті орын. Сонау ғасырлар қойнауында түпкі ата-бабаларымыз бұл жерге зиярат етіп келгенде, аппақ пейіл ниеттерімен шырақ тұтатып, иіс шығарып, жеті шелпек нанын таратып, болмаса мал сойып, Құран бағыштап отырыпты.
Қандай да бір істі бастауға ниет еткен зиярат етуші жан соның жолына құрбандық шалады екен. Және де ол атаған құрбандығын әулиеге сол келген күні-ақ әкеле салып шалмай, қасиетті орынға бір түнетіп алатын көрінеді. Сөйтіп, ертеңінде арнайы орынға, осы әулиедегі өздеріне белгілі бір жалпақ тастың үстінде бауыздап, қан шығаратын болыпты. Мұның бір мәнісі, өзіндік серті – әулие орын әрбір істің жолын ашып, бастаушысындай болады екен. Оған қаншама адамдардың көзі жетіп, әулиенің шапағатына бөленіпті.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы ұлық әзіз әулиелердің, қасиетті орындардың бірі – Қотырбұлақ болып саналады. Нақ осы Бадам өзеніне бес-алты шақырымдай қашықтықта жатқан, Ордабасы тауының етегінде орын тепкен бұл әулиені түпкі ата-бабаларымыз Ер Дәуіт белгісі деп атапты.
Негізінен сонау көне дәуірден, ертеден келе жатқан Қотырбұлақ – Ер Дәуіт Ата әулиенің қадамжай орыны екен. Ол кісі өзінің атағы шықпай тұрған уақытта қалың көпшіліктің бірі ретінде осы араға зиярат етіп келіпті. Әулие орынға шын ықылас ниетімен беріліп, бұрынғы пайғамбарлар мен Аллаһ Табарака уа Тағалаға жақын әулиелерге, басқа да әйгілі кісілердің рухына Құран бағыштап оқығанда, оған осы жердің иесі – аппақ киінген Қызыр ғалейһи салам көрініпті. Ол: «Қолыңды жай, балам. Құдіретті Жаратушыдан сұраған тілегің, ой-ниетің қабыл болсын», – деп бата беріпті. Сонда бұрынғы өткен Дәуіт пайғамбардың ұсталық өнер жолы Ер Дәуітке дарып, қонған екен. Сол уақыттан бастап ол бар аймаққа белгілі он саусағынан өнер тамған шебер болып, атақ даңқы шығып тарапты. Сонымен бірге Қотырбұлақ әулие де елге әйгіленіпті деседі.
Қотырбұлақ әулиенің суы осы күнде мүлдем жоқ. Қазір әулие орынында қолдан қазылған құдық бар. Ілгеріде бұл атырапта қырықтан астам бұлақ болыпты. Кешегі кеңес заманында Ордабасы тауының үштен бірін ойып алған карьер қазушылар динамик қойып, тасты жарып атқанда, әлгі бұлақтардың сулары қашып, тартылып, осы күнде үш-төртеуі ғана қалыпты.

Бүгін, 24- тамыз күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Серікұлы Оспанов іс-сапармен Келес ауданына келді.Сапар барысында Біртілек ауылдық округі, Еңбекші елді мекенінде орналасқан «КелесПласт» ЖШС ұжымымен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. «КелесПласт» ЖШС директоры Н.Умаров өндіріс процесімен таныстырып, өнімдер сұрыпталымын соңғы шыққан өңдеу технологияларының көмегімен пайдаланылған материалдардан жасалған жіптермен полиэтиленді жабындарды көрсетті. Оның айтуынша, шикізат шаруашылық субъектілерінен сатып алынады, ал дайын өнімдер ауыл шаруашылығының әр түрлі салаларында қолданылады және ішкі нарық қажеттіліктерінің 100% қамтиды. Бұдан өзге, қалдықтар мен полиэтиленді қайта өңдеу ауданның экологиясына оң әсер етеді.
«КелесПласт» ЖШС цехы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Жобаның жалпы құны 150 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын 10 адамды жұмыспен қамтыған. Негізгі қызмет түрлері жылыжай шаруашылықтары үшін полиэтиленді жабындарды өңдеу мен өндіріу, жылыжайларға арналған металл қысқыштар мен көшет материалына арналған пластикалық стақан шығару, полиэтиленді тоқыма кендіржібін өндіру болып табылады.

Сарыағаш ауданында Түркістан облысының прокуроры Н.Әбдіровтың төрағалығымен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының ведомствоаралық мәжілісі өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша, яғни облыстық жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен Сарыағаш ауданында құқықтық тәртіп пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесін талқылау туралы Сарыағаш ауданының әкімі Қ.Абдуалиев пен Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасы полиция бөлімінің бастығы Ш.Оңғаровтың хабарламалары тыңдалды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни Түркістан облысы аумағында кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, олардың арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мен қадағалаусыз және панасыз қалуларын алдын алу жұмыстарының тиімділігі туралы облыс прокуратурасының басқарма бастығы М.Мошкалов хабарламасы тыңдалды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс прокуроры көтерілген мәселелерге қатысты аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына және құқық қорғау органдарының басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр, ішкі істер департаментінің бастығы Қ.Дәлбеков, аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары, қала аудандық прокурорлар және ІІБ-сы мен бөлім басшылары және жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты.

Главным оружием певца является голос, ну и, конечно же, удачно подобранный репертуар. Певец районного Дома культуры им.Жандарбекова Жазылбек Серикбаев свыше одарен редким голосом, выгодно выделяющим его из среды других певцов.
Родился Жазылбек в 1985 году в многодетной семье сельских тружеников. Из 10 детей поющий он один. Как рассказывает Ж.Серикбаев, голос и мастерство пения ему передались по линии матери.
По профессии же Жазылбек филолог, окончил МКТУ им.Ясави – факультет казахского языка и литературы. Хотел стать журналистом. Но, видимо, не зря говорится, что человек предполагает, Бог – располагает. В 2007 году он пришел на работу в районный Дом культуры, да так и работает здесь по сей день. А петь он начал еще в школьные годы, защищая честь школы в различных конкурсах.
— Помню, я уходил пасти домашних овец в поле и в уединении наслаждался пением. Природа располагает к пению в полный голос. Но вот в городской квартире пожалуй это непросто, — улыбаясь, говорит Жазылбек.
Любовь к пению открыла ему дорогу к новой профессии. В 2009 году он окончил дирижерский факультет МКТУ им.Ясави. Свободно владеет несколькими музыкальными инструментами. Является победителем как районных, так и областных, республиканских конкурсов. Отмечен рядом благодарственных писем. Сейчас Жазылбек готовится к участию в областном конкурсе «Менің Қазақстаным». Остается пожелать ему успеха!
С.АБЫЛБЕКОВА