Маңызды

       Шымкент шаһарының көркі айналаға айдындана қараған әсем ғимараттарға, сәулетті нысандарға ғана емес ондағы тазалықтың сақталуына да көп байланысты екені белгілі. Тұрғындар жасыл қалаға деген құрметі мен сүйіспеншілігін осы талапқа сүйене отырып та көрсете алады. Мұндай салиқалы іске жергілікті халықты жұмылдыру мақсатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен Шымкентте сәуір айында бірнеше рет «Жалпы қалалық сенбілік» өткізілді.
Аптаның сенбі күніне белгіленген шарада жаяу жүргіншілер жолдары мен көше бойлары сыпырылып, төңіректер көзге қораш көрінетін қоқыстардан тазартылды. Ирригациялық жүйелердің су өткізу қабілетін кеңейту де жолға қойылды. Шара барысында ыстықта көлеңке, суықта пана болатын мыңдаған ағаш көшеттер отырғызылып, тамыр тартқан тал көшеттері әктелді. Ортақ іске жұмылған жұрттың жұмысын жеңілдету үшін сенбілік кезінде арнайы техникалар қарастырылғанын да айта кетейік.

Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек» деген болатын. Өз кезегінде мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдегін сақтауды күн тәртібінен түсірмеуді жолға қоятыны сөзсіз.

Осы бағытта жуырда Шымкентте «Шатқал» жобасы негізінде іргетасы қаланған «Самал» саябағында эко-фестиваль өткізілді. Бұл байқау Елордада басталған «Бірге жарқыраймыз!» эстафеталық эко-фестивальінің жалғасы болып табылады. Қалаларды қарқынды дамыту, суды үнемді пайдалану, экологиялық таза өнімді арттыру сынды игі мақсатты көздеген бұл шараға қала және облыс әкімдері қатысты. Өз сөзінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев «Шымкент – менің қалам – менің бақшам» деген ұранмен өтіп жатқан бұл фестиваль Шымкенттің ажарын ашып қана қоймай, оның «Жасыл қала» деген мерейлі мәртебесін нығайта түсетінін атап өтті.
Шара барысында тек «Самал» саябағына ғана емес, аймақтың өзге де аудан, қалаларында көшет егу жұмыстары қолға алынды. Соған сәйкес жер кеңіген шақтағы бұл игі іс аясында оңтүстікқазақстандықтар бас-аяғы 80 мың түп жеміс ағаштарын отырғызды. Олардың көбісі алма және шие көшеттері. Ұйымдастырушылар экологиялық шара барысында қолға алынған мұндай өнегелі іс тек осы күнмен шектеліп қоймай, әрдайым жалғасын табуға септесін болатынына зор сенім артты.
Шымкенттіктерге кең тыныс сыйлайтын «Бірге жарқыраймыз!» эко-фестивальінің соңында ұйымдастырушылар эстафетаны Ақтөбе қаласына жолдады. Осылайша ол жыл бойына еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларда өткізілетін болады.

Ленгір (Ленгер) этимологиясының сыры әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Одан соң бұл атау ешбір ғылыми ортада да талқыланған емес. Біреулер жұртшылыққа бұл атаудың түп-төркінін тек ел аузында айтылып жүрген аңыздар бойынша ғана түсіндіріп жүр. Тіпті, олардың әрқайсысы тек өздерінікін ғана жөн санап, «Ленгір атауының мен айтқан нұсқадан басқа ешқандай мағынасы жоқ» деп өзеуреп кетеді. Дегенмен оларды тыңдап отырсаң, бәрінің айтқандары дұрыс сияқты боп көрінеді.

Алдымен Ленгір атауына байланысты қазақ арасында айтылатын аңыздық нұсқасына тоқталайық. Ілгері заманда Ленгір (Момынайсу) өзенінің жағасы қалың қамыс пен жыңғыл, тікенекті ағаштар басқан ну болған. Осы нудан мал атаулы ары-бері өткенде әлгі тікенекті ағаштар олардың жүндерін іліп алып қалып отырады екен. Содан бұл сай «Іліңгір сай», кейін осы сөз жалғыз «Іліңгірге» айналыпты. Ал тағы біраз уақыт өткенде «Іліңгір» қазақтың жалпақ тіліне орай «Ленгір», орысша нұсқада «Ленгер» аталыпты. (Бір кездері мен де осы нұсқаға қатты иланушы едім…).
Енді бір зерттеушілер «Ленгер» атауын парсының «Лянгар» сөзімен шендестіреді. Жалпы, осы біздің Ленгірді қосып есептегенде Орта Азия жерінде жеті «Лянгар» атауы телінген елді-мекендер мен қоныстар бар екен. Тағы деректе «Лянгар» аталған ауыл-қышлақтар он төрт жерде бар делінеді. Зерттеушілер парсының «Лянгар» сөзін – «Якорь» (Зәкір), «Құтқарушы зәкір», «Айлақ», «Дәліз», «Соңғы үміт», «Дәруіштер тұрағы», «Құтылудың соңғы мүмкіндігі» деген бірнеше мағынада аударады. Соңғы кездері кейбіреулер «Лянгардың» дәл аудармасы – «Құдайдың жердегі үйі» деген сөз деп нақтылап жүр. Қалай дегенмен де, «Лянгарды» «якорьмен» (зәкір) байланыстыратын аңыз – Нұқ пайғамбар кезіне телінеді. Яғни, топан су кезінде Нұқ кемесінің якорын (зәкірін) Ленгердің үстіне тастап, су көлігін осы маңда қайырлатыпты.
Орта Азиядағы «Лянгар» аталған қоныстардың барлығы таулардың биік тұсында орналасқан. Қашқадария тауларында «Лянгар» атты әулиелер моласы бар. Тәжікстандағы Памирдің ортасындағы Вахан жазығындағы Лянгар да тас-шоқының арасында орын тепкен. ХIХ ғасырдың аяғына дейін Самарқандтағы бірнеше махалла «Лянгар» атанған. Тәжікстан мен Өзбекстандағы осы «Лянгарлар» атауының барлығының шығу тегі мен түп-төркіні исламның сопылық дәстүрінің бір негізін қалыптастырған Ишки ата мен Мухаммед Садық әулиеге қатысты айтылады. Бір аңызда Ишки ата мен Мекке әмірі екеуі Оспан құранына таласып қалады. Құранға қол жеткізе алмаған Мекке әмірі Ишки атаның үйіне дуамен тырысқақ ауруын жібереді. Ауру жұққан Ишки ата дерттен құтылмасын білген соң ең кішкентай баласын Оспан құранымен бірге бір дорбаға салып, ақ түйеге артады да: «Осы түйе тоқтап, шөккен тұсқа дейін жерге түспе!» деп пәрмендейді. Түйе тоқтамай көп күн жүреді. Далиған жазықтардан өтіп, тау басына көтеріледі. Таудың ұшар басына келгенде түйе бір шөгеді, аздан соң тұрып, тағы жүреді де, бір тұсқа жетіп және шөгеді. Түйе шөккен жерлерді парсылар «зәкір (якорь) түскен жер» деп санайды екен. Содан әлгі түйе шөккен жерлердің барлығы «Лянгар» (Зәкір) аталыпты. Кейін осы жерге Ишки атаның жаңағы баласынан тараған көптеген әулиелер жерленіпті. Бұл молалар қазір Тәжіксандағы туристер ең көп баратын орынға айналған.
Екінші бір аңызда Ишки атаның Мухаммед Садық деген шәкірті болыпты. Бірде Мухамед Садық ұстазы Ишки атаға құманмен су апара жатса, құман ішіндегі су өз-өзінен қайнап кетіпті. Мухамед Садықтың құманындағы судың қайнап кеткенін көрген Ишки ата бұл ғажап істі шәкіртінің әулиелігіне балап: «Бір жерге екі әулиенің, қос ғұламаның басы сыймайды. Сен бұл жерден аттан! Осы түйе қай тұсқа барып шөксе, сол жерге түсіп, жұртты мұсылмандыққа баулы, ғұламалығыңды көрсет» депті де, оны ақ түйеге мінгізіп, алыс сапарға шығарып салыпты. Содан Мухамед Садықтың түйесі көп күн жүріп, біраз жерге шөгіпті. Ең ақыры осы күнгі Шахрисабз қаласы маңындағы тау үстіне жетіп тоқтапты. Оның түйесі шөккен жердің бәрі кейін «Лянгар» аталыпты.
Ал енді Тәжікстан мен оған жақын Қашқадария облысының әр тұсына қойылған «Лянгар» деген парсы сөзінен шыққан атау – сол парсыға түк қатысы жоқ, тіпті парсылардың аяғы баспаған біздің Ленгірге қайдан жабысып жүр? Ленгірдің түп-төркіні – парсының «Лянгар» сөзінен шыққан деп өзеурейтін зерттеушілер бұған енді қандай уәж айтар?.. Рас, Шыңғыс ханның шабуылы алдында біздің өлкені біраз уақыт парсының ғұрпын, салт-дәстүрін қатты құрметтеген, соның тілін сарай тілі еткен Хорезмшах билеушілері билеген. Қайталап айтайық, парсы тілі Хорезм патшалығының жалпыхалықтық емес, сарай тілі болған. Енді сол парсы тілінде сөйлейтін сарай қызметкерлері осында келіп, елсіз, тек қалың ну басқан елеусіз, суы арқыраған аядай сайды ерекше көріп, оған «Лянгар» деп атау беріп кеткені де күмәнді емес пе?
Тағы бір жазбагерлер «лянгар» – «ойық сайлы жер», «ортасы ойықтау ілегенге (подносқа) ұқсайтын алап» дегенді білдіреді. Ленгір сондай ойық сайдың ішінде орналасқандықтан, парсыша «Лянгар» аталып кеткен дейді. Солай-ақ болсын, бірақ өлкемізде Ленгір орналасқан ойық сайлы алап сияқты жерлер ондап кездесетінін неге ойламаймыз? Мысалы, ауданымыздың шегіндегі Айтуби ауылы мен Турбаза демалыс орны да, Жаңакүш ауылы да, Иірсу да – Ленгір сайына ұқсайды. Одан басқа Түлкібас, Бәйдібек, Қазығұрт аудандарына қарайтын қаншама жерлерде де Ленгір сайына ұқсайтын, тіпті, көрініс-келбеті дәл қайталанатын сай-тоғайлы алқаптар да көп-ақ. Парсылар біздің жерлерге атау бергіш болса, осылардың бәріне неге «Лянгар» атауын беріп кетпеген?..
Меніңше, қазақша мағынасы сәл түсініксіздеу сөзді қайдағы бір елдің сөзінен шыққан деп, жорамал жасай беру – тіпті қисынсыз. Оның үстіне қазіргі парсылардың сөздік қорында «Лянгар» деген сөз жоқ та екен. Жоғы былай тұрсын, қазіргі парсылардың тіл мамандарының көпшілігі бір кездері өз халқы мұндай сөзді қолданғанын білмейді де екен. Одан соң парсы тілінен қазаққа енген сөздердің көпшілігі – бізге атау түрінде емес, діндік қолданыстағы сөздердің аясында енген. Сондықтан да, Ленгірді қайдағы бір парсының «лянгар» деген сөзімен шендестіру тіпті күмәнді.
Және бір айта кететін жайт, жоғарыдағы Тәжікстан мен Өзбекстандағы «Лянгар» атаулары XV-XVII ғасырлар аралығында қалыптасыпты. Осы кезеңдерде ол өңірлер Ақсақ Темір мен Шағатайдың, кейіннен Мухамед Шайбанидың, қала берді, солардың ұрпақтарының иелігінде болған. Орта Азияның осынау билеушілері дәл сол кезеңдерде бірде-бір парсы билеушісінің аяғын жаңағы айтылған жерлерге тигізбеген. Мейлі, Орта Азиядағы жер атаулары – араласпалы тілдік қолданыс арқылы әр жерге қойыла беруі де мүмкін. Бірақ XV-XVII ғасырларда Тәжікстен мен Өзбекстанда қалыптасып жатқан парсыша атаулар кенеттен келіп, қазақ рулары жиын отырған жердегі бір нулы сайға да беріле салған деу – тағы қисынсыз.
Жарайды, «Лянгар» этимологиясының түп-төркіні мен шығу тегі есте жоқ ескі замандағы Нұқтың кезінде қалыптасқан немесе орта ғасырда парсы тілінің ықпалымен пайда болған дегенге сене қояйықшы. Бірақ онда осы атау өлкемізге қатысты ескі жазбаларда неге кездеспейді? Ескі жазбаларда Алатау бар, Қазығұрт бар, тіпті, Қасқасу мен Сайрамсу, Момынайсу мен Бадам да, Аққұм мен Жіңішке де бар, тек Лянгар (Ленгір) жоқ. Егер «Лянгар» атауы атам заманнан бар болса, ескілікті бір жазбаға, одан қалса, он алты-он сегізінші ғасырларда өмір сүрген бір ақын-жыраудың өлең-жырына ілігетін еді ғой.
Біз түгелімен ақтарған және маңызды беттерінің бәрін көшіріп алған Қоқан хандығының тарихын баяндайтын Наманғандағы «Қоқан хандығына қатысты жазбалар тізімі» атты бес папканың біріндегі 1820 жылдарға қатысты жазбада былай делінген: «Қазығұрттың машрық (шығыс) бетіндегі Шойбек датқаға қарасты Момынайсудың жағасындағы қазақтар отқа көмір жағады. Момынайсудың көмірі қоңырлау, жер бетіне шығып, шашылып жатады…»
Момынайды және ондағы көмірді жазған қоқандықтар Лянгар (Ленгір) атауын еш жазбайды. Олар 1826 жылдан бастап Момынай, Аққұм, Бадам жағасындағы қазақтарға көмірден салық салады. Содан 1854 жылға дейін осы жерлердегі қазақтардың әр үйі қоқандықтарға жыл сайын төрт қаптан көмір өткізуі міндет болған. Сонда қазақтардан салықтың бір түрі ретінде жыл бойы көмір алып тұрған қоқандықтар Лянгар атын білмеген бе, әлде, әдейі жазбаған ба? Жоқ, екеуі де емес, өйткені ол кезде бұл жерде Лянгар (Ленгір) деген атау болмаған. Оның үстіне Ленгірде көмір өндіру ісі біздің өлкеде орнаған қоқандықтар мен орыстар басқыншылығынан бұрынғы уақытта да жүрген.
Қоқандықтарға сенбесек, онда 1865 жылдан осы өлкенің жер атаулары мен өзен-суларының аттарын түгелдеп қағазға түсірген, топономикалық картасын жасаған отаршыл орыс жазбагерлерінің еңбектерін қарап көрейік. Бұл атау ХІХ ғасырдың аяғына дейін олардың да жазбагерлерінің ешқайсысының еңбектерінде тағы кездеспейді. Ленгер (Ленгір) туралы дерек тек 1897 жылдан бері ғана жазыла бастайды. Одан соң оқу-ағартуға қатысты бір жазбада 1902 жылы Ленгірде екі жылдық мектептің ашылғаны туралы баяндалады. Міне, орыстардың осы жазбаларына назар аударсақ, Ленгір атауының қалыптасу уақытын ХХ ғасыр басталар кезеңнің ар жақ-бер жағынан іздеу керек сияқты.
Ленгір ауданының тарихын біршама баяндайтын «Ата жұрт» атты танымдық кітаптың 102-ші бетінде журналист Ж. Ырысымбетовтың мақаласына сілтеме жасалынып, Ленгірдегі көмірді 1869 жылы осы өңірге келген Татаринов деген орыс геологының тапқаны туралы жазылған. Татариновтың кен барлау экспедициясының Ленгір жеріне келгені рас. Бірақ ол экспедицияның іздегені – көмір емес, алтын кені болатын. Ақиқатында, Татаринов бұл жерге келгенде, ол төбелердің тура түбінде ашық жатқан көмір шахталарын көреді. Өйткені ол кезде мұндағы қазақтар көмірді отын ретінде пайдаланып жүрген болатын. Оның экспедициясы бұл шахтаны тек тізімге ғана алады да, кері қайтып кетеді.
1880 жылдардан кейін тау алабына қарай орыстың бірнеше кен барлау экспедициялары шығады. 1887 жылы осындай экспедициялардың бірі Ташкенттегі генерал-губернатор кеңсесіне қазақтардың Момынай жағасындағы төбелердің шұңқырынан көмірлерді ашық далада тезек тергендей етіп жинап алып жүргенін, бұл жерден «қара алтын» өндірісін ашып, оны дереу үкімет қарауына алу керектігін хабарлайды. Бірақ орыс үкіметі бұл хабарға он жылдай уақыт мән бермейді. Ақыры 1897 жылы орыстың атақты тау-кен инженері Р. Д. Романовскийдің шәкірті, ұлты неміс геолог Густав Шварцтың барлау экспедияциясы Момынайға келіп, көмір қорын зерттейді. Осы экспедицияның құрамында ұлты швед Стив Ленгерс атты көмір өндіру ісінің мықты маманы болады. Шварц осы Ленгерсті Момынай көмір шахтасын игеретін жұмыс тобының басшысы етіп тағайындайды. Айта кететін нәрсе – Ленгерс біреулер айтып жүргендей неміс те, ағылшын да емес. Шамасы, Ленгерсты Шварц әкелген соң жұрт оны да неміс санаған болуы керек.
Ленгерс мұндағы көмірді игеруді қолға алған кезде мұнда жоғарыда айтылғандай, бірнеше орыс отбасы көшіп келген еді. Бұл орыстардың жұмысқа жарамдыларының бәрі шахта ісіне тартылады. Ленгерс басшылық жасап, жұмыс істей бастаған шахта «Ленгерская шахта» деп аталады. Ал, жұмысшы орыстар да, осында алғаш бой көтерген өз селоларын шахта басшысы Ленгерстың атымен «Село Ленгерское» деп атайды. Ленгерс аты – көп уақыт өтпей-ақ өзгеріп, айтылуы жеңіл Ленгер (қазақша айтылуы – Ленгір) деген атаумен қалыптасып кетеді. 1900 жылдан бастап 1974 жылдар аралығында Ленгір қаласының өсіп-өркендеуіне осы шахта айтарлықтай үлес қосты.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ.

(Сурет Otyrar.kz сайтынан алынды).

Cот Сайрагүл Сауытбайды 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырды. Ол жаза мерзімін отбасы тұрып жатқан Бәйдібек ауылында өтейді. Ең бастысы – Сайрагүл Қазақстанда қалатын болды.

Әлбетте, біз де қуандық. Алдымен, қазақ баласының қапастан шыққанына, сосын, ана мен баланың қуанып қауышқанына…
Тіпті, Сайрагүл Сауытбай ісінің әділ де оңтайлы шешім табуына БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі комиссариаттың ықпал еткендігіне де мейірлендік…
Керек десеңіз, Сайрагүлдің «Босқын» статусын алу үшін жасалатын бірінші қадам болып табылатын – «Пана іздеуші тұлға» деген №35 куәлік алып, мәртебесі өзгергеніне біраз сенбей де аңырап отырдық. «Пана іздеуші тұлға» куәлігі – Қазақстан Республикасынан шығармауға, өзге мемлекетке бермеуге толық құқық береді. Аталған мәселені БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі комиссариаттың тікелей қадағалайтындығы да рас.
Тағы бір ерекшелігі: Сайрагүлдің тағдырына әлемдегі Малайзия, Тайланд, Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Түркия елдерінің белді ақпарат құралдары назар аударып, «capitalfm.co.ke» (Кения), «hongkongfp.com» (Гонконг), «Бундастаг баспасөзі», «theguardian.com», «Франц пресс», «Еуроодақ баспасөзі», «washingtonpost.com», «Associated Press» және т.б. арнайы мақалалар жариялады.
Қазақ Елінде Сайрагүлге қолдау көрсетуде қазақтілді ақпарат көздері айрықша жанашырлық танытып, әсіресе, “qazaquni.kz” мен “abai.kz” ондаған араша дүниелерімен ұлтымыздың намысын қайрады.
Қытай жеріндегі қандастарымыз да нақты қауіп-қатерге қарамай, БАҚ-та 65 мақала жариялады.
Қоғам белсенділері Нұргелді Әбдіғаниұлының, Сәуле Әбділдаханқызының, Cерікжан Біләштің, Қыдырәлі Оразұлының ерен еңбектері бір төбе болса, Сайрагүл Сауытбайдың қорғаушысы Абзал Құспан-ның кәсіби һәм азаматтық өнегесі көпшілік үлгі тұтарлық әрекет еді.
«Шекараны заңсыз бұзып өтті» – деп тұтқындалған Сайрагүл Сауытбай: «Мен өзіме тағылған айыптарды мойындаймын. Жазадан қашпаймын. Менің сіздерден жалынып сұрайтыным – мені Қытайға бермеңіздерші. Менің мұнда отбасым бар. Балаларым да осында. Мен бірінші кезекте – анамын», – деп ағынан жарылды.
Қазақ қоғамын дүр сілкіндіртетін дәргейлі дауысын естіртті…
Мұрат Алмасбек Facebook-тегі парақшасында: «Мұны – «сот» дегеннен гөрі – Қытайға көз қылып өткізген қойылым деуге де болады» – деп, жігерленіп кетті…
Асхат Қасенғалидың Facebook-тегі парақшасынан: «Бүгінгі Сот – «Шеттегі қазаққа «Отанға орал, қорғайтын халқың, қолдайтын елің бар» – дегенді дәлелдеді. Халықтың жиналса күш, біріксе алмайтын қамалы жоғын, бір жеңнен қол шығарғанда, жеңіс боларын дәлелдеді…» – дегенді оқыдық.
Өзінің Facebook-тегі парақшасында философ Қуандық Шамахай ағамыз арыдан қозғап: «Мұндай ерлік – кез-келген азаматтың қолынан келе бермейді. Сайрагүл арқылы әлемдік өркениет тәуелсіз Қазақстан Республикасын «адам құқығын қорғайтын, ашық жариялы, өз халқының талаптарымен, қоғамдық пікірмен санасатын демократиялық ел» деп таныды. Сайрагүл Сауытбай – Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына әбден лайық» – деп, қарақұстан тура тартыпты…
Қайран, қазағым-ай, біреуді жамандасақ – жер қаптырамыз, мақтасақ – көкке лақтырамыз. Осы екі шексіздіктің алтын діңгегін – дәл ортасын тауып, әрбір қазақтың тағдыры – барлық қазақтың тағдыры екендігін қашан түсінер екенбіз?!.
Үмітімізді үзбейміз!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.

Осы аптада Шымкентте алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Түркістан облыстық мәслихаттарының кейбір депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату болды.

Соның негізінде депутаттар алтыншы шақырылған облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы сайлау округтерінен 2016 жылдың наурызында сайланған алты мандаттыны, атап айтсақ, Рәшкүл Оспанәлиева, Қилыбек Тұрлыбек, Қайрат Молдасейітов, Бакарам Абдукаримов, Жұмағали Білісбеков пен Арман Берденовтердің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Оған олардың осыдан біршама уақыт бұрын өз округтерінің облыстан бөлініп, дербес қала атанған Шымкентте болуына орай өкілеттік мерзімдерін уақытынан бұрын тоқтату туралы облыстық сайлау комиссиясына жазған өтініштері негіз болған.
Бұған дейін мәслихат корпусындағы бірқатар депутаттардың республикалық мәртебеге ие болған Шымкенттен сайланып, Түркістан облысы мәслихатының депутаттық корпусының құрамында жүруі қандай қисынға келетіні туралы сауалдар мен сын-ескертпелер қарша борамаса да бірнеше рет айтылып, жазылып жатты. Осыдан соң олар «өзімді алдап халық қалаулысы болмайын»
деді ме, әлде, ызыңдаған сарымаса сауалдар мазасын алды ма белгісіз, әйтеуір олар осындай тұщымды тұжырым түйіп, батыл қадам жасады. Егер олар «халық қалаулысы деген ардақты аттан айрылмаймын» деп жүре берсе, Түркістан облысына қарасты емес округіндегі халықтың мүддесін қорғаймын деп елге күлкі болары сөзсіз еді. Осылайша өкілетті органдағы жоғарыдағы алтау өзгелерге үлгі болып алға шықты. Бұл жерде өзгелер деп тұрғанымыз Шымкенттен облыстық мәслихатқа сайланған тағы 8 депутат болып табылады. Мәсхатшы заң жүзінде олардың әлі де депутат екенін, себебі дәл осындай жағдайда оларды еркінен тыс мандатынан айыру заңда көрсетілмегенін алға тартуда.
Осы ретте өздері сайланған округ Түркістан облысының аумағында болмаса да депутаттық дәурені тоқтамаған бұл сегіз депутаттың атын атап, түсін түстесек. Олар, Дулат Әбіш Назарбекұлы, Ахметов Дәурен Шәкірбайұлы, Мелдеханов Өмірзақ Пердебекұлы, Көмекбаев Абай Әбдіманапұлы, Сүлейменов Қайрат Мұсаханұлы, Жолдасов Нұрмахан Миятұлы, Омаров Абдурашид Керізбайұлы мен Қайыпбеков Әсет Абдрашұлы.
Қазақта «ісін білген адам жүре береді, білмеген адам күле береді» деген бар. Ендеше, бұл депутаттардың Шымкенттен сайланып, Түркістан облысының мәслихатында депутат болып жүруді хош көруі өз орнын білмегендігінің нышаны ма, әлде мандат пен мансаптың иесі атану олар үшін абыройдан да қымбат болғандығының белгісі ме? Бұл сауалға сабылып жауап іздегендердің қатары күн санап арта түсуде.

Қ. ҚАЛИЕВ.

– Сіздіңше қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тек жаңғырығы күшті әдемі атау ма, әлде, маңызды тарихи қадам ба?

– Менің ойымша ұлттық, саяси, қоғамдық деңгейдегі мәселелер біздің елімізде аса үлкен ыждағаттылықпен, жоспарлай отырып, қазақ ретімен айтқанда, «жеті рет өлшей отырып, бір кесілетін» форматта жүзеге асырылады. Еліміздің ұлттық картасы, экономикалық-әлеуметтік дамудың аймақтардағы біркелкі еместігі, қоғамдық сананың имперлік режим жасаған құрсаудан босай қоймауы, геосаяси факторлардың тиімсіздігі – осындай «жоспарлы» қоғамдық-саяси даму түрін таңдауға міндетті түрде мәжбүрлейді. Сондықтан, дәл осы тұрғыдан қарасақ, бұл құжаттың бүгінгі күні дүниеге келуі – тек қана жаңа идеяның пайда болуын емес, еліміздегі ұлттық арасалмақ, азаматтық келісім, экономикалық даму деңгейі, геосаяси ортада қажетті шарттардың қалыптасуы сияқты сфераларда үлкен, тарихи өзгерістер орын алғанын және осы өзгерістердің осындай тарихи, елдің рухани келбетін өзгертетін қадамдарды қамтыған құжатты қабылдауға мүмкіндік әпергенін білдіреді. Яғни, ұлттық арасалмақ қазақ және басқа мұсылман-түрік диаспораларының пайдасына біржақты, түбегейлі өзгергенін, ішкі қоғамдық саяси ортаның тұрақтылығын, геосаяси сферада біздің елдің осындай әрекетіне қарсылық білдіру мүмкіндігінің шектелуін және басқа да факторлардың оң жақта түйіскенін көрсетеді.

– Рухани келбет деген ұғым бар. Ұлттық рухани келбетті өзгертудің қажеттілігі қаншама деп ойлайсыз?

– Егер бізге қазақ ұлты керек деп табатын болсақ, /ал ол әрине қажет/ — онда оның рухани-моральдық келбеті міндетті түрде әрқашан күн тәртібінде тұрмақ. Мысалы, қазақ деген кім? Қазақ ұлтынан болудың негізгі белгісі қайсы? Егер көзі қысық адамды қазақ деп есептейміз десек, онда қырғыз бен қытай да қазақ болып кетеді. Тілді негізгі белгі етіп алсақ, ол да дұрыс емес. Талай өзге ұлттың баласы қазақшаны бізден кем білмейді. Тұратын жеріне қарап та айта алмайсың. Сонда, қазақтықтың басты белгісі неде? Басында айтқан, қоғамдық сана – рухани келбетте. Ал рухани-моральдық келбет болса өз кезегінде — ұлттың бастан өткергенінен, мәдениетінен, діні мен ділінен құралады. Көптеген елдер бодандықтан құтылса, алдымен құлсыздандыру, деколонизация науқанын өткізеді. Мұның мәнісі – ұлттың санасындағы метрополия, яғни бұрынғы қожайындар кейде күштеп, кейде айламен өткізіп жіберген рухани вирустарды жұлып тастау, ұлттың рухани келбетінің ұстынын құрайтын негізгі қағидаларды насихаттап, оларды түрлі форматта және белгілі бір көлемде өмірге енгізіп, сол қағидалар негізінде өмір сүруді ұйымдастыру, кез келген тірлікті бөтен ұлттың рухани, моральдық қалыптарымен емес, өз ұлтыңның салт-дәстүрін, моральдық нормаларын ереже, заңдарға айналдырып, солар арқылы шешуге қол жеткізу. Осылай, ата-баба арманы – өз алдыңа ерекше ұлт ретінде өмір сүруге қол жеткізу. Бүгінде қай телеканалға қарасаң да, бұрынғы метрополияның идеологиясынан қалған нормалар жыртылып айырылады. Мәселе тек тілде емес. Былайша қарасаң 100 пайыз қазақша өтіп жатқан телехабардың қазақ рухына жат, бұзушы, ыдыратушы, рухани құлдыратушы мәселелерді беті бүлк етпей насихаттап отырғанына күнделікті куәміз. Бұған дейін мұны айта алмадық, айтсақ та іске асыра алмадық. Саяси системаның қуатсыздығы, ұлттық арасалмақтың тиімсіздігі бұл мәселеде тереңдеп, белсенді қимылдауға мүмкіндік берген жоқ. Қимылдаған жоқпыз да. Қажетті саяси-қоғамдық орта қалыптасып үлгірмей жатып ұлттық мәселеде шарықтап қадам басам деген Молдова да, Тәжікстан да, Грузия мен Әзірбайжан да оңған жоқ. Арты бас-аяғын әлі жия алмай жатса, алды әлдеқашан бөлініп кетті. Сондықтан, экономика, бизнес, азаматтық қоғам құру мәселесінде динамизмді таңдаған Қазақстанның осы ұлт, тіл, рух мәселелерінде есепшілдікті, күшті консерватизмді қару етіп алғанына ризалық білдіруден басқа мәселе жоқ. Міне, енді барлық факторлар түйісіп, қажетті шарттар пісіп-жетілген күні көп күттірген тарихи құжат – «Рухани сананы жаңғырту» қабылданды.

– Осы рухани жаңғыртудың бірнеше үлкен-үлкен бағыттары бар. Қайсысын ел рухын өзгертердей қауқары бар деп мойындар едіңіз?
– Әрине, осы бағыттардың ішіндегі маған ең ұнайтыны – латын қарпіне көшу. Көп адамға жақпаса да айтайын, ұлт болу үшін алдымен орыстан енген рухани-моральдық, мәдени-әдеби, ресми-заңдық нормалардан құтылып, орыс әлемінен барынша алыс кетуге ұмтылуымыз керек. Яғни, бұл дегеніміз – орыс тілін білмейтін, орыс тілінсіз-ақ бизнес, сауда жасап жүрген жастар қатарын көбейту. Орыс тілді БАҚ-тардың таралу ауқымын азайту, БАҚ арасында оларға тыйым салу. Және қазақ телеарналарына қолынан бар келетіні орысша хабарлардың тікелей қазақшасын көшіріп алып, ел алдында масқара боп, қазақ рухын қорлаушылар емес, ешкімнің жиені болмаса да, өзінде кішкене идеясы бар, дарыны бар азаматтарды тарту керек. Мысалы, қазақ КВН-ынан шыққан талай саңлақ елімізге талай қазақ рухымен сусындап, елге қазақ рухы негізінде жасалған таза, ұлттық-отандық өнімді ұсынып отыр. Мұнда, анимациялық фильмдерді жасайтын Батырхан Дәуренбеков басқаратын шымкенттік «Сақ» киностудиясын қосыңыз. Міне, осындай сирек, бірақ бар, ұлт жауһарларын алақанға салып аялап, оларға жәрдем беру керек және олардың қатарының көбеюіне атсалысу керек. Ұлт санасын отаршылдықтан тазалау ісінде – әліппе ауыстырудың маңызы орасан зор. Әліппе ауыстыру – тек жазудың емес, ұлттық психологияның, ұлтымыздың дүниетанымының, санасының өзгертуіне дейін жетелейтін құрал. Латын қарпіне көшу — дүниежүзілік қауымдастыққа қосылуды тездетеді, түркі тілдес бауырларымызбен арамызды жақындатады, метрополия-отаршылдардан іргені алыстатуға мүмкіндік береді. Міне, осы қасиеттерімен мен үшін қаріп ауыстыру – ұлтымыздың рухани жаңғыруы мәселесіндегі ең маңызды, ең айшықты бағыт.

Әулиелі, тарихи жерлерді насихаттау бойынша рухани жаңғыруды қалай бағалар едіңіз?

– Бұдан кейінгі маңызды бағыт – «Қазақстанның киелі жерлерінің» географиясы. Соңғы, дінге «бейпіл» бостандық берілген жылдары елімізге талай ыдыратушы, рухты құлдыратушы, адамды адамдықтан айырушы секталары кіріп кетті. Бүгінде қазақ рухына үлкен жау боп қауіп төндіріп отырған мәселе – ваххабизм. Одан құтылмасақ, ваххабизм ұлттық ерекшеліктеріміздің жойылуына, яғни, қазақша сөйлейтін сауд-араб жамағатының пайда болуына алып келеді. Сондықтан комиссия көтеріп отырған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» жасау – біріншіден ұлттық діни-рухани санамызды жаңғыртудың, отарлық кезеңге дейінгі ұлттық-рухани, діни келбетімізге қайта оралудың, яғни, қайтадан қазаққа айналудың құралы болса, екіншіден, сол киелі жерлерді, ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығаруды өздеріне мақсат еткен ваххабизм өкілдеріне берілген ресми, мемлекеттік деңгейдегі салмақты, біржақты теріс жауап. Міне, Алла бұйыртып өз мемлекетімізде, өз жерімізде өмір сүріп, өз тілімізде сөйлеп, өз дініміз бен ділімізді, өз жазуымызды өзгертуге мүмкіндік беріп отырған ұлт қазынасы – азат мемлекет беретін теберіктер – осындай.

– Қоғамдық сананы рухани жаңғырту жұмыстарын қолдайтыныңызды көрдік. Осы бағытта идеолог ретінде тағы нендей өзгерістер ұсынар едіңіз?

– Жаңағы айтылған Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы атты бағытты тереңірек қамту қажет деп ойлаймын. Мысалы, тәуелсіздікті не үшін аңсадық? Не үшін күрестік? Осы сұрақтарға жауап іздесек. Бүгінде біз бұл мәселеде ең примитив, ең оңай, ең үстірт деңгейде жүрміз. Біздің қазақ болу деген мәселедегі ең үлкен талабымыз – елді қазақша сөйлету. Ал субъектінің қай тілде ойлайтыны, қай тілде армандайтыны – әзірге күн тәртібінде жоқ. Меніңше, ең маңыздысы – қалыпта емес, мазмұнда. Бүгінгі қазақтың өмірі көбіне орыс-ресей өмірінің қазақша аудармасы ғана. Әсіресе мәдениет саласы мен заң саласында. Орыстың өзі Рим правосымен өмір сүреді. Рим правосы итальяндықтардың салт-дәстүрі, мінездік нормалары, моральдық ориентирлері негізінде ғасырлар бойы тезден өтіп, жасақталған. Қазақ Әлемі қазақша өмір сүру үшін мен біздің салт-дәстүр, біздің моральдық құндылықтар, біздің мінез-құлық ережелеріміз негізінде Қазақ құқын құрастыруды қолға алған болар едім. Ал сүйегі бар – Жеті Жарғы, бүгінгі дәстүрлік нормалар, Қазақтың мақал-мәтелдері осы Қазақ құқына ұстын бола алады. Егер осыған ұлттық киім, ұлттық ерекше конструкциямызды қоссақ, аз ғана уақытта біз европалық цивилизацияның аяныш туғызатын жүздеген копиясының, бірі ғана деген статустан, заты европа, аты ғана өзіне тиесілі копия деген статустан ерекше, өзіндік келбеті бар, ешкімге ұқсамайтын, сұлу да тартымды, мазмұнды, көпке үлгі — Қазақ Цивилизациясы болып шыға келеміз. Егер осы үшін күреспесек, онда тәуелсіздік не үшін қажет болды? Оның үстіне, біз бұл бағытта ең үлкен қадамның бірін жасап қойдық. Бұл қадам – облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру. Не үшін бұл қадам қоғам санасын рухани жаңғырту бағытында ерекше қадам болмақ? Себебі, ұлы патшаларымыз, хандарымыз, билеріміз, ғұламаларымыз, батырларымыз жатқан Түркістан, ғасырлар бойы мемлекетіміз – Қазақ Хандығының астанасы болған Түркістан – Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ ел қоныстанған, тарихтағы ұлы цивилизация – Алтын Орда империясының негізгі құрушылары мен негізгі мұрагерлері- Қазақ халқының жүрегі. Әр қазақ үшін Түркістан – Кие. Түркістан ҰБФ рөлін, яғни, ұлттық біріктіруші факторы ролін атқарған және атқарады да. Осы киелі қаланың статусын көтеріп, оны қазақша рухта дамыту, оны ата-баба рухында жаңғырту – тек облыстың емес, мемлекеттің рухани жаңғыруына әкеледі. Бұған облысты басқарып отырған Жансейіт Түймебаевтың рухани жаңғыру саласында жасап жатқан ұтымды тірліктерін қосыңыз. Осыған дейін ешкім көңіл бөлмеген, бөлгісі келмеген «Сақ» киностудиясы қанша қиналғанмен, ұлттық рухтағы қазақ мультфильмдерін шығарып келді. Қанша айтқанмен, ешқандай әкім құлақ асқан емес. Ал Түймебаев осы киностудияның тірліктерінің ұлт үшін қаншалықты маңызды екенін түсіне білді және дереу қамқорлығына алды. Әрине бұл жерде жас кезінен қазақ Тәуелсіздігі үшін күресте жастарды бастап шыққан сардар, бүгінгі облыс әкімінің орынбасары, облыстың бас идеологы Ұласбек Сәдібековтың атын ерекше атап өтсек артық емес. Киелі Түркістан шахарының статусын көтеру сияқты ізгі істің басынан осындай екі ұлтжанды, патриот азаматтардың табыла кетуі – бекер емес. Әрине, мұның бәрі – оңай емес. Тек бірігіп, бүкіл қоғам болып атсалыссақ қана іске асатын мәселе. Бірақ «жабыла көтерген жүк жеңіл» деген мақал бұл жағдайға тура келмейді. Меніңше, киелі Түркістан шахарының, одан ары айтсақ — қоғамдық сананың жаңғыруына жұмыс жасау – ауырлық емес. Бұл – Мәртебе. Бақыт. Аңсаған Арманның орындалуы. Мақтаныш. Алладан берілген теберік.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қыдыр ҚАЛИЕВ,

Суретті түсірген Азат ДИДАРБЕК.

     Биыл күнгейде орын алған оң өзгерістерге байланысты облыс деңгейінде өткізілген көптеген жиындар мен отырыстарда жұрт күтпеген жаңалықтар орын алуда. Жасыратыны жоқ сол жаңалықтардың басым көпшілігі батыл қадам, баянды бастама болып табылады. Соның ең негізгісі – ол тарихтың талайын көрген киелі кент Түркістанның қайта түлейтіндігі болып табылады. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Көкейде кептеліп тұрған сауал мүлдем басқа. 

Шілде айында облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен облыстық Қоғамдық кеңес облыс тұрғындарына Үндеу жолдады. «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық» деген тақырыппен жолданған Үндеудің мазмұнын қысқа қайырсақ, төмендегідей тұжырым шығады.

«Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясының, Ұлт Жоспарының, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаларын бағдар етудің арқасында елімізде игі жаңалықтар мен жақсылықтар орын алуда. Орын алған жемісті әрі жеңісті жұмыстар Түркістан облысы болып атауын өзгерткен күнгейді де айналып өтіп жатқан жоқ. Осыған орай аймақта түзілген тірліктерді лайықты жалғастыру басты борышымыз, парасатты парызымыз болмақ. Бірақ арамызда жұрт арасына жік салудың, ала қойды бөле қырқудың көріністері мен арыз-шағымдар ұйымдастырып, өсекті өршітіп, сыпсың сөздің шетін шығару сынды өрескел әрекеттерді тудыратындар жетерлік. Айрандай ұйып отырған елдің ынтымағын ыдырату кеңестік кезеңдегі сайқал саясаттың сарқыншақтары. Жақсылыққа кереғар келетін ол қасиеттердің барлығы елді ылдиға қарай құлдилатпаса, алға жылжытпайтыны сөзсіз. Кешегі саяси қуғын-сүргін, қиын-қыстау ашаршылық салдарынан алты миллион қазақтың екі миллион болып демографиялық тежелуге тап келгенін тобамыздан жаңылмас үшін жадымызда жаңғыртып тұруымыз қажет. Сарғайған тарих беттеріндегі бұл өкінішті кезеңдер өткен күннің еншісінде қалды. Қазіргі таңда қазақ елінің жиырма жеті жыл бойына азат елде өмір сүріп келе жатқаны соның жарқын мысалы. Ендігі кезекте бейбіт елдің бірлігін бұзатын кез келген келеңсіздікке жол бермеуді терең ұғынғанымыз шарт.
Қазіргі таңда ауыл мен аудандарда, кенттер мен қалаларда түйіткүл күйінде қалып отырған мәселелер жеткілікті. Олар бірте-бірте өз шешімін табады. Осы ретте сабырсыздық танытып, ауданнан аттап, қаладан асып, жоғарыдағы түрлі органдардың назарына арыз-шағымдар жазуға тосқауыл болайық. Ол жерге діттелген дау-дамайларды осы төңіректе яғни, облыстық әкімдікте, мәслихат пен басқа да мемлекеттік органдар мен мекемелер арқылы шешілетіні әбден мүмкін. Бұл тұста, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық Қоғамдық кеңес, кәсіподақ кеңестері, ардагерлер кеңестері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі сынды ұйымдардың да жәрдеміне жүгінуге болады.
Күнгейде қандай да бір келеңсіздік бола қалса оны үдетіп, ұшқындырып жазу әрекеті бар екенін сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің «Шымкентті шымшып-шымшылауды, Түркістанды түртіп-түрткілеуі» тоқтатылуы тиіс».
Осы Үндеуден соң араға бір жұма салып, Түркістан облысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Нұр Отан партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстағы түрлі ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ел бірлігіне сына қағатындарға орын жоқ!» атты Үндеу жолдады.
Онда елдің бетке ұстар тұлғалары Елбасының назарына мынадай мазмұнда мәселе жеткізген.
«Ел арасында ниеті бұзық адамдардың тобы бар екенін жасырып жабуға болмас. Міне солар әдейілеп арыз-шағымдар ұйымдастырудың шебері атанған. Олардың есімі былайғы жұртқа кеңінен танымал. Татулыққа сына қағатын олар 2000 жылдары Мақтаралға қатысты жазған өз арыздарында 7000-нан астам адамның қолын жинағандарына кеуделерін керіп, сол жиналған қолдың көшірмесін қазіргі дейін өздері жазған кез келген арызға тіркеп «ұпай» жинап жүр. Яғни, олар осындай бір жамысқылықтары үшін әкімдерді, мемлекеттік қызметкерлерді бопсалап, қорқытып-үркітіп ел ішін ала тайдай бүлдіруде. Бопсалауға еттері үйренген олардың өткен өміріне зер салсақ кезінде қылмыстық істерге шатылғаны мәлім болған. Қазіргі таңда солар Ақорданы нысанаға алып сол жерге арыздарды қарша боратып жатқанын көріп, біліп жүрміз. Сондықтан да күнгейден Ақордаға жолданған арыз-шағымдарды облысқа жолдауды, өз деңгейіңізде рұқсат етсеңіз нұр үстіне нұр болар еді. Және оның Түркістан облысында, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында, облыстық мәслихат, ардагерлер ұйымы Қоғамдық кеңес, Алқа билер институтының құзырында қаралып, құқық қорғау органдарында тергеп, тексерілсе әділ шешімін табар еді. Өз кезегінде бұл қазақтың қасіреті саналған арызқойлықтың төмендеуіне ықпалын тигізбек».
«Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық», «Ел бірлігіне сына қағатындарға орын жоқ!» атты екі Үндеудің жалпы мән-мазмұнындағы тобықтай түйінде «жергілікті халық Ақордаға қарай арыз-шағым жазбау қажет, ал Ақордаға келген талап тілектер қайтадан облысқа жолдануы қажет» дегенді екпін түсіре тұжырады.
Шыны керек осы Үндеуді оқып отырып санамызда сантүрлі салқын сауалдар пайда болғанын жасырмай ашып айтқымыз келеді. Яғни, облыс тұрғындарының мүддесін қорғау мақсатында жұмыс істеуге жұмылдырылған мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың ел арасына іріткі салып жүрген «қыңырлардың» жел сөзіне ермеуін бұлайша жалпақ жұртқа жария ету «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керіне көп ұқсайтын сияқты. Неге дейсіз бе? Онда назар салыңыз.
Біріншіден, аталған Үндеулерде татулыққа сына қағатындарға әуестенгендер Ақордаға қарай арыз жазуды әдетке айналдырғаны нақты айтылған. Егер олардың жазған арыздары «жаптым жала, жақтым күйенің» нағыз көрінісі болса, оның заңға қайшы екенін дәлелдеу арқылы қия басқан топтарды сабасына келтіруге әбден болады емес пе? Мұны бір нұсқа деңіз. Екіншіден, Үндеуде олардың іс-әрекеттері ел ішіне іріткі салудың көрінісі екені нық сеніммен айтылады. Ендеше жергілікті жердегі құзырлы орган олардың аяғына тұсау салуға неге қауқарлы емес? Түрлі келеңсіздіктерді алдын алу, болдырмау, ашу және жолын кесу сынды күрделі қылмыстық операцияларды орындап жатқанда Үндеуде айтылған тентектерді тезге шақыруға олардың шама-шарқы жетпейді ме?
Ия, көп келеңсіздікті ішкі бүгудің соңы жақсылыққа апармасы белгілі. Дертке дер кезінде ем-дом жасалса дауасы болатыны сынды, орын алған олқылықтарды заматында шешу екі жаққа да тиімді. Бірақ қайғыдан қан жұтып отырған адам араша сұрап талай емен есіктің табалдырығын тоздырса, жариялы түрде жұрт назарына жеткізудің жолын іздеуден басқа амалы қалмайды. Халықтың әділетсіздікке қарсы мұндай талпынысын жергілікті билік татулыққа сына келтіру деп түсінгені артық кетіп, кем соғудың кері. Осы құжатта дүйім елдің алдынан көсіле сөз саптағандар шешілмей жатқан түйіткілдерді адамдар дабыра етіп көтермей, облыста отырған билік-бунақтардың назарына жеткізуі жеткілікті дегенді алға тартады. Бұл сөз жылаған балаға тәтті беріп алдарқатуға көп ұқсайды. Осы ретте жыл басында Сарыағашта 7 жасар баланың басынан өткен жағдайды тіл ұшына оралтудың өзі жеткілікті сияқты. Егер жергілікті жердегі погондылар мен педагогтар мәселеге зер салып, оған адами тұрғыда қараған болса, аудан тұрмақ, тұтас облыс атына кір келтірген бұл сорақылық республика көлемінде мәлім болмас еді. Бірқатар азаматтардың жауапсыздығынан аудан, облыс әкімінің беті бұқараның алдында қызармас еді. Сол кезде осы орын алған жағдай бойынша облыстық ішкі істер департаментінің де істі ішіне ене тергеп-тексеріп жатқанын сезіне алмадық. «Көкектің өз атын өзі шақыратыны» сынды, көп жағдайда халықтың емес, ең әуелі кейбір қолында билігі бар қызметкерлердің кесірінен биліктің бар былығы ашылып, ақтаралып жатыр. Егер сол сәтте бұқаралық ақпарат құралдары мәселені жарыққа шығарып, билік назарын болып жатқан бейберекетсіздікке аудармағанда ақылға сыймайтын әдепсіздіктердің орын алуы насырға шауып кетер ме еді? Сондықтан да Үндеуде бұқаралақ ақпарат құралдарына қарата «Шымкентті шымшып-шымшылау, Түркістаныңызды түртіп түрткілеу тоқтатылуы тиіс» деп айтылған сөз артық кетіп, кем соғу сияқты.
Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Біз ел бірлігіне сына қағатындардың жолын бөгейміз деп ауруымызды жасырғанның кейпін кимейміз бе? Ал ауруымызды жасырсақ кейбір пысықайлардың лауазымын асыра пайдалануына жол беріп алмаймыз ба? Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

    Өткен аптаның айтулы оқиғаларының бірі – Шымкентке, оның сыртында Түркістан облысына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келді. Жай келген жоқ, «ақ үйдегілерден» бастап, үшінші мегаполистің «үлкен-кішісін» дүрліктіре келді. Сол баз-баяғы қиқулатып көше жабу, сырнайлатып күтіп алу, қала берді мекемелер аралау… Әлеуметтік желілердегі парақшалардан білгеніміз – М.Әшімбаев үшінші мегаполисте атқарылып жатқан партиялық жобалармен танысқан. Сосын…

 

Елбасының «Нұр Отандағы» №1 жақтасының Шымкентке келуіне партияның қалалық және облыстық конференцияларына қатысуы негізгі себеп болғаны белгілі болды. Шілденің 20-ы күніне белгіленген қалалық конференция, Шымкентше айтқанда, «сенсацияға» толы болды. «Ә» дегеннен басқосудың тізгінін қолына алған Мәулен Сағатханұлы конференцияға Елбасы, партия Төрағасының сәлемдемесін арқалай келгенін алға тартты. Оның айтуынша, мемлекет басшысы партияның Шымкент қалалық филиалына қазіргі қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовты сайлауға тапсырма беріпті. Осылай мәлімдеген №1 орынбасар соңғы он екі жылда партияның қалалық филиалын басқарып келген Өмірзақ Пердебекұлы Мелдехановтың, онымен қоса Шымкент қалалық филиалының осыған дейін жұмыс жасап келген ұжымының өкілеттігі тоқтатылатынын мәлімдеді. Зал іші аң-таң болып отырғанда төрағалыққа Әбдірахымовтың кандидатурасын ұсынып кеп жіберді. Осымен алдын-ала дайындалған сценарий жүзеге асып кетті.
Әрине, мәңгілік ештеңе жоқ. Өмірдің өзі өзгерістен тұратынын барлығымыз жақсы білеміз. Алайда, сол өзгерістің өзі орнымен болса, ел іші бүгінгідей абыр-сабыр әңгімеге даурықпаған болар ма еді деген ой да жоқ емес. Солай бола тұрғанымен, артта қалған он екі жылға кері оралсақ артықтық болмас.
Өмірзақ Мелдеханов «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына 2006 жылы төраға болып сайланды. Рас, ол кезге дейін партия қағаз жүзінде болғанымен, оған қызығушылықпен немесе жанашырлықпен қарайтын жан кемде-кем болды. Төраға бірінен кейін бірі ауысты. Елбасының партиясы болғандықтан мемлекеттік қызметкерлер амалсыздан мүше болуға көндікті. Жарна жиналмайды, жиналған жарнаның қайда кетіп жатқанына назар аударып жатқан ешкім болмады. Сол жылдары ғой, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған Марат Ақылтаевтың «кабинетімдегі сейфтен 25 000 АҚШ долларымды біреулер ұрлап кетті» деп жұртты шулатып жүргені… Полиция да пақыр екен, Ақылтаевтан «Ол қандай, қайдан келген ақша?» деп сұрағанында, өзін жәбірленуші санап отырған «нұротандық» арызын қараусыз қалдыруды сұрап, аттай тулағаны есімізде…
Партия филиалының қоныстанатын жібі түзу ғимараты болған жоқ. Ө. Мелдеханов жаңа төраға болғанда партия филиалын өзінің жекеменшік кең, жаңа, күрделі жөндеуден өткен ғимаратына көшіріп апарды. Жұмысты жандандырды. Жиналмай жүрген жарнаны жинатты, партия қатарындағы мүшелердің қарасын көбейтті. Тіпті, кейбір қызметкерлерді жұмысқа қосымша тартып, жалақысын қалтасынан төледі. Жарық, су, жылу, кеңсе техникалары деген мәселелердің барлығы Ө. Мелдехановтың
жеке қаражатымен шешімін тауып отырды. Күні кешеге дейін солай болып келді де. Бұл жөнінде, шатаспасам, Ө. Мелдехановпен көктемде болған кездесуде сөз болған еді. Жиырма мыңнан астам жақтастардың басын қосқан партияның қалалық филиалы 2011, 2015 жылдары өткен ҚР Президенті сайлауында белсенді еңбек көрсетті. Оның сыртында Ө.П.Мелдеханов 2005, 2011, 2015 жылдары өткен ҚР Президентінің сайлауында ҚР Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың Шымкент қаласындағы Қоғамдық штабын басқарды. Бұл Елбасы мен партия арасын сондай бір ыстық ықыласта жақындатқан жылдар болды. 2011 жылдары «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Құрылысы жүргізілгенімен аяқталмай тұрған ғимарат «Нұр Отанның» шымкенттік басшылығының араласуымен, қолдауымен, одан қалса демеушілер есебімен қолданысқа берілді. Ғимаратты көруге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Н.Нығматуллин арнайы келіп, жоғары баға берді. Тіпті өзге облыстар мен аудандарға шымкенттік әріптестерінен үлгі алуды тапсырды. Көп жылғы нәтижелі жұмыстың нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі филиалы қоғамды толғандырған әр түрлі пікірталастардың алаңына айналды, шешілмей жүрген мәселелердің түйінін босататын орын ретінде ерекшеленді. Жемқорлыққа қарсы күрес, қағазбастылыққа жол бермеу, халықтың мұңы мен мұқтажына назар аудару, әрбір азаматтың тағдырына бей-жай қарамау – партия филиалының, соның ішінде Ө.П.Мелдехановтың негізгі принциптерінің бірі бола білді. Оны біреу түсінді, енді біреу басқаша қабылдады, сынады, мінеді… Жылына мыңнан астам арыз (оның сыртында 4-5 мыңдай азаматтың тағдыры тұрды) осы филиал арқылы шешіліп жатты. Расына келгенде, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы Өмірзақ Мелдехановтың абыройы мен іскерлігінің, беделі мен біліктілігінің арқасында өз абыройын көтерді деп айтуға толық негіз бар. Десек те, кейбір уақыттары пендешілікке де жол берілді. Адам баласы болған соң жіптіктей түзу бола алмайтын кездер де болады емес пе?! Оның кейбірінде сындар да айтылып жатты. «Халық сыншы», «халық айтса қалып айтпайды» деген де сол шығар…
Он екі жыл ішінде ел есінде осы қырларымен қалған Ө.Мелдеханов, осылайша өткен аптада филиал төрағасы лауазымынан өзінің бастамасымен бас тартты. Бұл қауесетті алдын-ала болжағандар оны ат мінгізбесе де, иығына шапан жауып шығарып салатын шығар деп болжаған-тын. Қалай болғанда да асқақтау шыңына жеткен филиалдың әр қадамында еселі еңбегі, маңдай тері мен қайраты жатқан Ө.Мелдеханов сол құрметке лайықты да еді. Өкінішке қарай олай болмады. Конференцияға «қожайындық» еткендер «мына Мелдеханов райынан қайтып қала ма?» деп қауіптенді ме, әйтеуір төраға сайлау мәселесін күн тәртібіне бірінші етіп қойып, асығыс-үсігіс іске асырып жіберді. Тіпті, оған ұсынылуы тиіс алғыс хатты жұртқа таныстырмастан бір шоқ гүлмен қосып, қолына ұстата салды. Қандай алғыс хат, кімнің алғыс хаты, ол жағы айтылмады. Тым болмағанда оның лауазымынан бас тарту туралы шешімін өз аузынан естігенде болар ма еді деген пікір айтылып қалып жатты. Әрине, орынды пікір. Партияның Шымкент қаласы бойынша жиырма мыңнан астам мүшесі бар болса, соның барлығы дерлік Мелдехановтың принципшілдігі мен шыншылдығының, туралығы мен іскерлігінің қадірін біліп, бір тудың астына біріккендер емес пе еді?! Олар мұндай «сенсация» болатынын білмеді де ғой. Осы жағы өкінішті болды. Сөйтіп, «Нұр Отанның» партиялық Жарғысы көзбе-көз бұрмаланып кете барды…
Жаңа төраға Ғабидолла
Рахматоллаұлына келетін болсақ, әрине ол, бұған дейін де Шымкентті басқарған, сөзі мен ісінің арасы тең азамат. Оңтүстіктің тумасы. Елбасының саясатын саралап жүргізетін саясаткер, абыройлы азамат. Егер осындай қабілеті болмаса, мемлекет басшысы оған енді ғана мегаполис ретінде етек-жеңін жинап жатқан қаланы басқаруды сеніп тапсырмаған болар еді. Қала әкімі қызметіне қоса, ендігі жерде «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы лауазымын қоса атқармақ. Шымкентке келген Мәулен Әшімбаев Ғабидолла Әбдірахымовтың партиядағы қызметті дөңгелетіп әкететіне нық сенім білдірді. Солай болсын деп тілейміз.
Айтпақшы, шілденің 22-і күні «Фейсбук» әлеуметтік желісінде конференция туралы «Далбаса тирлик. Анада Шымкенттин конференциясын откиздик деп шулады. Мен озим осы партиянын обл филиалында бирнеше жыл истеп келемин, бурын мемлекеттик кызметте бирнеше жыл истедим. Касымда мемлекеттик кызметте болган бирнеше жигит бар. Айтайын дегеним – Шымкент филиалдын конференциясын ым-жымсыз шусыз откизуди бизге тапсырды. Калалык филиалдагы ариптестерге рахат болды, ештенеге бас ауырткан жок. Таяктын барын биз жедик, облыста отырып. Озимизге катысы жок жиын ушин кундиз-туни шаршап журдик, конакуйлерине дейин дайындап. Саяси кенес, саяси кенес бюро, тексеру-бакылау комиссиясына откен бирнеше адам партияда жок, сонда партия мушеси еместер партиянын лауазымды кызметин калай аткарады? Мысалы, бюрога сайланган кала акими аппаратынын басшысы Е.Алимкулов, калалык аксакалдар кенесинин торагасы И.Рысбай, окушылар сарайынын директоры Н.Романова вообще партияда жок. Менин коргенимдей, тизимди Г.Абдрахимовтын жигиттери оздеримен бирге конференцияга алып келди, кейин адып кетти. Барлыгы тизим бойынша дауыс берди. Маскара! Саяси кенес мушеси болып сайланган Парманов Толеби ауданында, кала акиминин кенесшиси Р.Аюпов Астана каласынын Есиль ауданында тиркеуде тур. Олай болса булар Шымкенттин конференциясына калай делегат болып келип, дауыс берди? Буган ким жол берди? Баска калада тиркелип турып, баска калада партиянын жауапты, лауазымды кызметин аткаруга болмайды емес па?» деген Серік Самат деген біреудің жазбасы жарық көрді. Жазбадағы қателерге қарап сауаты төмен дейін десең, саяси пікірі жер жарады. Әңгіме ауанына қарасаң «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтын» саясаттың иісі мүңкиді. Бір жағынан қарасаң конференция жұмысынан зәрезап болғаны байқалады.
Мәселе онда емес. Мәселенің мәні – жоғарыдағы фактілерде болып тұр. «Нұр Отанның» негізін қалаушы Н. Ә. Назарбаев мемлекеттік қызметте былық-шылыққа жол бермеуді «Нұр Отанға» тапсыратынын әрбір Жолдауында, әрбір басқосуда нықтап айтып жүргенін газет-жорналдың айналасында жүрген біздер жақсы білеміз. Осыны ескерсек, бір конференцияда бірнеше «белден басушылыққа» жол беріп отырғандардың сондағы мақсаттары – Мәулен Әшімбаев пен Ғабидолла Әбдірахымовты ыңғайсыз жағдайға қалдыру болды ма, әлде «подстава» жасаған түрлері ме? Мұны кім ұйымдастыруы мүмкін? Тізім жасақталған кезде сол тізімді ұсынғандар қайда қараған?
Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде партияішілік мәселелерді сынға алған болатынбыз. Онда кадрлық резерв, кадр біліктілігі ұмыт қалып бара жатқаны айтылған-ды. Сол кездегі келтірген дәйектеріміз басқа-басқа, конференцияда орын алса, онда кімге не айтуға болады? Бұл мәселені қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғ. Р. Әбдірахымов назарға алады деп сенеміз және газетімізге хат жүзінде жауап береді деген үміттеміз.
… Апта ішіндегі ат ауыстырудың артында осындай бір томпақтау із қалды…

А. САТЫБАЛДЫ.

«Елу жылда ел жаңа». Осыдан 27 жыл бұрын егемендігін алып, өз алдына бөлек ел болған
Қазақстанда бұл мақалдың салтанат құрған нақты мысалдары жетерлік. Кеше ғана Сарыарқаның сар даласында Астананың қазығы қағылғанына 20 жыл толғанын дүйім ел болып дүркіретіп тойлауымыздың өзі соның айғағы. Осынау торқалы тойды тойлаудың қарсаңында жыл басынан бері елімізде көптеген жиындар, алқалы басқосулар мен түрлі шаралар өткізілді. Солардың бірі мамыр айында Елордада өткізілген ХІ Астана экономикалық форумы болды.

Сонда Елбасы Шымкенттің миллион тұрғыны бар қалаға айналғанын айрықша атап өткен болатын. Содан соң, мемлекет басшысы араға бір ай салып, Ақорда төрінде Шымкенттің дербес қала атануы, Оңтүстік Қазақстан облыcының Түркістан облысы болып қайта құрылуы, ал Түркістан қаласының оның әкімшілік орталығы болатыны туралы Жарлыққа жариялы түрде қол қойған-тын. Сол кезде бас қаласының 20 жылдығын тойлап жатқан қазақ жұрты өз елінде мегаполистердің қатары толыққанын, рухани астанасы атанған Түркістанның облыс орталығы ретінде болып орныққанын қолдап, қуаттады.

Елбасының бұл шешімі ертеде ер түрік туып өскен Тұран елі тарихының жаңа парағының ашылуының, оның қайта түлеуінің, және тамырына қан жүгіруінің бастауы болды.
Түркістан тарихтың талайын көрген көне қала. Басына түскен талай сын сағаттарды еңсерген ескі шаһар. Ол қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған. V-VI ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойында іргетасы қаланған Түркістанның тамыры тереңде жатыр. Талай тарихтың куәсі болған бұл жерде 1400 жылдан бері қазақ елінің қиын күнде пана, ушыққан дау-дамайда дана болған ел бастаған көсемдері мен сөз бастаған шешендерінің сүйегі жатыр. Олар көзі тірісінде өздерін осы Түркістан топырағында жерлеуді аманат еткен. Тарих беттеріндегі деректер түркі тарихының түп тамыры – Түркістан жерінде Жәңгір хан, Болат хан, Бөкей хан, Есім хан, Жәнібек хан, Тұрсын хан, Тәуке хан, Қайып хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан, Сейіт хан, Барақ хан, Сығай хан, Әбілмәмбет хан, Абылай хан, Әбілфейіз хан, Бөкей хан, Тоғай хан және тағы басқа қазақтың 21 ханы мен 110-ға жақын билері мен батырлары жерленген.
Дешті қыпшақ мен Орта Азияның аралығында орын тепкен қаланың Қазақстанның кіндігі деп аталуының тағы бір мәні кезінде қазақ хандығын, яғни, қазақ елін сақтап қалу жолында қасық қаны қалғанша жаулармен бетпе бет келіп шайқасқан бабаларымыздың рухының топтасқандығымен тығыз астасып жатқандай. Енді қасиетті өлке Түркістанның облыс орталығы ретінде беделінің биіктей түсуі сол баба рухын барынша асқақтата түспек. Бұл ойымызды Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Түркістан – рухты қайрап, Алашты арқаландырып, тағдырлы кезеңдерде Қазақ дейтін елді сақтап, берекесін арттыра білген қасиетті жер. Санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдететін тың бастама Рухани жаңғырудың жарқын көрінісі болары анық. Осы орайда, Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтатады деп есептеймін», — деген сөзімен сабақтастырған жөн сияқты.
Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен, кезінде талай керуен көштің ордасы болған қасиетті қаланың тарихындағы жаңа парақтарына игі із қалдыруға лайық кадр ретінде Елбасының Жансейіт Түймебаевты Түркістан облысының әкімі етіп тағайындауы әділ әрі әдемі шешім болды. Себебі, түбі бір түркі жұртының тарихымен терең таныс тұлғаның Түркістанның құндылығын одан әрі арттырмаса, құлдиға құлата қоймайтыны сөзсіз. Оған өткен жылы Жансейіт Қансейітұлының облыс әкімі ретінде «Түркістан – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» атты халықаралық жиынды биік деңгейде өткізуде зор қолтаңба қалдырғаны негіз болмақ.
Қазіргі таңда Түркістанның облыс орталығы болуына сәйкес ол жерде жақын күннен бастап қызған құрылыс жұмыстары қайнай түспек. Өндіріс өзгеше реңкпен өркендемек. Индустрия игілігінің жемісін көру жолында инвесторларды тарту ісінде де оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізілмек. Жалпы Түркістан тотыдайын таранып, түрленбек. Бұл ретте қаланың әлеуметтік- экономикалық дамуына көп екпін берілмек. Бірақ солай екен деп көне шаһардың рухани-мәдени орталық ретінде түлей түсуін көлеңкеде қалдырып қоймау керек. Және де жергілікті халықтың қоғамдық санасын жаңғырту, олардың заман көшіне сай бейімделуін, жаңа жаһандық жағдайларға сай өмір сүруін жолға қою бағытындағы мәселелері шетке ығыстырылмауы қажет. Осы ретте Жансейіт Қансейітұлының таразы басын тең ұстап, нақты тыңғылықты жұмыс, тиімді тұжырым жасауға білім-білігі мен іскерлік қабілетінің жететінін баса айтып өткім келеді. Сонымен қатар оның, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның белді мүшесі ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде талай тың тірліктердің түзілуін қолға алатынына зор үмітпен қараймыз.
Түркістан қаласының Түркістан облысының орталығы ретінде түрлене түсуіне мысал боларлық дәлелдер жетерлік. Атап айтқанда, қаланы жарық, су, көгілдір отын сынды инфрақұрылым игілігімен толық қамтамасыз етуге ресурс мол. Ауыз су жеткілікті. Бұдан бөлек онда 70 жылға жететін жерасты су көздері бар. Бұл аймақ орталығының кез келген нүктесінде «суға сусап отыр» деген проблеманың түпкілікті болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол жерге көгілдір отынды алаулатып жеткізу бойынша қолға алынған құрылыс жұмыстарының күрделі кезеңдері орындалған. Соған сәйкес, соңғы үш төрт жылда ондағы шағынаудандардың табиғи газға қосылу көрсеткіші көбеюде. Қаланы электр қуатымен қамтуда айтарлықтай проблема жоқ. Сала мамандары тек қосалқы стансалар салудың қажеттігін шегелеуде. Ауылшаруашылық саласында да өзгелер қызығып әрі қызғанып қарайтын жетістіктері жетіп артылады. Және ол бұдан былайғы ретте де барынша алға қарай дами түсетіні анық.
Қазақта «қос тойың қабат, екі дүниең абат» болсын деген сөз бар. Өз кезегінде Түркістанның облыс орталығы ретіндегі мәртебеге ие болуының арқасында шығысындағы тасын түртсең тарихы сөйлейтін Отырар ауданының, солтүстігіндегі кенді Кентау мен Созақ аумақтарының халқының ауқатты, жерінің абаттана түсуіне мол мүмкіндік туғызбақ. Тұтас облыстың орталығы ретінде енді мұндағы халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайын көтеруде тың жобалар қолға алынбақ. Өз кезегінде бұл территориясы Түркістанмен шектесіп жатқан аудандарда ауылшаруашылық, өнеркәсіптік, туризм салаларының дамуына көлеңке болып тұрған түйіндердің тарқатылуына жарық түсірмек.
Өркениетке қол созған кез келген мемлекетте жол құрылысына жіті мән берілмей өре болмайтыны әлдеқашан дәлелденген. Енді жәдігер шаһарда жол инфрақұрылымында кетеуі кеткен мәселелердің өз шешімін табуына барынша мән берілмек. Осы тұста түрлі жоспар жүйелер жазылмақ. Сондай ауқымды жоспарлардың ішінде қаланың іргеліс жатқан аудандармен барыс-келісі мен алыс-берісінде оң өзгерістер орын алмақ.
Ұлы түркі бабалардың түпқазығы саналатын Түркістанның облыс орталығы ретіндегі баянды болашағына күмәнмен қарайтындарды көріп те, естіп те жүрміз. Дәл қазіргі таңда онда кәріз жүйесінің жүргізілуі он пайыздан сәл ақ асады. Ыстық судық жоқтығы тағы бар. Орталыққа ағылған ұлы көшті қабылдауға қала әл-әзір дайын емес. Жергілікті билік оларды кәсіпкерлік нысандарына жайғастырамыз деп білек түріп отыр. Бірақ ат шалдырған ағайынға бұл аз-маз қолайсыздық тудырмақ. Бірақ қазақ жұрты жұдырықтай жұмылса, бұл кедергілердің барлығы өткен күннің еншісінде қалатынына сенім мол. Осыған дейін елімізде екі рет облыс орталықтары ауысқаны белгілі. Оның алғашқысы Көкшетау, екіншісі Талдықорған қалалары. Бұлар мұндай статусқа ие болмас бұрын Қазақстанда көп саласы тұраланған территория болатын. Ал қазір қандай?! Дамудың даңғыл жолына түскен, жасанып сала берген қалалардың бірі. Көп ұзамай Түркістанның да сондай күйге кенелеріне сенім зор. Оған апарар жолдар, мол мүмкіндік берер потенциалдар да көп.
Айталық, қала ең әуелі тоғыз жолдың торабында орын тепкен. Түркістан – Сібір теміржолы арқылы еліміздің батысына да, шығысына да, солтүстігіне де жолаушылар мен магистралды пойыздар қатынайды. Ұлы Жібек жолы арқылы қалааралық, халықаралық көлік ағыны бір тоқтаған емес. Яғни, қаланың көлік логистикалық ахуалы зор. Тағы бір артықшылығы мұнда ЮНЕСКО-ның қорғауындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің болуы. XIV ғасырдың соңында тұрғызылған қайталанбас сәулет ғимаратын тамашалауға келгендердің нөпірі ешқашан толастаған емес. Мәселен, былтыр киелі кесенеге бір жарым миллион жұрт зиярат еткен. Олардың елу мыңға жуығы шетелден ат терлетіп келгендер. Ал 2018 жылдың бес айында бұл жерге бес жүз мыңнан астам туристің табаны тиген. Оның жиырма мыңы алыс-жақын шетелдерден арнайы келген. Түркістанның облыс орталығы ретіндегі жаңа статусы туристер санын арттырмаса азайтпайтыны анық.
Ұлтымыздың тұлпар мініп ту ұстаған ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі алда атқарылар қаншама өркенді істердің негізгі өзегіне айналатына бек сенімдіміз.

Саттар Қуашбаев,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты,
әлеуметтік-мәдени даму
жөніндегі тұрақты
комиссияның төрағасы.

 

Қазіргі Түркістан бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы 170 гектар тұқымбақта өткен жылы 16,3 млн. түп көшет өсірілген. Бұл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы таратқан мәлімет. Былтыр өңірде көшеттердің жаңа түрлері мен санын көбейту мақсатында «Бадам» мемлекеттік мекемесінде 2 жылыжай құрылған болатын. Басқарма мамандарының айтуынша, бүгінде облыста жалпы орман қорының жерлері 3 132,0 мың гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 589,0 мың гектарға жеткен. Бұдан бөлек, 2017 жылға бекітілген индикативтік жоспарға сәйкес, таулы және тоғайлы аумақта 390 гектар, құмды өңірде 3 мың гектар жерге көшет егілген. Сондай-ақ, 10 577 гектарға сексеуіл тұқымы себілсе, орманның табиғи түрде ұлғаюына ықпал ету жұмыстары 7 мың гектар аумақта жүргізілген.

Кезінде Шымкентті сұр қалаға теңеген Жансейіт Түймебаевтың тұсында қолға алынған бастамалардың бірі — «Шатқал» бағдарламасы болды. Бағдарламаны іске асыру мақсатында былтыр облыстың елдімекендерін көгалдандыруға аудан, қала әкімдіктеріне басқарма тарапынан 480 мың түп көшет тегін босатылыпты. Басқарма биылға аудан, қала әкімдіктерінен сұранысына орай 1 млн. 990 мың түп көшетті тегін үлестіруді жоспарлады да. Биыл, сондай-ақ, Шымкент қаласы айналасындағы «Жасыл аймақ» көлемін 19 мың гектарға ұлғайту жұмыстары жүзеге асты. Шымкент қаласы аумағынан 125 гектар жерде орналасқан 7 шатқалда 55 мыңнан аса әртүрлі көшеттер егіліп, абаттандандыру жұмыстары жүргізілді. Облыстық әкімдіктегілер бұл жұмыс тағы да жалғаса беретінін мәлімдеп еді. Оның сыртында ағымдағы жылы аталған шатқалдың екеуі ел игілігіне тапсырылатын болған. Алайда, «құланның қасуына мылтықтың басуы» болып, облыс орталығы Түркістанға ауысып кетті. Күні кешеге дейін шатқалдардан шықпаған Түймебаевтың командасы енді Түркістанды «торуылдап» жүр. Көшу, қону…
Шаруасы шалқайған «Шатқал» бағдарламасының орындалуы «құрғақ қасық» сияқты «ауыз жыртардай» болып тұрғанын кезінде «Уақыт» газеті аз сынаған жоқ. Мақала жарыққа шыққан соң Ж.Түймебаевтың алдында «очко» жинағысы келген «мини-шенеуніктер» редакция телефонына тыныштық бермегенін осы тұста айтпай кетсек, артықтық болар. «Барлығы жақсы, ағаштар жайқалып тұр» деген мағынада әңгіме қозғағандар мақаланы теріске шығаруға барын салған. Алайда, олардың айтқаны мен облыс әкімінің әңгімесі екі түрлі болып шықса, оған кінәлі біз емес шығармыз. Мысалы үшін, Жансейіт
Қансейітұлының «Жас алаш» газетіне берген сұхбатынан үзінді келтірсек: «…Иә, «Шатқал» бағдарламасын көктемде бастадық. Халықты жұмылдырып, алдымен бес шатқалға ағаш ектік. Жалпы, Шымкент қаласында 14 шатқал бар. Әрине, бұл жақтың ауа райы өте ыстық. Содан барып біраз мәселе туындады. Біршамасы қурады білем… Бұл табиғи заңдылық деп ойлаймын. Топырақтың да ерекшелігі бар. Отырғызылған көшеттер осы процестерден өтіп, іріктелді. Бес шатқалға 50 мың дана көшет отырғызылды. Көпшілігі өсіп, жайқалып тұр. Жақында егуді қайтадан жалғастырамыз. Әр шатқалдың аумағы 15-20 гектарды құрайды. Сол шатқалдар болашақта үлкен орманға, саябаққа айналса деген ойым бар. Шымкент жасыл қала деп айтылғанымен, қазіргі таңда шаһарда ағаштың қарасы аз. Жекеменшік үйлер ауласына ағаш екпейтін сияқты. Жасыратыны жоқ, қала бұрынғы Шымқала емес. Қалада орталық және Абай атындағы саябақ, сосын шет жағында дендробақ қана бар. Басқа жоқ. Ал шатқалдар әр жерде болады. Бұлар қаланың оттегісі, өкпесі ғой. Солардың қатарын көбейтсек, бұл бір жағы демалыс орнына да айналар еді. Қазір 100 мың түп көшет дайындалып жатыр. Бұл істі міндетті түрде жалғастырамын. Тағы бір айтарым, бұл бағдарлама тек облыс орталығында емес, аудандарда да қолға алынып, сай-қыраттардың бойлары, бос жерлерге ағаштар егу жұмысы жүруде. Келес, Арыс, Шаян және басқа да өзендердің бойлары көріктеніп қалды. Өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы жер-жерде қолға алынғалы бері өңірдің аудан, қалаларында аталған бағдарлама аясында 400 мың түптен астам жасыл желек егілді. Шымкенттің өзінде 200 гектардан астам жер осы шатқалдардың аумағына кіреді».
Облыс әкімі айтып, әрі «мойындап» отырғандай «Шатқал» бағдарламасын іске асыру барысында бірнеше талдың қурап қалғаны ақиқат. Жоспар ауқымды еді, ендігі жерде бұл бастаманы кім жалғастырады, аяғы қалай болады, осы мәселенің түйіні шешілмей тұрған секілді. Әдетте, жаңа келген басшы бұрынғы басшының жоспарлы ісін ары қарай алып кетіп жатпайтыны ақиқат. Шын мәнісінде жалғастырылатын болса Ғ. Әбдірахымовтың «Шымкент mall» жобасын
Н. Сауранбаев қолға алған болар еді. «Шым-Сити»-ден салынады деп жарияға жар болған қырық қабаттық Қытай үйі де ешкімнің әңгімесіне арқау болып отырған жоқ. Қала сыртына көшіріледі деген базарлардағы «бардак» сол қалпы жалғасып жатыр. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, «Шатқал» бағдарламасының болашағы осылай бұлыңғыр күйде қалып отыр.

А. САТЫБАЛДЫ.