Маңызды

Батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп қағидалаған сөзі дәл айтылғаны ежелден белгілі.  Кез келген нәрсенің өлшемі болатыны сынды әрбір тірліктің де өз тәртібі  болады. Ол заңмен реттеледі.  Мұның маңыздылығы үлкен беделге ие. Ал заңға кез келген мемлекет үлкен зейін бөліп жатады. Елбасымыздың 2015 жылғы Ұлт жоспары реформасының тұтастай бір бөлігі  заңның үстемдігін қамтамасыз етуге  бағытталуы сол сөзімізге дәлел. Президент онда құқықтық мемлекет құруда дамыған елдердің озық тәжірибесіне  негізделіп жасалған бағыттарды жүзеге асыруда қадағалаушы орган өкілдерінің ықпалы ерекше екенін атап өткен.

Бұл туралы ол «Соңғы жылдар ішінде прокуратура органы ел азаматтарының құқықтарын қорғау  және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету  бойынша айтарлықтай  жұмыс атқарды. Басты міндет – мемлекеттік және қоғамдық институттардың құқық қорғау әлеуетін  арттыру, заңдарды тиімді қолдану  және азаматтармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен жүргізілетін күнделікті жұмысқа оларды сақтау» деген  болатын. Өз кезегінде бұл қадағалаушы орган өкілдерінің ерекше ырғақта  жұмыс істеуіне  зор ықпал етті. Мемлекет басшысының қойған талабының үдесінен табылу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы  прокуратурасы  талай тың бастамаларды қолға алды. «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл», «Алаяқсыз қоғам», «Шымкент – қауіпсіз қала» жобалары соның бір парасы еді. Бұл жобалардың тағы бір мақсаты елімізді ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды  бастайтын «Қазақстан – 2050» Стратегиясының «әлеуметтік саясаттың жаңа  принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік» басымдығының негізгі бағытымен де сабақтасып жатқанын да тілге тиек етсек артық болмас.

Облыс халқының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатыны анық. Шаруалардың көл-көсір өнімдеріне әлдебіреулердің қол салу деректерін 50 пайызға дейін төмендету мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының «Мар ұрлығына нәтижелі тосқауыл» атты қылмыстылықпен күрес жобасы тиімді нәтижелерін көрсетті. Осы бағытта ең алдымен мал ұрлығының орын алуына ол халықтың жекеменшігіндегі мал басын есепке алуға және тіркеуге қоюға құлықсыздығы, оны қараусыз қалдыруы, бақташысыз жайылымға жіберуі сынды жауапсыздықтардың зор әсерін тигізетіні анықталды. Оны шешу үшін оң жұмыстар атқарылды.  Ол өз жемісін беріп, нәтижесінде мал басын есепке алуға және тіркеуге қоюға ниет білдірген мал иесінің саны едәуір өсті. Бүгінгі таңда құзырлы органдармен мал ұрлығының алдын алу туралы үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Осындай шаралардың арқасында тұрғындар ақпараттандырылып, мал  сату базарларында тек ветеринарлық құжаттың толық рәсімделгенде және бірдейлендіру рәсімінен өткен жағдайда кіргізуге рұқсат берілетіні туралы жұмыс қарқынды түрде қолға алынды. Арнайы мамандардың қатысуымен өткен рейдтік жұмыстар жүргізіліп, ЖК «Сандыбаев» мал базарында бірнеше ұрланған ұсақ мал анықталды.

2015 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында алаяқтық қылмыс 50,5 пайызға өскен. Қылмыстың бұл түріне тосқауыл қою мақсатында облыстық прокуратура «Алаяқсыз қоғам» жобасын ұсынды. Осы бағытта  нәтижелі жұмыстар қамтамасыз етілді.  Басты мақсат  – алаяқтық қылмыстарының алдын алу тәсілдерін жасақтау әрі жетілдіру.  Бұған қол жеткізу үшін халық арасында  белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстары өткізілді. Мысалы, тұрғындарға алаяқтардан абай болу жөнінде ескертпе мәтінді 50 мыңға жуық жадынама таратылса, облыс аумағындағы барлық қала, аудандарының халық көп жүретін басты көшелеріне  35 дана билбордтар орнатылды. Қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерге 3 мың дана үгіт-насихат парағы ілінді. Телеарналарда арнайы дайындалған бейнероликтер апта сайын көрсетілумен қатар, жоба орындаушыларымен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы сұхбаттар берілді. Газет беттерінде 300-ге жуық мақалалар мен хабарландырулар жарияланды. Коммуналдық қызмет  түрлері бойынша төлем түбіртектеріне «Алаяқтардан сақ болу» тақырыбында ескертулер беру қолға алынды. Және ең негізгісі халықпен кездесулер болды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылдың 11 айы қорытындысымен алаяқтыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар 34%-ға азайды.

2009 жылдан бері Шымкент қаласында қылмыстылық саны жыл сайын өсіп отырған. Тіркелген заңсыздықтардың көпшілігі (қылмыстың 55 пайызы) ұрлық қылмыстарына тиесілі болған. Бұл
проблеманы шешу  мақсатында «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте 2009 жылдан бері бірінші рет  қылмыстылықтың саны 4 пайызға төмендеді. Аталған жоба  негізінде облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздік жиі бұзылатын кафелер мен клубтардың иелерімен жаппай түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, автопатрульдеуді оңтайландыру туралы ұсыныстар енгізіліп, жергілікті басылымдарға мақалалар
жарияланды.

Елбасының Ұлт жоспары реформасындағы басым бағыттарды іске асыруда лайықты жетістіктерге жету  негізінде  қолға алынған бұл идеялардың облыстық кримогендік ахуалын айтарлықтай жақсартуға зор ықпалын тигізді.

 

Нұрсұлтан САЙДАЛИЕВ,

Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

«Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы  аясында Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған Түркі әлемінің «Наурыз» Халықаралық ақындар айтысы 2017 жылдың  25-26 наурыз күндері Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында өтті.

 

Айтыстың мақсаты- айтыс өнері арқылы түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту және қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау арқылы, Қазыбек би Келдібекұлының өмірін, шығармашылығын сонымен қатар, көнеден келе жатқан дәстүрлі «Наурыз» мерекесін дәріптеу болып табылады.

????????????????????????????????????

Түркі әлемінің «Наурыз» Халықаралық ақындар айтысын ОҚО әкімінің орынбасары Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы ашып беріп,
айтыскер ақындарға шабыт, сәттіліктер тіледі. Түркия мемлекетінің ақыны  Нури Джихан Караташ  айтысқа арналған арнауын орындады.

Алты алашқа аты мәлім айтыскер ақындар аламанының алғашқы айналымына Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан Республикасынан 20  ақын қатысып, жыр асығын шиырды.

Бабы мен бағы астасқан сөз сүлейлерінің ішінен суырылып шыққан  Маратов Асылбек (Қырғызстан Республикасы), Назаров Болот (Қырғызстан Республикасы), Тоқтамысова Сара (Астана қаласы), Әуесхан Сырым (Астана қаласы), Қалиев Айбек (Қостанай облысы), Шойбеков Бекарыс (ОҚО), Әнапия Нұрғали (ОҚО), Абзалов Қажымұхан (ОҚО), Наушабеков Жарқынбек (ОҚО), Жаппарқұлова Анар (ОҚО), Байтуов Біржан (ОҚО), Есенқұлов Нұрлан (ОҚО) сынды 12 ақын екінші айналымда елдің бірлігі мен ынтымағы, бауырлас елдер арасындағы берік ымыра мен ауызбіршілік жайында кеңінен жырлай келе, қағытпа әзіл, қиыннан қиыстыра жол тапқан тапқырлықтарымен елдің ықыласына бөленді.

Екі күнге созылған жыр жампоздары айтысында бас жүлдеге Қостанай облысының орамды ойлы ақыны Айбек Қалиев ие болды. Айтыс жеңімпазына арнайы алғыс хат және 3000 000  ақшалай сыйлықтың сертификаты табысталса, бірінші орыннан көрінген Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Жарқынбек
Наушабеков 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Қырғызстан Республикасынан келген Асылбек Маратов пен оңтүстікқазақстандық Нұрлан Есенқұлов екінші орынға лайық деп танылып, 1,5 миллион теңгелік бәйгесін алды. Сондай-ақ, қырғыз ақыны Болот Назаров пен арқа жұртының арқалы ақындары Сара Тоқтамысова және Сырым Әуесхан үшінші орынды иемденді. Сұлу сөз шеберлеріне 1  миллион теңге сертификаты және алғыс хаттар берілді.

«Қазыбек би» атындағы арнайы жүлде Анар Жаппарқұлова еншісіне тиесілі болса, «ТҮРКСОЙ» ұйымы атындағы жүлде Түркістанның азулы ақыны Бекарыс Шойбековке бұйырып, шаршы аламандағы айтары айрықша ақындар Біржан Байтуов пен Қажымұқан
Абзалов және Нұрғали Әнапияларға арнайы жүлде 500 мың теңгеден берілді.

Ақындар айтысын — «Парасат» орденінің иегері, «АРА.kz» журналының бас редакторы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізді.

Түркі елдері ақындарының айтыс аламанының төрайымы — Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова болса,  ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар  Тұрғанбаев,  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген қызметкер, «Парасат» орденінің иегері Есенқарақызы Ханбибі, Қырғызстан Республикасы Манасшылар орталығының төрағасы Исаков Рысбай, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші
Татьяна Бурмистрова, ақын, К.Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Бегалыұлы Нармахан,  ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Бахтияр Тайжан қазылар алқасына мүшелік етті.

Айтыстың құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.

Ұйымдастырушысы — ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, ОҚО әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы болатын.

 

Дайындаған М.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ғимаратында «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасы аясында жүргізілген  жұмыстарының нәтижесі туралы шұғыл мәжіліс өтті. Облыс прокуратурасымен былтырғы жылдың  тамыз айынан бастап аталған жоба жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – 2017 жылдың 1 жартыжылдығында мал ұрлығы қылмысын 15 пайызға төмендету болып белгіленді. Бұл жиынның бір маңыздылығы, тек Жобаға қатысушы құзырлы органдар ғана емес, облыс көлеміндегі мал базар, мал сою алаңшалары және мал сою бекетінің иелерін шақырып, осы жобаның басты мақсаттары мен нәтижелері туралы назарларына жеткізілді.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде биылғы жылдың қаңтар айында облыс көлемінде мал ұрлығы 37,5%-ға төмендегенімен, кейбір аудандарда мұндай қылмыстың өсу динамикасы байқалуда.

Бұның ең басты себептерінің бірі — малды қараусыз жайылымға жіберу.

Жобаны іске асыруда біз — бұл саладағы негізгі проблемаларды саралап, жобаға қатысушы әр органның атқарар жұмыстарын айқындап, мәселеге жеткілікті көңіл бөлуді талап еттік. Халыққа меншігіндегі мал басын бірдейлендірудің, тіркеуге қоюдың қажеттілігін түсіндірдік. Атқарылған жұмыстар оңды нәтижесін беріп, мал басын бірдейлендіру, құжаттандыру жұмысы жоғарғы қарқында жүргізілуде.

Жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқан, мал базарларының құжаттандырылуы, ветеринария саласындағы заң талаптарының бұлжытпай орындалуына шаралар көрілуде.

Ұрланған малдың саудаға салынуы және олардың еті мен өнімдерін заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мақсатында Түлкібас ауданында-4, Түркістанда-2 және Созақ ауданында -1 ветеринарлық бекеттері ұйымдастырылды.

Бірлескен рейдтер нәтижесінде Қазығұрт, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтар құрықталды. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес.

облыс аумағындағы 34-мал базарының 15-мен әлі күнге дейін ветеринарлық құжатсыз малдарды қабылдамау туралы меморандумдарға қол қойылмаған.

Прокуратура органдарымен жүргізілген рейдтік іс-шара нәтижесінде, мал базарлардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м. а. 2015 жылғы 29 мамырдағы №7-1/498 бұйрығына сай келмейтіні анықталды.

Көптеп кездесетін заң бұзушылықтар ол, жануарларды өткізу объектісінің (мал базар) ветеринария саласындағы маманы өткізу үшін жануарларды өткізу объектісіне келіп түсетін жануарлар туралы мәліметтерді тіркеу жүргізуге арналған нөмірленген, тігілген және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас ветеринариялық дәрігерінің мөрімен және қолымен бекітілген арнайы журналдың жоқ болуы және ешқандай мәліметтер дерекқорға енгізілмейтіндігі.

Жануарларды өткізу объектісінің ветеринариялық пунктімен, жұмыс кабинетімен, жануарларды ветеринариялық қарап-тексеру үшін қажетті ветеринариялық құралдар мен аспаптар жиынтығымен, жануарларды өткізу объектісіне әкелінген жануар туралы ақпаратты ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстырып тексеру (мәліметтер: түрі және тұқымы, жынысы, жасы, түсі, сәйкестендіру нөмірі, ветеринариялық өңдеулері, диагностикалық зерттеулер нәтижелері, иесі, жануардың шыққан жері) үшін интернетке қолжетімділігі бар компьютермен жабдықталмауы.

Сондай-ақ, Жануарларды өткізу объектісінің ветеринария саласындағы маманы дезинфекциялық тосқауылдарды, төсеніштерді Қазақстан Республикасы және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер аумағында қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялық заттармен уақытында толтырылуын үнемі бақылауды жүзеге асырмайтындығы.

Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 10 бабының 2 бөлімінің 11-5 тармақшасында көрсетілген, ішкі сауда объектілерінде ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау қызметін жүзеге асыруы тиіс.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша, прокуратура органдарымен ұсыныстар енгізіліп, нәтижесінде аудан әкімшілігінің ветеринария бөлімінің кінәлі лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру, прокуратура органдарының үнемі бақылауында.

Облыстағы  мал сою алаңшалары және мал сою бекетінің жұмыстары құзырлы органдар тарапынан назардан тыс қалып отыр. Бүгінгі таңда, облыстағы 72 мал сою алаңшасы және 33 мал сою бекетінің, тек 20-мен меморандум жасақталған (12-і мал соятын алаң және 8- і бекет). Сонымен қатар, көптеген мал базарларында бейнебақылау камералары орнатылмағаны анықталды. Аталған жерлерде ұрлық малмен оның өнімдерін сату еш кедергісіз орын алуы мүмкін екені айдан анық.

Сонымен қатар, мал базарларының террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына жататындығына қарамастан, осы уақытқа дейін тек екі, мал базары басшыларымен Үкіметтің 28.08.2013 жылғы №876 санды қаулысымен бекітілген Үлгілік паспорттың негізінде, аумақтық ішкі істер органдарымен келісілген терроризмге қарсы қорғалу паспорты бекітілген. Қалған 32 мал базарының паспорттары бекітілмеген.

Жиында, жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалу қажеттігі аталып өтті. Ең өзекті мәселелердің бірі — мал жайылымдарын түгендей отырып, әр аудан және әр ауыл тұрғындарына мал жаятын жайылымдарды анықтау болып табылады.

Бұл құзырлы органдардың жоба барысындағы ең басты жұмыстарының бірі.

Көпшілікке мәлім, мал жануарлары қазіргі таңда жеке тұлғаларға тиесілі, оның басым көпшілігі мал басының аз санымен ұстауда тұрған жеке тұлғаларда. Қазіргі экономикалық дамудың жағдайы, мал шаруашылығының үздіксіз дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жағдай туғызуына және оны бақылауға өз септігін тигізуі тиіс.

Облыс прокуратурасының бастамасымен, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы және облыстық ветеринариялық инспекциясымен бірлесіп, малды бірдейлендіру, тасымалдау, сату және сою мәселесіне байланысты екі тілде арнайы жадынама әзірленіп, ол тұрғындарға, құзырлы орган қызметкерлеріне күнделікті тұрмыста және жұмыста пайдалану үшін таратылып отыр.

Осыларды ескере келе, соңғы жетістіктерге қол жеткізу үшін орындаушы басқармалардың басшылары арасында үйлесімді жұмыстар атқарылуына үнемі бақылау жасап, жұмыстардың орындалуын талап етуді, қала, аудан әкімдіктері ауыл шаруашылық жануарларына елді-мекендер маңайынан арнайы жайылымдық жерлер қамтамасыз етуді, жайылымдық жерлерді ретке келтіру және егер оны пайдаланбайтын болса тиісті шара көріп, мемлекет меншігіне өткізуді, ауыл шаруашылық жануарларын бағып-қарау тәртібі жөнінде арнайы ереже әзірлеу оған жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмыссыздарды қатыстыруды қолға алу туралы жиында аталып кетті.

Бұл бағыттағы жұмыстарымыздан оң нәтижелер шығатынына сенімдіміз.

 

ОҚО Прокуратурасының  баспасөз қызметі.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Шымкенттегі жалғыз зообақтың басшысы Нұрғазы Бұқарбаевпен өз қатарындағы Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының бүгінгі көтеріп отырған өзекті мәселелері, кей кезде кейбіреулерінің өз міндетін тиісті деңгейде орындамай отырғаны жөнінде ашық сұхбатын жария етпекпіз. Газеттің алдағы нөмірлерінің бірінен соны күтіңіздер!

 

«Уақыт».

(сурет: А.Дидарбектікі).

Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны М.Артықованың ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин мырзаға жазған арызының көшірмесі біздің редакцияның почтасына келіп түсті. Біз оны сол қалпында көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көріп, оны тиісті орындардың құзіретіне жолдауды және одан нәтиже шығады деген үмітпен жария етуді дұрыс деп шештік.

 

«Сізге Сарыағаш ауданы білім бөліміндегі неше жылдан бері қалыптасып келе жатқан былықтар мен шегінен шыққан парақорлықтан аз да болса хабарыңыз бар шығар деп ойлаймыз.

40 жылдан бері мұғалімдердің кәсіподағы комитетінің төрағасы болып келе жатқан Бейсенәлі Қырғызәлиев пен білім бөлімін 20 жыл басқарған Сапарәлі Селтанов бастаған әділетсіздік пен парақорлық бүгінгі күнге дейін шырғалаңмен келе жатыр. Б.Қырғызәлиев пен С.Селтанов адам баласына «жақсылық»  істемеген жандар. Кімсің Қырғызәлиев, кімсің Селтанов деген «атақтары» жер жарады. Алайда, оның барлығы жалған абырой, жалған атақ. Бәрін де жеке бастарының қамы үшін істеген. С.Селтанов зейнетке әрең кетті. С.Селтановтан зорға құтылғанда, білім бөліміне басшы болып Е.Рысбаев келді. Е.Рысбаевтың тірлігі Селтановтан асып түсті. Қайта Селтанов дұрыс екен-ау дедік. Е.Рысбаев білім бөлімін бес жыл басқарды. 2 жылға жуық декреттік демалыста қашып жүріп, ақыры үстінен іс қозғалып құрыды. Өткен жылы білім бөліміне басшылыққа Мұрат Маханов келді. Маханов әрі жас, әрі іскер жігіт екен. Бүгінге дейін қалыптасқан білім бөліміндегі әділетсіздік пен парақорлықтың қатаң тәртібін бұзды. Махановтың бұл адалдығы Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановтың шәкірттері Т.Ахметов, Х.Омарова, Р.Төлендиева, Ғ.Бұхарбаева, Т.Ералиев, У.Ходжагельдиева (№73 мектеп-гимназия директоры, осымен екінші рет пара беріп адам ұстатып, өзінің креслосын сақтап қалу үшін 26 жылдан бері Қырғызәлиев пен Селтановтың арқасында мектеп директоры болып отыр), сөйтіп барлығы ұйымдасып М.Махановты пара беріп ұстатпақ болды.  Маханов пара алмақ түгілі, параға жан-тәнімен қарсы адам.

Енді Б.Қырғызәлиев пен С.Селтанов екеуі кәсіподаққа таласып, қырылысып жатыр. Біреуі 91 жаста, Селтановтың жасы – 71-де, аудандық мәслихат депутаты, ауыл биі, ауыл әкімшілігіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, 200 гектар жері бар, қажылыққа барып қайтқан Селтановқа кәсіподақ қызметі неге керек болды екен? Келес өңіріндегі 60 мектептің жартысы Б.Қырғызәлиевке, жартысы С.Селтановқа өтіп кетті. Селтанов өзінің бұрынғы білім бөлімі басшысы болған қызметін пайдаланып, туған-туыс, ағайын-бауыр, жақын адамдары мен бар күшін мектеп директорларына салып, лауазымын асыра пайдаланып алдап, Махановтың тапсырмасы деп, 3-4 күнде отыз мектептің кәсіподақ ұйымын өзіне өткізіп алды. Барлығы емес, ең өкінерлігі бір мектептің 70 пайыз мұғалімдері Селтановқа өткен, қалғаны Қырғызәлиевте. Мектепте айқай-шу, «өтеміз бе, өтпейміз бе» деген гу-гу әңгіме. Мектептегі қазіргі өтпелі кезең мұғалімдерге ауыр тиіп тұрғанда, мұғалімдерді екі жақ қылып, бір-бірімен алакөз етуі Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановқа жараса ма?

Мектептегі моральдық ахуал өте төмен. Мұғалімдер білім берумен емес, Селтановтың әлегімен жүр. Қырғызәлиев неше жылдан бері көк тиын бермеген мектеп мұғалімдеріне енді ақша мен емдеу-сауықтыру орындарына жолдама таратып жатыр. Қырғызәлиевтің есепші Сәлима деген әйел зейнеткер сөмкесін ақшаға толтырып алып, мектептерді аралап, мектеп директорына, мектеп кәсіподағына, әр мұғалімге 500 теңгеден тарқатып жүр. «Қайтадан Селтановтан маған өтіңдер, санаторияға путевка беремін. Селтановта 1-ақ айдың жарнасы бар, менде 40 жылғы қор бар» деп мұғалімдерді қайта азғырып жүр. Біраз мұғалімдер С.Селтановтан шығып, қайта Қырғызәлиевке өтуде. Алтын көріп періштелер жолдан таюда. С.Селтанов бұрынғы «Пионерлер үйі» директорының кабинетін басып алған. Кіре беріске екі қарауыл қойып қойған. Кіргізбейді.

Құрметті Нұрлан Нығматуллин мырза!

Біздің жанай-қайымызды ешкім естімеген соң Сізге өтініш жасауға бел байладық.

Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановтың мұғалімдерге 40 жылдан бері көрсеткен азабы аз ба еді? Бұлардың құлқынын тесіп бара жатқан кәсіподақтың ақшасы, яғни мұғалімдердің ақшасы ғой. Бұлар өздері өмірден өткенше мұғалімдердің ақшасын «жеп» өте ме? Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановты тоқтатуға мүмкіндігіңіз бар шығар. Біздер, мұғалімдер қор болдық қой.

М.Артықова,

Сарыағаш ауданы, Абай ауылының тұрғыны.

 

Редакциядан:

 

Шындығында да, мәселе орынды көтеріліп отырған секілді. «Қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» деген сөз бар. Бір білімнің саласындағы кәсіподақ ұйымын бірі жетпістегі, бірі тоқсандағы қос қарияның бөліп-жарып жатқандығы ешкімге де жақсылық әпермейтінін түсінбеудің өзі әбестік. Ел боламын деген азаматтар мұндай ала-құла күйге бармауы тиіс қой деп ойлаймыз. Мүмкін әлі де кеш емес шығар, әр іске түсіністікпен қарауға.

Әр басшының өзіндік ұстанымы, жақсы бастамасы, іске асыратын жұмыстары болады. Оңтүстік Қазақстан облысының бүгінгі басшысы Жансейіт Түймебаев мырза өзіндік бір тың бастаманы өмірге алып келуге себепші болды. Ол – «Шатқал» бағдарламасы.

Бұл табиғатты аялау, жаңа саябақтардың іргесін қалауға негізделген бағдарлама. Қазірге дейін облыс аумағында осындай бағдарлама аясындағы үш шатқал Шымкент қаласының тұрғындарына тарту ретінде ұсынды. Бұл шындығында да бұрынғы облыс әкімдерінің назарына ілінбеген, көңілден тыс қалған бір жақсы жаңалық деп қабылдағанымыз абзал.

Бүгінге дейін облыс көлемінде осы бір игі бастаманың қолдау табуы көңіл қуантарлық жағдайда емес екендігі кімді де болса ойландырады. Жоспар бойынша осындай бес үлкен шатқал биылғы жылы пайдалануға берілетіні көзделгенімен, оның дәл қазіргі сәтке дейінгі орындалу деңгейі ешкімді де қанағаттандыра алмай отырғандығы өкінішті. Басшы үлкен бастаманы көтерді, ал оған қолдау көрсететін өңірдегі қалалар мен аудан әкімдерінің бұған ықыласы селкеу секілді. Тек Ордабасы ауданында ғана осы игі бастаманың көрінісі нышан берсе, қалған аймақтарда бұл игі іс әлі қолдау таппай отырған сияқты.

Біздің бүгінгі бұл мәселеге қатысты айтпақ ойымыз – қаладағы әрбір жоғары оқу орындары мен басқармалар, департаменттер осыған келгенде енжарлық танытып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Шымкент қаласының аумағындағы шатқалдарды көгалдандыру» тақырыбы аясында өткен дөңгелек үстел басындағы әңгімеде «Шатқал» бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру жөнінде жақсы сөз, орынды пікір айтылған болатын. Бірақ бәрі де сөз жүзінде жүріп жатыр. Қазір нағыз талдың егіліп, дарақтың көгеретін кезі. Осыны көп басшылар естен шығарып жатқан сыңайлы.

Адам үшін – демалатын орын қажет. Ал оны жасау көпшіліктің өзінің қолында. Жақсы бастаманы айту бар да, оны жүзеге асыру ең басты міндеттердің бірі болуы тиіс. Сондықтан, осындай бір үлкен іске бетбұрыс жасаудағы жақсы тірлікті баянды ету үшін баспасөз, телеарна секілді көпшілік құлағдар болатын орындар арқылы насихаттау, іске қан жүгірту іспетті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, оны әрдайым көпшіліктің санасына жеткізіп отырғанның еш артықтығы жок. Өйткені, бұл баршамыз үшін өзіміздің игілігіміз екендігін ешуақытта назардан тыс қалдырмағандығымыз бәріміз үшін игілік болар еді.

 

А.САТЫБАЛДЫ.

(Сурет С. Мырзалиевтікі).